1.2. Отбасы тәрбиесінің қалыптасу және даму тарихы Кез келген мемлекетте тәрбие жүйесінің дамуы мен қалыптасуы оның
тарихымен тығыз байланысты. Отбасы тәрбиесі қай дәуірде болмасын өзінің
маңыздылығын жоғалтқан емес. Отбасының өзіндік даму тарихы бар. Отбасы
тәрбиесінің кең өрiс алуы, тәрбие қызметiмен байланысты теориялық
бiлiмдердiң ерекше саласының қарқыны мен дамуына жол ашты. Отбасы
тәрбиесінің тарихи болмысын Платон, Аристотель зерттеулерінен көруге
болады. Отбасы тәрбиесінің тарихи дамуының ғылыми-материалистік
теориялары американдық ғалым Льюис Морганның зерттеулерінен бастау
алған. Ал, классикалық неміс философиясының өкілдері И.Кант және Фихте,
Гегель, француз ағартушысы Ж.Ж.Руссо мен швейцарлық И.Г.Песталоцци,
орыс педагогтары К.Д.Ушинский, Н.К.Крупская, А.С.Макаренко және т.б өз
еңбектерінде отбасы тәрбиесін жан-жақты қарастырған.
ХІХ ғасырдың екінші жартысынан бастап отбасы тәрбиесіне деген
тарихи көзқарастар одан әрі дами түсті. 1877 жылы Л. Морганның «Ежелгі
қоғам» атты кітабында отбасы тәрбиесінің тарихы, оның некелі қарым-
қатынасы, экономикалық, әлеуметтік дамуы мен қызметі көрсетілген. Одан
кейінгі уақыттарда отбасы тәрбиесі туралы марксистер жаза бастады. 1884
жылы марксист Ф.Энгельс «Отбасының, жеке меншіктің және мемлекеттің
шығуы» атты еңбегінде отбасын тарихи категория ретінде қарастырып, оның
формаларының байланысын, даму жолдарын көрсетеді[1].
Отбасының өмірі материалдық және рухани үрдістермен сипаттала
отырып, табиғи, биологиялық және шаруашылық тұтыну қатынастары оның
материалдық жағын құраса, ал рухани жағын құқықтық және адамгершілік,
психологиялық қатынастары құрайды. Отбасы мәселелерін жан-жақты өз
еңбектерінде қарастырған ТМД елдерінің ғалымдары В.И. Зацепин, В.Д.
Цимбалюк, Г.К. Матвеев, Ю.И. Семенов, Н.Е. Соловьев, А.Г. Хрипкова, З.Я.
Янкова болса, ал Қазақстанда С.Қалиев, Қ.Б.Жарықбаев, Ж.Б. Қоянбаев, К.
Бейсенбиева, М.М. Тажин, Б.Аяғанова сынды ғалымдар. Бұл ғалымдардың
тұжырымдалары бойынша отбасы - адамдардың, яғни некелік негізде
қосылған еркек пен әйелдің, олардың туған немесе тумаған балаларының, кей
кезде басқа да бірге тұратын жақын адамдарының қарым-қатынастық,
бірлестік формасы. Авторлар еңбектерінде барлық отбасының кез-келген
даму кезеңдерінің мәні мен сипаттарын қарастырған.
Жалпы алғанда, әр халықтың өзіне тән отбасы тәрбиесінің тарихы бар.
Олар бір-бірінен өзіндік қалыптасу тарихы тұрғысынан ерекшеленіп, кеңінен
зерттеліп, отбасы тәрбиесінің рөлі мен маңызы айқындалған. Отбасы пайда
болған кезден бастап, көптеген мыңжылдықтар барысында отбасы тәрбиесі
қоғамда балаларды тәрбиелеудің жалғыз ғана формасы болған. Мектептер
мен басқа да білім беру және тәрбиелеу мекемелері өте аз болып, олар тек
жоғарғы тап өкілдерінің балаларына ғана қызмет жасады. Ертеде отбасын
құру - күнкөріс қамы үшін, ерлі-зайыптылар қатынасы, ұрпақ әкелуден
туындаған. Бүгінде отбасы – ерлі-зайыпты екі адамның арасындағы некеге
құрылған негізгі әлеуметтік топ, ұрпақ жалғастыратын шағын мемлекет.