аяғында талай жастың ерте жастан мүгедек болуына немесе ұзақ уақыт бойы емделуге
апарып соқтыруда. Осы тұрғыда бала тәрбиесіне қатысты бірнеше психолог мамандарды
әңгімеге тартқан едік. Мәселен, балалар психологы Гауһар Шажияева былай дейді:
«Расында, жасөспірімдер арасында белең алып отырған есірткіге әуестіктің бірнеше
психологиялық себептері бар. Мәселен, жасөспірімдер мен жастардың психологиялық
ерекшеліктеріне келсек, 11 және 15 жас арасындағы балалар түрлі
әлеуметтік рөлдерді
тәжірибелеуге бейім, басқа сөзбен айтқанда, «өзін тексеріп көргісі» келеді, мінез-
құлықтары жиі қайшылықта, тез шамданғыш болады. Бұл жас кезеңде балалар басқалардың
қатесі арқылы үйренгісі келмейді, бір жағынан олар бәрін өздері көріп-білуі тиіс деп
есептейді, ал екінші жағынан, олар әлеуметтік топтың, құрдастарының ықпалына тез түседі.
Жасөспірім тезірек ересек болғысы, бәрін көріп-білгісі келеді және достарының арасында
өзін кемелді сезініп, «модадан» қалғысы келмейді. Сонымен қатар ол басқалардан
артық
болғысы келеді. Жастар жиі әділетсіздікке шыдай алмайды. Әртүрлі жағдайлар оның
жанын жаралайды. Осындай себептермен жастар есірткіге тезірек беріледі». Ал
Алматы
қаласындағы №172 жалпы білім беретін мектептің мұғалімі Ғабит Дайыновтың пікірінше:
«Бүгінде Дүниежүзі бойынша өзіне-өзі қол жұмсау, нашақорлық секілді жаман әдеттер күрт
өсіп барады. Өзге елдерді былай қойғанда, өзіміздің Қазақстанда жасөспірімдер
арасындағы нашақорлық қарқынды түрде дамып бара жатқанын көзімізбен көріп жүрміз.
Кейбір ресми мәліметтерге қарағанда, 1991-2001 жылдар аралығында ғана Қазақстанда
есепке алынған нашақорлар саны 19 есе, ал есірткіден көз жұмғандар 12 есе, оның ішінде
кәмелетке толмағандар саны 42 есеге артқан көрінеді. Жалпы, бұл мәселелердің барлығы
жасөспірімдер бойындағы рухани құндылықтардың аздығынан болып отыр десек, артық
айтқандық емес. Жасөспірімдер тұрмақ, ересектердің өздерінде батыстық жат мінездер мен
әдеттерге тойтарыс беретін рухани күшінің кемдігі анық байқалады. Сол себепті дәстүрлі
бала тәрбиесіне қайта оралмай, балалардың есірткіден тыс басқа да рухани дерттерге
бойұсынатыны анық». Яғни нашақорлық сияқты індеттерден жасөспірімдерді
арашалаудың бір жолы мектептерде кешенді түрде бала тәрбиесіне оң әсерін беретін рухани
сабақтар шоғырын көбейту керек деп отыр. Иә, осы айтылған пікірлермен келіспеуге
болмас. Себебі бұл жағдайға бүгін барлығымыз жабыла жауап қатпасақ, ертең кеш болуы
мүмкін. Айтылған жерден аулақ, әрине! Есірткімен жастық шағын улаған Наталья есімді
қыз бастан кешкен соңғы 3 жылын былай баяндады: «Қазір мен жиырма екі жастамын.
Балалық шағым мен жастық шағым жұрттың бәрінікі сияқты дұрыс өтті. Жалғыз ғана
кемістік, мен ерке-тотай болып өсіппін.
Менде жаныңа не қажеттің бәрі, тіпті басқалардың
қолы жете бермейтін дүниенің бәрі болды. Мүмкін нақ осы жағдай менің он тоғыз жаста
есірткімен әуестенуіме себеп болған шығар. Әлі есімде, ол кезде сән агенттігінде жап-
жақсы жұмыс істеп жүргенмін. Табысым да жаман емес еді. Жұмысым өзіме ұнайтын. Біраз
уақыттан кейін қыздар «кокаин» қабылдауды ұсынды. Мен оны татып көруге бекіндім.
Шынымды айтайын, бастапқыда бұл маған ұнады. Бүкіл өне бойың рахаттана жылынып,
басың шайдай ашылғандай күн кешесің. Бірте-бірте әлгі «сиқырлы ұнтаққа» тәуелді бола
бастағанымды өзім де сезбей қалдым. Содан пәленің бәрі басталды ғой. Бір «доза» үшін
біреуді өлтіруге дайын едім. Өйткені ағза есірткіні жиі-жиі талап етеді. Кейін ақшам
таусылып, «қайыршылар азығы» дейтін героинге көштім. Ал менің мұңдастарыма келетін
болсақ, олардың бірінің де өмірі оңбады, тағдыр соққысын көрді. Біреуі түрмеге түссе, енді
біреуі өлді, тағы бірі сал болып қалды. Ендеше, қорытындыны өздеріңіз жасаңыздар, бұл
істен еш жақсылық көргенім жоқ. Ал бұдан ары не болары тек бір Құдайға ғана мәлім».
Есірткі – әлемдік бизнес Есірткі саудасы мен тасымал жолдарына тосқауыл қойылып
жатқанымен, әлемдегі нашақорлық деңгейі бәлендей төмендей қойған жоқ.
БҰҰ-ның
мәліметіне сүйенсек, жер бетіндегі нашаға тым тәуелді адамдардың саны 30 миллионнан
артқан. Соңғы кездері есірткінің синтетикалық жолмен жасалатын түріне сұраныс көбейіп
барады. Бұған жалпы саны 50 миллиондай адам құмартады екен. Есірткінің әлемге барынша
кең тараған түрі марихуана болып есептеледі. Оны әлемде 150 миллионнан астам адам
пайдаланады. Ал кокаин мен апиынға 20 миллиондай адамның жаны құмар. Есірткі тұтыну
жағынан Солтүстік, Орталық және Оңтүстік Америка, Кариб бассейні аймақтарының
адамдары алда тұр. Ал оны өндіруші әрі тасымалдаушы аймақ ретінде Орталық Азия елдері
ерекше аталады. Кейбір деректерге сүйенсек, Ауғанстан әлемдегі наша өндірісінің 90
пайызын бір өзі қамтиды. Халықаралық мамандардың бағалауы бойынша соңғы жылдары
Ауғанстандағы апиын-шикiзат өндiрiсi 3 есеге жуық өскен (2002 жылғы 3-4 мың тоннадан
2008 жылы 10 мың тоннаға дейiн). Әйткенмен, Ауғанстандағы есірткі өндірісіне қажетті
синтетикалық материалдар осы аймақтан және Еуропадан жеткізіледі. Наша саудасында әр
жылы 300-500 млрд. долларға дейін ақша айналады. Енді мұны әлемдік бизнес секторында
алдыңғы орындардың бірін алмайды деп көріңіз. Мысалы, өзімізбен көршілес жатқан
Ресейде 11 мен 25 аралығындағы жастар есірткі сатып алу үшін 2000 жылы 1,7 млрд. доллар
көлемінде қаржы жұмсаса, арада үш жыл өткеннен кейін аталған сома 2,7 млрд. долларға
жеткен. Жағаңды ұстауға мәжбүр ететін уәждер. Қазір әлемнің барлық елдерінде есірткі
бизнесіне қарсы тиісті заңдар қабылданғанын да білеміз. Мысалы, Сингапур,
Малайзия
сияқты елдерде есірткі таратушыларға өлім жазасы қарастырылған. Бұл бағытта елімізде
тиісті бағдарламалар қабылдап, әрекет етіп жатқаны бар. Бірақ біз көбіне себеп-салдармен
ғана күресудеміз. Бізге алдын алу жұмыстарын жасаған жөн. Ол тек мемлекет болып
бітіретін шаруа емес. Ол – барша қазақ елінің азаматының бір жағадан бас, бір жеңнен қол
шығарып әрекет жасайтын жұмысы. Түйін Нашақорлықпен күрес — баршамыздың
алдымызда тұрған басты міндеттердің бірі. Бір өкініштісі, нашақорлардың саны жылдан-
жылға өсумен бірге, есірткіні жас балалардың, яғни 14-15 жастағылардың қолдануы жиілей
түсуде. Әрине, бұл – бүкіл қоғамды, халықты алаңдататын қасірет. Нашақор адамның
болашағы жоқ. Себебі мұндай жаман жолға түскен кісі өзіне де, қоғамға да пайда
келтірмейді. Адамдық бейнесінен айырылады. Ұрпақ саулығы, ұлт амандығы қазіргі таңда
онсыз да саны аз қазақ халқы үшін аса маңызды. Сол себепті саламатты ұрпақ тәрбиелеуге
атсалысу баршаға ортақ міндет болып отыр.
Достарыңызбен бөлісу: