Айырбас сауда түрімен алыпсатарлар айналысты. Олар алыс ауылдағы қазақтарға әр түрлі арзанқол тауарларды малға айырбастады. Айырбас саудада көбіне сауда тең емес, тонаушылық сипатта болды. Далалық айырбас саудасының кең қанат жаюы қалалық тұрақты сауда орындарының дамуына әсер етті. Далалық ұсақ саудагерлер үстінен қарайтын ірі саудагерлер осы бекініс шептері маңындағы қалаларда шоғырланды.
Омбы, Петропавл тағы басқа қалалар орыстың сауда капиталының қазақ даласына енуінде маңызды рел атқарды. Қалалардағы айырбас сарайлары жәрмеңкелік сауданың ірі орталықтарына айналды. Сауда нүктелері тек қалаларда ғана емес, бекініс пункттері мен қазақ-орыс станицаларында қазақтар тығыз орналасқан жерлерде, темір жол бекеттері бойында ашылды.
XIX ғасырдың екінші жартысынан бастап қазақтардың шаруашылық мұқтаждықтарына неғұрлым ыңғайлы жәрмеңкелік сауда кең етек ала бастады. Олардың ішіндегі ең ірісі — Семей облысындағы Қарқаралы уезі Қоянды (немесе 1948 жылы негізін салушы көпес С.Ботовтың есімімен аталған) жәрмеңкесі болды.
XIX ғасырдың соңында оның сауда айналымының көлемі 3 млн сомға дейін жетсе, Орал облысында Ойыл, Темір жәрмеңкелері, Ақмола облысындағы Петров (Атбасар станицасы), Константинов (Ақмола уезі), Тайыншакөл (Петропавл уезі), Жетісу облысында ең ірі — Қарқара жәрмеңкесі, Сырдария облысында — Әулиеата жәрмеңкесі болды. XIX ғасырдың 80- жылдарынан 1909 жылға дейін тек Семей облысында 15 жөрмеңке (Екатеринск, Шар, Семей, т.б.) болды.
Мұнда мал мен мал шаруашылығы өнімдері сатылды. Қазақстанға орыс өнеркәсіп өнімдері, тоқыма тауарлар (мақта-мата бұйымдары), өңделген тері, металл бұйымдары (ауыл шаруашылығы құралдары), қант, сабын, керосин, галантереялық тауарлар, тұрмыстык заттар әкелінді. Орталық Азиядан кептірілген жемістер, киім, мата, қалы кілемдер, Қытайдан шай, маталар тасылды.
Достарыңызбен бөлісу: |