3. Аудармашының шығармашылық тұлғасы
Аударманың жаңа тілдік ортада қабылдануында оны қайта жаңғырту әрекеттері мен оны қайта жаңғыртушы аудармашының тұлғасы көрініс табады. Аударма өзге тілді ортада сөз өнерінің жеке бір шығармасы ретінде өмір сүріп, сол шеңберде қабылданып, бағаланады.
Салыстырмалы әдебиеттану тұрғысынан алсақ, ол түпнұсқамен, сол тілдегі басқа да аудармалармен және типологиялық құбылыс ретінде өзге тілдегі аудармалармен де салыстырыла алады, ал олардың арасындағы айырмашылықтар тілдік ерекшеліктерге, ортаға, уақытқа, оқырман қабылдауына, әдеби дәстүрлерге және т.б., әсіресе, аудармашының жеке даралығына байланысты. Осы ретте белгілі бір тілде жазылған көркем шығарма аудармашының шығармашылық ой елегінен өтіп, жаңа кескін-келбетке ие болады.
Түпнұсқа тілі мен аударма тілі арасындағы тілдік сәйкестіктерді анықтаудан бастап, аударматануда аудармашылық үдерісті көп қылы құбылыс ретінде ұғыну барысында тілдік қалыптар ғана емес, сондай-ақ әлем мен жағдаятқа тілдік көзқарас пен қатар жалпы мәдениет ұғымымен анықталатын тілдік емес факторлар шеңбері де салғастырылады. Осы үдерісте аудармашының шығармашылық тұлғасы басты рөл атқарады.
Кез келген тілдің тек өзіне ғана тән құралдары, ерекшеліктері мен қасиеттері бар. Қандай бір образды немесе сөзді аудармада дұрыс жеткізу үшін кейбір тұстарда оларды өзгертуге тура келеді. Бұл кезде сол образдың немесе сөздің сыртқы көрінісінің сәйкестігін сақтап қана қоймай, яғни аудармада түпнұсқаның ішкі көрінісінің сәйкестігін сақтау маңызды.
Сондықтан да аудармашы аударма жасалатын шет тілін, сол елдің мәдениетін, сонымен бірге өзге тілді, оның құрылым ерекшелігін, оның бөлшектерінің өз ана тілінің бөлшектерімен өзара байланыс қисынын көрсету үшін ана тілінің мүмкіндіктерін сарқи пайдаланатындай терең меңгеруі тиіс. Түрлі тілдер тасымалдаушылары арасында қабылданған сөйлеу нормалары туралы көзқарастардың бір-біріне сәйкес келмеуі де аудармашы үшін ауыр сын.
Кез келген аударманың деңгейі аудармашының білім деңгейінен, таланты мен тәжірибесінен хабар береді. Соған қоса аударма үдерісінде дұрыс шешім қабылдау аудармашының шығармашылық сезімталдық қабілетіне байланысты. Шығарманың сюжетін, кейіпкерлерін жасау автордың еншісінде болғанымен, аудармашы өзге тілде түпнұсқаны қайта жасап шығады. П.М. Топердің пайымдауынша, көркем аударма – шығармашылық саласы. Осы орайда аудармашы алдын ала тілдік құралдарды тәртіппен таңдап қана қоймай, өнер туындысын басқа тілдік, әлеуметтік, тарихи жағдайларда қайта дүниеге әкеледі. Осылайша ғалым көркем аударманың заңдылықтарын өнер саласына жатқызады.
Ә. Сатыбалдиев аудармашы қызметінің шығармашылық сипаты туралы былай деген:
«Аудармашылық − нағыз творчестволық өнер. Ол әркімнің қолынан келе беретіндей еріккеннің ермегі емес. Аудармашы екі тілді де жетік білумен қатар әрі жазушы, әрі ғалым болуға тиіс. Аударма сапасы оның талантына, біліміне, жалпы мәдени дәрежесіне және тәжірибесіне байланысты» .
Аударматануда аудармашыны көбінше әртіспен немесе пианистпен салыстырады. К.И. Чуковский аудармашы жұмысының шығармашылық сипатын, оның бойындағы әртіс-ке тән қасиеттерді ерекше атап көрсеткен .
Кез келген аудармашы шығармашылық әлемнен орын алатын дара тұлға болып есептеледі. Өйткені аударма үдерісінің нәтижесінде оның өз шығармашылық мектебі, шығармашылық шеберханасы, өзіндік қолтаңбасы қалыптасады. Басқа мамандықтармен салыстыратын болсақ, аудармашы мамандығының ерекшелігі осы жеке даралық сипаттан тұрады. Аталмыш мамандықтың күрделілігі де, айрықша қызығушылық тудыруы да осының айғағы, себебі аудармашылық жұмыс барысында тез арада шешімін талап ететін, кейде күйзеліс жағдайына дейін апаратын интеллектуалдық мәселелер туындайды. Бұл жерде аудармашыға ешкім де көмектесе алмайды, бәрі де оның біліміне, мінез-құлқына, бір адамды басқа адамнан ажырататын психофизиологиялық қасиеттеріне байланысты. Аударма туралы, оның теориясы мен тәжірибесі туралы қажетті мәліметтермен қаруланған нағыз кәсіби маман туындаған мәселенің күрделілік деңгейін дұрыс анықтап, оларды шешудегі жалғыз дұрыс жолды таба біледі.
Осыған байланысты аудармашының жұмыс барысындағы мінез-құлқы айрықша деуге болады. Ол аударманы оқитын, оны қабылдаушы аудиторияның көзқарасын сезінуі тиіс, аударылатын мәтіннің мағынасы ғана аудармашы үшін ең басты мақсат болып табылады. Осы ретте аудармашының өз дауысы мен мінез-құлқы бейтарап күйде болуы қажет.
ударма үдерісі туралы сөз қозғағанда, бір тілдегі мәтіннің өзге тілде тіларалық түрленуін немесе трансформациясын ғана емес, аудармашының аударма жасау барысында миында жүретін психофизиологиялық үдерісті де елестетеміз. Л.С. Бархударовтың пікірінше, аударма үдерісінде аударма теориясының ешқайсысында ескерілмеген жеке дара, бірен-саран сәйкестіктерді табу аудармашылық қызметтің шығармашылық сипатын көрсетеді. Алайда, аудармашы аударма теориясын меңгермеген болса, онда аударманың коммуникативтік қызметі де, сәйкестігі де жүзеге асуы мүмкін емес. Осы арада аудармашы қызметін коммуникативтік акт ретінде, ал аудармашыны тіл, мәдениет, елдің ұлттық дәстүрлерін жақсы меңгерген, дүниетанымы мол мәдениетаралық коммуникацияның делдалы ретінде бағалауға болады.
Аудармашының жеке тәжірибесі, яғни оның сезімі, көзқарасы, мотивациялары, ассоциациялары аударма мәтінде мүмкін ғана емес, сонымен қатар қажетті элементтердің бірі деп санайды.
Аудармашының елеулі рөлін жақтаушылардың пікірінше, кез келген аударма түпнұсқаның бір ғана интерпретациясын білдіреді, сондықтан да аудармашы өзінің интерпретациялық іс-әрекетіне батыл кірісуі керектігін алға тартады. Алайда, оқырманның түпнұсқа авторы туралы пікірі аудармашының интерпретациялық көзқарасына байланысты қалыптасады. Сондықтан да ол өз интерпретациялық қызметін саналы түрде ой елегінен өткізе отырып атқаруы тиіс деп санаймыз.
Әр аудармашының өзіне тән аудару тәсілдері бар, қазіргі заманғы зерттеу әдістері арқылы аудармашының жеке сөз бен сөз орамдарын, синтаксистік құрылымды, терминологияны және т.б. таңдауда аңғарылатын құштарлықтарын айқындауға болады. Мұндай талдау оның жұмыс сапасын бағалау үшін маңызды. Өйткені, қандай да бір ой әр тілде түрліше көрініс таба алады. Мәселен, ғылыми мәтіндерді аударуда ой дұрыс әрі түсінікті жеткізілу маңызды. Көркем аударма түпнұсқаға жақын болып қана қоймай, аударылған шығарманың эстетикалық күш-қуатын сақтауы тиіс.
Көркем аударманы ең биік өнер деп санаған К. Чуковский аударма өнерінің шеберлері жайлы: «Шебер аудармашылар орта кәсіпті аудармашылардан синонимдердің бай қорына ие болуымен айрықшаланады.
Достарыңызбен бөлісу: |