А Б. Кенжебаевтың өмірі мен шығармашылығы



бет1/5
Дата22.02.2016
өлшемі263.5 Kb.
#774
  1   2   3   4   5

АҢҒАРТУ

Филология ғылымдарының докторы, профессор Бейсенбай Кенжебаев ондаған монографиялық еңбектің, көптеген оқу құралының, әдеби сын, ғылыми зерттеулер мен көркем әңгімелер жинақтарының, жүздеген сын, зерттеу мақалалардың авторы, қазақ баспасөзінің ардагері.

Қазақ халқының көрнекті ғалымы, сыншы, аудармашы, қазақ әдебиеті тарихы ғылымының негізін салушылардың бірі Б.Кенжебаевтың туғанына 2004 жылы 100 толды. Осы мүшелтойға орай ғалымның өмірі мен шығармашылығы туралы ғылыми-ақпараттық биобиблиографиялық көрсеткіш тұңғыш рет құрастырылып, басылып отыр.

Көрсеткіштің негізгі мақсаты – ғалымның еңбектері, оның өмірі мен қызметі және шығармашылығы жайындағы материалдарды терең зерттеп оқуда және насихаттауда қазақ әдебиетін зерттеуші ғалымдарға, оқушы жұртшылық пен студенттерге, кітапхана қызметкерлеріне көмектесу.

Көрсеткішті құрастыруда Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасының, Ұлттық Ғылым Академиясы кітапханасының қорларындағы кітаптар, газеттер мен журналдар, картатекалар мен каталогтар және қазақ әдебиеті бойынша шыққан басқа басылымдар, көрсеткіштер толық қаралды.

Көрсеткіш:

а) Б.Кенжебаевтың өмірі мен шығармашылығы

ә) Б.Кенжебаевтың жарық көрген кітаптарының мазмұны

б) Б.Кенжебаевтың мерзімді баспасөзде жарияланған еңбектері

в) Өмірі мен шығармашылығы жайындағы материалдарды қамтиды.

Бөлімдер ішіндегі әдебиеттер әліпбилік тәртіппен орналастырылды. Еңбек аңғарту, Бейсенбай Кенжебаевтың өмірі мен шығармашылығы жайлы очерк, жарық көрген кітаптарының мазмұны, шығармаларының және авторлардың әліпбилік көрсеткішінен тұрады.

БЕЙСЕНБАЙ КЕНЖЕБАЕВТЫҢ ӨМІРІ МЕН ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫ

(ҚЫСҚАША ОЧЕРК)

Қазақтың аса көрнекті әдебиетші ғалымы, сыншы, аудармашы, филология ғылымдарының докторы, профессор Б.Кенжебаев 1904 жылдың қазан айында қазіргі Оңтүстік Қазақстан облысы, Бөген ауданы, Бөген өзені бойында дүниеге келген. Жастайынан шешесінен айрылып, әкесі жалшылықта жүрген жас өрен жоқшылықтың азабын көп тартқан. Жиырмасыншы жылдардың басында Ташкенттегі панасыз балалардың интернатына Ғани Мұратбаевтың қамқорлығы арқасында түскен. Ол туралы өзінің жазған «Байкенженің бала күндері» (Жұлдыз, 1966, №12) атты өміртарихын әңгімелеген шығармасында кеңінен баяндалған.

1922 жылдан бастап Ташкентте шығып тұрған «Жас қайрат» газетіне тілші болады. Москвадағы Шығыс еңбекшілері коммунистік университетін (1925), М.Горький атындағы Әдебиет институтының 2 курсын бітірген Бейсенбай Кенжебаевты «Жас қайрат» газеті мен «Лениншіл жас» журналының редакторының орынбасарлығына тағайындайды. 1928 жылы «Еңбекші қазақ» газетіне ауысады. 1929 жылы Павлодар округінде шыға бастаған «Кеңес туы» (кейінірек «Колхоз» деп аталған) газеттің тұңғыш редакторы. Алғаш Кереку өңірінде қажетті баспа жабдықтарын Қазан қаласынан алдырып, баспахана ұйымдастырған да осы Б.Кенжебаев. 1930 жылы Қазақстан өлкелік партия комитетінің шақыруымен «Социалистік Қазақстан» редакциясына қызметке келген. Қазақ Радио Комитетінің алғаш рет ұйымдастырған «Радио газетінің» тұңғыш редакторы да Б.Кенжебаев. 1932 жылы жаңадан ұйымдастырылған «Оңтүстік Қазақстан» газетіне редакторлыққа жіберіледі. 1934 жылы қайтадан «Социалистік Қазақстан» газеті редакторының орынбасары болып тағайындалады.

СССР Жоғарғы Советі Ведомствосында (Москва, 1935-1941 ж) аудармашы, Қазақ Мемелекеттік Біріккен баспасында бас редактор (1941-1944ж).

1942 жылы Бейсенбай Кенжебаев Қазақ Мемлекеттік университетінің филология факультетін тамамдап, сонда оқытушы болып қалдырылады. 1944 жылдан бастап қазақ әдебиеті кафедрасының меңгерушісі, 1945-1950 жылдары Қазақ ССР Ғылым Академиясының Тіл және әдебиет институтында әдебиет секторын басқарған. 1946 жылы «Сұлтанмахмұт Торайғыровтың ақындығы» тақырыбында кандидаттық, 1959 жылы «ХХ ғасыр басындағы қазақтың демократ жазушылары» кітабы бойынша докторлық диссертация қорғаған. Қазақ әдебиеті кафедрасының меңгерушісі (1961-1975), профессоры (1975-1987) болды. Ол Қазақстан Республикасында ғалым-педагог кадрларын даярлауда да айтарлықтай еңбек етіп ондаған ғылым докторлары мен ғылым кандидаттарын даярлады. Олардың ішінде академиктер З.Ахметов, Р.Бердібай, Р.Нұрғали, ғылым докторлары Х.Сүйіншәлиев, Т.Кәкішев, Н.Төреқұлов, Т.Қожакеев, М.Жолдасбеков, К.Сыздықов, С.Садырбаев, С.Ордалиев, Н.Келімбетов, А.Еспенбетов, А.Қыраубаева, Қ.Ергөбек, Ш.Ыбраев, филология ғылымдарының кандидаттары М.Мағауин, Қ.Сыдыиқов, К.Сейдаханов, Е.Өтебаев, З.Тұрарбеков, М.Қожықов, Қ.Қамбаров, М.Шындалиева т.б. бар.

Б.Кенжебаев шәкірт ғалымдарды тәрбиеледі, монографиялар, оқулықтар, оқу құралдарын жазды. «Қазақ совет әдебиетінің тарихынан конспект» (1947), «Қазақ баспасөзінің тарихынан» (1950), «Қазақ баспасөзі тарихынан мәліметтер» (1956), «Қазақ совет баспасөзінің тарихынан» (1962), «ХХ ғасырдағы қазақ әдебиеті» оқулығы (1966), Х.Сүйіншәлиев, М.Жолдасбеков, М.Мағауин, Қ.Сыдиықовтармен бірге құрастырған «Ертедегі қазақ әдебиетінің хрестоматиясы» (1967), «Қазақ өлеңдерінің құрылысы» (1955), С.Торайғыров, М.Сералин, С.Шарипов шығармашылығы, Біржан мен Сара айтысына арналған еңбектері басылды. «ХХ ғасыр басындағы қазақ халқының демократ жазушылары» (1958), «Шындық және шеберлік» (1966), «Әдебиет белестері» (1986) секілді іргелі кітаптары жарияланды.

Б.Кенжебаев әдебиеттану ғылымына, баспасөз, оқу-ағарту саласына сіңірген еңбегі үшін 1964 жылы Ленин орденімен марапатталды.

Көзі тірісінде-ақ ғылыми жаңа мектеп қалыптастырған әдебиетші ретінде мойындалған ғалым, Қазақ мемлекеттік университетінің профессоры, жиырма жылдан астам кафедра басқарған ғылым кандидаттары мен ғылым докторларын даярлаған ұстаз Бейсенбай Кенжебаевтың қазақ әдебиеті тарихындағы орны ерекше. Оның тырнақалды “Абай” атты көлемді әрі терең мақаласы “Еңбекші қазақ” (қазіргі “Егемен Қазақстан”) газетінің 1925 жылғы 28, 29 тамыз күндеріндегі сандарында жарияланды. Абайды қазақ халқының ұлы ақыны деп дәлелдеген жас қаламгердің өткір де сенімді, ықшам да жинақы сөз саптауы, салмақты да сарабдал ой-тұжырымдары сол тұстағы біраз әдебиетшілерден үлгі алған білімді, ойшыл сыншының алғашқы талпынысы жемісті арнадан, көзді бұлақтан нәр алғандығын көрсетті. Мақала Мағжан Жұмабаев әсерімен жазылған екен.

Осының алдында ғана небәрі төрт-бес жыл бұрын Ташкенттің жетім, панасыз, тентек балаларының тобында жүрген Бейсенбайды сол кездегі Түркістан комсомолының жарық жұлдызы Ғани Мұратбаев өзі тауып алып, жетектеп әкеп балалар үйіне енгізіп оқытып, артынан Мәскеудегі Күншығыс еңбекшілері коммунистік университетіне түсірген.

1922-1925 жылдары үлкен шаһарда терең саяси, тарихи, филологиялық жан-жақты білім алған жігерлі жас Қазақстанға оралғаннан кейін, жаңа қалыптаса бастаған баспасөзде бел шешіп, білек сыбанып, Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлин, Ғабит Мүсірепов сынды алыптармен бір тұста, қоян-қолтық қызмет етті. Әдебиеттің сан алуан мәселелеріне М.Әуезов, І.Жансүгіров, Б.Майлин, Ғ.Мүсірепов шығармаларын талдауға арналған көптеген мақала, рецензия, шолу жазды. Г.Моппасан, Я.Гашек, К.Федин, Э.Хемингуэй, Лу синь, А.Сорокин әңгімелерінен, Ф.Гладков, Ф.Панферов, Б.Полевой, Е.Мальцевтардың роман-повестерін аударды. Қиын кездердің өзінде М.Жұмабаев, Ж.Аймауытов туралы естелік жазып қалдырды.

Бейсенбай Кенжебаев өнерпаздығының ең жемісті кезеңдері, оның ғалымдық пен ұстаздықты ұштастырған шақтары Қазақ мемлекеттік университетінде және Қазақ ССР Ғылым академиясында істеген уақыттарынан, қырқыншы жылдардың ортасынан басталады. Іскер оқымысты университетте кафедра басқарса, академияда сектор меңгереді. Отыз жетінің қанды қылышынан Мәскеуде қызметте жүріп қалған Бейсенбай Кенжебаев қырқыншы жылдардың аяғы, елуінші жылдардың басында қатты қудаланды, жұмыстан шығарылды. Ол туралы неше түрлі жала жапқан мақалалар басылды. Саяси бұлт айығып, азды-кемді еркіндік туғаннан кейін ғалым-ұстаз өзінің басты еңбектерін жариялады.

Ғалымның күрделі, іргелі, ең көлемді еңбегі “Қазақ халқының ХХ ғасыр басындағы демократ жазушылары” (1958) монографиясында тұңғыш рет архивтердің бұрын белгісіз болып келген қорларынан, кітапханалардың сирек газет-журнал, кітаптарды сақтайтын бөлімдерінен, жеке адамдардың қолдарында жинақталған қазыналардан алынған орасан бай материалдар, қолжазбалар, әдеби-тарихи деректер, сан алуан шығармалар озық методология тұрғысынан екшеліп, әдебиеттанудың үздік жетістіктері, дәстүрлі үлгісі негізінде талданған болатын. Зерттеудің басты ұтымдылығы қазақ халқының ХХ ғасыр басындағы қоғамдық жағдайы мен әдебиеті диалектикалық бірлікте, тарихи байланыста, ажырамас тұтастықта алынуында жатыр. Революциядан бұрын қазақша жазылған, жарияланған аса көп материалдарды зерттеуші әр жерден талмай іздеп тауып, көз майын тауысып, түгел оқып ой сарабынан өткізіп, қорытып, жүйелеп, оның ішінде, әсіресе, көркем әдебиетке қатыстыларын білгірлікпен саралап, арна-арнаға бөліп берді. Күні бүгінге дейін бұл кітап – баспасөз тарихына байланысты ең тиянақты, әдебиетші, журналистер ғана емес, тарихшылар, философтар, педагогтар, экономистер түгел жүгінетін беделді, абыройлы еңбек.

Демократиялық-ағартушылық бағыттағы ақын-жазушылардың дүниетанымындағы ортақтық, әдеби-тәсілдерінің ұқсастығы, шығармаларындағы идеяларының сарындастығы, көркемдік құралдардағы арналастық, жалпы сабақтастық, жалғастық проблемаларын ашу арқылы ғалым ең алдымен әдеби дамуды, әдеби қозғалысты нақты әрі жинақы, тарихи тұрғыдан көрсетіп шықты.

Демократтық бағыттағы көрнекті қаламгерлер – М.Сералин, С.Торайғыров, Ә.Тәңірбергенов, С.Дөнентаев, С.Көбеевтің өмірі, білім алған ортасы, шығармаларының жазылу тарихы, олардың басылуы, зерттелуі, идеялық-көркемдік ерекшеліктері – осылар секілді сан алуан мәселелерге зерттеуші көбінесе тыңнан, бірінші болып жауап берді, ғылыми, әдеби байламдар жасады. Ғалымның мұндай қорытынды ойларын, пікірлерін ХХ ғасыр басындағы әдебиетті зерттеген кейінгі әдебиетшілер өз еңбектеріне сүйеніш, тірек етті, ілгері жалғастырды, орынды пайдаланды.

Аз ғұмырында халқының рухани байлығына орасан зор эстетикалық игілік қосқан Сұлтанмахмұт Торайғыров мұрасын зерттеу, жариялау, бағалау, насихаттауда Бейсенбай Кенжебаев көп еңбек етіп, мол қажыр, қыруар қайрат жұмсап, ақын шығармаларының әдебиет тарихындағы қастерлі орнын айқындап берді. Ол кекті, мұңды, ойшыл ақын Сұлтанмахмұт мұрасын дәйекті түрде қорғап шықты; ақын туралы диссертация, кітап жазды; университетте арнаулы курс оқыды, жаңа өлеңдерін тапты; шығармалар жинағын бастырды. Сұлтанмахмұттанудың негізін салушы Бейсенбай Кенжебаев екенін қазірде әдебиетшілер қауымы түгел мойындайды. Осы монография негізіне жазылып, жаңа тараулармен толықтырылған “ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиеті” кітабы 1966 жылдан студент-филологтардың бірнеше буынының қолынан түспеген оқулыққа айналды; әлденеше рет қайта басылып, уақыт сынынан өтті. Профессор Б.Кенжебаевтың әр кезеңде, әр тұста әр түрлі басылымдардың бетінде, ғылыми кеңестерде, айтыс – диспуттарда ой-пікір, тезис-шолу, пікір ұсыныс, мақала, рецензия түрінде айтып келген тұжырымдары: қазақ әдебиетінің тарихын дәуірлеу, оны қай уақыттан бастау керек, ежелгі әдебиет нұсқалары дегенде қандай шығармаларды білеміз дейтін пікірлері, ғылыми концепциясы, сарқынды, жинақы ойлары сәтті түрде тұтастырылып, “Қазақ әдебиеті тарихының мәселелері” (“Ғылым” баспасы, Алматы, 1973) деген кітапта берілді. Бұл тұжырымға Бейсенбай Кенжебаев бірер жылда, яки аяқ астынан келген жоқ, ұзақ жылдар көне әдебиеттер үлгісін зерттеу арқылы, бауырлас халықтар тәжірибесіне сүйеніп, мың ойланып, жүз толғанып барып, халық тарихы мен әдебиет тарихы терең байланыста екендігіне әбден көзі жеткен соң ғана барған еді.

Алғаш 1941 жылы жарияланған “Қазақ әдебиетін дәуірлеу мәселелері туралы” атты еңбегінде жасаған Б.Кенжебаев саралауы өзінің ғылыми дәлдігін көрсетті. Көне ескерткіштер “Дивани луғат-ат түрік”, “Қиссасул әнбия”, “Кодекс Куманикус”, “Мұхаббатнама” секілді шығармалар туралы ғалым жеке-жеке арнаулы мақалалар жазып, олардың қазақ әдебиетіне қатысты арналарын терең ашып көрсетті, тарихи тамырластықты лингвистикалық-әдеби мысалдар арқылы дәлелдеді; бірқыдыру теориялық ойлар “Қазақ әдебиетінің тарихын дәуірлеу” деген мақалада айтылды.

Ғалымның негізгі концепциясы, басты тұжырымдары оның шәкірттері жазған еңбектерде дамытыла түсті, жаңа фактілер арқылы айқындалды, соны пікірлермен толықты. Бұл ретте қазақ әдебиетінің қалыптасу жолдарын зерттеген, көне түрік әдеби ескерткіштері мен қазақ әдебиет байланысын анықтаған, Алтын Орда дәуірі әдебиетін тексерген, ХҮ-ХҮІІІ ғасырлардағы ақын-жыраулар поэзиясын қарастырған еңбектер, диссертациялар “Ежелгі әдебиет нұсқалары” оқулық-хрестоматия (1967) тұтаса келіп, қазақ әдебиеттану ғылымында Бейсенбай Кенжебаев қалыптастырған нақты-тарихи зерттеу мектебінің орныққанын жаңа ғылыми бағыттың өріс алғандығын көрсетіп берді. Сол жылдардың бір көрінісіндей болып “Күлтегін ескерткішінің” көшірмесі 2001 жылы Астана қаласына келіп орнады.

Қалың оқырман қолына Бейсенбай Кенжебаевтың “Жылдар жемісі” (1984) атты кітабы тиді. Қазақтың ең қарт әдебиетшісі жаңа буын, жас ұрпақпен жүздесіп отырғандай. Халқының жан-жүйесі, абырой-намысы, мақтаныш мерейі, асыл сөзі, әдебиеті туралы сыр айтпақ, ой толғамақ, тебіренбек. Осы орайда Бауыржан Момышұлының “Қазақ әдебиеті тарихын зерттеуге бар ғұмырын арнап келе жатқан ол – нағыз қаһарман” деген сөзі еске түседі. Ғалымдықты ұстаздықпен ұштастырып, бар ғұмырын туған әдебиетіне арнаған ағаға берілген орынды баға.



Академик Рымғали Нұрғали

Б.КЕНЖЕБАЕВТЫҢ ЖАРЫҚ КӨРГЕН КІТАПТАРЫ
ҒЫЛЫМИ ЕҢБЕКТЕРІ

  1. Абылай: Қазақ халқының ерлік тарихынан (1943).

  2. Абай - қазақ халқының реалистік әдебиетінің негізін салушы (1954).

  3. Әдебиет белестері (1986).

  4. 1916 жыл: Көтеріліс жырлары туралы (1956).

  5. Жиырмасыншы жылдардағы қазақ совет әдебиеті (1961).

  6. Жиырмасыншы ғасыр басындағы қазақ әдебиетін бақылау - жаттығу жұмыстары (1962).

  7. Жиырмасыншы ғасыр басындағы қазақ әдебиеті (1966).

  8. Жиырмасыншы ғасыр басындағы қазақ әдебиеті (1974).

  9. ХХ ғасыр басындағы әдебиет. (1993).

  10. Жылдар жемісі (1984).

  11. Журналист Мұхамеджан Сералин (1957).

  12. Көне әдебиет туралы (1969).

  13. Қазақ әдебиеті тарихының мәселелері (1973).

  14. Қазақ баспасөзінің тарихы. Тарихи очерк (1950).

  15. Қазақ баспасөзінің тарихынан мәліметтер (1956).

  16. Қазақ халқының жалынды ақыны (1970).

  17. Қазақ халқының ХХ ғасыр басындағы демократ жазушылары (1958).

  18. Сұлтанмахмұт Торайғыровтың ақындығы (1949).

  19. С.Торайғыровты зерттеу, тану мәселелері (1968).

  20. Торайғыров С (1973).

  21. Шындық және шеберлік (1966).





Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4   5




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет