«Абай жылы» деп жарияланса, біздің елімізде орыс халқының аса дарынды тұлғасының құрметіне 2006 жыл «Қазақстандағы Пушкин жылы»



бет2/5
Дата09.06.2016
өлшемі291 Kb.
#123880
1   2   3   4   5

Қонысы еркін олардың


Астында аспан жайлы ұйықтап,

Арасында арбаның

Ықтырма кілем жабдықтап.

Пісіріп кешкі ас, ат жайып

Үй іші от басында;

Аюы жатыр жантайып

Далада, шатыр қасында.

Жаңғыртып қырды күллісі:

Қамданып ұжым үй іші,

Жолға әзір тұр таңнан көш!

«Әйелдер ән сап, баба у-шу,

Соғылған шың-шың темір төс.

Көшпелі тобыр тып-тыныш


Маужырап түнде мүлгіген,

Тып-тыныш қырда тек дыбыс –

Ат кісінеп, ит үрген.

Далада барлық от сөнген,

Жұрт тыныш, сәуле шашып ай

Құйылып көктем нұр берген,

Жайнатып қосты жарқырай…

1937 жылы ақынның қайтыс болғанының 100 жылдығына орай ұлы ақынның үш томдық шығармалар жинағы қазақ тілінде жарық көрді. Оның бірінші томына өлеңдер мен поэмалар, екіншісіне драмалық және прозалық шығармалары, үшінші томына «Дубровский» поэмасының аудармаларының әр түрлі нұсқалары берілді. Ұлы ақынның үш томдығының жарық көруі, сол кездегі қазақ аудармашыларының үлкен жетістіктері еді. Бұл жинақтың бірінші томына қазақтың ұлы ақындарының бірі Ілияс Жансүгіровтың аудармасындағы «Евгений Онегин» поэмасының толық нұсқасы енген болатын. Бұл жылдары жемісті еңбек еткендердер қатарында Сәкен Сейфуллин де болған.

Сол кезде қазақ оқырманы Пушкиннің «Арион», «Анчар», «Чаадаевқа», «Ескерткіш» атты тамаша өлеңдерімен алғаш рет танысты.

1949 жылы сөз шеберлері Т.Жароков, К.Аманжолов, Ғ.Орманов, Ә.Тәжібаев, Х.Бекхожин, Қ.Шаңғытбаев, М,Әлімбаевтар орыс ақынының шығармаларына зер салады. Бұл аудармалар жазушы-академик Ғабит Мүсіреповтың редакциясымен жарық көрді. 1953-1954 жылдары Пушкиннің төрт томдығы жарық көрді. Бұл жылдары аудармашылар қатарын жаңа есімдер- С.Мәуленов, Ғ.Қайырбеков, І.Мәмбетов және басқалар толықтырды.

1975 жылы орыс ақынының шығармаларының екі томдығы жарық көрді. Бірінші томына поэзиялық шығармалары (өлеңдері, поэмалары, ертегілері және «Евгений Онегин» поэмасы), екіншісіне- Пушкиннің прозалары («Ұлы Петрдің арабы», «Белкин повестері», «Капитан қызы», «Дубровский» және т.б.) енді .

Пушкин-еуропалық қана емес, Шығыстың шырайына шұрайлы шығармалар арнаған барлық адамзатпен бауырлас ақын. Вяземскийге жазған бір хатында ол Мекке мен Мединенің арасында қиялмен жүргенін айтады. Бұл ақынның қуғындалып жүріп Құранның текті тәтті тілінен қуатталып, құтқарылған өмір кезеңі болатын. Атақты «Құранға еліктеу» осылай туған.



«Евгений Онегин» романының желісімен бір емес, бірнеше поэма жазылуы, оның қазақ халқының төл туындысына айналуы Ұлы Пушкиннің талантында, Абайдың аудармашылық құдіретінде... Абай қалыптастырған ақындық мектептің дәстүр сабақтастығында. Халқымыздың өлең-жырға құмарлығында. Аударма мәдениетінің жоғарылығында, сол арқылы әлемдік әдебиет қалыптасқанында. Өзге ұлт әдебиеті өкілдерінің арасынан фольклорлық бейнеге айналып кеткен Пушкиндей ақын-жазушыны кездестіру қиын. Шығарма кейіпкерлерінің халық жүрегіне ұялап, санасына сіңгені сондай-Татьяна есімі қазақ арасына Тәтіш деген қыз атты болып енген...

Ымырт кез. Баяу аққан су.

Ән салған жастар тарады.

Көк түнек. Қоңыз у да шу;

Аржақта түтеп жанады

Ошағы маздап аушының.

Татьяна, дымы таусылып,

Далада жалғыз келеді,

Күміс ай сәуле себеді...,- дейтін әдемі жыр кестесі әлемдік әдебиеттегі теңдесі жоқ туынды – «Евгений Онегиннен» алынған үзінді. 1999 жылы осы туындының әдеби және фольклорлық дәстүріміздегі орны, тәржімелену тарихы туралы жазылған Сауытбек Абдрахмановтың «Біздің Пушкин» атты зерттеулік кітабы жарық көрді. Бұл кітапта Қ.Шаңғытбаевтың Пушкин романының кемел көркемдігіне еш нұқсан келтірмей, оның өміртанымдық қуатын да барынша толық сақтаған аудармасына тоқталады. Еңбекті оқи отырып, әрбір оқушы тарихты, сол замандағы Мәскеуді, орыстың өмір салтын біліп, көптеген мәліметтерге қаныға алады. Өзінің өмір жолында Омар һайямнің, Сағдидің, Гейненің, Бернстің, Лермонтовтың ғажайып жырларын қазақшалаған Қуандық ақын Пушкиннің ұлы туындысына барынша жауапкершілікпен қарап, сөзге адалдықтың, өлеңге адалдықтың үздік үлгісін көрсетіп шыққан бұл еңбегі қазақ әдебиетіне қосылған үлкен олжа. Сөз зергерінің аудармасы дәлдігі, көркемдігі, түпнұсқасы рухын, ауанын сақтауы жағынан поэзия аудармасына қойылатын ең биік талаптарға толықтай дерлік жауап бере алады. Әлем әдебиетінде «аударылмайтын ақын» саналатын Пушкинді осынша дәл, осынша көркем, осынша сазды сұлулығын сақтап қайта жырлатқан, әлі де дүние дидарындағы бар құбылысты, бар мағынаны, бар ойды анық етіп, қанық етіп, жатық етіп жеткізе беретін құдіретті ана тіліміз-тәуелсіз еліміздің мемлекеттік тілі үшін мақтана аламыз.
Әрине, бұл шығармалармен Пушкин аудармалары шектелмейді. Алда әлі алынбаған таусылмас, шексіз Пушкин әлемі бар. А.С.Пушкин-жаңа орыс әдебиетінің негізін салушы, орыстың әдеби тілін жасаушы, ұлы кемеңгері. Мәңгі өшпейтін ұлы орыс ақынының шығармалары адам баласының рухани қазынасын байытып, оның көркемдік дамуындағы зор адым болды. Біз Пушкиннен орыс халқының талантын, күшін, шабытын көреміз.

«Татьянаның қырдағы әні»

М.Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясының «Биікте» деген бөлімі бойынша әдеби-әуенді қойылым
Қазақтың киіз үйі бейнесімен жасандырылған сахна төрінде үлкен дөңгелек үстел тұр. Аласа үстелге біресе шынтақтап, біресе алақанымен басын таянған Абай үнсіз отыр. Алдында айқара ашулы көнелеу екі үлкен кітап. Оң жағында, Абайдың қайда отырса қасынан қалмайтын көршісі – үлкен жастық жатыр.

