ә) Абайтанудың М.Әуезов кезеңі (1934-1961 жж.)
Әдебиеттану ғылымында тұлғатану мәселесі М. Әуезов негізін салған абайтанудан басталады. Ал ғылымда арнайы жеке саланың зерттеу объектісіне айналған шығармашылық тұлғалар некен-саяқ. Өйткені әдебиет тарихында белгілі бір тың әдеби әдіске сүйеніп жазылған өнер туындысы сол халықтың рухани әлемінде болмысты бейнелеудің жаңа бағытын ашқан туындылар негізінде жасалады десек, оны дүниеге әкелген әдебиет алыбы сөз өнерінің жетекші күші, сусындаушы нәрі ретінде өзін филологиялық, гуманитарлық кең ауқымда зерттейтін ғылыми мүдденің тууына әсер етеді. Мұны, яки жалқыны танымай жалпыны тани алмайтынымызды Абай мұрасы негізінде А. Байтұрсынұлы «Қазақтың бас ақыны» атты еңбегінде: «Қазақтың бас ақыны - Абай(шын аты Ибраһим) Құнанбаев. Онан асқан бұрынғы-соңғы заманда қазақ баласында біз білетін ақын болған жоқ. Абай сөздері дүниеде қалғаны қазаққа зор бақ. Бетін түзеп, жөн сілтеген кісілерге де, сілтеген жолды лақпай тұп-тура тапқан адамға да қазақ балалары талай алғыс берер»- деп көрсетсе, Ж. Аймауытұлы мен М. Әуезов: «Абайдан бергі қазақ әдебиетінің беті жаңа түр тапты. Абай бұрынғы ақындардың ұстанып келе жатқан бетін тастап, тыңнан жол салды»- деген. Міне, осы себепті және Абай мұрасының ұлтқа ғана емес, адамзатқа ортақ мәдени, рухани прогресте алар орнының өлшеусіз зор маңызын білген М. Әуезовтің ақын мұрасын жинау, насихаттау, зерттеу, ғылыми, әдеби және педагогикалық тұрғыда жазып қылдыру барысындағы ұлан-ғайыр еңбегінің ауқымы өте кең.
Абайтанудағы М. Әуезов еңбектерін төрт салаға бөліп қарастыру орынды. Мұның алғашқысы Абай мұрасын жинау, насихаттау, жүйелеу және бастыру ісі болды. Бұл бағытта зерттеуші 1914 жылдан 1933 жылға дейінгі аралықта Абай мұрасын насихаттауда 1914 жылы Абайға арналған тұңғыш әдеби кешті өткізуге ат салысса, 1918 жылы «Абай» журналын шығарып, ақын мұрасын насихаттап, кейін 1924 жылы Абайдың қайтыс болғанына 20 жыл толуына орай өткізілген әдеби кеште «Қазақ әдебиетіндегі Абайдың орны» атты баяндама оқып, «Шолпан», «Таң» журналдарында Абай шығармаларын жинап, бастыру ісін жүргізді. Абай шығармаларының таралу жолдарын айқындап, сол негізде оларды жинап бастыру бағытындағы еңбегінің нәтижесінде 1933 жылғы Абайдың толық жинағына 148 өлең мен қарасөздер енсе, кейінгі жинақтарда М. Әуезов олардың канондық мәтіндерін қалыптастыру жолында іздене жүріп, молайтып, дұрыс нұсқаларын қалыптастырды. М. Әуезов осылайша жинақталған Абай шығармаларын түпнұсқа қалпына келтіру бағытында мынадай текстологиялық жұмыстар атқарды: а) Абай өлеңдері мен аударма, поэмалары, қара сөздерінің жазылу мерзімін анықтады; ә) Абайдың арнау өлеңдерінің шығу тарихын айқындау арқылы, шығармалардың жазылу жылдары және Абай танымының эволюциясын ғылыми негізге түсірді; б) Абай өлеңдерін қоспалардан тазартып, өрнек үлгілерін, әрбір өлеңнің жігін айқындады; в) өлеңдердің дұрыс нұсқаларын жасады.
М. Әуезов Абай мұрасын ғылыми зерттеуді 1918 жылдан «Абай», «Шолпан» журналдарында жарияланған мақалаларынан бастады. Бұл саладағы ғалым еңбектері абайтанудың барша бағыт-бағдарларын толық қамти отырып, өз кезі, өзінен кейінгі зерттеушілер легіне де оң жол, дұрыс ғылыми тұжырым негіздерін қалады. Осы бағытта Абай шығармашылығын ақын ғұмырымен, заман жайымен байланыста қарастыру, әдеби ортасы, нәр алған рухани бұлақ көздері, Абай мектебі, Абай шәкірттері, Абай шығармашылығының реалистік, халықтық сипаттары, Абай мұраларының ішкі мәні, көркемдік кестесі, композициялық құрылымы мен поэтикалық тіл шеберлігі, Абай шығармашылығының көркемдік даму эволюциясы, Абай дүниетанымының кеңістігі, Абайдың ақындық кітапханасының ауқымы сынды сан-салалы мәселелерді ғылыми тұрғыда зерттеп, жүйелі тұжырым, қорытындылар негізінде сегіз түрлі басым бағыттарды айқындап, қалыптастырды. М. Әуезовтің бұл саладағы еңбектерінің бір арнаға тоғысып, құйылған көзі – «Абай Құнанбаев» монографиясында толық көрініс берді.
Абай шығармашылығын зерттеумен бірге, Абайдың азаматтық, адамзаттық бейнесін туған ұлтына, қала берді күллі әлем халқына танытуда да М. Әуезовтің қаламгерлік еңбегінің мән-маңызы өлшеусіз зор. Прозалық, драматургиялық туындыларында бейнеленген Абай образының көркемдік шыңы – «Абай жолы» роман-эпопеясы болғандығы баршаға аян. Абай бейнесін қазақтың ғана Абайы емес, адам баласының Абайы деңгейінде сомдаған роман-эпопея халық өмірінің жарты ғасырлық тарихының, сол тарих ішіндегі хакім Абайдың әділет жолындағы күресінің көркемөнердегі өлмес, өшпес ескерткішіне айналды. Абайтанудағы М. Әуезов еңбектерінің үшінші алған асуы, осы - Абайдың көркем әдебиеттегі бейнесі болып әдебиет тарихында өз орнын алды.
Алғаш рет Семей педтехникумында сабақ берген 1924-25 жылдары Абайдың ғұмырбаяны мен шығармашылық мұрасын өскелең ұрпақты тәрбиелеу саласында оқыту мақсатымен қолға алған кемеңгер ұстаз, кейін осы игі істі С. М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университеті қабырғасында 1942 жылы жалғастырды. Соның нәтижесінде қазақ әдебиеті тарихының арналы саласы «Абайтанудың» ғылыми-педагогикалық негізін қалады. Пәннің алғашқы оқу бағдарламасын, абайтанудың дәрістер курсын түзді. Сөйтіп жоғары оқу орындарының филологиялық, педагогикалық, гуманитарлық бөлімдеріне «Абайтану» пәнін алғаш еңгізді.
Абайтанудың бұл кезеңінде кеңестік жүйенің таптық идеологиясы шеңберінде Абай және орыс әдебиеті тақырыбында жазылған көптеген зерттеулермен қатар, Абайдың шығармашылық өмір жолы, Абай поэтикасы, Абайдың ақын шәкірттері, Абай шығармаларының текстологиясы, т.б. мәселелерде, сондай-ақ Абай мұрасын өзге ғылым саласында қарастырған еңбектер де жарық көрді.
Достарыңызбен бөлісу: |