Сөйлеудің фонетикалық жақтан мүшеленуі: Дыбысталу жағынан алып қарағанда, сөйлеу жік-жігімен айтылған дыбыс шумақтарының тізбегінен құралады. Олар сөйлеудің фонетикалық единицалары ретінде қаралады. Олар мыналар: 1)фраза, 2)такт, 3)буын, 4)дыбыс
1.Фраза - ең ірі фонетикалық единица. Бір фраза екінші фразадан пауза арқылы ажыратылады. Сөйлеуші екінші фразаны айту үшін бірінші фразадан кейін пауза жасайды. Пауза жасалғанда, дем ішке тартылады да, екінші фразаны айтқанда, сыртқа шығады. Мысалы: «Қонағын сүймеген баласын ұрады» деген сөйлемде екі фраза бар. Оның бірі - қонағын сүймеген, екіншісі - баласын ұрады. Бұл фразалардың басын біріктірген нәрсе – интонация. Интонация - өте күрделі құбылыс. Оны құрайтындар мыналар: 1)Мелодика. Дауыс ырғағының көтеріліп барып бәсеңдеуі немесе бәсеңдеп барып қайта көтерілуі мелодика деп аталады. Әрбір тілдің өзіне тән мелодикалық кестесі болады. Паузамен бірге мелодика да сөйлеуді мүшелеу тәсілі ретінде қызмет атқарады. 2)Сөйлеудің темпі. Темп сөйлеудің шапшаң немесе баяу болуы дегенді білдіреді.
3)Сөйлеудің үдемелігі. Сөйлеудің үдемелілігі айтылудың күштілігі немесе әлсіздігі дегенді білдіреді.
4)Сөйлеудің әуені. Сөйлеудің әуені айтылудың мақсатына қарай немесе ойнақы, қапалы немесе қорқынышты болуы мүмкін. Сөйлеу әуені бар да, дауыс әуені деген бар. Дауыс әуені баритон, бас тенор мен дыбыс әуені сөйлеу әуенінен басқаша болады. Бұларды бір-бірімен шатыстырмау керек.
I.Фраза тактылар арқылы ажыратылып бөлшектенеді. Такт - фразаның бір екпінге бағынған бөлшегі. Тіл-тілдегі атауыш сөздердің әрқайсысы бір-бір екпінге ие болғандықтан, өз алдына бөлек такт болып бөліне алады.
II.Буын. Такт буындарға жіктеліп бөлшектенеді. Буын бір дыбыстан немесе бірнеше дыбыстың тіркесінен жасалады. Кез келген дыбыс буын құрай алады. Көпшілік тілдерде буын жасайтын дыбыстар - әдетте дауыстылар буын құрай алады. Буын негізі үш түрге бөлінеді:
1.Ашық буын. Бір ғана дауыстыдан болған немесе дауыссыздан басталып, дауыстыға біткен буын ашық буын деп аталады. Мысалы: а-ла, қа-ра, да-ла, мә-се-ле т.б.
2.Тұйық буын. Дауыстыдан басталып, дауыссызға біткен буын тұйық буын деп аталады. Мысалы: оң, ол, ақ, ас т.б.
3.Бітеу буын. Ортасы дауысты болып, екі жағы да дауыссыз дыбыспен тұйықталған буын бітеу буын деп аталады. Мысалы: күн, қар, қол, түн т.б.
Келесі мәселе тілдің қоғамдағы жіктелістері. Ол тілдің қоғамдық дифференциялары деп аталады. Оның негізгілері: 1. Әлеуметтік дифференция әдеттегі кәсіби сөздерді, терминдерді, жаргондарды береді. Яғни тілде адамдардың әлеуметтік топтарына, мамандығына, шаруашылық кәсібіне байланысты жіктелулер бар. Терминдер, арнайы сөздер белгілі бір сала бойынша қолданылады. Оларды әдетте ғылыми терминдер, өнер терминдері және спорттық терминдер деп бөледі. Кәсіби сөздер, профессионализмдер әлеуметтік диалект деген татаумен де белгілі. Олар адамдардың, өлкенің шаруашылық кәсібіне байланысты, соған тән сөздер. Мысалы балық, егін, бақша өнімдері, мал шаруашылығы, құсбегілік, аңшылық немесе өндірістік аймақтардың сол шаруашылыққа байланысты ғана қолданылатын сөздері жатады. Ал жаргондар адамдардың әлеуметтік топтарына байланысты қолданылатын сөздер, бұл мағынасында әскерилердің жаргоны, студенттік жаргон, қылмыскерлердің жаргоны, компьютерлік жаргон деген ыңғаймен қолданыла береді, бұл ауызекі тілде молынан ұшырасады, әдеби тілге енбейді. Жасөспірімдердің тіліндегі сөйлеу ерекшеліктері сленг деп аталады. Бұлар тілдік «модаға, сәнге» байланысты өзгеріп отырады. Лингвистикада бұлардың бәрін жинақтап, әлеуметтік дифференция бойынша сөздердің түрлерін социолект деп атайды. Бұл атаулар әдеби тілге енбейтіні болмаса, жағымсыз мағынада қолданылмайды. Шындығында, қазіргі әдеби тілде бір кездегі жаргондар сөздің ауыспалы мағынасы немесе, лексико-семантикалық варианты, тұрақты сөз тіркесі түрінде молынан ұшырасады. 2. Территориялық дифференция тілдегі диалектілерді, говорларды тілдің варианттарын береді. Мысалы ағылшын тілінің диалектілерімен қатар, Америкалық, Австралиялық, Британиялық, Жаңа Зеландиялық, Оңтүстік Африкалық, Канадалық деп аталатын нұсқалары бар. Ал диалектілер – жергілікті аймақтардың тілдік ерекшеліктері. Ол фонетикалық (сөздің айтылуындағы дыбыстық айырмалар), лексикалық (сол аймақта ғана қолданылатын сөздер) және грамматикалық (аймақтар бойынша сөз тұлғаларының айырмасы) диалектілер болып бөлінеді. Говорлар, сөйленістер – деген аймақтың ішіндегі сөйлеу ерешелігі бар шағын аудандар. Картаға түсіргенде диалект аймақтарының шекарасын изогластар бөліп тұрады. Бұл диалектология ғылымының зерттеу объектісі. Кейде диалект мен тілдердің айырмасын белгілеу қиын болады: бір тілдің екі диалектісі бір-бірін түсінбеуі де мүмкін, керісінше екі басқа тілде сөйлеушілер толық түсініседі. Бұл жағдайларда халықтың тілі деген түсінікке ғана қарайды. Тіл өзінің бағытталуы бойынша монологті, диалогті, полилогті түрлерде жарық көреді. Монологті тіл кейінгі деп есептеледі. Себебі тіл, қарым-қатынас қажеттілігінен пайда болған. Тіл және қоғам мәселелеріне тілдің мәртебелері, қолданылу аясы, мемлекеттік және ресми тіл, халықаралық қатынас тілі статустары, тілді дамыту мәселелері де жатады. Қазір әлемде шамамен 6000-ға жуық тіл бар деп есептеледі. Олардың 70 пайызының жазба тілі жоқ және жойылып кетудің алдында тұр. «Әлемдік тілдер» деген атауды негізінен БҰҰ-ның ресми жұмыс тілдеріне қолданылады. Олар қытай, ағылшын, испан, француз және орыс тілдері. Тілдің таралуын, көлемділігін сол тілде сөйлейтін адамдардың санымен есептейді: 10 млннан аса адам сөйлейтін тіл лингвистикалық өлшеммен ірі тіл болып саналады. Жер бетінде ондай тілдердің саны 100-ге жуық. Қазіргі ана тілі, қос тілділік (билингвизм), көп тілділік (полиглотизм) мәселелері де осыған енеді. Тіл халықтың және ұлттың, ұлттық мемлекеттіліктің басты белгілерінің бірі болып табылады. Сондықтан, мемлекеттер әрқашан тіл саясатын басты назарда ұстайды. Тілдің пайда болуы, дамуы, әдеби тілдің қалыптасуы, стильдік тармақталуы туралы мәселелер де тіл және қоғам түсінігіне орайласады. Бұл бағыттағы барлық мәселелермен тіл білімінің қомақты саласы болып табылатын социолингвистика ғылымы айналысады.
Жалпы адам қарым-қатынас арқылы айналасындағы дүние жайлы мәләмет алады, еңбек пен тұрмыс дағдыларына машықтанады, адамзат жасап шығарған түрлі құндылықты меңгереді. Сыртқы объектевтік шындықтың әсерінен адамның есту, көру сезімдері дамып адамның ойлау қабілеті артады. Тілдік және қатысымдық тұлғалар ойлау жүйесінің нәтижесінде дұрыс қолданылып, тілдегі сөйлесім әрекеті арқылы жүзеге асады. Тіл, сөйлеу ежелден жеке адамның қоғамдық ой санасын дамытып жетілдіруде аса маңызды рөл атқарады. Тіл арқылы ойымызды басқа біреуге жеткізуді сөйлеу деп атайды. Сөйлеу – пікір алысу процесінде жеке адамның белгілі тілді пайдалануы. Қорыта келгенде, адамның ойлау әрекеті танып білу мақсатын көздейтін болса, сөйлесім әрекеті арқылы қатынас жасау мақсаты алға қойылады. Барлық мәселелердің түйіні сөйлеу арқылы шешіледі.Сөйлеу-пікір алысу процесінде жеке адамның белгілі бір тілді пайдалануы. Тілдік қатынастың басты белгілері мен түрлерін ажыратып алған соң, оның құрамдық бөліктерін саралаған жөн. I. Тілдік қатынасты іс жүзіне асырушылар. II.Тілдік байланысқа қатысушылардың қызметі. III.Сөйлеу мүшелерінің бірлігі. IV.Қатысымдық тұлғалардың жиынтығы. Тілдік тұлғалар – адамзат тілінің сақталуы мен өмір сүруіне қызмет ететін, сөйлеу мүшелері арқылы жасалатын, фонетикалық, лексикалық және грамматикалық қасиеттерге ие болатын, таңбалық сипаты бар тілдің құрылымдық бірліктері. Қатысымдық тұлғалар – тіл арқылы қарым қатынасты қамтамасыз ететін, белгілі бір ортамен араласу жағдайында, жүзеге асатын, тиянақты ойды хабарлау және қабылдау қасиеті бар, ерекше деңгейге көтерілген тілдік тұлғалардың қатысынан тұратын, қарым-қатынастық мәні бар бірліктер. Тілдік тұлғалар жеке, дербес жұмсалса, қатысымдық тұлғалар тұтас ойды білдіреді. Тілдік қатынаста өзіндік орнымен маңызы бар қатысымдық тұлғалар: сөз, сөйлем және мәтін. Мәтін яғни текст – қатысымдық тұлғалардың ішіндегі тұтастығымен ерекшеленетін бүтін жүйе. Демек, мәтін – ойлау, хабарлау, баяндау, қабылдау, пайымдау құбылыстарымен байланысты, адамдар арасындағы тілдік қатынастың іске асуына негіз болатын қатысымдық жүйелі тұлға. Сөйлем – тілдік қатынастың орындалуына тікелей себепкер болатын ең қажетті тұлға. Сөйлем баяншының айтайын, жеткізейін деген ойын, хабарын қабылдаушыға түсінікті етіп қана қоймай, сонымен бірге оның қайыра жауап беруінің көзі, көрсеткіші де болып табылады. Тілдік тұлға ретінде сөйлем тиянақты ойды білдірсе, қатысымдық тұлға ретінде ойды білдірумен қатар адамдар арасындағы қарым-қатынасты жүзеге асырушы тілдесім жолы, сөйлесу құралы да болып есептеледі.
Достарыңызбен бөлісу: |