Жүргізуші І: Бұл күндегі Абай, ақын атын анық алған. Сол ақындық еңбегін, енді халыққа етер азамат қарызы деп біледі.

Өмірден, көп кітаптан тапқан сан-салалы күйлер, ойлар ендігі шақта өз өлшеуін тауып, ақынның уәзінді, соны жырларына араласқан-ды...



Жүргізуші ІІ: … Абай көп кештерде, жалғыздық шақтарда өзімен үнсіз тілмен ұзақ-ұзақ сырласатын достарынан сырт адамның көпшілігі жат жұмбақша бағалайтынын біледі. Бірақ, оны елеп, ескерген емес. (Абай бір кітаптың бетін ашып, өзіне керек жерін табады да оқымай, сол беттерге қарап шалқиыңқырап, біраз бөгеліп отырып қалды. Енді қолына екінші кітапты алып аударыстырып, мұқабасын аялай сипайды).

Абай сөзі: Өткен жандар, бірақ мұндай өлім, өлім бе? Мәңгі-бақи өлместей боп, кейінгі дүниеде өз аттарын ұмытпауды уағыз етіп кеткендер. Өзгеден жер үстінде қалатын белгі – томпайған мола. Әуелде жер бетінде томпайған бос топырақ мезгіл сайын шөге-шөге барып, ақырында мүлдем жер болып тапталады. Шамасы, осы көр жер болумен қатар, адам аты да өшеді. Мәңгілікке жұтылады. О да бітеді. Мыналар (екі кітаптың мұқабаларын сипалай түсіп) сол өзінен қалған, жер үстіндегі белгіні тау етіп, мәңгі мықты беріктікке бекітіп кеткендер. Олар Ақшоқының екі биігіндей…

Жүргізуші І: Бұл екі кітап, бұл ауылдың Абайдан басқа барлық жанына тілі де, мазмұны да ұғымсыз кітаптар. Бір Абайдың ғана көңіліне әрі ұғымды, әрі құрметті боп алған, алыс дүние, алыс заманның екі ақынының кітаптары. Ол жатқан Пушкин мен Лермонтов.

Жүргізуші ІІ: Екеуі де Абайдың ата-бабасы кешкен өмір соқпағынан мүлде басқаша боп өткен жандар. Әлдеқайда алыста өткен…

Жүргізуші І: Бірақ сол қалпында, бұл екеуі Абайға біртүрлі жақын, бірге туысқан аға-інідей көрініп қалады. Бөтен дүниеден бөтен тілмен кеп Абайға сырларын ашқан, мұңдарын шаққан егіздер сияқты.

Сен де біздей саналы мұңлысың! – дегендей болады.



Жүргізуші ІІ: Басында, ақылы мен ашуы шарпысып, кезек жеңісіп

барып, ақырында сыншы-кемел ой жеңсе де, шерлі көргіш боп алып, тына алмай жатқан аға бар. Сол ағаның дертін көріп: «Тынғаннан ие тауып ек!» – деп ызасы мен ашуына бой ұрып өлген іні бар. Сол аға – Пушкин. Сол іні – Лермонтов. Кейінгі ұрпаққа, барлық заман, бар қауымдағы шерлілерге атой салып, өмірлері шырақша жанып өткен аға, іні…



Абай (күрсініп кеп): Туған еліңде, отаныңда өнер – білім болуы қандай сый болар еді! Әлденеше ағарған буындардан қалып келе жатқан қазыналар болып, соны сақтаған асыл сандығы болса арман бар ма?..

Жүргізуші І: Абай ойлана күрсініп отырып, Татьяна хатына үңілді.

Абай: Неткен айтқыш тіл? Тіл емес, жүректің лебі! Гүрілдеп соққан ырғағы! Неткен нәзік тереңдік…

Ғашықтың тілі – тілсіз тіл

Көзбен көр де ішпен біл…

Жүргізуші ІІ: Татьяна хатының ырғағы мен нәзік үніне өз жанынан үн қосты. Қыз шеріне қызыққаннан шыққан бір сарынның басы еді.

Абай: Өзімнен өтіп кеткен дәурен. Бірақ, сол күнде де осындай боп айтылған тілді естімедім-ау! Естірлік, мүлгітерлік күй, ұғарлық сергек жүрек болса осыған шомып көрсейші. Осы үлгі болар! Сезінетін жас табылар. Үлгі етіп көрсем нетер?..

Жүргізуші ІІ: Сондықтан да, осы бір-екі күн бойында Татьянаны өзінің қазақы қоңыр тілімен сөйлете бастап еді. Сөйлеткен сайын Татьяна майда қоңыр үн тауып, нәзік қоңыр күй тауып, ділмар жас, шебер шерлі боп барады.

Қазірде, ұяң майда қызға Пушкин жазғызған хатпен өзі жазған хатты салыстырады. Кей жерлері Пушкинше емес. Қатаңдау.



Жүргізуші І: Семей кітапханасынан кеше алдырған он шақты кітаптың ішінен бір хат шықты. Білімді досы Михаэлис Абайдың «Евгений Онегинге» сүйсініп жазған хатына жауап ретінде жазған мынау хатында:

Абай ( кітаптарды ақтарып, хатты қолына алып дауыстап оқиды):

«Соңғы жылдары «Евгений Онегин» әңгімесі күйге де түсіпті. Пушкиннің Татьяна, Ленскийлеріне сай күй дейді. Петербор, Мәскеудегі санаулы қауымның бір тынысы сол болғандай деседі. Бірақ керегі не, бізге оны естуге бұйрық жоқ».



Жүргізуші ІІ: Абай бас жақта тұрған домбырасын алып, қолы шек пернені термелеп, жебелей береді. Көзі алысқа қадалған. Бірақ қараған нәрсесін көріп отырған көз емес. Ол қазір ойдың көзі… тербеле толқынған ақын толғауының көзі. Бір сарын домбырасының шегіне тап түсіп орала кетті. Тағы да отырып ақырын үн салып, күңіреніп еді уәзіне келген екен.

Абай (қолындағы домбырасын шерте түсіп, ыңылдай):

Амал жоқ, қайттім білдірмей

Апырым-ау,қайтіп айтайын… деген екі жолды айтады.

Жүргізуші І: (Әуен ырғағымен) … Татьяна сырының басы іркіле тұрып, шешіле бастаған сияқтанды…Тағы да, тағы да …жантайып шынтақтап, біресе тез қозғалып, құшырлана малдас құрып ап арлы-берлі тебіренеді… Қос шек бірде баяу басып, бірде шұғыл қатаң үндерге басып, асып қайтып отыр. Соңғы екі жол қымбатқа түсті…бірақ оралды…

Абай: (Татьяна хатының үш шумағын домбыра сүйемелімен айтып шығады).

(Сахнаға қазақ ауылының сол кездегі киімін киінген бір топ адам көтеріледі: Ділдә, кішкене Молда, Мұхаметжан, Қарасақау және т.б.)

Абай: (Кішкене Молдаға бұрылып):

Татьяна хатын көшіріп пе ең? Енді ол ән салатын болды ғой, білдің бе?



Кішкене Молда: Онысы абзал болған екен… көшіріп қойып едім.

Абай: Ендеше Мұқа мен Көкбайға хат жазып жібер. Екеуіне Татьяна

сәлем айтты, «бізбен де таныс болсын» деп айтты де. Мына Мұхаметжан қалаға бара жатқан шығар, сол сәлемін ала барсын.



Жүргізуші ІІ: Кішкене Молдамен қатар Абайдың жаңағы сөздерін құлақ түре тыңдаған, жасы отызға жаңа іліне берген сұлу қызыл жүзді, қой көзді, әдемі қоңыр сақалы бар Мұхаметжан да Көкбай, Мұқа сияқты жақсы әншілердің бірі болатын. Оның да анда-санда өлең шығаратыны бар еді.

Мұхаметжан: Абай аға, бұл ән салып жатқан кім болды?

(Жауап қатпастан Абай домбырасын қайта ұстап, Татьяна хатының алғашқы үш ауызын әндетіп айтып берді де, домбырасын сүйеп қояды).

Мұхаметжан: Соны сөз деген осындай-ақ болат та. (қолына домбыраны алады).

Жүргізуші ІІ: Мұхаметжан әннің алғашқы екі ауызын жаттап үлгерген екен. Енді домбыраны қолға алып, ақырындап тартып, ішінен «Амал жоқ қайттімді» өзі білген әнге қосып көріп еді. Әзіргі әндерге қосылмай жатыр. Ол өзінің атақты әні «Аққайыңға» да салып көрді. «Топайкөкпен» де жағалатты. Созылмайды, көнбейді. Ол қасындағыларға қарайды.

Қарасақау: Немене, Татьянаның «Аққайыңды» білгісі келмей ме, қалай?

Мұхаметжан: «Аққайың» ғана емес, тіпті біз білген әнге жуысайын деп тұрған Татьяна көргем жоқ.

Қарасақау: Бәйіт тақпақ сияқты келте шолақ әнге тең келе ме дейім…

Абай (үнсіз қалпынан арылып): Солай деймісіңдер? Татьяна Татьяна болады да. Ол «Ақбала» да емес, Бағдат, Мысырдан бәйіт те тілемес! Жандарым-ау, Татьянаның бағанағы салған әнін қайта айтпаймын деп отырғанын көрдіңдер ме? Мына Мұхаметжанға өзің тапсаң тап, болмаса қай қазақтың құлағына сарнай берейін десе керек.

(Мұхаметжанның қолынан домбыраны алып тарта жөнеледі).

Жоқ, енді айтқысы келген екен. Былай депті ғой (үн қосып, өз аудармасының екі жолын айтады, ал Мұхаметжан екінші ауыздың тұсында қосылады).



Абай: Жоқ, Татьяна Мұхаметжаннан үріккен жоқ. Танысты… Бірақ

айта түс деді. (Мұхаметжан тізесінде жатқан жазуына көз қиығын тастай отырып, Татьяна әнін толық айтып шығады).



Жүргізуші І: Абай міз бақпай, кірпік қақпай тыңдағандай еді. Ол Ақшоқы биіктеріне көз жіберіп, бағана өзі теңеген Пушкинді есіне алып, Татьяна сазын ұйып тыңдайды… Өңі сұрланып, бойы тоңазығандай болады. Өзі сөйлеткен сөз, өзі жырлатқан ән, ең алғашқы рет әрі жас, әрі сұлу, әрі әсем әншінің көлденең үнімен айтылғанда, енді өзін де қатты толқыта әсер етті. Абайдың ажарына қарап, қасындағылардың бәрі де, құлақ қақпай, қыбыр етпей, Мұхаметжанның аузына қарап қалып еді. Қазақ әні емес. Бірақ сондай бір мұңды шермен, ұғымды күймен ырғалған, майда толқын тәрізді.

Жүргізуші ІІ: Мұхаметжан енді айрылып қалмайын, жадыма тоқып алайын дегендей боп тоқталмай айтады. Сонымен бірге өзі де бойы шымырлап, көңілі елжірегендей боп қатты сүйсініп айтып еді. Алғаш танысқаны осы болса да, ол Татьянадай назды жасты, көз алдында көргендей боп, шындап сезініп, ұғынған сияқты болып еді. Осы әннің үстінде ұғынды.

Мұхаметжан: (әнін тоқтатып) Тал бойыңды ұйытқандай сорлы, шерменде екен-ақ! Мұны осыншалық күңіренткен қандай ғана неме екен, Абай аға?

Дауыстар: Иә, бәсе кім болды екен? Қане, айта қойшы, Абайжан.

Кішкене Молда: Пошкин, айтқызып отырған Пошкин, Пошкин ғой…

Мұхаметжан (жаратпай): Қоя тұршы, Молда, Пошкин демей… тіпті сол ақынның аты да сен айтқандай емес…

Кішкене Молда: Е, енді қалай екен?.. Мен бек дұрыс айтам, солай.

Мұхаметжан: Жоқ, менің бағана құлағым бір шалып қалып еді. Абай ағам Пушкин деген сияқты еді… Осының дәлі қандай, Абай аға?

Жүргізуші І:Абай Пушкиннің өмірін, өлімін айтып беріп, жаңағы Татьяна әніне қайта оралды.

Абай (Мұхаметжанның қолындағы жазбасын қарап ойлана, кейбір жерін түзей отырып):

Осы да жүректегісін жеткізе білген тіл-ау! Шынның шыны керек те.

Пушкиндей ақынды қазақ баласы сен де, тіпті исі мұсылман ғаламы сен де әлі көрген жоқсың!..

Мұхаметжан: Бірақ, енді сол Татьянаның осындай үні жауапсыз қалғаны әділет пе, Абай аға, жігіт те бір орай сөзді айтса мақұл болмас па енді.

Абай (аз ойланып отырып): Ол да дұрыс екен. Онегинді сөйлету керек болар… (біраз отырып) Әй, бірақ ол өзі опасыз еді, әй!..

Жүргізуші ІІ: Абай Пушкинді кеш бойы қайта оқумен болған еді. Бұл Абайдың Пушкинге ең алғашқы рет таныса жақындасып, туысын тапқандай болып толғана бой ұрған күнінің бірі еді.

Абай (Пушкин кітабын жауап жатып):

Дүниеге көзімді аштың-ау, Михаэлис. Енді қағбам орнынан көшіп, күншығысым-күнбатыс, күнбатысым-күншығыс боп барады. Солай болсыншы!



Жүргізуші І: Солайша, 1887 жылдың қысында орыстың ұлы ақыны

Пушкин өзінің сүйікті Татьянасын қолынан ұстап кеп, қазақ сахарасына ең алғашқы рет қадам бастырып еді. Өзі тыңдаушысын ұйытқан қадірлі ақын болды. Татьянасы қазақ жасының жүрек сезіміне бұрын қазақ сөзімен айтылып көрмеген көркем, шебер тіл бітіріп, жандай жақын туысы бола келіп еді...


Қазақ Пушкинианасының елшілері

Жыр – шашу
Шашу – қазақтың ежелден келе жатқан қуаныш айғағы ретінде жасалатын өте сұлу да салтанатты дәстүрлерінің бірі. Зор қуанышты күндерде әйелдер құрт, кәмпит, күміс теңгеден шашу шашады. Бұл дәстүрді кітапхана аясында өтетін шаралардың бір түрі ретінде қолдануға болады. Мысалы, жыр-шашу.

Ұлы ақынның мерейтойы қарсаңында өткізілетін көп шаралардың ішінде ақынға жырдан шашу көрнекі орын алмақ.



«…Пушкинді ұстаз тұтып, оған әрдайым өлең арнамаған ақын жоқтың қасы» – деп академик М.Қаратаев айтқандай, ұлы ақынға арнап жазылған өлеңдер көп. (Әдебиеттер тізімін қараңыз). Қазақ халқы рухани өмірінде Пушкиннің де өзіндік орны бар. Көрнекті ақын Ілияс Жансүгіров «Пушкин – қазақ халқының да ақыны» деп бекер атамаған.

Шашу өтетін жер мерекедегідей безендірілмек. Пушкин портреті, оған арнау сөздер, өлеңдерден үзінділер жазылған қабырға сөздер…



Жүргізуші: Заманында «Пушкин өзінің ұлы орыстығы үстіне, жаратылысынан данышпандық күш біткен орыс» деп бағаланған орыстың кемеңгер ақынын қазақ қауымына таныстырудың өзі артық болар. Мұнда оның шығармаларын білмейтін адам кемде кем. Ұлы ақын орнатқан ұлы ескерткіштің іргесіне қаланған қазақ ақындарының күн шұғылалы өлең жолдары асқақтай естіледі.

(Сахнаға екі оқушы шығып Пушкиннің «Ескерткіш орнаттым мен қолдан келмес» өлеңін екі тілде оқиды.)

Жүргізуші: А.С.Пушкиннің бұл өлеңі Оралда болып қайтқан соң үш жылдан кейін жазылған екен. «Ескерткіштің…» алғашқы қолжазба нұсқаларында «қазақ» аты аталуы символикалық құбылыс десе болғандай. Өйткені, ұлы ақынның есімін шығыс халықтарының ішінен алғаш, шығармаларын өз тіліне аударған қазақ халқы болды десек артық айтқандық емес.

Сонымен, о, жыр тәңірісі, өзіңнің лираңнан шабыттанған ақындардың арнау өлеңдерін қабыл алыңыз.



Сен өлеңнің сыр мінезі сыршысы,

Сен өлеңнің таңғажайып жыр құсы.

Саған арнап жырдан жібек кестелер

Ен даланың ерке көңіл жыршысы.
Оқушының орындауында М.Әлімбаевтың «Александр Пушкинге үш пейіл» өлеңі оқылады.
Александр Пушкинге үш пейіл.
Саған шексіз сый-құрметін көрсетіп,

Мені халқым аттандырды елші етіп.

Ал елшілер келеді ғой тіріге

Тауыспаған өмір жолын өлшетіп
Ұлылардың алды деген оңай ма?!

Кішілерді санатына санай ма?

Келгендеймін кемел Пушкин тауына

Өз атынан емес, өзге орайда.

Оған әсте шамданар да ойым жоқ,

Келгендеймін атқосшы боп Абайға.

Теңін айтсам,

Тебіреніп Пушкин де

Маған мойнын бұратындай қалайда.
Бойшаң ұлы, ойшаң құлы құдайдың.

Қарағайдан

Ақын жайын сұраймын.

Екі жүз жыл жасаған бұл қарағай

Пушкинменен сырлас өскен баладай.

Білетіндей, қарағайға аяндай

Заман мұңын толғағаны Бояндай.

Самсаған қол кернеп Сенат алаңын…

Тігеді ақын көңілінің жанарын.

Дар астында бес армандас…бес бейне…

Ақын жүрек ақ патшаға кешпейді…

Айтшы, - деймін. – Қандай еді ол өзі?

Отты ма еді? Өткір ме еді мінезі?

Дегендей боп: «Ел қамқоры! Ақ иық!..»

Тербелейді, басын ағаш сәл иіп.

М.Әлімбаев
Жүргізуші: Пушкин есімін өз жырларында алғаш атағандардың бірі- Ілияс Жансүгіров десе болар. Ол оның өмір жолының кейбір кезеңдерін, құдіретті өнерін өзінің тума туындыларына тақырып етті. Ол әйгілі «Құлагер» поэмасында мынандай әсерлі шумақтарды дүниеге келтірген І оқушы: Таба алмай тыныштықты туған елде,

Кете алмай біржолата бөтен жерге.

Тартқанда жалғыздықтан жаны қорлық

Төсеген талай ерлер оққа кеуде.
Жақсы боп өзден өлім талай ерге

Аз ба екен оққа ұшқандар дуэльдерде?

Өлімді жан қорлықтан жақсы көрген?

