Бақылау сұрақтары:
1. Абайтану саласының қалыптасуы мен дамуы.
2.Аталған саланың даму тархындағы басты үш кезең және өкілдері.
Дәріс 5. Тақырыбы: М. Әуезов абайтану ғылымының негізін салушы. Абайдың ақындық мұрасы
Жоспары:
1. М. Әуезов негізін қалаған «Абайтанудың» қалыптасуы мен дамуы
2. Абайды ғылыми және көркемдік сала бойынша тану
3. Ойшыл Абайдың шығармашылық мұрасы
Дәріс мақсаты: М. Әуезовтың Абайтануды қалыптастыруы мен дамытудағы еңбегін таныту; Ақынның жас кезінде жазған өлеңдері, оның ақындық мұрасымен таныстыру.
Дәріс мәтіні (қысқаша): Қалыптасу жолында әр түрлi саладағы ой пiкiрлерiнiң эволюциялық даму қалыптасу жолын ғылыми тұрғыдан танып бiлуде, әрине, Абай шығармаларының жазылу мерзiмiн анықтау мәселесi жазушының ақын мұрасын ғылыми творчестволық тұрғыдағы iзденiстерiнде хронологиялық жүйенi ұстануға әкелдi. Абай шығармаларының жазылу мерзiмiн анықтау iсi Абайдың ақын шәкiрттерiнiң ықпалымен 1907 жыл мен 1927 жылы жүргiзiлген едi. Бiрақ ол жылдарда ақын шығармаларының жазылу мерзiмiн анықтаудың негiзi салынғанмен көптеген өлеңдердiң жазылу уақыты толық анықталмай бiршама кемшiлiктерге жол берiлдi. М.Әуезов өз зерттеулерiнде осы кемшiн жайларды толықтырып, ақын шығармаларының жазылу мерзiмiн анықтауда толассыз iзденiп, бiр iзге түсiрiп кеттi. Мұндағы басты мақсаты Абайдың ой танымы мен ақындық өнердегi қол жеткен шеберлiктiң эволюциялық даму жолдарындағы сапалық дамудың табиғатын ғылыми негiзде айқындап бiлуге тiрелетiн. Неғұрлым Абай шығармаларының жазылу мерзiмiн дәл анықтаған сайын ақын дүниетанымындағы құбылыстың сырын танып бiлу жазушыға «Абай жолын» жазуға да ғылыми зор тiрек боларын, өйткенi ақын мұрасында әр жылдар кезеңiне орай бой көтерiп отырған ой танымдардың табиғи қалпын табуға адастырмай апарар бағыт бағдар беретiнiн бiлуден туған едi.
Абай мұрасын танып бiлуде зерделi зерттеушi ақын шығармаларында тiлге алынатын арнау өлеңдерге ерекше мән бере қараған. Өйткенi арнау өлең нысанасына алынған кiсiлердi жан жақты терең танып бiлу арқылы сол заманда орын алған саяси-әлеуметтiк мәселелер мен Абай бастан кешкен өмiр шындығын ұштастыра отырып көркемдiк тәсiлмен ашуға қолы жеткен. Бiрақ арнау өлеңдер Мүрсейiт қолжазба көшiрмесiнде де, тұңғыш толық жинақ басылым көргенге дейiнгi Абай басылымдарында да толық мағлұмат берiлмеген едi. Мiне, осы себептi зерттеушi Абай өмiр баянын жазу үстiнде, әсiресе, «Абай жолы» эпопеясына даярлық алдында бұл қиындық алдынан шыққан. Бұл кедергiнi аттап өтуге болмайтынын ескере отырып «Абайдың ақындық мұрасында өмiрбаяндық деректер жоқтың қасы. Оның өлеңдерiнен көптеген адамдар мен жеке кiсiлерге байланысты деректер өшiрiлген. «Тоғжан туралы» өлең де жоғалған.
Арнау өлеңдердi мен өзiм жинастырып көптеген кiсi аттарын қалпына келтiрдiм»,- деп Абай өмiрбаянын төрт рет қайта жазып толықтыра түскенде, арнау өлеңдерi арналған кiсi аттарын да толығынан анықтап шығады. Осы қолы жеткен тарихи дерек көздерiн, әсiресе, «Абай жолы» эпопеясында шеберлiкпен қиыстырып пайдалана бiлгенi Әбсәмет туралы Абайдағы:
Әбсемет жиенiң,
Ол сенiң бiреуiң, –
деген өлең жолындағы Әбсеметтi эпопеядағы Әбiш ауырып жатқан кезеңмен байланыстырып суреттеуiнен көремiз. Арнау өлең арналған кiсiлердiң бәрi де Абай өмiр баянын жазу мен эпопеяны жазуға даярланған тұста толығымен анықталған болатын.
М.Әуезов Абай өлеңдерiнiң өрнек үлгiсiн бастапқы табиғи қалпына келтiру жолында атқарған iзденiстерi де, ақын шығармаларының текстологиялық жағынан жетiлдiру жолындағы iзденiстерi де абайтану тарихында өзiндiк орны бар құбылыс. Бұл саладағы алғашқы iзденiстер 1916, 1922 жылдардағы Орынбор, Қазан, Ташкент басылымдарында басталса да, жетер шегiне жетпеген едi. Абай басылымдарының 1933, 1940, 1945, 1957 жылдардағы толық жинақтарын баспаға даярлауға тiкелей атсалысқан М.Әуезов Абай өлеңдерiнiң өрнек үлгiсiн толығымен табиғи қалпына келтiре алды. Әрине, бұл үшiн өлең табиғатын терең танып бiлумен бiрге, өлең құрылысы туралы теориялық терең танымы да қажет едi. Осы ерекшелiк М.Әуезов те толығымен табылды. Абай өлең құрылысындағы өлең өрнектерiн қалпына келтiруде алғашқы толық жинақта М.Әуезовтiң өзi де кемшiлiктерге жол берiп алды. Бiрақ толассыз iзденiп Абай өлең құрылысының ерекшелiктерiне қаныққан сайын ол кемшiлiктерiн жетiлдiрiп отырды. Мысалы, алғашқы толық жинақта өлең өрнегi жағынан өте күрделi Абайдың «Қатыны мен Масақбай», «Сен менi не етесiң» өлеңдерiнiң бастапқы табиғи қалпын сақтай алмаса, соңғы басылымдарда оны толық табиғи қалпына түсiрiп, қалыптастырған әрекетiн көремiз.
Абай өлең құрылысындағы өлең өрнектерiндегi ерекшелiктi тани алмай зерттеушiлердiң қиыншылыққа ұшырауын проф. Ғ.Сағди жиырмасыншы жылдардың iшiнде атап көрсеткен едi. Осы қиыншылықтан да абайтанушы ғалымдарды құтқарған М.Әуезовтiң осы саладағы iзденiстерiнiң нәтижесi едi.
Абай шығармаларын текстологиялық жағынан ұзақ жылдар бойы үзiлiссiз зерттеген ғалым ақын шығармаларындағы сөз өзгерiстерiн табиғи қалпына келтiру жолында да зор iзденiстер жасай бiлдi. Абай өлең жолдарындағы сөздердiң алмасып бөгде мағына алып кеткен тұстарын қалпына келтiрдi. Орынсыз кiрiккен бөгде сөздерден арылтып табиғи қалпына салды. Осы арқылы жалпы Абай шығармаларының текстологиялық жағынан жетiлдiру жолындағы iзденiстерi Абай шығармаларының канондық тексiн қалыптастыра алды деп батыл байлам жасай аламыз.
Абай мұрасының рухани нәр алған көздерi жайлы танымды да абайтану саласында М. Әуезов ендiрдi. О баста негiзi дұрыс салынған бұл өзектi де бағыт бағдары дұрыс таным Абай мұрасының нәр алған көздерi мен дүниетанымының қалыптасу процесiндегi шешушi орында қазақ елiнiң тума мәдени-рухани қазынасы тұрса, М. Әуезовтiң айтуынша, екiншi орында мұсылмандық шығыстың рухани ой қазыналарының терең iздерi жатқанын да ғылыми тұрғыдан болжай бiлдi. Ал, орыс және Европалық ой қазыналары Абай дүниетанымының әлемiне үшiншi кезекте яғни Абай дүниетанымының қалыптасып қалған тұсында араласты деген ойды меңзеген болатын-ды. Осы мәселе жайында абайтану саласында кеңестiк идеология үстемдiк еткен тұста бұл саланы шешушi орынға қойып қарастыруы себептi де пiкiр таластың ең мол орын тепкен тұсына айналды.
Осы күрделi мәселеге орай Абай мұрасының Шығысқа қатысы жайындағы мәселе бiртiндеп көтерiлсе де, Мәскеудегi Орталық Комитеттiң 1949 жылы қабылдаған космополитизм туралы қаулысынан кейiн бұл тақырыпқа зерттеу жұмыстары жүргiзiлмедi, яғни бұл тақырыпқа тиым салынды. Соның өзiнде де М. Әуезов Абай мұрасының шығысқа қатысы туралы ой танымдарын жария түрде айтпаса да, уақытқа, жағдайға қарай жарияланбаған тезистерiнде iз қалдырып отырды. М. Әуезов тезистерi Абай мұрасының соңғы жылдардағы шығысқа қатысы жөнiндегi зерттеулерге адастырмас бағыт бағдар беруiмен де абайтану саласында ерекше дараланып тұрады.
Отызыншы жылдар басында-ақ М. Әуезовтiң Абайдың әдеби ортасы деген күрделi мәселеге ерекше назар аудара бастады әрi осы тақырып абайтану тарихында мейлiнше айтыс тартыс тудырған ең күрделi мәселеге де айналып кеттi. Өйткенi бұл проблема тек Абайдың әдеби ортасын ғана қамтып қоймай оның Абайдың әдеби мектебi, Абайдың ақын шәкiрттерi, Абайдың ақындық дәстүрi немесе Абай тұсындағы ақындар деп аталатын түйiнi бiр, бiрақ тармақтары сан тарау мәселелердi қамтыды. Ғалымның Абайдың әдеби ортасы туралы ой танымдары абайтану саласында ғылыми зерттеулерiнiң нысанасына айналса, жазушының «Абай жолы» эпопеясының сюжеттiк желiсiнде молынан орын алды. Яғни жазушының өзi арнайы түрде атап өткенiндей: «Мен шама келгенше, ғылым жолымен өмiрiн, ақындығын зерттемекпiн. Ал, шығармалық еңбектерiмнен пьеса, роман туралы да өз ойым ақынды ғылымдық зерттеумен негiзi бiр деймiн» (ЛММА архивi, 249 папкi, 7 бет) деп ғылыми-творчестволық зерттеулерiнiң негiзi бiр екендiгiн қадай айтатыны бар. «Абай жолы» творчестволық тұлғаға арналған туынды болғандықтан, ол басқа тарихи романдардан өзiндiк ерекшелiгiмен дараланатын шығарма болып қалыптасты.
Абайтанудың негiзiн қалаған М. Әуезовтiң ұлы ақын мұрасы жолындағы орасан зор ғылымдық творчестволық iзденiстерiмен қатар басқа ғалымдар да айтарлықтай бұл салада елеулi үлестерiн қосып жатты. Алғашқы диссертациялық зерттеу еңбектерi де осы тұста туындап жатты. Әдебиеттен алғаш рет проф. Қажым Жұмалиев «Абайға дейiнгi қазақ поэзиясы және Абай поэзиясының тiлi» деп аталатын докторлық диссертациясын қорғауы абайтану саласында елеулi мәнi бар құбылысқа айналды. Абайтанудың М. Әуезов дәуiрiнде С. Мұқанов, М. С. Сильченко, Қ. Бейсембиев, Қ. Мұқаметханов, Ә. Жиреншин, З. Ахметов, Полибина, М. Фетисов т.б. абайтанудың әр түрлi саласынан ғылыми монографияларын жариялап үлгердi. Абайтанудың ғылыми деңгейiн көтерген зерттеу еңбектерi дүниеге келдi. Бiрақ бұл ғылыми зерттеу жұмыстарының бәрi де сол тұстағы кеңестiк жүйенiң таптық идеологиясы қойған тегеуiрiндi талабының шеңберiнен шыға алмады. Осы себептi зерттеу жұмыстарының денi Абай мен орыс әдебиетiнiң қарым қатысы туралы мәселеге арналған тақырыптарға қарай ойысуы уақыт пен заман талабы болатын-ды.
Достарыңызбен бөлісу: |