- дүниетанымдық деңгейде - әртүрлі ауқымдағы тарихи субъектілердің (тұлғалардың, халықтардың, этностардың, ұлттардың, аз халықтардың) шығу, қалыптасу және дамуы туралы гуманитарлық білімнің философиялық және аксиологиялық формалары,генетикалық және эволюциялық тұғырлар;
-жалпы ғылымилық деңгейде - жүйелілік, интегралдық, синергетикалық, мағынаға бағытталғандық, парадигмалық тұғырлар;
-нақты ғылымилық деңгейде - тұлғаға бағдарлы, мәдениеттанымдық, антропологиялық, әрекеттік, мағынаға шығағандық тұғырлар;
-әдістемелік деңгейде - технологиялық, коммуникативтік тұғырлар.
Сонымен, осы тұжырымдаманы негізге ала отырып, бірінші деңгейде философиялық-материалистік әдіснамаға сәйкес қазіргі танымның рөлі күшейіп келе жатқан келесі әдіснамалық ұстанымдарды ұстанамыз:
-объективтілік ұстанымы - болмысты оның нақты заңдылықтары мен жалпыға ортақ формаларында тану;
-жан-жақтылық ұстанымы - болмыс құбылыстарының баршаға ортақ байланысы;
-нақтылық ұстанымы - сезімдік немесе нақтылы немесе ойша көрініс беретін барлық жақтары мен байланыстарының жиынтығы түріндегі зат немесе жүйе;
-тарихилық ұстанымы - өткендегі, қазіргі және келешектегі жай-күйлердің тұтас, үздіксіз бірлігі түрінде болмыстың уақыт осінде бағытты түрде өзіндік дамуы;
-қайшылық ұстанымы - заттар мен құбылыстарда нақтылы болатын қайшылықтарды есепке алу.
Этнопедагогикадағы әртүрлі деңгейлерде қолданылыатын тұғырларды талдау ғылыми көзқарасты кешенді түрде жүйелеп көрсетуге мүмкніндік жасайды.
Этнопедагогиканың зерттеу пәні – этнопедагогикалық болмыс, оның этнопедагогикалық зерттеулердегі көрінісі деп тұжырымдады. Сондай-ақ, ғылым этнопедагогиканың педагогика ғылымдары жүйесін-дегі алатын орнын және оның басқа ғылымдармен байланысын нақтылауға ұмтылды, сол сияқты оның құрылымын анықтау үшін педагогикалық пәндер арасындағы байланыстар типін қарастырды. Этнопедагогиканың әдіснамалық негіздерін жасауға қажет этнофилософия, этнопсихология, этномәдениеттану, этнография сияқты ғылым салаларының білімдерінің ғылымаралық кірігу ұстанымдары арқылы үйлесімді ықпалдасуының тетіктерінің қызметтері сараланды. Аталмыш ғылым салалары этнопедагогиканың пәндік, нысандық белгілерін ерекшелеуге тікелей қатысты. Этнопедагогиканың әдіснамасын жүйелеу үшін педагогиканың әдіснамалық қағидаларының ғылыми әлеуетін жіктеп, этнопедагогиканың қызметін, заңдарын, заңдылықтарын, теорияларын, категорияларын, ұғымдарын, терминдерін ажыратып нақты көрсетті. Этнопедагогика – әлеуметтік-гуманитарлық ғылым. Әзірге ғылымда гуманитарлық әдіснама енді ғана өз ойларын нақтылауда, гуманитарлық сараптама (экспертиза) да жаңадан қалыптасып келеді
Ғылыми мектептің пайда болу, қалыптасу, даму жолдарын зерттеушілер ғылыми мектептің ғылыми іс-әрекет пен басқарудың жинақы әрі бағдарлы негізін басшылыққа алып бес типін, ғалымдардың төрт тобын (ойлаудың жаңа тәсілін жасаушылар, ғылымдағы ірі ғалымдар, іргелі ғылымдағы өз үлесі барлар, ғылымның қолданбалы саласының мамандары) атап өтеді. Ғылыми мектептің құрылуы тек зерттеуші өнеріне үйретумен шектелмейді, сондай-ақ ғалымдар жалпы мәселені немесе бағдарлама бойынша жұмыс жасауға күштерін біріктіру үшін де ұйымдасады. Профессор К.