ІҮ-ДӘРІС:Тілдің тарихи дамуы мен қоғам тарихының байланыстылығы. Тіл дамуының сыртқы және ішкі факторлары. Тілдің шығуы жайлы теориялар. Біртұтас тіл теориясы. Тілдің даму кезеңдері. Халықтардың және тілдердің қалыптасуы. Ұлт тілдері. Тілдің шығуы туралы мәселені сөз еткенде, ең алдымен екі түрлі мәселені бір-бірінен ажыратып алу қажет: 1 – жалпы адам баласы тілінің шығуы, яғни алғашында адамның сөйлеуді, ойын айтып жеткізуді қалай үйренгендігі туралы мәселе, 2 – жеке, нақтылы тілдердің, мысалы, орыс тілі, ағылшын тілі, араб тілі, испан тілі, француз тілі немесе қазақ тілінің шығып жасалуы туралы мәселе. Нақтылы жеке тілдердің, мәселен орыс тілінің, ағылшын тілінің немесе қазақ тілінің жасалуын және олардың пайда болуы дәуірін тарих пен лингвистика ғылымы тұрғысынан зерттеп айқындауға болады. Ал адамзат тілінің шығуы адамның пайда болуы және адам баласы қоғамының пайда болуы тәрізді күрделі мәселелерімен тығыз байланысты. Тілдің шығуы мен абстракті, жалпылаушы ойлаудың шығуы туралы мәселелер өз ара тығыз байланысты. Мұны И. П. Павловтың екінші сигнал жүйесі туралы ілімі дәлелдей түсті. Ол екінші сигнал жүйесі адамның пайда болуымен байланысты туды және осымен байланысты жалпылаушы ойлау да (обобщенное мышление) пайда болды дейді. «Тегінде айналадағы дүниеге барып тірелетін біздің түйсіктеріміз бен елестеріміз егер біз үшін шындық өмірдің бірінші сигналдары, нақтылы сигналдары болып табылатын болса, онда тілдің өзі сөйлеу органдарынан ми қабығына баратын ең алдымен кинэстезикалық тітіркенулер, екінші сигналдар, сигналдардың сигналдары болып есептеледі. Олар шындық өмірден дерексіздену болып табылады және адам ойлауын, ең жоғарғы ойлауды жасайды». Сөз мағынасы ұғыммен ғана байланысты емес, сонымен бірге зат, құбылыс т.б. туралы елеспен де (представление) байланысты болады дейтін пікір бар. Белгілі бір сөзбен байланысты тиісті бір зат жайында адамда елестің образы пайда болуы мүмкін. Бірақ, мұның өзі нақтылы заттың образы түрінде болады да, ол сөзді айтқанда, сөйлеуші немесе тыңдаушы адамдардың әрқайсысында әртүрлі заттардың (олардың бәір текке жатуы мүмкін ) образы пайда болады. Елестің көрнекілік образының ұғымнан айырмашылығы сол, ол бір адамнан екінші адамға тікелей тіл (сөз) арқылы беріле алмайды. Демек, сезім арқылы болатын көрнекілік образ сөздер және сөйлемдерден берілетін абстракті мазмұн арқылы пайда болады. Басқаша айтқанда, елестің образы тікелей емес, жанама түрде, тілдегі сөзбен, сөйлеммен айтылатын абстракті ойлау мазмұны арқылы ғана беріледі. Дүние жүзіндегі әрбір халық сияқты, түркі халықтарының да өздеріне тән даму, қалыптасу тарихы бар. Әрбір тайпа, ұлт, халық тарихсыз болмайды. Жалпы түркі тайпалары ерте кезден белгілі бола бастады. Бірақ бұл жерде біз тек V ғасырда ғана тарихта пайда болыппыз деген ой қалыптаспау керек. Қазақ халқы – үш мың жылдан аса тарихы мен мәдениеті бар халық. Мүмкін, одан да тереңірек болса керек. Біз тарихқа V ғасырда «түркі» деген атпен енсек те, алтайлықтар, сақтар, хундар мәдениетінің төл мұрагеріміз. Славян тобына жататын тілдерден кейін сан жағынан ірі топ - түркі тілдер тобы. Түркі тілдер тобына қазіргі қазақ, алтай, азербайжан, башқұрт, гагауыз, қарақалпақ, қарайым, қарачай-балқар, қырғыз, қырым татарлары, құмық, ноғай, өзбек, татар, түрік, түркімен, ұйғыр, чуваш, шор, хакас, якут т.б тілдер кіреді. Бұлар туыстас тілдер тобы деп аталады. Қазақ тілі төркіні жағынан түркі тектес тілдерге, соның ішінде қыпшақ тобына, құрылысы жағынан аглютинативті тілдерге жатады. Басқа тілдер сияқты қазақ тілінің де даму кезеңдері бар. Тіл білімінде бірнеше бөлу немесе топтау бар. Соның біріне назар аударалық. Мысалы, С.Исаев қазақ тілінің даму кезеңдерін былай бөледі:
1.Көне түркі және Орхон-Енисей-Талас кезеңіне руникалық жазба ескерткіштері жатады. Олар - Білге қағанға, Тоныкөкке, Күлтгегінге т.б. арналған ескерткіштер.
2.Араб басқыншылығынан кейінгі Қараханид кезеңі. Бұл кезеңнің ерекшеліктерін сипаттайтын жазба материалдарға Жүсіп Баласұнның «Құдатғу Білік» поэмасы, Махмұд Қашқаридың «Дивани лұғат ат турк» лингвистикалық еңбегі, Ахмет Яссауидың «Диуани Хикметі» жатады. Мерзімі жағынан бұл кезең Х-ХІІ ғасырды қамтиды.
3.Монғол шапқыншылығынан кейінгі орта ғасырлық кезең. Бұл кезеңде тілдік нормалар сәл де болса тұрақталып, сұрыпталады. Бұған Алтын Орда, Шағатай ұлысында жазылған жазба нұсқалар жатады. Олар Хорезмидің «Мұхаббат- намесі», Құтба ақынның «Хұсрау- Шырыны», Сейф Сарайдың «Гүлстан бит - түркиі», Рабғузидың «Қысас-ул- анбиясы». Сондай-ақ Мамлюктер елі мен Сирияда жазылған нұсқалар, қыпшақ жазбалары да осы кезең материалдары болып табылады.
4.Қазақ халқының жеке ел болып қалыптасқанынан кейінгі кезең ХV ғасырда басталып, XIX ғасырға дейін созылды. Бұл кезеңге негізінен жыраулар поэзиясын жатқызуға болады.
Ү-ДӘРІС: Қазіргі қоғамның даму кезеңіндегі әдеби тілдердің жайы. Жазба тілдер. Әдеби тіл және сөйлеу тілі ұғымдары. Әдеби тілдік норма. Әдеби тіл және ұлттық мәдениет.
Әдеби тіл ұғымын дұрыс түсіну үшін, алдымен «әдеби» сөзінің терминіне түсінік бере кеткен жөн. Әдебиет сөзінің қазақ тіліне арабшадан ауысқаны белгілі. Орыс тілінде әдебиет (литература) латынша («litera») «жазу» деген сөзден алынған. Ал әдеби тіл (литературный язык), әдеби норма (литературная норма) деп жоғары тіл нормасы мағынасында қолдану орыс тілінің ықпалы екенін аңғару қиын емес. Әдебиет ұғымына әлеуметтік мәні бар жазу үлгілерінің бәрі енеді, мысалы, саяси әдебиет, ғылыми әдебиет, медициналық әдебиет және көркем әдебиет (поэзия, проза, драма, т.б.). Ал бұлардың барлығы да жалпы халықтық тілдің жазбаша түріне жатады да, әдеби тілде (жазба тілінде қойылатын талапқа сай) жазылады. Сонымен бірге, сөйлеудің ауызша және жазбаша формалары бір-бірімен ара қатынаста болады. Әдеби тілдің нормасы жазба тіл арқылы қалыптасып, шыңдалып отырады. Ал оның өңделіп жетілуі және халық арасында тарап, жалпыға танылуы ұлттық әдебиеттің дамуымен байланысты болады. Қазақта тұңғыш жазба әдеби тіл үлгісін жасағандар – Абай мен Ыбырай. Олар жалпыхалықтық тіл қорының тек түсінікті формаларын ғана шығармаларында қолданған. Сөйтіп, Абай мен Ыбырай шығармалары жалпыхалықтық тіл қорының бай қазынасының ең тамаша қасиеттерін бойына сіңірген. Әдеби тіл мен көркем шығарма тілі бір ұғымды білдірмейді. Әдеби тіл, ол тек көркем шығарманың ғана тілі емес, жалпы жазба тіл түрлерінің бәрін түгел қамтиды. Солай бола тұрса да көркем шығарма тілінен оның шеңбері тар. Өйткені, әдеби тіл сөйлеуде және жазуда пайдаланылып, нормаланған тілдік белгілерді қамтиды. Ал нормаланған тілдің «қалыптылығы» басым болады. Бір қатар ғалымдар әдеби тіл дегеніміз жалпы халықтық тілдің өңделіп, қырланған түрі деп таныса, енді бір сыпырасы жалпы хатқа түскен дүниелердің тілі әдеби деп табады. Сондықтан орыс әдеби тілінің тарихын сөз еткен бірқатар мамандар жазусыз әдеби тілдің болуы мүмкін емес деп санайды. «Әдеби тіл дегеніміз – жалпыхалықтық тілдің хатқа түскен, белгілі бір дәрежеде өңделген ерекше түрі». «Әдетте, жазусыз әдеби тіл болуы мүмкін емес». «Жазу – әдеби тілдің ең маңызды және қайткенде де болуға тиісті белгісі». «Тіл білімі тарапынан алғанда «әдеби тіл» деп тек көркем әдебиет емес, ғылыми зерттеулердің, саяси тракаттардың, газетжурналдардың тілін де, қысқасы, жазба тілді атаймыз». Міне, осы пікірлес ғалымдар белгілі бір тілді әдеби деп тану үшін жазудың болуы шарт дегенді, яғни хатқа түскен нұсқалары жоқ немесе олар өте аз жерде әдеби тіл де жоқ дегендікесіп айтады. Бұл таным (концепция) көбінесе жазуы ертеден келе жатқан кейбір Европа халықтары тілдерін,славян тілдерін, оның ішінде орыс тілін, көне жазулы үнді, қытай, жапон тілдерін зерттеушілер тарапынан қолдау табады. Ол қисынды да. Көне, ескі жазулары болған халықтардың тілдері, олардың тарихын зерттеуге қажет объектілердің (жазба ескерткіштердің) сипаты, сөз жоқ, жоғарғы пікірлерді айтқызуға мүмкіндік береді. Осының нәтижесінде «әдеби тіл» деген термин «жазба тіл» дегеннің баламасы ретінде ұсынылады. Ал осы таным дуние жүзіндегі тілдердің барлығына келгенде бірден бір дұрыс анықтама бола ала ма? Әлде әр халықтың мәдени рухани дүниесі тарихының ерекшеліктеріне орай және тілінің әр дәуірдегі даму барысына сәйкес сол тілдің әдеби түрін танытатын өзге де белгілердің болуы мүмкін бе?
Қазақ тіл білімінің даму кезеңдерінде әсіресе, Қазан төңкерісінен кейінгі онжылдық ерекше аталады. Қазақ әдеби тілінің Кеңес дәуіріндегі дамуын мерзімді баспасөз тілінің негізінде зерттеген С.Исаев: «Совет өкіметінің алғашқы жылдарының өзінде–ақ көркем шығарма тілінің дамуымен қабат ресми стильдің көрінісі ретінде ғылми шығарма, публицистикалық шығарма, баспасөз тілі өз алдына жеке қалыптасып дами бастады», - деп жаза отырып, мынадай қорытындыға келеді: «Совет дәуіріндегі газет-журнал тілін зерттеудің нәтижесінде жазба тіліміздің бір ізге түсіп, нормалана бастауын да байқай аламыз. Басқасын былай қойғанда, тіпті 1920 жылдардың бас кезі мен аяқ кезіндегі газет-журналдың тілінде біраз айырма байқалады. 20 жылдардың аяқ шенінде баспасөз тілінің екшеленіп, сараланып, қажетсіз элементтерден арыла түскенін көреміз. Әсіресе, «кітаби» тіл дәстүрінің элементтері құлдырап, кеми бастағанын анық байқауға болады» 20-жылдары А. Байтұрсынұлы бастаған қазақ зиялыларының ғылым тілін ана тілінде қалыптастыру жөніндегі бастамалары ғалымдарымыздың айрықша назарын аударатындығы ілгеріде де айтылды. Сөз мәдениеті пәнінің қазіргі жай-күйі алдымен қазақ тіл білімінің өткендегісімен және бүгінгі даму деңгейімен, жалпы тілтанымдағы дәстүрлі парадигмалардың жаңа парадигмаларға ығысып орын беру үрдісімен де байланысты. Қазақ сөз мәдениетінің пән ретінде қалыптасуының алғышарты ретінде әсіресе қазақ тілі бойынша жазылған алғашқы оқулықтар мен оқу құралдарында (А.Байтұрсынұлы, Қ.Жұбанов, І.Кеңесбаев, М.Балақаев, С.Аманжолов т.б.) грамматикалық, орфографиялық, орфоэпиялық нормалардың ереже түрінде берілуі әдеби тілдің кодификацияланған нормаларды қалыптастыруда маңызы ерекше болды.
Зерттеушілердің көпшілігі «әдеби тіл» ұғымы тарихи жағынан құбылмалы деп таниды. Демек, ол жөніндегі бір ғана таным-анықтама барлық тілдердің әдеби түрінің даму барысындағы күллі дәуіріне бірдей сай келуі шарт емес. Сондықтан кейбір халықтардың жазу дәстүрі тумаған немесе өрбімеген, я болмаса бір кездерде жазуы болып, кейін әр түрлі себептерден дамымай қалған дәуірлерінде де әдеби тілі болуы мүмкін деген пікірлер де орын алып жүр. Қазақ тіл білімінде де «әдеби тіл» деген ұғымға тиянақты бір анықтама берілмей келеді. Жалпы күні бүгінге дейін «қазақ әдеби тілі», «қазақ жазба әдеби тіл», «қазақ ауыз әдебиеті тілі», «қазақтың жалпыхалықтық тілі» деген категориялар бір-бірінен ажыратылып, әрқайсысы нақты анықтамаға ие болған жоқ. Өйткені қазақ тілінің бізге мәлім тарихының өн бойындағы сыры, ерекшеліктері, жұмсалу өрісі толық зерттеліп біткен жоқ. Бізде де әдеби тіл статусын жазумен ғана байланыстыру идеясы жоқ емес. М. Балақаев: «Әдеби тіл – жазба тіл. Жазба әдебиет арқылы тіл байлықтары, оның құрылысы сымбатты қалыпқа түсіп, екшеледі. Жазуы болмаған халықтың тілі әдеби тіл дәрежесіне көтеріле алмайды», - деп жазады. Дәл осындай тұжырымды Ғ. Мұсабаев та айтады: «Әдеби тіл ең әуелі-ақ жазуға сүйенеді. Жазу стилінсіз әдеби тіл болмақ емес» - дейді. Енді бірқатар зерттеушілер қазақтың әдеби тілін XIX ғасырдың екінші жартысынан басталады деп, мұны ағартушы-демократтар Абай мен Ыбырайдың есімдерімен байланыстырады. Әсіресе бұл қағида Абай мен Ыбырай сияқты қаламгерлердің шығармашылығы мен қызметін сөз еткен тұстарда баса айтылып келді. Тіпті қазақ әдеби тілі Қазан революциясынан кейін ғана пайда болып, дамып отыр деген пікірлер де жоқ емес. Бұл көзқарастар қазақ әдеби тілін тануда үзілді-кесілді орныққан бірден-бір айқын пікірге келтірмей отырғаны белгілі.
Халықтың әдеби тілінің қалыптасып, дамуы сол халықтың әлеуметтік тарихымен тығыз байланысты. Қауымның ру-тайпалық дәуірін былай қойғанда, бірнеше саяси-территориялық бөліктерге бөлініп, бытырап келген феодалдық дәуіріндегі әдеби тілі мен ұлт болып құралған кезеңіндегі әдеби тілі бірдей болмақ емес. Әсіресе, айырмашылық тілдің әлеуметтік қызметі мен стильдік тармақталуы жағынан көзге түседі. Сондықтан осы күнгі ұлт болып қалыптасқан халықтардың тілдерін ұлттық дәуірге дейінгі және ұлттық әдеби тілі деп бөліп зерттеу дұрыс деп танылып жүр. Қазақ тілі де дамудың осы ортақ белгісінен қалыс қалмайды. Қазақ әдеби тілін де біз қазақ халқының ұлт болып қалыптаса бастағанға дейінгі түрі және ұлттық түрі деп бөліп қараймыз. Бұл екі кезеңнің аралық тұсы – өткен ғасырдың екінші жартысы, яғни қазақтың ұлттық әдеби тілі XIX ғасырдың ІІ жартысынан бастап қалыптасты деген тұжырымға келеміз.
Әдеби тіл дегеннің ең басты белгісі – оның өңделген, сұрыпталған, нормаланған тіл болуы, бұл – бір. Қызметі жағынан сол халықтың өмірінде ұйымдастырушы, қоғам мүшелерінің басын қосушы сипаты, яғни жалпыға ортақтық қасиеті болуға тиіс, бірақ әдеби тілдердің бір кезеңдердегі жазба түрлерінде әрдайым соңғы белгінің болуы шарт емес. Әр нәрсенің, әр құбылыстың заты салыстыру арқылы, өзге құбылыстардың қарама-қарсысына қою арқылы таныла түседі. Әдеби тілді тану үшін оның қарама-қарсысына қойылатын басты құбылыс – ауыз екі сөйлеу тілі. Бұл үшінші шарт. Әдеби тіл қолданылу тәжірибесінде қоғам сынынан өткен, нормаларын қоғам санасы дұрыс деп қабылдаған және ол нормалар барша үлгілерге ортақ болуы шарт. Бұл – әдеби тілдің төртінші сипаты. Осы сипат-белгілерді нысанаға алып қарасақ, қазақтың тіл қолдану тәжірибесінде «әдеби» деген атрибут – сапаны ұлттық дәуірге дейін де беруге болатын уәждер бар.
Әдеби тіл жайын арнайы сөз еткен М. Әуезов: «Қазақтың әдеби тілін Абайдан басталады дейтін тілшілерге дау айтамыз. Абайдың алдындағы қазақ халқының көп ғасырдан келе жатқан мол эпостарындағы, ұзынды-қысқалы салттық, тарихтық жырларындағы, шебер, көркем өлең үлгілеріндегі тілдерді ұмытуға бола ма? Бұхар, Махамбеттерде қазақ әдеби тілінің үлгі – өрнектері жоқ деуге бола ма?» - дейді. Осыған үндес пікірді І. Кеңесбаев та айтты: «Абайға дейін де қазақ әдеби тілінің ұрығы себілген болатын... олар жаңа туа бастаған жазба әдебиеттің кейбір уәкілдерінің (Махамбет Өтемісов, Ы. Алтынсарин сияқты) шығармаларынан табылады» - деп жазды. Абайдың алдында өткен Шортанбай, Базар, Бұхар жыраулар жазба әдебиет өкілдері, Абайдың ірі ақын болуына себепкер – осы бай әдебиет дегенді С. Мұқанов та айтты.
Қазақ тілі тарихына назар аударған ғалым Н. Сауранбаев қазақтың толық мағынасындағы әдеби тілі Совет заманында ғана қалыптасты дегенді айта отырып, оның революциядан бұрын жасалған бірнеше заттық, ұлттық негізі болды дейді. Олар: «1) XYIII ғасырдың II жартысынан бастап, XIX ғасырдың аяғы, XX ғасырдың басында іргесі қалана бастаған жазба әдебиет дәстүрі, 2) көп ғасырлар бұрын шығып қалыптасып, қазақ халқымен бірге келе жатқан ауыз әдебиетінің дәстүрі, 3) қазақ руларының сөйлеу тілі». Демек, бұл зерттеуші қазақтың жазба әдеби тілінің басын XYIII ғасырдың II жартысынан алады. « XYIII-XIX ғасырларда және XX ғасырдың басындағы қазақтың жазба әдебиеті деп отырғанымыз: 1) ауыз әдебиетінің арнасынан шығып, жазба әдебиеттің дәстүріне түсе бастаған, сол замандағы қоғамдық өмір туралы сюжетті бірнеше әдеби шығармалар қалдырғын Бұхар, Дулат, Ныманбай сияқты ақындардың шығармалары, 2) шығыс әдебиетінің дәстүрін қазақ жеріне таратып, оны дәріптеген жазба ақындардың: Шайхысламның, Шәдінің, Ақмолданың т.б. шығармалары, 3) Абай, Алтынсарин бастаған ағартушылық, демократияшыл бағыттағы жаңашыл ақындардың шығармалары».
Сөйтіп, әдеби тіл деген категорияны қазақ тіліне қалайша қатыстыруға болады? Қазақтың жазба әдеби тілінің жаңа кезеңібасталғанға дейін, яғни XIX ғасырдың екінші жартысына дейін қазақта әдеби тіл болды ма? Болса, жеке-дара біреу ғана ма, жоқ, бір қоғамға екі әдеби тіл қатар қызмет етті ме деген сияқты сұрақтарға жауап беру керек.
«Әдеби тіл» деген ұғым – қазақ тілі үшін де тарихи, құбылмалы түсінік. Қазіргі қазақ тілі үшін оның жазба түрінің болуы, сан салалы стильдерге тарамдалуы, қоғам өмірінің барша саласына түгел қызмет етуі – заңды шарттар. Ал бұл шарттарға қазақ топырағында қызмет еткен әдеби тілдер әрдайым барлық дәуірлерде бірдей жауап бере алмаған. Және әдеби болуы үшін бұл белгілердің түгел болуы міндетті де емес, мүмкін де емес. Әдеби тілді зерттеу үшін сол халықтың рухани-мәдени дүниесінің тарихымен жақсы танысу қажет. Көптеген халықтардың тарихында оның әдеби тілінің қалыптасып, дамуы көркем әдебиетінің, оның ішінде поэзиясының бары мен барысына тікелей қатысты болып келетінін бүгінгі тілтану теориясы мақұлдайды. Демек, белгілі бір кезеңдердегі көркем әдебиетті қалай танимыз, соған орай оның тілін де анықтауға тиіспіз. Осы жағынан келгенде, кейбір әдебиет зерттеушілермен келіспейтін жерлеріміз бар. Қазақ әдебиеті тарихының I томын жазушылар Абайға дейінгі қазақ поэзиясын әдебиетке қоспайды, оларды «халық өлеңдері» деп табады да, ақын-жырауларды «өлеңшілер» деп атайды. Бұл жерде «әдебиет» дегенге тек жазба әдебиетті жатқызу принципі тұрғанын байқау қиын емес. Ол, әрине, әдебиетшілердің өз ісі, қай терминді қалайша саралап қолданады, ол – өз ықтиярлары. Бірақ мұның ғылымның өзге салаларын шатастыратын бір жағы бар: егер ХІХ ғасырдың ІІ жартысына дейін бірнеше ғасыр бойы жасап келген қазақтың көлемі жағынан мол, сипаты жағынан ерекше, көркемдігі жағынан күшті әдеби дүниесі – ақын-жыраулар шығармашылығы шын мәнінде әдебиет санатына қосылмаса, оның тілі де әдеби тілге жатпауға тиіс. Егер олар «халық өлеңдері» ғана болса, тілі де халық мұрасы – ауыз әдебиеті тілімен бір болуы керек. Логикалық байлам осыған саяды, бірақ бұл байламға келіспеуге тура келеді.
Ең алдымен, қазақ дүниесіне келгенде, оның бірнеше ғасырлық ақын-жыраулар поэзиясын әдебиет деп тану керек, яғни «әдебиет» терминін Еуропа мен орыс филологиясы қалай таныса, біздің де солай тануымыз шарт емес. Ал бұларша бұлжытпай тануымыз «ұлттық әдеби тілдің қалыптасуындағы көркем әдебиеттің рөлі және оған қатысты тіл дәстүрі жайындағы мәселелер өте күрделі, оның үстіне барлық тілдерге ортақ жалпы бағыт-бағдардың болуына қарамастан, жеке әдеби тілдердің тарихында олардың өздеріне ғана тән даму ерекшеліктері орын алады» деген дұрыс пікірлерді ескермеушілік болар еді.
«Әдебиет» деген сөздің түп-төркінінде «литера», демек, «жазу» мағынасы болғанымен, бұл сөздің терминдік мәні Еуропа мен орыс мәдениетінің өзінде сан рет құбылып қолданылып келгенін білеміз. Сондықтан қазір «литература» сөзі о бастағы мағынасын қайткенде де сақтап қолданылуы шарт болмаса керек. Егер біз «әдебиет» сөзіне тек жазба түрде емес, өзгеше жолмен де өмір сүріп келген, біздің дәуірімізге дейін түбегейлі өзгермей, жоғалмай жеткен көркем сөз деген ұғым беретін болсақ, оның тілін де фольклор тілінен бөлек сапада деп тануға тиіспіз. Бұлайша бөліп тануға негіз болатын мынадай белгілер бар.
Халық ауыз әдебиеті авторсыз дүние екені мәлім, ал ақын-жыраулар шығармашылығы иелері бар мұралар және ең маңыздысы, әр автордың шығармалары өзінің құрылым бітімі (композициясы), мазмұны (тақырыбы), идеясы, көркемдеу тәсілдері жағынан бір-бірінен ажыратылып тұрады, демек, ақын-жырауларда даралық шығармашылық сипаты бар, ал бұл сипат – әдебиетке тән басты белгінің бірі.
Халық ауыз әдебиеті тіліне, әсіресе оның эпос сияқты кесек шығармаларына көптеген дәстүрлі образдар, бір шығармадан екіншілеріне көшіп отыратын дайын қалыптар, жеке сөздер мен фразеологизмдер ортақ болып келеді, олар біріне-бірі ауысып та жүреді. Ал ақын-жыраулар тілінде мұндай ортақ элементтер фольклорға қарағанда кемдеу кездеседі, бірақ олар мұнда да бар. Бар болу себебі мынада: біріншіден, ақын-жыраулар тілінің негізгі көзі – ауыз әдебиеті тілі, соның лексикалық-көркемдік қазынасы. Екіншіден, авторлы әдебиеттің ауызша таралып, ауызша сақталуының нәтижесінде әр алуан қоспалардың болуы әбден ықтимал. Бірақ айырмашылығы да бар: фольклор тілінде стереотип формулалар: әр түрлі образдар, ортақ тұстар, негізгі поэтикалық үлгілер, композициялық тәсілдер тұрақты болып келеді, ал қазақтың ақын-жыраулары тілінде бұлардың болуы міндетті емес. Қайткен күнде де ақын-жыраулардың әрқайсысына тән өзіндік сөз қолданыстары бар екендігі хақ. Мысалы, Махамбет пен Дулатты, Марғасқа мен Бұхарды, Шернияз бен Шортанбайды тақырыптары, суреткерлік үндері, стильдері жағынан бір-бірімен шатастырмаймыз.
Қазақ әдеби тілінің даму барысын дәуірлерге бөлу мәселесінде де орныққан бірыңғай пікір жоқ. Ол да түсінікті. Өйткені, бұл тілдің басталар тұсы мен әрі қарайғы даму бағыты әрқилы танылып келген соң, оның дәуірлерге бөлінісі де біркелкі болмақ емес. Қазақ әдеби тілінің даму көшін дәуірлерге бөлместен бұрын, оның басын қай кезден бастап алатындығы жайлы пікірлермен танысу қажет. Мұнда да біркелкілік жоқ. Қазақ әдеби тілінің басталар тұсы жайындағы көзқарастарды беске бөліп топтастыруға болады:
1)Қазақ әдеби тілінің тарихын ертеден, көне түркі дәуірінен, ғұндар мемлекеті кезінен бастайды (Ғ. Мұсабаев ІІ ғасырдан, Ә. Марғұлан, Б. Кенжебаев Ү ғасырдан т.б.).
2) Қазақ әдеби тілінің тарихы ХҮІІІ ғасырдан басталады (Қ. Жұмалиев, М. Балақаев т.б.).
3) ХІХ ғасырдың ІІ жартысынан басталады (Қ. Жұбанов, Н. Сауранбаев, С. Аманжолов, І. Кеңесбаев). Бұл тұжырымды ұстаушылар ХІХ ғасырдың ІІ жартысына дейін де қазақта әдеби тілді танытатын үлгілер болды дегенді қоса айтады. Сірә, бұл жердегі пікір қазақтыңұлттық әдеби тілін көздей айтылған болу керек.
4) Қазақ әдеби тілі Қазан революциясынан кейін басталады (Т. Қордабаев).
5) Қазақтың төл әдеби тілі ауызша дамыған авторлы поэзия түрінде оның халық болып құралған кезеңінен, ХҮ-ХҮІ ғасырлардан басталады, ал ескі жазба әдеби тілі ХҮІ-ХҰІІ ғасырлардан, жаңа ұлттық, жазба әдеби тілі ХІХ ғасырдың ІІ жартысынан басталады (Р. Сыздықова, Қ. Өмірәлиев, Б.Әбілқасымов, А. Ысқақов, Ә. Құрышжанов т.б.). Осындай бастау кездеріне сәйкес, қазақ әдеби тілінің әрі қарайғы даму кезеңдері де әр түрлі болып ұсынылады. Әдеби тіл әрдайым өзгеріп отырады. Ол өзінің қызмет ету барысында көптеген күрделі жолдардан өтеді. Міне, сондықтан әдеби тілдің даму кезеңдерін тарихи тұрғыдан алып қарау керек болады. Ұзақ жылдар бойына ол жайлап өзгереді, біртіндеп қалыптасады, сыртқы сандық өзгерістерден ішкі, сапалық өзгерістерге ұшырайды. Осындай ішкі (тілдік, структуралық) өзгерістерге байланысты да әдеби тілдің өзгеру, жетілу (даму) дәуірлерін бірнеше кезеңдерге бөліп қарауға болады.
ҮІ-ДӘРІС:Қазақ тілі мемлекеттік тіл ретінде қалыптасуы. Тілдердің өзара қарым-қатынасы. Субстрат, суперстрат, интерсрат, адстрат құбылыстары. Қостілділік және көптілділік мәселесі. Кең тараған тілдер. Халықаралық жасанды тілдер. Машина тілі және оның қолданылуы. Қазақстан Республикасында жүргізіліп жатқан реформаларды жүзеге асыруға байланысты күрделі міндеттер тұрғаны баршамызға аян. Қазақстан Республикасының Конститутциясы, «Тіл туралы заңы», «Тілдерді қолдану мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы» негізінде республикадағы тіл мәселелерін көтеруіне мол мүмкіндіктері бар. Қазақстан Республикасының Тіл туралы заңның 23-бабының үшінші бөлігінде көзделген мемлекеттік тілді белгілі бір көлемде біліктілік талаптарына сәйкес білуі қажет кәсіпкерлердің, мамандықтардың және лауазымдардың тізбесін белгілейтін заң жобасын Үкіметтің 2008 жылғы жоспарына енгізілуіне орай, кадр іріктеу жұмыстары кезінде мамандардың мемлекеттік тілді белгілі бір мөлшерде игергендегі қатаң ескерілуі үшін үміткерлерге қойылатын талапты енгізу назарда ұсталынады. «ҚР тілдері туралы» Заңы, ҚР Президентінің «Тілдерді қолдану мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы» туралы Жарлығын және «Мемлекеттік ұйымдарда мемлекттік тілдің қолдану аясын кеңейту туралы» Үкімет бағдарламасын орындауға бағытталған толыққанды құрылымдық бөлімше болып табылады. Бүгінде халқымыздың санасында «Ел мұраты - егемендік, ұлттық дербестік» деген ұғым бекем де берік қалыптасып келеді. Негізінен мемлекеттік тілді өзінің конституциялық мәртебесіне көтеру, осынау ұғымның түп қазығы болып отыр. Өйткені қай елдің тарихы болмасын, өмірлік тәжірибесі көрсеткендей, тіл - сол егемендіктің кепілі, тәуелсіздіктің бірден-бір тірегі. Мемлекетті қалыптастырушы ұлттың тілі қашанда биік тұғырда болуы керек. Қазақ тілі қазақстанның барлық қоғамдық қатынастарында қолданыста болып, мемлекеттік идеялогияның өзегіне айналуы бүгінгі таңдағы кезек күттірмейтін маңызды мәселелердің бірі екендігі анық. Қазақстан Республикасы Президентінің 2001 жылғы 7 ақпандағы №550 Жарлығына толықтырулар енгізу туралы және 2006 жылғы 30 мамырдағы №127 Жарлығына сәйкес 2009 жылы барлық мекемелер мен кәсіпорындар, мемлекеттік ұйымдар, халыққа қызмет көрсету орындары міндетті түрде мемлекеттік тілде іс-қағаздарын жүргізуді толықтай көшірілуі тиістін. В.Радлов: «Француз тілі Европаға қандай әсер етсе, қазақтың тілі түркі мәдениетіне дәл солай әсер еткен» немесе қырғыз ғалымы А.Саади: «Қазіргі ең таза, ең бай, ең табиғи және бұзылмай бұрынғы қалпында сақталып қалған бір тіл болса, ол – қазақ тілі және қазақ әдебиеті, шын ғылым үшін біз мұны ашық айтуымыз керек» деген. Сол сияқты Г.Н.Потанин сөзін айтса немесе Р.Ғамзатов тәрізді ана тіліне деген құштарлығы мен жігері мол өлеңдерді оқу арқылы тілімізге деген сезімін оятуымыз керек. Бұдан басқа да толып жатқан тарихи деректі бейне фильмдер, ақпарат жүйелері арқылы берілетін әртүрлі қызықты теле ойындар мен бағдарламалар, ұлттық нақыштағы жаңа технологиялық оқыту құралдары арқылы да ана тілін меңгертіп, мемлекеттік тіліміздің мәртебесін өсіре беруіміз керек. Жалпы қорыта айтқанда бүгінгі таңдағы мәселеміз ынтымақ елдің қасиетті тілі мен ұлттық рухтың ұлы тіні жайында болып отыр. Қай кезеңде болмасын мемлекеттік тілдің ұлттық тәрбие беру ісіндегі атқаратын рөлі өте маңызды да күрделі. Маңыздысы – ұлтжанды болу, әдет-ғұрпын қастерлеу, салт-дәстүрді дәріптеу, ата заңын сақтау, елін қорғау, т.б. қасиеттерге тәрбиелеу. Ал күрделісі: ұлттық сезім, сана, ой бірден қалыптаспайды және тынымсыз күрестің арқасында ғана іске асып отырады. Біздің ұлттық қасиетіміз, болмыс-бітіміміз, сыр-сипатымыз, бір сөзбен айтқанда менталитетіміз – бәрі-бәрі тек қана осынау ұлт тілі мен ұлттық мәдениетте тұр. Тәуелсіз елдің ендігі жас ұрпағын ойлы да іскер, жігерлі де батыл, өзіне-өзі сенімді, жан-жақты білімді азамат ретінде ұлттық тәрбие беру үшін мемлекеттік тілдің атқаратын қызметі өлшеусіз. Қазіргі кезде азды-көпті қиыншылық болғанымен, негізгі мәселе – тіл, мемлекет ретінде дамуға негіз қалау, оны жақсы жолға қою, өзіндік қоғамға да, саясатқа да байланысты. Ол үшін «піл көтермегенді, тіл көтереді» деп жүре бермей, керсінше тіл майданында «жұмыла көтерген жүк жеңіл» деп бірлесіп жұмыс жасап, ана тілімізге сүйсіне де, үлкен сеніммен де қарауымыз керек. «Бүкіл қоғамымызды топтастырып отырған мемлекеттік тіл – қазақ тілін оқыту сапасын арттыру қажеттілігіне ерекше назар аударған дұрыс. «Біз қазақ халқының сан ғасырлық дәстүрін, тілі мен мәдениетін сақтап, түлете береміз. Сонымен қатар ұлтаралық және мәдениетаралық келісімді, біртұтас Қазақстан халқының ілгері дамуын қамтамасыз етеміз!». «Ана тіліміз – бізді ғасырдан ғасырға, заманнан заманға аман жеткізген бірден-бір арымыз да, нарымыз да». «Ұлттық намысымыз бен тілімізді әуелі өз ортамызда жалау етіп көтеріп, одан ары дамытуға бүкіл жұртшылықты жұмылдыруды негізгі мақсат етіп көрсетелік». «Қазақ қазақпен ана тілінде сөйлессін». «Қазақстанның болашағы қазақ тілінде. Тілсіз ұлт болмайды. Өз тілімізді сақтау, өз тілімізді құрметтеу отаншылдық рухты оятуға қызмет етеді әрі ата-баба алдындағы ұлы парызымыз да» (ҚР Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев).
Әр түрлі халықтар бір-бірімен қарым-қатынаста өмір сүреді. Халықтардың арасындағы қарым-қатынас түрлі-түрлі салада – экономика, сауда, мәдениет т.б. салаларда – болуы мүмкін. Халықтардың өзара бір-бірімен қарым-қатынас жасауының барысында олардың тілдері де бір-бірімен қарым-қатынасқа түсіп, бір тілден екінші тілге, екінші тілден үшінші тілге тілдік элементтер де ауысады. Тілдердің бір-біріне қарым-қатынасы тоғысу түрінде, тілдердің бір-біріне әсер етіп, тілдік элементтердің бірінен екіншісіне жай ғана ауысу түрінде де болуы мүмкін. Тілдердің тоғысу процесінде жеңген тіл жеңілген тілден сөздер мен жеке дыбыстардың, кейбір морфемаларды қабылдайды. Жеңген тілдегі жеңілген тілдің элементтері субстрат деп аталады. Субстрат мәселесін зерттеп шешу тарих, археология, этнография, антропология ғылымдарының деректері мен жетістіктерін кеңінен пайдалануды талап етеді. Удмурттар мен татарлар қоныстас, көршілес өмір сүрген де, осыдан келіп олардың тілдері өзара біріне-бірі әсер еткен. Удмурт тілі мен татар тілі - өзара туыстас тілдер емес, әр басқа топқа жататын тілдер. Татар тілі түркі тілдердің тобына енеді де, удмурт тілі фин-угор тілдерінің тобына енеді. Басқа фин-угор тілдерінде, мысалы, удмурт тіліне өте-мөте жақын коми-зырян тілінде кездеспейтін аффрикат дж удмурт тілінде қолданылады. Зерттеушілер удмурт тілінде аталған аффрикаттың қолданылуын және күрделі етістіктердің жасалып қалыптаса бастауын татар тілінің әсерінен деп түсіндіреді. Марий тілі мен чуваш тілінде дауыссыз дыбыстардан басталатын сөздердің басқы дыбысы ұяң дыбыс емес, қатаң дыбыс болады. Басқа түркі тілдерінде ұяңнан басталатын сөздердің чуваш тілінде қатаңнан басталуы – марий тілінің әсерінің нәтижесі. Мысалы, чуваш тілінде: пус – «бас, пур – «бар», тавал – «дауыл» т.б. Керісінше чуваш тілі марий тілінен көптік мағынаны білдіретін –сем деген аффиксті қабылдаған. Мысалы, чуваш тілінде ял – «ауыл» дегенді білдіреді де, ялсем – «ауылдар» дегенді білдіреді. Эвенкілердің якут тіліне көшу процесі бірнеше ғасырға созылады. Эвенкілердің якут тіліне көшуі негізінде якут тілінде әр түрлі диалектілер жасалды. Якут тілін қабылдаған эвенкілердің бірі – долғандар. Бұл күнде якут тілінің айрықша бір диалектісі ретінде қаралатын долған тілінде якут тілінде жоқ әр түрлі ерекшеліктер кездеседі. Зерттеушілер мұндай ерекшеліктерге созылыңқы дауыстылар мен дифтонгілердің жартылай жойылуын, тәуелділікті білдіретін есімдіктердің зат есімдердің анықтауышы ретінде қолданылуын және т.б. жатқызады. Түркі тілдерінің басым көпшілігінде алты септік болса, якут тілінде тоғыз септік бар. Якут тіліндегі септіктердің бұл ерекшелігі тұнғұс-маньчжур тілдерінің әсерінен пайда болған деген пікір бар. Марий тілі чуваш тілінен сын есімнің салыстырмалы шырайының -рақ жұрнағын қабылдаған. Тілдердің бір-бірімен қарым-қатынасы немесе өзара әсері лексика саласында жиі ұшырасады. Мысалы, түркі тілдерінде орыс тілінен және араб-иран тілдерінен енген көптеген сөз бар. Екі тілде сөйлеу тек өткен дәуірлерде болған құбылыс емес, сонымен бірге қазір де бар. Кеңес Одағы – көп ұлтты мемлекет. Біздің елімізде екі тілде сөйлеу кең өріс алған. Орыс халқының тілі еліміздегі халықтардың бір-бірімен қарым-қатынас жасауының құралы – ұлтаралық тіл болып отыр. Армяндар, грузиндер, әзірбайжандар, өзбектер, қазақтар, қырғыздар, түрікмендер және т.б. халықтар өздерінің ана тілімен бірге орыс тілінде де сөйлейді. Еліміздегі халықтардың шаруашылық пен экономика және мәдениет салаларында әрдайым қарм-қатынас жасауы, бауырластығы мен достығы – осылардың барлығы олардың тілднрінің бір-біріне өзара әсер етіп, бірін-бірі байытуына қажетті қолайлы жағдайлар болып саналады.
Екі тілділік жалпылама болып, кең өріс алған жағдайда – бәр тілдің екінші тілге әсері заңдылық сипат алуы мүмкін. Екі тілділік жағдайында жергілікті тұрғындар өз тілінен бісқа екінші тілді бірден жан-жақты меңгеріп кете алмайды. «Осындай толық білмеудің салдарынан сөйлеушілер айтылуда, форма қолдануда, сөз қолдануда, синтаксисте бірсыпыра дәлсіздік пен қателер жібереді. Мұндай қателіктер кездейсоқ емес, заңдылық сипат алады, өйткені олар сөйлеушілердің ана тілінің ерекшелігінен келіп туады». Екі тілділік, тілдердің бір-біріне әсері, өзара бірін-бірі байытуы, тілдердің араласуы немесе тоғысуы – осылардың бәрі де тілдердің қарым-қатынстарының түрлері болып саналады. Тілдердің араласуы немесе тоғысуы бір тілдің жеңіп, екінші тілдің жеңілуімен ғана шектеліп қоятын мәселе емес, бұл процестің формалары алуан түрлі болады. Бұл – бір. Екіншіден, бір-бірімен тығыз қарым-қатынаста болған тілдердің тоғысуы әрқашан шарт емес. Осыған орай олардың бірінің жеңіп, екіншісінің жеңілуін міндетті деп түсіну қате болған болар еді. Тілдердің араласуы барысында бір тілдің жеңіп, екінші тілдің жеңілуіне Европада ертеде өмір сүрген кельт тілдерінің жеңіліп, ақырында жойылып кеткенін мысалға келтіруге болады. Бірақ тілдердің араласуы барысында бір тілдің жеңіп, екінші тілдің жеңіліп жойылып кетуі әрдайым шарт емес. Белгілі бір дәуірде кейбір тілдер бір-біріне өзара әсер етіп немесе біреуі тек қана екіншісіне әсер етіп, белгілі дәрежеде араласып, соңынан ажырасып кетуі, әрқайсысы өзінің дербестігін сақтап дами беруі мүмкін. Мысалы, араб халифаты дәуірінде араб тілі түркі тілдес көптеген халықтарға тіл жағынан да, мәдениет пен дін жағынан да қысым жасады. Оқу араб тілінде жүргізілді. Сол дәуірде араб, түркі, иран тілдерінің арасындағы күресте олардың ешқайсысы да бірін-бірі жеңіп немесе бірінен-бірі жеңіліп жойылып кеткен жоқ, әрқайсысы да өзінің дербестігін сақтап дами берді. Араб халифаты дәуірінде араб тілінің көптеген элементтері енді. Араб тілінің фарсы тіліне күшті әсер еткені соншалық, фарсы тілін білу араб тілі грамматикасының қысқаша очеркімен танысуды қажет етеді. Аталған тілдердің аралысуы барысында араб тілі иран тілдеріне қаншама әсер еткенімен, иран тілдері жойылып кетпей, өздігінше дами берді. Тілдердің тоғысуының бір түріне «тілдердің одақтарын» жатқызуға болады. «Тіл одақтары – тілдердің араласуының бір түрі, онда тілдердің топтарының ұзақ уақыт қатар өмір сүруінің нәтижесінде олардың грамматикалық құрылымында типологиялық ұқсастық пайда болады. Мұның өзінде олардың өзара бір-бірінен сөздер алмасуы жоққа шығарылмайды, бірақ басты белгі олардың грамматикалық құрылымы болып саналады. Сонымен тілдердің қарм-қатынасы, бір-біріне өзара әсері және олардың тоғысуының табиғаты алуан түрлі болады және жалпы алғанда, тілдердің қарым-қатынасы мен олардың түрлері туралы мәселе әрі әр жақты, әрі күрделі мәселе болып саналады. Енді тілдердің өзара бір-біріне әсер ету жағдайында тілдің әр түрлі жақтарының басқа тілдерге ауысу қабілеті мен мүмкіндігі туралы мәселеге келейік. Әрбір тілдің дыбыстық, сөздік және грамматикалық жағы болатыны белгілі. Тілдің осы аталған жақтарының тілдердің бір-біріне әсер етуі барысында олардың бірінен-біріне ауысуға, өтуге икемділігі біркелкі болмайды. Ең алдымен фонетикадан бастайық. Әдетте, тілдің фонетикалық жүйесі тұрақты болады. Егер бір тілден екінші тілге белгілі бір дыбыс ене қалса, ол өздігінен енбейді, сөздің құрамында қолданылып, сөздер арқылы ғана ене алады. Белгілі бір дыбыстың бір тілден басқа тілге өтуі үшін бірен-саран сөздердің енуі мүлдем жеткіліксіз. Ол үшін, әдетте, құрамында сол дыбыс бар көптеген сөздердің еніп, олардың қабылдаушы тілде төл сөздер тәрізді жиі және жаппай қолданылуы шарт. Соның өзінде де ол бірден үйреншікті дыбыс болып кете алмайды. Ондай дыбыс алғашқы кезде сөйлеушілердің ана тілінде бар, өзіне ұқсас қалай айтылса, солай айтылады. Оқыту ісінде бісқа тілдік дыбыстың ана тіліндегі дыбыстан айырмашылығы түсіндіріліп, сөйлеушілер ол дыбысты дұрыс айтуға бірте-бірте дағдыланады. Бұл, әрине, бірсыпыра уақытты керек етеді және мұның өзі бірқыдыру жайлармен, атап айтқанда, сөйлеушінің мектептен өтуі, мәдени және білім дәрежесімен байланысты болады. Бір тілдің екінші тілге әсері оның морфология саласынан да көрінеді. Бірақ, морфологиялық элементтердің бір тілден басқа тілге ену икемділігі бірдей емес. Бір тілдің екінші тілге әсері морфологиядан гөрі синтаксис саласында көбірек аңғарылады.
Адамзат қоғамы ұзақ және қилы-қилы қиын жолдарды басынан кешірген. Адамзат маймыл тектес ата-бабалары қалпынан бастап, тас дәуірінен бастап бүгінгі социалистік қоғам дәуіріне дейін, атом, космос заманына дейінгі кезеңге жетіп отыр. Сондықтан тілдің дамуын, жалпы тіл тағдырын қоғам тарихымен – сол тілді жасаушы, сол тілді туғызушы, сол тілді қолданушы халық тарихымен тығыз байланысты түрде қарастыру керек. Өйткені қоғамда туған тіл қоғаммен бірге дамиды. Бірақ тіл қоғам даму заңдары бойынша дамымайды. Тіл қоғамда болған өзгерістерді айқын көрсете, білдіре отырып, өз даму заңдары - өзінің ішкі даму заңдары бойынша дамиды. Белгілі бір тілдердің бір-бірімен қарым-қатынасы ол тілдердің даму процесінде үлкен рөл атқарады. Өйткені тілдер қарым-қатынасқа түскенде, олар бір-біріне әсерін тигізеді. Тілдер қарым-қатынасы халықтардың саяси, экономикалық, мәдени қатынастарына байланысты болып келеді. Лингвистер тілдер қарым-қатынасының, негізінен, үш түрлі болатынына көңіл бөледі: тілдердің қатар өмір сүруі; тілдердің араласуы; тілдердің тоғысуы. Тілдердің қатар өмір сүруі дегеніміз – аралас, көршілес жақын жатқан тілдердің ұзақ замандар бойы бір-біріне үнемі, тұрақты түрде әсер етуі, ықпал етуі. Сондай қарым-қатынас нәтижесінде ондай тілдердің дамуында, олардың жалпы құрылымында ортақ жайлар пайда болады. Мұндай жағдайда белгілі бір лингвистикалық бірліктер пайда болады. Ондай тілдер «туысқан тілдер» немесе «тілдер одағы» сияқты болып кетеді. Тілдердің араласуы дегеніміз – белгілі бір тарихи кезеңде екі тілдің қарым-қатынасқа түсіп, бір-біріне қайта ажырасып, әрқайсысының өз даму жолына түсуі, өз бетімен өркендеуі. Мәселен, VII-XII ғасырларда араб халифаты болды. Арабтар маңайындағы елдердің бірсыпырасын жаулап алды. Бұл кезде, бес ғасырдай уақыт ішінде, араб және парсы тілдері айтарлықтай дәрежеде аралысты. Араб тілі элементтері парсы тіліне көптеп енді. Бұл екі тілдің қарым-қатынасы олардың екеуінің де лексикасында айтарлықтай із қалдырды. Соған орай, лингвистердің пайымдауынша, қазіргі кездің өзінде парсы тілінің даму жолдарын дәлірек түсініп-білу үшін араб тілінің тарихи грамматикасы негіздеріне жетік болу керек. Монғол-татарлар шабуылы кезінде олардың тілдері орыс тілімен қатынасқа түсті; соның салдарынан бір-біріне көптеген сөз алмасты. Түріктер мен болгарлар арасында дүркін-дүркін қақтығыстар, соғыстар болған; соның нәтижесінде түрік және болгар тілдері қатынасқа түскен; бір-біріне көптеген сөз ауысқан. Кейде халықтардың белгілі бір кездерде қоян-қолтық араласуы, тіпті бір-біріне қосылып та кетуі салдарынан олардың тілдерінің құрылымы да бірсыдырғы қарапайымдануы мүмкін. Мәселен,VIII – X ғасырларда туыстас герман тілдері – англосак-сондар мен даттықтар тілі араласқан; соның нәтижесінде ағылшын тіліне дат тілінен күнделікті жиі қолданылатын көптеген сөздер енген; оның үстіне дат тілінің құрылымы әсерімен ағылшын тілі өзінің грамматикалық құрылысын бірсыдырғы жеңілдетіп, жаттықтандырып алған; бұл екеуі араласқанға дейін ағылшын тілінде зат есімдер мен сын есімдердің септелу формалары болған көрінеді; дат тілімен араласқан соң ағылшын тілінде септеудің бұрынғы формалары жойылыпты. Тілдердің араласу қарым-қатынасы, әсірісе, олардың лексикасынан айқын көрінеді дедік. Сондай тілдердің бірі – қытай және корей, герман тілдері т.б. Зерттеушілердің айтуынша, корей тілі лексикасынаң 75 проценттейі – латын сөздері; бұдан тыс, бұған қоса, дат тілінің жүздеген сөзін ағылшын тілі өзіне үйлестіріп қабылдап алған түркі тілінен болгар тіліне, одан болгар тілі арқылы кейбір славян тілдеріне бірсыдырғы жеке сөздер ауысқан. Тілдердің араласуының әсері будандасқан жаргондардан да анық көрінеді. Будандасқан жаргондар дегеніміз – бір-бірінің тілін білмейтін екі тіл өкілі ортасынан шыққан «тіл». Будандасқан жаргондарды креоль деп те атаушылық бар. Мұндай тілдерді – креольдарды – европалықтар жергілікті халықтармен – порт жұмысшылары, қызметкерлерімен, ұсақ саудагерлермен қарым-қатынас жасап, түсінісу үшін қолданып, пайдаланады. Мәселен, Оңтүстік Қытай порттарында – Гонконг т.б. тропиктік порттарда пиджин – инглиш, Тынық мұхит жағалауында – Полинезияда т.б. порттарда – бич-ла-мар, Жерорта теңізі порттарында сабир жаргондары бар. Бұл жаргондардың негізі – ағылшын тілі. Бірақ олардың негізі ағылшын тілі дегенімізбен, сөз құрамы жағынан тым кедей, ал грамматикасы деген жоқтың қасы: ағылшын тілі лексикалық тұрғыдан да, грамматикалық құрылысы жағынан да мүлдем қарапайымдандырылған, мүлдем ықшамдалған. Сол сияқты француздардың Африкадағы бұрынғы колоннияларында пти-негр, Жерорта теңізі бассейнінде лингва-франка, Оңтүстік Африка Республикасының таулы өндірістерінде – исилоло немесе «Кухнялы кафр», Родезияның мыс шығаратын жерлерінде чико – пербелти тәрізді аралас, креоль тілдер мен будандасқан жаргондар қолданылады. Мұндай жаргондарда – креольдерде – оны қолданушылар тілі, шамамен алғанда, мына сықылды болып келеді: мен сені көрдім деудің орнына мен сен көр; я тебя видел деудің орнына я ты есть видеть т.б. Қысқасы сөздердің түбір – негізі ғана айтылып, тілдегі сөздерді тіркестіру, байланыстыру заңдылықтары сақталмай, былайынша айтқанда, «белінен бастап» сөйлей береді. Түсінісіп-ұғынысудың мұндай тәсілдерінің сарқыншағы басқа да тілдер ішінде кездесуі мүмкін. Мәселен, алғашқы кездерде, тіпті жиырмасыншы жылдарда, орыс тілін жетік білмейтін қазақ орыс әйелдерінің біразының аты Мария болғандықтан, оны өз тіліне үйлестіріп, - Маржа деп, етті мақан деп атаған; осыдан келіп: - әй, маржа, маған мақан бер, - сияқты түрде сөйлем құрған. Кейде бір тіл ішіндегі жаргондар мен арголдар, варваризм, дөрекі сөздер, түрлі-түрлі «құпия» сөздер, тілдер араласып-құраласып жатады. Кейбір ғалымдар мұндайлардың біразын әлеуметтік диалектілер қатарына жатқызады. Әлеуметтік диалектілерді «шартты тілдер» деп те атайды. XIX ғасырда Ресейде мұндай «тілдер» саны жетпіске тарта болған деседі. Олар кең территорияға тараған. Ондай «тілдер» ол кездегі Ресейдегі кезбе саудагерлердің қатынас жасау құралы болған. Ондай кезбе саудагерлерді офендер деп атаған. Орыс тілінде офендер XVI ғасырдан пайда бола бастаған. Бұл кездерде орыс жерлеріне грек саудагерлері келіп, сауда-саттық жасаған. Алғашқы кездерде офен тілі кезбе саудагерлердің өзін-өзі қорғау құралы болған. Келе-келе офен тілі сауда-саттық иелерінің, кезбелердің өз мал-мүлкін, мүддесін қорғау үшін пайдаланылып, дамытылған. Офен тілінің грамматикасының негізі – орыс тілі, кейде орыс жерлеріндегі диалектілердікі. Офен лексикасының кейбірі орыс сөздерінен, кейбірі, басым көпшілігі – кірме сөздерден алынған. Офенше орыстың бірсыпыра сөзі бірсыпыра құпияландырылған, бірсыпырасы басқаша түрде өзгертіліп қолданылып отырған. Мәселен, сестра мағынасында – кустра, золото – кулото; красный – краснимый; ночь – темпуха; печка – грейка т.б. түрінде өзгертілген. Офен лексикасының кейбірі күні бүгін де ауызекі тілде келе жатыр, кейбірі студенттер жаргонына да еніп кеткен; кимать, кимарить – спать; керить, кирять, кирнуть – пить; клевый – хороший т.б. Бұл айтылғандарға жақын ұрылар жаргоны, аргосы да болады. Ондай жаргондар әр тілде сол тілдің өз сөздері негізінде көрінеді, бірақ оны қолданушылардың өздері қалыптастырған қабылдаған мағынаны ұғынады. Мәселен, орыс тілінде пожар – тұтқындалу мағынасында, печка – қауіпті орын, сжечь – ұстап беру дегеннің орнына жүреді екен. Мұндай қазақ тілінде де бар: апсар-жапсар(ұрланған зат жапсарда тығулы тұр); үй таза ма? (үйде кісі жоқпа?); шіріңкене (дәнекерші саудагер алатын ақы); дақ үстінде (ақысы өз алдында бөлек); бар береке (мақұл, берекелі болсын). Балалардың құпия тілдері де, ұрылар аргосы сияқты, морфологиялық тұрғыдан шифрлау, құпияландыру тәсілін қолданады. Балалардың құпия тілі мына сықылды болып келеді: сөз буындарының орнын ауыстырады; сөз алды – артына цы қосымшасын қосады; әр сөздің арасына яғни әр сөзден кейін белгілі бір морфема, қосымша қосып сөйлейді, кейде морфема – приставка қосады. Тілдердің тоғысуы дегеніміз – екі тілдің қарым-қатынасқа түсуі нәтижесінде бір-бірімен әбден сіңісіп кетуі. Тілдердің тоғысуы этникалық топтардың, тайпалардың араласып-құраласып кетуіне, сондай-ақ, бір халықтың екінші бір халықты жеңіп, бағындырып, өзіне қаратып алуына байланысты болады. Тілдердің тоғысуы туыстас халықтар тілдері арасында да, туыстығы жоқ, тілдері о бастан-ақ бөлек-бөлек халықтар арасында да болуы мүмкін; саны жағынан көп халық аз халықты өзіне қаратып, қосып алуы да мүмкін. Тілдердің тоғысуы – ұзақ және өте күрделі процесс. Екі тіл тоғысқанда, ол тілдердің құрылымы тоғысады; бірінің құрылымы біоте-бірте жойылып, жоғала бастайды. Бірақ соның өзінде жойылған тіл өзін жойған тілде азды-көпті дәрежеде із қалдырады. Тілдер тоғысқанда, көп уақыт бойы оларды қолданған халықтарда екітілділік қалып сақталынуы мүмкін. Қысқасы, екі тіл тоғысқанда, бірі жеңіп, бірі жеңіледі, яғни жеңген тіл, жеңілген тіл пайда болады. Осыған орай, лингвистикада үш түрлі термин қолданылады: адстрат, субстрат, суперстрат.
Достарыңызбен бөлісу: |