А. МҰратқызы, А. Е. Бекшойнова, С. К. Серикова, М.Қ. ТӨлеуова отбасылық ТӘрбиенің негіздері



Pdf көрінісі
бет5/157
Дата03.01.2022
өлшемі1.54 Mb.
#451283
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   157
Отбасылық тәрбиенің негіздері

1-БӨЛІМ. ОТБАСЫ – ТӘРБИЕ БАСТАУЫ
1.1.Отбасы тәрбиесінің маңызы
Бала  тәрбиесінің  негізі  – бұл  оның  отбасы.  Отбасы  – болашақ 
азаматтың әлеуметтену жолындағы алғашқы қадамдарын жасайтын бастапқы 
ұя. Осы шағын әлеуметтік топ, бала үшін өмір мектебі. Ол балаға моральдық 
қалпы  туралы  алғашқы  түсініктерді береді, оны  еңбекке  баулып,  өз-өзіне 
қызмет  ету  дағдыларын  қалыптастырады.  Ата-ананың  іс  әрекеті  мен  мінез-
құлқы,  өмір  сүру  салты  арқылы  балаға  дүниетанымдық,  адамгершілік, 
әлеуметтік-саяси  құндылықтар  беріледі.  Ұлы  қаламгер  М.Әуезовтің «Ел 
болам  десең,  бесiгiңдi түзе»  деген  қанатты  сөзi  отбасы  тәрбиесiнiң 
маңыздылығын көрсетедi.
Отбасындағы  ата-ана  – баланың  өмірлік  ұстазы  және  бірінші 
тәрбиешісі.  Баланың  болашағы  мен білімі,  мәдениеті  отбасындағы  ата-
ананың сіңірген еңбегіне, тәлім-тәрбиесіне байланысты. Кеңес педагогы В.А. 
Сухомлинский «Отбасы-барлығының  басы,  жан-жақты  дамуының  негізі 
болатын  тәрбие  институты.  Отбасындағы  ата-ана  мен  баланың  қарым  –
қатынасы нәтижесінде, адамгершілік, эстетикалық, дене тәрбиесінің алғашқы 
үлгісі қалыптасады. Ал, әке мен шеше, ата мен әже, апа мен ағалар баланың 
алғашқы  тәрбиешілері» - деп  бағалаған. Отбасындағы  тәрбие белгілі  бір 
тұрақты  әлеуметтік  институт  ретінде  анықталады,  ол  отбасы  мүшелері 
арасындағы өзара қатынастардың қалыптасуы мен дамуына септігін тигізетін 
адамдардың  жақындығы,  туыстық  қатынастары,  өзара  тұрмыстық  өмірі.
Отбасы тәрбиесінің артықшылығы да осы қатынастарда және оны тәрбиенің 
ешқандай да түрі алмастыра алмайды.
Бүгінгі  таңда  мемлекетіміз отбасы  тәрбиесінде ата-аналарға үлкен 
жауапкершілікті  жүктеп  отыр. Қазақстан  Республикасының  тәлім-тәрбие 
тұжырымдамасында, бүгінгі тәрбие берудің негізгі міндеті «Ең алдымен дені 
сау, ұлттық және мәдени сана сезімі оянған, рухани ойлау дәрежесі биік, ар-
ожданы мол, парасатты, еңбекқор, іскер және бойында басқа да ізгі қасиеттер 
қалыптасқан  адамды  тәрбиелеу»  - деп  көрсетілген. Отбасының  бала 
тәрбиесіндегі  рөлін Чехтің  ұлы  педагогі  Ян  Амос  Коменский  еңбектерінің 
төрінен орын алған. Ол тәрбие негізі ретінде отбасын бөліп қарастырып, оны 
білім беру жүйесінің алғашқы сатысы «Ана мектебі» деп көрсеткен. Өйткені, 
бала адамгершіліктің негізгі түсініктіктерін отбасында алып, алғашқы адами
қасиеттерді отбасында  қалыптастырады.  «Отбасы  үлкен  және  жауапты  іс, 
осы істі ата-аналар басқарады және оған қоғам алдында жауап береді» – деп 
өз еңбегінде А.С. Макаренко ерекше атап көрсеткен [1].
Отбасы  мәселесін  көптеген  әлеуметтану,  философия,  психология, 
педагогика,  демография,  кұқық,  әдептану,  тарих  және  т.б.  ғылымдардың 
қарастыруына  байланысты  көптеген  анықтамалар  кезіктіруге  болады.  Қазақ
тілінің түсіндірме сөздігінде  «Отбасы - неке  мен  қандас  туысқандыққа 
негізделген  шағын  топ»,  – деген  анықтама  берілген.  Оның  мүшелері  ортақ 
тұрмыс,  өзара  көмек  және  рухани  жауапкершілік  арқылы  байланысқан.
Отбасы қоғам мен бүкіл қоғамдық қатынастар жүйесімен тығыз байланыста 


6
бола  тұрса  да, қоғамдық  өмірге  қарағанда  адамдардың  белгілі  дәрежедегі 
дербес сырлас тобы және оның өмірі материалдық және рухани үрдістермен 
сипатталады.
Философиялық  тұрғыда  «отбасы – қоғамның ажырамас құрамды,
өмірде  зор  мәні  бар  кішігірім ұйымы»  - деп  бepiлсе,  педагогикалық-
психологиялық тұрғыда «отбасы - ата-ана мен балалар және басқа да отбасы 
мүшелерінің  өзара  қарым-қатынасының  тарихи  нақты  жүйесі». Осы 
анықтамалардан  түйіндейтініміз,  «адамның  өз  өмірінің  негізгі  кезеңдерін
бастан  кешіретін  кіші  әлеуметтік  топ  – отбасы». Әрбір  адам  өмірінің 
отбасымен тығыз  байланыстылығы  соншама,  ол  әрбір  отбасы  мүшесінің 
дамуына  зор  және  елеулі  ықпал етеді. Бұдан  түйіндейтініміз, отбасындағы 
қатынастар,  отбасының  құрылымы  мен  формасы  тарихи  өзгеріп  отыратын 
әлеуметтік топ болып табылады.
Отбасында  ата-ана  арқылы  берілетін  тәрбиенің  басты  мақсаты  -
баланың  жасын,  жеке  және  психикалық  ерекшеліктерін  ескере  отырып,  өз 
тегін  жалғастыратын  лайықты  ұрпақ  тәрбиелеу. Ата-аналар  міндетіндегі 
отбасы тәрбиесі - балалардың  дене  және  рухани  сапаларын  қалыптастыру 
бағытындағы  саналы  да, парасатты  істерге  негізделген  үздіксіз  жетілуші 
үрдіс. Бұл мәреге жету үшін мына міндеттер шешілуі тиіс: 
- баланың физиологиялық өсіп-жетілуіне, денсаулығына жағдай жасау
және қамқорлық көрсету;
- баланың  өзіндік  бағасымен  санаса  отырып,  қоғамның  толыққанды
мүшесі болуға даярлау; 
- еңбексүйгіштікке  баулу,  баланы  күнделікті  үй  шаруашылығындағы
еңбекке дағдыландыру; 
- отбасы  мүшелерінің  өзара  дұрыс  қарым-қатынасын,  тіл  тауып
түсінуін, бірін-бірі тыңдап, ата-ананы және жасы үлкендерді сыйлап, құрмет 
тұтуға үйрету; 
- білім  алудың  және мәдени  мінез-құлықтың  әдет-дағдыларын
қалыптастыру; 
- баланың  икемділігі  мен қабілетін  байқап,  мамандық  таңдауға  бағыт
беру, бағдарлау;
- әдебиетке, өнерге, мәдениетке, ғылымға құштарлығын тәрбиелеу;
- баланың ақылына, күшіне, біліміне сай берілген тапсырманы, талапты
орындауын қадағалау, бақылау, тексеру, бағалау; 
- тәртіпке,  ұқыптылыққа,  жауапкершілікке,  ойшылдыққа,  өзін-өзі
тәрбиелеуге, дербестікке, шығармашылыққа баулу; 
- баланы өзінің әлеуметтік рөлін білуге міндеттеу;
- өз тегін жалғастыратын сабақтастыққа, болашақ өмірге тәрбиелеу.
«Отан  – отбасынан  басталады» дегендей,  отбасы  –күрделі  қоғамдық
құбылыс. Қоғамдық ортаның шағын бір бөлігі ретінде отбасы балаға өмірге 
жолдама береді, жеке қөзқарасы мен әдет-ғұрпының іргетасын қалайды. Ал 
бала ата-ананың игі істерін жалғастырушы болашағы. Бала өмірінің алғашқы 
күнінен  бастап-ақ ата-ана  өздерінің  негізгі  борыштары  мен міндеттерін 
орындап,  тәрбиелеу жұмысын  атқаруға  кіріседі. Яғни,  ата-аналар балалары


7
алдында  олардың  денсаулығының  дұрыс  жетіліп, өсуін  қамтамасыз  ету, 
тәрбие беру, білім беру, үй болып аяққа тұрып, ел қатарына қосылып кетуін 
қамтамасыз  ету  сияқты  міндеттерді орындайды,  ал  балалары  ата-анасын
қамқорлыққа алып, сүйеніш болу секілді міндеттермен ұштасып жатады. 
Отбасының  негізгі  міндеттерінің  бірі  - баланы  еңбек  етуге,  жарқын 
сезімдер мен мұраттарға тәрбиелеу және адамдар арасында өмір сүре білуге 
үйрету. Бұл қасиеттердің бәрі негізінен отбасы - ошақ қасында қалыптасып, 
нығаяды.  Мұнда  әсіресе,  отбасындағы  ересек  адамдар  өздерінің  жеке 
бастарының  өнегесі  арқылы  жас  балалардың  бойында  осындай  сезімдерді 
қалыптастырады.  Өз  ата-анасын  сыйлап,  құрметтеп  үйренген  бала  өзге  ата-
аналарды да құрметтей біледі, қашан да үлкендер алдында өзін дұрыс ұстап, 
құрмет  пен  қамқорлық  таныта  біледі.  Қазақтың «Баланың  бас  ұстазы  –ата-
ана»,  «Балапан  ұяда  не  көрсе,  ұшқанда  соны  іледі»- дегеніндей саналы  да, 
білімді болашағын қалыптастыру әр ата-ананың міндеті, парасатты парызы.
Отбасы тәрбиесі– нақты отбасы жағдайындағы ата-ананың және басқа 
туысқандарының  ықпалы  арқылы  берілетін  тәрбие  мен  білім  беру  жүйесі. 
Бала  бойында  жақсы  мінез-құлықтарды  сіңіруде  ата-ананың  және
үлкендердің жеке  бас үлгі-өнегесі  ерекше рөл  атқарады. Бала оларға қарап, 
еліктеп  өседі.  Кейбір  ата-ананың  балаға  айтар  өсиеті  мен  күнделікті 
тіршіліктегі  іс-әрекеті,  мінез-құлқы  сай  келе  бермейді.  Балаға  өтірік  айтпа, 
ұрлық  істеме,  біреудің  ала  жібін  аттама,  кісіге  қиянат  жасама  дей  отырып, 
ата-ана немесе отбасының өзге мүшелерінің өзі осы қылықтармен айналысса, 
бала тәрбиесіне теріс әсер етері сөзсіз.
Қазақтың  ұлы  ақыны  Абай  Құнанбаев  отбасындағы  баланы 
тәрбиелеуде  ата-аналар  тарапынан  жол  берілетін  кемшіліктерді  ескерте 
отырып, өзінің 10-шы қара сөзінде: «Әуелі балаңды өзің алдайсың: әне, оны 
берем,  міне,  мұны  берем  деп,  баста  балаңды  алдағаныңа  мәз  боласың. 
Соңынан  балаң  алдамшы  болса,  кімнен  көресің?»  деп  балаларына  теріс 
тәрбие беретін ата-аналарды сынайды [2].
Отбасы - ең үлкен, мықты тәрбие ошағы. Себебі болашақ ұрпақ сонда 
тәрбиеленеді,  адамның  жеке  басының  бастапқы  басқышы  пайда  болады, 
мінездің негізі қаланады, және адами қасиеттер мен әдептілік қалыптасады. 
Демек, баланың келешекте қандай болуы өзі туылған отбасында алған тәлім-
тәрбиесі мен ондағы қарым-қатынасқа байланысты болады. Сонымен қатар,
отбасы  – ұлттық  құндылықтарды  қалыптастырудың  қайнар  көзі,  тәрбиенің 
бастауы,  әр  үйде  бала  санасына  ұлттық  құндылықтарға  деген  көзқарастар 
жүйесін, салт-дәстүрлерді, әдет-ғұрыптарды, даналық және тыйым сөздерді, 
тәрбиелік  мәні  жоғары  ауыз  әдебиетінің үлгілерін  сіңіреді. Осы  тұрғыдан 
отбасын ұлттық құндылықтарды қалыптастыратын, оларды ұрпақтан-ұрпаққа 
жеткізіп  отыратын,  ұлттық  мәдениетті  тәрбие  арқылы  тасымалдаушы  орта 
ретінде  қарастыруға  болады.  Қазіргі  қоғамның  мақсаты «Мәңгілік  Елдің» 
ертеңгі  болашағын  ойлайтын  азаматтарды  тәрбиелеу  болса,  оларды 
әлеуметтік  өмірмен  үйлесімді  тіршілік  етуге  даярлау  отбасы  тәрбиесінің 
үлесіне тиесілі.


8


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   157




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет