«Абай жылы» деп жарияланса, біздің елімізде орыс халқының аса дарынды тұлғасының құрметіне 2006 жыл «Қазақстандағы Пушкин жылы»



бет4/5
Дата09.06.2016
өлшемі291 Kb.
#123880
1   2   3   4   5

Қазақ зиялылары Пушкин туралы
А.С.Пушкин - әрқашан заманмен бірге, әлемнің мың сан халықтарымен күнбе-күн тілдесіп отырған, жүздесіп отыратын мәңгілік Суреткер.

М.Әуезов

* * *


Пушкинді дәл аударушылар бола берер, бірақ… оның романының ішіндегі үлкен ой, сирек сезімдерді Абайша жеткізіп, көріктеп беру көп табыла бермес.

М.Әуезов

* * *


…қазақ әдебиетінің бүгінгі, ертеңгі, оның арғы жағындағы келешек ұрпақтардың бәрі өздерін Пушкин мектебінің шәкіртіміз дейтінінде ешқандай күмән жоқ.

М.Қаратаев

* * *


Оның дауысы дәл бүгінде адамдарды еркіндік пен арлылыққа халықтарды «дау-дамайды ұмытып, бір үйлі жандай» тату –тәтті бейбіт те әділ бақытты өмірге үндеп саңқылдап тұр.

Ә.Кекілбаев

* * *


...Пушкин өлеңдері, Пушкин атағы бұқараның арасына халық ақындары арқылы да таралғандығын, қазақ халқы да Пушкинді өзінің тума ақынындай сүйіп жырлағандығын «Евгений Онегиннің» халықтық варианттары толық дәлелдейді», «халық ақындары жырлаған «Евгений Онегин» поэмасы қазақ поэзиясындағы лирикалы поэмалардың туып, дамуына зор үлгі болған жаңа әдебиеттік құбылыс», «орыстың үлгілі әдебиетінің қазақ әдебиетіне еткен өршіл, мәдениетті әсерінің айқын бір көрінісі»

Е.Ысмайылов

Пушкин өмірдің өзі тәрізді шексіз. Ол жер бетінде өмір, адам, поэзия тұрғанда жасай береді, ізгілік, адамдық, бақыт үшін күресе береді.



Ә.Дербісәлин.

* * *


Мұқағали бір өлеңінде: «Барлық ақын баласы бір ананың», -деген еді. Таланттың жөні осындай. Қай тілде жазғаны сөз емес, егер оның шығармасы нағыз суреткерлік дүние болса, адамзаттың ортақ рухани әлемін байыту үшін қызмет жасайды. Оның отына бәрі жылынады. Оның құдіретті сазын түсінеді. Пушкинді қазақ өз жыршысы ретінде қабылдап, жатсынбауында осындай бір сыр жатыр деп білеміз.

Б.Мәжитұлы

* * *


Орыс халқының өзінің тіліне өзінің сенімін оятқан да –Пушкин, орыс халқының өзінің еліне өзінің сенімін оятқан да –Пушкин...

Пушкин- ұлы ақын. Пушкиннің зергерлігі-адам ақылы жетпейтіндей зергерлік. Ақынның қайталанбас даралығы оның осы зергерлігінде...



С.Абдрахманов
«Пушкин біз үшін орыстан шыққан Абай!» деп кеткен екен. Он тоғызыншы ғасырда-ақ Пушкинді аударуға қалам тартқандардың тұңғышы – қазақ халқының ұлы Абайы.

