- 3. Ы.Алтынсарин өлеңдері.
- Ы.Ыбырайдың әдеби еңбектерінің жинағы - «Қазақ хрестоматиясы» автордың айқын ағартушылық мақсатта жазған әйгілі екі өлеңімен ашылды. Ақын бұл шығармаларын хрестоматияның өз кезіндегі басылуында «Сөз басы» деген атпен кітаптың алғашқы бетінде жариялаған еді. Қазіргі кезде олар «Кел, балалар, оқылық!», «Өнер - білім бар жұрттар» деген атаулармен айтылып, жұртшылық ұғымына әбден сіңісіп кеткен. Ыбырай бұл өлеңдерінде қазақ жастарын білім алуға, мәдениеттің жаңа дәстүрін батыл меңгеруге шақырды. Өлеңдерінің ұрандық, жаңалыққа шақырушылық қасиеттерінің басым болуы да осыған байланысты. Бұл шығармаларын кітаптың алғашқы беттерінде жариялай отырып, ол оқушының назарын бірден кітаптағы негізгі мәселеге - халық ағарту мәселесіне аударуды көздеді.
4. Ыбырай әңгімелері. - 4. Ыбырай әңгімелері.
- Ыбырайдың жемісті еңбек етіп, едәуір жақсы шығармалар қалдырған саласының бірі - проза жанры болды. ХІХ ғасырдың 70-80 жылдары аралығында қазақ даласының рухани және әлеуметтік-экономикалық өмірінде зор өзгерістер орын алған еді. Қоғамда болып жатқан өзгерістер әдебиет саласына да өз әсерін тигізді. Ы.Алтынсаринді сол тұстағы шығармалардың формасы мен мазмұны қанағаттандырмады. Ол жаңа шығармашылық әдіспен жазылған көркем шығармаларды әкелуге тырысты. Нәтижесінде, Ы.Алтынсарин қазақ балалар әдебиетіне шағын әңгіме формасын енгізді. Хрестоматияға Ыбырай, біріншіден, қазақ халқының Қара батыр, Байұлы, Жиренше шешен, Тазша бала туралы ертегі, аңыз-әңгімелерін енгізсе, екіншіден, өзінің «Бай баласы мен жарлы баласы», «Қыпшақ Сейітқұл», «Киіз үй мен ағаш үй» т.б. ғибратқа, өсиетке құрылған әңгімелерін, үшіншіден, И.И.Паульсоннан, Л.Толстойдан, К.Ушинскийден т.б. аударған әңгімелерін енгізді. Жазушы хрестоматиясына енгізген үлгілерді мейлі халық ауыз әдебиетінен алсын, мейлі басқа ел әдебиетінен алсын, оны ол өзіне ғана тән ой толғауларымен қайта баяндап, кейбір шығармаларға өзіндік идея, өзгеше мән беріп, қайта өңдеген еді. Кейбір ұзақ әңгімелерді қысқартып қолданған, сондай-ақ кейбір әңгімелердің ұзын-ырғасын түгел сақтамай, оның түйінді мәселесін ғана жинақтап қысқартып баяндаған. Кейде бір әңгіменің сюжетін пайдалана отырып, оны өзінше құрған. Тіпті қазақ халқының ертегіаңыздарын да Ыбырай ой елегінен өткізіп, өңдеп ұсынады. Ыбырай әңгімелерінде өмір құбылысы, адам әрекеті ешқашан шындықтан алшақтамайды. Оқиға өмір шындығына сай алынады да, реалистік әдіспен суреттеледі.
Достарыңызбен бөлісу: |