Адамның образы қалай және неден жасалады?
Адамның образы харектерден тұрады, характер - әр адамның рухани, психологиялық ерекшелігі; характерлер – образдың бір қыры, бір образ сандаған характерден құралады. Ол ерекшелік адамның жүрісі, тұрысынан, әрекетінен, ой өрісінен, мәдениетінен көрінеді.
«Характер» – бейнесінен ырықтың бағыты көрінетін нәрсе. Ырықтың бығыты тек әрекетпен ғана айқындалады.
Бұл не деген сөз? Жазушылар характерді әрекетпен бере алмай келетінін айттық. Ал егер жазушы оны тың әрекетті етіп бере алса, ол тың әрекетті әкелген характерге жақсы идея тап болып, екеуі бір жерден шықса, онда адам баласының мәңгілік есінде қалатын шығарма жасалады, деген сөз. Ондай характер бұрын көрінбеген, ерекше әсерлі әрекеттің қуаттылығына байланысты ғана өмірге келеді. «Характер дегініміз – жетілдіре тәрбиелеген ырық» (Р. Эмерсен).
Характер қай уақытта дараланады?
Ол өзінгші бір әсерлі әрекет жасаса, тың әрекет иеленсе және ол әрекет бұрынғы көрінген әдебиеттік характерлердің әрекеттеріне ұқсамай, жаңа тұлғамен көрінсе, сонда ғана ол дараланған характер бола алады. Оның еткен әрекеті басқа біреудің әрекетіне ұқсап тұрса, онда дараланған болмайды, сол бұрынға жасалған образдан көшірген тұлға болады. Ол жазушы көшірмек Тагіл, ол кітапты оқымаған болуы да мүмкін (нашар жазушылардың көбі кітап оқымайтын болады). Бірақ анау жасалаған образ сонда да дараланған болмайды, ал жазушы бәрі-бір, «содан көшіреді» деген кінәдан тазаланбайды.
Образдың түрлерін белгілеудің бірнеше (әдістік, тектік, тәсілдік) факторлары бар. Көркемдік әдіс тұрғысынан келгенде, образ екі түрлі романтикалық образ, реалистік образ. Әдеби тек тарапынан келгенде, образ үш түрлі : эпикалық образ, лирикалық образ, драмалық образ. Ал жасалу тәсілдеріне бақсақ, образ тағы да бірнеше түрге: юморлық образ, сатиралық образ, фантастикалық образ, трагедиялық образ, геройлық образ, т.б.
Әдебиеттегі көркемдік әдіс, негізінен екі түрлі (романизм, реализм), бұл мәселеге біз осы еңбегіміздің ақырғы тарауында арнайы тоқталамыз. Бұл жолы тек осынау көркемдік әдіс тұрғысын анықтағандығы образдың екі түріне, бұл екеуінің ерекшелігене ғана азырақ назар аударып өтпекпіз.
Романтикалық образ - әдебиеттегі адам бейнесінің байырғы түрлеренің бірі. Бұл образдың алғашқы үлгілері баяғы көне дүние әдебиетінде, оның “әрі өнген топырағы, әрі байлық қоры” боп табылатын мифте, қала берсе, қай халықтың болса да ауыз әдебиетінде жатыр.
Реалистік образ - әдебиеттегі адам бейнесінің ең сымбатты, шынайы түрі. Мұның сымбаттылығы да, шынайылығы да шыншылдығында ; бұл – кәдімгі өмірде болған, бар және бола беретін, бірақ қайталанбайтын, әрқашан бұрын – соңды белгісіз тың қырынан көрініп, ылғи жаңарып отыратын тип. Дұрысында, образ атаулының айырықша мағыналы, мәнді түрі де осы – реалистік образ. Өйткені бұл образдың эстетикалық идеалы – романтикалық образдағыдай бұлыңғыр емес, анық, адам қолы жетпейтін тым асқақ, алыс емес, қолмен ұстап, көзбен көргендей затты әрі жақын нәрсе. Сондықтан реалистік образдың эстетикалық – тәрбиелік мәні де, қоғамдық - өзгертушілік күші де айырықша үлкен.
Көркемдік әдіс секілді, әдебиеттің тегі туралы мәселені де біз осы еңбектің үшінші бөлімінде таратып талдамақпыз. Бұл жолы, жалғыз – ақ, осынау әдеби тектер (эпос, лирика, драма) тұрғысынан анықтағандағы образдың үш түріне, бұл үшеуінің ерекшелігіне ғана азырақ назар аударып өтпекпіз.
Эпикалық образ – кескін – кейпін, мінез – құлқы, іс - әрекетімен тұтас көрінген әрі толық жинақталған, әрі әбден дараланған тип. Мүсіндеу мен мінездеу, диалог пен монолог, түрліше сезімдер мен харакеттерді суреттеу секілді көркем бейне жасаудың көп – көп амал – тәсілдері әсіресе эпикалық образ үшін керек. Өйткені мұнда адамның түр – түсін де, ішін де, ісін де кең суреттеп, мол көрсетуге, терең әрі жан – жақты танытуға мүмкіндік бар. Оған эпикалық шығарманың өрісі де, құшағы да еркін жетіп жатыр.
Лирикалық образ – сыршыл, өлең – жырлардағы ақынның өз бейнесі; оның ішкі бітімі. Яғни ақынның мың иірім көңіл күйінен – нәзік сыры мен сылқым сезімінен өріліп жасалған өзгеше кейіпкер. Мұнда, эпикалық образдағыдай ұзақ, кең, мол суреттеліп, жан – жақты ашылған адамның сыртқы кескін-кейпі де, қым-қуыт шиеленісіп жатқан тағдыры немесе іс - әрекеті мен қимыл-харекеті де тұтасып көріне бермеуі мүмкін. Оның есесіне адамның аса терең әрі нәзік ашылатын ішкі сыры, мінез-құлқы, жан-тынысы айырықша әсем айшық табады.
Образдың жасалу тәсіліне байланысты түрлерін таратып, бас-басына сипаттама бермес бұрын, жалпы әдемілік туралы ілімде бірнеше (комедия және трагедия, геройка және фантастика дегендер тәрізді) эстетикалық категориялар болатынын білу шарт. Комедия ақиқат шындықтағы не адам мінезі мен бітіміндегі күлкілі жайлардан туса, трагедия бұған қарама-қарсы қайғылы құбылыстардан туатыны. Геройка аса бір асыл, аяулы қасиеттерден туса, фантастика асыңқы, асқақ әрекеттерден туатыны мәлім. Міне, осы тәсілдердің әрқайсысына лайық геройлық, трагедиялық, фантастикалық образдар болатыны сияқты, комедиялық тәсіл арқылы көркем образдың юморлық және сатиралық түрлері жасалады.
Юморлық образ – күлкілі кейіпкер ; юмор - өмірдегі кісі күлерлі құбылыстардың өнердегі сәулесі. Күлкі жоқ жерде юмор да жоқ. Ал күлкіні әншейін жеңіл – желпі нәрсе деуге болмайды. Күлкіде зор қоғамдық сипат, әлеуметтік сыр жатады.
Сатиралық образ – ұнамсыз тип. Сатирамен суреттелер құбылыс – керексіз, кесір құбылыс. Сатира өмірдегі кеселді, келеңсіздікті, кері кткендікті қаза қопарып, көптің көз алдына – көрініске шығарады, қағып – сілкіейді, мысқылмен түйрейді, сықақ етеді, көпті одан түңілтеді.
Фантастикалық образ – қиялдан туған қаһарман, адамның ақиқатқаұқсас арманында бедерленген бейне. Әдебиеттегі адам образының бағзы замандардан күні бүгінге дейін келе жатқан көне түрлерінің бірі.
Қай халықтың сөз өнері болсын, оның ең байырғы түрлерінің бірі- ертегі десек, сол ертегі түгелге жуық қиялға негізделетіні, ертегідердегі адам бейнелерінің көбінде қиял-ғажайып сипат болатыны мәлім. Бұл да фантастикалық образдың көнелігін куәландырса керек.
Трагедиялық образ да әдебиетте тым әріден келе жатқан адам бейнелерінің бірі. Трагедиялық образ ескі мен жаңы, адам мен қоғам, адамдық пен жауыздық арасындағы ымырасыз күрестен, бітіспес тартыстан, қайшылықтан, соның өзінде де мейлінше асыңқы, адам жаңіп болмас ауыр, азапты жайларды әдеби шығармада терең және шебер жинақтаудан туады.
Геройлық образ – ұнамды кейіпкер: адамға тән небір тамаша сипаттардың синтезі секілді сом тұлға, өз дәуірінің ең аяулы, асыл мұраттарынан туған тарихи тип.
Оқушылардың бастауыш сыныпта қалыптасқан оқылым дағдысы бойынша дайындықтары ескеріліп, көркем шығарманың ішкі мазмұндық дүниесіне бойлау міндеттері бастапқы орында. Осы арада, коммуникативтік дағдының бірі оқылымға түсінік бермей өтуге болмайды. Оқылым - рецептивті (қабылдаушы) жазба тілдегі мәтінді түсіну, мәтін тілін сөздер деңгейінде, сөйлем деңгейінде және тұтастай мәтін деңгейінде түсінуді игертетін дағды. Ғалымдар оқылымды екі түрге бөліп қарастырады. Бейтарап оқылым – оқушылар өзінің қызығушылығын қанағаттандыру үшін оқу. Белсенді оқылым – оқушы өзінің сыни талдау дағдыларын дамыту мен жетілдіру үшін оқу. Мұғалім оқушыларды өз қызығушылығын қанағаттандыру үшін бейтарап оқылымды қолдануға түрткі болғаны дұрыс, алайда сыныпта басты назарда белсенді оқылым тұруы қажет. Оқушылар белсенді оқылымды мәтінді игеру, оқығанын терең түсіну және сыни талдау дағдыларын жетілдіру үшін пайдаланады.
Ж.Аймауытовтың тілді оқытуға арналған ұсыныстары:
Баланы тілдің әр түріне машықтандырғанда белгілі жүйе қолданылсын. Жазу, оқу тыңдаудан, сөйлеуден соң келеді, соңғылар тәжірибеден соң келеді. Сондықтан әуелі баланың көрген-білгені туралы әңгіме құрып, сонан кейін оқуға, жазуға үйретілсін.
Бала әуелі өз бетімен сөйлеуге, жазуға төселіп, сонан кейін үлгілі сөздерге еліктеуге мүмкіндік берілсін.
Әңгіме үшін берілетін мағлұмат кітаптағы даяр заттар бола бермей, баланың тәжірибесінен, көрген-білгенінен алынсын. Кітаптан өмірге емес, өмірден кітапқа қарай жылжысын.
Үш оқу – Коменский жүйесінен туындайтын қағида.
Коменскийдің айтуынша, білімнің негізінде әуелі зат, көркем шығарма, сонан соң талдау, соңында қорыту тұрады.
Оқу жалпыдан басталады. Бірақ алғашқы жинақтаудың мағынасы бір ғана кіріспе сөз емес, көбіне көркем шығарманы оқып игеру.
Оның біріншісі мазмұндық оқу. Оны тікелей сезімдік оқу дейміз.
Екінші оқу түрі – талдап оқу. Бұл – ғылыми жұмыс сатысы.
Үшініші сатыны біз шығармашылық оқу дейміз. Ол алғашқы екі түрлі оқу түрін жинақтайды
Көркем мәтінді оқу түрлерін (оқылым стратегиялары) жіктеп ажыратамыз:
Оқушы көркем мәтінді талдай білу арқылы нақты, дәлелді сөйлеуге дағдыланады, сөз құдіреті мен қасиетін ұғынады. Сол себептен, ең алдымен көркем тілмен сөйлеуге талаптандыру керек. Әр сөйлемнің негізінде нақты ой, сол ойды анық, айқын кестелейтін сөз оралымдары болу керек. Күнделікті пайдаланатын тілді жақсы меңгерген баланы оны кестелеп, әдемілеп қолдануға дағдыландыру керек. Мағынасыз сөздер, шұбалаңқы сөйлемдер, айтатын ойын нақтылап беруге шорқақтық көркемдеп сөйлеуге зиянын тигізеді. Сондықтан көркемдеп сөйлеуді әр сабақта жүйелі түрде жүргізген тиімді болмақ. Көркем сөйлеу оқып отырған көркем шығармаға да тікелей байланысты. Оқушыларды әңгімелеу, мазмұндау кезінде жиі мәтінге үңілдіріп, кейбір негізгі мәселелерді мәтінге жуық айтуды талап ету-осы көркемдеп сөйлеуге баулудың басты жолы. Көркем сөйлеудің негізгі белгілері топтар, фигуралар түрін меңгерту, теңеулер мен баламаларды сөйлемде жиі қолдану болмақ. Көркем мәтінді оқу барысында керекті дәйектемелерді ала білуге, бейнелі оралымдарды теріп алуға баулу. Көркем шығарма тілін талдауда жазушының суреткерлік шеберлігін, эстетикалық мүмкіндігі, тілдік құралдарды поэтикалық деңгейге сай қолданылуы, сөздің, фразаның құдіретін дұрыс танытады.
Осы ретте, мәтінмен жұмыс істеудің мәтіналды, мәтінмен жұмыс, мәтіннен кейінгі кезеңдерінде бірқатар әдіс-тәсілдерді қолданады.
Мәтіналды (тыңдалым,/оқылымалды) тапсырма: мәтін тақырыбын ашуға бағытталған тапсырмалар, ой шақыру, сөздерді алдын-ала үйрету, мәтін мазмұнын болжауға байланысты сұрақ қою, т.б. Яғни мәтін алдындағы жаттығулар мен тапсырмалар және соларға сәйкес жұмыс түрлері мынадай бағытта жүргізіледі: тілдік тұлға мен сөйлем үлгілерін мәтінде танып, айыра білу және әртүрлі құрылымдық материалды (сөзжасам элементтері, етістіктің жақ, шақ түрлері, сөйлем түрлері, сөздердің бір-бірімен байланысу тәсілдері және т.б.) меңгерту.
Мәтінмен жұмыс кезіндегі тапсырмалар: Әртүрлі тыңдалым/оқылым дағдыларын дамытуға арналған тапсырмалар (сұрақтар). Алғашқы тапсырмалар жалпы мазмұнын түсінуге бағытталса, кейінгі жаттығулар нақты ақпаратты табуға арналуы тиіс. Бұл кезеңде мәтіннің тілдік материалы мен құрылымы орындалады. Мәтін ішінен қажет мәліметті бөліп алу, айыра білуге машықтандыру жаттығуларын әр түрлі тәсілмен орындау. Мәтінмен жұмыс кезеңі былайша ұйымдастырылады: оқығанның мазмұнын айту, мәтін бойынша сұраққа жауап беру, жоспар жасату, бірнеше бөлімге бөліп оқыту, негізгі, жанама ойды таптыру, қорытынды жасату. Мәтін мағынасын толық түсіну дегеніміз- мәтіннің мазмұнын түсіну үшін оның ішіндегі жеке сөздерді түсінуі керек. Бұл жеке сөздер түсінікті болса, тұтас мәтін де түсініқті болады деген ой туады.
Мәтіннен кейінгі тапсырма: Мәтінде көтерілген мәселеге, ақпаратқа байланысты талқылау сұрақтары. Мұндағы сұрақтар олар үйренген жаңа сөздерді, мәтінде кездестірген сөздерді қолдана отырып, жауап бере алатындай етіп ұйымдастырылуы қажет. Сонымен қатар сұрақтар оқушылардың өмірлік тәжірибесімен де байланысып, өз көзқарастарын білдіруге мүмкіндік беретіндей етіп құрылуы керек. Бұл кезеңде мәтінді оқып, түсініп, мәтіндегі негізгі ойды казақ тілінде жеткізе білу.
Мәтіналды кезеңінің мақсаты – мәтінді түсіну қиындығын жеңілдету. «Салған жерден кітаптан оқыта бастамай, алдын ала сол әңгімеге балаларды даярлап алған жөн. Балалардың көргені, естігені жайынан сұрап, сурет көрсетіп, әлдебір оқылған, сөйленген нәрседен, не өмірден алып, әйтеуір оқылатын әңгімеге балаларды төндіріп, ынталандырып алу керек» деген Жүсіпбек Аймауытовтың сөзі еріксіз осы кезеңнің маңызды екенін түсіндіреді.
Мұндай тапсырмалар қатарына: тілдік бірліктерді, жаңа сөздерді аудармасыз түсіндіру, қиын сөздердің (таныс емес) түсіндірмесін беру, пассив сөздерді контекстіде, сөйлем ішінде түсінуге мүмкіндік беретін инновациялық тапсырмаларды қамту, экстралингвистикалық фактор негізінде бөгде мәдениетке қатысты фондық білім құрайтын фактілерді әлеуметтік-мәдени түсініктемелер арқылы түсіндіру жұмыстары болу мүмкін. Мәселен, ол: автордың өмірбаяны, кейіпкерлер, қоғамдағы тіршілік (тарихи оқиғалар).
Мәтін кезеңіде оқушыға белгілі бір тақырыпта мәтіндер беріледі. Оқушы мәтінді мұқият оқиды. Нақты ақпаратты табуға анықталған «шын» не «жалған» сөздері арқылы төмендегі сұрақтарға жауап береді. Мәтіннен кейінгі кезеңде оқушының мәтін ақпаратын түсінуі және оны бақылау тәсілі орындалады. Егер мәтін кезеңінде мәтіндегі лексикалық, грамматикалық бірліктерді игеру және мазмұнын түсіну мақсаты қойылса, ал мәтіннен кейінгі кезеңде мәтіндегі ойды тереңдеп білуге және оның мазмұнын бағалау түріндегі жұмыс орындалады[2.12-бет].
Атап өткен тапсырмаға негізделген тәсіл ретінде көркем шығармаларды оқытуда оқылым стратегияларын қолдану тиімді. Оқылым стратегиялар қандай дағды?
Оқылым стратегиялары: жалпы мазмұнын түсіну үшін оқу, нақты ақпаратты табу үшін оқу, комментарий жасау, іріктеп оқу, рөлге бөліп оқу, зерттеп оқу, талдап оқу.
Шолып оқу - мәтін тақырыптарын бөлім аттарын, абзац сандарын шолып оқып шығу.
Түсініп оқу – мәтіннің мазмұнын, автордың айтпақ болған ойын, мәтінді жазудағы мақсатын түсіну үшін ақпаратты ұғынып оқу.
Мазмұнын түсіну үшін оқу немесе көз жүгіртіп оқу – мәтіндегі жалпы идеяны түсіну үшін тез оқып шығу.
Нақты ақпараттарды табу үшін оқу – мәтін ішіндегі ақпараттарды тауып алу үшін оқу, яғни ол үшін тұтас мәтінді түсініп оқу, мазмұнын білу маңызды емес. Мысалы, мәтіннен қажет пайыздық көрсеткіштерді, жылдарды немесе қажетті сөздерді тауып алу.
Егжей-тегжей түрде оқу – әрбір сөздің мағынасын түсіну үшін мәтінді сөзбе-сөз оқу. Мысалы, келісімшарттағы талаптарды немесе нұсқауларды түсіну үшін сөзбе –сөз оқимыз.
Сөз мағынасын контексттен ажырату – мәтін ішіндегі таныс емес сөздің мағынасын болжау үшін, оның айналасындағы сөздер мен сөйлемге назар аудару.
Мәтін құрылымын түсіну – Мәтін құрылымының ұйымдастырылуын түсіну. Мысалы, кіріспе бөлім, негізгі бөлім, қорытынды бөлім.
Талдап оқу – стиль мен жанрын, кімдерге арналып жазылғанын талдап оқу.
Болжай білу – оқылым тапсырмасы алдында қолданылатын тәсіл. Оқушылар мәтінді оқымас бұрын оның мазмұны мен көтеретін мәселесі жөнінде ойланып, талқылап көреді. Ол үшін олар мәтін тақырыбына, оған берілген суретке қарап болжай отырып, сол тақырыпта өз білімдерін қолданады. Бұл тәсіл мәтінді оңай түсінуге көмектеседі.
Мәтін түрлерін ажырата білу – әр мәтіннің өзіне тән ерекшелігін, ұйымдастырылуын, стилін ажырата білу. Мәтін түрлері: хат, мақала, жарнама, әңгімелер, поэма, құттықтау қағазы, ақпараттық брошюра, үнпарақ (листовка), хабарландыру, т.б.
Зерттеп оқу – мәтіннің мазмқны мен құрылымдық бөлімдерін шолып оқуға қарағанда күрделі оқу болып табылады. Зерттеп оқу оқушыдан назарын шоғырландырып оқуды талап етеді.Оқылым мәтіннің астарлы ойын, автор көзқарасын, мәтіндегі көтерілген мәселені, факті мен көзқарасты зерделеп ажырату зерттеп оқудың ерекшелігі болып табылады.
Комментарий жасап оқу – автордың айтпақ болған ойын, мәтіннің кімдерге арналғандығын анықтау, мәтінді жазудағы мақсатын түсіну.
Рөлге бөліп оқу – мәтін ойын рөлге кіріп оқу.
Экстенсивті оқылым – үлкен көлемді мақала немесе шығармаларды (роман, әңгіме) оқу
Интенсивті оқылым – мәтіндегі сөйлемдердің грамматикалық құрылымын, белгілі бір тақырыпқа арналған сөздерді талқылау үшін оқу. Мұндағы мақсат оқушылардың тілді дұрыс қолдана білудегі білімін арттыру.
Оқылым стратегиялары қай сыныптан дағдыландыру көзделген? деген сұрақ туындайды. Жалпы мазмұнын түсіну үшін оқу, нақты ақпаратты табу үшін оқу, сөз мағынасын мәнмәтіннен ажырату, комментарий жасау, іріктеп оқу, рөлге бөліп оқу, зерттеп оқу, талдап оқу деген дағдыларды оқылым стратегияларына жатқызамыз. Оқылым стратегияларына дағдыландыру бастауыш сыныптан қалыптастырылады. Яғни 5-сыныпқа дейін оқушылар жиі қолданылатын сөздерді тұтас оқу, шағын мәтінді түсініп, мәнерлеп (дауыс ырғағын дұрыс қойып)/рөлге бөліп оқу, мәтінді немесе оның бөлімдерін мәнерлеп оқу, шолып (танысу мақсатында) оқу/рөлге бөліп оқу, мәтінді іштей, түсініп және қажетті ақпаратты тауып/шолып/белгі қойып оқу сияқты дағдыларды игеріп қалыптастырып келеді.
Қазақ әдебиеті қазақ тілімен аса тығыз байланыста қарастырылады, себебі тіл – әдебиеттің бастау көзі. Ал әдебиет – бастаудан шыққан сөйлеудің, тілдің ең жоғарғы, аса үлгілі қазынасы, кемел өрнектері. Қазақ тілі мен қазақ әдебиеті бағдарламаларының түйісетін нүктелері көркем мәтінді талдау жүйесі. Сонымен қатар, қазақ әдебиетінің тарихпен және тағы басқа пәндермен байланысы сақталады.
6-сыныптағы «Тәуелсіздік - қасиет тұнған ұлы ұғым» атты бөлімде Ерлан Жүністің «Тәуелсіздік» өлеңі, Асқар Алтайдың «Прописка» әңгімесі, Р.Ғамзатовтың «Менің дағыстаным» өлеңін оқыту жоспарда бар. Асқар Алтайдың «Прописка» әңгімесін оқытуда оқылым стратегияларын қолдану тәжірибесін сөз етіп көрейін.
Асқар Алтайдың «Прописка» шығармасы оқушыларға мына нәрселерді түсінуге бағыттайды: тәуелсіздік өздігінен келе салмаған рухани құндылық екенін, тәуелсіздікке жету жолындағы желтолқсан оқиғасының маңызы, сол оқиғаның салдарынан сол замандағы қазақ жастарының бастан кешкен қиындықтары. Яғни, басты тақырып желтоқсан оқиғасы. Урбанизация. Қалаға келген қазақ ұлтының наласы, пропискаға отырудың қиындығы. Қаланың қазақты қабылдағысы келмеуі. Әңгіме жолға шыққан Арқат есімді жігіттің бір сәт басынан кешкен драмасына құрылған. Алайда бұл жеке бастың қайғысы емес, бүкіл қазақ қоғамының басына түскен ауырпалығы суреттелген шығарма екенін ұғындырады. Алтайда көктем келсе де, бораны басылмай тұрғаны – ол да – тұспал. «Бұландай жігіттер» деп автор тегін айтып отырған жоқ. Махамбетте «Бұландай ерді кескен күн» деген өлең жолдары бар. Үшжігіт – желтоқсан құрбандары. Сол боздақтарды тұспалдайды. Архат қалаға пропискаға отыру үшін төрт ай қаңғиды. Қала қазақ баласына өгей шешеден бетер. Абай атамызша айтқанда, «Бір қайғы мың қайғыны қозғайды». Бұл – қазақ қоғамындағы шындық.
Жоғарыда атап өткен құндылықтарды игертуге, талдауға, бағалауға 6 сағат бөлінген. Бұл шығарма көлемді шығармадан алынған үзінді болып табылады. Сол себепті, көлемді шығарманың мазмұнымен оқушы сыныптан тыс уақытта танысуы керек. Яғни, аталмыш шығарманы оқушылар көктемгі демалыс кезінде оқып келгені дұрыс. Бұған негіз әдістемелік нұсқау хат сыныптағы оқу процесін осылай ұйымдастыруды көздейді. Бұл қисынды тұжырым. Сыныпта шығарманы оқытуда мәтін алды, мәтін кезі, мәтіннен кейін әдісін қолдану басты назарда болуы керектігін жоғарыда сөз еттім. Оқылым алдында, «Тәуелсіздік». «Желтоқсан оқиғасы». Урбанизация. Шығармаға автор неге «Прописка» деген атау берген? сұрақтар төңірегінде ми шабуыл жаттығуын, немесе болжау жаттығуларын қолданған пайдалы. Неге? Оқушыны көркем шығарманы оқуға қызықтырудың бірден-бір жолы және пәнаралық байланыс тәсілінің қолданылуы. Бұл сабақта біз тарих пәнін, тарихи оқиғаны арқау етеміз. 6.1.2.1 Түсіну және жауап беру бөлімінде Әдеби шығарманың тұжырымдамасы білімінің әдеби шығармада көтерілген әлеуметтік-қоғамдық мәселені идеясы арқылы түсіндіру оқу мақсатына қол жеткізу үшін алдымен, өмір, қоғаммен байланыс орнатпай шығаманың тақырыбын, көтерілген қоғамдық мәселені түсіну қиынға соғады. Ал оқылым кезінде оқушы шығармадағы әлеуметтік-қоғамдық мәселені анықтай алуы, шығарманың идеясы арқылы түсінуге бағыттау үшін іріктеп оқу, коментарий жасап оқу статегиясын қолдануды ұсынамын.
Шығарманы қалай іріктеп оқытамыз? Ол үшін оқушылардың 5-сыныптағы нақты ақпаратты тауып оқу білімдерін негізге аламыз. Тапсырма былай болады. Архаттың ағасы Дәурен туралы, Капитан Базиев туралы, Шоферге қатысты, Жетісу ауылының ауыл советі Қақатаевқа қатысты, Подполковник туралы эпизодтарды тауып алып, осы оқиғаларда қандай тақырыпта сөз болып жатыр, қандай мәселе жайында болып жатыр? деген сұрақ арқылы көтерілген әлеуметтік-қоғамдық мәселені анықтауды тапсырамыз. Коментарий жасап түсініктерін айту үшін мына тілдік бірліктерді ұсынған тиімді:
1.Менің ойымша...
2. Себебі, мен оны былай түсіндіремін...
3. Оны мен мына мысалдармен, фактілермен дәлелдей аламын...
4. Осыған байланысты, мен мынадай шешімге келдім...
Ал 6.2.4.1 Анализ және интерпретация бөліміндегі Шығармашылық жұмыс дағдысындағы әдеби көркемдегіш құралдарды пайдаланып шығармадағы табиғат көрінісін, оқиға орнын, кейіпкер бейнесін сипаттап жазу мақсатына жету үшін монтаждап оқыту стратегиясын қолдануға кеңес беремін. Монтаждап оқыту – мұғалім шығарманың ең маңызды бөліктерін ғана оқуды тапсырады, ал оқушылар түсіп қалған тұстарын өз сөзімен әңгімелеп жалғауды көздейтін стратегия. Бұл стратегияны оқушы шығармада суреттелегн табиғат көрінісін, тілдік құралдарды қолданып, өзі монтаждап, яғни өз сөзімен суреткердің суреттеуін қалай түсінгенін көрсету үшін өзі табиағат көрінісін жазуға ынталанатын болады. Алмастыру, теңеу, кейіптеу сыңды құралдарды қолданып, басты кейіпкер Архаттың әрекеті арқылы оқиғаның орнын, Архат қандай типтегі образ екенін сипаттау үшін оқиғадағы Архаттың артқа оралған оқиғасы негізінде кейіпкердің кім екенін, қандай бейне кенін суреттеп сипаттауын тапсыруға болады. Нәтижесінде оқушының шығармашылық ойлауы арттырып, өзіндік пікір қалыптастыруларын дамытуға болады.
Достарыңызбен бөлісу: |