А. Ф. Зейнулина филология ғылымдарының кандидаты, профессор


Өздігінен жұмыс жасауға арналған мәтіндер



бет5/6
Дата15.06.2016
өлшемі0.67 Mb.
#137537
1   2   3   4   5   6

19 Өздігінен жұмыс жасауға арналған мәтіндер
Малдың ішкі құрылысы
Малдың ішкі құрылысы – зоотехния ғылымының малдың дене бітімі мен өнімінің ішкі физиологиялық, анатомиялық, гистологиялық және биохимиялық құрылыс, қызмет, қасиеттерінің бірлестігін зерттейтін саласы. Малдың ішкі мүшелерінің кұрылыс, қызмет көрсеткіштері оның жас кезінде келешектегі өнім бағытын, мөлшерін болжау арқылы сұрыптау, қажет болған жағдайда шыққан тегі мен нәсілдік касиеттерінің үйлесімді анықтау үшін пайдаланылады. Бұл мал тұқымын асылдаңдыру жұмысының дәлдігін арттырып, нәтижесін жеделдетеді. Малдың ішкі құрылысы ілімінде зерттелетін мәселелердің кеңдігі мен терендігіне байланысты түрлі гистологиялық, биохимиялық, физиологиялық, цитогенетикалық, иммуногенетикалық, ж.б. әдістемелер қолданылады. Қазіргі уақытта мал сұрыптау мен жұп тандауда терінің, зәрдің, қан мен сүттің, кариотиптің (хромосомдар саны мен түрі), ДНК-ның (дезоксирибонуклеин қышқылының) құрылымының, құрамының көрсеткіштері пайдаланылады. Мысалы, мал тұқымын асылдандыру жұмысы жоғары дәрежеде жүргізілетін елдерде асыл тұқымды айғыр мен бұқаның қан құрамы туралы куәлік болуы шартты мәселе. Сол сияқты, тұқымдық қошқарға қалдырылатын қозышар терісінің гистологиялық құрылысы бойынша іріктеледі.
Малдың шығу тегі
Малдың шығу тегі – малдың пайда болуы жөніңдегі зоотехнияның бір саласы. Малдың шығу тегі жөніңдегі ғылым қолда өсірілетін малдың зоологиялық жіктеуде алатын орны, қолға үйрету кезінде пайда болған өзгерістері және олардың дамып жетілуі, қолға үйретілген алғашқы мекені мен уақыты, оның таралуы, белгілі бір мал түлігінің нақтылы жабайы тегін анықтау мәселелерін шешеді. Қазіргі уақыта қолда өсіретін малдың барлық түрлерінің арғы тегі жабайы хайуанаттар болғаны белгілі болды. Оларды қолға үйрету — күрделі де ұзақ үрдіс. Жабайы және үй малдарының дене құрылысын салыстыру, будандастыру, палентологиялық және археологиялық зерттеу деректері негізінде үй малының барлық түрлерінің арғы тегі толық анықталған. Мысалы, мүйізді ірі қара малдың арғы тегі – жабайы түр, қойдың арғы тегі – арқар мен муфлон, жылқының арғы тегі – тарпан мен құлан, тауықтың арғы тегі – банкив тауығы, үйрек тұқымдарынікі – барқырауық жабайы үйрек, үй қазыныкі – жабайы сұр қаз екені көрсетілген. Малдың шығу тегін және пайда болу жолын зерттеу арқылы, олардың үйретілген жүздеген ғасырлар бойында пайда болған пайдалы өзгерістердің сырын ашып, қазіргі кездегі малдың өнімдік және тұқымдық қасиеттерін жетілдірудің нақтылы тәсілдерін білуге мүмкіншілік туғызады.
Зоотехния ғылымы және оның зерттелуі
Зоотехния, зоотехника (зоо және грекше techne – өнер, шеберлік) – мал өнімдерін (ет, сүт, жұмыртқа, жүн, тері, т.б.) алу үшін малды өсіру, азықтандыру, бағып-күту және оны пайдаланудың тиімді жолдарын зерттейтін ауыл шаруашылық ғылымы. «Зоотехния» терминін ғылымға 1848 жылы француз ғалымы Ж. Бодеман енгізген. Зоотехния мал өсіру жөніндегі білімді жинақтайды және еңбек пен қаражатты аз жұмсай отырып, малдан сапасы жоғары өнімді мол алудың шараларын белгілейді.

Адам баласы малды қолда ұстағаннан бастап, олардан алынатын түсім мал тұқымына байланысты екендігіне көңіл аударған. Дәстүрлі қазақ қоғамында ғасырлар бойы төрт түлік мал өсірудің әрқайсысына тән тиімді тәсілдер іріктеліп, мал тұқымын асылдандырудың, оларды жыл мезгілдеріне сәйкес бағудың, өнімін арттырудың ұлттық жүйелері қалыптасқан. Қазақстанда зоотехния саласындағы жүйелі зерттеулермен Қазақ мал шаруашылығы ғылыми-зерттеу технология институты, Қазақ қой шаруашылығы ғылыми-зерттеу технология институты, Эксперименттік биология институты, Батыс Қазақстан, Қостанай ауылшаруашылығы институттары, т.б. көптеген тәжірибе стансалары шұғылданады. Зоотехния малдың биологиялық ерекшелігін зерттейтін ғылым болғандықтан ол биология, зоология, анатомия, гистология, физиология, биохимия, генетика, цитология, иммунология, т.б. ғылымдарға сүйенеді және ветеринария, агрономия, ауылшаруашылығы өндірісін ұйымдастырумен, т.б. тығыз байланысты.



Республикада зоотехниялық зерттеулерді алғаш 1926–28 жылдары КСРО ҒА Қазақстанға бірнеше дүркін экспедиция ұйымдастырып, байтақ өлкенің әр аймағындағы мал түліктерінің сапасы, өсіп-өну жағдайлары тексерілді. 20 ғасырдың 30–40 жылдары В. А. Бальмонттың басқаруымен қазақы қой прекос және рамбулье қошқарларымен жаппай будандастырылды (М. Ермеков, В. А. Малицкий, А. П. Пшеничный, т.б.), ұяң жүнді, биязылау жүнді қой шаруашылығы (Т. Бөкенбаев, Ә. Жандеркин, М. Әлетов, т.б.), жүндес ешкі шаруашылығы құрыла бастады. Дүние жүзіне әйгілі герефорд (Н. З. Галиакберов, Б. Мусин, С. Тасболатов), швиц (Д. Н. Пак), симментал (А. Г. Панасенко), қара ала голланд (Т. Ф. Тавилдарова) сиырларын пайдалану нәтижесінде қазақы сиыр тұқымы жақсартылды. Қазіргі заманғы зоотехния жалпы зоотехния, жеке зоотехния болып бөлінеді. Жалпы зоотехния малдың барлық негізгі түрлері мен тұқымдарының биологиялық, шаруашылықтық ерекшеліктерін айыра білу нәтижесінде оларды өсіру, азықтандыру, бағып-күту мәселелерін зерттейді. Жеке зоотехния мал шаруашылығының жеке салаларын (сиыр, қой, шошқа, құс өсіру, т.б.) өркендетудің теориялық, практикалық мәселелерімен айналысады. Қазақстан ғалымдары сиырдың екі (қазақтың қасқа сиыры, Алатау сиыры) тұқымын, қойдың үш тұқымын (қазақтың биязы жүнді қойы, қазақтың арқар – меринос қойы, қазақтың оңтүстік мериносы), Қостанай жылқысын шығарды.

Жануарларды сұрыптау
Жануарларды сұрыптау (лат. selectіo – таңдау, сұрыптау) – малдың жаңа тұқымдарын шығару және оларды жақсарту тәсілдері туралы ғылым; зоотехния саласы. Бұның мақсаты: малдың өнімділігін және түрлі ауруға төзімділігін арттыру, тіршілік мерзімін ұзартып, қазіргі өндіріс технологиясына бейімдеу. Қазақстанда өнімді аз беретін жергілікті мал тұқымдарын сұрыптау, іріктеу, оларды мол өнімді тұқымдармен будандастыру арқылы малдың жаңа тұқымдарын шығару іске асырылды. Республика селекционерлері тұқым таңдау, жұптастыру, аса бағалы генотиптерді іріктеп, селекцияда пайдалану, алынған тұқымдардың қоршаған ортаға бейімделуі, алыстекті будандастыру мәселелерімен айналысты. Қазақтың ақбас сиыры, әулиеата, алатау сиырлары, қазақтың биязы жүнді қойы, оңт. қазақ мериносы, солт. қазақ мериносы, биязылау жүнді дегерес қойы қазақ арқар-мериносы, кеңес жүндес ешкісі, қостанай, көшім жылқылары, жабы тәріздес қазақ жылқысы, жетісу шошқасы, сонымен қатар үйректің «Медеу» (1983), тауықтың «Алатау» (1985) кростары шығарылды. Сондай-ақ қырдың қызыл, галловей, санта-гертруда сиырларының тұқымын жақсарту әдістері ұсынылды. Айршир, қалмақ сиырларының таңдаулы табындары мен кроссбред қойының отарлары құрылды, биязылау жүнді және құйрықты қой типтері шығарылды. Жануарларды сұрыптау саласындағы жұмыстарға асыл тұқымды мал заттары, мемлекеттік тұқым жақсарту станциялары, т.б. мекемелер қатысады. Ұлттық академиялық аграрлық зерттеулер орталығына қатысты ғылыми-зерттеу институттары бағалы генотиптер табу, оларды пайдалану әдістерін өндіріске енгізу, асылтұқымды айғыр, қошқар, бұқа, теке, қораз тұқымдарын алу үшін жыныстық жұптастыру тәсілін жетілдіру, генотипті мал шаруашылығын интенсивтендіру талаптарына сай келетін жағдайлар іздестіру бағыттарында жүргізіледі.‎

Тұқымдық аталық мал – ұрпақ алуға жарамды деп табылған және сол мақсатта пайдаланылатын еркек мал. Аса құңды тұқымдық аталық мал тек тауарлы ұрпақ алуға ғана пайдаланылмай, мал басын асылдандыруда өзінің пайдалы қасиеттерін ұрпақтан-ұрпаққа тұрақты беретін ізін, яғни линиясын (зоотехния), қалыптастыруға пайдаланылады. Тұқымдық аталық мал іздері арқылы мал тұқымының пайдалы қасиеттері (өнімі) жетілдіріліп, асылдандыру жұмысы жүргізіледі. Тұқымдық аталық малды түлік түріне сәйкес атайды – асыл тұқымды немесе тұқымдық қошқар, тұқымдық бұқа, тұқымдық айғыр, т.б.



Жануарлар
Жануарлар – тірі организмдер дүниесіндегі негізгі екі топтың бірі (екіншісі – өсімдіктер); жүруге және сезінуге бейім тіршілік иесі; негізінен, дайын органикалық қосылыстармен қоректенетін гетеротрофты организмдер. Жануарлар құрылысына қарай бір клеткалы организмдер және көп клеткалылар болып екі топқа бөлінеді. Жер бетінде жануарлар прокариоттар (ядросыз организмдер), балдырлар, саңырауқұлақтардан кейін пайда болған. Палеонтологиялық зерттеулерге қарағанда олардың жасы – 0,8 млрд. жылдан аспайды (1998). Жануарлардың дамуы да қоршаған ортаның эволюциялық дамуына сәйкес қалыптасқан. Эволюциялық өзгерістер сыртқы ортаның өзгерісіне организмдердің бейімделуімен ұштасады. Мысалы, құрлық жануарларының арғы тегі су жануарлары болып саналады. Ал қоршаған ортаға бейімделе алмаған құрлық жануарлары бұрынғы тіршілік ортасында қалып қойған. Жануарлардың қазба қалдықтарын зерттеу нәтижесі қарапайым организмдердің архей эрасында мұхиттарда бұдан 1–1,5 млрд. жыл бұрын клетка формасында хлорофилсіз амеба тәрізді талшықтылар түрінде пайда болған деп жорамалдауға мүмкіндік береді. Протерозой эрасында тіршілік еткен жануарлар қалдықтарынан радиоляриялар, фораминифералардың іздері, губкалардың қаңқалары, буылтық құрттардың түтікшелері, моллюскілердің бақалшақтары, тіпті буынаяқтылардың да қалдықтары табылған. Жануарларда ас қорыту, қан айналу, жүйке жүйесі, сезім және жыныс органдары, тыныс алу, зәр шығару жүйесі жақсы жетілген. Дүние жүзінде жануарлардың 1,6 млн-дай түрі, 17 типі бар. Жануарлардың табиғаттағы және адам өміріндегі маңызы өте зор: көпшілігі пайдалы болып табылады. Азық-түлік, әр түрлі өнеркәсіп шикізатын: ет, май, сүт, тері, жүн, бал, жібек, мүйіз, бақалшақ, т.б. береді. Сондай-ақ, олар – ауыл шаруашылық дақылдарының тозаңдатушылары, топырақ түзушілері, басқа жануарларға азық қорлары, органикалық заттардың ыдыратушылары болып табылады. Жануарлардың өнімділігін арттыруды, тиімді пайдалануды және табиғаттағы қорын сақтауды зоология ғылымы мен оның салалары зерттейді.

Жануарлардың бағдарлануы

Жануарлардың кеңістіктегі тіршілік ету қабілеттілігі; белгілі бір экологиялық жағдайға бейімділігі. Бағдарланудың бірнеше түрі бар: 1) оптикалық – көптеген жәндіктердің полярланған жарық немесе ультракүлгін сәуле арқылы бағдарлануы; 2) химиялық – кейбір жануарлардың қорегін, жұбын иіс арқылы дәл табуы (мысалы, жібек көбелегінің аталығы 10 км жерден аналығын иіс арқылы сезеді); 3) акустикалық – жыртқыш жануарлардың өз қорегін есту арқылы ұстауы (мысалы, жапалақ кеміргіштерді 15 – 20 метрден сыбдыры арқылы біледі); 4) терморецепция – жылу арқылы бағдарлану (мысалы, айдаhарлар мен қалқантұмсықты жыланның тұмсығында жылуды сезетін шұңқыры болады). Көптеген төменгі сатыдағы омыртқасыздар (мысалы, планария), жәндіктер (шыбын, қоңыз, термиттер), сондай-ақ, құстар және кейбір суда тіршілік ететін сүтқоректілер Жердің магниттік өрісі, ал балықтар бүйір сызығы арқылы бағдарланады. Жануарлардың бағдарлану ерекшелігін, оны атқаратын органдардың құрылысын зерттеп танудың ғылым үшін маңызы зор.



Жануарлардың дауысы

Бір түрге, кейде әр түрге жататын жануарлардың өзара бірін-бірі ажырату және түрлі сезімін білдіру үшін шығаратын дыбыстары. Бұл көптеген жәндіктерге, балықтарға, құйрықсыз қосмекенділерге (құрбақа, бақа), кейбір бауырымен жорғалаушыларға (жармасқылар, хамелеондар, қолтырауындар) және барлық құстар мен сүтқоректілерге тән. Жануарлардың дыбыс диапазоны 20 Гц – 20 кГц аралығында және ол тек дыбыс аппараты арқылы ғана пайда болатын дыбыс (шаянтәрізділерде, жәндіктерде) емес, балықтың торсылдағымен, жүзу қанатымен, құстың құйрық қауырсынымен, қанатымен, тұмсығымен (қарабауыр бұлдырық, дегелек), аяғындағы не қанатындағы арнайы аппараттарымен (түзу қанатты жәндіктер) шығаратын дыбыстары да болады. Жануарлардың сайрау, қорқу, айбат шегу, ашыққан, сескенген, жұптасу кезінде шығаратын әр түрлі дыбыстары болады. Кейбір жануарлар дауысын ғалымдар шаруашылыққа зиян келтіретін құстарға, жәндіктерге, т.б. кейбір хайуанаттарға қарсы пайдаланып, бау-бақшаны, егістікті қорғайды. Мысалы, Қазақстан орнитологтары қараторғайдың шығаратын дыбыстарын жазып алып, акустикалық әдіспен жүзім бағының зиянкестеріне қарсы қолдануда.



Жануарлардың жүзуі

Жануарлардың жүзуі – жануарлардың суда тіршілік етуге бейімделуінің бір түрі. Бұл шартты және шартсыз рефлекстер салдарынан да қалыптасады. Жануарлар жүзуге әр түрлі жағдайда бейімделген. Кейбір түрі тіршілігінің көп уақытын (су жануарлары, қосмекенділер) суда жүзіп өткізсе, құрлық жануарлары жолындағы кедергіден, судан өткенде не суға кенет түсіп кеткенде жүзеді. Жануарлардың суда жүзіп тіршілік етуге бейімделуі активті және пассивті болып екі түрге бөлінеді. Активті түрінде түрлі жүзу органдарын (қарапайымдар, құрттар – кірпікшелерін, шаянтәрізділер – мұртшаларын, құстар, ескек аяқтылар, қамшат және құндыз – аяқтарын) қозғап жүзеді. Жүзудің пассивті түрінде жануарлар денесін әр түрлі иіп (балықтардың көптеген түрлері, құйрықты қосмекенділер, барлық қосмекенділердің дернәсілі, жылан, сүлік т.б.), қозғап жүзеді. Жүзуге бейімділік сүтқоректілердің де арасында байқалады. Мысалы, камшаттың, құндыздың, жұпартышқанның, су күзенінің және ондатрдың бармақтарының арасында жарғағы болады, жүні жылтыр, су жұқпайды.



Жануарлардың қорғаныш бейімділігі

Жануарлардың қорғаныш бейімділігі – жеке организмнің тіршілік үшін күресте сақталуына, ұрпақ қалдыруына көмектесетін морфологиялық, физиологиялық және этиологиялық ерекшеліктері. Морфологиялық қорғаныш бейімділігі – бүркеніш реңнің барлық түрі, жануарлардың пішіні, жауынан қорғану органдары, т.б. Кейбір организмдердің лимфасы, қаны, терісі улы болуы, жағымсыз иіс (қандала, көптеген қоңыздар, құндыз, т.б.), улы зат шығаруы, денесіне қоректік зат жинап, қысқы, жазғы ұйқыға кетуі – физиологиялық бейімділігін көрсетеді. Жануарлардың жауынан қашуы, жасырынуы, балаларын қорғауы, жауына ұсталып қалған кезде құйрығын, аяғын үзіп кетуі, сондай-ақ қорқытатын дауыс, ысылдау не пішінін өзгертіп айбат шегуі – этиологиялық бейімділігін көрсетеді.



Жануарлардың қыстап шығуы

Жануарлардың қыстап шығуы – ауа райы суық және қоңыржай аймақтарда жануарлардың қыстың қолайсыз жағдайынан сақтануы. Қыстап шығудағы негізгі қиыншылық – қорегін табудың қиындауы, қорек қорының азайып, сапасының нашарлауы. Бұл қиыншылыққа бейімделу үшін балықтар, құстар, сүтқоректілер қорек іздеп бір жерден екінші жерге орын ауыстырады. Кейбір жануарлар, әсіресе, жыртқыш аңдар (қасқыр, жолбарыс, барыс) қорегін іздеп бірнеше шақырым жерге дейін кетіп қалады. Арқар, таутеке, елік, т.б. таулы аймақтарда мекендейтін жануарлар қыс түсісімен қары жұқа, шөбі мол жерлерге қоныс аударады. Сүтқоректілердің кейбір түрі (сарышұнақ, суыр, жайра, т.б.) қыста қорек іздемейді, олар қысқы ұйқыға кетеді. Қыс алдында көптеген жануарлар түлеп, семіреді. Бұл да жануарлардың қыстап шығуға бейімділігінің бірі болып саналады. Жануарлар тіршілік мекеніне қарай 2 топқа бөлінеді: 1) эвритоптық жануарлар – әр түрлі жағдайларда тіршілік ететін түрі (мысалы, қасқыр, түлкі, қарға, т.б.). Бұлар көп тараған, нақты мекен талғамайды, түрлі географиялық аймақтарда кездеседі; 2) стенотоптық жануарлар – белгілі бір жерде ғана тіршілік ететіндері (мысалы, тек құмды жерде кездесетін тараққұйрық сарышұнақ немесе тек таза, тұнық суда болатын бахтах, т.б.). Мекенін үнемі ауыстырып, бірнеше биотопта тіршілік ететін жануарлар да бар. Мысалы, көкқұтан биік ағаштарға ұя салады да, өзен-көлге барып жемін аулайды. Жануарлардың әр түрлі биотопта мекендеуі олардың белгілі бір даму сатысына да байланысты. Мысалы, бақаның дернәсілі суда өсіп дамиды, ал ересек бақа су жағасындағы ылғалды жерлерді мекендейді.



Жануарлардың ұшуы

Жануарлардың ұшуы – организмдердің тіршілік ортасына бейімделуінің бір түрі. Ұшу (жәндіктерді есептемегенде) өте ертеде тіршілік еткен ұшқыш кесірткелер (птерозаврлар) топтарынан бастап байқалады. Жоғары сатыдағы омыртқалылар арасында ұшуға жақсы бейімделгендері – қырлытөсті құстар. Сүтқоректілерден тек жарқанат қана ұшуға жақсы бейімделген. Сүтқоректілердің ішінде қалқып ұшатын түрлері де бар (мысалы, ұшар). Жауынан қорғану үшін ұшатын балықтар да кездеседі (мысалы, ұшқыш балықтар). Ұшу жануарлардың эволюциялық дамуында олардың әр түрлі тіршілік ортасына бейімделуінен пайда болған.



Жануарлардың қоныс аударуы

Жануарлардың қоныс аударуы (латынша mіgratіo – қоныс аудару) – тіршілік еткен ортасының өзгеруіне немесе көбею кезеңіне байланысты жануарлардың мекен ауыстыруы. Бұл тұрақты (маусымдық не тәуліктік) және тұрақсыз болып екіге бөлінеді. Маусымдық мекен ауыстыру тіршілік мекеніндегі жағдайдың әлсін-әлсін өзгеруіне немесе жануарлардың көбею кезеңіне, ал тұрақсыз мекен ауыстыру тіршілік ортасының кенет нашарлауына байланысты болады. Жануарлардың қоныс аударуы сүтқоректілер, құстар, балықтаржәне жәндіктер арасында жиі кездеседі. Жануарлардың қоныс аудару жолын, көбінесе, оларды таңбалау арқылы білуге болады.



Жануарлардың ұйқысы

Жануарлардың ұйқысы – жылы қанды жануарлардың қолайсыз жыл мезгілдеріне бейімделуі. Бұл кезде олар інінде, ағаш қабығы астында, топырақ арасында жатып, денесіне қоректік заттар қорын (салмағы 30 – 40 % май болады) жинау арқылы тіршілігін жалғастырады. Жануарлар ұйқысының бірнеше түрі бар: 1) тәуліктік (мысалы, жарқанаттар, колибр, т.б.); 2) маусымдық – республикамыздың шөл, шөлейт аудандарындағы сүтқоректілердің (мысалы, зорман, суыр, сарышұнақ, т.б.) жазғы ұйқысы қысқы ұйқыға жалғасады, сөйтіп олар ұзақ ұйқыға кетеді. Жануарлардың ұзақ ұйқыға кетуінің бірнеше себептері бар. Оның бірі ауа райының суықтығына немесе шілденің ыстығындағы қуаңшылыққа байланысты. Ұзақ ұйқыға кеткенде жануарлар қоректенбейді, сүтқоректілердің дене температурасы 5 – 7° С дейін төмендейді. Бірақ организмде баяу да болса физиологиялық процестер жүріп жатады; 3) ретсіз – жануарлардың тіршілігінде кенеттен пайда болған қолайсыз жағдайдың салдарынан ұйқыға кетуі (мысалы, ақтиін, жанат ит, қарлығаш, т.б.). Ұйқыға кеткен жануарлар оттектің жетіспеуіне де, денесінен шыққан түрлі улы заттар әсеріне де, жұқпалы ауруларға да төзімді келеді.



Жануарлар анатомиясы

Жануарлар анатомиясы(грекше anatome – кесу, бөлшектеу) – жануарлардың жеке органдарының, орган жүйелерінің және организмнің бітімі (формасы) мен құрылысы туралы ғылым. Жануарлардың тұқымдық ерекшелігін – тұқымдық анатомия; органдардың орналасуы мен өзара қатынасын – топографиялық анатомия; организмнің құрылысын жүйелеуді – жүйелі анатомия; жануарлардың дене құрылысы ерекшелігін жасына байланыстыра анықтауды – жас анатомиясы; организмнің жыныстық дамуы мен өсуін – жыныстық анатомия; жануарлардың жүрген және бір орында тұрған кезіндегі сыртқы пішінін – мүсіндік анатомия зерттейді. Салыстырмалы анатомия әр түрлі типтер мен кластарға жататын жануарлар органдарын салыстыра зерттеп, олардың ұқсастығы мен айырмашылығы болуының заңдылықтарын, жануарлар дүниесінің шығу тегі мен тарихи дамуын анықтайды. Анатомия жөніндегі алғашқы жазба мәліметтер біздің заманымыздан бұрынғы 6–5 ғасырларда Мысырда, Үндістанда, Қытайда, Грекияда хатқа түскен. Мысалы, Гиппократ жануарлардың қаңқасы мен ішкі органдары туралы жазса, Аристотель сүйек қаптың маңызын, жүрек пен қан тамырларының байланысын дұрыс анықтап, жүйкені басқа мүшелерден ажырата білген. Герофил (біздің заманымыздан бұрынғы 304 ж.) өкпе артериясы, жүрек, көз алмасының құрылысын анықтады. Қайта өрлеу дәуірінде Леонардо да Винчи, А. Везалий ғылымға әр түрлі органдар туралы эксперименттік деректер енгізді. Қазақстанда жануарлар анатомиясы саласындағы ғылыми-зерттеу жұмыстары Алматы зоотехниялық-малдәрігерлік институты (қазіргі Қазақ ұлттық аграрлық университеті) (1929) мен Алматы медициналық институтының (қазіргі Қазақ ұлттық медициналық университеті) анатомия кафедраларында (1931) басталды. Қазіргі кезде зерттеулермен Қарағанды, Батыс Қазақстан, Семей, Ақмола медицина академиялары, Қазақ ұлттық университеті, Қазақстан Білім және ғылым министрлігінің бірқатар ғылыми-зерттеу институттары шұғылданады.



Жануарлар биохимиясы

Жануарлар биохимиясы (грекше bіos — тіршілік, өмір және химия) — жануарлар организмінің химиялық құрамы және химиялық құбылыстар мен энергиялық процестер туралы ғылым. Қазақстанда жануарлар биохимиясы 1940 жылдан бастап дами бастады. Жануар денесіндегі түрлі ферменттер(мыс, миоглобин, цитохром, каталаза, т.б.) онтогонез сатыларымен байланыстыра зерттелді. Сау және ауру мал қанының сарысуындағы белоктар биохимиялық тұрғыдан сипатталды (Ж. Омаров, Ө. Ташмұхаметов, Б. Қарабалин, т.б.). Бұдан жануарларға тән гетерозистің молекулалық-генетикалық механизмі зерттеліп, мал будандастырудың зат алмасу процестеріне тигізетін әсері анықталды (Ә. Сәрсенов). Пропин қышқылымен ашытылған сүрлемдегі биохимиялық құбылыстар сипатталып, оны бұзауға азық ретінде беруге болатындығы дәлелденді.



Жануарлар гистологиясы

Жануарлар гистологиясы (грекше hіstos – тін, ұлпа) – жануарлар клеткаларының, оның өте ұсақ құрылымдық құрылысын, тіндерінің шығу тегі мен дамуын зерттейтін биология ғылымының, оның ішінде жануарлар морфологиясының бір саласы. Қазақстанда жануарлар гистологиясының дамуы Алматы малдәрігерлік институтында (қазіргі Қазақ ұлттық аграрлық университеті) гистология кафедрасының ашылуымен тығыз байланысты (1929ж.). 1930–1960 жылдары жануарлардың тыныс алу органдары (А. Мұхамедғалиев, Т. Мәсенов), 1960–1980 жылдары жыныс бездері тін филогенезі мен тін айналасындағы жағдайларға байланысты зерттелді. 1970–1980 жылы жалпақ құрттар (трематода) мен жұмыр құрттардың (нематода) жүйке жүйесі, асқорыту органдары (В. Я. Панин, Б. Шайкенов, т.б.) анықталды. Малдың еті мен өкпесі (Н. Лебедева), сүйегі (В. Матвиенко, т.б.), жүрегі мен қантамырлар жүйесі (С. Бердоңғаров, т.б.) терісі (І. Шағыров, т.б.) гистология тұрғыдан сипатталып, жүн гистогенезі (Э. Б. Всеволодов, т.б.) анықталды. Қысыр малға қолданылатын тіндік препараттар алынды (М. М. Шахматов, т.б.). 1980 жылдардан жұқпалы және инвазиялық аурулар кезінде мал организмінде туатын субклеткалық өзгерістер зерттелуде.



Жануарлар эмбриологиясы

Жануарлар эмбриологиясы (грек. embryon – ұрық) жануарлардың ұрықтық немесе эмбриондық дамуын, кең мағынада алғанда жеке организмнің (онтогенезде) дамуын толықтай зерттейтін ғылым. Жануарлар эмбриологиясы саласындағы ғылыми-зерттеу жұмыстары Қазақстанда 1950 ж. Қазақстан ҰҒА-ның Эксперименттік биология (қазіргі “Биоген” жабық акционерлік қоғамы) институтында, Алматы зоотехния-малдәрігерлік (қазіргі Қазақ ұлттық аграрлық университеті) институтында академик Мұхамедғалиевтің басшылығымен басталды. Республика ғалымдарының зерттеулерінің нәтижесінде құрсақтағы қозы (А. Шағыров, А. Т. Қазатаев, т.б.), құлын (Қ. Ш. Баймұхаметов), торайдың (Н. С. Панченко, т.б.) сырт пішіні сипатталып, дене мүшелерінің арақатынасы зерттелді. Сондай-ақ, тері, қалқанша безі, жемсау бездеріне, бүйрек, асқазан мен ішек, бауыр эмбриогенезіндегі заңдылықтарға сипаттама берілді. Қазақ биязы жүнді қойы мен қазақ арқар-мериносының құрсақта дамуы зерттеліп, қаңқаның сүйектену ерекшеліктері анықталды. Қозының, оның органдарының құрсақта өсуі, оның әр кезеңде әр түрлі заңдылықтарға бағынатыны дәлелденді. Қозының құрсақта дамуының алғашқы кезеңдері жете зерттеліп, заңдылықтары қорытылды. Құрсақтағы қозы қанының биохимиялық ерекшеліктері, оның белок құрамы анықталды (О. В. Дьяченко, Ұ. М. Әбілова, т.б.). Қой мен ірі қара зиготасының трансплантациясы (орнын алмастырып салу) мәселелері зерттелуде. Осы кездегі жануарлар эмбриологиясында салыстырмалы-сипаттамалы және эксперименттік бағыттан басқа, экологиялық эмбриология бағыты дамып келеді. Бұл бағыт дамып келе жатқан организмді тіршілік ортасымен байланыстыра зерттейді.



Жануарлар генетикасы

Жануарлар генетикасы(грекше genesіs – шығу, пайда болу, тек) – жануарлардың тұқым қуалаушылық және өзгергіштік қасиеттерін зерттейтін ғылым. Оның негізгі мақсаты – шаруашылыққа тиімді белгілердің тұқым қуалаушылығы мен өзгергіштігінің заңдылықтарын ашу, оларды басқару жолдарын анықтау. Жануарлардың адамға қажетті жаңа тұқымдарын өсіріп шығару. Осыған байланысты жануарлар генетикасы мына мәселелерді зерттейді: 1) тұқым қуалаушылықтың материялық негізі; 2) тұқым қуалаушылық затының (геннің) ұрпақтан ұрпаққа берілу жолы мен заңдылықтары; 3) нақтылы бір белгілердің пайда болып, қалыптасып даму жолдары; 4) тұқым қуалаушылық заттың (генетикалық мәлімет) өзгеру себептері мен түрлері. Бұл мәселелер жануарлар дүниесі құрылымының әр түрлі деңгейінде (молекулалық, клеткалық, организмдік, популяциялық) зерттеледі. 19 ғасырдың аяғы 20 ғасырдың басында жануарлардың әр түріне тән хромосома саны, сонымен қатар хромосомалар құрылысының бұзылуы мен санының өзгеруіне байланысты әр түрлі аурулар мен әр түрлі жағымсыз ауытқулар байқалатыны анықталды. Жануарлар генетикасы оларды сұрыптауға негіз болды. Сұрыптау нәтижелілігіне тікелей қатысы бар жалпы және популяциялық генетика заңдылықтары ашылды. Бұл сұрыптау жүйесіне енген малдың биологиялық немесе шаруашылыққа тиімді белгілерін шартты түрде сапалық және сандық деп екі жікке бөлу қажеттігін дәлелдеді. Сапалық белгілердің жануарлар генетикасы ашқан тұқым қуалаушылық заңдылықтары оларды сұрыптау тәжірибесінде малдың ата-тегін анықтау, өнімділігі мен шағылыстырғандағы нәсілдік қасиеттерінің үйлесімділігін алдын-ала болжау үшін кеңінен қолданылады.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет