Абай жолы. ІІ кітап



бет2/4
Дата29.07.2022
өлшемі422.94 Kb.
#459829
1   2   3   4
abaj-zholy -ii-kitap

ЖАЙЛАУДА
I
Кең көгалға жайыла қонған үлкен ауылдың оң жақ шетi өңшең үлкен ақ үйлер. Бұлар мал жататын қотаннан, иiс-қоңыстан, мазасыздықтан әдейi қашаңдап, шалқая қонған.
Ауылдың екiншi шетi мен мал иiрiлетiн орта тұсында отырған өңшең қоңыр үй. Бұл шетте жыртық, шоқпыт лашықтар, құрым қара қостар, кiшкене күркелер де бар. "Қоңсы-қолаң" атты көп жанның баспанасы осы жақ. Қойшы шал, қозышы бала, түйешi, сауыншы, жылқышы да осы жақтан шығады.
Қазiр үлкен ауылдың бұл шетiндегi қолы бос жас-желең де, шүйке есiп, ұршық иiрген кексе қатын, кәрi кемпiр де түгелiмен ауылдың екiншi жағына құлақ салады. Тегiс алаңдап, солай жүргiлерi де келедi. Олардың бәрiн елiктiрiп, аса қыздырған – жалғыз бiр шырқаған асқақ үн; ол – ән. Ауыл үстiнде шаңқай түсте, бұлтсыз көк аспанға шаншылып шырқаған өктем, әсем жалғыз үн.
Шеткi үйлердiң барлық жаны бұл әншiнi бұрын алыстан болса да естiп, дәндегендей.
Ән ұқпайтын кiшкентай немересiн арқалаған бiр қарт шеше, белi бүкшие түсiп, ән тыңдауға асыға басады.
Мүкiс тартқан кәрi құлағының үстiндегi кимешегiн кейiн жиырып қойып, басын жоғары көтере бере, құлағын төсей түседi: жалтыр күннен ұялған жасты көзiн сығырайтып, қарт жүзiне сансыз көп ажымын тереңдете, иреңдете жиып келедi.
– Уа, өркенiң өссiн, әншiбегiм! Бiздiң көңiлiмiздi көтерсең, сенiң көңiлiңдi құдай көтерсiн! – деп, тiссiз иегiн шошаңдата сөйледi. Қотан ортасында бұны жақтырмай, қыжырта мазақтап, Қалиқа тұр.
– Е, кәрi жел өкпе, сен қалма! Саған айтып жатыр ғой, адыра қалғыр! Өл де маған, о несi! – дейдi.
Кәрi кемпiр иiс кекесiндi есiтсе де тоқтамайды, қасына тағы бiр кексе қатынды ертiп алып:
– Е, кекетпесең, Қалиқа боламысың шедiрем қал! – деп, кетiп барады.
Ауылдың үлкендерi отырған шеткi ақ үйлерден де қиыс өттi. Беттегенi анадайға оқшау тiгiлген төрт үй.
Бұл ауылдың атақты әншi қонағы соңғы бiрнеше күн ел қыдырып кетiп, кешелер мұнда қайтқан. Және ертең елiне қайтады, кетедi деген хабарды да ауылдың бар адамы естiген. Ендi соңғы әндердi естiп қалуға ауылдың көп жаны бүгiн әсiресе құмартатын. Бiрақ құмартқанмен, шеткi қоңыр үй, малшы, малшы-жалшылар үйлерiнен сол әндi тыңдауға талпынған талай жан бара алмай, өкiнiшпен күйiкте қалған.
Айғыз үйiнiң жанындағы қара үйде iркiт пiскен екi қатын ренiш айтады. Бұның бiрi – қатқан қара келiншек Баян, екiншiсi – орақ тұмсықты, ақ сұр әйел Есбике. Екеуiнiң де жүзiнде ерте түскен қалың ажымдары бар. Беттерi ашаң, үстерiндегi көйлектерi бiрдей тозған, жыртық. Және талайдан жуылмаған кiр. Баян, осы ауылдың ұзақ жылдан бергi қойшысы Қашкенiң әйелi. Есбикемен жасы құрбы, мұңдас едi. Қара үйдiң ортасында үлкен тай қазанды толтырып, Есбике құрт қайнатса, Баян құлқын сәрiден берi демалмастан, үлкен күбiде iркiт пiсiп тұр.
Баян өздерiнiң ән тыңдауға бара алмаған өкiнiшiн үлкен бiр армандай айтады.
– Ойын, сауық сен екеумiздiң теңiмiз бе! Айғыз бәйбiше жаңа Қалиқадан соны айтып жiберген ғой. Екеуi тырп етпей, iркiт пiсiп, құрт қайнатсын дептi, – дейдi.
Есбике ажымды сұрғылт жүзi мен кейiстi қабағын жыбырлата түсiп, ауыр бейнеттен жүдеп жүрген екеуiнiң күйiн айтып кеттi:
– Бiзге ән тыңдататын Қалиқа ма? Айғыз ба? Сиыр сауатын, қой сауатын, iркiт пiсетiн, құрт қайнататын, iрiмшiк қайнататын, одан босай берсең, жыртық иығыңа қап салып тезек теретiн – бiз.
– Өлмей жүрмiз-ау әйтеуiр. Ел жатқан соң үйге барып, күнi бойы көрмеген үйiмдi жинап беруге де мұршам жоқ. Табалдырықтан аттай бере, мұрттай ұшып.жығылып, сiлем қатып.
Есбике де Баянды тыңдай түсiп шерiн ағытады:
– Бiресе "арқан ес", бiресе "ноқта ес" деп, тағы басыңа әңгiр таяқ ойнатады. "Сорлы күң, саған да шалжиып отыру керек пе" деп ғана жер-жебiрiме жеттi. "Шаңырақ түйеге мiнiп келген күң сен емес пе ең? Құлақ кестi құлым – сенiң байың Бәшiбек емес пе едi?" дегенде, басыма таяқпен салып кеткендей болды. Менi бүйтiп күң етiп, ол сорлыны, Бәшiбектi құл етiп қойған соң, атар таң, көрер күн жоқ болған соң, не дейiн! – деп, қазан астындағы ыстық жалынды көсей түсiп, Есбике кемсеңдеп жылап қояды. Табанымнан таусылып.жүрсем де шыр бiтерiм жоқ. "Ән тыңдайын, мен де барайыншы, апатай!" деп, қызым Сақыш жаңа сонша оралып едi. "Барсаң бара қойшы, күнтайым" деп, қарасам, бой жетiп қалған қыз ғой, босағадан аттатып, жан жүзiне көрсете алатын емеспiн. Үстi-басы менiң үстiмнен де жаман, ит талағандай, шоқпыт-шоқпыт, – деп, Есбике әлi көзiнiң жасын тыя алмай отыр.
Баян iркiттi пiсе түсiп, Есбикеге қарай иiле күбiрлеп сөйлейдi. Қалиқа, Айғыздар естiп қоймасын деп, жалтаңдай айтып, тағы да екеуiнiң ауыр мұңдарын созады.
– Қылаңдап атқан таңменен, бозторғай шырылдамастан тұрып, бәйбiшелер жатқанша, ақ үйлер түндiгi жабылғанша, бiр сәтке тiзе бүгiп отырмай, елдiң бәрiнiң соңынан жатамыз. "Ел жатса да енекем жатпайды"– бiз ғой. Жаз да, қыс та сарп ұрып жүргенде, Айғыздың маған қойған аты – сарала етек күң. Ән деймiз, ән бiздiң не теңiмiз бопты? – деп, екi мұңды өз бастарындағы ауыр еңбек, өнiмсiз бейнет күйiн күңiрентедi. Құнанбайдың үлкен аулында малшы қатындарды, ас пен сауынды басқаратын қатал тоқал Айғыздың бұлар басына салған әлек бейнеттерiн шағады.
Осы қара үйге жалғас үш қанат жыртық лашықта дәл осы кезде алыстан шырқаған әндi ести түсiп, Есбикенiң қызы Сақыш жыртық жабу үстiнде қырық құрау болған ескi көйлегiнiң тiзесiн жамап отырып, үн сала алмай, қыстығып жылайды. Бұйра шашты қайғылы басын қос тiзесiне басып, өзiнiң сорын шағып жылайды. Көп тiлегi де жоқ. Тым құрса анау кетiп бара жатқан кәрi кемпiр Иiстей ғана әншiлер үйiне барып, босағада отырып-ақ, сығалап-ақ, жабықтан баспалап-ақ, үй iшiн көрiп тұрып тыңдаса болар едi. Бiрақ, кеше Айғыз айтты деп, Қалиқа келiп, қатты тыйым салып кеттi.
– Есбике күңнiң, Бәшiбек құлдың сiңiрi шыққан қызы жаман түйенiң жабуындай, жалбыраған қайыршы киiмiмен ақ үйлер жаққа келмесiн. Ән не теңi, шықпасын үйiнен! – деп кетiптi.
Ән ауыл үстiнде самғап тұр. Бiрақ оны тақап тыңдай алмай, алыстан шөлiркеп, арманды боп жүрген тек Есбике, Баяндар ғана емес. Желi басында ертеден қара кешке бие сауған Бүркiтбай да қасындағы көмекшiсi бала жiгiт Баймағамбетке әр биенi саууға отыра бере ауыр-ауыр кейiстер, мұңдар айтады.
Ақырын ғана қоңыр үнмен, бөгде бiреулер естiп қоймасын дегендей, жалтаң көзденiп айтады. Түксиген сары қасы бар, өткiр көк көздi бала жiгiт Баймағамбет, қарт Бүркiтбайдың мұңын соншалық ден қойып тыңдайды.
– Ән салады! Күндiз-түнi ән салады. Сол жаз бойы қонақ болған әншiнiң жүзiн Бүркiтбай әлi көрдi ме десеңшi! Жоқ, жоқ, жоқ! Көруге мұршам кәнi!
Құлқын сәрiден әкелiп байланған елу биенi күнiне он сауамын. Желi басына байлаулы құлынмен бiрге байланып, арқандаулы аттай күнiм өтiп келедi. "Ұлжан үйi қымызсыз болмасын, Айғыз үйiнiң сабасы толы тұрсын, қонақ үйде екi саба емiзiктеп тұрсын, Қалиқанiкi қымызсыз болмасын" деп-ақ құртты.
Ымырт жабылғанша, өзiң көрiп жүрсiң, бұл ауылдың биесi ағытылмайды. Биенi ағыта сала шешiнуге мұршам жоқ, үйге бара жығылам! – дейдi. Алыстан ән шырқай түскенде, Бүркiтбай шала-шарпы естiп тоқтап қалады да, шелегiн көтерiп келесi биеге қарай жүредi. Баймағамбет, ноқталы құлындардың бiрiн апарып байлап, бiрiн шешiп әкелiп, енесiне жағыздырғанда, алыстан ән елесiн тыңдай түседi.
Келесi сәтте, биенiң бауырына тағы кiре отырып, екi қолы жыпылдап, қос емшектi тартып жатып, тағы да өзiнiң ауыр мұңын айтып жатқан ашаң жүздi, қартаң Бүркiтбайдың шерiн тыңдайды. Жиырма жыл, табандаған жиырма жыл Бүркiтбай бие сауыпты. Шыр бiткен Бүркiтбай болсайшы. Айғыз бенен Қалиқа бiр тостаған қымыз жұтқызса, "құлқының құрғыр" деп, сұғын қадап тұрып, зәрiн қоса жұтқызады.
"Атау кереңдi iшкiр, саумал iшсең жетпей ме, сауғаныңнан бұрын қымызды өзiң құртасың"– деп қақылдап тұрғаны. Мен босам, екi тiзем сары су, шор боп барады. Екi қолым, осы сауыннан, сарып болған қойдың аяғындай, әбден желге толып болды. Түнде жатқанда, аяқ-қолым қақсағанда таңды таңға ұрамын. Баймағамбет Бүркiтбайдың күндегi сауыншы көмекшiсi болмаса да, оның, қол-аяғының аурулығын бiлушi едi.
Өзi адамға жаны ашығыш, бауырмал қалпымен Бүркiтбайға кейде ақыл айтып көмек еткiсi келедi. Қойсаңшы, тастасаңшы осы сауыны құрғырды. Басқа бiрдемесiн iстесең болмай ма, Бүке! – дейдi. Бүркiтбай күлейiн десе де, кейiстi жүзi жадырай алмай, тек ащы мысқылмен жымия түседi. Ой, байғұс бала-ай! Тастамаймын деймiн бе, бiрақ қайда барып, не кәсiп ете аламын.
Балаларым, Бейсембай мен Ағай боса әлi жас. Өзiм басқа еңбекке, мынау тобан аяқ болған күйiмде, шор болған дiмкәс күйiмде неге жараймын? – дейдi. Ауылдан әлi де ән, әсем шырқау ән самғап келедi. Кейде үзiле жаздап, әлсiз баяулап бiр кетiп, кейде қайтадан қара үйлер жақ шетке, желi басына, бұлақ жағасына тағы шырқай жетiп, талай жанды әр алуан толқынға салады.
Бiрден мұң, бiрден көздiң жасын, бiрден ауыр арман "аh ұруын" тудырады. Өзен жағасында қолау тайға мiнген қоңқақ мұрын, арық бала Байсүгiр тайының шоқтығына еңкейе жабысып, ауылдың сыртына тақап кеп, ән тыңдап тұрып қапты. О да бай аулдың сонау шетiндегi төрт қанат, тозған, құрым үйдiң қозышы баласы.
Осы ауылдың баяғыдан бергi кедей көршiсi, қазiр құяң болып, жер төсекте сарғайып, инелiктей қатып жатқан қартаң ғарып Байторының баласы. Қозыға елең-алаңда кеткен бала, аузына ас та тимей, аш жүрсе де, ән тыңдауда аштығын ұмытып, тайының үстiне жабысып, ұзақ тұрып қапты. Ауылға келiп, тайдан түсiп, үйге тақап тыңдай алмайды.
Ауылда қой жатыр. Қосақты қойдың арасында шелегiн көтерiп, ыстық күнге маңдайы шыжып сауын сауып, бүкшеңдеп жүрген қартаң шешесiнiң бойын Байсүгiр анда-санда бiр көредi. Ауылға келсе қозы жамырап кетедi. Олай болса, мұның кiшкентай басына одан ауыр пәле жоқ. Биыл жазда екi рет байқамай қозыны жамыратып алып, Майбасардан естiген сөгiсi, жеген таяғы да есiнде болатын.
Қазiр қалың қозы Барлыбай суының жағасында тыныш жатқандай едi. Жамырамас деп сенген бала тайымен желi басына тақап кеп, әндi тыңдап тұр. Мөлиген күйде ұзақ тұрып қалды. Шаршау мен жалғыздықтан қажудың салдарынан, жас бала өзiн-өзi ұмытқандай. Түс пен ояудың арасында белгiсiз, ұзақ тұрыпты. Ән үнiнен басқа үндердi есiнен шығарып жiбергендей. Осы халде тұрғанда артына ақырып келе жатқан, ашулы, қатал үн шықты. Жүйрiк, семiз атпенен екпiндетiп, ақырып, айдын атып келе жатқан – тағы Майбасар екен.
Әкеңңiң... Әнде басың қалғыр, сен сүмелекке де ән керек пе! Көзiңдi ағызайын! – деп ұзын жабық қамшысын иiре көтерiп келедi. Есi шығып, шошыған бала, оқыс қорыққаннан, ауытқып түсiп қала жаздаған едi. Жалт қарай бере, Майбасардың ашуының себебiн де көрдi. Әлгi бiр әзiрде өзен жағасында жайғасып жатқан қалың қозы, ендi өзендей ағып, көп үнмен маңырап ағып, ауылға тақап қапты. Ауылда қосақтағы қойлар да маңырап жатыр екен.
Сол қозыны қарамадың, жамыраттың деп, зәрiн шашып келген Майбасар, Байсүгiрдi қамшымен тартып-тартып жiбердi. Аямай ұрған қамшы арқасын қылышпен тiлгендей тызылдатып өткенде, жүдеу баланың шошыған айғайы да, көзiнiң жасы да бiрге шықты. Ағатай-ай! Ағатай, өлтiремiсiң! – деп, тайынан домалап түстi. Майбасар балаға ақырып, ұрысып, тұқым-тұяғынан түк қалдырмай боқтап, аттың бауырынан алып сабап жүр.
Құнанбай қажыға кеткелi бұл ауылдың үй iшi билiгi қатал, тәкаппар Айғызға ауысса, сыртқа ат үстi – "бас-көзi" Майбасар болатын. Ол, Құнанбай жоқта, малшы, құсшы бейбiтсiп, аяқсып кетпесiн деп, соңғы жылдар осы ауылдың жылқышы, қойшы, түйешi, биешi, қозышыларына шейiн, қоныс сайын бiр-бiр сабап шошытып, ығыртып жүретiн. Байсүгiр, сондай Майбасардың қырына биыл жазда мiне осымен үшiншi рет iлiнiп едi.
Қозы жамырап кеттi. Баланы шыңғыртып сабап, атын борбайлап Майбасар әлi ақырып жүр. Ауылда қой сауып отырған Байсүгiрдiң кәрi шешесi, сабалып жатқан баласына жаны ашып, қолындағы шелегiмен, жан ұшырып жүгiрiп келедi. Баласын Майбасар тағы сабап жүргенiн үйде жатқан Байторы да естiп, тұра алмай дөңбекшидi.
– Тiлеуiң құрғыр-ай! Қаршадай баламды тағы шырылдаттың-ау қан iшер Майбасар! – дейдi.
Қозының жамырағанын Байторының сақ құлағы бағана сезген. Жас баласы "ұйқысы қанбай ерте кетiп, далада ұйқтап қалып жамыратты ма, не тайдан жығылып қалды ма" деп жатыр едi. Жаңа қатынының: "тағы сабады-ау ананы. Аттың бауырына алып жүргенiн қарашы Майбасардың қаршадай баламды, сорлыны, соры қалың бейбақты" деп, жүгiрiп кеткенiн де Байторы үйде жатып естiген-дi. Қой қотан ортасында қосақталмай, ауылдың осы қара үйлер жақ шетiнде, сыртында Байторы үйiне жақын жерде сауылып жатқан-ды. Ақ үйлер жағынан у-шу алыс босын деп, Айғыз, Қалиқалар қойды осы қара үйлер жақта сауғызатын.
Сартөсек боп, жайдақ жердегi құрым шоқпытқа желiмдеп жапсырғандай боп жатқан Байторы өзiнiң ауруын бiр қарғайды.
– Осы қу ауруды сенiң жылқыңның соңында, қар төсенiп, мұз жастанып жүрiп алмап па ем, Өскембай баласы! Шық түскен, боз қырау түскен күздiң қара суық түнiнде қораңның шетiнде, қойыңды күзетем деп алмап па ем! Қуарған Майбасар, ендi өзiмнен өтiп, қаршадай жас балама жеттi ме зәрiң? Менiң тұқымымнан тұқымыма жеттi-ау сенiң тозағың. Құдай – құдай емес, сен болдың ғой менi қырына алған қу құдай, шұнақ құдай! Тозақ отында күйдiрген, жолың болмағыр, Майбасар! – деп, иегi кемсеңдеп, қабағын тыржита, көзiн жұмып, бүктүсiп, өз басын, қос жұдырығына соғып, үнсiз жылап жатты Байторы.
Айғыз бен Қалиқаның кәрiне қарамай, ән тыңдауға кеткен Иiс кемпiр қонақ үйлерге жеткен-дi.
Бұл үйлер бар ауылдан бөлек. Ерекше сый қонақ күткен үйлерге ұқсайды. Төрт үйдiң арасында да кермелер тартылған. Алты қанат, кестелi үйдi ортаға ала жайғасқан бiр топ үйдiң бәрiнiң жанында үюлi ер-тоқым көп. Дағдылы еркек ер-тоқымдарынан көрi әйел мiнетiн қоқан ерлер молырақ. Кермедегi аттар жоғына қарағанда, бұл үйлердiң қонақтары қазiр емес, бұрын келгенге ұқсайды.
Дәл осы үйлер тұсында тыста жүрген адам аз. Тек көп жерошақтың басында ғана әлденеше қазан асқан және үлкен сары самауырларды түтiндете қайнатқан үнсiз әйелдер көрiнедi. Жыртық киiмдi екi-үш тезекшi, қазаншылар жүр.
Қонақшыл төрт үйдiң қазiргi сәтте үшеуi бос тұр. Барлық жұрт ортадағы үйде екен. Қалың елдi қасына жиған ән әлi шырқай түсiп, ырғала толқиды.
Жерошақ басындағы асшыларға тақап қалған. Иiс самауырға тобылғы салып тұрған қызыл келiншектен:
– Жаңа келiн, жас келiн ән салды ма? – деп сұрады. Келiншек:
– Е, ән салды. Қорғанар деп пе ең? Айтқызбай да қоймас! – дедi.
Иiс тамсана таңданып сөйледi.
– Ана бәйбiшелер жақтырмай жатыр едi ғой. Ауылға келiн боп түспей жатып ән шырқамасын, тәйтiк болмасын!" деп, тыйып тастапты деп едi ғой.
– Олар айтпа десе, мұндағылар айт дейдi. Еркiне қоймайды.
– Айтса екен, айналайын.
– Тағы бiр соның лебiзiн естiсек екен! Өзi де жiбектей есiлген кiшiпейiл ғой! – деп, екiншi кемпiр де қостады.
– Бәрiнен де көршi-қолаңшыға қандай? "сiз, бiз" деп бауырыңа кiрiп, жылы ұшырап тұрады! – десiп, кексе әйелдер жаңа келiнге жақсы бейiл бiлдiрдi. Сол жас келiннiң күтушiсi, жаңағы қызыл келiншек Злиха өзi де сүйсiне түсiп:
– Мiнезi сондай кiшiпейiл, сондай жақсы. Бiрақ анау үйлер "аспасын, шаңыраққа қарасын!" деп жазғырып жатыр! – деп, сыр айтқандай сыбырлап сөйлегенде, өзге әйелдер таңдай қағып:
– Келмей жатып па?
– Алда, күндес-ай!
– Айтар, Айғыз бен Қалиқалар!
– Есiл әсем келiн-ай! – дестi.
– Бiрақ оларына пысқырған кiсi көрiнбейдi мұнда. "Айт, шырқа! Артықсығандар шенiңе iлесiп көрсiн! Iркiлме!" деп, күндiз де, түнде де айтқызады, қайта! – деп, Злиха сүйсiнiп, сықылықтап күлiп жiбердi. Келген әйелдер үй жақтан тағы шырқаған әнге оралып, солай басты.
Бұл көршiлер әңгiме еткен "жас келiн", "әншi келiн" – Әйгерiм болатын.
Қалың қонақ жиылған отау да соның үйi.
Абай Әйгерiмдi осыдан үш ай бұрын ұзатып әкелген едi. Қазiр басында желегi бар келiншек қалың қонақ ортасында, Абай қасында отыр.
Бұл екеуiнiң осы жолғы қонағы да өзгеше. Ол – өңшең қыз-келiншек пен бозбала. Жиын бастығы Абай болып қазiргi сәтте мына ауылдың өзге тiрлiгiнен оқшау бөлiнген бiр топ тәрiздi. Ызғарлы, қатал, жуан ауылдың шырқын әнмен, өнермен бұзып отырған топ. Сол үшiн бұл үйлердi сыртынан Майбасар, Айғыз, Қалиқалар шиқандай көредi. Алыстан жазғырып, аулақта кекетiп жүр. Осы үйлерге келем деген ауыл адамдарына зекiп, ұрсып, жолатпайды.
Өз үйлерi сондай жиренiш, жаттық қоршауында тұрса да, кiшкентай ғана өнер аралындай болса да, оны елеген Абай жоқ. Жайлаудағы ең әншi, өнерлi жастарды жиып әкеп, соларға бар бейiлiн берiп отыр. Осындай ойын-сауық жиынның ортасында ең қадiрлi бiр топ қонақ бар. Шет елден келген қонақ. Бұлар – қазiр төрдiң тап ортасында, жағалай көрпе үстiнде, үлкен ақ жастықтарды шынтақтаған сал серiлер. Солардың iшiндегi ең көрнектiсi және бар жиынға қадiрлi, сүйiктiсi – мынау қос iшектi домбыраны безiлдетiп отырған орта бойлы, қызғылт жүздi, кең ақ маңдайлы, нұрлы жiгiт. Ол – Арқаға аты шыққан, бүкiл орта жүздi асыл саз, әсем әнiмен ұйытқан Бiржан-сал.
Тобықты iшiне сонау алыс Көкшетаудан келген, сирек, сый қонақ. Өзi ақын, өзi әншi, өзi серi Бiржан. Үстiнде қара мақпал, кең, жеңiл шапаны бар. Омырауы ағытылған, "серi жаға", ақ көйлектiң сыртынан киген сарғылт түстi, қытайы жiбек кемзалы бар. Оқалы тақиясының жiбек шоғы ырғала түседi. Құйқылжыған әнiне қалың жиын қыбыр етпей ұйып, мүлгiп отырғанда, кербез әншi де, жүзiне бiр жылтыр майда рең бiтiп, нұрлана құбылады
Баласы Қожағұлдың Біржан салмын,
Жұртыма зияным жоқ жүрген жанмын.
Кісіге өзім қатар бас ұрмаймын,
Өзім ақын, өзім сал, кімге зармын... –
деп бiр кетедi.
Әншiнiң "Бiржан-сал" атты осы бiр әнi өзiнiң майда қоңыр, сырлы қоңыр сазымен бастала жөнелгенде, өзге көп жұрт iшiнде демiн тартып, қатып тыңдаған кiсiнiң бiрi – Абай.
Қадiрлi ақын, құрметтi қонағына Абай қадалып қарап қапты. Ақ-қарасы әлi де айқын, таза, ұзынша көздерi өзгеше боп телмiре түсiп, шарасынан асып үлкейiп қарайды. Бiрақ қазiргi сәтте, кiрпiк қақпай қарағанмен, бұл көз, әншi жүзiн көрiп отырған көз емес. Ән мен өлең сөздi, өнерлiнiң өзiн түгел қосып, бiр бiтiм, бiр тұтас тұлғадай қиял суретiмен елестетiп, көрiп отырған көз.
Ерекше әсерi бар күй менен аса ұнаған ән тыңдаған уақытта Абай сол сарын сөзбен қатар, өзге бiр дүниенi жарыса ойлап кететiн. Өмiр қиял суреттерiн, уақиға тасқындарын, жаратылыс, құбылыс толқындарын көрiп, соған шомып кетедi. Қазiрде, мiнi, белгiлi өр қиялы бар ән, iрi туысты әншiнi мынау ортадан бөлiп, жырып, аулаққа әкеттi. Шырқау алыс қияға әкеттi. Тұлғасы ерен, кең кеуделi асқақ үндi әншi, сахараның ғажайып бiр алыбы боп апты.
Сол алып, өнер алыбы, Сарыарқаның ең заңғар биiгi Көкшенiң басына шығып тұрып, бар ұлан ұзақ Сарыарқаға, сахараның салқын бел, самал көлiне қонған елi-жұртына көз тастайды. Жуансып күштiсi, артықсып асқағы, күңiренiп көбi жүрген жон-жотаға көз тастап қоймай, үн қатады. Ән тiл қатады. Ескек, асқақ атойдай қып, зор кеуденiң алып күйiн азынатып төгедi.
"Мен келемiн! Өнер әкелемiн! Танымай көршi, аңдамай бақшы! Сай-сүйегiң босамай, алпыс екi тамырың иiмей көршi!" деп, бас идiре ән төккенде, ән емес, нұр төккендей. Әлемнiң жүзiнен жауыздық зұлымдығын қуып әкетiп, қиялда болса да дүние бетiн, Арқа жүзiн сан сұмдықтан тазартып бара жатқандай. Ол ән асқақ есiп соққанда, Көкшенiң қалың сыпсың қарағайы – мынау әншi басындағы оқалы тақияның жiбек шоғындай болып, теңселiп барып, төгiле жапырылып, жол бередi, бас иедi. Арқаның қара түнi де мынау ақын үстiндегi қара мақпалдың бетiндей майда, мейiр түнi болады. Сонда ел жүзi де осы ақын жүзiндегi жылтырап көрiнген нұрға толғандай болады. Ел жүзiнде, қазiргi ақын түсiндегi, ән үстiнде езу тартқан жарастық күлкiдей боп, шат қуаныш күлкi көрiнедi Абай көзiне.
Сүйткенде, үй iшiнiң iлесе сөйлеген, алғыс айтқан үндерi шығып жатыр екен. Ән үзiлiптi. Абай қиялы ғана үзiле алмай, аяқтап келген қалпы екен. Ол шарасынан шыққандай болған отты, ойлы көзiмен, әншi жүзiне әлi аңыра қадалып, қарап қапты.
Абайдың тал бойы ұйып қалғандай, осы халiн елден бұрын сезген Әйгерiм, қасында отырып, күйеуiнiң тiзесiне сүйеген боп, шынтағымен Абайды сәл түрте қозғап қалып, ақырын ғана күлiп оятты. Абай ең алдымен селт етiп, Әйгерiмге қарап, ес жия бергенде, өзi де күлiп жiбердi. Бiрақ өңi құп-қу болған, күлген демi де дiрiлдеп шығады. Бұның өзiн жақсы бағып, жақсы ұғып отырғаны үшiн, сезiмтал Әйгерiмге сүйсiне қарап қалды да, ендi Бiржанға бұрылды: – өзге өзгеңдi не қылайын, Бiржан аға, – деп бастап, қонағына жаңа бiр қуаныш жүзiмен қарады. Ел ақтаған бiр ақын болушы едi.
Тiлiн безеп, жанын жалдап, тiленшiлiкпен байды сауып, сөз қадiрiн сол кетiрушi едi. Үн түзеген бiр әншi болушы едi. Кiм көрiнгеннiң қосшысы. Әр кез, әр мырзаның қосалқысы. Ән қадiрiн түсiрiп, бiр атым насыбайдай, арзан етiп едi. Сен әндi босағадан өрлетiп, төрге шығардың, соныңа ғана қуанам. Осының-ақ қадiр-қасиетiңдi тануға жетiп тұр! – дедi.
Бiржан құп тыңдап, өзi де сүйсiне көтерiлiп:
– Шiркiн, айтушы мен болғанда, үнемi ұқтырушым сен болсайшы, Абай! – дедi. Әйгерiм де, өзге жиын да екеуiн дәл ұғынғандай, түгел қостап күлiстi. Таңертеңнен берi ортадағы кең дастарқан бойында үш жерден сапырылып отырған қымыз, аздан берi iшiлмей, iркiлiп қалған-ды, қазiр Ербол, Мырзағұл, Оспан үшеуi үш жерден құлаштай сапырып, сырлы тостағандарды қонақтарға қыдырта бастады. Ән толасы болғалы, үй iшi жапырлап, әр тұстан сөйлесiп, күбiрлесiп, күлiсiп жатыр.
Абай жаңағы өз ойын аяқтатып тоқтатпақ боп:
– Бай, бағлан боп, қадiрлi болмайды жiгiт! Өнерлi боп, сол өнерiн ұстай бiлiп, қадiрлi болады. "Өнерпаз болсаң – өр бол" дейдi, Бiржан аға. Жалқы бол, жарлы бол, ол кемшiлiк емес. Өнерлi ақын, асқақ әншi болсаң – ел көңiлiндегi мұңды айтып, көзiндегi жасты тыйсаң, сенен зор, сенен қадiрлi болмасқа тиiстi! – деп, Абай өз қасында отырған Әйгерiм мен iнiсi Әмiрге қарап, бiр түйiн тастағандай болды.
Тобықты жасының бұл жиынындағы үлкенi, жiгiт ағасы боп қалған Базаралы күле сөйлеп, жауап қатты. Ол төрдегi сый қонақтардың қатарында отыр едi. Абайға қалжыңдап:
– Осының бәрi рас, Абай. Жiгiт қадiрi өнерiмен өлшенсiн! – дедi, әдейi ойнақыланып, серпе сөйлеп. Пәлей! Мақұл-ақ! Ал ендеше мен ненi айттым?! Менiң айтқаным да, iстегенiм де, түгел Тобықты бәрiне танытам дегенiм де, осы ғана емес пе едi, сығыр-ау! Кедейшiлiгiме қарама, кiсiлiгiме қара демеп пе ем? Өй, тәйiр-ай, iшi терең жiгiт десем, сен де осындай үстiрт пе ең, Абай? Саған осыны, ұғындыру үшiн сонау Көкшетаудан, исi Арқадан тек Бiржан ғана келу керек пе едi? – деп назбенен, ойын пiшiнмен сақ-сақ күлдi.
Базаралының ашық қалжыңы Бiржан бастаған бар қонақты да, өзге жиын жасты да күлдiрдi. Абай да күле отырып, iле жауап қатты:
– Рас-ау оның, Базеке, бәрi рас! "кедейлiгiне қарама, кiсiлiгiне қара" десе, түгел Тобықтыдан сенi атау дұрыс. Бiрақ бiз өнердi айтып отырмыз. Бiр тайпа Тобықты деген елдiң жiгiтi екенiңiз рас. Жiгiтiмiз – сiз бен бiз, бiрақ бiз өнерлi жiгiтпiз бе? Сол өнерге келгенде сiз екеумiз – ел есiнде қалар не көрсеттiк, нендей үлгi шаштық? Қандай еңбек еттiк ортамызға?! – деп, Абай қатты үнмен шыншыл жүзiмен бiр сұрақ қойды да, аз үндемей жағалай қарап шықты. Ешкiм "мен өнер көрсеттiм", "еңбек еттiм" дей алмайтын сияқты. Сонан соң Абай Базаралыға көз тоқтатты да, баяу, әсерлi ғана үнменен:
– Базеке! Сiз бен бiзден "жас буыным", "жаңа төлiмнiң басы" деп, ел үмiт қылатыны рас.
Сiз екеумiздiң бiр өнер тастайтын кiсiдей, дәмелендiретiнiмiз де рас. Ал шынды, сырды айтайық! – дей бергенде, Базаралы көтерiле түсiп, күле отырып, көңiлденiп:
– Бәсе, шын босын, сыр босын. Барыңды, шыныңды айт! – деп, ентелей түстi. Абай жауабы бiткен жоқ едi. Ол да қымызды көтерiп қойып, қыза түсiп:
– Базеке! – деп қатаң үнмен тоқтата сөйледi. Базаралы сынай күлдi де, Абайға қадалып отырып, тосып қалды.
– Сiз бен бiз дәметтiрдiк те, соның ар жағында берердi бергемiз жоқ қой. Тоны сұлу тұғырмыз ба? Жоқ ағызып жүрген жүрiсi бар, бiрақ өзiнен туар құлыны жоқ тұл бедеумiз бе? Сын мен есеп сонда емес пе? – дедi.
Базаралы таңдайын қағып, басын шайқады.
– Ондай сынды серт еткен Базаралы жоқ болатын. Бұл ойында мен жоқпын. Менде жоқты iздепсiң, оныңды Базаралы қайдан тапсын!? – деп, мойнын бұра күлдi де, жастығына жантая кеттi. Абай сұрағына жауап жоғын барлық жас ұғынған едi. Базаралы әншi де, ақын да емес-тi.
Жұрт күлiп қана жайды ұқты.
Абайдың сөзi Бiржан өнерiн сонша зор көтерiп, өз елiнiң бар жасына "бiзден бұл артық!" деп отыр. Осыны жалғыз намыс ойламай, соншалық кең, жақсы көңiлмен айтып отырғаны Бiржанға жаңа бiр ой салғандай болды.
Ол тағы да домбырасын бiраз бебеулетiп, желдiртiп алып кеп, "Жанботаны" шырқап кеттi. Жастар бұл әннiң неден туғанын Бiржанның қай жарасын ашатынын бiлушi едi.
Ол, Бiржанды жаңа Абай айтқан "бай, бағлан" дегендердiң бiрi сабап күйдiргенiн ашық айтқан ән болатын
Жанбота, өзің - болыс, әкең - Қарпық.
Ішінде сегіз болыс шенің артық.
Өзіңдей Азнабайдың поштабайы,
Қолымнан домбырамды алды тартып.
Тартса да, домбырамды бергенім жоқ,
Есерді поштабайдай көргенім жоқ.
Қамшымен топ ішінде ұрып еді,
Намыстан, уа, дариға, өлгенім жоқ.
Жанбота, осы ме еді өлген жерім,
Көкшетау боқтығына көмген жерің?
Кісісін бір болыстың біреу сабап,
Бар ма еді статьяда көрген жерің?
деп қайырды.
Мұң айтып, күйiк шағу, "сен менi елден асқан десең менiң кеудемдi осындай ыза, намыс дертi басқан. Жуан содырдың қамшы соққысы басқан!" дегендей.
Бұл саналы көңiлдiң шер шеменi едi. "Жетiскендей көресiң қарық боп жүрген Бiржан қайсы екен?" дегендей. Абай Бiржанға жаны ашып, жұбату сөйлемек боп:
– Сонау Жанбота, әне бiреу Азнабай ма әмiрлi, кәрлi дегендерi. Бай, бағлан дегенi? Солардың сол айуандықты тоңмойындықпен етiп отырса да, дәл жаңағы Бiржан ағамның " Жанбота "әнiнен соң" бота "түгiл," бұта "құрым болмай, жапырылып, тапталып қалған жоқ па? – деп, тағы бiр түкпiрлi алыс ойға кеткендей сөйледi. Азнабайлар мынау жерде бүгiн ғана азнайтын шығар. "Мен жер құдайымын" дейтiн шығар. Бiрақ ертең олардан iз де, тозаң да қалмайды, қалмасы хақ! Сонда тек Сарыарқаның атрабынан, Атығай, Қарауыл, Керей, Уақтың шежiресiнен өзiңнiң ғана атың қалады. Және сол Азнабай жауыздың, Жанбота жуанның бетiне соққан соққың қалады. Кейiнгi нәсiлдi олардан жирентетiн ұят таңба, шақпақ таңба боп қалады. Қалады сол, не қыласың, Бiржан аға! – дедi.
Бұл сөздердi жиынның бәрi ұқпаса да, естияр жағы түгел қостағандай болды. Әсiресе, төрде отырған аға жастар – Базаралы, Жиреншелер құптай жөнелдi.
– Аты қалған деген сол емес пе, осы мына отырған өңшең әншi болам деген жалынды жас екi айдан берi ерiп жүрiп, Бiржан әнiн үйренген екен. Ендi сол алғанын әсте ұмытар емес. Әндi ұмытпаса, айтушысы, үлгiсi Бiржанды ұмытар ма? – деп Жиренше, осындайда көрiнетiн зерек ұғымталдығымен жаңағы Абай сөзiн iлiп алып, дұрыс өрiстеттi. Сонымен iлес, өз сөзiне дәлел болсын дегендей, Әмiрге қарап:
– Мiне, мынау Әмiрдiң Бiржаннан артық дейтiн өнерлiсi бар ма екен? – дедi.
Жұрт көзi тегiс Әмiрге қараған едi. Ол ақырын тыңқылдатып, өз домбырасына Бiржан үйреткен "Жиырма-бес" дейтiн әндi салып отырған. Бiржан жас жiгiттiң жүзiнен жақсы бiр шабыт көргендей боп:
– Басып жiбершi, кәне, осыған! – деп, аға бұйрық еттi.
Әмiр iркiлген жоқ. Ақ сұр жүзi тек бiраз толқына түсiп, шырқап кеттi. Үнi жiңiшке, таза, сәндi екен. Бiржанның өзi үйреткен нақыстарын зор ықласпен, дәл шығармақ боп, ынта салып айтады. Сөзiн де әнiмен бiрге, қызыға сүйсiнiп, Бiржаннан ұққан. Жаңа замандарда Зiлқара шығарған әсем "Жиырма-бес" Тобықты елi естiмеген толқыны, сәнi бар, нағыз тамыр бойлар ән едi. Сөзi де жас жиынға жалын тастағандай болатын:
Беріп кет сақинаңды, мыс та болса,
Жүрейік күліп-ойнап, қыс та болса.
Шеш дағы етігіңді, байпақшаң кел,
Көрейін өз сорымнан, ұстап алса... –
деп еркелене ырғалып кеткенде Базаралы жастықтан басын жұлып алды. Сұлу жүзiне ыстық бiр тасқын қан ойнап:
– Алда, айналайын осы қыз-ай! Жаудыраған қара көз қалқатайым, көрермiн бе сенi, кермеспiн бе мен бейбақ! – деп, үйдiң iшiн ду күлдiрдi. Бiржан Базаралының жүзiне тiлеулес, дос ажарымен қарап:
– Базеке, о не дегенiң! Көрермiнбең не? Қасында-ақ отыр ғой Балбала боп, сол қара көз! – дедi.
Базаралының өз қасында отырған, сұлу бойжеткен – Балбала атты көршiсi бар-ды. Бiржан сөзiнiң тұсында Базаралы оқыс жарқ берiп:
– А, астапралда, солай ма едi? – деп, әдейi ойнақыланып, құбыла берiп, Балбалаға қарай қалды. Бұл қарасы томағаның астындағы саңлауынан сығалап, дәл қасынан, тұғырының түбiнен өтiп бара жатқан мысыққа қараған қыран шегiрдiң қарасындай едi. Жұрт онысына да күлiп, сүйсiнiп қалғанда, қырындау отырған Балбала да жалт етiп, Базаралыға бiр қарап қалды. Ажарлы сұлу қара көздерiн қырын отырып, төңкере қарады. Үлкен көздерге жарасатын бiр қиғаш қарас болатын. Өңiне де ұяла қысылған әдемi жұқа қызғылт қан соқты. Тартымды назы бар жандай боп, кiшкентай ғана қабақ шытып, үнсiз ғана езу тартты. Аппақ сұлу тiстерi көрiне түсiп, қайта жасырынды, Базаралы Балбаланың көзiмен көзi кездескенде, жазығын мойнына алып, тәубеге келгендей болып, бiрақ сол халiн, соншалық бiр талантты артисше, әдемi қып баппен ойнап бердi.
– Тәубе! Тәубе! Күпiрлiк екен айтқаным... Түф, түф, түф, – деп түкiрген белгi еттi. Балбала жаққа бас ие бердi де, тез жалт етiп, жұртқа қарап: – Отыр екен, бар екен қалқаларым! – деп, әр жердегi, әр сұлу қыз-келiншекке жағалай қарап өттi. Бiржан да Балбала қысылып қалмасын деп және өзгелерiнiң көңiлiне келмесiн деп, Базаралыны қостап, iле жөнелдi.
– Ән де бiледi, айтса тiлi орамды, шырқаса үнi балдай. Тәрбие-тәлiмiмен жiбек талдай, отыр ғой мiне жақсы шәкiрт, жақсы iнiлерiм!
Бiржан "қыздар", "қарындастар" деген сөздердi әдейi айтпады. Ол сөздердi әдепсiздеу, тұрпайылау көрдi. Және әдейi аға боп, бауыр тартып сөйледi. Осында отырған бiрнеше өнерлi, көрiктi жас әйелдерге жағалай көз тастап өттi. Аттары аталмаса да зор құрметпен еске алғандары – өзi мен Абайды, Базаралыны айнала қоршап отырған – Балбала, Керiмбала, Үмiтей, Әйгерiмдер болатын.
Мағыналы сөз қатып, одан да мағыналы жүзбен Бiржан көз салғанда, барлық жаңағы жас әйелдердiң шыншыл, сезгiш жүздерiне жағалай дауылдап, шапшаң толқын, жеңiл қызғылт нұр жүгiрдi. Бейне бiр таң сәскеде түңлiктi ашып жiбергенде, шаңырақтан күн сәулесi түскендей. Сол кезде батсайы шымылдық, дүрия көрпе, манат мақпал тұскиiздi күн сәулесi қуанта бiр ал гүл қаққызып, жағалай сәулелендiрiп, жайнатқан тәрiздi. Жас әйелдердiң Бiржандай әз ағадан, әсем өнерпаздан естiген мақтаулары да сондай әсер еттi.
Үй iшiнде сыңқыл-сылтың да, мәз қошемет те қатар қаулап, әзiл мен жарастық көп естiлдi.
Сыпайы сыйластық ажарлары, өнерлi жастар мәжiлiсi реңдене түскендей.
Абай мен Әйгерiмнiң бұл жолғы қонақтары шынында Тобықты жастарының ең бiр өнерлi, нәрлiсi болатын. Осыдан екi күн бұрын осы Құнанбай аулы отырған Барлыбай өзенiне Ырғызбайдан, Торғай-көтiбақтан және Жiгiтектен, одан арғы Бөкеншiден көп қыз-келiншек, жас жiгiттер әдейi шақырылып, арнаулы қонаққа келген-дi.
Абайдың қасында отырған – iнiсi, жас бозбала Әмiр Құдайбердiнiң баласы. Ол өз нөкерiмен келгенде, Үмiтей сұлуды ерте келген. Базаралы қасында отырған Балбала – Әнет қызы. Ол да бiр топ қыз нөкерiмен әдейi шақырылған. Бөкеншiден Сүгiр баласы Әкiмқожа мынау. Ол өз қарындасы Керiмбаланы ертiп, Жiгiтектен Базаралының әншi, серi iнiсi Оралбайды ала келген.
Сол жастың бәрi де өнерқұмар және тегiс жақсы әншi. Олар Бiржанды бұл жолы ғана көрген емес. Осы күндерден екi айдай, бұрын Тобықтының шетiне келген Бiржанның хабарын Абай естiп, алдынан Әмiрдi жiберген-дi. Абайдың ең бiр қадiрлес ағасы Құдайбердi жастай өлгенде, содан жетiм қалған бес баланың ортаншысы Әмiр болатын. Құдайбердi өлерде, Абай оған: "балаларыңды әке орнына бағу қарызым болар" деп, "жетiмдiк көрсетпеспiн" деп ант еткендей болатын.
Айтқанындай, Абай содан берi Құдайбердi балаларын өзiмен туысқан Оспаннан да, өз балаларынан да қатты еркелететiн. Ал Әмiр болса, сол балалар iшiндегi әншi, өнерлiсi боп келедi. Ерке, серiлiгi де бар. Өзiнде шалқып, серпiп шығарлықтай бiр шығым бар, дәмелi жас. Аса тiлеулес ағасы Абай оның алдынан шықпайды.және ешкiмге бетiн де қақтырмайды .. Сол Әмiрдi Бiржанға құр шақырушы етiп жiбермеген-дi.
