Сөзінің соңында ж.Фофанов губкомның ж.Сәдуақасовты партиядан шығарып, қызмет бабындағы қылмысы үшін сотқа тартуды ұсынғаны туралы пікірлерін жетуізді ұсынды.
Қаулы етілді: Мәселені талқылау ж.Сәдуақасов келгенге және президиумның толық құрамы жиналғанға дейін кейінге қалдырылсын. Обкомның хатшысы М.Костылевская. РКП(б) қазобкомының іс басқарушысы (...)».
Міне, осыдан кейін барып бұл мәселе президиумда қаралып, Смағұл Сәдуақасовты қызметтен шеттетеді. Тіпті енді қайтып жауапты қызметке ұсынбау туралы шешім де қабылданады. Қазаткомның жауапты саяси хатшысы Мұхтар Әуезов, әрине, бұл шешімге қарсы шықты. Сөйтіп, өлкелік құрылтайда ашық талқылауға ұсынды. Мұның себебі, яғни, жоғарыдағы айыптауларға М.Әуезовтің де тікелей қатысы бар еді. Егерде осы арада мыстары басылып қалса, олардың қайта еңсе көтеруі мүмкін емес еді.
Ал жиырмасыншы жылдардың соңында Мәскеуге ауысып, қолына ОГПУ-дiң тегеурiндi тiзгiнiнiң ұшы тиiсiмен «семейлiктерден» кегiн алуға ұмтылуы заңды. Смағұлды осылай бір ауыздықтап алған Ежов оны астыртын арандатумен және аңду қоюмен болды. Смағұл мен Мұхтардың арасына «Қалам» – Әбдiрахман Байдiлдин сияқтыларды сына етiп қақты. Қаншама түсiнуге тырысқанымызбен осынау адамның iс-әрекетiн ақтайтындай уәж таппадық. Мұхтар мен Смағұлды Колчакқа қызмет еттi деп баспасөз арқылы жариялап жазбаша куәлiк берген Әбдiрахман Байдiлдиннiң өзiне де 1929 жылы маусым-шілде айларының дүбарасында:
«Большевиктерге қарсы қарулы күрес жүргiзу үшiн Байдiлдин студент кезiнде ұлтшыл жастардан құралған ақгвардияшылардың жасағына өз еркiмен кiргенi, сонымен қатар Колчактың-армиясының қарсы барлау бөлiмiнiң жасырын агентi болғаны үшiн айып тағылып», жауапқа тартылған едi.
Замандастарының естелiктерi мен Ғалым Ахмедов дегдардың сыпаттауына қарағанда: мiнезi қызба, әлiптiң артын бақпай сөйлеп, соңынан өкiнетiн адам екен. Ол –өзінің бұл мінезінің сазайын жақсылап тұрып татты. Тергеу аяқталған соң ешқандай себепсіз Ә.Байділдиннің өзі де атылып кетті. Өйткені ол енді кеңес үкіметіне керексіз, «өзінің міндетін орындап болған», басы артық адам, «артық куә» болатын. Қаперге ілетін бір түйткіл, осы істе ресми тіркелген мұндай жасырын агенттердің үшеуі де тергеусіз және куәсіз атылып кетті.
Ә.Байділдин (жалғасы): Бұл оқиғадан кейін мен Әуезовке күдікпен қарайтын болдым. Ол менің көз алдымда екіжүзді боп елестеді: бірінші Әуезов – партия мүшесі, жауапты қызметкер, ақылды кісі, біздің көзқарасымыздың көсемдерінің бірі, ал екінші Әуезов – бірінші адамның қасиетіне ие, бірақта, әлдебір астарлы оймен жүрген сияқты көрінді. Соңғы күдігімді мына жағдай, “Еңбекші қазақ” газетінің №1 санын шығарған кездегі оның іс-әрекеті дәлелдей түсті.
“Еңбекші қазақ” газетінің №1 санында Қазақ Төңкерісінің 4 жылдығына арналған менің бас мақалам жарияланды. Ол мақаланы мен 10 күн бойы жаздым (Ол менің өмірімдегі жазған 1- мақалам еді), онда мен өзімнің сол кездегі көңіл-күйімді жеткіздім. Онда Ұлы Қазан Төңкерісінің Ұлы маңызы, оның жеңістері, Қазақстан республикасының табыстары, Қазан Төңкерісінің төлі боп келетін Қазақстан Республикасы, оған қарсы күрескен алашордашылардың ақымықтығы, тағы да басқа жайлар туралы жазып едім. Мақаламның соңын: “Жасасын Ұлы Қазан Төңкерісі! Жасасын кеңес өкіметі! ҚССР жасасын!” – деген сөздермен аяқтаған едім.
Менің бұл мақалам сол кезде Орынборда тұратын алашордашылардың ренішін туғызды. Олар менен дәл осындай мақаланы күтпеген тәрізді. Ол аздай, менің бұл мақалам өзімнің коммунист жолдасым, жауапты қызметкер Әуезовтің де наразылығын тудырды. Газет шыққан күні ол мені шақырып алды да жеріме жете ұрысты (ІІІ том.175-бет) . Ол менен: «Неге газеттің жауапты редакторына №1 санның материалдарын көрсетпедің, неге келіспедің, өзіңнің мақалаңды алдын-ала маған неге оқытпадың, бұл мақалада сен неге Қазан Төңкерісін жөн-жосықсыз даурыға “жасасындатқансың”, “Алашорданы” жамандап нең бар еді, – деп ұрысты да, түсініктеме беруімді талап етті. Ол бұған қоса: бұл мақалада айтылғандардың бәрі де құр көкмылжың қызыл сөз. Егерде “Алашорданың” атына қатысты тағы да осындай пікір білдіретін болсаң, онда сені редакция алқасының мүшелігінен шығаруды талап етемін, не өзім кетемін, мұндай газетте жұмыс істей алмаймын», – деді.
Менің мақалам туралы Әуезовтен дәл осындай көзқарасты күткен жоқ едім. Керісінше, мені қолдайтын шығар, сөйтіп менің көңіліме қанат бітірер, өйткені бұл менің тұңғыш мақалам еді ғой, әрі анандай маңызды тақырыпқа арналып отыр – деп ойлағанмын. Алайда ол күткенім болмады, жоғарыда айтқанымдай, керісінше боп шықты. Сондықтан да мен шыдай алмадым да Әуезовпен ұрысып қалдым. Мені шамдандырғаны менің мақаламды жақтырмағаны емес, Қазан Төңкерісінің маңызы туралы жазғандарымды мазақтауы еді және оның ескі «Алашордашыл» көзқарасынан бас тартпағандығы, әрі «Алашорданың» көсемдерімен байланысын үзбегендігі жыныма тиді. Ол орнынан тұрды да өзін оңаша қалдыруды өтінді. Мен шығып кеттім (3 том. 211-бет.)
Мен бұл оқиға туралы редакция алқасының мүшелері: А.Асылбековке, Алдоңғаровқа, Нұрмұхамедовке, сол кездегі обкомның үгіт-насихат бөлімінің меңгерушісінің орынбасарына (аты-жөнін ұмыттым, ұлты латыш болатын), айттым. Соңғы аталған адам бізді обкомға шақырып алды да, әңгімелескен соң, екеуіміздің де кінәлі екенімізді айтты. Маған: газет материалын Әуезовпен келіспегенім үшін айыптысың – деді. Бұл мәселе бізді бірден татуластырып кете қоймады. Біраз уақытқа дейін бір бірімізге қырын қарап жүрдік. Мен оның келісімінсіз-ақ №2 санды шығардым. Содан кейін біздің қарым- қатынасымыз қалпына келе бастады.
31 жылдың 20 қыркүйегі күнгі айыпталушы Мұхтар Әуезовтен алынған қосымша тергеу сұрағының хаттамасы:
М.Әуезов: «Мен 1921 жылдың аяғында «Еңбекші қазақ» газетінің редакторы болып тағайындалдым. Бірақ орнығып істегемін жоқ. Барлық жұмысты Байділдин жүргізді. Іс жүзіндегі редактор сол болды, қызметкерлерді де өзі жұмысқа алды. Газетте сондай сұрықсыз, әдеби тұрғыдан алғанда ешқандай сын көтермейтін дүмбілез мақалалар жарияланып жатты. Онымен ешқандай да принципті әңгіме болған жоқ, мен оған газеттің техникалық тұрғыдан нашарлап кеткенін, газетті өзінің ойы таяз, мән-мағынасыз шұбалаңқы мақалаларымен толтыра беретінін сынадым. Орнығып жұмыс істемегендіктен де өзімнің редакциядағы қызметтен кететінімді мәлімдедім».
Ә.Байділдин (жалғасы): «Бiрақ та бұл екi оқиға (Сәдуақасовтың басмашыларға қосылуы туралы ойы мен менiң мақалама байланысты жағдайлар) осы кездегi бiздiң – Әуезовтiң, Сәдуақасовтың және менiң iс-әрекеттерiмiздi толық айқындап бередi. Әуезовтiң сол кездiң өзiнде-ақ (21-жылдың қарашасы) астыртын байланысы барлығын, дәлiрек айтсақ, алашордашылардан қол үзбегендiгi және контрреволюциялық жоспары болғандығы анық едi. Сәдуақасов екі ортада теңселiп жүрдi де, алашордашыларға қарай бейiмделе бастады, ал мен азды көптi болса да партия ұйымының бағытын ұстадым.
Бұдан кейін бәрімізді сынақтан өткізген өте қиын жағдайға тап болдық. Қазақстанның біраз губернияларында (Орал, Торғай, Қостанай, Ақмола т.б.) ашаршылық басталды. Партия мен үкімет мекемелері бұл мәселеге тиісті көңіл бөлді. Бірақ та бұл мәселеге «Алашордашылар» мен ұлттық интеллигенция қатты назар аударды. Барлық жерде аштарға көмек ұйымын құру туралы сөз қозғала бастады. Семейдегі Жүсіпбек Аймауытов басқаратын «Қазақ тілі» бұл мәселені бірінші болып көтерді. Сонымен қатарласа Ташкенттегі Қожанов пен Бірімжанов басқарып отырған «Ақ жол» газеті де даурыға айғайлап, оны науқанға айналдырып жіберді. Ташкентте оқып жүрген К.Жәленов, Ғ.Тоғжанов, С.Капин, У.Омаров, Д.Әділев т.б. бастатқан қазақстандық студенттер үлкен шу көтерді. Орынборда да бұл мәселе жөнінде сөз шыға бастады.
Бұл iстiң де бастамашысы Әуезов болғаны тегiн емес. Ол (1921 Жылдың желтоқсанында ғой деймiн) қазақ Орталық Атқару Комитетiнiң атынан қазақ қызметкерлерiнiң (партия мүшелерiн де, партияда жоқтарын да) үлкен мәжiлiсiн шақырды, оған үкiмет мүшелерiмен қоса жекелеген еуропалық жауапты қызметкерлер де қатысты, ашаршылық туралы мәселенi талқылауды күн тәртiбiне қойды. Мәселенi талқылау барысында бұл мәжiлiс: аштарға көмек көрсетудi дереу қолға алу керек, ол үшiн Қазақ Орталық Атқару Комитетiнiң жанынан аштарға көмек көрсету комиссиясы құрылсын – деген шешiм қабылдады. Бұл комиссияның құрамын бекiту кезiнде әдеттегiдей жiкшiлдiк ұсыныстар жасалды. Әр топ (Меңдешевшiлер, Сәдуақасовшылар, Асылбековтiң өкiлдiгiмен айқындалатын Сейфулиншiлер, алашорадшылар) өз адамдарын кiргiзуге ұмтылды. Соның iшiнде өте тосын, комиссияның төрағалығына Ахмет Байтұрсынов сайланып, партияда жоқ көрнектi адамдар оның құрамына мүше боп кірісін – деген ұсыныс (ұмытпасам Әуезов) түсiрдi. Ол бұл пiкiрiн: коммунистерге қарағанда олардың (алашордашылардың) қазақ тұрғындары арасындағы беделi зор, сондықтан да комиссияның жұмысы жемiстi болады – деп дәлелдемек болды. Бұл ұсыныс iшiнара ғана қабылданды. Меңдешев төраға, Байтұрсынов пен Әуезов төрағаның орынбасары болып сайланған бұл комиссияның мүшелiгiне сол кездегi жауапты қызметкерлердiң көпшiлiгi сайланды. Сонымен мәжіліс аяқталды.
Осы Кеңестен кейiн Әуезов ашаршылық туралы көлемдi мақала жариялады (Қараңыз: «Еңбекшi қазақ №4 және №5), қалыптасқан жағдайда дұрыс бағалаудың үлгiсi есебiнде Ташкенттiк алашордашылар қағып алып, «Ақ жол» газетi арқылы насихаттауға көштi.
Сол кезде Мәскеуден Ташкентке поезбен кетiп бара жатқан Рысқұлов жолдас Орынборға аялдады. Ол белсендiлердiң мәжiлiсiнде ұлт мәселесi жөнiнде баяндама жасады. Адамдар өте көп жиналды. Мәжiлiс обкомының үйiнде өттi. Бұған қазақ белсендiлерiнен басқа орыс қызметкерлерi де қатысты. Баяндамашы өзiнiң сол кездегi аян көзқарасын баян еттi. Ол: партияның ұлт мәселесi туралы бағдарламасының маңызын, мәнін айтып, содан кейiн мұны өзiнше дамытып, түсiндiрдi. Соның iшiнде Шығыс елдерiнiң компаниясын құру туралы пiкiр қозғады. Баяндамадан соң жарыссөз басталды. Рысқұлов жолдасты мақұлдап Әуезов, Нақыпжан, т.б., ал, Әйтиев, Саматов және бiр еуропалық жолдастар қарсы шықты. Мен бұл жиналыста сөйлегемін жоқ».
М.Әуезов (жалғасы): «Ұлттық белгісіне орай Шығыс өлкелік партия комитетін құру туралы ұсынысы жөнінде ештеңе білмеймін. Орынборда өткен өлкелік комитеттің кеңейтілген мәжілісінде Рысқұловтың сөйлеген сөзін естідім. Алайда онда Күншығыс коммунистік партиясын құру туралы мәселе көтерілген жоқ. Ол мәселе жөнінде өз басым жарыссөзге шыққамын жоқ».
Бұдан кейін Ә.Байділдин: комсомолдың құрылымын өзгерту және жастардың бейбастақ әрекеттері туралы Ғ.Тоғжанов екеуінің айтысып қалғанын, бұл істің обкомда қаралғанын, өзінің комсомолдарды қорғағанын, содан кейін обкомолдың жаңа құрамы сайланғандығын, сондағы баяндамасының 1922-жылғы «Қазақ календарында» кеңейтіліп басылғанын баяндаған.
Ә.Байділдин (жалғасы):«Ол (Әуезов – Т.Ж.) Губерниялық партия конференциясын өткiзу үшiн Орал қаласына барды. Ол Жолдыбаевпен, Қаратiлеуовпен бірге Орынбор қаласына кiрекештердiң көлiгiмен қайтты. Әуезов өзiнiң бұл жүрiсiн: жол-жөнекей аштардың жағдайын көзiммен көруiм қажет болды деп түсiндiрдi. Ол Орал губерниясындағы ашаршылық жайлаған қазақ тұрғындарының қасiреттi көрiнiсiне (иттiң өлексесiн, шөптiң тамырын жеген адамдарға, жолдың шетiнде үйiлiп жатқан аштан қырылғандардың өлiгiне, т.б.) қатты күйiнiп келдi, оның есесiне Оралдағы партия қызметкерлерiне риза болды. Бiздiң бағытымызды сенiмдi түрде ұстаған Жолдыбаев, Жантiлеуов, Қаратiлеуов сияқты жiгiттер туралы өте жақсы пікір бiлдiрдi. Сонымен қатар Кенжин, Мырзағалиев пен Асылбеков қатарлы бiздiң өз адамдарымыздың Орал губерниясыдағы беделi жоғары екендiгiн айтты. Соны айта тұрып, ат төбелiндей көк езу Әйтиевшiлдiң де бар екендiгiн, конференцияда оларға есе теңдiк бермегенiн мысқылдай баяндады.
Сол кезде аштарға көмек коммисиясы да өз iстерiн өзгеше жүргiздi. Сол коммисияға тартылған мекемелер жергiлiктi жерлерге шұғыл жедел хат жолдап жатты. Губерниялардағы зиялылардың игi жақсыларының тiзiмi жасалып, оларды аштарға салауат айтып көмек жинауға ұйымдастыруға тарту үшiн жергiлiктi жерлерге жiберiлдi. Жарлықтар мен нұсқаулар жiберiлдi, губернияларға баратын өкiлдер iрiктелдi. Байтұрсынов комиссияның атынан қазақ елiне арналған көлемдi үндеу жазып, «Еңбекшi қазақта» жариялау үшiн маған алып келдi. Бере салысымен ол менен мұны тезiрек жариялауды өтiндi. Мен айтқанын iстеймiн деп уәде бердiм. Үндеудi шындығында жариялағым келдi… Бiрақ мазмұнымен танысқаннан кейiн ниетiмнен айнып қалдым. Үндеу бір жақты екен. Онда ашаршылықтың жағдайы тым әсiреленiп жазылыпты және аштықты тудырған нақты себеп-салдары дұрыс көрсетiлмептi. Үндеудiң қорытынды бөлiмiнде халықтың қаймақтарын аштыққа қарсы күресуге шақырыпты, сондай-ақ онымен күресудiң жолдарын (барлық зиялыларды жұмылдыру, аштарға жаппай салауат-сауға жинау, оларды аштық жайлаған аудандарға жiберу т.б.) көрсеттi.
Мен бұл мақаланы жарияламауға бекiндiм де, өз қағаздарымның iшiне қоса салдым (Онда газет кеңсесi жоқ болатын). Бiрнеше күн өткен соң Байтұрсынов тағы да келдi де өзiнiң үндеуiнiң қашан жарияланатынын сұрады. Мен: мақаламен танысып шығып, келiсiмiн беру үшiн алқа мүшелерiне берiлдi, таяу арада жариялап қалармыз,- дедiм. Содан кейiн өзiмнiң әрекетiме өзiм қатты ыңғайсызданып қалдым, анау-мынау емес, аштық туралы аса зәру мақаланы үкiмет комиссиялары мен тиiстi мекемелердiң келiсiмiнсiз үндеудi тоқтатып қойғаным қате болды-ау деп ойладым, (Алашорданың жазғаны болса да), осындай ойға келдiм де бір ден Асылбеков жолдасқа бардым (Ол обкомның хатшысы, Аштарға көмек комиссиясының мүшесi және «Еңбекшi қазақ» газетiнiң алқа мүшесi болатын) да, Байтұрсынов екеумiздiң арамыздағы әңгiменi айттым да, менiң ойымша бұл үндеудi жариялауға болмайтын сияқты дедiм. Танысып шығу үшiн үндеудi алып қалды да, келесi күнi жарияламауға келiсiм беретiндiгiн бiлдiрдi. Сөйтiп, Байтұрсыновтың үндеуi жарияланбай қалды. Ол үндеу соңғы жылдарға дейiн менде сақталып келдi, менiң қағаздарымның iшiнде бар ма, жоқ па, бiлмеймiн…
М.Әуезов (жалғасы): «Партияның Х сьезіне арналып Байтұрсынов жасаған ұлтшылдардың көзқарасын білдіретін баяндама туралы ештеңе де білмеймін, Байділдин маған ешқандай мәлімет берген жоқ. Байділдиннің көрсетіндісіндегі: мен және басқалар «Алашорданың» тапсырмасымен коммунист атанды – деуі шындыққа жатпайды. Өйткені бұрынғы алашордашылардың бізге ешқандай ықпалы болған емес. Мен партияға губкомның қызметкері Кожевник пен ...дің кеңесімен және кепілдік беруімен өттім. Менің партияға өтуім соған дейін Колчакқа қарсы жүргізген астыртын жұмысыммен тікелей жалғасып жатты».
Ә.Байділдин (жалғасы): «1922 жылы қаңтар, ақпан айларында Орынборда өткен Казаткомның ІІ партконфернециясына Ташкенттен келген Жәленов, Тоғжанов, Капин С.(?) Қазақстан өкіметінің ашаршылыққа ұшырағандарға көмектеспей отырғандығын қатты сынады. Олар өздері өкіл болып аштарға көмектесуде үлкен күш шығарды. Ғ.Тоғжанов мақала жазып, оны «Еңбекші қазақтың» № 11-12 санында шығарды. Өзі өкіл боп Семейге кетті.
Ашып айтарым, «Алашордашы» зиялылар осы тұстарда көмек көрсету комиссиясын өз мүдделерi үшiн қатты пайдаланып қалды, олар аштарға жасаған жақсылығы арқылы жеке мүдделерiн жүзеге асыруға тырысып бақты. Кейбiр кездерде олар көздегендерiне (мақсатына) жеттi де, саяси және қазыналық қор жинады. Бұл 1926 жылы Қызылорда қаласында өткен «Торғай iсi» деген сот келесi барысында анық байқалады…
…Жоғарыда, мәлiм еткенiмiзден көрiнiп отырғанындай, бұл iс-әрекет кезiнде сәдуақасовшылар өздерiнiң айнымалы екендiктерiн танытты. Олардың бiреуi (Әуезов) алашордашылармен қосылып кетсе, екiншiлерi (Тоғжанов) олардың қол шоқпарына қалай айналғанын өзi де білмей қалды, ал үшiншiлерi (мен сияқты тағы басқалары) олардың iс-әрекетiне белгiлi дәрежеде сын көзбен қарап, өзiн толық пайдалануға жол бемедi. (Мысалы: Байтұрсыновтың үндеуiн жарияламадым, т.с.с.).
Осы кезде кәдімгі, бірақ өте мәнді оқиға болды. Ташкенттен Мәскеуге кетіп бара жатқан Н.Төреқұлов, Г.Сафоров және С. Қожановтар жолай Орынбор қаласына тоқтады. Олар 12 партсъездегі партия бағдарламасының ұлт мәселесі жөніндегі жобаға толықтыру енгізуді талқылау мақсатымен қазақтың жауапты қызметкерлерінің кеңесін өткізді. Бұл кеңеске мен қатысқаным жоқ, ол туралы мағлұматты Әуезовтен естідім ғой деймін, сонда (кеңесте) қабылданған жобаның бір данасын да сол берді, Әуезов жобаны беріп тұрып: Бұл жобаның қарарын жасауға Ахаң да, яғни Байтұрсынов та белсене қатысты, – деді. Мұның бір данасы менің қағаздарымның ішінде бар. Бұл жобаның ішінде жергілікті ұлтшылдықтың күрес мүддесін қорғайтын бірнеше бап бар еді.
Жаз маусымы жақындап келе жатты (22-жылдың наурыз айы). Біздің жетекшілеріміздің (Әуезов пен Сәдуақасовтың) арасында шүйіркелесу басталды. Олар өзара әлде нені ақылдасып жүрді. Олардың бір нәрсеге дайындалып жүргені белгілі еді. Бұл сыбырласу 15 күнге созылды. Қаншама тырыссам да ештеңе біліп жарытпадым. Олар сырғақтата жауап берді, менің сұрақтарымды әзілге айналдырды. Біздің арамыздағы мұндай жатырқау менің жоғарыдағы мақаламнан кейін пайда болды. Содан соң олар маған өздерінің саяси маңызы бар жоспарларын ашық айтпай, мәселе не олай, не былай шешілгеннен соң ғана сөйлестік. Сырттай қарағанда біз өте дос адамдар сияқты көріндік: көрісіп жүрдік, әңгімелестік, қалжыңдастық, т.б., алайда біздің арамызда толықтай ішкі түсінік болған жоқ.
Сондай сәттерде Сәдуақасов пен Әуезов мені келеке етіп: “Жаз, жаз, тарихта қаласың” – дейтін (шындығында да, “Қалам” – қаламның күшімен тарихта қалып отыр ғой – Т.Ж.), арасында: “Иә, қалай, жасап жатырсың ба?” – деп кекететін. (Олар менің “жасасын!” деп жазған мақаламды емеуірін етіп отыр). Біздің арамыздағы осындай қарым-қатынас туралы Тоғжанов пен Жолдыбаевқа айттым, олар да ұмыта қойған жоқ шығар. Міне, сондықтан да, мен олардың не ойлағанын біле алмадым, тек ашық іс-әрекетке көшкен соң ғана аңғардым.
Сөйтсем, соңғы уақытта олар (Сәдуақасов пен Әуезов Кенжинмен, Мырзағалиевпен және Әлiбековпен бiрiгiп) бір iстi жоспарлапты. Олар: қазақ тұрғындары арасындағы жұмысты жақсартып, ашаршылықпен күрестi күшейту туралы мәселе қою үшiн қаулының жобасын жасапты (Осы да қастандық па? – Т.Ж.). Бұл жобаны олар алдын-ала обкомның жекелеген мүшелерiне көрсетiп, мақұлдатып алыпты. Жангелдиндi көндiрiптi, Асылбековтi өздерiне қаратып, кейбiр еуропалық қызметкерлердiң де көзiн жеткiзiптi. Сөйтiп, обком мүшелерiнiң көпшiлiгiн өз жақтарына шығарып алып, бұл жобаны бекiттiрдi, осы бекiттiрген жобаны жүзеге асыру үшiн жергiлiктi жерлерге баратын қызметкерлердiң тiзiмiн де қоса жасады. Олар губерния бойынша былай: Семейге – Әуезов пен Досов; Ақмолаға – Кенжин мен Төлепов, Қостанайға – Сәдуақасов, т. б. бөлiндi.
Қайталап айтамын, менiң достарымның шүйiркелесуi осы iске тiкелей қатысты екен. Оны көрсетiлген оқиға бойынша обкомда шешiм қабылдағаннан соң барып Әуезов өзi маған айтты.
Бiрақта бұл iстiң ресми емес екiншi бір астары бар екендiгiн Қостанайға жүретiн күнi Сәдуақасовтан бiлдiм. Ол маған: «Обкомның шешiмi арқылы бекiтiлген қаулыдағы аштыққа қарсы күрес жұмысын жүргiзумен қатар, барған уәкiлдер жергiлiктi жерлердегi бiздiң қарсыластарымызды, яғни отарлаушылар мен меңдешевшiлердi орынынан тайдырып, оған қоса кеңестiң 3 съезiне дайындық жүргiзетiн болады» – деп хабарлады. Осыны айтқан соң ғана Сәдуақасов: «Орынбордағы жаңалықтарды тұрақты жеткiзiп тұр» – деп өтiндi. Сонымен уәкiлдер елге аттанып кеттi.
Қостанайдан Сәдуақасов: «Қостанайдағы пәлен деген еуропалық қызметкерді орынында қалдыру керек, әйтпесе, колонизаторлар оны орынынан ауыстырмақ»- деп хат жазды».
«Мұхамеджан Тынышбаевті және басқаларды айыптау туралы» №06610 істің І томының 602-605 беттерінде « ПП ОГПУ істері жөніндегі прокурор жолд. Поповқа тұтқын Әуезов Мұхтардың өтініші» тіркелген. Оның негізгі – Ә.Байділдиннің көрсетіндісіне қарсы берілген жауап болғандықтан да, ешқандай түсіндірмесіз тұтас келтіреміз.
М.Әуезов: «26/Ү- 31 ж. Алматыдағы өкілдікте тұтқында отырған кезімнен бері мен бір-ақ рет жауапқа шақырылдым. Сонда Попов жолдас: менің жекелеген адамдардың көрсетінділері бойынша тұтқындалғанымды, ал нақты айыптарым тергеу барысында анықталатын мәлімдеген болатын...Менің қандай да бір айыбымды Ташкенттегі тергеуші де көрсете алмап еді. Октябрьдің 10 жылдығына байланысты салтанатты жиналыста жасаған Голощекин жолдастың баяндамасында көрсетілген Байділдин мен Аймауытовтың жауаптарына байланысты түсініктеме беруге шақыруын өтініп Попов жолдастың атына жазылған өтінішім аяқсыз қалды.
Ал нағына көшсек, Байділдин өзінің осы жауабында маған қарсы ойдан шығарылған, ақылға қонымсыз айыптар таққан. Ол ұзақ жылдар бойы баспасөз беттерінде маған қарсы жүргізіп келе жатқан өтірік жаласы мен еш мағынасыз қызыл сөздерді осы жауаптарында одан әрі жалғастырған. Оның әдеби мақалаларының барлығы жалғыз-ақ мақсатқа – партияда жоқ жазушыларды, соның ішінде мені де сынау арқылы өзіне саяси бедел жинауға құрылған. Ол қысылып-қымтырылмастан: бас бәйгені менің «Қаракөз» атты пьесам алған жоқ, Сәдуақасовтың беделі қамқорлығы алды –деп тұрып жазды. Ал бұл мүлде олай емес, бәйге құрамында Жандосов, Майлин т.б. мүше болған комиссияның шешімімен берілді. Өзінің баспасөздегі арандатуларында ол мені ақша үшін жазады – дегенге дейін барды, партияда жоқ Әуезов туралы не айтса да бола береді деген желеумен ешқандай дәлел келтірместен төпілдете береді.
Баспасөз бетінде ашықтан-ашық мені негізсіз айыптап, дақпырт таратқан адам енді өзінің қылмысы ашылып, іс-әрекеті әшкереленген соң оның алдында жалғыз-ақ жол қалды, яғни, өзі бұрыннан қудалап жүрген адамды контрреволюционер, қазақ буржуазиясының идеологі деп жала жабу арқылы өзін-өзі бүркемелеу жолы ғана қалды. Маған қаратыла қолданылған бұл теңеулердің әділетсіз және орынсыз екеніне толық сенемін. Мен контрреволюционер болған емеспін және болмаймын да. Идеялық жағынан ұстамсыз шығармаларым болды, бірақ та контрреволюциялық әрекетке шақырған, кеңес өкіметін жоққа шағарған бірде бір шығарманы атай алмайды. Ал 1928 жылдан басталған ғылыми-педагогикалық қызметім толықтай қалыптасқан маркстік көзқараста жүргізілді. Сондықтан да тергеу барысында маған айып ретінде тағылған саяси қылмыстардың еш қайсысы мені сендіре алмады. Тек қана Байділдиннің жалақорлықпен айтылған өтірігін негізге алып тергеу жүргізілді деп ойламаймын. Сондай-ақ 1921 жылғы бүкілқазақтық ІІ құрылтайдағы қазақ қызметкерлерінің мәжілісі туралы (Голощекиннің сол сөзінде аталып өткен) Аймауытовтың жауабы да міндетті түрде анықтауды талап етеді (Бұдан кейінгі төрт жол қарындашпен тынылмастай етіп өшіріліп тасталған – Т.Ж.).
Тергеу ісінің мерзімі аяқталып келе жатса да өз атыма әлі де бірде бір айып тағылмағанын, нақты не үшін тұтқындалғанымның анықталмағанын және тұтқында сұрақсыз ұзаұ отырғанымды ескеріп, мені жауапқа шақыруды және маған қаратыла қолданылған қысым шарасының себептерін көрсетуді сұраймын».
Белгісіздік қашанда адамның жанын жегідей жеп, жүйкеңді тоздырады. Сондықтан да тоғыз ай бойы сұрақ-жауапсыз отырған Мұхтар Әуезовтің өз тағдыры үшін алаңдауы заңды.
Тергеу ісінің 6-томның 133-189-беттері аралығында парақтың екі жағына жолдары тығыздалып машинка басылған Әбдірахман Байдилдиннің «Менің Алашордашыларға қарсы күресім және коммунистермен жүргізген жұмысым» атты ұзақ көрсетіндісі бар. Ұзын ырғасы 90 беттен асатын бұл көрсетінді 1929 жылдың 26 қазан күні басталып, 133-149 беттері, 2 қарашаға дейін 150-160 беттері, 20 қарашаға дейін 176-189 беттері тасқа басылған. Онда барлық алаш азаматтарының бас-басына тоқталып, олардың бәріне мінездеме беріп шыққан. Мұндағы пікірлер партиялық «өткір, ұстамды, ашық» пікірмен, әр сөзі шегелене жазылған. Әсіресе Смағұл Сәдуақасов пен Мұхтар Әуезовке келгенде қаламын батыра, айызын қандыра баяндайды. Әуеліде қолмен жазылып, содан кейін машинкада басылды ма, жоқ, өзі бірден жазды ма, ол жағы белгісіз. Жазуының сондай ретті, ұқыпты, жүйелі мәнеріне қарап қолжазба жөнделіп барып көшірілген сияқты және авторлық жөндеулерге қарағанда оны өзі тасқа басқаны анық аңғарылады. Мұны сол кездің шежіресі десе де болғандай. Оқиға күн-күнімен, сағат-сағатымен хатқа түсірілген. Сондай-ақ өзінің осы бағыттағы мақалаларының ұзақ тізімі берілген. Өзінің Бутырка түрмесінің №90 камерасында жатқанында да ұмыт қалдырмапты.
Сонда Әбдірахман Байділдин неден үміт күтті? Байділдиннің түсініксіз, тіпті кейде алаңғасарлыққа бейім әрекеттерін замандастары оның әсіре мінезімен байланыстырады екен. Сауатты, аса намысқой, бірақ...ырғасуға,бопсаға дәрменсіз. Ұзақ баяндаулар мен мінездемелерден тергеушілер тиісті мағлұматын алып отырған. Байділдинді Смағұл Сәдуақасов туралы «компрмат» жинауға пайдаланған сияқты. «Алашорданың» мүшесі болмаса да С.Сәдуақасов, С.Қожанов, Т.Рысқұлов, Н.Төреқұлов туралы міндетті түрде қосымша сұрақ қойып отырған. Сондай-ақ «Алашорда» әдебиетшілерінің идеологиялық ықпалы» туралы 12 парақ (24 бет) сыни пікір білдірген. Егерде айыпталу бағытындағы қыжылдарды қырнаса кәдімгі көркем пайым, сыни талдау болып шығар еді. Біз бір ғана үзіндіні келтірумен шектелеміз:
Ә.Байділдин (жалғасы): «...1922 жылдан бастап «Алашордалшылар» көркем әдебиетке ерекше көңіл бөлді, ескі әдебиеттің үлгілері, пьесалар, өлеңдер, әңгімелер, фельетондар т.т. олардың көзқарастарын көпшілікке таратудың таптырмайтын тәсілі болды (бұл туралы толығырақ айтылған 25/ҮІІ - 1/ҮІІІ – 29 аралығындағы және 23.Х. 29 ж күнгі көрсетіндімді қараңыз). Ахмет Байтұрсынов жазушыларды бұл майданға белсене қатысуға шақырып: қазақ жазушылары өзінің шығармаларында қазақ ұлтының мүддесін қорғау керек –деп үндеу тастады («Партия» (- ?) журналының 1920 жылғы №5-6 санында жарияланған «Ложка дегтя в бочке» атты мақаладан алынған қиындыны қараңыз). Сол үндеуге қосылған М.Әуезов пен Д.Ысқақов өздерінің 1923 жылғы мақалаларында («Шолпан» мен «Сана» журналдарының 1923 жылғы сандарындағы олардың сын мақалаларын қараңыз) әдебиет мәселелерін ұлтшылдық тұрғысынан түсіндірді. Аймауытов, Кемеңгеров, Сәрсенбин де 1924-1925 жылдары жазған мақалаларында («Ақжол» газетінің 1924-1925 жж. тігіндісін қараңыз) тура сол жолды ұстанды. Алашордашыл бұл жазушылар өздерінің бұл мақалаларында әдебиет мәселелерін ұлтшылдық тұрғыдан талдап қана қоймай, коммунист жазушыларды (Сейфуллинді, Мұқановты...) үнемі мұқатып отырды...» - деп идеологиялық тұрғыдан айыптады.
Әрине, бұл таза әдеби мәселе. Бірақ түрменің көрсетінділеріне іліккен соң «саяси қылмысқа» жатады. Сол көрсетіндінің 178-бетінде М.Әуезовке ерекше тоқталады:
Ә.Байділдин (жалғасы): «...Сол кездегі пікір таласының үлкен бір тақырыбы М.Әуезовтің «Қазақ әдебиетінің тарихы» кітабі болды. Кітап Оқу-ағарту халық комиссариятының баспасынан басылып шығып, таратылуға дайын тұрды. Өлкелік комитеттің тапсыруы бойынша мен оған пікір жаздым. Мазмұны оның атына сай емес еді, онда қазақ әдебиетінің тарихы емес, ұлтшылдық бағыттағы түсініктемелер берілген ескі сарындағы әдебиет нұсқаларының жинағы. Мен мұны кітаптың өзінен сілтемелер ала отырып дәлелдеп шығып, дәл осы қалпында оны таратудың ешқандайда қажеттігі жоқ екендігі жөнінде қорытынды жасап бердім. Менің пікірім қазақ активтерінің арнайы мәжілісінде талқыланды, онда Тоқжігітов, Орынбаев, Нұрмақов және Жандосов менің Әуезовтің ұлтшылдық сарындағы кітабін таратпау туралы жасаған қорытындыма мүлдем қарсы сөйледі, алайда мәжіліске қатысқандардың көпшілігі: Юсупбеков, К.Тоқтабаев, Нұржанов, Бекенов, Орманбаев және басқалары менің пікірімді қостап шықты (Әуезовтің «Қазақ әдебиетінің тарихы» туралы кітабына жазған пікірім мен мәжілісте айтылған сөздердің көшірмесін сол кезде ОГПУ-дің шығыс бөлімінің меңгерушісі Журавлев жолдасқа беріп, шара қолдануын өтінгемін). Сөйтіп менің ұсынысымның нәтижесінде Әуезовтің ұлтшыл кітабі таралымнан алынып тасталды».
М.Әуезов(жалғасы): «Байділдин өзін партияның жолына түскен адам ретінде көрсетуге тырысқаннан бастап барлық жерде мені өзінің сыни нысанасы етіп таңдап алды. Әсіресе баспасөз бетінде қатты белсенділік көрсетті. Өзінің сөздерінде шешендікке салып, тұрпайы марксизмді жамылып, жала жабуға көшті. Ол тіпті: «Қаракөз» пьесасына силықты Сәдуақасовтың жең ұшынан жалғасуымен алды – деп те жазды. Ал нағында силық арнайы құрылған сынақ комиссияның шешімімен берілді. Мұны Байділдиннің өзі дет жақсы біледі. Ал баспасөзде дерексіз жала жабылды. Мұндай жаланы ол өзінің қызметтегі беделін өсіру үшін пайдалануға тырысты, газеттер мен журналдардың үстінен қарайтын оның жалғыз өзі екендігін көрсетіп қалуға ұмтылды.
Ә.Байділдин (жалғасы): «Тағы да: «Алқаның» бар екенін мен жақсы білдім. Алғаш рет шамамен 1925 жылдары білдім. «Алқа» ұлтшыл Жұмабаевтің бастауымен Москвада ұйымдастырылған. Бұл әдеби үйірмені бүркемелген астыртын ұйым болатын...Семейден рабфакқа оқуға келген Ыдырыс Мұстамбаевтің туысы Смағұл Нұрпейісовтен ұйым туралы сұрадым. Ол көпке дейін жасырып айтпады...Ақыры Смағұл: өзінің Аймауытовпен, Байтасовпен, Кемеңгеровпен байланысы бар екенін, оларда астыртын қоғамның платформасы бар екенін, ол қоғамға мұны да тартқанын айтты. Оның бастаушысы Жұмабаев екенін білдім. 1927 жылдары Аймауытовтың, Кемеңгеровтің, Әуезовтің, Байтасовтың арасында хат арқылы пікір алысулар болыпты. Жұмабаев Москвада, қалғандары Шымкент пен Ташкентте тұратын» – деп түсінік берді.
Иә, саяси терминді жақсы білетін Ә.Байділдин «Алқа» әдеби үйірмесін «астыртын қоғам» етіп оп-оңай өзгерте салған.
Достарыңызбен бөлісу: |