Т. Әлімқұлов
Шынайы талантқа тағзым еткен, нағыз өнерді қастерлеп, қадір тұтқан бұл мереке көңілге көп дүние ұялатты. Абай, Сәкен поэзиясының күндері осылай өисе деп армандаймыз. Нағыз өнер, шын талант, дара жүйрік қана ерекшеленсе, поэзия мерейі өсіп, сөз қадірі көтерілер еді…

Т.Әбдірахманқызы

(Пушкин поэзиясының ХVI мерекесінен соң)

Орыс халқының ұлттық мәдениетінің мақтанышы, бүкіл адам баласы бас иген данышпандардың бірі, өз елінің болашағы үшін арпалысып өткен патриот Александр Сергеевич Пушкин қытымыр заманның көп құрбандарының бірі боп дүниеден өтті. Данышпан ақын мәңгілік өлмес асыл мұра қалдырды. Пушкин-бүкіл алдыңғы қатарлы адам баласының прогресшіл мәдениеті тарихындағы асқар бел.



Қ.Жармағамбетов

Пушкин өлеңдерінің аудармалары
Деревня

Өзіңде өткен көңілді, ғажап күндерім,

Өзіңде тапқан бақытқа шексіз алғысым:

Тыныштық, еңбек шабытқа мас боп жүргенім,

Жадымда мәңгі мекенім жырақ, армысың!

Сендікпін мәңгі, қызықпын сәнді сарайға,

Даңғаза шулар, ойындар, тойлар жерітті.

Ормандар қандай бөленген таңғы арайға,

Алқаптар қандай қыздардай науша көрікті!

Сендікпін мәңгі, сүйемін

Жайнаған сая бақтарды,

Сылдырап аққан бұлақты бойлап жүремін,

Ұнатам кеште маяға шығып жатқанды.

Қарасам болды қай жаққа, ғажап суреттер:

Алдымда жатыр айдыны шалқар нұр бет көл,

Балықшылардың желкенін көріп тұрмын мен,

Әр жағында оның-төбелер, жасыл шалғындар,

Ауылдар, ду-ду балғындар,

Сиырлар, әне, жайылып еркін жүр мүлдем,

Жел диірменнің алмайды бүгін жел есін,

Бәрінен рахат, еңбектің табын көресің.

Ғайбаттан қашып келген ем кеше осында,

Танығандаймын шынайы, нағыз өмірді.

Еркінмін мүлде, тәрізді тым көп досым да,

Сауатсыз сөздер етпейді алаң көңілді.

Сынақ жоқ тұрған алдымда,

Кінәм жоқ қояр тағдырға,

Ақымаққа шенді қызықпан.

Ғасырлар бойы қажымай жеткен даналар,

Үндерің нұрға барабар,

Сендерді жанмын жүз ұққан,

Ұйқыны қуып үндерің,

Жаңғыртты менің жанымды.

Өтті ғой талай түндерім,

Сұрақпен қинап арымды.

Айтыңдар маған, айтыңдар маған, даналар,

Емес бұл жәй бір әлдене,

Қайғылы неге бөленген баққа далалар,

Қудалау, қорлау, езілу әлі бар неге?

Сорлының көрмей көз жасын,

Құлдыққа салып тағдырын,

Қамытқа қатал кигізіп оның өз басын,

Тізеге салып, тартып ап жердің барлығын.

Қалдырып көнін, маңдайдан терін төктіріп,

Жыртқызып жерін күшпенен,

Қанаған байда байлық көп, әрі көп мүлік,

Кім бұлай алғаш істеген?

Әділдік жайлы бұл жақта ешкім білмейді,

Дұрыс па осы, шынында?

Бұл жақта қыздар гүлдейді

Жем болу үшін зұлымға.

Бұл жақта өшіп барады кәрі бабалар,

Бұл жақта өсіп келеді батыл балалар,

Өзара ұқсас тағдыры бірақ бәрінің,

Өшер ме олар, қалар ма тағы далалар

Көре алмай дүние жарығын?

Жаралы көңілім, көп ойлар маза бермейді,

Арнасын өмір өзгерту қолдан келмейді.

Достар-ай, ақыр босанып халық құлдықтан,

Жүрер ме еркін, қожа боп ғажап жаһанға.

Жүрер ме бар жұрт сүйеніш тауып

шындықтан,

Елімде менің еркіндік таңы атар ма?

Аударған Б. Алдамжаров
Қысқы жол

Толқындаған тұманнан

Ай бұлқынып шығады,

Төңірекке мұңайған

Мұңды сәуле құяды.

Қысқы жолда жабырқау

Желеді үш ат зымырап,

Біркелкі үнмен қоңырау

Қажытады шылдырап.

Естисің бір жақын үн

Әндерінен жәмшіктің:

Кейде ескек шалқыған,

Кейде зары жүректің.

Көрінбейді от пен үй,

Қар, тым-тырыс айнала.

Ала діңгек жолда ылғи

Кездеседі бір ғана.

Жабырқадым, Нина, ертең,

Ертең үйге барармын.

От алдында сонда, еркем,

Көзім тоймай қарармын.

Сағат тілі шықылдап

Білдірер өз мезгілін,

Күтпесе де жұрт шыдап,

Айыра алмас бізді түн.

Жолым, Нина, жабырқау,

Жәмшігім де қалғыды.

Шылдыр-шылдыр қоңырау,

Күңгірт тартты ай нұры.

Аударған Ғ. Орманов
Тұтқын

Отырмын дымқыл, қараңғы үйде терезесі торлаулы,

Қапастағы бір жас бүркіт қос қанаты қомдаулы,

Қайғыланған, қапаланған менің мұңды жолдасым

Қарсы алдында терезенің жейді шоқып қанды асын:

Шоқиды да, тастап жемін, терезеге қарайды,

Бейне менің ойыма ортақ, мені өзіне балайды.

Көз қырымен, дауысымен шақырады шаңқылдап,

Демек болад:

Кел, кетейік, кел ұшалық жарқылдап,

Жетті уақыт, туысқаным, біз ерікті құстармыз,

Бұлт бүркеген асқар тауға біз ұшуға құштармыз,

Көл боп жатқан көк теңізге қанат безеп кетейік,

Тек жел есер... тек мен жүрер еркін жерге жетейік!

Аударған Қ. Аманжолов
Қысқы таң

Әрі аяз, әрі шуақ күн тамаша!

Маужырап жатпақшысың, досым , қанша.

Сұлуым, оянатын уақыт болды,

Ләзәтпен жұмған назды көзіңді аша,

Қарсы ала солтүстіктік Аврораны,

Жарқ етіп көрін Сібір жұлдызынша.

Кеше кеш, есіңде ме, боран ұлып,

Томсарған көкке ұласып қараңғылық,

Сарғайып қалың бұлттан әрең жылжып.

Жабырқау тартып жүзің отырып ең,

Қарашы, терезеден...енді тұрып.

Астында зеңгір аспан жайнап тұрған,

Ғажайып кілемдей боп мың құлпырған,

Ақша қар жатыр күнмен шағылысып,

Жалғыз-ақ қарауытад селдір орман,

Қыраулы кілең арша жасылданып,

Тек өзен мұз астында жалтыраған.

Үй-іші сәулелі бір нұрға еніп,

Жаққан пеш шырт-шырт жанып көңілденіп.

Шынтақтап жатып қана орыныңда,

Шомғаның қандай рахат ойға мүлгіп,

Немесе қайтер еді шанасына

Биені қара бурыл шықсақ жегіп?

Ақ қарда таңертеңгі зырғып, досым,

Алысқан ауыздықпен ат желісін,

Желпінген жанмен сүйіп, көңіл ашып,

Қайталық кең даланың кезіп төсін,

Мұнартқан қалың орман, өзен бойы,

Сүйкімді бір дүние менің үшін.

***


Ескерткіш орнаттым мен қолдан келмес,

Ел ізі оған салған сүю білмес.

Асқақтап Александр мұнарасынан

Жоғары ескерткішім шықты дербес.

Жоқ өлмен-жаным тірі өлеңімде,

Жаңғырад, қурамайды денем мүлде.

Жалғанның жарығында мен ардақты,

Жасаса жалғыз ақын, керегі не!

Дыбысым Ресейге кетер жалпақ,

Тіл біткен жүрер менің атымды атап.

Славян, фин жұртының өр ұрпағы,

Қазіргі тағы тұнғыс, қырда қалмақ.

Халқыма қалаулы ұзақ болар жерім,

Қаулаттым өлеңіммен мейірімдерін.

Қытымыр заманымда еркіндік деп,

Шапағат пақырларға тілегенмін.

Уа, муза! Мойныңды қой, сөзіме бақ,

Жабықпа жәбірлеуден, тілеме тақ.

Мақтауды жаламенен тыңда салқын,

Тіреспе тіл үйіріп не десе ақымақ!

Аударған Қ. Жармағамбетов

***

Сақта мені, бойтұмар,

Сақта мені тар күннен,

Сақта, жаным қайғырар

Ауыр кезде алдым мен.

Асау мұхит бұрқанса,

Ойнақтаса толқындар,

Нажағайын бұлт атса,

Сақта мені, бойтұмар.

Жүрсем жалғыз жат елде,

Жаным салқын, жоқ құмар,

Соғыс күні қатерде

Сақта мені, бойтұмар.

Қасиетті, тәтті алданыш

Жан сәулетті жарқырар,

Жоғалды енді ол да алыс,

Сақта мені, бойтұмар.

Жарасымен қалсын жан,

Соқпа өткенге, ой-қиял.

Қош бол, үміт, ұйықта, арман,

Сақта мені, бойтұмар.

Аударған С. Мәуленов
Сібірде

Сібірде, кенді зынданда,

Достарың болсын ер тағат,

Зая бір кетпес жалғанда

Қайғылы михнат, ер талап.

Іс түссе басқа, түнекте,

Серік боп үміт сергітер,

Қуаныш берер жүрекке,

Сарғая күткен күн жетер.

Жеткендей менің ұраным

Зынданнан өткен қат-қабат,

Қапастың бұзып бұғауын,

Жарқ етер достық, махаббат.

Талқан боп сонда тас қамал,

Дал-дал боп кісен бос жатар.

Азаттық аңсап қарсы алар,

Достарың семсер ұстатар.

Аударған Қ. Шаңғытбаев

Жыршы
Естіп пе едің түндегі сыршыл үнін

Махаббат пен қасірет жыршысының?

Қыр мүлгіп, таң алдында дем алғанда

Шерлі үнін күңіренген сыбызғының.

Естіп бе едің?

Көріп пе едің қойнынан тылсым түннің

Махаббат пен қасірет жыршысының?

Аңғардың ба көз жасын, жабырқаған

Көріп бе едің?

Тебіреніп пе ең есітіп нәзік үнін

Махаббат пен қасірет жыршысының?

Көргенде ну орманда сенгендігін

Жалыны жанарымын, қыршын ұлдың

Тебіреніп пе едің?

Аударған М. Әлімбаев
Татьянаның Онегинге жазған хаты

(А.С.Пушкиннен)

Амал жоқ-қайттім білдірмей,

Япырмау, қайтіп айтамын?

Қоймады дертің күйдірмей,

Не салсаң да тартамын.

Талапсыз, бақсыз, мен сорлы

Еріксіз аттап ұяттан,

Қорлыққа көндім бұл құрлы,

Байқалар халім бұл хаттан.

Әлімше мен де ұялып,

Білдірмен дедім өлсем де.

Шыдар ем күйіп, мен жанып,

Айында бірер көрсем де.
Болмады көріп сөзіңді.

Шыдар ем бір ай жатуға

Ұзақ түн жұмбай көзімді.
Қызықтан қашып бұл жерге

Көңілсіз суып келіпсіз.

Мәнісін сұрап білуге

Тілдесе алмаймын еріксіз.
Келмесең егер сен бізге,

Сау болмас па ем, әлбетте?

Болмасам ашына мен сізге,

Түспес ем мұндай бейнетке.
Асау жүрек қайнамай,

Жуасыр ма еді кезінде?

Елден бір жақсы сайламай,

Бармас па ем ерге өзім де?
Өзгеге ешбір дүниеден

Еркімен тимес бұл жүрек.

Әзелде тағдыр иеден,

Қожам-сенсің, не керек.
Тіршілігім құрбандық,

Шыдамай сені көргенше,

Тәңірімнен келген бұл жарлық,

Ием-сенсің өлгенше.

Әуелде кірдің түсіме,

Ортақтасып өміріме.

Тоғау салып ішіме,

Сол күнде-ақ жақтың көңіліме.
Құдайдан болғай деп емі,

Құдайыны мол бердім.

Көрген жерде-ақ мен сені,

«Осы екен ғой-сол» дедім.

Жатқан сайын ұйқыға,

Дұға оқушы ем, шошынып.

Ұнатып мені құлқыңа,

Жүруші едің қосылып.
Түсімде мені жұбантып,

Жылы сөзбен сөйлесіп,

Кетуші едің қуантып,

Қалушы еді көңіл өсіп.

Шыныңды айт, кімсің тербеткен,

Иембісің сақтаушы?

Әлде азғырып әуре еткен

Жаумысың теуіп таптаушы?
Шеш көңілімнің жұмбағын,

Әлде бәрі-алданыс.

Жас жүрек жайып саусағын

Талпынған шығар айға алыс.
Не болса да өзімді

Тапсырдым сізге налынып.

Толтырып жасқа көзімді

Есірке деймін жалынып.
Бұл жерде ешкім сырымды

Білмейді, айтып не етейін?

Жақтырмай бұзсаң нұрымды,

Білдірмей күйіп өтейін.
Күтемін сізден қайта хат,

Қуандырып дертім жаз.

Ол болмаса, шыныңды айт,

Кінә өзімде, өзіме аз.
Өз хатыма өз көзім

Ұялып, қорқып баға алмас.

Кепілім-сенің бір өзің,

Бөтен жан несіп таба алмас.

Аударған Абай Құнанбаев


А.С.Пушкин шығармаларын қазақ тіліне

аударған авторлар тізімі

Абай Құнанбаев

Абдуллин Х.

Аймауытов Ж.

Алтынсарин Ы.

Алдамжаров Б.

Аманжолов Қ.

Аманшин Б.

Ахмедов Х.

Ахтанов Т.

Ахметов Ә.

Әлімбаев М.

Әлімқұлов Т.

Баймұхамедов Н.

Байтұрсынұлы А.

Бахниязов І.

Бахтия І.

Бегалин С.

Бегімов М.

Бекхожин Х.

Ғабдулов З.

Дәулетбаев М.

Дүйсенбиев Ә.

Дулатұлы М.

Ебикенов Е.

Ерғалиев Х.

Жамбыл Жабаев

Жансүгіров І.

Жароков Т.

Жармағамбетов Қ.

Жароков Т.

Жәмішев Ә.

Жәңгіров Ш.

Жиенбаев С.



Жұмағалиев Қ.

Ибраһим Е.

Исмаилов Т.

Көпішев К.

Қайырбеков Ғ.

Құдайбердіұлы Ш.

Мәмбетов І.

Мүсірепов Ғ.

Молдағалиев Ж.

Молдағалиев Т.

Машақов С.

Мырзалиев Қ.

Орманов Ғ.

Оспанов Ғ.

Оспанов О.

Өмірбеков Ж.

Өтетілеуов Б.

Рашев М.

Сәрсенбаев Ә.

Сағындықов Қ.

Талжанов С.

Тәжібаев Ә.

Тоғызақов К.

Тоқтаров Б.

Тұрманжанов Ө.

Ұябаев Қ.

Хайдаров Т.

Хасенов К.

Ысқақов Б.

Ыдырысов Қ.

Шамкенов А.

Шаңғытбаев Қ.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет