50. Тәуке ханның Жеті жарғысы хақында не білесіз?
Жеті жарғы – Тәуке хан (1678 – 1718) тұсында қабылданған қазақ халқының дәстүрлі әдеп-ғұрып заңдарының жинағы. 17-ғасырда қазақ хандығының ыдырау қаупінің тууына байланысты Тәуке хан елдің ауызбірлігін арттыратын шаралар қарастырып, хандық билікті нығайтуға күш салды. Қазақ қоғамының дамуы мықты билік пен бірлікті қамтамасыз ете алатын жаңа заңдар жүйесін қажет етті. Осы ретте Тәуке хан бұрыннан қалыптасқан дәстүрлі әдеп-ғұрып заңдары мен өзінен бұрынғы хандардың тұсында қабылданған “Қасым ханның қасқа жолы” мен “Есім ханның ескі жолын” одан әрі жетілдіру арқылы жаңа заң жүйесін жасауға тырысты. Үш жүздің игі жақсылары мен билерін жинап, оның ішінде атақты Төле би, Қазыбек би, Әйтеке билер бар, Күлтөбенің басында “Тәуке ханның Жеті жарғысы” деген атауға ие болған заңдар жиынтығын қабылдады. Жеті жарғыға сүйенген қазақ билері ел ішіндегі дау-жанжалдар мен саяси маңызы бар мәселелерді тиімді шеше алды. Жаңа заң жүйесі қазақ халқының өмірлік мәселелерін барлық жағынан қамтыды, соның нәтижесінде Тәуке ханның билік еткен тұсы Қазақ хандығының барынша күшейіп, дәуірлеген кезі болды. Жеті жарғыдан кейін арнайы атаулы заң жүйесі жасалмағандықтан және Жеті жарғының өзі талап, тілекті қанағаттандырарлық деңгейде болғандықтан, оның көптеген жол-жобалары мен қағидалары 20-ғасырдың басына дейін қолданылып келді
Жеті жарғының аталуы Тәуке хан енгізген жеті өзгеріске байланысты деген тұжырым жасалынған. Бұл өзгерістерде төрелер мен қожаларға ерекше құқық беру арқылы билікті нығайту мақсаты көзделгені айқын байқалады.
Онда жер дауы, отбасы және неке заңы, қылмыс пен құн дауына, ұрлық-қорлық, тонаушылыққа және куәлік ету мен ант беру рәсімдеріне орай қалыптасып, тұжырымдалған қазақтың ұлттық әдеп-ғұрып заңдары көрініс тапқан. «Жарғы» сөзі қазақша әділдік, шешім деген ұғымды білдірген. Түпкі мәні жарудан, нәрсенің салмағын бір жағына аудармай, дәл де әділ айырудан шыққан.
51. Жәнібек хан Есім хан ұлы туралы айтыңыз
Жәнібек Есімұлы – XVII ғасырда өмір сүрген қазақ ханы. Ол қазақ хандарының Жәдік әулетінен тарайды. Есім ханның үлкен ұлы. Тарихи деректерде балалары туралы мәлімет жоқ. «Бахр ал-асрар» атты шығыс дерегінде 1611 жылы Есім хан Орта Азияның бір бөлігін басып алғанда Жәнібек сұлтанды Мәуреннахрдағы алты иеліктің бірінің бас қаласы болып табылатын Сагарджа шаһарына әкім етіп тағайындаған. Оның Қазақ ордасының ханы болып билік жүргізуді бастаған жылы туралы нақты деректер жоқ. Дегенмен, XVII ғасырдың 30 жылдарында ағасы Абылай сұлтан қайтыс болғаннан кейін таққа отырды деп болжам жасауға болады. Қазақстан тарихын зерттеуші ғалым И.В. Ерофеева Жәнібек ханның өмір сүрген кезеңіне сәйкес келетін орыс тілді құжаттар бойынша, оның «Қазақ ордасының» билеушісі, яғни «царь» титулы болғандығына айрықша назар аударады. Бұл Жәнібек ханның XVII ғасырдың 30–40 жылдарында Қазақ хандығының билеушісі болғандығын дәлелдейді. Тарихи деректерде Жәнібек хан Қазақ хандығына үлкен қауіп төндіріп тұрған ойраттармен көп соғысқан. Сондай-ақ, ол ойраттармен болған ірі шайқастардың бірінде қаза тапты деген пайымдаулар келтірілген (Султанов, 2001: 222). Жәнібек хан Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне жерленген тарихи тұлғалар тізіміне енгізілген.
Достарыңызбен бөлісу: |