Ж. Қожахметованың ғылыми мектебінің зерттеушілік ахуалының ерекше белгілері: профессордың жоғары ғылыми талап қоя білуі және оны орындауға жұмылдыру шеберлігі, ашықтығы, сынның ашық айтылуы, оның жеке ғылыми ізденістерге үнемі қолдау көрсетуі, тәжірибелік жұмысты ғылыми талдауға баулуы, ғылыми ізденістің білім беру практикасымен тығыз байланыста жүруін қадағалауы, тақырып таңдауда ізденушілерге еркіндік беруі, ғылыми шығармашылыққа баулуы, зерттеушілермен жеке және ұжымдық оқытуды (үйретуді) ұйымдастыруы. Қазіргі ғылыми-әдістемелік пайымдаулардан байқағанымыздай, ұлттық білім мен тәрбие мазмұнын мектептің оқу жоспарының инварианттық бөлігінде емес, негізінен вариативті (жылжымалы) бөлігінде, ал жоғары оқу орнындағы пәндер блоктарының таңдау курстарында оқытып жатыр. Айталық, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде тәрбие жұмысының өзегі етіп ұлттық құндылықтарды (әдепті, салт-дәстүрлерді, әдет-ғұрыпты, мәдениетті) ала отырып, 1-курс студенттеріне арнап «Әдептану» факультативтік сабағын енгізіп жатыр. Сондай-ақ, ұлттық тәрбие кафедрасы ашылып, сол бағытта бағдарламалар, оқулықтар даярлануда.
Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінде «Қазақ аруы» атты таңдау курсы жүргізіліп келеді. Бүгінгі күнде көптеген жоғары оқу орындарында тәрбие мәселесі бірінші кезекке қойылып отыр. Білім және ғылым министрлігінің ұйымдастырылуымен тәрбие жүйесінің қазақстандық моделін іздестіру бағытында бірқатар облыстарда ғылыми практикалық конференциялар өткізіліп, тәжірибелер сараланды, болашақ мамандардың кәсіби, интеллектуалдық және әлеуметтік тұрғыдан жетілуіне барынша қолайлы жағдай жасауға үлкен мән берілуде. Ұлттық идея, елдік мұрат, интеллектуалдық ұлт тәрбие жұмысындағы басшылыққа алатын бағыттарға айналуда. Сайып келгенде, осындай ізденістер нәтижесінде ұлттық білім мен тәрбие мазмұны айшықтала түспек.
Дидактика білім мазмұнындағы әлеуметтік тәжірибе, мәдениет жетістіктері жеке тұлғаның ішкі мәдениетіне айналады деп тұжырымдайды. Білім мазмұнын жасау жайлы педагогика ғылымында үш тұжырымдама кеңінен таралған деуге болады. Біріншіден, білім мазмұны педагогикалық тұрғыдан өңделген ғылым негіздері, екіншіден, білім, білік, дағды, дүниетанымдық идеялар жиынтығы, үшіншіден, әлеуметтік тәжірибе, білімдер, әрекет тәсілдерін іске асыру тәжірибесі, шығармашылық әрекет тәжірибесі әлемге құндылық-эмоциялық қатынас тәжірибесі деп қарастырылады. Білім мазмұны алға қойылған мақсаттардың көрінісі болғандықтан осы төрт бөліктің бәрі әртүрлі көлемде білім мазмұнынан орын алады.
Тәрбие мен білім негізінен жасөспірімнің әлеуметтенуіне ықпал етеді. Кешегі кеңестік дәуірдің құндылықтары енді басқа мазмұнға, ұстанымға бағытталғанмен, оның орнына қандай мұраттар-идеялар, құндылықтар-дүниетанымдар, идеялар мен ұстанымдарды әкелдік? Жаңа тәрбие жүйесінің табиғатқа үйлесімділік, тұтастық, әрекеттік, тұлғаның жеке ішкі әлеміне бағыт алу, жас ерекшелікті ескеру, ізгілік ұстанымдары соңғы 20 жылдағы басылымдарда әртүрлі әдіснамалық тұрғыдан негізделеді, тәжірибеде тексерілді.
Ұлттық мектептегі білім мазмұны, оның ұлы мұраты, ұлттық мектептегі тәрбие, ұлттық дүниетаным тақырыптарында бірқатар оқу-әдістемелік құралдар жарық көрді, зерттеулер жүргізілді. Бұл ізденістер міндетті түрде ұлттық білім мен тәрбие мазмұнын баяндайтын қосымша ретінде, оқытылуы міндетті емес пән деңгейінде ұсынылады. Қазіргі тәрбиенің халық педагогикасындағы, халықтың тәрбиелік тәжірибесіндегі тарихи бастауларына ғылыми-әдістемелік талдау жасалып, ұлттық білім мен тәрбие мазмұны эмпирикалық-қолданбалы деңгейде құрастырыла бастады. Айталық, қазақ халық педагогикасындағы патриоттық-ерлік тәрбиесі, еңбек тәрбиесі, эстетикалық тәрбие, балалар мен жастарды сәндік-қолданбалы өнерге үйрету, экологиялық мәдениет, музыкалық тәрбие, адамгершілік тәрбиесі. Осы зерттеулерде «Қазақ халық педагогикасындағы патриоттық-ерлік тәрбиесі», «Қазақ халқының балалар мен жастарды еңбекке тәрбиелеу дәстүрлері», «Экологиялық өлкетану» арнайы курстарының мазмұнында халық педагогикасынан ұлттық білім мен тәрбие мазмұнын «қазып», «мәпелеп» «тірілтудің» логикасы көрінеді. Ол: халықтың әлеуметтік жағдайы, көзқарастары, дүниетанымы, тәрбие мақсаты, міндеттері, негізгі қағидалары, дәстүрлі тәрбие түрлері, тәрбиелеудің құралдары мен әдістері, тәрбие идеялары, ой-пікірлері, көзқарастары бүгінгі тәрбиемен байланысы, тәрбие тәжірибесін практикада пайдалану жұмысы, сондай-ақ, ұғымдық-түсініктік-терминологиялық қатарлар (мысалы, « ұлттық құндылық», «ұлттық парыз», «ұлттық келбет», т. б.) мәні, құрылымы, мазмұны нақтыланып, анықтамалар берілген. Ұлттық білім мен тәрбие мазмұны осылай жинақталып, қорғалып, ұсынылып, жекелеген оқу орындарында пайдаланылып, мақалалар, оқу құралдары жазылып, жерге шашылған сынаптай бытырап, әзірге ресми білім мазмұнына толығымен кіре алмай тұр. Белгілі этнограф ғалым, профессор Ақселеу Сейдімбектің «Қазақ әлемі» атты этно-мәдени пайымдаулары, философ Жақан Молдабековтың «Қазақтану» деген еңбегі, Жұмағали Наурызбайдың этномәдени білім беру жүйесі, Аюбай Құралұлының «Ұлттық дүниетаным» атты оқу-құралдары этнос мәдениетін ойластырған ғылыми мақалалар, халықтың философиясынан, тарихынан, математикасынан, физикасынан, географиясынан қазірге қажет білімдерді жүйелеуге ұмтылысты байқататын әдістемелік жұмыстар ұлттық білім мен тәрбие мазмұны бар екен, соны қалай білімнің мазмұнын көрсететін құжаттарға алып шығу жолдары туралы ізденістер жүргізуде.
Қазақ ұлты ұлт болып, саяси бостандықты баянды ету үшін оның жан дүниесі мен жүрегі ұлттың терең тарихынан өрбіген білім мен тәрбиеге сусындап, өзін өзгеден кем көрмейтін, өз мәртебесін түсінетін болып өскені, өзін-өзі толық танығаны, мына жаһандану заманында ұлттық білім мен тәрбие мазмұнын ертеңге интеллектуалдық ұлттың меңгеруі дағдарысты еңсеруге даяр болуы бірден бір төте жол болмақ.
Достарыңызбен бөлісу: |