78. Төменгі сатыдағы шаянтәрізділердің өкілдерін сипаттаңыз
Дафния– тармақты мұртшалылар отряд тармағына жататын, көлдер мен тоғандарда секіріп қозғалатын мөлдір денелі ұсақ шаян.Теңіз суларында кездесетін түрлері де бар. Қозғалысына байланысты дафнияны «су бүргесі» деп те атайды, бірақ ол бүргеге жатпайды.
Оның дене тұрқы 1 мм-ден 5 мм-ге дейін жетеді. Микроскоппен анық көрінеді. Денесі екі жақтаулы хитинді сауытпен қапталған. Басы төмен қарай бағытталып созылған тұмсық тәрізді. Басында күрделі жалғыз көзі бар. Күрделі көз дейтін себебі басының екі жағындағы 2 көзінің бірігуінен пайда болған, оның алдыңғы жағында жетілмеген жай бір көзі бар. Мұртшалары 2 жұп, олар алдыңғы және артқы мұртшалар деп аталады. Алдыңғы жұп мұртшасы таяқша тәрізді қысқа, тұмсығының астыңғы жағына бекінеді. Артқы мұртшалары ұзын және екі айырылып тармақталған, әрі тармағында қауырсын тәрізді ұзын өскіндері болады. Отряд тармағының тармақты мұртшалылар (ветвистоусые) деп аталуы да осы белгісіне байланысты қойылған. Артқы мұртшалары қозғалу қызметін атқарады. Артқы жұп мұртшаларын серпу арқылы суда жүзгенде бүргеге ұқсас секірмелі қозғалыс жасайды. Басының астын ала жоғарғы ерін және жақпен көмкерілген аузы болады. Екі жақтаулы сауыттың ішінде 4-6 бунақты қысқа көкірек бөлімі орналасады. Аналық шаянның артқы жағында кең қуысы бар, оған жұмыртқаларын салады, сол жерде ұрпақтары дамып жетіледі. Көкірек аяқтары шаян қорек ететін суда қалқып жүрген майда бөлшектерді сүзу қызметін атқарады. Көкірек бөліміндегі 5 жұп аяқтарының үшінші және төртінші жұбы ғана жүзу қызметін атқарады.
Дафнияның қан плазмасындағы еріген гемоглобинге байланысты оның қанының түсі өзгеріп тұрады. Егер суда оттектің мөлшері аз болса, қан қызыл түске боялады, суда оттек көп болса, қан мөлдірлеу болады. Дафнияның қалта тәрізді жүрегі қанның қозғалуын қамтамасыз етеді. Дафнияның жүрегі өте жиі, 10 °С-та минутына 150 рет, 20 °С-та 500 рет соғады. Дафниялар түрлеріне байланысты судың бетінде, судың ортаңғы қабатында, түбінде тіршілік етеді. Дафниялардың негізгі қорегі бактериялар, бір жасушалы балдырлар, ұсақ органикалық қалдықтар. Қорек жеткілікті болса, дафниялар жазда ұрықтанбай-ақ көбейеді. Мұндай жұмыртқадан тек аналық дафниялар дамиды. Қорек аз болып, тоған суы кеуіп, қолайсыз жағдай болса, күзде жұмыртқалардан аталық пен аналық даралар (особь) шығады. Жұмыртқалардың саны бір түр дарасының ішінде де түрліше болады. Дафниялардың ішінде 50, 100 жұмыртқа салатындары кездеседі. Су түбінде тіршілік ететін түрлері 2 жұмыртқадан артық салмайды. Аталық шаяндар аналығынан әлдеқайда кішілеу болады. Қыстап шыққан жұмыртқалардан көктемде аналық шаяндар дамып шығады.
Тармақты мұртшалы шаяндардың маңызы
• Балықтардың шабақтары мен ересек түрлерінің негізгі қорегі. Мысалы, дафнияның денесінде нәруыз мөлшері 50 %- ға, май 11%-ға жетеді;
• Қоректік маңыздылығына байланысты дафнияларды қолдан өсіріп, балық зауытында бекіре, албырт балықтарының шабақтарын қоректендіреді
• Дафнияның тіршілік әрекеттерінің өзгерістеріне қарап, судың ластығын анықтайды.
Циклоптар – ескекаяқты шаянтәрізділер отрядының циклоптар отряд тармағына жатады. Олар тоқтау суларда, ірі көлдерде, судың беткі және ортаңғы қабаттарында тіршілік етеді. Денесі баскөкірек пен құрсаққа айқын бөлінген. Көкірек бөлімі 5 бунаққа, құрсақ бөлімі 4 бунаққа бөлінген. Көкірек бөлімінде 4 жұп аяқтары бар. Бесінші жұбы түрөзгеріске ұшырап, жойылып кеткен. Аяқтарының көмегімен қозғалады: артқа, алға, бір бүйіріне қарай. Бұл қозғалыстар қорек аулауын жеңілдетеді. Желбезектер болмағандықтан, бүкіл денесімен тыныс алады.
Көбеюі. Циклоптар дара жынысты. Аналық циклоптың құрсағының екі жағында жұмыртқа қалталары болады. Осы қалталарда жұмыртқалар дамиды. 6 аяқты дернәсілдер дамығанша ересек циклоптың денесіне жабысып тұрады.
Таралауы. Циклоптардың ішінде жыртқыштары да, өсімдікпен қоректенетіндері де бар. Қазақстанда өсімдікпен қоректенетіндері кең таралған. Олар жасыл және көк-жасыл балдырлармен қоректенеді. Жыртқыш циклоптар паразит құрттардың дернәсілдерімен және ұсақ шаяндармен қоректенеді. Су тартылып қалғанда, мұз қатқан жағдайда циклоп бездерінен бөлінген сұйықтыққа оранып, қатты қорғаныштық қабық түзеді. 3 жылға дейін тіршілігін сақтап қалады. Суда оттек азайса да, күкіртті сутек көбейіп кетсе де тіршілігін жоймайды. Осы қасиеттеріне байланысты циклоптар кең таралған.
Достарыңызбен бөлісу: |