Бақылау сұрақтары:
1. Ақын өмірбаянын жазудағы ерекшеліктер
2. Өмірбаянның жазылуындағы Көкбайдың рөлі
Дәріс 3-4. Тақырыбы: Абайтану ғылымының үш кезеңі (М.Әуезовке дейінгі кезеңі (1889-1933 жж.); М.Әуезов кезеңі (1934-1961 жж.); М.Әуезов дәуірінен кейінгі кезең (1961-2024 жж.)
Жоспары:
1. Абайтану ғылымының қалыптасуы мен дамуы
2. Абайтану саласының үш кезеңі.
Дәріс мақсаты: Абайтану саласының қалыптасуы мен дамуы және кезеңдері, осы салаға үлес қосқан тұлғалар туралы мәлімет беру.
Дәріс мәтіні (қысқаша):
а) Абайтанудың (М.Әуезовке дейінгі кезеңі (1889-1933 жж.)
Абай мұрасын ғылыми, педагогикалық және әдеби-шығармашылық тұрғыдан зерттеу тарихы үш кезеңнен тұрады. Олар: 1889-1933; 1934-1961; 1961-2014. Абайтанудың осы алғашқы кезеңіндегі Абай мұрасының ел ішіне танылу жолының төңкеріске дейінгі мезгілде баспасөз арқылы, ауызша жатталып, әнмен айтылып және көшірме қолжазбалар түрінде таралуы хақында М. Әуезовтің жазбаларын ескеру қажет. Сондай-ақ, Абайды танып бағалау алғашқыда рушылдық танымда көрініс берді. Мұны Қуанышбай ақынның руаралық айтыстағы сөздері мен М. Әуезовтің Абай ғұмырбаянына арналған алғашқы өмірбаяндық «Абайдың туысы мен өмірі» атты очеркіндегі деректері айғақтайды.
Ал Абайды халықтық таным тұрғысынан бағалау фольклорлық жанрдағы «Бипаның сөзі» дастаны мен «Қисса Біржан сал мен Сара қыздың айтысқаны» кітабынан бастап, ХХ ғасыр басындағы Алаш арыстары мен ұлт зиялыларының Абайды ұлттық, жалпы адамзаттық гуманистік мәнде тануларымен ұштасты. Бұл орайда Абайды халықтық танымда бағалап, елге таныту, сонымен бірге Абай мұрасын жинау, бастыру, шығармаларының мазмұнын талдау, идеясын таныту, өмірбаяндық мәліметтер беру ісінде 1924 жылға дейін жазбаша және көпшілікке баяндама түрінде насихаттаған Ә.Бөкейханов, Д. Кеннан, Зейнелғабиден ибн Әміре, К. Ысқақұлы, А.Белослюдов, А. Байтұрсынұлы, С. Әбішұлы, Нұқ Рамазанов, Сатылған Сабатаев, Нәзипа Құлжанова, М. Дулатов, М. Әуезов, Ж. Аймауытов, С. Сәдуақасов, Т. Шонанов, Б. Күлеев, І. Жансүгіров, Ғ. Сағди, М. Жұмабаев, Х. Ғаббасов еңбектеріне қысқаша шолу жасау керек.
1920 жылдардан басталған ел тарихы мен руханиятын тапқа бөліп қарастыру, таза пролетариат әдебиеті мен мәдениетін жасауға ұмтылудан туған тұрпайы социологиялық таным Абай мұрасын да шет қалдырмады. Бұл таным бойынша әдеби мұра оның идеясы мен әлеуметтік сарынына қарай емес, автордың шыққан тегіне қарай бағаланды. Яғни Абай байдың баласы, әлеуметтік тегі үстем тап болғандықтан, оның философиясы - идеализм, саяси-әлеуметтік көзқарасы − байшылдық, ұлтшылдық делінді. Соған сай Абай дүниетанымын қоғамдық-саяси тартыстармен байланыста қарастырып, бірде Абайды феодал табының ақыны деп, бірде феодал табының ұсақ буржуазиялық жолға түскен тобының ақыны деп, енді бірде жаңа туып келе жатқан буржуазияшыл ұлтшыл таптың идеологы деп бағалау белең алды. Бұл бағытта С. Мұқанов, І. Қабылов, Аршурини, М. Қайыпназаров, Ғ. Тоғжановтар жазса, оларға қарсы Абай мұрасын халықтық тұрғыда қарастырып, жанқиярлықпен күрескен Ыдырыс Мұстамбаев, М. Әуезов, Қ. Жұбанов, Есен Тұрсын еңбектерін саралап оқытқан абзал.
Достарыңызбен бөлісу: |