Не дейміз Лермонтов пен Пушкиндерге?
Жүргізуші: Бұл кестелер сонау Пушкин көз жұмған азалы сәтте туып, ертеңінде қолжазба арқылы қолдан қолға тарап ақын қазасының себептерін ашықтан-ашық батыл айтып берген М.Лермонтовтің «Ақын ажалы» атты өлеңін еріксіз еске түсіреді.

ІІ оқушы: Лермонтов болмағанмен біздің Ақан,

Кісі ме еді ақындықтан құралақан?

Ортасын олқы көрген бұл да дара,

Имеген иттерге бас сері, дархан.

Еріксіз ерте туған ел еркесі

Жетпестен қиылатын ер желкесі

Лермонтов, Пушкин көктен атылған құс,

Түскен бе Көкшетауға көлеңкесі? –

деп ақын, ел еркесі Ақан серінің де Пушкин, Лермонтовтармен тағдырлас екенін еске салады.



Жүргізуші: 1937 жылы бүкіл дүние жүзінің прогресшіл қауымы Александр Сергеевич Пушкиннің қайтыс болғанына 100 жыл толуын еске түсірді. Осыған орай Жамбыл Жабаев ұлы ақынға «Асқан бұлбұл», «Пушкинге» деген өлеңдерін арнады.
1 оқушының орындауында «Асқан бұлбұл» өлеңі оқылады.
Орыстың өлеңінің ақын көркі,

Алмастай мың құбылған меруертті.

Дүниеге асыл сөзден төктің маржан,

Жарқырап тар заманда-ақ шықтың еркін.

Патшаның қорқау бастық жендеттерін,

Сен көрдің, таныдың сен, таулы жерін.

Қарысқан қан майданда қылыш тимей,

Қолынан қанды жендет жанды бердің.

Не керек, өмір шіркін, өзің тірі,

Алтындай жарқырайды жайнап гүлі.

Жүз жыл болды, қара жер сені алғалы,

Сен дүние ақынысың осы күні.
Қуанып көзі жайнап, мейірі қанып,

Башқұрт, түрікпен, белорус, қазақ танып.

Оқиды жазғаныңды, шаттанады,

Сөзіңнің бір де бірі өлмеуі анық.
Сен, Пушкин, қалың жұрттың туысқаны,

Сен - біздің бұл ғасырдың өлең, әні.

Өлеңің жаңа атқан таң, жайнаған гүл,

Жұпары, інжу-маржан, өмір сәні…

Бұл күнде біздің өмір жайнаған гүл,

Құлпырып барған сайын төгеді нұр.

Ән шырқап, бізбен бірге қуан, шаттан,

Мәңгі өлмес асыл сөзді асқан бұлбұл.
Жүргізуші: Қарт ақын «сен – біздің бұл ғасырдың өлең, әні» демекші сол отызыншы жылдардың өзінде-ақ талантты композитор Рамазан Елебаев «Асқан бұлбұл» өлеңіне арнайы ән шығарған болатын. «Көпшілікке кең тараған «Жолдастар», «Жас қазақ» әндерінің авторы, өмірден мезгілсіз кеткен, партизан композитор Рамазан Елебаевтың Жамбыл өлеңіне жазған бұл әні 30-шы жылдарда шыққан тамаша әуендердің, әндердің үлгісіне жатады» – деп бағалады музыка зерттеуші Өмірбек Байділдаев.

(Мүмкіндік болса осы әнді оқырмандарға тыңдатқан жөн. Ізденіс жұмыстарын жүргізу барысында құрастырушының байқағаны бұл ән Пушкинианаға қосылған бірден-бір қазақ әні болып табылады).

Жүргізуші: Ақынның «Пушкинге» деген өлеңі де «Асқан бұлбұлдың» жалғасы іспетті. Жамбыл Пушкин жырын «Хиуадағы жібек қырмызыға», тауыс құстың жайған қанатына, көз тартып құлпырған патсайыға теңейді. Мінеки, оған өздеріңіз куә болыңыздар


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет