б) Абайтанудың М.Әуезов дәуірінен кейінгі кезеңі (1961-2024 жж.)
М. Әуезов өмірден өткен соң алпысыншы жылдарда абайтану саласы тежеліп, тіпті тоқырауға бет алды. Осыны дер шағында сезінген Қ. Жұмалиев бұл істі жандандыруды қолға алды. Сөйтіп екі бағыттағы зерттеу жұмысына тақырып беріп, оларға жетекшілік жасады: 1) Абай мұрасының 1960 жылдарға дейінгі зерттелу тарихы (М. Мырзахметов); 2) Абай мұрасының орыс тіліне аударылу тарихы мен жай-күйі (С. Құспанов). Алғашқы М. Мырзахметұлының зерттеуі негізінде абайтанудың 1960 жылдарға дейінгі 75 жылдық тарихы жүйеленіп, Абайдың библиографиялық көрсеткіші түзіліп (1965), Абайдың М. Әуезов негізін салған Шығысқа қатысы жайлы мәселе көтеріле бастады. Жалпы 1961-1990 жылдар аралығындағы зерттеулерде Абай поэтикасының ішкі әлемі, көркемдік тіл кестесі, өлең құрылысы, т.б. тақырыптардағы қызғылықты тың ой-пікірлер мол айтылғанымен, Абай нәр алған рухани бұлақтар, Абай дүниетанымы мәселесінде социалистік идеология ұстанымы еркіндікке жол бермеді. Сондықтан да Абай дүниетанымы материалистік, атеистік, ал әлеуметтік-саяси көзқарасы таптық тұрғыда бағаланды.
1982 жылы жарыққа шыққан М. Мырзахметұлының «Мұхтар Әуезов және абайтану проблемалары» атты монографиясының «Абайдың Шығысқа қатысы - М.Әуезов зерттеулерінде» деген тарауынан бастап, Абайдың Шығысқа, исламиятқа, мораль философиясына, адамгершілік таным негіздеріне қатысты ой-тұжырымдары ұлттық тұрғыда жаңаша бағыт-бағдарда ғылыми айналымға енді. Бұл бағыт, әсіресе, Абайдың 150 жылдық мерейтойы қарсаңындағы барлық ғылым салаларында жанданды. Мысалы, А. Машановтың «Әл Фараби және Абай», Ғ. Есімовтің «Хакім Абай», М. Орынбековтың «Абайдың философиялық көзқарасы», М. Мырзахметовтің «Абайдың адамгершілік мұраттары» зерттеулерінде Абай дүниетанымы Шығыспен байланыстағы ұлттық философия негізінде қарастырылды.
Бұл кезеңде де М. Әуезов айқындап берген абайтанудың сегіз түрлі тақырыптық зерттеу аясында құнды еңбектер жарық көрді. Мәселен, Абай өмірбаянына қатысты Б. Байғалиевтің «Абай өмірі - мұрағат деректерінде» монографиясы, XIX ғасырдағы отарлық езгі тарихы және Абай шығармаларындағы азаттық сарын тақырыбында М. Бекбосыновтың «Тәуекел мен батыр ой» монографиясы, Абайдың библиографиялық көрсеткіштері (1965,1988,1995), Абай кітапханасының көлемі жайлы Қ. Салғариннің «Тереңге тартқан тамырлар» зерттеуі, Абайдың Шығысқа қатысы жайлы М. Мырзахметұлының «Абай және Шығыс» монографиясы, С. Оразалиевтің «Абай және Дауани», М. Әліпханның «Қазақ әдебиетіндегі адамгершілік ілімі», Д.Мұхамадиевтің «Абайтанушы», «Сан қырлы ғалым» монографиялары мен зерттеулері жазылды.
Достарыңызбен бөлісу: |