«ДЕНЕ ШЫНЫҚТЫРУ» БІЛІМ САЛАСЫ
«Дене шынықтыру» білім саласының мазмұнына «Дене шынықтыру» пәні енгізілген.
«Дене шынықтыру» оқу пәні
Дене шынықтыруды оқытудың мақсаты денені салауатты шынықтыруға, спорттық-спецификалық қозғалу дағдылары мен дене бітімі қабілеттерін меңгеруге бағытталған дене шынықтырудың негіздерін қалыптастыру болып табылады.
«Дене шынықтыру» пәнін оқытудың міндеттері: дене шынықтыру және спорт саласындағы теориялық білімдері мен тәжірибелік дағдыларын дамыту; өзінің дене және психикалық денсаулығын нығайту үшін ұмтылуға ынталандыру; білім алушылардың төзімділікке, ширақтыққа, күштілікке, ептілікке және икемділікке ықпал ететін қозғалыс дағдыларын дамыту; Отанға деген патриоттық сезімін, құрметтеуге, жауапкершілік пен өзара түсіністікке тәрбиелеу; білім алушылардың өз өмірлерінде салауатты өмір салтын ұстануға және үйренген дене-қимыл дағдыларын алдағы уақытта қолдануға ынталандыру; жалпы адамзат мәдениетінің бөлігі ретінде дене шынықтыру туралы түсініктерін қалыптастыру.
Пән бойынша оқу жүктемесінің көлемі аптасына:
1) 1-сыныпта 3 сағаттан, оқу жылында 99 сағатты;
2) 2-сыныпта – аптасына 3 сағаттан, оқу жылында 102 сағатты;
3) 3-сыныпта – аптасына 3 сағаттан, оқу жылында 102 сағатты;
4) 4-сыныпта – аптасына 3 сағаттан, оқу жылында 102 сағатты құрайды.
Дене шынықтыру мұғалімдері білім алушы ағзасының анатомиялық- физиологиялық ерекшеліктеріне (жетілуіне) сәйкес өздерінің педагогикалық тәсілдерін бақылауы және өзгертуі тиіс.
«Дене шынықтыру» пәнінің сыныптар бойынша мазмұны:
- 1-2-сыныптар үшін: денсаулық туралы білу; қауіпсіздік ережесі; дене тәрбиесі дегеніміз не?; күн тәртібі; жүру және жүгіру; секіру және лақтыру; ойын арқылы қарым-қатынас дағдыларын дамыту; сюжеттік-рөлдік қозғалмалы ойындар; бірқатар гимнастикалық фигураларды үйрену; қазақ ұлттық қозғалыс ойындары; доппен және секіртпемен орындалатын ойындар мен тапсырмалар; ойын арқылы қарым-қатынас пен әлеуметтік дағдылар; қауіпсіздік ережесі; ойын арқылы шығармашылық қабілеттерін дамыту; ойын арқылы коммуникативтік дағдыларын дамыту ойындары; ойынға шығармашылық идеялар; жеке қозғалыс белсенділігі; салауатты өмір салтын қалыптастыру; ашық ауадағы дене қозғалысы; жылдамдық, күш пен ептілік; секіруді дамыту үшін тапсырмалар; эстафета және қозғалмалы ойындар;
- 3-сыныпқа арналған базалық мазмұны: жеңіл атлетика арқылы қозғалыс әрекеттер; қауіпсіздік ережесі; эстафета элементтері бар жеңіл атлетика; қозғалыс және спорт ойындары; шапшаңдыққа бағытталған қозғалмалы ойындар; ұжымда жұмыс атқару; акробатика негіздерінде гимнастика; қауіпсіздік ережесі; тепе-теңдікті дамытуға арналған ойындар; қазақтың ұлттық ойындарына баулу; дене жаттығулары кезінде өзін-өзі басқару; топтық ойындар элементтері; дәлдік пен мергендікті дамытатын ойындар; дамытатын ойындар; топтағы шығармашылықты дамытуға бағытталған ойындар; баскетбол элементтері бар эстафета; ойын арқылы әлеуметтік дағдылар; жарыс элементтері бар ойындар; жігерлендіру және қозғалыс қасиеттерін дамыту; жеңіл атлетика арқылы салауатты өмір салты; жүгіру ойындарына қатысу; ұзындыққа және биіктікке секіру; лақтыру тәжірибелері;
- 4-сыныпқа арналған базалық білім мазмұны: жүгіру, секіру және лақтыру; қауіпсіздік ережесі; қысқа қашықтыққа жүгіру; ұзындыққа секіру негіздері; лақтырудың түрлері мен тәжірибелер; жеңілдетілген спорттық ойындар; волейбол доптарымен ойындар; спорттық ойындар; техникасы жеңіл тапсырмалар; топтағы негізгі жұмыстар; гимнастиканың негізгі элементтері; қауіпсіздік ережесі; жалпы дамытуға арналған жаттығулар; гимнастикалық құралдарға бағытталған тапсырмалар; қазақ ұлттық ойындары; қазақтың қозғалыс ойындары; ұлттық зияткерлік ойындар; шаңғы/кросс/коньки даярлық негіздері; қауіпсіздік ережесі; тапсырма арқылы дене шынықтыру компоненттерін дамыту; қашықтықтан өту тапсырмалары; ойындардағы қиялды дамыту; баскетбол элементтері бар ойындар; допты игеру дағдыларын дамыту; доппен жасалатын жаттығуларды құрастыру; ойындардағы топтық іс-әрекеттер; доппен түрлендірілген ойындар; денсаулық туралы білу; жүгіру дағдылары мен денсаулықты нығайту; денсаулықты нығайтуға арналған ойындар мен эстафеталар. Пән бойынша бағдарламаның әрбір үшінші сағаты білім алушылардың қозғалыс белсенділігін (спорттық және қозғалыс ойындарының санын арттыру есебінен) және сауықтыру процесін арттыруға бағытталған.
Оқу бағдарламасында қарастырылған шаңғы/коньки/кросс дайындығы сабақтары өңірлердің климаттық жағдайларына сәйкес өзара алмастырылады.
Мұғалімнің әр сабақ сайын жүргізетін бақылау жұмыстары жүйелі түрде іске асырылады және білім алушының тапсырмаларды қаншалықты дұрыс орындап жатқандарын түсінуге, олардың білім алу траекторияларына түзетулер енгізуге мүмкіндік береді.
1-сыныпта бағалау жүргізілмейді.
2-4-сыныптарда «есептелінді» және «есептелінген жоқ» деген сынақ қойған кезде критериалды бағалау қағидасына сүйену керек, яғни білім алушы «есептелінді» деген сынақ алу үшін сабаққа қатысып қана қоймай, дене дамуы бойынша білім мен біліктілік негіздерін игеруі керек.
«Дене шынықтыру» пәні бойынша тоқсан соңында және оқу жылының соңында «есептелінді»/«есептелінген жоқ» бағасы сынып журналына қойылады.
Бастауыш мектептегі білім беру процесі ҚР білім беру саласындағы қолданыстағы нормативтік құқықтық базасына сәйкес жүзеге асырылады.
Бастауыш сыныптардағы сабақ форматы балаларды оқыту процесіне белсенді түрде тартуды, олардың өткен материалды талқылауға, талдауға және қорытуға қатысуын, зерттеу жүргізуді, бағалауда өз пікірлерін айтуды, өзін-өзі бағалауды, өзара бағалауды ұйымдастыруды және т. б. көздейді.
Сабақтың міндетті элементі мұғалімнің білім алушыны сүйемелдеуіне бағытталған, білім беру процесін жетілдіруге мүмкіндік беретін кері байланыс негізінде ол өз іс-әрекетіне түзетулер енгізеді. Формативті бағалау кезінде мұғалім білім алушылардың санын және кері байланысты ұсыну жиілігін өз бетінше анықтайды.
Достарыңызбен бөлісу: |