"Бар, көр. Шын өнерлi, қызықты болса, елге әкел. Еркiмен көсiлтiп, ойын-сауық ет. Жас буын өнер үйренсiн, үлгi алсын. Мен көмекшi болармын деген. Әмiр Бiржанмен ел шетiнде кездесiп, екi-үш күн бiрге болып, өз ортасына шақырып қойып, өзi үй тiктiрмек боп және сал жөнiмен, баппен қарсы алмақ боп, алдымен келген. Аялдамастан Абайға кеп, өзгеше бiр қызғын жайын көңiл мен жүзден танытқан. Абай содан соң-ақ Бiржанды әуелi Әмiрдiң қонағы етiп, Құнанбайдың осы үлкен аулына әдейi келтiрткен-дi.
Содан берi екi ай өттi. Бiржан Әмiрге ғана емес, Абайға да ерекше ұнады. Екеуi ескi мұңдас достай кездесiп, тез табысып кеттi. Абай осы бүгiнгiдей етiп өз аулына Тобықтының әншi, күйшi жасынан жiгiт-желең, қыз-келiншегiнен талайын, талай рет жинаған. Бiржанға оларды танытып, оларға ақын әншiнiң қасиет қадiрiн танытып, көп қызық мәжiлiстер құрған. Өздерi әнiн үйренiп, сыйластық, құрметтестiкке жеткен соң, көп ауылдардың жастары Бiржан мен Абайды өз ауылдарына шақырып, үзiлмеген ұзақ сауық күн-түндерiн өткiзген.
Бiржандар Әмiрдiң, Үмiтейдiң де қонағы болған. Сүгiрдiң әншi қызы, сәндi бойжеткен Керiмбала мен Әкiмқожаның қонағы боп, ол меймандос ауылда да көп сый көрген. Одан қайтыс жолда Базаралы, Оралбайлар Жiгiтек iшiнде көп күндер қыдыртып, қонақ еткен-дi. Бөкеншi, Жiгiтек жастары үнемi бiрге араласып, айрылыспай күтiскен.
Сонымен, қазiр Бiржандар қайтатын шақ жеткен соң, Абай осы тұрған төрт үйдi әдейi қонақтарды шығарып салу тойына арнап тiккiзген. Ендi бүгiнгi түстiктен кейiн, кешке қарсы көп қонақ атқа қонбақшы боп отыр. Үйткенi ертең Бiржандар елiне қарай аттанбақ. Соның алдында "сый қонақтар бiр кеш көпшiлiксiз болып, тынығып аттансын" деп, Абайға Базаралы, Ербол, Жиреншелер айтқан-ды. Абай да соны мақұл көрген.
Сүйтiп, бұл мәжiлiс жаздай асыл аға, үлкен ұстаз болған Бiржан мен Тобықты жасының айрылар мәжiлiсi едi. Сол себептi жаңағы Әмiрдi "Жиырма-бестен" сынап тыңдағандай, өзге әншi жастардың бәрi де бiр-бiр жаңа әнмен өз өнерiн көрсетпек керек. Әмiр айтқаннан кейiн, әлгi қалжың әзiлдер басылған соң, домбыраны Оралбай бiраз күйлеп кеп, қасында отырған Керiмбаланың әнiне жетекшi болды.
Керiмбала Абай үшiн ыстық, ескi көздей болатын. Жас қыз кезiнде Абай мен Тоғжан арасындағы жалынды сырдың азды-көптi куәсiндей болған. Содан берi ер жетiп, бойжеттi. Және белгiлi қонақшыл ауылдың ерке, еркiн қызы, Бөкеншi, Жiгiтек ортасының жалғыз аяулы қызығы есептi, боп, көпке шейiн ұзатылмай келедi. Аулының сауығын, жастығын сақтаған, сәндi, мiнездi қыз ағайын аялаған жас болғандықтан, Сүгiрдiң өзi де, әсiресе мына Әкiмқожадай серiлiк, сауық сүйген балалары да мұны Қаракесектегi қайнына әлi бере қоймай, сақтап келе жатқан.
Керiмбала бұл күнде осы үйдегi Тобықты қызының iшiнде, оң жақта ең көп отырғаны. Бiрақ ауылдың, ата-ананың, өзiнiң де қадiр-қасиетiн кетiрер жаманаты шықпаған. Сүгiрдiң ұзатпай сақтауына мұның осы ерекше мiнездiлiгi де себеп болған. Шошақтау боп бiткен үлкен қой көздi, ақ қызыл жүздi, қалың шашты Керiмбалада саналы қайрат бар, ұстамды, сырлы салмақ бар. Сонысымен ол әрi сәндi, әрi өзгеше бiткен сұлу.
Керiмбала да Бiржаннан өзi сүйiп ұққан әнiн айтты. Ол да Тобықты iшiне Бiржан әкеп үйреткен бұрынғы бiр ән. Бiржандай көп әншi, ақынның айтуынан өтiп, сырланып жеткен, атсыз бiр әншi шығарған – "Қарға" деп сөзi кеттi. Бүгiнгi әншi, өнерлi жастардың бiрiне бiрi көрсетiп жатқан құрмет, ғиззат, сый-сұхбат арасындағы нәзiк жарастық күйi болды. Бiржан мен Абай үлкен iлтипатпен тыңдасып едi.
Керiмбаланың осы әнiне орай қып, Оралбай да бiр кербез әнге шырқай жөнелдi. Оның әнi – "Гауhартас". Ән зор дауысты, сұлу пiшiндi, ақ құба жiгiт айтқанда, жаңа сыр тапқандай. Әсiресе Оралбайдың айтуында сол өзi суреттеп отырған "шолпылы" сұлуды нағыз ынтығындай сезiну бар. Жан тартып, демiн, лебiн сезiп отырған ыстық жалын бiлiнедi. Жұрт Оралбай әнiне қатты сүйсiнiп, аласұрып, тоя алмай қапты. Бiржаннан бұрын Керiмбала бұрыла қарап, сүйсiне күлдi.
Көп сақиналы, үлкен бiлезiктi аппақ қолын сәл көтере түсiп, жiгiтке сыпайы тiлек еттi. Тағы бiр ауыз! – деп едi. Оралбайға: – тағы! Тағы! – деп Бiржан да ықласпен айтты. Әншi алғашқы қайырмасының аяғын үзбестен iлгерi өрлеп, тағы да сәндi үнмен шабыттанып, толқытып кеттi. Жiгiт ерке тiлек айтады. Дос жүрегiне сенедi. Ынтыға тұрып еркелейдi. Күн көзiнде керiлiп еркеленген жас тағыдай өз отына, оның отына да қуанып сенедi. Онсыз жас жiгiттiң қуанышы қуаныш па? Еркелет те еркеле. Жалынмен жалын ойнап, жарасып қосылсын.
Бар жиын, әсiресе Базаралы, Жиренше, Абайдай аға жастар шiмiркене түседi. Ақ қызғылт рең Керiмбаланың да жүзiне бiр толқын соғады. Ақырын ғана көркем сыңқыл әсем үнмен Әйгерiм күлiп, қызарады. Аппақ, кесек ақ тiстерiн сұлу қызыл ерiндерi аша түсiп, қайта жасарып, Балбала езу тартады. Өз қасында отырған шабытты әншi, көрiктi құрбысы – Әмiр жасқа көз алмай Үмiтей қарайды.
"Осы жас-ау! Сондай еркелiктi батыл айтатын, жарастыра айтатын жас, осы Әмiр-ау!" дейдi iшiнен. Тоңазыта дiрiл қақтырған бiр толқынға бой бергендей. Ақша маңдайлы, кең сұлу жүздi Үмiтей, ашық үнмен сыңқ-сыңқ етiп, үй iшiне естiрте күледi. Ән, домбыра кезегi қыдыра жағалап осы Үмiтейдiң өзiне келгенде, о да iркiлмей "Баян-аулыны" бастады.
Әмiрдiң домбырасы қостай ередi. Қоңыр ғана, ақырын ғана тартса да, шынында, бүлiне бебеулеген, тiлеулес, үндес бiр күй бұралады. Үмiтей бұл әннiң сөзiн арманды күдiкпен, аса бiр құпия сыр етiп айтады. Сондықтан осынау сөз, саз бұрын емес, дәл осы арада ең алғаш айтылғандай болады. Бiр туған айдай, қылдай нәзiк, бiрақ емеурiндей анық сыры бар. Дәл көңiлдiң өз үнi боп шықты.
Соны кәмшат бөрiк, алтын сырғалы, ең сәндi киiмдi сұлу қыз айтты да, жүзiндегi әншейiндегi жұқалау қызылынан айрылып аппақ тартты. Оң жақ бетiндегi әдемi қап-қара меңi айқындап барып тоқтады. Мұны да үй жиыны үнсiз мейiрленiп тыңдап едi. Үмiтей үзiлiп, ақырындап, бәсеңдетiп кеп, "ендi осымен тоқтадым" дегендей етiп, бетiн жарқ еткiздi. Есiктен төрге дейiн ентелеп отырған, тұрған жиынға қарап, тағы да ашық үнмен сыпайы күлiп жiбердi.
Ол осылай өзi айтып тоқтасымен, дәл қасында оң жағында отырған жас келiн Әйгерiмге бұрылып:
– Ән жағалап әншiсiне де кеп қалыпты-ау! Сонымен, кәнi, ендi өзiң айт! – дедi. Үй iшi осы әзiлмен iлес тегiс Әйгерiмге қарады. Есiк жаққа бағана кеп орналасқан шеткi үйлердiң қартаң әйелдерi де ентелей түстi:
– Келiн, келiн айтады! – десiп, күбiрлесiп үн қатысты, Әйгерiм әнiне де Әмiр домбырасы жетекшi боп, төменгi пернелерден безек қағып, "жүр-жүрлеп" тұр. Әйгерiм Үмiтейге қарап, қысыла қызарып:
– Қой қалқам. Қой, лайығы жоқ – деп, тартынып қана ақырын күлiп едi.
Сенiң де кезегiңнен қалатын жөнiң жоқ. Тым құрыса ауылдың алты ауызы болсын! – деп Абай емеурiн жасады. Өзi де ықласпен тыңдайтын шырай көрсеттi. Бiржан, Базаралылар да, Балбала, Үмiтейлер де Әйгерiмнiң аса нұрлы жүзiнен көз алмай қарап қапты.
Бұның жас сәулелi жүзiнде кiшiлеу қара көзi әсiресе, естен кетпестей.
Аса сыпайы қарайтын ойлы, нұрлы көзiнде бөлек бiр шұғла бар. Жаңа жеткен жастық, тазалық шағында, ақ жүздi, сұр жүздi қара көз әйелдерде оқта-текте кездесетiн осы шұғла, кейде қоңырқай көлеңке реңденiп, көзiнiң астына ұялап тұрады.
Кiрсiз, мiнсiз тазалықтың, нәзiк жастықтың шақ қана бiр дәуренi сақталып тұрып, кейiн ұшып кеткендей – өшiп кететiн бiр нышаны едi ол.
Қара көз сұлу көп болса да, бұл бiтiм, қасиет анда-санда бiреуде ғана болатын.
Абай Әйгерiм жүзiндегi осы бiр, өзгенiң бәрiнен бөлек нысанаға әр кезде көп қадалып, қызығып қарайтын. "Ұялы қара көз", "нәркес көз" деп осыны айтса керек" деп, iшiнен ойлаушы едi. Сондайлық нұрлы, шұғлалы көзi төрдегi Балбалаға қарап, Әйгерiм ән шырқады.
Мұның айтуында ең алғашқы ұзақ "ахаудың" өзi де нақысты ырғақтай.
Жас жарына көлденең қарап отырған Абай тағы да Бiржан ән салғандағы сияқты, өзгеше сезiммен толқып, тағы бiр жақсы созылған өмiр-сурет дүниесiне шомып кеттi.
Ал, бидай, саған айтам гигайымды...
Арғы сөзi Абайдың құлағына кiрген жоқ. Барды айтып жатқан сөз емес, әуен мен үн. Көп күмiс қоңырау сән түзеп, бiр үн сала ма? Әлде нендей ғайып тектi ақ қанатты асыл зат көк жүзiнде күнге шағылыса ма! Күмiс сыбдыр нұр шашып, сырлы аспанға, мәлiмсiз сапарға серiкке шақыра ма? " бершi сараң, сырдаң бойыңды! Түйiлiп қалған жүрегiң, тартынып қалған, ашылмай тығылған жан сырың бар. Ашшы соныңды! Өрге, өнерге шақырайын бар үнiммен. Иықтан басқан зiлден мынау дел-сал күйден өтшi! Сонда... Сонда осы толқынды торғын желек астындағы жас сұлудай, жанындағы жарындай, осының нәркес көз, бұлбұл нақыс үнiндей, ақ тамақ ал гүл жүзiндей жас жарастық, жарқын өнер төгiлер едi өзiңнен! Шықшы iркiлмей, бұқпашы баяу! Менi де елiктiр, өзiң де өрлеп желiкшi, желпiншi! Мынау нәзiк қоңыр сәулелi көлеңке сияқты қорғалақ асыл өнерiңдi ашшы!" дейдi. Жұртқа қарап шырқаса да, Абайға арнап наз тiлек тастап отыр.
Ән үзiлiптi... Абай Әйгерiмнiң жүзiне: "ақ жұмыр иегiң неге қозғалмай қалды? Жұқалаң, сұлу, қып-қызыл ерiндерiң неге жаңағы назыңды қайталамайды? Кiршiксiз, аппақ, мiнсiз сұлу тiстерiң неге iш қайнатқан қатарын жасайды дегендей, ұзақ сұрақпен қадалып қалған екен.
Әнi тоқтаған Әйгерiм күлiп қана қымыз ұсынып, Абайды тағы өзi оятты.
Абай қымыздан қолын тартып, тостағанды алмай тұрып, қабақ шытып барып, қалпына келдi де, ұзақ созып:
– Япыр-а-а-ай! – деп, күлiп жiбердi.
Ұсынған қымызды алмаған күйеуiнен Әйгерiм қысылып, қызарып, ұяң күлiп отыр едi. Абай соны ендi тез аңғарып барып, оның қолындағы тостағанды да бассалды. Және екiншi қолымен келiншегiн құшақтай қошеметтеп, торғын шәлiсiнiң сыртынан құрметтей сипады.
Есiк жақтағы бағанағы Иiс кемпiрден бастап, барлық қартаң әйелдер:
– Айналайын келiнжан, өркенiң өссiн!
– Құдай көңiлiңдi өсiрсiн.
– Осы әнiңмен, осы сәнiңмен өт жалғаннан! – дестi. Соңғы алғысты Иiс айтып едi. Абай елең етiп, Иiске қарады да:
– Апырмай, мына Иiс шешем алғысы қандай жақсы едi! Әмин дешi, Әйгерiм, осыған! – дедi. Әйгерiм аса бiр сыпайы алғыс жүзiмен Иiске қарап:
– Әмин, әже! – деп, өзi кейiнiрек қағылды да, Иiс кемпiрдi қасына шақырып ап, қымыз ұсынды.
Әйгерiм әнi Бiржанды да ұйтқандай. Ол қошемет болар деп, сыртына сыр шығарған жоқ.
Тек Жиренше шыдай алмай, қозғалақтап:
– Жаным-ау, Әйгерiмнiң үнi осы қызыл көмейiнiң үнi ме, жоқ бейiс үнi ме? – деп үй iшiн күлдiргенде, Бiржан ақырын ғана Базаралы жаққа үн қатып:
– Ән салса, Әйгерiм ғана салсын да! – дедi. Шыншыл өнерпаз өзге жастармен қатар, өзiн де аяған жоқ. Үй иесiнiң әнi ас алдындағы тойтарқар үнi есептi болды.
Ас пiскен едi. Жиын серпiлiп, есiк жақ астан хабар алып, шығыса бастады. Қонақтар да осы орайда желпiнiп келмек боп, есiкке беттедi. Әйгерiм тұрып, қымыз ыдыстарын жиғызуға белгi бердi. Дәл осы кезде, есiктен шығып жатқан қонақтарға қарсы жүрiп, сығылыса кiрген Қалиқа, Абайға жақындап кеп: – Телғара! Қалқам, сенi апаң шақырады! – дедi. Абай Әмiр мен Оспанға, Әйгерiмге қарап:
– Мен бөгелiп қалсам, тоспаңдар! Қонақтарға ас бере берiңдер! – деп, шығып кеттi.
2
Үлкен үйде Ұлжан, Айғыз, Дiлдә үшеуi ғана отыр екен. Шақыртқан осылар көрiнедi.
Жаулық астынан көрiнген самай шашы бұл күнде аппақ болған Ұлжан, бұрынғысынша еттi болса да, қазiр кәрiлiкке жеңгiзгендей. Жүзi сарғыш тартқан. Маңдайының ажымдары қалыңдағаннан басқа, тереңдеп созыла түсiптi.
Абай шешесiнiң өмiрден қажып бара жатқанын, әсiресе, оның екi ұртына соңғы жылдар түскен екi қатар қалың ажымнан аңғарып, бағып жүрушi едi. Осы екi терең сызық – анық уайым сызығы, шер табы.
Сол ажым сызықтары қазiр, әсiресе, айқындай түсiптi. Ойлы-мұңды ана жүзiн, анау жас отаудағы ән сауықтан келген Абайға, суық етiп танытқандай. Анасының үнсiз жүзiнiң өзi-ақ Абайға әлде не үшiн "кiнәлiсiң, кiнәлаймын" деп тұрғандай.
Абай көңiлiне қорқыныш аралас ренiш кiрдi де, өзiне арналған үкiм күттi. Бiрақ анасының дағдылы мейрiм жүзi сыртында болмаса да, iшiнен өз қалпын ауыстырмаған екен. Ол алғаш бастаған сөзiнен бой бердi.
– Абайжан, – деп, ақырын ғана сөз бастап, Ұлжан баласының бетiне жүз бұрды да, – ой да көп, уайым да көп ойлай берсең, ой да жоқ, уайым да жоқ ойнай берсең! – деп едi. Сен соған бақтың ба, балам? – дедi.
Абай мұның артында не зiл барын аңғарып, соны тез айтсын дегендей боп:
– Сол болғаны да, апа! – деп, бар денесiмен шешесiне бұрылды да, ар жағын сұрағандай, үнсiз аңырып қадалды.
– Кәрi әкең сапар шеккелi талай болды. Хабар-ошар жоқ. Күн жым-жырт. Көңiл күптi. Ол қалай, бұл қалай? – деп, бiраз үндемей қап едi.
Айғыз әңгiменiң бұлай басталғанына сабырсыздық етiп, ырза болмай:
– Бiз айтпай саған кiм айтады. Бiр жол емес, бiр күн емес, осы ала жаздай масайрап кеткенiң қалай? Сүйтетiн күн бе едi? Не ойың бар осы? – дедi.
Абай бар сөз түгел айтылып болсын дегендей, үндеген жоқ. Екi ененiң зiлдi сөздерiн арқаланып, ендi Дiлдә сөйледi. Үнi қатқыл. Кесек томырылатын ашулы қалпында екен. Кекетiп, қағытып:
– Не ойы болушы едi? Ой ойлағандай боп жүр ме, жары болған соң. Асық жары, сиқыршысы әншi болған соң, жанын салып жүрген де жағынам деп! – дедi. Көзiнде ашу жасы тұр екен.
Ұлжан бұл сияқты қатты сөздердi тыйған жоқ. Тағы да бiр кiнә қосып: – ауылдағы қонақ жалғыз сал-серi, қыз-қырқын емес. Мына Дiлдә келiннiң шешесi де келiп жатыр. Ол сенiң анаң едi ғой, балам. Оған да берген бейiл, шырайың жоқ. Сырлас құдағиын күтетiн әкең болса бiр сәрi едi.
Мен емес едi ғой оның iздеп келгенi. Көрiп қайтайын, өлiм бар да қаза бар, батамды берiп қайтайын дегенi сен едiң. Оны да ойламайсың. Бас сұқпайсың. Кiмнен жатырқап, қайда тартып барасың? – дедi.
Дiлдә осы тұста ызалы жасын ыршытып отырып, долданып кетiп:
– Сiңiрi шыққан кедейдiң қызы босағамды көруге тең бе едi! Ендi мiне желек астында желiгiн жасыра алмай, күнде-күнде әнiн шырқап, төбеме ойнап отыр. Қу кедейдiң қызын құтыртып отырған... – дей бергенде Абай тамағын кенеп, қатты өзгерiп, Дiлдәға ренiшпен қарады.
Анау үй күн шуақты, сәулелi өмiрдiң мамыр айы едi. Мынау үй жұт болар жылдың күзiндей. Сұр бұлтты, қара желдi қарашадай. Абай Дiлдә сөзiн бiтiрткен жоқ:
– Қой, Дiлдә. Тiленшiдей атадан сенi керең құлақ қып туғызған мен емес. Шүленнен шөл туғызған мен деп пе едiң? – деп, кейiспен бiр кекеттi. Содан соң әрi оған, әрi аналрына жауап етiп: – Қонағым – Бiржан. Ол – Тобықты көрмеген өнер иесi. Ел жасын ұйытып тыңдатып, оған жан тартқызған жалғыз мен емес. Бiржанды көрген де арманда, көрмеген де арманда. Одан да естiп қалсын, ана Ақылбай, Әбiш, Мағаш сияқты балалардың бәрiн жiберiп, тыңдатып қалсаңшы, сен ақыл бiлсең! – дедi. Дiлдә бұрынғыдан да булығып: – бармайды балаларым. Ендiгi қалғаны жәдiгөй қатынның босағасынан сығалау ма едi. Әкесi тiрiде жетiм боп! – деп, еңiреп жiберiп, үйден ата жөнелдi. Абай Дiлдә кеткен соң да шешелерiмен ұғыса алған жоқ. Бiрталай кiнә айтысып отырып, екi шешесiнiң аңғартқаны – тым құрмаса, сауығын Дiлдәның үйiне құрғанда орынды болмас па едi дейдi екен.
Айғыз тiптi анық қып айтып бердi:
– Әйгерiм аспасын, сенi паналаса қайтейiн. Қайда отырғанын, кiм аулына Байшора қызы басымен келiн боп отырғанын бiле ме? Шаңыраққа қарасын. Ән салғаны кеудемiздi басқандай тиедi. Үн шықпасын бұдан былай! – дедi.
Бұл – бұйрық, қатал тыйым.
Абай Әйгерiмге жаны ашып, оны жаңағыдай әдiлетсiз, аянышты зорлықтарға қимаса да, үн қатқан жоқ. Шешелер бұйрығы айтылды.
Айтқызып отырған Дiлдә. Соның қыңыр, томырық қаттылығы. Абай осыны аңғарған сайын Дiлдәға үлкен ренiш жиып, iшiнен қатты араз боп, түйiлiп қалды. Шешелерiнiң бұдан кейiнгi сөздерiн жауап қатпай тыңдады да, шығып кеттi.
