Математикадан факультативтік сабақтар. Мектептегі факультативтік сабақтардың мақсаты – оқушылардың математикалық білімдерін одан әрі тереңдету, қабілеттерін дамыту, математиканың әр алуан қолданымдарын көрсету, олардың пәнге ынтасын арттырып, кәсіптік бағдар беру. Бүгінгі таңда математиканың факультативтік сабақтары орта мектептерде арнаулы сыныптарға енгізіліп, оқушылардың жалпы математикалық даярлығын арттыруда ерекше орын алады. Факультативтік курс математикаға ынталы, пәнге ықыласы мол, өзінің математикалық мәдениетін көтеруге, білімін тереңдетуге, ой-өрісін кеңейтуге ынталы оқушыларға арналған. Факультативтік сабақтарды оқытудың әдістері мен тәсілдерін таңдағанда, алдымен курстың мазмұнын, оқушылардың дайындық деңгейін, олардың бағдарламалық материалдарға ынта – ықыласын ескеру керек. Сонымен бірге олардың ой - өрісі мен дербестігіне де назар аударған дұрыс. Әдетте факультативтік курстардың дәріс, әңгімелеу, практикалық жұмыстар, қосымша әдебиет бойынша тапсырмаларды талқылау, оқушылардың баяндама жасауы, реферат жазу, экскурсия үйымдастыру сияқты формалары мен әдістері кең пайдаланылады. Факультативтік курстың кейбір материалдарын дәріс түрінде өтілуі мүмкін. Мұндағы мақсат – оқу материалының ішінен ең өзектілерін баяндау, есептер шешудің ең нақты әдістерін көрсету, оқушыларға материалды өздігінен оқып үйренудің жолын нұсқау. Дәріс сабақтарында оқушылардың тыңдау және ой түю машықтарын шыңдауға бағытталғаны пайдалы. Дәріс барысында оқушылармен жеке мәселелер бойынша, қайсыбір ұғымының тууы, оны дамытуда белгілі бір ғалымның қосқан үлесін, проблеманың есеп түрінде қойылуын қысқаша әңгімелеудің рөлі зор. Факультативтік курстың маңыздылығын арттыру жолдарының бірі – практикалық жұмыстар орындау. Сабақтың бұл түрі оқу процесін білімді іс жүзінде қолданумен ұштастыруға жол ашады. Мұнда мұғалім ең алдымен оқушыларды практикалық жұмыстың мақсатымен, жұмыс істеу тәртібімен таныстыруы, қажетті нұсқаулар беруі тиіс. Берілетін практикалық тапсырмаларды жеке ерекшеліктеріне қарай берген дұрыс, ал жұмыс нәтижесін күллі топтың қызметі ретінде бағалау керек. Мәселен, «Көпжақтар» тақырыбы бойынша практикалық жұмыс жүргізгенде көпжақтардың эскизін, олардың жазбалары мен модельдерін салу керек. Дұрыс көпжақтардың модельдерін әр оқушы жеке, ал күрделі көпжақтарды 2-3 оқушы бірлесіп орындағаны дұрыс. Мұның өзі ұжымдық еңбекке баулиды. Факультативтік курстың материалдарын терең игеру жолдарының бірі – күрделі есептерді эвристикалық жолмен шығару. Алайда, есептерді оқушылардың ынта – ықыласына сай іріктеп алса, оның тиімділігі арта түспек. Алдымен даярлық есептер оқушылардың өздігінен шығармашылық қызмет ету қабілетін дамытатындай, проблемалық ахуал ретінде берілуі тиіс.
Достарыңызбен бөлісу: |