28. Ақын-жыраулардың музыкалық шығармашылығы.
15–18 ғасырда өмір сүрген қазақтың әйгілі ақын–жыраулары: Асанқайғы (15ғасыр), Қазтуған жырау (15ғасыр), Доспамбет жырау (1490-1523), Шалкиіз жырау (1465-1560), Тәтіқара ақын (18 — ғасыр), Үмбетей жырау (1706-1778), Бұқар жырау (1693-1778), Көтеш ақын (1745-1818), Шал ақын (1748-1819).
Асанқайғы халық қамын ойлаған ақылгөй, көреген ғана емес, сонымен бірге дәулескер күйші де болған. Көптеген күйдің аты мен аңыз әңгімесі де әлі күнге дейін айтылады. Өкініштісі, бүгінгі күнге “Ел айырылған”, “Асанқайғы”, “Желмаяның жүрісі”, “Зар” сияқты санаулы күйлер ғана жеткен.
Қазуған жыраудың артынан өмір, болмыс туралы, атамекен, туған ел жайлы және әскери тұрмысқа қатысты сан алуан жырдан құралған мол мұра қалды. Бірақ жырларының көпшілігі сақталмаған. Бізге жеткен шығармаларынан қазіргі кезде "Бұдырайған екі шекелі", "Алаң да алаң, алаң жұрт", "Белгілі биік көк сеңгір" атты толғауларын атауға болады. Дегенмен, бұл шығармаларының өзі-ақ Қазтуған жыраудың қазақ әдебиеті тарихының төрінен орын алуына негіз бола алды. Қиялының ұшқырлығы, кеңдігі, суреттеу тәсілдерінің байлығы мен әсемдігі орта ғасырларда қазақтың ақындық өнерінің жоғары дәрежеде және өзіндік сипатқа толы болғанын аңғартады. Ұлттық бояуы ашық, өршіл романтикаға толы, көркем тіркестерге бай Қазтуған жырлары бірнеше ғасырлар бойы қазақ ақындарына үлгі, өнеге мектебі болған.
Доспамбет жырау жырларынан оның мұрат-мақсаты, түсінік-талғамы, дүниеге көзқарасы анық аңғарылады. Отан қорғау, елге, жерге деген сүйіспеншілікті бейнелейтін жырларында қырым, ноғай, қазақ жұртының іргесі бүтін, ешкімге бас имейтін ел болып отырған заманды аңсау сарыны байқалады. Жырау ол заманды қайтып келмес бақытты өмір ретінде толғайды. «Айнала бұлақ басы таң», «Тоғай, тоғай, тоғай су», «Азау, азау дегенің», «Арғымаққа оқ тиді», «Қоғалы көлдер, қом сулар», «Айналайын, Ақ Жайық» т. б шығармалары бар. Жырау өткен өмірді жырлағанда туған ел, өскен жерге деген ыстық махаббатын келер ұрпақ болашағымен байланыстыра сипаттайды. Олардың да ертең еліне қорған, тірек болуын қалайды.
Шалкиіз толғаулары өткір, аз сөзбен нақты, терең айтумен ерекшеленеді. Ұлттық діл, иман, этикалық түсініктер Шалкиіз шығармаларында кеңірек талданады. «Асқар, асқар, асқар тау», «Ор, ор қоян, ор қоян», сынды толғауларында ерлік рухы, елдің еңсесін көтеретін асқақ сезімдер жырланады. «Алаштан байтақ озбаса», «Жапырағы жасыл жау терек», «Би Темірге айтқаны», «Би Темірді қажы сапарынан тоқтауға айтқаны» атты толғаулар негізінен шариғат жолындағы уағыз болып саналады.
Достарыңызбен бөлісу: |