Отауларға қарап жаңа беттеп бара жатқан Абайды арт жағынан, Айғыз үйiнен шығып келе жатқан Майбасар дауыстап шақырған едi.
Сақалына бурыл кiргенi болмаса, Майбасар баяғысынша қызыл күрең жүздi. Бұл күнде етейiп, сыртқы тоңы салмақты, сызды тартқан.
Майбасар Абайды үлкен үй сыртына оқшауырақ апарып отырғызды да:
– Абай, менi анау Түсiптiң бәйбiшесi – қонақ енең жұмсап отыр. Әдейi, "сен айт" дедi. Маған айтқызып отыр, ұқтың ба? – деп iнiсiне салқын қабақпен, "кiммен сөйлесiп отырғаныңды аңғар" дегендей, қадала қарады.
Абай Майбасардың доң айбатын мысқыл еткендей боп, шаншыла қарады да, кекетiп күлiп жiбердi. Майбасар оны елемеген боп, қабағын түйiп алды.
– Енең болса тiлек етедi, мен болсам бұйрық айтам. Мына Түсiптiң бәйбiшесi қайтқанша Дiлдәның үйiнде бол. Жалғыз Әйгерiмнiң отауынан айналып шықпай, өзiң айналшық жегенбiсiң? Жоға, қос қатын алған жалғыз сен бе ең? Әкең, атаң, бәрi алған. Алған екенсiң, кезегiн сақтамас па? Жаты боп кеттiм деп жүрмiсiң Дiлдәның? – дедi.
Абай жаңағы мысқыл реңiн өзгерткен жоқ. Майбасардың сөзiн аяғына шейiн зорға шыдап тыңдағандай едi! Майеке, осы... – деп баппен бастап, – өмiр озады, ажар тозады. Кей сақалға, "қойсаңшы" дегендей боп, бурыл да бiтедi. Бiрақ бақсам, сонда да тозбайтын бiр тiл, тозбайтын бiр тiлек деген де болады-ау! – деп, ызамен күлдi.
Жiгiттiң күлкiсi сондай өтiмдi болғаннан ба, Майбасар тез түсiнiп, санын бiр салды да:
– Өй, қу заманның баласы-ай, жүйкемдi мүлде құрттың-ау! Ұмытты ма деп ем баяғыны. Әлi тосып жүр ме ең? – деп, қарқ-қарқ күлдi. Абайдың ызасын да, мысқылын да бойына осы қалжыңмен дарытпады.
Өз сөзiн тағы қайталады.
– Дiлдә сенiң жарың емес пе? Мен терiс айтты деп отырмысың? Әлде орыс кiтабын көп оқығанға, орыс боп кеттiм деп жүрмiсiң, екi қатын алмайтын?
– Бұл жолда сол орыс болсам дұрыс болады, не қыласың?
– Ей, не оттап отырсың өзiң? Топты баласымен
– Дiлдә не болады сонда?
– Дiлдәға менiң керегiм жоқ. Ол маған кек пен ызадан басқа көңiлден ажыраған.
– Е, сонда тастағаның ба?
– Ол балаларымның анасы. Жақсы анасы болса, жақын досым. Оған қанағат қылмаса, бетiнен жарылғасын. Жолы болсын! Сөз осы-ақ! – деп, Майбасардың қалған сөзiн сөйлетпей, түсiн суытып, томырылып қалды да, орнынан тұрды.
Майбасар не дерiн бiлмей, сұмдық естiгендей, бiр нәрсе дейiн деп едi.
– Қойыңыз, болады осымен. Бұл менiң өз басымның жайы. Аяқ баспас жерге араласпа, ағайын! – деп қатал қайырды. Майбасардың аузын ашырмай, тұжырып тастады. Соған iлес Майбасарға айтпақ бiр сөзiн бастап кеттi. Ол Майбасардың ойында жоқ, бөгде сөз едi.
Абай жаңа шешелер үйiне келе жатқанда, жылап жүрген бала Байсүгiрдi көрген. Оны уатып, қасына ертiп келе жатқан Баймағамбет Абайға Майбасар қылығын қатты шаққан болатын.
Қазiр Абай соны есiне ала бере:
– Онан соң сiзге айтатын менiң де бiр сөзiм бар. Бұны ренжiп, тiптi күйiнiп айтамын. Байсүгiрдi неге ұрдыңыз? Өлi мен тiрiнiң арасында ғарып болып әкесi жатыр. Неге ұрасыз осы ауылдың малшыларын?! – дедi.
Өңi қатуланып Абай қазiр анық ашуланып алған екен. Бiрақ Майбасар бұл жайға сасқан жоқ:
– Уа, қойшы! Малшы, қосшы басынып кетедi. Тәубесi есiне түсiп.жүрсiн. Түк етпейдi! – деп, елеусiз қалдыруға айналып едi.
Абай ендi намыстанып, қатты сөйлеп кеттi:
– Жо, бекер айтасыз, басынбайды малшылар. Неменеге жетiсiп басынушы едi? Көздерiне көк шыбын үймелеп.жүрген сорлыларда не қауқар бар едi? Осы ауылдың үстiне бiр емес, екi емес, қамшы үйiре бермеңiз! – дедi. Майбасардың биылғы жазда бiрнеше рет малшыларды сабағанын еске алып едi.
Анау болса бұған да тоқтамағандай. Дау айтайын деп келе жатқанда, Абай таласа сөйлеп, бастырмалатып кеттi:
– Немене! Жетiм-жесiрдiң ауылы ма бұл, сiз әкiмдiк жүргiзетiн. Бала емеспiз, бармыз өзiмiз де. Бұдан былай тек жүрiңiз! Ұрмақ түгiл, зекiмеңiз көршiлерiмiздi. Ендiгәрi бiрде-бiрiн шертпеңiз.
Әйтпесе, араз боламыз. Қатты араз боламыз, онда маған өкпелеушi болмаңыз. Бүгiн Байсүгiрдi ұрғаның өзiмiздi ұрғаннан кем болған жоқ. Бiлдiңiз бе? Сол! – дедi де, жүрiп кеттi. Абай қонақ үйлерге қарай кеттi. Майбасар бұл жерде үндемей қалғанмен, осы ауылдағы ән-сауықты тыюға сырттан кiрiскен едi. Абайды шешелер үйiне шақыртқанда, кей қонақтарға да кiсi салған болатын. Сүгiр баласы Әкiмқожаға Майбасар сәлем айтып: "ауылда мырза жоқ. Көп жанның көңiлi күптi. Әкiмқожа өзi бiледi ғой. Бұл ауылды қыз-қырқынның топыры етпей, ендi өзi таратсын!" деп, тәсiлдеп айтыпты.
Үмiтей сұлу Айғыздың сiңлiсi есептi. Қара-батыр Есқожа деген кiсiнiң қызы едi. Оған Айғыз өзi апалық әмiр етiп, "ауылға қайтсын, ендi жеттi" дептi. Бүйтiп Абай қонағының шырқын бұзып жатқандарын Майбасар мен Айғыз Абайдың өзiне сездiрген жоқ-ты. Қонақтары да тек қайтуға қам қылғандары болмаса, неге асыққандарын бiрiне бiрi бiлдiрмеген. Ауылдағы көршi, малшы, бала-шағаны Абайдың үйiне жiбермей ығырып жүрген Айғыздар Абай сыртынан осылай әрекет еткен-дi.
Сонымен, Абай қайта қайтқанда, отаудағы қонақтардың аттары ерттелiп, кермелердiң бәрiне байланыпты. Абай құрбыларының асығысына таңданса да: "ертең жүретiн Бiржан оңашада тынығып алсын дескен шығар" деп, өзге мән бермедi. Ол үйге келiсiмен соңғы қымыздарын iшiсiп болған қонақтар ырза-қоштарын айтысып, Абай, Бiржанға соңғы алғыстарын да бiлдiрiп, қимас жүзбен жүрмекке беттедi.
Жан-жаққа топ-топ боп тарап кетiп жатқан жиынды Абай, Бiржан, Ербол, Әйгерiмдер тысқа шығып тұрып, аттандырып жатыр. Ең алдымен бiр топ болып Саркөл, Қопа жаққа беттеп, Әкiмқожа, Керiмбала кеттi. Бұлар қасында Оралбай бiрге барады. Үмiтейдi ертiп, қасына қылжақ серi Мырзағұлды алып, бiр топ боп, Пұшантайға қарай Әмiр тартты. Ол дәл жүрерде Бiржан мен Абайды өз ауылдарына қонаққа шақырып кеттi.
Ертең жүретiн Бiржандардың шыға қонуына сол ауылдар жол едi. Абай ол шақырысты мақұл тапты. Өздерiнiң тағы бiр аулына соңғы рет қондырып, қонақ аттандыруды аса орынды көрген.
Ендiгi бiр топ – Балбаланың тобы едi. Бұл уақытқа шейiн атын ерттесе де, қалай беттерiн шешпей отырған Базаралы Балбаланы Әйгерiм кеп аттандырған жерде, қия алмай қарап тұрды.
– О, дәурен, Ләйлiсiнен қалған Мәжнүннiң тiрлiгi құрсын! Тарт менiң де атымды! – деп бұйрық еткен. Ербол оны да аттандырды.
Базаралы Балбаланың қасына қатарласып ерiп бара жатқанда, осы Абай үйiнiң жанындағы жаңағы соңғы сөздi естiп, қарап тұрып қалған бiр қызғанышты суық көз бар едi. Ол Құлыншақтың "бес қасқасының" бiрi – Манас болатын. Соңғы топ жөнеле салысымен, сол Манас, Айғыз үйiнде отырған Майбасарды тысқа ертiп шығып, намыс пен кекке толы бiр сөз сөйледi.
– Базаралы Балбаламен әуейi бопты дегендi сырттан естiп, бiздiң Торғай iш құста боп.жүр едi. Сөзiне де, iсiне де бүгiн көзiм жеткендей боп тұр, Майеке... Қосағын жаза алмай, ана кетiп барады Әнетке. Жесiрiмдi бұзып барады әнiки. "Ерде намыс" деген болса, мен де тек тұра алмаспын. Қыздың күйеуi бiздiң Бесбесбай iнiмiз, өзi батыр, өзi сотқар. О да кеудесiн кiсiге бастырайын деп жүрген жоқ. Бiлдiргенiм осы. Жә, не қылсам рауа мынау Қауменнiң қан шелегiне? – дедт.
Өңi сұп-сұр, дырау қамшысын қымтып ұстап алған салалы саусақтарында сабырсыз дiрiл бар.
Майбасар Базаралының Нұрғаным турасындағы сыбысын осы биыл естiп, тiсiн басып жүрушi едi. Көзi күлiмдеп, танауы делие түсiп, ызаланып алды да, бiр-ақ түйiп, қысқа байлау айтты. Құпия қып айтты:
– Қазiр соқтықпа. Тек түнде тос. Оралады ғой Балбаланың босағасынан. Ант амансыз, жан күмәнсыз, құдай қол-аяғын байлап бергенi сол емес пе, қанды мойын айыпкер етiп? Содан ары Бесбесбайың бар, Бесқасқаң бар, жасқанып қалсаң жер жұтсын дермiн сендердi. Одан да құрып кет, бiлдiң бе? – деп Манасты кеудеден түрттi де, – бар! – дедi.
Сол кеште Барлыбай жазығындағы Құнанбай аулынан жан-жаққа шашырай тараған жастар топтары, осы атрапта иiн тiресiп отырған, талай жүздеген ауылдар үстiнен, "шимандай" ел арасымен өтiп бара жатып, еркiн, әсем ән шырқады. Бiресе бұлбұл нақысты, көп ырғақты "Жиырма-бестi" созады. Бiрде, назды қоңыр, кең тынысты "Жанбота" шығады. Тағы бiрде, екпiндi өршiл сегiз сырлы "Жамбас-сипар" кетедi. Ырғала қалқып, дария толқынындай атрапқа тарап кетiп жатқан, асыл Бiржан өнегесi мен өнерi. Сол әкелген қазынасы, кейде шырқап өрлеген Әмiр, Оралбай үндерiмен шығады. Кейде сызылта, жiңiшкерте бұралтқан, бiрақ соншалық күштi және сонша алысқа тарап естiлiп жатқан бойжеткен Балбала, серi сұлу Үмiтей, сыпайы сынды Керiмбала үндерiмен сыр баяндайды.
Барлық ерке, еркiн әндерi: "өмiр, өмiр, сенi сүйем! Әншi өнерпаз, бойыңды кер, қанат қақ. Сазды кеште назды көңiл сыр ашады. Азат, асыл шын жүрек шер шағады". Кейде: "қайдасың, таны, тап менi қадiрлi жар, қалқатай, қасиетiң асқан қара көзiм!" дейдi.
Көрейін өз сорымнан, ұстап алса...
Осыны айтып жатқан қыз құрбандығы қандай!
Түскенде сен есіме, ей, қарағым,
Жортайын аш бөрідей тау жебелеп, -
дейтiн жалынды жiгiт ше? немесе:
Ақбоз үйдің сыртынан аттандырып,
«Қош қалқатай» дегенің естен кетпес, –
дейтiн опалы жiгiт қандайлық? Не болмаса:
Ақ дидарың көргенде балқыдым-ай! –
дейтiн жүрек тыныстары толқынады! Қайырмалар болса, "қаракөз", "айым", "сәулетайым", "қалқатайым", "сабырым қалмас" деп үздiгiп барады. Жан бергендей ұсынып, тiрлiк барлығымен, соңғы тынысын ашық жарға арнап, жан мiнәжатын, жас дұғасын айтып жатады.
Тiл көмейден бал берiскен, балбұл жанған жастық оттары, Тобықты жайлауларының қоңыр, бейуақ кештерiн, жай отындай сара тiлiп өтiп жатыр. Бiржанның бұл ел жасының бiр алуанына әкелiп берген жүрек тiлi, сезiм нұры осы едi.
Сол кеште, Әнетке қарай беттеген Базаралы, ат үстiнде ән салып келе жатқан Балбаланың сымбатты сұңғақ бойына, қыпша белiне тамашалай қарайды.
Сол кеште, Керiмбала мен Оралбай қосылып ән сәндейдi. Өзi әншi болмаса да, әндi барынша сүйетiн, Керiмбаланың ағасы Әкiмқожа, қатар келе жатып, қос әншiге жол бойы ән салғызады. Сол кеште, жарық айлы, сырқұмар кеште, көп жолдастың қоршауында келе жатып, Әмiр мен Үмiтей саз қосады.
Сол кеште, үлкен өнер, әсерлi әнмен қоштасар кеште, отауда қалған Бiржан мен Абай мәжiлiсiнде тағы Әйгерiм ән шырқап отыр. Ол әуелде:
– Мен айттым ғой. Маған жеттi ғой. Менi қойыңызшы, Абай! Бiржан ағаның өзiн естiп қалайық та! – деп, бiрнеше рет өтiнiп, тартынып көрiп едi.
Әйгерiм әндi соншалық ықыласты, ынталы тыңдаудан басқа өзi айтуды да жақсы көретiн. Құлақ қойып тыңдайтын, ұғарлық саналы жиын арасында әдейi қанаттанып, сүйсiне құмартып жырлайтын. Соңғы айлар iшiнде, қасында Абай тыңдап отырса, ән салуы сол Абайдан алған жарастық, рақат, шаттық жалыны сияқты болатын.
Бiржан мен Абай қоса тыңдаған уақыттарда екеуiне ғана арнап, әр нақысына бар ынтасын, бар құрмет, қызметiн бағыстап айтқандай болады. Таңсәрiде өз бұтағын тауып қонған, өзi туып өскен ұясының жанында өскен гүлдерге арнап отырып, шiмiркене жырлаған ән құмары – құмар бұлбұлдай болатын-ды.
Бiрақ, дәл осы бүгiнгi кеште, әуелi ән айтқысы келмей iркiлгенi шын едi. Үйткенi күндiз Абайға үлкен үйде айтылған наразылық, кейiс, кешке жақын бұған да айтылған.
Абай Әйгерiмге күндiзгi сөздердi айтпай, аяп, жасырып қойса да мұның өзiн Айғыз бен Дiлдә шақырып ап, қатты, суық, ауыр сөздер айтқан. "Абайға айтқан сөз дарымаса да, саған айтылған ақыл сөз, үлкен сөзi далада қала алмайды" деп отырып, Байшораның, кедейдiң қызы екенi де, қолы жеткенi де айтылған. "Кеудеңдi керме, аяғыңды аңдап бас... Көзiңдi ашып қара, кiмнiң иығына шығам деп жүрсiң!" дескен. Әйгерiмнiң өмiрде ойына келiп көрмеген жат мiнез, тәкаппарлық сияқтының бәрiн жала қып айтқан. Әйгерiм көзiне жас келiп, жүдеп, аппақ боп, жанып сөнгендей, отқа түсiп шыққандай болған. Бойындағы әдеп пенен тәрбие, Абай достығына арналған адал жар жүрегi және өзiнiң әндi сондай сүйетiндiгi – бұған ешбiр ақталу сөз айтуға рұқсат бермегендей едi. Әйгерiм бiр ауыз тiл қатпаған. Ән жазықсыз. Әсiресе бұның Абай бұйрығымен айтқан әндерi, ең таза көңiлмен, тек сүю мен сүйсiнуге арнап айтқан әнi кiршiксiз де жазықсыз. Бұны бала күнiнен өз аулында, кедей ата-ана үйiнде айтқанда, ешбiр жан кiнә қып көрген емес-тi: жуан ауыл әнге де жуандық, зорлық етедi екен. Осыны өз iшiнде өзi ұғынып, үндемей кеттi. "Айтқызған Абай ғой!" деп, ақталғысы да келген жоқ.
Бiрақ ең ауыр тиген бiр соққы, есiнен кетпестей қорлау салған бiр дерт: "Бiз – бай аулымыз, сен – күңге лайық кеде йсiң. Бұл аталы, ордалы ауыл. Сен оның малшысы мен құл аулынан шыққан қоңсы-қолаңсың. Жолың жiңiшке болып, жүрiсiң жалынышты болсын. Басыңды төмен салып жүр. Үнiң шықпасын. Ол саған асқандық болады. Сен ие болатын теңдiк емес!" дегендерi. Соншалық әдiлетсiз, тоңмойын, қыңыр зорлықтың күшiн сезiп қайтты.
Содырлы ауылдың, қиянатшыл ауылдың Әйгерiмдi үркiте ренжiтке н, құбыжық түсi осы.
Бiрақ Абай мен Бiржан да, бұл кеште, осы отауда отырған Оспан қайнысы да, Ербол да Әйгерiмнiң iркiлгенiне ерiк берген жоқ.
Әсiресе, ожар, кесек сөздi Оспан, жеңгесiнiң қасына жантая сүйенiп кеп:
– Әй, Әйгерiм, желегi басынан түспеген келiн тiлазар болғанын неше атаңнан көрiп ең? Бұйырамыз! Айт, жаның барында! – деп, өзiнiң бар жеңгенi аямай, қатты бұйырып, тiлiн алғызатын әдетiне басқан.
Әйгерiм тамағын кенеп, ерiксiз көнгенiн бiлдiрiп, ән шырқаған.
Бiрнеше ауыз ән салды. Бiржан мен Абай әдейi арнап, шәкiрт әншiнiң сынды жырын тыңдағандай боп отырды. Олар өздерi атап отырып, Әйгерiмнiң осы жаз бойы Бiржаннан үйренген бар әндерiн кезек-кезек айтқызды.
Бiрақ Әйгерiмнiң қазiргi көңiл-күйi, өзiнiң сында отырған әншiлiгiн қысылып сезiнуде емес. Жаңа кешке есiткен намыс соққысын жарадай сезген қалыпта. Ол жуан содыр күштiң әдiлетсiз зорлығын, қазiрде, барлық жазықсыз пәк көңiлiмен намыстанып, қорланып сезедi. Бiрақ соны ұққан сайын, Абайға, әсiресе, жан тартады. Қуантқан қызығы мол, қызу оты мол ыстық жарын жан-тәнiмен жабысып сүйедi. Бұрынғы өмiрiнде бұндай қып сезбеген, алғысы аралас сүю жалынын, өз iшiнен бүгiп, әсiресе, айқын табады.
Сонысына орай, Абайдың да бұған қазiргi сәтте анық асық мастай қарсы жалын атып, қызығып, сүйiп отырғанын аңғарды. Соны өзiнiң әнi үстiнде екi жақты қысым, қызудай таныған сайын, өзi де көркем сезiм рақатымен өсе түскендей. Бiр жағында у жатса, мұны кiшiрейтiп, жер қып табанға басып, жүн қылғысы келген зiл жатса, екiншi жақтан, сол ренiштi күйiгiн Абайдан әрi жасырып, әрi оған өзi де сүйгендiгiн танытып, арнап жырлайды.
Әйгерiмнiң осы әндерi алғаш күмiс қоңырау үнiмен шырқап барып, үлкен үйлер жаққа жетiсiмен, сол үйлерден отауға қарай Қалиқа жiберiлiп едi. Айлалы, жырынды және осы ауылдың бар жасырын сырын, iшкi қыбыр-жыбырын, у мен зәрiн жақсы бағатын кексе абысын Әйгерiмнiң отауына кiргенде, үнсiз ғана келген. Ол өзiнiң келiсiмен-ақ "Әйгерiм аңғарар, қояр" деп едi. Әйгерiм ән арасында тек орнынан тұрып, өзiнен жоғарғы жерден орын бердi де, Оспанның жаңа бұйрығы бойынша, тағы да әнiне кiрiскен.
Қалиқа өз көзiнше Әйгерiм айтқан бiр ауыз әндi шала тыңдап бола бере, төмен отырған келiннiң санын қатты шымшып, мытып отырды. Әйгерiм әндi үзген жоқ. Бiрақ мына қысым жанын тiлгендей. "Жамбас-сипардың" соңғы ырғағын қып-қызыл боп, от жалын жүзбен бiтiре бердi де, көзiнен моншақ-моншақ ыстық жасын төгiп жiберiп тоқтады. Қалиқаның ығында, қаға берiсте отырып қалғандықтан, оның бұл жасын көрген кiсi болған жоқ. Қалиқа ғана сезген болса, ол шiмiрiккен жоқ, қайта ысқырғандай боп, шапшаң ғана сыбыр етiп:
– Жеттi желiкпе! – деп, бұйрық бердi.
Әйгерiм әнi осымен тоқталған едi. Содан әрi Бiржанның өз домбырасы гуiл қақты. Аға әншiнiң саңлақ, даңғыл, зор сұлу әуенi өзi самғап шығып едi. Жайлау түнiнiң жұлдызды жарық аспанына шырқап, шаншылып ән кетiп жатты.
Осы түнде, Әнет iшiнде, сол Бiржан әндерiнiң салдарынан туған бiр оқшау уақиға болды. Ол күй Базаралы басында болған едi.
Ымырт кезiнде, Балбаланың белiнен құмар құшағын жазбаған Базаралы, бойжеткен қыздың аулына бiрге келiп түскен. Балбала Базаралыны шын сыйлаған, сүйген көңiлiмен өз қасынан жiбергiсi келмей:
– Базеке, бүгiн менiң қонағым бол! – деп, ертiп келген-дi.
Балбаланың әкесi өлген. Аулының бас-көзi болған үлкен ағасы үйде жоқ екен. Базаралы ере келiп, үйге кiргеннен кейiн, Балбаланың өзi реңдес, байсал мiнездi, кең жүздi, қызыл сары бәйбiше бiраз қысылып қалған. Шай қайнаттыруға бұйрық берумен бiрге, төсектiң аяқ жағына қызын шақырып алып, ақырын сыбырлап сөйлеп:
– Қалқам-ау, не бiлгенiң бар? Қайның Торғай болса, үрген итiнiң даусы естiлiп, мына жерде отыр. Үйiне әлдекiмдi неге әкеледi" десе, не дейiм? Мен қара жер болмаймын ба? – деп едi.
Сабырлы, салмақты жүздi Балбала, әуелi аппақ тiстерiн тегiс көрсетiп, құпиялай күлдi де:
– Апа, "аз күндiк қонағымсың" деушi ең ғой! Қанша сайран сала берер дейсiң. Торғайыңа да басыбайлы боп барармыз, жаны шықпас, Базекемдi қайтып қиып, аулақ жүр дей аламын. Саспа! Күтiп, сыйлап қонақ етiп жiбер! – деген.
Содан соң бiр бағлан сойылып, үй iшi жаңа көтерiлген қазанмен жадырап, масайраған шақта, Балбала әдемi бiр балқып, тұнған тыныш рақат көңiлге кеп, Базаралыға арнап, өзiнiң әдемi әндерiн созып айтып отырды. Ашық, қалжыңқой, еркiн мiнезi Базаралыны бұрынғыдан да ұйытты. Жiгiт Балбаладан бар бейiлiмен айналып отырған.
Сұлу қыздың шешесi мен бөлек отаудағы жеңгесi көп өтiнген соң, қонақ жiгiт Базаралының өзi де көп ән айтты. Әңгiме, қалжың, әзiлге де үй iшi қарық болғандай. Аса бiр кең жарастық құрмет кешi боп едi.
Дәл жатар кезде шеше Балбаланың абырой-атағын, қадiрiн қорғап, қызын жеңгесiнiң үйiне жатуға жiбердi де, Базаралыны өзiнiң үлкен үйiне жатқызды. Өйтуiнiң, әсiресе бiр себебi, кешкi отырыста осы үйге әншейiнде келе қоймайтын бiр-екi ересек балалар келiп кеттi. Олар Торғай, Құлыншақ аулының балалары екен. Өгiзге мiнгесiп елеусiз боп келген. Киiмдерi жұпыны, қозышы балалар сияқты. Келген себептерi де орынды. Күндiз қосылып кетпедi ме деп, қозысын iздеп жүрген, "жоқ қараушылар" болды. Бiрақ, олар үйдiң iшiндегi " қонаққа, үй жандарының шырайына, қалжың-әзiлге "қозыдан" көрi көп көңiл бөлген. Қулау балалар екенiн бәйбiше сезiп, өздерiне ас iшкiзiп жөнелткен-дi.
Осы балалар қойдың iшiн аралаған боп, күзетшiмен сөйлесiп, бөгелiп, түн ортасына дейiн шұбалып жүрiп алды. Тек Балбала оларды байқамаған, елемеген қалпында, үлкен үйге қонағын жатқызып, түңлiктi жауып, өзi отауға қарай барып жатқан соң ғана, "қозышы" балалар кеткен-дi.
Шала шешiнiп жатқан Базаралы түн ортасы ауа бергенде, үлкен үйден ептеп шығып, Балбала жатқан отауға тура беттедi. Ай әлi батпаған, дала самаладай екен. Бозғыл отаудың түңлiгi жабық.
Ауылда күзетшi де, ит атаулы да жым-жырт болған соң, жiгiт айналаны елең қылмай, отау үйдiң есiгiн көтерiп аша бердi. Сүйткенде, отаудың көлеңке жағымен жасырынып келген еңгезердей үлкен бойлы, қара кiсi Базаралыны иығынан ұстай алды:
– Тоқта! Былай жүр! – деп, бұйрық еттi.
Ол Манас екен. Базаралы түк саспаған салқын жүзбен, жалт қарап, таныды да:
– Уәй, Манаспысың? – деп едi.
– Манаспын ба, таласпын ба бiлiп не қыласын, берi жүр! – деп, Манас тағы да ақырын дауыспен, бiрақ зiлдi, ызалы үнмен бұйрық еттi.
– Өй, тәйiр алсын. Жөнiңе кет! – деп, Базаралы елемей босанайын деп едi, Манас көнген жоқ.
– Балбаланың жаман атын қан жайлау бiлмесiн десең қайт былай! Жiгiт болсаң, тым құрса, қыздың абыройын төкпе! Болмаса, мен дәл осы босағада жанжал салам! Бол! – дедi.
Базаралы басын шайқады да кейiн қозғалды. Отау жанынан екеуi де жырақтап, үйдiң сыртына қарай басып едi. Сол кезде осы отаудың сыртындағы бiрер түп тал жанынан үш жiгiт шыға келдi.
Сол төрт жiгiт Базаралыны ортаға алып, кимелей отырып, ауылдан ұзатып апара жатыр. Бiр жiгiт үлкен үйдiң белдеуiнде әлi ер-тоқымы алынбай, таң асып тұрған Базаралының семiз көк атын шешiп алып келдi. Содан әрi қолға түскен жiгiттi өз атына мiнгiзiп, өздерi де аттарын тегiс мiнiп, барлық шоғырымен Торғай ауылдарына қарай кеткен.
Былай шыққан соң Базаралы:
– Босат, жiбер, сендер де жетiп отырған жесiрiңнiң абыройын төкпе! Ертең жұртқа жаман аты жайылады – деп, қатты салмақпен айтып көрiп едi, Манастың қасындағы Көшпесбай және өзге екi жiгiт ырық берген жоқ, Көшпесбай Балбаланың туған қайнысы. Өзiнiң ағасы Бесбесбай сияқты, Манас тәрiздi, о да алпамсадай зор денелi және балуан, сойылға да мықты, ер атанатын.
Ауылдан ұзап шыққанша Манас та, бұл да Базаралымен қысқа-қысқа болса да, тiлге келгендей.едi. Ауылдан әбден ұзап алған соң, төрт жiгiт бiрден ым қағысып кеп, Базаралыға қамшы басып, жабылып кеттi. Атының да шылбыр тiзгiнiн бiлектерiне шапшаң орап, қымтып апты. Содан соң Базаралы соққы да көрдi. Осы түнде атынан, шапанынан да айрылды.
Таңертең ел тұрған кезде, Абайды Айғыздың үйiне Майбасар шақыртқан екен. Абай сонда келгенде, бұл үйде Майбасардан басқа Базаралы, Ербол, Айғыз, Нұрғаным отыр едi.
Майбасардың да мұнда кiргенi жаңа болу керек. Абай үйге кiрместен бұрын, тыста жүрген Оспаннан Базаралының сабалғанын естiп, қынжылып келген.
Базаралы екеуi бiр-бiр қарастан-ақ көңiл күйлерiн ұғысқандай болды. Қабақ танысты. Себептi айту да керек емес. Жалғыз-ақ, Базаралының оң жақ бетiнде қамшы табы, қан қызыл дақ болып, жаман көрiнiп тұр екен. Сұлу жұздi, өр көңiлдi, нар жiгiттi осыншалық бағы көшкендей қорлық түсте көру Абайға аяныш та, намыс та болды. Майбасар мұндай көңiлде емес, ағы ақ, қызылы қызыл. Тiптi сүйсiнгенiн жасырмағандай, жайнаңдап сөйлейдi. "Қалай ұрды, қанша ұрды?" дегендi де нашаланып сұрап, түгел бiлгiсi келедi. Базаралы томсарған жүзбен ызаланып қалып отыр.
Майбасарға көп ашылып жауап айтпады. Соған жыны қоза түскен Майбасар, мынау жұрт алдында, әсiресе өзi бiлетiн сыбысы, сыры бар Нұрғаным алдында, жiгiттi жер қылмақ боп, бiр сұм қулық ойлады.
Базаралыға сықсия қарап отырып, бiр танауынан мырс берiп күлiп, табалауым дегендей қып:
– Базым, қамшы өзiңнiң бетiңе де тиген ғой түрi! Құтырыпты-ау бұл Торғай, ә? Басыңа мiнiп, қырғи боп, қайткелi жүр бұл, – дедi. Осы шаққа шейiн тартынып, жүдегендей боп отырған Базаралы ендi аппақ болған жүзiне, дуылдап ыза намыс шығып, екi көзi Майбасарға қадала қарап, жалт еттi.
– Е, Торғайдың, торғай болмай, қырғи шыққанын жаңа бiлiп пе ең сығыр! Әуелi артыңа шойқайтып дәндеткен өзiң емес пе ең? Менiң басыма, сенiң артыңа мiнген соң, қырғи болмай, кiм болушы едi? – деп салды. Бар жараны оп-оңай сiлкiп тастап, кегi қайтқандай рақаттанып, сақ-сақ күлдi.
Үй iшi де тегiс қостап күлiп едi. Майбасар аузын аша алмай, қақ басқа бiр салғандай болды. Мойнын оқыс терiс бұрып салып:
– Өй, тiлiңе шоқ түссiн, қан шелек! – деп, ұялғаннан күлiп жiбердi.
Абай соншалық рақаттанып, сүйсiнiп күлiп кеп:
– Есiл Базеке-ай, осындай найза тiлiң барда, сенен қазақтың қамшысы түгiл, мылтығының оғы да өтпес-ау! – дедi.
Бiржан сияқты шет қонақтарға Базаралының мына жайын бұл ауыл бiлдiрмеуге тырысты. Сондықтан, Абай Базаралыға тез ғана ер-тоқымымен ат мiнгiзiп жөнелтудi өз мiндетiне алды, Айғыз бен Нұрғанымға қарап:
– Базекеңнiң үстiне шапан, кемзал, басына тымақ кигiзiңдер, – дедi.
Кейiн Базаралы жөнелерде, Абай айтқан ат-тұрманға қосымша етiп. Нұрғаным өз қолымен әдемi жаңа шапан әкеп, тыста Базаралының иығына жауып жатып, жұрт көзiнен бiр ғана қақас тауып:
– Қадiрiңдi қимаймын, Базекем, тек өз басыңды неге кiшiрейттiң? Iшiме от салдың ғой! – деп қалды.
Осы күн түс ауғам соң, Бiржан Құнанбайдың үлкен аулынан аттанған едi. Кеше Әмiр қонаққа шақырып кеткен. Бүгiн бұл қонақтар сонда болмақ.
Бiржанға дәл жүрер кезiнде, Ұлжан өз үйiнен, өз алдынан дәм татқызып отырып, бата бердi де, оң сапар тiледi. Сонымен қатар Айғыз, Нұрғанымдарға әкелгiзiп тоғыз-тоғыз сый ұсынды. Бiржанның өзiне өз қолынан үлкен күмiс тайтұяқ сыйлады. Қасындағы жолдасына қоржын тола манат, мақпал сәлем-сауқат берiлдi.
– Аулыма келiп, мұндағы үлкен аға, кiшi iнiнi өнерiңе қарық қылып барасың, қайда жүрсең жолың болсын. Өнерiң, қадiрiң ассын, шырағым, бiздiң апа, жеңге боп саған ұсынған жол-жорамыз осы, ырзалықпен аттан! – дедi.
Бұл үйге Бiржан үлкен алғыс айтып:
– Ұлы-қызыңның игiлiгiн көр, жақсы ана. Аулыңда, елiңде көрген сый-құрметiм қайда жүрсем де есте болар. Құдай ырза, мен ырза! – деп Ұлжан, Айғыздардың қолдарын қос қолымен кiшiлiк құрметпен тұтып, қош айтысып шықты.
Абайдың сыйы – Бiржанның өзiне тартқан сары жорға ат, сонан соңғы бар жолдасына жетектеткен және бiрнеше жуан тұғыр екен.
Сондайлық қос-қосармен Бiржандар, Пұшантайға, Әмiрдiң қонағына жөнелгенде, Абай, Ербол, Әйгерiм де бiрге аттанды. Әйгерiмдi қалдырмай, бiрге ала кел деп, Абайға көп тапсырған Үмiтей мен Әмiрдiң тiлегi бар-ды.
Соны ескерiп, Абай Әйгерiмнiң тартынғанына, ұялғанына болмай, ертiп алған. Осы топ сол күнi кешке Құнанбайдың үлкен әйелi Күнкенiң аулында, Әмiр тiккiзген үйде болды.
Бұл соңғы түнде де ән мол айтылып едi. Бiрақ еттен кейiн таңға шейiн созылған Бiржан, Абай мәжiлiсi де ұзақ болды.
Жаз бойы Бiржанды тыңдап, ән қадiрiн, әннiң қасиетiн азамат өнерiнiң бар зор биiгi деп бағалаған Абай, күйден толқынған көңiлiнен естiлмеген бiр сыр жырын шығарған едi:
Құлақтан кіріп, бойды алар,
Жақсы ән мен тәтті күй.
Көңілге түрлі ой салар,
Әнді сүйсең, менше сүй!...–
деп басталған өлеңiн Бiржанға осы мәжiлiсте оқып бердi. Бiржан Абайды өз iшiнен ойшыл, кемел жас көретiн. Мынау өлең оның саналы ақын өнерiн де шын өзгеше етiп танытты.
– Абайжан, менiң әнiм саған жақсы қозғау салды деушi ең. Сен болсаң, әндегi бiздiң өзiмiз байқамай, елемей жүрген түкпiрдi ашасың. Ендiгi өмiрiме борыш арттың ғой! – дедi.
– Ендеше, мүддемiз бiр жерден шыққан екен, Бiржан аға!
– Мүдде жолында бiрiмiз ары, бiрiмiз берi шыға жатармыз. Бiр ғана саған айтып кетсем дегенiм – өзiңнiң әндi көтерiп қадiрлегенiңдей өлең-сөздi мен де ең алғаш бағалағаным осы десем не дейсiң? Саған менiң бергенiм көп десең, маған сенiң бергенiң, жол азығың қанша екенiн өзiң де бiр аңғарсаңшы! – дедi.
Жаз бойы Бiржаннан Абай барлық Орта-жүз, Арғын Найман, Керей, Уақтағы күйшi, әншiнi, ақын, ақылгөйдi көп естiп, көп ұғынып едi. Соның бiрi қазiр есiне түсiп:
– Бiржан аға, тек өнер қадiрiн бiлгенiмiз анық болса, өмiр тiрлiкте басқа шауып, төске өрлеген өнердi ғана қадiр тұтайық. Рас, онда сiздiң аз болып, жалғыздық көруiңiз де хақ. Бiрақ сол жақсылық жолы жаманшылықпен жарғыласу екенiн ұмытпай сақтайық! – дедi.
Бұл, екеуiнiң де табысып, түйiскен жерiндей болатын. Жанботаның, Азнабайдың апшысын әнмен қуырған Бiржан, осы жолда өзiнiң бiр қимылын көрсеткен де кiсiдей. Әңгiме сырлары сондайға көп сарқып, екi шабытты көңiл ұғысты да, сәл тыным тапты.
Кеш жатқан қонақтар түске жақын тұрып, шай iшiп болған соң, тез жүрудi талап еттi.
Аттар ерттелгелi де бiрталай уақыт болған едi.
Ақыры, Абай бастаған барлық Бiржан достары, еркек-әйел боп тысқа шығып, сал-серiлердi қолтықтап тұрып аттандырған кезде, Бiржан ең соңғы бiр ағалық тiлектi жас әншiлерге жолдады.
– Әмiр, өзiң бастап, Әйгерiм, Үмiтей қосылып тұрып, "Жиырма-бестi" бiр шырқаңдаршы! Менiмен сендердiң айтқан қош-қошың сол болсын, асыл iнiлерiм! – дедi.
Оқшау тiлек. Бiрақ Бiржанның бойына сиятын – серiлiк, ерке тiлек.
Абай мақұл көрiп, түсiнiп тұр. Жастар да iркiлген жоқ, әсем қосылып шырқап кеттi. Осылар бiр ауыз айтып шыққанша көзiн жұмыңқырап, азғана езу тартып, ұйып тыңдаған Бiржан, атының үстiнде тұрып, "ендi бiр сәт тоқтаңдаршы" дегендей белгi еттi. Құндыз жиектi, жасыл барқыт, пұшпақ бөркiн маңдайынан кейiнiрек шалқайтып тұрып, жаңағы жастарға еңкейiп бас иiп, ендi өзi бiр ән шырқады. Бұрын, бұл жаз бойы айтпаған ән болатын. Арманды, мұңды, кербез әннiң қайырмасы шынды ашты.
Ей, бозбала-ай,
Өтті-ау заман-ай,
Қош бол, аман!..–
деп күлдi де, өңi ағарып, қобалжыған Бiржан, атының басын алыс сапарға қарай бұра бердi.
Артынан қарап, қатып таңырқап тұрып қалған Абайларға әнiн әлi тыймай, арнап шырқап барады. Өзгеден бұрын бұл жөндi ұққан Абай едi.
– Мынасы жаңа ән! Дәл осы арада туған, бiзбен қоштасып айтқан ән ғой! Шын шабыттың өзi ғой! – деп қызығып, тыңдап қалды.
Абайдың осы сөзiнен, жаңа ән туып кетiп бара жатқанын аңғарған Әмiр, ата жүгiрiп кермеге барып, ерттеулi тұрған ала атқа қарғып мiнiп алды.
– Үйренiп қалам! Есте қалмай кеткенi обал да?! – деп шаба жөнелдi. Ол сонымен қонақтарын қуып жетiп, бiрге жанасып кете барды.
Бiржан осы әнiн тыймастан шырқап, қалқытып айтып бара жатты.
Абай тобы талмай тыңдап, әлi тұр. Ұзақ тұрды, ән бiр сәт үзiлген жоқ.
Ей, бозбала-ай,
Өтті-ау заман-ай,
Қош бол, аман!..–
Жолаушылар ұзап барады. Әйгерiм, Үмiтейлердiң құлағына соңғы қайырма әлi де анық естiлiп тұр. Алыстағы көк жотаға қонақтар өрлеп барады.
– Қозы көш жерге кеттi. Әлi естiлiп тұр, неткен үн! – деп, Ербол тамаша сүйсiнiп тұр.
Ендi бiр азда, қонақтар әнiн үзбестен, белден асты.
Әмiр сол жотаның бер жағында қоштасып, қайта жортып келе жатыр. Абайлар оның оралып келгенiнше үй сыртынан қозғалған жоқ.
Әмiр үйренiп келдi, тақай бере: "Ей, бозбала-ай деп, жаңағы қайырманы айнытпай, дәл әкелдi.
– Әннiң аты не екен? – деп Үмiтей сұрап едi, Әмiр оқыс сұраудан аңырып қалып:
– Япырмау, әттеген-ай, атын сұрамаппын ғой! – дедi.
– Оның атын жаңа Ербол айтқан жоқ па? Қозы көш жерге шейiн естiлiп барады дедi ғой. Атын Бiржан да қоймаған шығар. Бұл – "Қозы-көш" болсын да! – деп, Абай ендi үйге қарай беттей бердi.
Дәл осы кезде бұлардың қасына сырлы қызыл таяғын ұстап, Күнке бәйбiше жетiптi. Бар жас, бастығы Абай боп, ол кiсiге бет бұрып, кiшiлiк амандық айтты. Әйгерiм үлкен құрмет бiлдiрiп, қатты иiлiп тәжiм еттi. Бiрақ Күнке өзге жасқа қарамай, Абайға ғана көзiн салды.
– Абай-ау, шырағым-ау, мұның не? Кiмге өнеге берiп тұрсың? Бiздiң ауылдан қонақ осылай аттанғанды қашан көрiп ең? Кiмдi асырып, асқақтатып тұрсың, осынша басындырып? Тым құрса пәруайсыздықты мына ала құйын Әмiрге берсең еттi. Сенi естияр деген дәмем қайда, жарықтығым?! – дедi.
Абай ызалана жаздап барып, өзiн iркiп қалды да:
– Ап-ай, ойлағаныңыз – ауылдың, елдiң жым-жырты ғой. Сәнiм сол дейсiз ғой. Бiрақ ондай-ондай сән табылар, ән табылмайды ғой! – деп шiмiрiкпей күлдi де, жастарға қарай бұрылды. Ербол мен Әмiр қостай күлiп:
– Сән табылар, ән табылмас... – деп жарыса қайталасты.
Күнке ызамен түйiлiп, Абай жаққа жиренiш көзiн бiр тастап, айналып кеттi. Әмiр ендi еркiн күлiп:
– Абай аға, тiлеуiң берсiн! Қашанғыдан бұрын үлкен әжемдi бiр жамбасқа алып, соғып бердiңiз ғой! – дедi.
Әйгерiм, Үмiтейлер бұл сияқты кесек қалжаққа өте қысылып тұрып, қатты күлдi де, ұялғандарынан отауды айналып, тез қашып кетiстi. Еркiн, ерке Әмiр, әжесiнiң артынан әлi көз алмай қарап:
– Өл де маған... О несi екен, ән салса, Әмiр дiннен шыға ма екен? – деп, қыңыр тентектiгiне басып, сылқ-сылқ күле бердi.
3
Сол Бiржан аттанып кеткен жазда, Олжай ортасына бiр үлкен лаң кiрдi. Бұның басы жайлаудың бiр жым-жырт түнiнде, жарық айлы аспанға мұңды жүдеу шер шыққан, нәзiк ырғақ әнмен басталды.
Ел бауырға түсiп келе жатқан кез болған едi. Жайлаудан екi жаққа айрылыса көшкен жапсарлас Тобықты мен Керейдiң барымташы мен жортуылшылары осы кезде түн шабуылын жиiлете бередi. Әр түнде: "алып кеттi", "тиiп кеттi" деп, ел iшi даурығып жүр.
Осындай тынышсыз күндерде сақтық ойлаған Жiгiтек, жылқысының түнгi өрiсiн қалың елдiң ортасына, iшке қарай беттетушi едi. Сол жылқы Қараша, Қаумен ауылдары отырған Суық-бұлақтан кешкi су iшiп өргенде, Сыбайлас – Қаршығалы өлкесiн бетке алып жайылған.
Алды-салды көп болатын кезде, дәмелi ер-азамат түн баласында жылқыны барлап, ат үстiнде болады.
Өз әкесiнiң жылқысы жоққа тән, ап-аз болса да, жылқы бағуды сылтау етiп, бүгiн жылқышыларға ерiп Оралбай да шыққан.
Жылқыда Қараша балаларынан өзi мықты, өзi жау түсiргiш Абылғазы бар.
Ол семiзден жараған аяңшыл қара ала атқа мiнiп, қатқан қара сойылын ерiнiң алдына көлденең салыпты. Жеңiл сұр шекпеннiң омырауын жарық айға қарсы ашып тастап, кiшкене тымақтың бiр құлағын iшiне жымыра киiп, Оралбайға әңгiме айтқызып, өзi анда-санда бiр шырт түкiрiп тастап, көп жылқыдан ұзаңқырап шығып, жер шалып келедi.
Жылқының жайылысымен, жер шалумен түк жұмысы жоқ, тек қана түс тұманында жүргендей жүдеу Оралбай, Абылғазыдай жақын ағайын, жасы үлкен ағаға iштегi шерiн айтып келе жатыр. Үйде осы бүгiн атқа мiнiп шыққанда да қайда барарын, қайтерiн бiлмеген дел-сал дерттен шыққан. Ұйқы, күлкiсiз күн кешкелi де көп болды.
Ағып сөнген жұлдыздай, мұның қиял жұлдызы сонша жарқырап ақты да, ендi мiне өшiп барады. Өшкен емей немене! Қызығын, ыстық жалынын бұған дәл осы жылы бiр ғана кеште ашқан Керiмбала, аз күнде бұның көзiнен ғайып болмақ.
"Қаракесектен күйеуi келедi. Осы жолы алғалы келедi, әкетедi" дейдi. Ендi Оралбай тек дерт құшып, айрылу зарын зарлап қана қалғалы тұр. Iстер шара деген бар ма дүниеде, жоқ па? Өмiр-жастықтан осыдан басқа тiлегi жоқ. Iлгерi тiлеудiң бәрi де орындалмай-ақ қойсын. Қысқа тiлеу, бiр-ақ тiлеу тiлесiн жас! Сонысы осы жол – тек Керiмбала! Соның жолында өлу. Бiрақ бiлегiнен ұстап өлу. Ұзын өрiм, қолаң қара шашын Оралбай өз мойнынан асып тастап, қыпша белiнен бұралта құшып тұратын, айрылмайтын күн болса, одан арғы дүние өртенiп кеп, мұны жұтсын! Арманы да, қыңқ етiп қынжылуы да болмас едi.
Оралбайдың Абылғазыға шаққан зары сол. Осы жылы көктемде, Бiржан келместен бiр ай бұрын, екi жас бiрiне бiрi сыр ашқан екен де, содан берi жан жүзiне бiлдiрмей, iштен тынып жүредi екен. Жiгiт мұңын үн қатпай, сыр бермей тыңдаған Абылғазы, Оралбай әңгiмесiнiң аяғында азғана сөз салды.
Абылғазы емендей, шақпақ сүйек, зiл салмақты адам едi. Оралбайға әуелi "оң, терiс" деп түк айтпай, тек қана бiр жайды бiлмек болды.
– Қыз қалай? О да сендей ынтық па?
– Қыз "жаным сенiмен бiрге шықсашы!" деп едi.
– Ендеше, серттен тайғанды әруақ атсын! Тәуекел қыл да, тас жұт! – деп бiр-ақ түйдi.
Оралбайдың үлкендер iшiнде ақыл салғаны осы болатын. Тiл көмегi болса да мынандай мырза көмекке қуанып кеттi. Ендiгi бiр ғана күдiгi Базаралы екен.
– Базекем не дейдi? Тәуекел етсем, сол қайтедi? – дедi.
Абылғазы оған да iркiлген жоқ.
– Қызың Керiмбала болса, ондай жақсы сұлудан "жан ая" дейтiн Базаралы ма екен!? Өзiнiң кеше ғана қол-аяғын байлатқан Балбаласын қайтедi? Iстерiңдi iстеп ал. Одан ары Базаралы түгiл, бар Жiгiтек саған болысады. Болыспай қайда барушы едi? – дедi.
Оралбай мынау ақылды естiгенде, астындағы күмiс құйрық, ақ көк атын қамшылай жалақтатып, дүр сiлкiнгендей болды. Дәл осы уақытта, екi шалғыншы Қаршығалы жақтағы соңғы бiр ұзын белге шығып қалған екен. Аттарын тоқтатып, аз аял қып, тың тыңдай бергенде-ақ, Оралбайдың құлағына Қаршығалы жақтан жiп-жiңiшке боп, сызыла созылып келiп тұрған ән естiлдi. Еркiне қоймай "қайдасың?" деп, iздеп шарлайды. Үзiлiп, талып жетiп, емiс естiлiп тұрса да, әлде бiр сабырсыз жүрек шырқырап шақырады.
Оралбайдың тақаты қалмады.
– Ағатай-ау, мынау ән менi шақырып тұр ғой! Өзi дәл Бөкеншi жайлауынан, Қаршығалыдан, тiптi Сүгiр аулының үстiнен шығып тұр ғой! – дедi. Аты да тыным ала алмай, ай астында жарқ берiп көлбеңдеп, шырқ айналады.
– Рас, Сүгiр аулынан шығып тұр. Алда сорлы-ай, тiлеуiң қабыл екен ғой! – деп, Абылғазы кеңкiлдеп күлiп қойды.
Қатерден қашатын Абылғазы емес. Бағанадан Оралбайға айтқаны: оның қиналып, ойланып айтқан кеңесi емес-тi. Жым-жырт тыныштықтан да ат үстi әбiгер қақтығысты тiлеп жүретiн әдетi болатын. Сол себептi жiгiт қызуына шоқ тастап қоздыра түсу бұған бiр ермек көрiнген. Рас, лаң шықса одан жасқанып, бой тасалап қашатын да Абылғазы емес. Мына қара ала ат, мына кепкен қара сойылды осы Оралбай үшiн сiлтеуден iркiлмейдi.
Оралбайдай жалын билеген жастың, шынымен өз бетiне қарай ақыл берерлiк кiсi iздегенде, ақылдасары да осы Абылғазы екен.
Жас жiгiт ендi тақат қыла алмай.
– Айтқаның шын болса, ендi жүршi, бiрге жүршi, Аба аға! Бағым ба, сорым ба, осының шақырғаны мен ғой!
Сонымен екеуi: "Жүр! Жүр!" десiп ап, тебiнiп жiберiп, ойдан төмен ағыза жөнелiстi.
Оралбай осыдан аз бұрын, ойындағы тiлек байлауы не екенiн өзi де атап айта алмайтын едi. Қазiр, ақ боз аттың екпiндi желiмен бiрге соққан, құйындай сабырсыз, бiр ғана арманы бар.
Мұның тақатсыз жүрегiне, жаңағы ән, Керiмбаланың өз әнi боп, даусыз сол ғана боп танылады, кiм айтқанын бiлмесе де, "сол!" дейдi. Шауып келе жатып, көз алдында, әнмен толқыған ынтығының әсем бұғақты ақ тамағын, жұп-жұмыр аппақ мойнын көрiп келе жатқандай.
Қазiргi байлауын, дәл осы кештегi әмiрi күштi, құдiрет әнi болмаса, ол әлi талай күн тебiрентiп, толғанып барып шешер ме едi. Ал, бүгiн ән шықты да, жүрек отын найзағай ойнатты. Мөлдiр сулы өзенi бар, шалқия төстиген кең көк өзек – Қаршығалы, қазiр ай астында сұлу сәулеге оранып, ақшыл тартады. Түс мекенiндей боп аппақ буға ораныпты. Өзеннен, шалғыннан шыққан түн буы, кей ауылдарды орай қымтап, көзден тасалайды. Өлкенi өрлей қонған он шақты ауылдың көбi жатқан. Оттар сөнiп, түңлiктер жабылған. Тек қана, оқта-текте әр тұстан ұйқылы үнмен күзетшi айтақтап қояды. Иттер де көп үрмейдi.
Сол қалғыған өлкеде, барған сайын айқындап, ән өктейдi. Жiгiттер шауып келе жатып, танып келедi, әйел әнi. Сүгiр аулы – ортадағы көп үйлi ауыл едi, ән соның үстiне қарай шақырғандай.
Бiрақ екi жiгiт дәл Сүгiр аулының өзiне тақап келгенде, ән мұнда емес, қақ қасындағы ауылда екенi бiлiндi.
Оралбай, Сүгiр аулынан басқа ауылдың әнi боп шыққанына түңiлген жоқ. Үйткенi жақындап тыңдаған сайын, ол әр ырғағынан, әсем зор қалпынан Керiмбаланың әнiн әбден таныған.
Алыстан шақырып әкелген, еркiн алған ән, мұның жүрегiн адастырмай, сүйгенiнiң әнi боп шыққанына, сабырсыз жiгiт тәубе еткендей. Iшiнен: "қандай жақсы ырым едi", "жүрегiмдi жүрегiң қан жайлаудың қалың елiнiң арасынан, қараңғы кеште адаспай танып, шақырып алғаны қалай едi" деп, Керiмбалаға алғыс бейiлiн бағыстап келедi.
Мезгiлсiз дүсiрлетiп келген екi атты ән шыққан ауылдың көп итiн шулата үргiздi. Ән, бiрақ сонда да үзiлiп, баяулаған жоқ. Көп иттiң, көп үнмен өшiгiп үрiсi қалыңдай берiп, ауылдың өзге үндерiн жасыруға тырысса да, Оралбай құлағы ендi Керiмбаланың "Жиырма-бестi" айтып тұрғанын аңғарды. Иттердiң арсылдап үрген мазасыз даңғазылығы, дәл осы күндегi, Оралбай, Керiмбала айналасындағы суық дүние бiтiмсiздiгi сияқты.
Керiмбала мен жеңгесi Қапаны мынау көршi ауылдың бiр бойжеткенi бастаңғыға шақырып, алтыбақан құрған екен. Бағанадан берi, жас жиын қайта-қайта алтыбақанға Керiмбаланы мiнгiзiп, әнiн тыңдап тұр едi.
"Жақында ұзатылады-ау. Жат елдiң адамы боп кете барады-ау. Есiл қыршын, жақсы бойжеткен!" деп, iшiнен Керiмбаланы қимай, бiрақ сыртқа шығарып тiл қатпай, қапаланып тұрған құрбы қыздар, әсiресе, жеңгелер көп. Қапа сияқты аса тату, естi жеңге бүгiн Керiмбаладан басқаның көбiне ән кезегiн бермей, тек өзiнiң қайын сiңлiсiне ғана мұң шағуға ерiк берiптi. Өз қолымен арқанды ырғап, оқта-текте үнсiз жасын Керiмбаладан жасырып, сығып тастап тұр.
Оралбай осы бiр сәтке келдi. Ақ атты, ақ сойылды, жiп-жiңiшке сұңғақ бойлы жас жiгiт алтыбақанға жолдасынан бұрын жеттi. Тықыршып шырқ айналған атынан Оралбай сарт етiп түскенде, Керiмбаланың үнi үзiлiп қалды. Айдың әлсiз ақ сәулесiнен туғандай, бу мен нұрдың тып-тыныш шағынан пайда болғандай жiгiт келдi. Ғайыптан пайда болған қиял жасы – түн жiгiтi, әнмен таласып, өз де әндей боп келген сияқты.
Оралбай асыға басып алтыбақанға келгенде, тiл септiгi аз, тек көңiл, қабақ, әр қимыл ғана: "Келдiң бе? Көрдiм бе?" дегендей.
Керiмбала ешкiмнен қаймықпастан кеп, жiгiттiң қолынан ұстап, саусақтарын қысты да, алтыбақанға тартты.
Жиын жұрт екi әншiге қуанып, қызыға тұрып, кезек бердi
«Ақ дидарың көргенде балқыдым-ай...» –
деп, Оралбай бастап, Керiмбала нақыстап, ерiп кеттi. Екеуiнiң сағынысып келген жүздерi, ай астында аппақ боп толқына қобалжиды. Аға әншi, ұмытпас Бiржан қастарына кеп, "қосағыңмен ағар" деп, жiгiт батасын берiп, бар қиынға батыл бастап тұрғандай.
Керiмбала мен Оралбай көп ән салды. Сағынысып, зарығып қалған жүректер сөзбен айтыса алмас шер, сырларын әнмен үзбей айтады. Бiресе кезектеп, бiрiн-бiрi тыңдап алып, бiресе, айрылыса алмай, қызық шаққа қана алмай, қосылып айтады. Сол әндер екеуiн елтiтiп, ақыл мен еркiн де алды. Барлық алдағы өмiр байлауын да жасатты.
Абылғазы мына екi жастың ажарына көп қарап, үйлес үндерiн көп тыңдап тұрып: "мына екеуiн өлiм ғана айырар" деген ойға кеп едi.
Өзi Әкiмқожаның келiншегi Қапамен құрдасша ойнайтын. Шынында, Әкiмқожа екеуiнiң жас шамалары да жақын. Және ағайын iшiнде үнемi тату, сыйлас болатын. Аз сөзбен, бiр аға, бiр жеңге тез ұғысты да, барлық жасты өздерi меңгерiп, билеп алып, Керiмбала мен Оралбайды өзге топтан бөлiп жiбердi.
Оралбай Керiмбаланың қыпша белiнен құшып, қысып тұрып, өзiнiң бүгiнгi түнде немен келгенiн айта бастап едi. Керiмбала көп сөйлескен жоқ.
– Жаным, жарығым! – деп, жiгiттiң бетiне ып-ыстық бетiн басты. Көзi толы жас бар. Аздан соң жасын жұтқандай боп, тамағын бiр кенеп, бар дүниеге кейiстi шағымын бiлдiрдi.
– Құдайдың құртар күнi, қу күнi келiп қалды ғой сенi мен менiң басыма! Бiрақ ойым онға, санам санға бөлiнсе.де, сенен айрылар мұршам жоқ. Немен келгенiңдi түсiндiм. Әнеу күнi бiр айтқаныңда сұмдық көрiп ем. Ендi ерiк өзiңде. Баста! Бiз де ұрпағы едiк қой. Әруақтар жар болсын, жарым! – дедi.
Оралбай өзiнiң осындай ынтығынан, "жарым" деген сөздi есiткенде, жанып кеткендей боп, жабыса сүйiп, үнсiз қатып қалды. "Жаным, жарым" деп, Керiмбаланың өзi айтқан анық құштар үнiн сыбырмен, қатты құмарлық сыбырмен айтты.
Осыдан соң бiр-ақ күн өттi. Келесi түнде Оралбай қасына құрбылас үш жiгiттi ертiп алып кеп, Керiмбаланы алып қашты. Екi жастың есiн алған жалыны бұларды осындай шаққа жеткiздi. Олжай iшi болса, үстiндегi аспан жарылып, жай оты төгiлгендей өрекпiп бүлiндi.
Керiмбала Сүгiрдей көп "көк аласы" бар, мыңды айдаған байдың қызы. Берген жерi Қаракесек, Қамбардың мықты, малды жерi. Содан сан рет айғыр үйiрiмен, қыруар жылқы алған Сүгiр ендi қызының отауын көтерiп, "ырғап, жырғап" ұзатқалы отырған.
Бөжей, Сүйiндiк заманынан берi бұл күнге шейiн Жiгiтек, Бөкеншi арасында араздық салқыны түсiп көрмеген едi. Бiрақ мына жастардың мынау қылығы ендi Бөкеншiнi тұтас тулатып, өртке салғандай болды. Жай Бөкеншiнiң бiрi де емес, өзi Сүгiр. Бұл күнде Сүйiндiк өлген, ендiгi тiзгiн көбi осы Сүгiрде болатын. Көп жылқысының арасында "бiреуге ат мойын", "бiреуге ат сауырын" дегендi бергiштей жүрiп, Сүгiр салмағы күштi бай боп алған.
Ол содан асып, жуансып та, паңданып та жүретiн. Соңғы жылдар Бөкеншi iшiнде бiр қалжың лақап барды. Сүгiр бай қылаң жылқыға мiнген кiсiнi көрсе: – "Мынаның мiнгенi менiкi емес пе?" деп айтады дейтiн. Ендi сол Сүгiрге қараған Бөкеншiнiң Байгөбек, Жангөбектей үлкен аталары, Борсақ, Дәлекеңдей қоңсы туысы түгел дүрлiктi.
Сүгiрдiң Әкiмқожа, Балқожа, Нұрқожа деген балаларымен өзi боп тулағанда, "әуелi Жiгiтектiң жылқысын тиiп аламыз" деп бiр жасанды. Қаумендi шауып аламыз деп бiр лоқыды. Исi Жiгiтекке: "Тұрысар жерiн айтсын, болмаса бiр күн, бiр түн iшiнде қыз бен жiгiттi алдыма қол-аяғын байлап әкеп салсын!" деп, бiр айбат шектi. Осындай өрттей шалқыған жиын ашуы, әр жаққа бiр лап берiп кеп, аяғында, Бөжей аулына кiсi салды.
Бұл күнде Жiгiтектiң бұрынғы басшылары – Бөжей ғана емес, Байдалы, Түсiп те қайтыс болған. Ендi ел сөзiне ие болып, бiркелкi жас буын шығып едi. Олар Бөжейдiң балалары: Жабай, Әдiл. Сонан соң жаңа перi боп атанған табанды, қырыс Бейсембi. Және "қу бастан қуырдақтық ет алады" дейтiн, қансүлiк Әбдiлда болатын.
Таңертең жаманат бiлiне салысымен, Бөкеншiнiң шапқылай жиналысып, әбiгерге түскенiн, сыбайлас Жiгiтек күнi бойы естiп, бiлiп отырған-ды. Әсiресе, бiр ғана белдiң астында отырған Қарашаның аулы, дамыл алмай хабарланып тұрды. Жансыздар жiберiп, Бөкеншiнiң әр саққа толқыған, iштей сөйлескен ашу кеңесiнiң де бәрiн бiлдi. Өздерi бiле тұра, өзге Жiгiтекке де қайта-қайта кiсi шаптырып, хабарлап тұрған.
"Жылқы аламыз!", "шауып аламыз!" деген сөздер Жiгiтектi Бөкеншiге сол күнi-ақ жауықтырып қойып едi. Өзiнiң саны көп, өзi өмiрде соғыс-шабуылдан қорқып, үркiп көрмеген Жiгiтек, сол күнi түстен кейiн-ақ, сойыл-шоқпарын белдеуiне қыстырып, жарау аттың бәрiн ерттеп мiнiп, суыта бастады.
Бөкеншi болса, Жiгiтекке кiсi салумен қатар, ес жия бере, көлденең, ара ағайынға да кiсi шаптырған, Жiгiтекте Бөкеншi дақпыртын ести сала, сол ара ағайынға қос-қос аттап кiсi жөнелттi.
Екi елдiң де бұл жөнде: "араға кiрiсiп, жөн айтсын, арандатпасын" деп сөз салғаны – Айдос.
Олжай үшке бөлiнгенде – сол Айдос, Қайдос, Жiгiтек боп тарайды. Қайдосы бүгiнгi Бөкеншi. Айдос болса, осы маңдағы Тобықты iшiне күшi мәлiм, iсi мәлiм – Ырғызбай және Көтiбақ, Топай, Торғай – төрт ата болады.
«Айдос» деп сөз салатын екi ағайын, сол Ырғызбай, Көтiбақтарға тегiс жағалай хабар айтқызды. Арнаулы кiсiнi Құнанбай аулына, Құлыншақ аулына жiберген. Көтiбақта Байсалдың орнына бұл күнде ел сөзiн ұстайтын. – Жиренше бар. Соған да екi жақтың шапқыншылары кезек келген.
"Айдос" деп тобына сәлем жолдап жатқандықтан, Жиренше де, Топай, Торғай адамдары да өз беттерiмен жауап айтысқан жоқ. Ырғызбай iшiне бас қосып, Құнанбай аулына келiскен Барлыбай өзенiндегi Ұлжан аулына жиылып жатты.
Ырғызбайды алса, бүгiн Құнанбайдың өзi жоқ. Ендiгi қалған ауылдарының бұндайда сөз ұстайтын үлкенi мен пысығы – Майбасар, Тәкежан. Ол екеуi алғашқы дақпырт шығысымен, өздерiн "iздегендер сол жерден тапсын" деп, Ұлжан үйiне – Өскенбайдың қара шаңырағына орнап жатыр.
Осыншалық көп әбiгердiң себепшiсi екi жас, бүгiн таң атқалы әлi күнге орын тауып, байыздай алмай жүр.
Әуелi, Қаумен, Қараша ауылдарында қалуға болмайтын болды. Бөкеншiге қонысы жақын. Сүгiрдiң ашу сөзi шыққан сайын, тiлеулес жеңге-құрбылар, жастарды бұл арадан жалтартуды қажет дестi. Қанды мойын айыпкер.деп, алдымен көздейтiнi осы ауылдар болған соң, шынында, бұнда болуға жол қалмады.
Одан сырғыған соң исi Жiгiтектiң қарқарадай көрiнетiн атасы, көп Тобықтының ескi шаңырағы – Кеңгiрбайдың аулын паналатпақ болысып, сонда әкелiп жасырып едi.
Кейiн Бөкеншi елшiсi тура осы ауылға кеп түсе бастаған соң: "бiреу болмаса, бiреу сыбыр берiп қояр, Бөжейдiң орнына ел пәлесi орнап қалар" деп, бұл ауылдан да сырғытты.
Содан кейiн, бiр кезек, қазiргi жастың абыройлысы және өзi табанды мықтысы деп, Бейсембiнiң аулына жылжытып едi. Бейсембiнiкi бiр ғана шай iшкiзуге жарады. Содан ары Бейсембi:" ертең мен Бөкеншiмен тартысқа түсем. Сонда сөзге сынық боламын. Бұл жерден тайғыза тұрыңдар!" деп, ол да сырғытып жiбердi. Кешке шейiн осындай түртпекпен жүрген Оралбайдың намысы қайнап:" Базаралының өзi келсiн. Бауырым бар едi десе, осы бүгiнгi күн көзiме бiр көрiнсiн!" деген. Ызалы қысымда тұрып айтқан соншалық қысқа, сондайлық қатты, суық сөз едi.
Осы сәлемдi ести сала Базаралы атқа мiнген. Ол ең әуелi бұл iстi естiгенде, ғажап халге ауысып, бiр ауыз үн қатпаған. Оң дегенi де, терiс дегенi де мәлiм емес. Не бiр қатты ашу ма? Не болмаса тiстенiп алып "өле көрсем де, шыдадым" деген жiгер-қайрат бекiнiсi ме? Әйтеуiр, қатты сезiм бұны буып-түйдi де, әлi күнге үнсiз жүрген. Бiрақ соның орайына, күнi бойы, тек айналадағы жұрттың үнiн қас қақпай тыңдаумен болған. Ол Бөкеншiнiң шарасынан асып, бұрқ-сарқ етiп жатқан хабарын да есiттi. Жат хабарды Жiгiтек алғаш естiген жерде, бiрталай ақсақал, қарасақал боп, Оралбайды қатты кiнәлағанын да бiлдi. Ол ғана емес, кейбiр топтың әуелде: "Бөкеншiмен кетiспеймiз. Ағайын бетiн не деп көремiз? Екi тентек iсi болса, елге ылаң болмасын. Жiгiтке айып тартқызып, қызды қайырту керек" дегендерiн де естiген. Осыны да үнсiз, жауапсыз тыңдап шыққан-ды.
Тек түстен соң ғана Бөкеншiнiң "жылқы алам", "ауыл шабам", "Жiгiтекпен жасасып, соғысам" деген асқақ сөзi келе бастаған соң, Жiгiтек жиындарының бетi өзгере бастады.
Өзгерткен бiр себеп – хабар болса, екiншi себеп – бiр топ жастар мiнезi. Бұлардың басы – Қарашаның Абылғазысы.
Ол Оралбай iсi Бөкеншiге мәлiм болысымен-ақ, ат үстiнен түскен жоқ. Тiптi елден бұрын кеп, Керiмбалаға өзi амандасып: "қадамың құтты болсын!" деп көңiл бiлдiрген. Аға жақынның ең алды өзi едi.
Содан соң күнi бойы не қойшы-қозышыны, немесе бие қайтарған бала жiгiттердi, не ел қыдырған қатындарды жансыз етiп, Бөкеншiге құлағын түрiп.отырған. Бұл адамдары, тек сыртқа қимыл-қозғалысты бағатын "сырт көз" болса, содан соңғы ең бiр шебер iсi – өз аулындағы Бөкеншi қызы, бiр келiншектi дәл Сүгiр аулының өзiне ерте жiберiп қойған. Сол келiншек барысымен Қапаға жетiп, күнi бойы Әкiмқожа мен Қапаның отауында болды. Қасында тайға мiнген Ержан деген бала бар едi – қайнысы болатын. Соны Қапамен екеуi Абылғазыға кезек сәлем айтып, күн ұзын талай жiберiп алды. Баланы бiр белдiң астында Абылғазының қойшылары тосып, қайта жiберiп отыратын. Керiмбаланы өзi аттандырып салып, Қапа таңертең Әкiмқожадан қатты таяқ жеген-дi. "Сенен жасырын сыры жоқ. Ауылға қастық еттiң!" деп, күйеуi сабаса да, Қапа қайын сiңлiсiнiң тiлеуiнен бетiн бұрмаған. Үндемей, сыр бермей таяқты көтерген де, ендi шамасы келгенше Оралбай мен Керiмбаланың керегiне жарамақ едi.
Бар Жiгiтекке, Бөкеншi туралы ең деректi сөздi алып келген Абылғазы, үлкен ептiлiк жасады.
Ол әуелi Оралбайды ақтайтын кiсi боп келген жоқ. Дел салда отырған жиын, Оралбайды ұстап берудi де, Бөкеншiге қарсы тұруды да шеше алмай жатқанда, Абылғазы Бөжей үйiне келдi. Ақсақал, қарасақалдың тап ортасына батыл басып кiрiп, үй ортасына бiр тiзелеп, жүгiнiп отырды. Тымағын алғанда, сұлу бiткен кесек жүзi салқын едi. Үлкен басын, соғысармандай боп, ақ шытпен қатты байлап апты.
Бөкеншi сөзi шыдамнан асып бара жатқанын, әсiресе, айта келдi. "Ауыл шаппақ, жылқыға тимек, тұрысатын жер айтысып, өлiспек. Бұған ендi қызды қайтарғаның да шара болатын емес. Қанды мойын айыпкер боп, түгел Жiгiтек тiзе бүгетiн боп тұр. Одан басқаға Бөкеншi ашуы қайтатын емес. Ендеше соған бiлгенiңдi қыл, әкетай, елдiктен кетiппiз. Қор болыппыз, ашуыңды тарқат, саба менi ашуыңды бас, малымды ал! Менi қатын ет, үйткенi, менде азамат жоқ. Менде қауқар жоқ, қормын" дейiк. "Сүйтiп, алдына түсейiк!" деп, Жiгiтек намысын қатты соққыға алған. Содан қайта қатулана түсiп, суық, құбылып алып:
– Сонша жер табанға түсiп жалпыетек болар не дүниенi бүлдiрiппiн?! Екi ғана, ес тоқтатпаған жастың албырттығы ма? Сол үшiн елдiктен, әруақтан, ежелгi достықтан кетер болса, Бөкеншiнiң сенi қимағаны қайсы? Ол сенi қиып қорлап кетсе, сен неңдi аяп iркiлесiң? Нең қалып едi? – деп, аса өткiр сөйлеп, батыл келген.
Осы сөзден соң Жiгiтек берiк байлау жасамаса да, бiрақ таңертеңнен бергi екi ұдайлықтан, былқ-сылқтан арылып, сөздi бiр араға түйген-дi. Сол түйiнi бойынша, iстiң бәрiн Бөкеншiнiң өз мiнезiне қарай iстейтiн болады. Жiгiтек қазiр жауапкер ел, сондықтан өзгенiң аңысын аңдау.ең үлкен тәсiл болмаққа керек. Әзiрше Бөкеншiнiң алдына түсiп, айыпкер боп беталды бойсұнбайды. "Бөкеншi жақсы сөйлесе, жақсы ағайынның көңiлiн дауалаймыз. Жаман сөйлесе, кiнә өз мойнында – жығыла кете алмаймыз!" деп, сөздi осыған сарыққан.
Базаралы бұл кеңестi де өз құлағымен естiп, үн қатпай кеткен едi.
Қоналқалық орын таба алмай жүрген айыпкер iнiсi мен жаңа келiнiне келе жатқанда, осындай көп хабарға қанып келген-дi.
Оралбай мен Керiмбаланы кешке жақын, бiр үш-төрт үйлi кiшкене кедей ауылға әкелiсiп едi. Жүдеу үйдiң иесi – жас жiгiт Бөкембай бұлардан үркiп қорықпады.
– Сенен жаным аяулы емес. Осында бол! – деп, аз лағының бiрiн сойып жатыр.
Базаралы осы үйге келсе де, Оралбаймен көп сөйлескен жоқ. Оның өзiн тiптi сөйлеткен де жоқ. Тек, Керiмбаламен екеуiне қатар ескертiп:
– Ел көзiне тентек болсаңдар да, иесiз, панасыз емессiңдер. Кiнәласса да, қайда кетушi едi жұртың? Көтермейiм десе де, көтередi ауыртпалығыңды. Болар iс болды, тек өкiнбеңдер. Берiлмейсiңдер, бергiзбеймiз! Бермеймiн, қасыңдамын. Өзiм хабарласып тұрам! – деген.
Осының алдында дәл осы соңғы айтқан байлауына өзi бекiнген соң, түс ауа, Абайға хат жазып, кiсi жiберiп едi.
Салмақ салып, ағалық, базыналық бәрiн қосып, "болды бiр iс. Аралас, тартынба, қорған бол. Тiптi болмасқа кетер болса, билiгiн өзiң айт" деп тапсырған.
Абай осы сәлемдi естiген жерде, оның қасында Ербол мен Әмiр бар-ды. Сол екеуiне ақылдасқандай боп:
– Жә, бiз бұған не дейдi екемiз? – деп, бiр қойып едi. Әсiресе барлағаны Ербол болатын. Соған қарап:
– Бөкеншi – өзiң болсаң, Жiгiтек бауырың. Оның iшiнде Оралбай, Керiмбала болса – тiлеуiң бiр құрбың, тату жас, достарың. Әуре-сарсаң осы болушы ма едi, бұл қалай болды, Ербол!? – дедi.
Ербол өзi де осындай толқында болатын.
– Мұның бәрiнен жаманы, ара ағайынның мiнезi болады. Сол деген жерден шықпайды ғой, Абай. Осындайдың тұсында пәленi басам демей, түлкi бұлтаққа салатындар.көп шығады. Мынау екi жас қапыда сондай пәленiң сылтауы болғалы тұр. Қолдан келсе, пәленi өрбiтпе. Жаны ашығанның iсi сол! Менiң ақылым осы-ақ -дедi.
Абай өз досына аса бiр ырзалықпен қарады. "Бөкеншiмiн" деп ұранға қызып отырған жоқ. Абайға: "Сен өз басың адам боп, азаматтық биiктен табыл!" деп отыр. Сөзi шын, тереңдеп ойлайтын кiсiнiң түкпiрлi сөзi. Ербол туралы iшiнен қорытқаны: "бұның – адал адамның да, еркектiң де сөзi ғой. Түбiнде Ербол осы елдiң сүбе адамының бiрi болады-ау, бара-бара!" деп бiлдi.
Әмiр өзiне арналған сөз болмаса да, Ербол тоқтай салысымен, iле сөйлеп жатыр, Абай Ербол туралы ойланып қалып, оның сөзiнiң басын аңғармап едi. Ендi тыңдаса, жас, таза бейiл, қызу жiгiт:
– Оралбай мен Керiмбаладан аянып қалғанымыз ұят. Бар көмегiне жарау керек. Қаракесек азар болса мал алар, айыбын алар. Болыспай қала алмаспыз. Мен, мiнерiне ат, iшiп-жемiне сойыс жiберу керек деймiн! – дедi.
Абай ақырын күлiп, бас изедi де:
– Бұның да бiр алуан дұрыс байлау. Сенiң қолыңнан бүгiнде одан зордың өзi келейiн деп те тұрған жоқ. Тым құрыса дос замандастарың бейiлiңдi көрсiн, Әмiр. Бөтен жұртқа, көп көзiне дабырайтпа! Бiрақ жаңағы атаған көмегiңдi, өз атыңнан сәлем айтып, Оралбай мен Керiмбалаға жөнелте бер! – дедi.
Осындай үй iшiндегi iшкi кеңестеп соң, Абай Ұлжан үйiндегi жиынға келген.
Онда бұл уақытта бар Айдостың әр атасынан келген атқамiнерлер қымыз iшiп, қызынып отыр екен. Қазiр төр де, сөз де Майбасар мен Жақыпта. Солар қасында қызара, бөртiп, оқта-текте күле түсiп, қоздана сөйлеп қойып, Тәкежан отыр. Көтiбақтан келген Жиренше, бұлардай емес, тартынып отырған сияқты. Топай кiсiсi Базар да онша көп шешiлмейдi. Бiрақ Майбасар, Тәкежанша жеңiл жортып, әр саққа кетiп, әлденеге сүйсiнгендей көтерiңкi отырған – Торғайдың адамы Даданбай көрiндi.
Абай басында үндемей барлап, жұрттың қабағын бақты. Төрт ата Айдостың екеуi бiр мiнезде, екеуi бiр мiнезде отырғандай. Ендi бiраз байқастап барып, Майбасар мен Жақыпқа қарап, Абай:
– Ал мына екi ағайын лаңына не дескелi отыр бұл жиын, ара ағайын? Сөз ұстатып, Айдос атынан Бөкеншi, Жiгiтекке кiсi жөнелттiңiздер ме, жоқ па? – дедi.
Әуелi Жақып қысқа жауап қайырды:
– Жоқ, жiбергенiмiз жоқ! – дегенде, Майбасар бұдан ары ашыла түстi.
– Не деп жiберемiз кiсiнi? Бiтiм айт деп отырған ағайын болса бiр сәрi. Бiрiмiздi "құпта" деп отырған жоқ па? Қайсысына болысайық!
– Сонымен ара қарындас, әншейiн үндемей, түк бiлмегендей боп, қарап қалмақ па?
– Түбi қарап қалмас. Неге үйтсiн?
– Ендеше, екi елдiң араздық өштiгi өрши түссiн деп отырмыз ба?
Абай сұрақтары тергеудей боп, үй жиынын ерiксiз мойын бұрғызып барады. Жұрттың бәрi басқа сөздi қойып, мына қағысуды тыңдауға кiрiстi.
Майбасар Абайдан әзiрге сөзге ығыспағандай:
– Бұл пәле қозданғалы тұрған бiр өрт емес пе? Оған қазiр айтқан басу сөз ем болмайды, сол отты үрлеу ғана болады.
– Е, олай болғанда, әйтеуiр шығатын өрт екен, сол шығып болсын деп отырмыз ғой.
– Ашу алды, ақыл соңы. Әуелi Бөкеншi өрекпiп барып, өзiнiң ашуына ие болатын шаққа жетсiн. Өрт шықса, оны алдынан шығып өшiрмейдi, қуа өшiретiндi бiлесiң ғой! дедi.
– Осыны да "ел тыныштығын, татулығын ойлау" деймiз-ау! "мен кiрiсем, емшi, жамаушы болам. Бiрақ, менi солай араластыру үшiн, әуелi өзiң пәлеге бата түс өртене түс" дейдi екенсiз, ә? – дедi. Ендi Абай ашулы едi. Жиренше мен Базар, Абайға: "анық, осы сөзiң мақұл" дегендей боп, ентелесе тыңдады.
– Бәсе, осы жым-жырт отырыстың бабын мен де таппай отырмын. Жаны ашыр болмайды ғой, бұндай! – деп, Жиренше тiптi күйiнiп отырғандай болды.
Ол тегiнде Жiгiтек пен Көтiбақ достығын қимайтын-ды. Бөжей, Байсал тұсынан қалған достық болса, оны жаңа басшы – Жиренше өзiнiң сақтауына, бағуына қарыз деп бiлетiн, Топай болса, тегi осындай ағайын iшiнiң араздық салқындығына, қулық тәсiлiне көп ермей, тура, әдiл мiнездi болғанды артық санайтын. Осы екi ата сонымен Майбасарлардың iркiлiп, тартынуын бағанадан босаңсыта алмай және дәл сырларын ашып сала алмай отыр едi. Абай сөзi ашылысуға қамшы болды. Сол жайларды аңғарып отырған Тәкежан Абайдың бағанадан бергi тергеуiне ырза емес болатын.
Абай жаңағы соңғы сын сөзiн айтып, "ағайын iшiнiң тыныштығын тiлемей, өртiн iздеген мiнез бар" дегенде, ол iле қағытты:
– Өрт, өрт дейсiң! Соның рас, өрт. Бiрақ бiз бастап, бiз тiлеген өрт демекпiсiң өзiң? Тiптi, түкпiрдi қазыссақ, өрт ендi шығайын деп отырған жоқ, бұрын шығып қойған жоқ па? Оралбайың мен Керiмбалаң салған жоқ па? Соны көрмей отырмысың? Жоқ, әлде "ән" деп, "сән" деп, осы жаз бойы өзiң серiмастанып ең, сондағы серiктерiңдi әдейi бүркеп отырмысың!? – деп қатты кекетiп, мазақтай күлдi.
Абай күлген жоқ, бiрақ қысылған да жоқ.
– Е–е, айыпкер табылды де! Ол – ән екен! Әндi сүйген мен екем ғой! Менiң аулымда Оралбай мен Керiмбала ән салыпты, содан екен ғой! Олай болғанда, тыныштық, татулық күнде, Кiшекең, Бөбең жасының, сенiң аулыңнан iшкен қымызын, жеген қойын тағы айыпкер деп қосамыз ғой! Тiз, тiзе түс! – деп бiраз қадала бердi де, артынан қайта ызаланып, батыл үнмен ашына сөйледi.
– Сеп болуға жарамай отырып, немесе, әдейi сеп болғысы келмей бұқпантай ойнап отырып, айыпкер таппақ! Сеп болмай, еп көздеп, сылтау қуып отырсың ғой, түге! – деп, Ырғызбайдың жиынын жерлеп тоқтады.
Соңғы жылдарда ағайын-ауқымында Абайдың анық iрiлеп келе жатқанының бiр белгiсi осындайда көрiнетiн. Ненi болса көзге шұқып, басқа сабап айтатын. Және соны ашулы қазы, әдiл би түсiнде қатты зекiп, зiлмен айтады. Қазiр ырғаса кеп, соған басқанда, Майбасарлар тоқтап қалды. Абайдың алғырлығы, бет беделi және әдiлдiгi таразыны басып кетiп бара жатқандай. Сөз бен жолда Майбасарлар жеңiлдi. Бiрақ сонда да бұл отырыста Абайдың дегенi болған жоқ. Өзге Ырғызбай бiр бөлек, Абай жалғыз өзi бөлек боп шықты. Мұны қостаған Айдос, Жиренше мен Базар едi. Ал ел емес, екi үлкен атаның сөзi Абайға ердi. Қалған екi ата қарсы болды. Оның iшiнде, Торғайдың, Абайға көнбей Майбасарды ұстанып қалғаны кек-қыжалдан болатын. Жiгiтек iшiнде осы пәлеге қанды мойын айыпкер Базаралы болатынын сезген Даданбай, iшiнен "шоқ бәлем" дегендей боп, әнеугi Балбаланың ызасын есте тұтқан.
Сөйтiп екi ұдай болғандықтан, Айдос тұтас сөз айтып, анау екi елге кiсi жiбере алмады. Бiрақ "пәле өрбiп кете ме, ел арандаса ма" деп қинауға түскен Абай өздiгiнен Сүгiр аулына кiсi шаптырды. Ол жiбергенi – Ербол едi. Ара ағайын сәлемi мен өтiнiшiн Абай Сүгiрдiң өзiне, Әкiмқожаға жолдаған. Тiлегi – "қол қимылы болмасын, iстi насырға шаптырып ап, ежелгi дос Кiшекеңмен кетiсiп қала көрмесiн. Ем табайық, тек жараны ұлғайтпайық. Осыны Айдостың көбi өтiнедi!" деп жiбердi.
Бiрақ Абайлар бiлмептi, Айдос iшiнен Бөкеншiге кеткен алғашқы сәлем бұл емес екен. Майбасар жұрт көзiнше, Бөкеншi кiсiсiне, Айдос сөзiн нақтылы қып ұстатпай, екi ұдай еткенмен, оңаша сөйлескен жерде, Сүгiрге құпия сәлем айтыпты. "Жiгiтекке бата қимыл етсiн, салмағын мықтап салсын, тайқымасын. Айдос түбiнде тентекпен болмайды. Бүгiн алдырып отырған Бөкеншiнiң қасынан табылады" деп жiберiптi.
Майбасар мен Тәкежан мұндай құпия сәлемдi текке айтқан жоқ. Оңаша сөзде Сүгiр кiсiсi бұл екеуiне бiр айғыр үйiр жылқы берудi уәде еткен. Соны екеуi қабылдап отырып, бiр жақтан Айдосты сатып, жаңағы уәде сәлемдi айтты.
Осындай қолтыққа бүрiккен дем өзi ызамен томырылып отырған Сүгiрге, анық қамшы болды. Үйткенi ашу үстiнде аңғармаған Сүгiр өзге сөздiң iшiнен осы сөздi ғана ұқты. Және мұны түгел Айдостың түбегейлеп ұстатқан сөзi деп қалды.
Абай сәлемi бұдан сонақұрым кеш келдi. Күндiз Жiгiтекке жiберген елшiлерi Бөжей аулында боп, бар салмағын салып, " қыз бен жiгiттi қазiр әкеп алдыма сал, қолыма бер, болмаса тұрысатын жерiңдi айт!" деп отырып алған-ды.
Оған Абылғазы кiрiскеннен бергi Жiгiтек байлауы көне алмады. "Бұл – ағайынды ел емес, жауласқан араз елдiң сөзi. Ел сағын сындырмай, келiсетiн сөздi ұстап.кел. Өзiмiздi ақылыңа ала отырып, бiрге ем iздеудiң сөзiн әкел. Сол – ынтымақ сөзi болады. Мыналарың қара күш, зорлық. Кiшекеңдi қорлағаның. Иттiң иесi болса, бөрiнiң тәңiрiсi бар, бұ не қылғандарың? Бiр ғана осы жол болмаса, бұрын Жiгiтек, Бөкеншiден қатал мiнез көретiн не жаманшылық iстеп едi! Екi арамыздан тату ағайын арасы бар ма едi? Қыл өтпестей тәттiлiктi бiр ашуға сатпайық. Кеше осы ұрпақ қамын ойлап, үнемi достық, татулықты бiзге мұра қып кеткен Бөжей, Сүйiндiк, Байдалыны ойлайық. Бөкең сөзiн, сәлемiн ойланып айтсын!" деп, кешке жақын осындай бiр жауаппен Бөкеншi елшiсiн қайырмақ едi. Бұл жолы Бөкеншi сәлемiн әкелген, сол Бөкеншiнiң бүгiндер шыққан, жаңа буын атқамiнерiнiң басы, зор денелi, бiтiмдi жiгiт Күнту болатын. Сол кетер кезiнде Жiгiтектiң өзi тұрғылас жаңа басшылары Жабай, Бейсембi, Әбдiлда үшеуiне оңашалап тұрып:
– Мына жауабыңа Сүгiрдi тоқтатам деп айта алмаймын. Ол бүлiнiп отыр. Пәле шақырдың, ағайын, айтпадың деме! – деген.
Жабай осы соңғы сөзге қайыса жаздап: "Өй тоқташы, бұл қай айтқаның?" дей берiп едi.
Күнту суық жүзiн жiбiтпей, отты қара көздерiн салмақпен, салқын қадап отырып:
– Айтқаным сол! – деген-дi.
Жабай сыр берсе де, бұндай қауiптен әлi күнге бет бұрып, жалтарып көрмеген, өзi сөзуар, өзi орамды, алғыр Әбдiлда ығысқан жоқ.
– Уай, Күнту, таразыға сенiмен мен түспек боп тұрғам жоқ. Әруақ пен ел түсiп тұр. Содан үлкен болдым деп, содан аттап кетем десе, Сүгiрдi де құдай табар! – деп шапшаң да, қатты да айтып, бiр-ақ тұжырған.
Майбасар сәлемi бiр келсе, соған iлес Жiгiтектiң бұл жауабы және келдi. Қыз бен жiгiт те жоқ. Алдына түсiп кiнәсын мойындаған Жiгiтек те жоқ. Жаңағы сөздiң бәрi – "тiл емiзу, қашыртқы салу." деп бағаланды.
Содан соң-ақ Сүгiр айғайды салып, от басын сабап, Бөкеншi әруағын шақырып, тұлан тұтып кеттi. "Мың көк аланы салдым намыс жолына. Шаштым, бердiм қолыңа барымды! Тек, кегiмдi әпер мынадан!" деп жуан бай бүлiкке кеттi. Асып-тасқан содырлыққа басты. Ат-сойылы дайын отырған Бөкеншi тобынан жүз жiгiттi жүз боз атқа мiнгiзiп жiберiп, дәл сам батарда Жiгiтекке аттандырды. Жаулыққа аттандырды. Тапсырғаны:
– Жiгiтек кiсiмдi әкеттi. Малмен ашу баспаймын. Кiсi барымтасының орайы кiсi барымтасы. Жiгiтектiң жанына бататын жерiнен маған да бiр адамын, бiр жесiрiн тартып әкеп берiңдер! – деп жөнелткен.
Абай сәлемi осындай өрескел барымташылар аттанып кеткеннен кейiн келiп едi. Сүгiр Ербол сөзiн үнсiз тыңдап шығып, жауап айтпай, қатып, сiлейiп қалған.
Бөкеншiден аттанған жiгiттер бүлiкке кеткен соң, дегенiне жетiп, бүлдiрiп қайтты. Жiгiтек iшiнде Жапа дегеннiң жаңа түскен мөлдiреген сұлу келiншегi бар-ды. Соны, басындағы желегiмен, есiн шығарып, шошытып тартып алды. Ауылды басып, жаншып келген жүз жiгiт бiрде-бiр кiсiнi тыпыр еткiзбей, келiншектi зорлықпен киiндiрiп тұрып алып кеттi.
Сол түн iшiнде Бөжей аулында қонып отырып, мына хабарды естiген соң, Бейсембi, Әбдiлдалар да сәтте ашу байлауын жасады.
– Жақын деп қапыда жүр екемiз, жат екемiз ғой! Шабысуға кеткен осы болғаны ғой. Жебiр-жесiр етiседi екемiз. Тұр, аттан сен де! – деп, Әбдiлда Абылғазыға бұйрық берген.
"Күш жию, ес жию" деген бөгет, аяң болған жоқ. Жiгiтек ызасы ендi келген екен. Ол айғайсыз, байбайсыз бiр-ақ ышқынып, сазара көгерiп алғандай. Сөз қатқан кiсi аз. Асығып, әзiрленген қимыл бар.
Аздан соң бұдан да жүз жiгiт шығып, Абылғазыға бастатып, түн ортасы болмай-ақ, Бөкеншiге қарай ат қойды. Сол топ, таң атар-атпаста қайта қайтқанда, жылқыға тиiп мал алып қайтқан жоқ. Бұ да кiсi барымталап келдi. Бөкеншiнiң елеулi жiгiтi Солтабай дегеннiң де биыл түскен, о да желек астында жүрген жас келiншегi бар едi. Соны тартып алыпты.
Бұл түндi Бөкеншi-жiгiтек iшiнде ұйқысыз өткерген күзетшi мен жылқышы ғана емес, тегiс ел болатын.
Солтабайдың келiншегi барымтаға түскенiн ести сала, Бөкеншiнiң бар жайлауында түнгi жайылыста жүрген жылқы атаулы ауылға қуылып келiп, күн шықпастан аттар ұсталды. Еркек кiндiктi Бөкеншi тегiс сойыл, найза, айбалта ұстап, атқа қонып, Сүгiр аулының үстiне үйiлдi. Дәл осы сәтте Жiгiтек те осындай, шоқтай боп, жорық-жортуыл, соғыс-қақтығысқа бет түзеп алыпты.
Сонымен күн найза бойы көтерiле бергенде, Жiгiтек қонысы – Сар-көл мен Бөкеншi қонысы – Шалқар арасы, Суық-бұлақ пен Қаршығалы арасы – қайнап сiрескен қолға толып алды. Аз уақыт iшiнде жасыл бел, кең жазық көк төскейдiң бәрi шылқымай майданға айналды.
Жасы алпыстың жуан iшiне кiрiп, жетпiске тақап қалған Сүгiр өзi де найза ұстап соғысқа шығыпты. Қарсыласқан ұрыста бiр кезекте мұның бет алдынан Жабай мен Бейсембi кеп қалып едi. Шал найзасын соларға қадап, үңiле шапты. Жабай қасындағыларына бұйрық берiп:
– Мына кәрi өлгелi жүр ғой, қанына қарайып .. Қол тигiзбеңдер! – деп қалды.
Бiрақ Сүгiр тақап кеп найза саларман болған соң Жабайларды қорғап, Жiгiтектiң бiр жiгiтi көлденеңдей түсiп едi. Сүгiр найзаны әлгi жiгiтке салып жiберiп, ұшырып түсiрдi де, iлгерi ұмтылды.
Бiрақ артына жалтақтап, "жаңағына өлтiрiп алып, құныкер боп қалам ба?" дегендей қауiп ойлап келе жатыр. Қарсы алдына Бейсембi кеп қапты, найзасын ендi соған оқтала бердi. Бейсембi төбелескен жоқ, тек найзаны қармап алмақ едi. Сүгiр соны аңғарғандай боп, өз найзасын бос қана соза берiп, Бейсембiге ұстата салып, кейiн жалт бердi. Бейсембi саспайтын. Есiнен ешуақытта айрылмайтын, тапжылмастың өзi екен. Сақ-сақ күлiп жiберiп:
– Көрдiң бе мынаның қылығын, көрдiң бе?! – деп найзаны шошайтып, Жабайға көрсетiп: – Ана жiгiт өлер болса, түпкi дауға барысқанда: "мен салғам жоқ, найзамды Бейсембi жұлып алған" дегелi, маған ұстатып кетiп барады! – дедi.
Бұл соғыстың бiр тұсы. Өзге тұстарында талай жан қан құшып жарадар боп, аттан құлап, мерт боп жатты.
Жiгiтек пен Бөкеншiнiң нелер ер, балуан жiгiттерi де кезiгiп, шайқасып алды. Әсiресе бүгiн қайратпен, ерлiкпен көзге түскендер: Жiгiтекте – Абылғазы, Бөкеншiде – Марқабай. Кеудесi бiр құшақ, балтыры бесiктей, жасы отызға жаңа iлiнген жалпақ бет, ала көз, қара Марқабай – шын алып қайратты. Өзi Тобықтыға белгiлi түйе балуан, әрi даңқты мешкей болатын.
Бүгiн қайта-қайта ат ауыстырып мiнiп, сол Марқабай талай Жiгiтектi аттан ұшырды. Өзi де сойылды көп жептi. Басы бiтеу жара болса да, оны елең қылған жоқ.
Бұл соғыс түске шейiн созылып, ендi одан ары да кете баратын едi. Жаралы болған, мертiккен кiсiлерiн екi жақ та жауға бермей, ауыл-аулына әкетiп жатқан. Ағайын қанға батысып жатыр. Осыны бiлген Айдос, қалың қол боп түске тақау майдан үстiне жеттi де, екi жаққа да тыйым салды. Әмiр етiп, ақыра сөйлеп, Айдос атынан Жақып шыққан.
– Тоқтамағаның тентексiң! Ендi тыйылмағаның – өзiңе қарсы бiздi жау етесiң! – деп, ерiксiз тоқтатты. Жауласқан екi жақ осыдан соң амалсыз басылып, өздi-өз елiне қарай қайта бердi.
Айдос тобы тап ортада тұрып ап, екi жақтың түгел тарап болғанын күтiп едi. Олар әбден арылып алған соң, қалың жиынымен Жiгiтекке бармай, Бөкеншiге тартты. Бұл Жiгiтектер үшiн жаман белгi болатын. Не екi жаққа бөлiнбей, не арада өзге бiр атаға тартпай, түгел Айдос боп Бөкеншiге бұрылғаны: "күйiндi сол, соның қасында болайын" дегенi ме? Жоқ: "жазықсыз сол, соған болыстым!! дегенi ме? Әйтеуiр көп Жiгiтектi күптi еттi. Айдос тобы Сүгiр аулына түсетiн болған соң, Бөкеншiнiң өз жасағы осы маңдағы Бөкеншiнiң өзге ауыл-аулына тарап түскен.
Соғыс, әлек, қан қырғын боп жүрсе де, сонымен қатар бұл елдер iшiнде әрқашан бiр гу-гу мақтан әңгiме де, күлкi, мысқыл, қылжақ та жүрушi едi. Бүгiн соның бiрiн Жiгiтек, Сүгiр туралы айтып, аңыз қып кетсе, екiншi бiрiн Марқабайдың бiр өрескел мiнезi туғызды. Ол өзiн қоршап, сүйсiне. Қошеметтеген бiр топ жiгiтпен Дәлекен iшiне кеп түскен. Сонда бiр ауылда мұның осы жаз бойы құмартып жүрген қызы – Құндыз бар-ды. Бiрақ қыз көңiлi де мұнда болғанмен, шешесi қатты аңду салып, алты ай жаз Марқабайды бiр маңайлатпай қойған.
Бүгiн Марқабай мына әбiгердi сол бiр тiлегiне сылтау етiп пайдаланбақ боп, көршi үйге жiгiттерiмен түстi де, қасындағы бiр-екi құрбысына: "сендер Құндыздың шешесiн ортаға алып, әңгiмеге бөгей берiңдер" деген. Келiп жайланып, қымызға қанып, күпiлдек әңгiмеге кiрiскенде, Құндыздың шешесi – қатқан қара кемпiр де осы үйге келiп едi. Жiгiттер оны әңгiмесiмен бөгеуге кiрiстi.
Марқабай дәл осы сөздiң қызу кезiнде сусып шығып, тура Құндыздың үйiне асыға кеп кiрдi. Есiк түрулi тұр. Үй ортасында, үлкен қазанда iрiмшiк қайнап жатыр. Құндыз жалғыз, кесте тiгiп отыр екен.
Қыз әңгiме айтқызайын деп, соғысты сұрай берiп едi, Марқабай оған жөндi жауап қатқан жоқ. Бастың бiтеу жарасын да ұмытты. Тек қызға жалынып, құшақтай алды. Анау сескенiп, атып тұрды. Марқабай Құндызды еркiне қоймай, құшақтай түрегелiп, тамағына жабысып, сүйiп, тұрып қалды. Қыз бұлқынып босанайын десе де жiбермей, қатты құшақтап тұр. Дәл осы кезде тақыс кемпiр, бұның анау үйден кетiсiне сенбей, атқып шығып, өз үйiне келген едi, қызын құшақтап, сүйiп тұрған Марқабайға:
– Уай, төбеңнен жортқыр! – деп, ақыра жүгiрдi. Марқабайда үн жоқ, қызды әлi құшақтап сүйiп тұр.
Кемпiр, қаны қайнап, тағы ақырып, қазанда тұрған ыстық шөмiштi жұлып алып кеп, Марқабайдың жалаң бас, бақырдай басына шүйде тұсынан перiп кеттi де:
– Ойбай! Көнiң адыра қалғырдың, көнi кеуiп қалған ба! – дедi.
Марқабай осы кезде ғана қызды құшағынан босатып жiберiп, қаша жөнелдi. Ол осы "шөмiш жеген" жайын жолдастарына өзi айтып берген. Сол күнi дүйiм елге, мынау лаң үстiнде, осындай бiр күлкi де тарап едi.
Бөкеншiге түскен Айдос тек түспептi, Жiгiтектi тентек деп айыптап, Бөкеншiнiң дегенiн iстетпекке түсiптi. Және бiр Абайдан басқа, түгел Ырғызбай, Торғай осында. Қазiрде Көтiбақ, Топай адамы да бұнда келген. Жиренше мен Базар кеше түнге дейiн Абаймен бiр едi. Таңертең, Жiгiтек жаулыққа шығып, Солтабайдың қатынын алып қашып алды деген соң, бұлар ара ағайынды елемеймiн деген екен. Бөкеншi ет ашумен, Оралбайдың тентектiгiне орай, бiр оғат iс iстептi. Бiрақ қайда кете қалушы едi? Сабыр қайда? Аз шыдаса, ара ағайын алдында жеңер ақылға мықты болмас па едi? Ендi өзi бүлдiрдi. Тiптi Оралбай мен Керiмбалаға құтылар жер қоймады. Олардың да сорын өздерi қайнатты. Ендi сол жесiр қайтпай тыным жоқ!" деп байласқан да, Бөкеншiге барған. Сөз осыған жеткен соң, Жиренше мен Базар Абайдан бөлiнiп, Майбасарға ерiп кеттi. Абай жапа-жалғыз болып, қапаланып, үйде отырып қалды.
Ол ел бүлiгi үшiн Керiмбала мен Оралбайдан ұялды. Қол-аяғын қалың елдiң лаңы, қатал жолдың зорлығы буғалы тұр. Бiрақ Абай ендi бiр iске тез қамданып, жол жүрмекке әзiрлендi.
Бөкеншiге орнаған Айдос, Жiгiтекке шапқыншы жiберiп, осы сөздi ұстайтын басты адамына, Сүгiр аулына тез келуге бұйырған екен.
Бұл хабарды алысымен Жабай, Бейсембi, Әбдiлдалар жиырмадан аса кiсi ертiп, атқа мiндi. Дәл жүрерде iс аңғарып жақтырмаған Бейсембi Абылғазы арқылы, Базаралыға хабар айтты:
– Іс райы жаман боп барады. Оралбай мен Керiмбаланы алып, басқа бiр далаға тая тұра ма, қайтедi дептi.
Базаралы бұны естiгенде қатты күйiп, намыстан өртенгендей болды.
– Беделсiз би, қайрымсыз қара бауырлар, өңшең. Сендерге сенем деп бөксе басты болармын ба? Сүгiр – бай, мен – кедеймiн. Оның сөзiн мың көк аласы сөйлейдi, кiсiнеп тұрып. Айдостың сатымсақ бiтiмшiлерiнiң жетегiнде, астында жүрiп сөйлейдi. Менiң, керек десе, қашып кетер, бұт артарым.да жоқ. Жiгiтектiң сөз қуған жемқорларына сойып берер малым да жоқ. Өзiм барам, сол тартысына! – деп, бiр бекiнiп едi.
Абылғазы бұл байлауын қабылдамай, тыйым салды. "Бүлiнiп отырған жұрттың арасына сен барсаң, жанжалды ұлғайтып аласың. Өшiгiп, өршеленiп кетедi" деген. Осыдан соң, Базаралы амалсыздан Оралбай мен Керiмбаланы өз қасына алып, Шыңғыстың елсiз тасына қарай тартты.
Күшiгiн арқалап жортқан жаралы арлан тағыдай боп долданып, ыза кернеп, жортып жөнелдi. Дәл жүрерде, көңiлiне бiр жұбаныш боп, Абайдан хабаршы кеп едi. Ол Әмiр мен Мырзағұл болатын. Екеуi қос-қосардан төрт жарау ат жетектеп кептi және сойысқа бiр тай әкелген екен.
– Осыны керегiне жаратсын. Ағайын ниетi бұзылды. Жерге кiргендей боп отырмын. Бiр ақылымды алар болса, Базекең бұл өлкенiң елiнен қайыр күтпесiн. Ертең Жiгiтек те қуғыншы боп, соңына түседi. Сонда жалғыздық көредi. Ендi не де болса екi жасты алып, қалаға, ұлыққа қарай беттесiн. Осыған көнiп, Семей баратын болса, тек маған лезде хабар етсiн. Мен өзiм де қалаға аттанамын, қазiр жүргелi әзiр отырмын. Сол жерде керегiне, көмегiне жараймын. Осыныма сенсiн де көнсiн. Тез жүрсiн. Болмаса, мынау ел iшiнде жапа-жалғыз қалып, әл-қуаттан айрылып отырмын, – дептi.
Базаралы Абайдың қиын күнде ат сауырын бергенiне. Қуанып тұрып, ырза болды. "Елiм безсе де, сен безбепсiң. Бүгiнгi Тобықтыда кiсi болса, ол сенсiң ғой, Абай. Қалаға түссем, керегiме жарайтының да рас. Бiрақ, қалаға елден безген, қуғын жеген боп не деп барам? Ондайды iстеген бұл өңiрдiң адамы да жоқ. Оның өзiн де бiр сұмдық деседi ғой артымнан. Одан да осы елдiң өрiсiне жетем. Елдiгi бар ма, жоқ па, бар сырына көзiм жеткiзем. Егер азғындыққа басса, жағаласып өлем. Жарғыласпай, қан төгiспей көнбеймiн. Бiрақ қалаға да бармаймын. Ендiгi жаным осы екi жастың жолында шықсын! – деген.
Сонымен Базаралы жас қашқындарды апарып, Шыңғыстағы Қараша-қойтасы деген қиын құздардың арасына жасырды да, оларға Абай жiберген қысырдың тайын сойып бердi. Өзi, белiне сапы асынып, тақымына шоқпар қыстырып, қолына емен қара найзаны ұстады. Жымда тосқан жолбарыстай боп, қой тасқа кiрер ауызда көлденең жортып, күзетiп жүрiп алды. Зор, балғын денесi бұл кезде қатайып, ширап алған, сондай шапшаң. Жүзiнiң қызыл нұры өшiптi де, долданғанда пайда болатын кескiн бiтiптi. Көгере сұрланып, суық томсарып, сазарып алған.
Сүгiр аулындағы жиын, Жiгiтек кiсiлерi барған соң бiр күн, бiр түн керiске түсiп, ақыры, Бейсембi, Жабайларды жасытып, жеңдi де, байлау жасады. Жiгiтектен айып кесiп, мал әперетiн болды. Жер есесi Бөкеншiден асып жүр деп, Қарауыл бойынан Сүгiр пайдасына үш қыстау айыпты тағы кестi. Оның үстiне Оралбайдан Керiмбаланы айырып, Қаракесекке жөнелтетiн болды. Жiгiтек оларға пана болудан бас тартты. Осы байлаумен қашқындарды iздеп таппаққа жендеттер шауып едi.
Бұлардың алғашқы бiр тобы, он жiгiт боп кеп, Базаралыға килiктi. Базаралы жалғыз тұрып, олармен қатты шайқасты. Өлiмге бекiнгенi айқын едi. Бiр ет асым жалғыз алысқанда он жiгiттiң бесеуiн найзалап, қалған бесеуiн жаралы, ызалы жолбарыстан қашқан қорқақ иттей қып, қуып, айдап тастады.
Бiрақ осы бесеуi Шыңғыстың бар биiгiнде андыздап жүрген көп Бөкеншi мен Айдосты тағы әкеп қаптатты. Екiншi кезек, отыз кiсi боп кеп жабылды да, Базаралыны тықсырып Қараша-тасынан шеттетiп әкеттi. Жеңiп, жығып қолға түсiре алған жоқ. Өлермен ердiң бүгiнгi ажарынан маңайласқан Тобықты жiгiтiнiң бәрi сескендi.
Осы кезде қалған көп аттылар Оралбай мен Керiмбаланы тауып алған едi. Жiгiттi арпалысқанына қарамай байлап тастап, қызды ат алдына өңгерiп алысты. Дәл айрылар кезде, байлаулы Оралбай айғай салып:
– Керiмбала сәулем, қайта iздеп барып тағы алып қашпасам, әкем Қауменнен тумай кетейiн! – деп қалды.
Керiмбала да өр ашумен қызарып жанып:
– Жетер болсаң, жолыңа жаным құрбан! – деп кеттi. Зорлық дегенiн еттi.
Осы күн кешке Базаралы шауып отырып, Бөжей аулына кеп, қораның ортасында тұрып, өлi әруақ, көремiсiң мына қорлықты? Қарға! Сiле, мына елдiктен кеткен өздерiңдi!" деп қарғыс атап, азан салып едi. Ауылда отырған Бейсембi, Жабай, Әбдiлда ұмтылысып кеп, ортаға алды, Базаралы Бөкеншiге шауып, "қан төгiсiп өлiсем!" деп тұр екен. Аналар: "мынау пәле шығарады" деп кеп, шылбырына орала кеттi. Екi жағынан жалынып оралған Бейсембi мен Әбдiлда болатын. Долылық буған Базаралы екеуiне де:
– Жанын жалдаған екi қор. Елдiң сорына шықтың ғой! Әлi талай сұмдықты етерсiң екеуiң. Кет жолымнан! – деп, бастарынан қамшымен тартып-тартып жiбердi. Бейсембi мен Әбдiлда сонда да шылбыр-тiзгiнге оралып, қатып қалды. Жабай осы ауылдағы бар жiгiттi жауып жiберiп, Базаралыны аттан түсiрiп, ерiксiз үйге кiргiзiп, тапжылтпай басып отырып алды. Қаруларын да ұрлатып, тыққызып қойды. Түн бойы, жиырма-отыз Жiгiтек Базаралыны осылай қамап, тұтқын еттi.
Бөкеншiге Керiмбала келiсiмен, бағана Оралбай екеуi айтысқан сертi естiлдi. Бұрын да байлау бекiген екен. Сүгiр: "аулыма бұл шiрiген жұмыртқаны сақтап отырмаймын!" деген болатын. Оның үстiне Базаралы мен Оралбайдың тоқтамасын көрген және Керiмбаланың да райдан қайтпасын сезген Бөкеншi, осы кештiң өзiнде, қасына бес жiгiт ертiп, Керiмбаланы Қаракесекке жөнелттi. Мұның алдында Сүгiр құдасына хабар салған едi. Ендi, "үй жасауын бөлек кеп алсын, әзiр мына бұзылған жесiрiн, көзi тiрiде, қолына табыс етемiн. Өзi ие болсын, тыншымас болса, өлтiрсiн мейлi, жоқтарым жоқ. Құдай алдында қарызсыз, құнсыз" деп жөнелттi.
Олжай лаңы осымен бiттi.
Арада екi күн өтiсiмен байлаудан босаған Оралбай, тақат, тыным алмай, құштарының артынан шауып, Қаракесекке келдi. Неге келгенiн, несiне сенгенiн өзi де бiлмейдi. Тек, шер жүректiң қанды жарасын арқалап бiр келгенi. Өз жөнiн жасырған болатын.
Бiрақ Керiмбала жүдеп, жасып қалған екен. Айнала анталаған қайын, абысын көзi де бар. Қайғылы, қара қабақ жiгiт отыр. Қос қанаты қайырылған, сары аурудан тұрғандай, салбырап, жүдеген Керiмбала бар. Екеуi де үнсiз, бейшара бопты.
Отау үйдiң отының басында бiр ұзын бойлы, кең жауырынды қара жiгiт, кеш бойы пышақ қайрап отыр. Бiр кезекте күңк етiп, Керiмбалаға тiл қатты.
– Бүгiн, не сен өлесiң, не жiгiтiң өледi. Райдан қайтпаған болсаң, байлауым сол-ақ! – дедi.
Ол жiгiт Керiмбаланың қайнағасы екен. Дәл ет пiскен кезде жас келiн еттi түсiрiп, жасап болды да, табақтан тiлдi алып, бiр шетiнен ұстап тұрып, Оралбайға қарап:
– Өрiс таусылды, Оралбай. Ақсақ кемпiрдiң соңғы сәлемi осы болсын. Мына тiлдi келiп менiң аузымнан алып же де, сонымен тоқтай бiл, тыйыл, жарқыным! – дедi.
Сөйттi де тiлдiң бiр ұшын аузына алып, Оралбайға қарады.
Жiгiт те жасқанған жоқ, атып тұрып барды да, Керiмбаланы соңғы рет құшып, соңғы рет сүйiп тұрып, тiлдiң жартысын тiсiмен үзiп алды, өлердей жалынман өксiп, күрсiнiп тұрып, кейiн қайтты. Осы түн қонбастан, атына мiнiп, жүрiп кеттi. Содан қайда кеткенi белгiсiз, қан жаралы жас жiгiт жоқ боп кеттi.
Бiрталай күн өткен едi. Сол Оралбайдың өлi-тiрiсi мәлiмсiз боп, құстамен кеткенiне қамығып отырып Абай өз отауындағы Ербол, Әмiр, Әйгерiм үшеуiне бiр сөз қатты. Есiне алған Бiржан екен.
– Есiл Бiржан, қадiрiң қандай едi! Елiмнiң асыл күшiн арқалап жүр екенсiң ғой! Сенiң әнiңнiң лебi ғой осы жастарды осылай тартқан. Өнер болса, осылай боп, толқынсыз апан суға кесек тас түскендай, ұйқы-тұйқы етсiн де. Өмiр соны тiлейдi ғой. Осылай, құйындай соғар күштер болмаса, шiрiп бүксiп күндер өтедi ғой, – дедi.
Ербол Оралбайды әлi аяушы едi.
– Бiрақ соққыны дәмелi жасың, қыршын жасың көрiп қалды ғой. Қанаты қайрылды ғой! – дедi.
Абай ойы басқа екен.
– Бұл сахарадағы қу өмiрге осылай тiзе көрсетер соққы болсын. Ер қайғысын бара-бара сол емдер! – деп, бiраз отырып, үлкен бiр ой түйдi. – "Арыстан айға шауып мерт болғанмен, артында жортқан баласы арыстандық етпей қоймас. Ақ сұңқар ауға шырмалғанмен, ұясынан ұшқан балапаны сұңқарлық етпей қоймас!"– деген қазақ неткен дана. Тобықтының зорлығы мен қараңғылығы Оралбайды жеңгенiмен, өмiрдi, тауарықты жеңе алмас, бұра алмас... Бұра алмас! – дедi.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет