Бақылау сұрақтары:
Абай нәр алған қайнар көздер туралы ең алғаш тиянақты мәлімет беретін мақала.
Абай шығысының танылу жайы
Ақынның лирикалық туындылары.
Дәстүр және жаңашылдық.
Дәріс 8. Тақырыбы: Абайдың «толық адам» ілімі
Жоспары:
1. Адамгершілік – дәстүрлі ілім.
2. Абайдың толық адам танымы.
Дәріс мақсаты: Ақындағы жүйелі, қалыпты адамгершілік ілімімен таныстыру.
Дәріс мәтіні (қысқаша): Адамгершілік – барлық қаламгерлерге ортақ тақырып. Әйтсе де сол қаламгерлердің бәрі де бұрыннан айтылып келе жатқан дәстүрлі тақырып - адамгершіліктің өзіндік жүйесін, қалыбын, танымын жасай бермеген. Абайдың өзге ақын-жазушыдан бөлек болатын жағдайы да осы адам болу мен адамгершіліктің жүйелі жолын, өзіндік танымын жасай білуімен байланысты. Ол адамгершілікті көркемдік тұрығыда суреттеумен шектелмей, оны ілім, таным, ойшылдық деңгейіне көтере жырлайды. Абай негізін Аристотель қаласа да шығыста әл-Фараби бекіте түскен ғылымдар жүйесіндегі «практикалық философия» тұрғысында толғанады. «Практикалық филолсофия» мемлекет пен жеке адамның игілігі мен бақытын, кемелділікке жетуін сөз ететін саясат пен этиканы қамтиды. Ұлы ойшыл әл-Фараби «Философияны үйренуден бұрын нені білу керектігі туралы» трактатында әртүрлі пікірлерді айта келіп, этиканың қасиетін көре білген Теофрастың да б.э.д. 371-286 ж. көзқарасын келтіреді: «...Теофрастың жолын ұстанғандар этикадан бастау керек деп санайды, өйткені мінез-құлқын түзей алмаған адамның ақиқат ғылымға да қолы жетпейді» дейді. Абай да - этикалық мәселені, мораль философиясын тереңдеп сөз еткен ғалым, ойшыл, ақын. М.Әуезовтің «Ол адамгершілікті, моральдық философияны барлық жайдан жоғары қойды» деген ойы ақын танымын терең танудан туған. Абай үшін ақындық мұрат емес, оның ақындығы - адамгершілік танымының құралы ғана. Ол белгілі бір адамгершілік қасиеттерді іш тартып қана қоймай, сонымен бірге адамгершіліктің, адам болу мен кісіліктің өзі тапқан қалыбын, жүйесі мен жолын жасайды. Адам тану мен адамгершіліктің мәніне, сырына үңіле түседі. Қайтсем адам атын асқақ,асыл етем деп шарқ ұрады. Жалпы, діни-философиялық ойдың даму тарихында «адам» ұғымының алатын орны орасан десек те, оны белгілі бір жүйеге түсіріп, тиянақты түсіндіруге көш басы болған философ - Сократ. Абайдың толық адам танымы туралы сол Сократтан басталатын Платон, Плотиндердегі сүюді сүйеніш, тірек еткен адам, қытайлардың дао іліміндегі әбден жетілген адам (совершенно мудрый человек), шығыс ойшылдары мен суфизмдегі камили инсан мен бенделіктің кәмалаттығына ұмтылған адам және Ирандағы жәуанмәртілікпен сабақтасып, туыстасып жатады. Абайдың адамгершілікті жырлаудағы ең басты жаңалығы да осы. Абайдағы адамгершілік мәселесі құбылыс ретінде толық адам арқылы көрініп, ең түпкі мәні махаббат пен әділет, ізгілікке дейін дамып, ұштала түседі. Абайда толық адамның мәні мен негізіне үңілген белгілі бір жүйе бар. Сол жүйені мынадай күйде көруге болады:
а) толық адам: ақыл, қайрат, жүрек;
ә) ақыл, жүрек;
б) жәуанмәртілік: ақыл, рақым, әділет;
в) жүрек: әділет, рақым, мейірім,сүю, т.б.
г) әділет;
д) сүю;
е) ізгілік, қайырымдылық, бақыт.
Абайдың адам болу жайындағы жүйелі танымы «Қартайдық, қайғы ойладық, ұйқы сергек» өлеңінен басталады.
Ер ісі ақылға ермек, бойды жеңбек,
Өнерсіздің қылығы өле көрмек.
Шыға ойламай, шығындап қылық қылмай,
Еріншек ездігінен көпке көнбек.
Ақынның сөз қолданысында «Ер» сөзі көбінесе кісілікті кісі бейнесінде келеді.
Ал кісілікті кісі ақын армандаған толық адам ұғымымен төркіндес. Мұны ақын өлеңдерімен үңіле оқыған оқырман өзі де байқай алады. Осы бір ғана шумақта кісілікті кісінің әдемі-ақ бейнесі берілген. Әрбір сөзді ерекше електен өткізіп барып айтатын ақынның «бойды жеңбек» тіркесінің мән-жайы орта ғасырдағы шығыс ойшылдары мен ақындарында молынан сөз болған. Олардың ойынша, адам болудың жолына түскен кісі ең алдымен тәндік тілегін тежеп, жанының зиянды құмарын шектей білуі керек. Абай «бойды жеңбек» деп осыны айтып отыр. Ақын өлеңіндегі «көпке көнбек» сөзінің де тарата түсуді тілейтін төркіні бар. Ол көпті көбінесе тобыр, ақылсыз, надан кейпінде суреттейді. Керісінше, жеке адамның көш бастаушы көсемдігіне ерекше көңіл бөледі. Әл-Фараби де жеке адамның, бас әкімнің тұлғасына назарын көбірек аударып, олардың адамгершілігі мен білімділігі қоғамда қайырымдылықты жүзеге асырудың негізгі шарты деп білген. Мұндай таным Жүсіп Баласағұнда да бар. Абай - осы таныммен жете таныс ақын. Оның ойынша, әрбір адам өзін тану арқылы үнемі адамдығын жетілдіру жолында жүрмек. Ал «бар ақылы көзінде тұратын» ақымақтың тірлігі - өмір арнасында ақылсыз, ойсыз аға беру, өлгенше «көкірек көзі ашылмай» қалғып өту. Ақын өлеңдері мен қарасөздерінде таным жайын көп айтады. «Шыға ойламай, шығындап қылық қылмай» жүрген надандардан кісінің мәртебесін артық ететін де - осы таным мәселесі.Абай үнемі ебін тауып кісінің адамгершілігін ұштай түсумен болады.
Адамзат тірілікті дәулет білмек,
Ақыл таппақ, мал таппақ, адал жүрмек.
Ақынның өзі айтқандай, адамда екі түрлі қуат бар: жан қуатымен ақыл таппақ та, тән қуатымен мал таппақ, еңбек етпек. Ақын екеуінің де адалдықпен болғанын қалайды. Және осы ойының жүйелі түрде қалыптасқан таным екенін кейінгі өлеңдерінде сапалы өсудегі қайталауымен дәлелдеп отырады. Ақын толық адам туралы танымын өмірінің соңына дейін алып барады. 1902 жылы жазылған «Тоты құс түсті көбелек» атты мәні терең өлеңінде тағы да осы үш қасиеттің тұтастығын танығандай боламыз:
Адамзатқа не керек:
Сүймек, сезбек, кейімек.
Харекет қылмақ, жүгірмек,
Ақылмен ойлап сөйлемек.
Ақын шығармаларымен біршама таныс оқырман екінші жолдан жүректі, үшінші жолдан қайратты, соңғы жолдан, өзі де айтып тұрғандай, ақылды оп-оңай аңғара алады. Адамзат үшін қажет үш қасиеттің осы шумақтағы бөлінбес бірлігін кездейсоқ құбылыс дей алмаймыз. Абай адам бойындағы барлық асыл қасиеттер мен қабілеттерді бір орталыққа біріктіріп, оларды өзі таныған үш қасиет арқылы толық адам бойына жинақтайды. Ақыл,қайрат, жүрек үшеуінің «бір кеудеден табылып,одан толық адам туатын танымы - ұлы ақынның зор табысы.
Достарыңызбен бөлісу: |