Ақын өзіне дейінгі ауызша әдеби тіл поэтизмдерінің көбін орынды пайдаланады. Мысалы, оның тіліндегі алаш (қауым), айдын (жасқану), азырқану (қомсыну, азсыну), ағын (екпін, қарқын), арай (қызыл арай - таң), арзу (тілек, арман), әз (құрметті), дидар (жүз), алқау (қолдау) сияқты сөздер семантикасында көтеріңкі реңк бар дәстүрлі поэтизмдер. Жалпы поэтикасында образдау жасауда бұрынғы дәстүрдің кейбір үлгілерін пайдалана отырып, ол образдардың беретін әсерін күшейте түсті. Ақын да образдардың көбін қазақ халқының сан ғасырлық күнкөріс тіршілігінің негізі - малға байланыстырып жасайды. Адал еңбексіз күнкөрісті жөн көретін замандастарының жағымсыз портретін: «Үш күн қолың босаса, Бола қалдың бас асау» немесе «Ұрлықпенен қулыққа Байлағанда кестің бау» деп жылқыға байланысты береді. Болыстың «Күштілерім сөз айтса, Бас изеймін шыбындап» деуі, «Тың тұяқ көзім сүйтсе де» дегені, «Алқыны күшті асау ноқтаға басы керілді» деуі мал өсіру тіршілігінен алынған, көпшілігі тіпті қазақ әдеби тіліне тән дәстүрлі образдар. «Көңілдің жайлауынан ел кеткен бе», «Лай суға май бітпес қой еткенге», «Өмір жолы - тар соқпақ, бір иген жақ» деген образдау қазақтан езге, айталық, Европа халықтарына жат болар. Абай поэтикасында экспрессияның құралы ретінде фразеологизмдерді, оның ішінде ез қаламынан туған жаңаларын жұмсауды күшейтті. Ақын жас адамның (Әбдірахманның) өнер-білімге ұмтылғанын құр талаптанды, ұмтылды деп білдірсе, бұл сезердің поэтикасында бояуы «талаптың мініп тұлпарын» дегенмен мүлде шендесе алмас еді. Алғашқы вариантта тек баяндау бар, образ жоқ, екіншіде поэтикасында образ бар. Сол сияқты қуатты, қажырлы, күшті деген сездір мен «қуаты оттай бұрқырап» деген тіркестің бейнелілік күші, бояуы бірдей емес. Поэтикасында жүк арқалауда кез келген тіркес образ жасау міндетін көтере бермейді. Мысалы, ерім сүру, ерім кешу дегендер де қалыпты тіркестер, бірақ осылар Абайдың ерім тонын кию, өмірдің өріне шығу деген тіркестерінің эмоциялық әсеріне, образдылығына теңесе алмайды. Сондықтан Абайдың фразеологизмдердің образдылығын дамытқанда, бұрынғы дайындарын өлең тіліне енгізе салу емес, жаңаларын жасау, бұрынғыларының мағынасын құбылту сияқты қызмет істеді.
Қазақ әдеби тілі образды фразеологияға бұрыннан да ете бай болатын. Ғасырлар бойы белгілі бір образды ұғымда қалыптасып, бірден-бір мықты құралы болып келді. Мұны Абай да берік ұстайды. Аузымен орақ ору, құлын-тайдай тебісу, алты бақан ала ауыз болу, малына шылбыр беру, басқа шауып, төске өрлеу, қарағайды талға жалғау, су төккісіз жорға тәрізді өте образды фразеологизмдерді Абай да еркін пайдаланады. Мұндай дағдылы тіркестерді өзге сөздермен және қосақтап, олардың экспрессивтік бояуын тіпті қалыңдатып жібереді. Мысалы, іспен емес, құрғақ сөзбен көрінетін мылжың, берекесіздің образын беруде аузымен орақ орған деген фразаның езі өте әсерлі, күшті, осыны Абай «аузымен орақ орған өңкей қыртың» деп үстемелеп, экспрессивтік еңін одан әрі аша түседі. Абай мұндай күллі фразаны өзгертіп, сөз қосып, сөз алып күшейте бермейді, басым көпшілігін өзгертпей, ез мағынасында қолданады. Жаңа перифраздық тіркестер жасап, оларды тың образдарға пайдалануды Абай жүйеге айналдырды (қ. «Фразеология»), Тың образды тіркестер ұсыну - Абай поэтикасының аса көрнекті, ерекше тұсы. Әсіресе семантикасы жағынан бір-бірімен жанаспайтын сөздерді тіркестіріп, оларды поэтизмге айналдыруда Абай қазақ көркем тіліне үлкен жол ашты. Мысалы, «Күйлі, күйсіз бәйгеге Қажыды көңілім көп шауып» деген жолдарда көңілдің бәйгеге шабуы дегеннің өзі мүлде тың образ, оны тың етіп тұрған - көңіл деген дерексіз ұғымның бәйгеге шабу деген нақты қимыл атауымен тіркесуі, ал сол көңілдің бәйгеге бірде күйлі, бірде күйсіз түсуі - тағы да образды метафора. Жаңа образ жасайтын немесе айтпақ идеяны күшейтетін тіркестер құрастыру үшін бір сезді қазық етіп алу тәсілін Абай ұсынды. Бұл Абайға дейінгі бірде-бір ақын-жырау тілінде ұшыраспаған құбылыс. Мысалы, Абай сату етістігін қазық етіп, бұрыннан бар сақалын сату, арын сату дегендердің үстіне қулық сату, еңбек сату, күлкі сату, құлағын сату, жүзін сату, өз басын сату, жүрегін ұстап сату, сөз сату деген жаңаларын қосады. Бұлардың көпшілігі өс өрлі, әсіресе жағымсыз образ жасайтын тіркестер. Сол сияқты күйлеу (мақтан күйлеу, әуейілік күйлеу, күлкі күйлеу, ойнас күйлеу), сауу (қулық сауу, адам сауу, еңбек сауу), бағу (күлкі бағу, ғылым бағу, ел бағу), табу (ақыл табу, ақылды болу деген жаңа мағынада, енер табу, ғылым табу) сөздерін қазық етіп жасаған жаңа фразеологизмдер төк сонылығымен ғана емес, тың образдылығымен құнды. Абай мұндай жаңа тіркестердің семантика. ұйтқысы етіп сөздерді де алады. Мысалы, жеке алғанда сирек көздесетін мақтан сөзін 56 рет қолданып мақтанға салыну, мақтанға орналастыру, мақтан күйлеу, мақтан іздеу, мақтан қуу сияқты тіркестердің мағыналық тірегі етіп алады.
Абай поэтикасында елеулі орын алатын құбылыстың бірі-динамизм көрінісі, яғни белгілі бір стильдік мақсатпен образды етістіктерді жеке де, шоғырлап та жиі қолдану. Бұл динамизм кебінсе көсемшенің -п жұрнақты түрімен және етістіктің -мақ жұрнақты тұлғасымен беріледі. Оның үстіне бір өлеңнің тұтас бойына немесе оның үлкен бір бөлігінде етістік сөздер ұйқас құрап, шоғырымен қатысады. Мысалы, «Қатайды, қайғы ойладық, үйке сергек»деп басталатын өлеңінің 12 шумағының 10-ы Умақ, -мек жұрнақты етістік ұйқастармен берілген. Көптеген өлеңдерінде -п жұрнақты көсемше тұлғасы тұтас ұйқас құрап, бірде қимылдың санын, бірде іс-әрекеттің өзін білдіріп, өлеңдерді нағыз «қимылға» толтырған. Айталық, «Жазды күн шілде болғанда» деген өлеңінде жаз суретін осы кезеңдегі табиғаттың, жан-жануарлардың, адамдардың іс-әрекеттерін, қимыл-қозғалыстарын бейнелеу арқылы береді. Ақын поэтикасында құрал ретінде кейбір морфолог. тұлғаларды да қолдануға жол ашқан. Бұған жағымсыз образ жасауда -сы жұрнағымен келген сөздерді (жер тәңірісу, қалжың бассу) қолдануы, -мақ жұрнақты етістіктерді өлең тіліне жиі қатыстыруы дәлел бола алады. Алдыңғы тұлға көбінесе көлгірсу реңкі бар модальдық құрал ретінде жұмсалса, соңғы -мақ жұрнақты сөздер өлеңге динамик. сипат беру мақсатымен немесе дерексіз ұғым атауларын молынан сөз ететін өлеңдерінің философия мазмұнын таныту мақсатымен жұмсалған. Сұраулық шылауымен келгенсейлемдерді қолдануда Абайда жай сұрай салу мақсатында емес, белгілі бір стильдік мақсатта поэтикасында жүк арқалай қолданылған. Мысалы,
«Сұм дүние тонап жатыр, ісің бар ма?
Баяғы күш, баяғы түсің бар ма?
Алды - үміт, арты - өкініш, алдамшы өмір
Желігін жерге тықпас кісің бар ма?»
«Балалық елді, білдің бө?
Жігіттікке көлдің бө?
Жігіттік өтті, көрдің бе?»
сияқты жолдардағы сұраулық шылауымен келген сөздер алдыңғы айтылған идеяны (сұм дүние тонап жатыр... балалық елді) күшейте түсіп, өзіне назар аудартады, яғни бұлар шындықтың баяндалуы ғана емес, сол шындық арқылы өмірі баянсыз, мақсатсыз, күйбеңмен өткен адамысың, әлде керісінше ме деген идеяны білдіреді. Абай поэзиясында кейбір нақтылы ұғым атауларын поэтизмге айналдыру кезге түсуді. Мысалы, ақын өлеңдерінде бейтарап мағыналы жүрек, сөз деген сөздер әрі өте жиі қолданылып (жүрек - 156 рет, сөз - 376 рет), әрі өздөрінің тура мағынасынан гөрі ауыспалы мағынада (жүрек - «адамның өзі, ішкі дүниесі, қасиеті», сез-«поэзия, ой-пікір») келген. Абайда объектіні әр тұрғыдан сипаттау басым, сондықтан ол теңеудің дәстүрлісін де, өзі қолданған жаңаларын да пайдаланды. Абай поэзиясы теңеулердің молдығымен ғана әсерлі емес, соны түрлерімен де құнды. Ақын теңеулері оның дүние танымының, философия тұжырымдарының айнасы, сол айнаны тіл құралымен керсуде теңеулерді пайдаланған және бұл қолданыстың бір ерекшелігі -теңеудің әдеттегі тілдік амалы -дай жұрнақты тұлғаны немесе секілді (сияқты, тәрізді) сездірін коп қолданбауы, ол теңеуді көбінесе тұжырым, констатация арқылы беретіндігі. Мысалы, «Теңгеріліп құбылған жұрт - бір сағым», Жүрек - теңіз, қызықтың бәрі- асыл тас», «Өткір тіл - бір ұялшақ қыз болмай ма?» т. б.
Абай өзіне дейінгі сан ғасыр «эстетикалық таңбалардың» шоғырын жинап келген қазақ поэзиясы мектебінің барша көркемдеуі бейнелеуіш құрал-тәсілдерін дұрыс танып, жақсы қабылдап қана қоймай, оның көп тетігін қайта бұрап, көп кетігін жаңадан қалады, яғни поэтикасында құралдарды пайдалану принциптеріне, әдіс тәсілдеріне өзгерістер енгізді, кейбіреулерін жүйеге айналдырды, жаңаларын қосты, барларының аясын кеңейтті. Абай поэтикасы қазақ өлеңінің бұрынғы көркемдік дүниесінің синтезі ғана емес, жаңа кезеңінің, классик. жазба түрінің бастамасы, кейінге жол салған үлгісі болды
Абай тілі
Қай халықтың әдебиетін, тарихын алсақ та, әр халықтың өмірі мен әлеуметтік-тарихи жағдайларымен әдебиетінің тығыз байланысты дамитындығын көреміз. Қай елдің әдебиеті болсын, негізінде өрлеу бағытында дамиды. Бірақ әрдайым олай бола бермеуі де мүмкін. Кейде шарықтап өсетін де, кейде идеялық-көркемдік сапасы төмендеп кететін де кездері болмақ. Әйтсе де, әдебиеттік процеске тән бір жайт - соңғы әдебиеттің, оның өкілдерінің өзінен бұрынғы нұсқалармен, тіпті ауыз әдебиетімен жалғасты, байланысты дамығандығы байқалады. Белгілі бір тарихи дәуір, не кезеңдерде тарих сахнасына ірі талант, үлкен тұлғалар шығады да, айналасындағы әр алуан өмір құбылыстарын дұрыс түсініп, өз кезінің қойған талап, тілектеріне сәйкес туындылар береді. Олар өзінен бұрынғы мұралардың жатымды, керекті деген нәрлерін алады да, кемшіліктерін қайталамай, өз халқын алға сүйреу туы астында жұмыстар істеп, оның рухани азығы әдебиет пен искусствосын дамытуға, ілгерілетуге күш салады.
Бұл жағдайларды біздің қазақ әдебиеті тарихының даму жолдарына жанастырсақ, ХІХ ғасырдың екінші жарымындағы әдебиетіміздің барлық жетістік жақтары Абай атымен байланысты. Өзіне дейінгі қазақ әдебиетін де, шығыс пен орыс әдебиетін де терең түсініп, олардан өзінің творчестволық өсу жолдарына керектілерін ала білулері және оларды творчестволық жолдармен іске асырулары арқылы ол өз кезіндегі қазақ әдебиетін биік белеңге шығарды.
Егер әрбір өскен әдебиетке қойылатын шарттар дәуір кезеңінің талап-тілектерін өз шығармаларында қамту, оны іске асыруға белсене ат салысу, халықтық, прогрессивтік идеяны қолдау, әдебиеттің көркемдік, шеберлік жақтарын дамыту, сонымен бірге әрбір ұлт әдебиетінің ержетуі, марқаю жолдары өзінің ұлттық сипатын сақтай отырып, прогрессивті бүкіл адам баласы идеясына үн қосу десек, ХІХ ғасыр екінші жарымындағы әдебиетіміздің бұл бағытта үлкен адым жасауы да ең алдымен ұлы Абайдың үлесіне тиді.
Абайдың өзіне дейінгі әдебиет өкілдерінен өзгешелігі - ол тек қазақ қана емес, шығыс, орыс, европа мәдениетімен, әдебиетімен танысып, Сократ, Аристотель, француз ағартушылары, орыстың революцияшыл ұлы демократтарының еңбектерін жақсы біліп, дүниежүзі әдебиетінің ең жақсы үлгілерін оқып қана қойған жоқ, олардың идеялық-көркемдік жақтарын үйреніп, қазақшаға аударып, оны халық мүлкі етті. Осылардың негізінде ол әдебиетіміздегі классигі, ірі ойшыл ақындардың қатарына қосылды.
Егер біз Абайға осы тұрғыдан келсек, ол - әзірбайжанның ұлы драматург, әлеумет қайраткері, М.Ф.Ахундовтан кейінгі, тек қазақ қана емес, ХІХ ғасырдың екінші жарымындағы бүкіл Орта Азия халықтары болып мақтанарлық адам. Әрі өзінің зор таланты, әрі оқымысты-мәдениеттілігі арқасында ол - қазақ поэзиясын мазмұны жағынан тереңдетуші, түрі жағынан жаңартушы новатор. Ол қазақтың буынға негізделген өлең құрылысын ырғағы, ұйқасы, шумағы жағынан жаңартып байытты. Көп елдің әдебиетін, көптеген ірі таланттардан Абайдың өнеге алғаны, олардан творчестволық үйренгені байқалады. Бірақ ол солардың ешқайсысының көлеңкесінде қалып қоймай, өз әдебиетінің ұлттық тіліне сай өлең ерекшеліктерін сақтап, поэзиямызға қандай жаңалық енгізсе де, кімнен үйреніп, кімнен үлгі алса да қазақ өлең құрылысының өз ерекшелігін танытты. Олар бұрын жоқ, Абайдан кейін ғана дүниеге келген жаңа түр болса да, негізі силлабикалық өлең құрылысы екендігін айтпай-ақ ұғынуға болады. Абайдың Абайлығы да осында.
Қазақ поэзиясына енгізген Абайдың жаңалықтарын біреулер 16, енді біреулер 19 деп жүр. Олардың қайсысы дұрыс, қайсысы теріс, ол өз алдына. Олар - әлі де зерттей түсуді қажет ететін мәселе. Бірақ бір шындық сол - Абайдың жаңа өлеңдері арқылы әдебиетіміздің баюы, барлық өлең түрлерінің де поэзиямыздан мығым орын теуіп, кейінгілерге үлгі саналуы, өзінен кейінгі ақындардың ол үлгілерді өздеріне өнеге етуі, соның нәтижесінде әдебиетімізде жаңа әдеби мектептің негізі қалануы.
Тіл жөнінде ақынның еңбегі үлкен. Сөз мағынасын байыту, синтаксистік құрылысы мен морфологиялық жақтарын кеңейтіп, тілдің көркемдік жақтарын өрістету, т.б. Әйтсе де өте бір айрықша еңбегі ғасырлар бойы үстемдік етіп келген қазақтың поэтик тілдеріндегі идиома ерекшеліктерін сақтамай, басқа тілге аударуға жеңілдетіп, оны интернационалдық биікке көтеруі деуге болады. Мәдениетті елдердің тілінде қолданылатын философиялық, ғылымдық, абстракталық ұғымдарға қазақтың өз тілінен баламалар тауып, қандай терең ойларды болсын, дәл айтып беруге қазақ тілінің мүмкіншілігі барлығын өз творчествосымен дәлелдеп берді. Бұл - Абай новаторлықтарының ең мықты жағы.
Сонымен қатар Абайдың тағы бір ерекшелігі - өз халқын дүниежүзі мәдениетінің жақсы үлгілерімен, философиялық терең ойларымен таныстыру. Сократтың диалогі, Платонның ой-пікірлері, Аристотель, кейбір француз, ағылшын философтары және Дивани, Фирдоуси, Навои, Низами тәрізді шығыс ойшылдарының өмірге көзқарастарымен қазақ оқырмандары бірінші рет Абай шығармалары арқылы танысты. Сөйтіп оның таланттылығы, үлкен мәдениеттілігі, өз халқының болашағын дұрыс түсінуі, әрі ұлттық, әрі халықтық, әрі жалпы адам баласылық идеяны үндеуі оны ұлы ақын дәрежесіне жеткізіп, идеясы жоғары, көркемдігі үздік мұра қалдырып, әдебиетіміздің негізін салу биігіне көтерді.
Қазақтың ұлы ақыны Абайдың зор еңбегінің бірі - жастарды, әсіресе болашақ ел өмірімен байланысты ақын-жазушыларды тәрбиелеу. Орыс, шығыс, батыс елдерінің мәдениетіне сүңгіп, түбінен керекті маржанын теріп ала білген ақын және елін өнер-білімге үндеп, жастарды оқуға сүйреді. Балаларын орысша мектептерде оқытып, олардың жоғары дәрежелі білімі бар адам болуларын талап етті. Адамгершілік, жақсы мінез-құлыққа тәрбиеледі. Ақындарына өзі тақырып беріп, әр халықтың өмірінен поэмалар жаздырып, өзі олардың сыншысы болды. Мағауияға «Медғат-Қасым», Ақылбайға «Қисса Жүсіп», тағы басқаларға осылар тәрізді өлең-жырлар жаздырды. Өзі Пушкин, Лермонтов, Крыловтардан өлең аударып, жас ақындарға солардың өлеңдерін үлгі етті.
Абайдан кейінгі қазақ ақындарының көпшілігі қазақтың өз әдебиетінің шеңберінде қалып қоймай, орыс, шығыс, батыс әдебиеттеріне еліктеулерінің негізгі бір себебі - Абайдың әсері, Абайдың үлгісі болатын.
Қазақ халқының жаңа әдебиетінің, әдеби тілінің негізін салушы, қазақтың өлең құрылысын бұрынғы қалпынан өзгертіп, әлденеше жаңа түр кіргізуші, өзінің даңқты ұлы еңбектерімен қазақ халқын басқа елдердің мәдениетімен қоян-қолтықтастыруға басшылық еткен, елін мәдениет, білім, өнерге шақырып, сол жолда бойындағы бар асылын аямай жұмсай біліп, кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге қалдырған қазақтың ұлы ақыны Абай 1904 жылы 23 июньде қайтыс болды.
Абай - әдебиетіміз тарихында ең көп зерттелген ақын. Оның өмірі мен творчествосы туралы бірнеше кандидаттық, докторлық диссертациялар қорғалды. Маңызды монографиялық еңбектер дүниеге келді. Ол жөнінде жазылған мақала-еңбектердің саны үш мыңнан астам болуының өзі-ақ ақын шығармаларының қалай зерттелуін аңғартады. Абай творчествосы тақырыбы, өмірге көзқарасы, оқырмандар жұртшылығының алдына қойған мәселелері сан алуан. Тек әдебиетші, тілшілер ғана емес, тарихшы, педагог, психолог, философ, искусство мамандары үшін де оның еңбектерінде ғылыми зерттеулерге қазық та, азық та болатын жақтары аз емес. Кейбір талапты жастар Абайдың этикалық, эстетикалық көзқарастарын тақырып етіп еңбектер жазып, Москва, Алматы ғылым кеңестерінде диссертациялар қорғап, кандидаттық дәрежелерге де ие болды. Ақынның ұрпақтарына қалдырып кеткен асыл мұраларындағы ой-пікірлерінің қаншама тереңдігін осы фактілердің өзі-ақ дәлелдейтін тәрізді.
Абай - ең алдымен үлкен реалист. Ол өз дәуірінің барлық жағын туындыларында айқын суреттей білді. Кезінде өз дәуіріне тән тарихи-әлеуметтік, таптық келелі мәселелерді көре білумен қатар, кейбір детальдарға дейін байқап, оларды өз шығармаларында сәулелендіре білді. Сөйтіп ақын творчествосы өз заманының айнасы болды.
Абай өмір сүрген ХІХ ғасырдың екінші жарымы қазақ өмірінде қайшылықтары мол, қиын кезеңдер еді. Ескі феодалдық құрылыстың іргесі сөгіле бастауы, қазақ даласына сауда капитализм элементтерінің қанат жаюы, Қазақстанның Россияға қосылуының нәтижесінде екі халықтың шаруашылық және мәдениеті жақтарынан қоян-қолтық келуі, патша өкіметі чиновниктерінің қазақтың өз ортасынан шыққан бай-феодалдармен ауыз жаласып, қара халықты қосыла қанауы, сонымен қатар, сол кезде ішкі Россияда болған революцияшыл-демократтық қозғалыстардың қазақ интеллигенциясына тигізген демократтық-ағартушылық әсерлері сияқты толып жатқан жаңалықтар көп болатын.
Абай осы тәрізді қайшылығы зор кезеңде өмір сүріп, тарихтың ауыр жүгін арқалауға мәжбүр болса да, кемеңгер ақын заман ағымын дұрыс түсініп, сол қос қыртыс жағдайларда өз халқының келешегі үшін қажетті жағдайларды дұрыс ұғынды. Ақын ғасырлар бойы созылған феодалдық құрылысқа да, өз ісіне де сын көзімен қарап, өз халқының ілгерілеуіне бөгет болып отырған не деген сұрақ қойды да, өз туындыларында осыларға жауап беруге тырысты. Ең алдымен ол феодалдық құрылыстағы ру тартысы, қараңғылық, пәлеқорлық, ала ауыздық, жалқаулық, т.б. осылар сықылды жағымсыз жайттарды көре білді. Қазақ халқының ілгері дамуы, басқа елдің қатарына жетуі үшін тұсау болып отырған бір алуан жайттар осылар екендігін аңғарды да, ондай іс-әрекеттерге барынша қарсы шықты, қаламы арқылы майдан ашып, өлтіре мысқылдап, әр алуан зұлымдықтарды түп-тамырымен жоюды көздеді.
Ойланып, ойға кеттім жүз жылғы өткен,
Тон қабаттап кигенім шидем шекпен.
Жейде, дамбал ақсаңнан, жарғақ шалбар,
Жырым балақ матамен әдіптеткен..», -
деп, сол кездегі өмірдің жұпыны түрін суреттейді. Сөйтіп, бұл қалыпта қала беруге енді болмайды, мәдениетке қарай аяқ басу керек деген қорытынды шығарады:
Сабырсыз, арсыз, еріншек,
Көрсеқызар жалмауыз,
Сорлы қазақ сол үшін,
Алтыбақан ала ауыз.
Өзін-өзі күндейді,
Жақынын жалған мінейді!.. -
деп, ел бойындағы, әсіресе үстем тап адамдарындағы ұсақ, пәлеқор мінездерді әшкереледі.
Бір-ақ ырғып шығам деп,
Бір-ақ секіріп түсем деп,
Мертігеді, жатады,
Ұрлықпен мал табам деп,
Ерегессе ауыл шабам деп,
Сөйтіп құдай атады.
Күншілдік, шамасын білмес мақтаншақтық, өтірік, өсек, кербездік, жалқаулық сол кездегі ауыл өміріндегі әдеттер еді. Әсіресе ұлыққа арқа сүйеген пәлеқор пысықтардың сұрқиялығы шектен асқан-ды.
Сондықтан Абай:
Қызмет қылып мал таппай,
Ғылым оқып ой таппай,
Құр үйінде жатады
Ел қыдырып ас ішіп,
Еркек арын сатады.
Бала-шаға, ұрғашы,
Үйде жүдеп қатады.
Еңбегі жоқ еркесіп,
Бір шолақпен серкесіп,
Пысық деген ат шықты.
Бір сөз үшін жау болып,
Бір күн үшін дос болып,
Жүз құбылған салт шықты.
«Пысық кім?» - деп сұрасаң,
Қалаға шапса демалмай,
Өтірік арыз көп берсе,
Көргендерден ұялмай.
Сыбырдан басқа сыры жоқ,
Шаруаға қыры жоқ.
Өтірік пен өсекке,
Ағып тұрса бейне су,
Ат-шапаннан кем көрмес,
Біреу атын қойса «қу»... -
деп, елді үйіріп жеген бүлдіргіш пысықтарды, ала ауыз еңбексіздерді, жалақорларды жеріне жеткізе мысқыл-кекесінмен сынады. Абайдың басқа өлеңдерін былай қойғанда, осы өлеңінің өзі-ақ жалқаулықты, қорқақтықты, мәдениетке ұмтылмаушылықты, алауыздықты, өтірік-өсекке жаны құмар пәлеқорлықты жексұрын етіп көрсетеді. Мұндай елбұзарлардан аулақ болу керек деп, «ызалы сөз, өткір тілін» соларға қарсы жұмсайды,
Бұл сықылды жағымсыз әрекеттер сол кезде бар ма еді? Шындық па еді? Әрине, бар еді. Ел мүддесі емес, өз мүддесін ойлаған талай қу, талай сұмдар қазақ арасында ол кезде аз болған жоқ. Ру араздығын қоздырып, не біреуді біреуге айдап салып, арасына сөз айтып, пайда тауып, араздықты пайдаланған ұлықтар, «домалақ арызбен» біреудің тағдырын саудаға салатын пәлеқорлар Абай кезінде тіпті көбейеді. Абай солардың бәріне де қарсы болды. Ел бірлігін аңсады. «Бір жерден сөз, бір жеңнен қол шығарып», елдің түгел мәдениетке жұмылуын тіледі, өтірік, өсек, пәлеқорлықтан аулақ болуды, мәдениетті елдердің қатарына жетуді, ауызбірлігі күшті, азат ел болуды арман етті. Ақын өзінің әлеумет өміріне арналған «Сегіз аяқ» атты өлеңінде жоғарғы әңгімелерді сөз қылады. Қазақ өмірімен байланысты мәселелердің әрқайсысына ерекше тоқтап, аталық сөздер айтады.
Малыңды жауға,
Басыңды дауға,
Қор қылма, қорға, татулас.
Өтірік, ұрлық,
Өкімет зорлық
Құрысын, көзің ашылмас.
Ұятың, арың оянсын,
Бұл сөзімді ойлансын! -
дейді. Ақын бұл өлеңінде өмір шындығының тек бетін ашып қана қоймай, алға қойған мақсатты орындау үшін не керек екендігін де ашып көрсетіп береді. Бұл - өз елінің малын жаудан, басын даудан қорғап, бір жерден сөз, бір жеңнен қол шығарып, алға апарамын деген адамгершілік еді. Абайдың даналығы - сол дәуірде өз ортасынан озат шығып, халықты мәдениеттендіру мәселелерін жыр етуінде.
Еңбек, ғылым, адамгершілік - бәрі де жер жүзіндегі данышпан ұлы адамдардың көңіл бөлген мәселелері болды. Міне, бұл мәселелер жөнінде Абай да қазақ даласынан осыларға үн қосып, ұран тастады. Еңбек туралы Абай көп жазды. Жастардың адам болуы үшін ең алдымен еңбек етуі керек. Ғылымға қолы жету де, әлеумет өміріне пайдалы жұмыс істеу де еңбекпен байланысты деген қорытынды шығарады. «Сегіз аяқ» өлеңінде:
Болмашы кекшіл,
Болсайшы көпшіл,
Жан аямай кәсіп қыл!
Орынсыз ыржың,
Болымсыз қылжың,
Бола ма дәулет, нәсіп бұл?
Еңбек етсең ерінбей,
Тояды қарның тіленбей, -
деп, адамның адамшылығы өз басында емес, көпті сүйген адал жүрегінде, еңбек етуде десе, екінші бір жерінде:
Ғылымды іздеп,
Дүниені көздеп,
Екі жаққа үңілдім... -
деп, жұртты өнер, ғылымға шақырады. Сөйтіп надандыққа қарсы - ғылымды, алауыздыққа қарсы - бірлікті, жалқаулыққа қарсы - еңбекті, пәлеқорлық пен жауыздыққа қарсы - адамгершілікті қояды да, алдыңғылары - елді аздыратын қылық, соңғылары халықтың көсегесін көгертетін игілікті іс деген қорытынды жасайды.
Абай өмір жолының ұзақтығын да, көздеген мақсатын орындап шығуға өз өмірінің аздық ететіндігін де ұғып, басынан базары өтпей, қолынан іс келетін жастық шағын өз халқының бір керегіне жаратып қалуға тырысты. Жауыздықтың бетін ашып, жақсылыққа жөн сілтеді. Толып жатқан кертартпа қара күштерге қарсы шығып, күрес ашты. Айналасын оятып, өзінің жолына түсірмекші болды. Бірақ ол кездегі ел тізгінін ұстаушылар ескі әдетінше қарысып, игілікке қарай аяғын баспады. Абайдың:
Жартасқа бардым,
Күнде айқай салдым,
Одан да шықты жаңғырық.
Есітіп үнін,
Білсем деп жөнін,
Көп іздедім қаңғырып.
Баяғы жартас, бір жартас,
Қаңқ етер, түкті байқамас, -
дейтіні осындай жағдаймен байланысты шыққан жалғыздықтың ащы үні болатын. Айналасының оны ұқпауы, ұғу былай тұрсын, оған бөгет болып, оңға деген ісін теріске айналдыруы, алға ұмтылған адымын етегінен басып кері жіберуі, міне, осының барлығы қазақ елін ілгері дамытуда қиындық келтірді. Бұл - ел тағдырын қолына алып, алдына зор мақсат қойған, елді түземекші болған ақынға аз соққы, жеңіл қайғы болған жоқ. Өйткені қазақ халқының мәдениетке ұмытылуына көмектеседі деп Абайдың көз тіккендерінің бәрі де «баяғы қулық, бір алдау, қысылған жерде жан жалдаудан» шыға алмады. Ақынға көмек берудің орнына, жаулық ойлады. Міне, сондықтан да Абай:
Атадан алтау,
Анадан төртеу,
Жалғыздық көрер жерім жоқ.
Ағайын бек көп
Айтамын ептеп,
Сөзімді ұғар елім жоқ.
Моласындай бақсының,
Жалғыз қалдым, тап шыным! -
деп, өзінің жалғыздығын білдіреді.
Бірақ Абайдың бұл сөзіне қарап, мүлде жалғыз қалған екен, оның сөзін ел ұқпаған екен деп түсіну - қате. Абайдың бұл айтқандары - түгелдей ел басқарушыларға, үстем тап адамдарына арналған сөз, жалпы көпшілік оны жақсы ұқты. Оның асыл сөздерін ауыздан-ауызға таратып, ұдайы жадында сақтады, жалпы халық оны қадірледі. Демек Абайдың сөзін елі ұқты да, бағалай да білді.
Абай жалғыз қалдым дей тұрса да, өмірден безіп, сарыуайымға салынбайды. Оның шығармаларын зерттей келгенде, жақсылықты болашақтан күткен, өмірдің жақсаратындығына сенген ақын екендігін көреміз. Абайдың «Сегіз аяғы» - өз кезіндегі өмір шындығын да, одан қалай шығудың жолын да, ел тілегінен туған өз басындағы күйініш-сүйінішін де кеңінен толғап, дұрыс көрсетіп берген өлеңінің бірі. Мұның бір жағы - сын, сықақ болса, екінші жағы - өсиет, ғибрат беру еді.
Абай реализмінің күштілігі тек бұл ғана емес, оның негізі - қазақ ішіндегі тап қайшылығын көре білуінде. Сол дәуірдің өзінде, байлар кедейлерді езіп отырғандығын, кедейдің ауыр тұрмыста өмір сүретіндігін бұлжытпай өз қалпында суреттеп, оған аяныш сезіммен назар аударуында.
Абай жай суретші аңғармайтын детальдарды да көре алды. Абайдың күздігүнгі кедей өмірін суреттей отырып, олардың іс-әрекет, тұрмыстарының әр түрлерін көрсетуі - біреу де болса бірегей, бір болса да көпке татырлық. Үстірт қараған адамдарға «иін илеу, шекпен тоқу», балалардың ойындарын суреттеу сияқты мәселелер сәл ғана мәселе тәрізді болып көріне тұрса да, шынында бұл сияқты жайттарды көре білуі Абайдың үлкен реалистік ақын екендігін дәлелдейді.
Өз заманының суретшісі Абай сол кездегі теңсіздік мәселесін тек қана шолып өтіп, оған қалай болса, солай қарап қоймайды. Кедейлердің ауыр халі ақынның қабырғасын қайыстырады. Кедейді тек аяп қана қоймайды, езілушілердің тұрмысын жеңілдетуге жол іздейді. Жұртқа адамгершілікті ұсынады. Абай шығармасындағы адамгершілік арманының негізі де қазақ ішіндегі осы теңсіздікті көре білуінде жатыр.
Қазақ ауылындағы теңсіздікті шын көрсете білген өлеңдері - «Күз», «Қараша, желтоқсан мен сол бір-екі ай», т.б. Бұл екі өлеңінде екі тұрмысты - байдың тұрмысы мен кедейдің тұрмысын бір-біріне қарама-қарсы қойды. Октябрь, ноябрь айларының қара суығындағы кедейлердің ауыр халін көрсетеді:
Кедейдің өзі жүрер малын бағып,
Отыруға отын жоқ, үзбей жағып.
Тоңған үйін жылытып, иін илеп,
Шекпен тоқыр қатыны бүрсең қағып...
Азынаған қара суықта «кемпір-шалы» болса, қиындықты жамай түседі деп жаны ашиды. Теңсіздік, азап шегу тек қана үлкендердің емес, кедейдің балаларының да басында барлығын көреміз:
Қар жауса да тоңбайды бай баласы,
Үй жылы, киіз тұтқан айналасы.
Бай ұлына жалшы ұлы жалынышты,
Ағып жүріп ойнатар көзінен жасы...
Абайдың шын мәнінде реалистігі, өзі сол үстемдік етуші таптың жуан ортасынан шыға тұрса да, олардың жалпы қара халыққа жасап отырған зорлық-зомбылығын, аяусыз қанауын көре біліп және оны тайынбай әшкерелеу, «типтік жағдайға тән типтік образдар» жасауымен қатар, жай суретшілер аңғара бермейтін, өмірдің көлеңке жақтарындағы кейбір құбылысты да көре біліп, олардан әлеуметтік мәні бар үлкен қорытынды шығаруында. Жоғарғы үзінді алынған өлеңінің екінші бір жерінде:
Жалшы үйіне жаны ашып, ас бермес бай,
Артық қайыр, артықша қызметке орай.
Байда мейір, жалшыда пейіл де жоқ,
Аңдыстырған екеуін құдайым-ай! -
деп, байлардың кедейді күнбе-күн езіп отырғандығын, олардың араларындағы экономикалық теңсіздікті және бұл екеуінің өмір бойы аңдысумен келе жатқан, бір-біріне тілектері қайшы екі тап екендігін ашық айтты. Кедейдің ауыр халін көріп, ақынның оларға жаны ашиды. Кедейдің сол ауыр халін қалай жеңілдетудің өзінше жолын іздеді. Сонда оның тапқан жолы - әділдік болды. Байлардың кедейге деген мейірімсіздігін ашық суреттеп, оларды дұрыстыққа, әділдікке шақырды. Соған орай кедейдің де байларға дұрыс қызмет етуі керек деп білді. Бірақ ақынның бұл пікірі - тап қайшылықтарының қандай жолдармен шешілетіндігін ұға алмаушылықтан туған қате пікір болатын. Бұл - тап қайшылықтары тек қана таптық күреспен шешілетіндігін түсіну дәрежесіне көтеріле алмағандығын көрсететін жайттың бірі.
Қандай өмір құбылысына баға берсек те, біз ешқашан да мезгіл мен жағдайды ұмытпаймыз. Сондықтан Абайдың өмір сүрген мезгілі мен жағдайын еске алсақ, оған революциялық көзқараста неге болмадың деп кінә тағу - орынсыз. Тарихқа көз салсақ, езушілерді әділдікке үндеп, олардың санасын оятып, адамгершілігін арттыру арқылы әлеуметтік теңсіздікті жоймақ болған француздың ұлы ағартушыларының іс-әрекеттері оқушылар жұртшылығына мәлім. Ал қазақтың ұлтшыл оқымыстыларының қазақ елінде тап жоқ деп, көп жылдар бойы айтыс ашып, өздерінше дәлелдемек боп, қызыл өңеш болғанын тағы жақсы білеміз. Демек, ХІХ ғасырда Абайдың қазақта жігі айқындалған екі тап барлығын және үстемдік етуші байлар табының кедейлерді езіп, қанап отырғандығын тайға таңба басқандай етіп, шындық қалпында көрсетіп беруінің тарихи мәні зор екендігі сөзсіз.
Абай туындыларының реалистік жақтарын сөз еткенде айрықша тоқталуды қажет ететін негізгі бір мәселе - әйелдер туралы көзқарасы. Бұл мәселе кеңірек тоқтап, кейбір салыстырулар жасауды керек қылады. Абайға дейінгі ауыз әдебиетін және кейбір тарихи әдебиет нұсқаларын алсақ, әйел туралы екі түрлі көзқарастың болғандығын аңғарамыз. Біріншісі - халықтық, екіншісі - феодалдық. Халықтық көзқарас әйелді жоғары бағалайды. Көп жайттарда ерлерден артық етіп көрсетуге тырысады. Ел бастар көсем де, сөз бастар шешен де, топ жарған батыр, аяулы ару, ардақты азамат та анадан туады. Сондықтан өмірде ананың ролі ерекше деген қорытындыны ұсынады. Мысалы, «Алып - анадан, ат биеден туады», «Аяғын көріп асын іш, анасын көріп қызын ал», «Ердің атын қатын шығарады, қатынның атын жатым шығарады», «Жақсы әйел жаман еркекті адам етеді, жақсы еркек жаман әйелді адам ете алмайды», «Жақсы әйел - жігітке біткен бақ, жақсы жер, жайлы қоныс, алтын тақ», «Алғаны жақсы жігіттің әрқашан ісін оңдайды, алғаны жаман жігіттің ісінің сәті болмайды», «Әйел жерден шыққан жоқ, о да еркектің баласы, ерлер көктен түскен жоқ, әйел - оның анасы», «Алқызыл гүл - жердің сәулеті, асыл жар - ердің сәулеті», «Анаңды Меккеге үш арқалап барсаң да, қарызыңнан құтыла алмайсың».
Қазақтың көптеген мақал-мәтелдерін алсақ, ер адамның өміріндегі бақыт та, бақытсыздық та бәрі әйелінің жақсылық, жамандығына тіреледі. Кейбір мақалдарда әйел мен ерлердің әлеуметтік ролі бірдей деп санаса, ата мен ана туралы балаға жүктелетін міндет пен өтейтін қарызы жайлы ой-пікірлерінде халық ананы әрдайым бірінші орынға қояды.
Ауыз әдебиетіндегі өлең, аңыз, ертегі әңгімелерден біз неше түрлі сұлу, ақылды, айлалы әйелдердің образдарын кездестіреміз. Ертегі, аңыздарда ұшырайтын аңғал батырлардың әр алуан алып дәу, мыстан кемпірлер, жер астындағы жылан патшаларымен кездескенде өзін сүйген сұлу қыз, айлалы әйелдердің ақыл-кеңестері арқылы жауларын жеңіп шығып, мұраттарына жетеді. Басқаларын айтпағанда, көпшілікке мәлім Жәнібек пен Жиренше шешен аңызы - бұған толық мысал.
Аңызда Жиренше - әрі сөз тапқыш, әрі ақылды, қандай қиын-қыстаудан болсын сүрінбей шығатын тайпалмалының өзі. Бірақ патшаның өте қиын үш тапсырмасын орындауға келгенде, оның салы суға кетіп, не қыларын білмейді. Соның үшеуінде де ақыл тауып, Жиреншені ажалдан құтқаратын - әйелі Қарашаш. Ақыры ол өз сүтінен қымыз ашытып, ханмен бірге Жиренше жорыққа аттанарда жанторсыққа құйып, күйеуінің қанжығасына байлап жібереді. «Бір кезде хан шөлдеп, саған сусын тап, әйтпесе өлтірем! - дер, сол кезде сен осы қымызды ханға ұсын, ішіп болып, ненің сүті деп сұрар, сонда қымыздың сырын ашарсың», - дейді.
Қарашаштың айтқаны жорықта дәл келеді. Хан қымызды ішіп алып, Қарашаштың сүті екендігін естігеннен кейін, санын бір-ақ соғады. Енді оны әйелдікке ала алмайтын болады да, Жиреншеге жаулығын тоқтатады.
Сөйтіп, халық ханнан да, ханның атышулы шешенінен де ақылы артық әйелдер бар екендігін мойындап қана қоймайды, «Жиренше, Қарашаш» аңызы арқылы, сондай әйелдердің болғандығын тарихи адамдардың атымен байланысты Қарашаш сықылды ақыл, айласы мол ұнамды әйел образын жасайды.
Қарашашты бұлай көрсетудің өзінде де әйелге деген үлкен ізет, зор құрмет жатқан жоқ па? Бұл шын мәніндегі халықтық көзқарас емес пе?
Әйелге деген халықтық көзқарастың бір алуан түрін біз эпостық, лиро-эпостық поэмалардан да кездестіреміз. Эпостардың көпшілігінде-ақ халық ең аяулы ару, адал сүт емген сұлуларын батырлардың серігі етеді. Құртқа, Гүлбаршын, Ақжүніс, Қыз Назым - бәрі де халықтың ардақты ұлдары саналған батырларын сүйіп, соларға көмекке келеді. Кейбіреулерінің ел қорғарлық батыр дәрежесіне көтерілулеріне әйелдерінің көмегі, кейбір жайттарда жеңістікке ие болу үшін ақыл-кеңестері жәрдем етеді. Қобыландының Алшағыр елін шабуы да, жеңуі де Құртқаның ақыл-айласымен байланысты десек, ноғайлылықтарды қалмақ ханы Қараман келіп қамағанда, оларға Қамбардың қол ұшын беруі - түптеп келгенде Назыммен байланысты.
Бұл қыздардың қайсысы болса да, қолына найза алып соғысқа шықпаса да, жауларға қару көрсетерлік өздерінің не жұбайы, не сүйген батырларына көмекшілік істері арқылы ел қорғау ісіне араласады. Тіпті сұлулардың батырларға ғашық болуының негізінде ел қорғау тілегі, өз халқының бір пайдасына жарау деген арманы жататындығын көреміз.
Эпостық жырларда елдік мәселелерге әйелдердің қатысулары батырларға көрсететін ақыл-кеңестері арқылы болса, лиро-эпостардың кейбіреулерінде біз әлеуметтік мәселелерге әйелдердің тікелей қатысып, ел арасындағы дау-шарлардың арқауы өзі болуға жараған әйел образдарын да кездестіреміз. Сондай қыздардың бірі - Айман образы. Менмендік бақталас иесі Көтібар мен Маман арасындағы егестің аяғы екі рудың жауласуына, шабыншылыққа ұласқан жағдайда, өзі тұтқында жүрсе де, бүкіл мәселенің түйінін шешуші - Айманның ақыл-айласы. Оқиғаның шешуінде өркөкірек Көтібар да, менменсіген Маман да мазақ болып қалады да, Айман бастаған топ дегеніне жетеді.
Келтірілген мысалдардың барлығы да әйел мәселесіне деген халықтық көзқарастардың қандай екендігін дәлелдесе, сонымен қатар фольклорда болсын, әдебиет тарихында болсын, әйелге ескі феодалдық көзқарасты айқындайтын да пікірлер бар. «Алтын басты әйелден, бақа басты еркек артық», «Әйел - жеті дұшпанның бірі», «Астыңдағы атыңа, қойныңдағы қатыныңа сенбе», «Әйелдің шашы ұзын, ақылы қысқа» деген тәрізді мәтелдер әйелді ерлерден төмен санайтын феодалдық көзқарасты көрсетеді. Бұл тек ауыз әдебиетінде ғана кездесіп қойған жоқ, ХІХ ғасырда Абаймен тұстас өмір сүрген ақындарының да шығармаларында жырланды. Ескі хандық-феодалдық өмірді аңсаушы, сол таптың жыршысы болған Шортанбай, Әубәкірлердің өлеңдерін алып, жалпы әйелге, әйелдің бас бостандығымен байланысты мәселелерге қалай қарағандықтарына шолулар жасап, Абайдың әйел туралы көзқарастарымен оны салыстырсақ, араларында жер мен көктей айырма барлығын аңғарамыз.
Әубәкір өзінің заман туралы жазған ұзақ өлеңінде қазақ даласындағы әр алуан өзгерістерді суреттей келіп, әйел мәселесіне, олардың бас бостандығы жайлы айрықша тоқталады.
Ерінің айтқан сөзіне
Қатын мойнын бұрмады.
Ерге қызмет қылмады
Жалынып күнін көрмесе,
Қатты айтса, қатын тұрмады.
Кітаптың сөзін тәрк етіп,
Көңіліне шайтан орнады, -
дейді.
ХІХ ғасырдың екінші жарымында қазақ әйелдерінің бас бостандығы тап осы айтылған тәрізді болған емес. Бұрынғы дәуірлермен салыстырғанда, қанша әлсіреді десек те, бұл кезде де қазақ даласында үстемдік етушілер әлі бай-феодалдар болды. Демек, «Жесір дауы, жер дауы» олардың ел билеудегі көңіл аударарлық негізгі мәселелерінің бірі болды. Сондықтан әйелдің бас бостандығы, бата айырып, сүйгеніне тию тек бір семьяның өз ішінде шешіле салатын мәселесі емес, рудың, не рубасыларының сарабына түсіп, шешілсе, зор қиыншылықпен ғана шешімін табатын мәселе еді. «Әйел ерден кетсе де, елден кетпейді» дейтін нағыз кертартпа, феодалдық көзқарас ол кезде әлі өзінің толық күшінде болатын. Сол көзқарастың сәуегей жыршысы болған Әубәкір ілуде біреудің бас бостандығына қолы жетсе, салт бұзарлық нәрсе деп, жұртшылыққа мейлінше құбыжық етіп көрсетуге тырысты. Өз кезіне тән емес өмір құбылысын ескішіл ақын асыра суреттеп, оқушыларын теріс бағытқа сілтеді.
Әйелдерді еркектерден кем санаушылық тәрізді феодалдық көзқарастарға тойтара соққы беріп, бұл мәселе жөніндегі халық көзқарасын қолдаушы және мәдени биік сатыға көтеруші - қазақтың бірінші ақыны Абай. Ол өзінің ұлы адамдығын да, үлкен реалистігін де әйелдің қоғамдағы орнын айқындау мәселесінің айналасында көрсете білді.
«Бір сұлу қыз тұрыпты хан қолында» деген өлеңінде сұлу, жас қызға үйленбек шалдың «қалыңдығына» туғызған барлық жағдайы мен іс-әрекеттерін, оның өз басындағы қуаныштарын суреттей келіп, қыздың шалға барып тірлік еткеннен де, суға кетіп өлуін артық санағандығын тамаша түрде суреттеп береді:
Деген сөз: бұқа - буға, азбан - дуға,
Хан қарық боп түсіп жүр айқай-шуға.
Етімді шал сипаған құрт жесін деп,
Жартастан қыз құлапты терең суға...
Абайдың бұл айтқаны ол кездегі, я онан бұрынғы және соңғы кездегі өмір шындығы болатын. Ақын мұны көре де, сынай да білді. Әйел жөніндегі әлеуметтік теңсіздік Абайдың жанын ауыртқан мәселенің бірі болды. Абай бұдан өзінше қорытынды жасап, бұл мәселені айта қалғандай жоғары сатыға көтерді:
Есерлер жас қатынды тұтады екен,
Жас қайғысын білдірмей жұтады екен.
Ортасында бұлардың махаббат жоқ... -
деп, бір жағынан әйел теңсіздігін айтып, соны қолдап отырған үстем тапқа, ескі салтқа өлтіре соққы берсе, екінші жағынан, әйелдің бас бостандығын, махаббат мәселесін айрықша мәселе етіп көтерді. Әйелді малға сату ең надандық, адамның адамдық қасиетін бағаламағандық деген қорытынды шығарды. Сату мен сүю кәрілік пен жастық, түн мен күн, жаз бен қыс сықылды бір жерде тұра алмайтын нәрсе деп, оған үлкен мән берді:
Кәрі, жас дәурені өткен тату емес,
Епке көнер ет жүрек сату емес.
Кімде-кім үлкен болса екі мүшел,
Мал беріп алғанымен қатыны емес! -
деп, сүю мәселесін малға сатып алуға болмайтындығын, шын адамгершіліктің көзімен қарағанда, сүю саудаға салатын нәрсе емес екендігін, сүю мен сүйіспеншіліктің ерікті болуы керек екендігін айтты. Абайдың бұл көзқарасы сол кезде қазақтың өз ішінен шыққан алдыңғы қатардағы адамдардың тілегімен, бүкіл халық тілегімен, әйелдің бас бостандығын көксеген дүниежүзіндегі адамгершілік көзқараспен ұштасады. Абайды әйелдің бас бостандығын жақтаған қазақтың бірінші ақыны деп толық айта аламыз. Мұны «Масғұт» дастанынан да айқын көруге болады. «Масғұт» дастанында Абай әйелдің семьялық және әлеумет өміріндегі орнын мейлінше жоғары бағалайды.
Дастанда өзін ажалдан айырып алып қалған Масғұтқа ақ, сары, қызыл үш түрлі жеміс ұсынып, шал:
Ағын жесең, ақылың жаннан асар,
Сарыны алсаң, дәулетің судай тасар,
Егерде қызыл жемісті алып жесең,
Ұрғашыда жан болмас сенен қашар, -
дейді.
Масғұт ойланып тұрады да, қызыл жемісті жеуге бел байладым дейді. Шал мәнісін сұрағанда «еңбексіз мал дәмету - қайыршылық» деген сықылды пікірлерді айта келеді де:
Қызылды жесем, мені әйел сүйер,
Арамдыққа жүрмесе, не жан күйер.
Ұрғашы да көп жан ғой, досым болса,
Деп едім бір пайдасы маған тиер.
Еркектің еркек адам болса қасы,
Қатын, шеше, қызы жоқ, кімнің басы,
Хан қаһар, қара кісі қастық қылса,
Сонда ұрғашы болмай ма арашашы?
Тегінде адам басы сау бола ма?
Үйінде тексерілмес дау бола ма?
Ері ашу айтса, әйелі басу айтып
Отырса, бұрынғыдай жау бола ма? -
деп жауап қайырады.
Бұл - тамаша айтылған пікір. Абайдың бұл көзқарасы «әйел мені ғана ұнатсын» деген өрісі тар, өзімшіл тоғышарлық көзқарастан аулақ. Ол әйел мен еркектің тең дәрежедегі достығын, үй ішінің бірлігі мен әйелдің әлеумет өміріндегі орнын терең түсініп, мәселеге осы жағынан қарайды. Сондықтан да оның қаһарманы Масғұт қызыл жемісті жемек болады. Демек, қоғамның тең жартысы болып отырған әйелдердің әлеуметтік өмірінде үлкен орны барлығын және болуы керек екендігін айқындайды. Ақын өз пікірін Масғұтқа айтқызып, «Қыдыр» шалға мойындатып және өзі де мойындап, мынадай қорытынды шығарады:
Сол заманда-ақ надандар шырыш бұзған,
Жалғанның дәмін бұзып қауіп қылған.
Ақыл мен мал екеуін асырай алмай,
Арашашы тілепті қатын-қыздан.
Бұл үзінді - дастандағы айтайын деген ойдың қазығы.
Ақын бүгінгі заман ғана емес, өткен заманның өзінде де әйелдің әлеумет өмірінде үлкен орын алғандығын көре білді. Абай әйелдің тек әлеуметтік ролінің зор екендігін айтып қана қойған жоқ, махаббат, достық және әдемілікке көзқарастарын да өлеңдерінде айқын танытты.
Ең алдымен Абай махаббат, достық мәселесін басқалардан анағұрлым кең, анағұрлым терең түсінді. Ол жалпы адам баласының достығын жыр етті. Абай - ірі гуманист ақын. Сондықтан ол адам адамды сүйе білуі керек деген идеяны берік ұстады. Оның бұл сапқа қоспай, жек көріп, сатира еткендері адамдық ар-намыстан жұрдай, өз басы, өз қамынан басқа еш нәрсе ойламайтындар болды. Осындай мінез-құлықтан жирендірудің негізінде оның достықты жырлау мотиві келіп туды, әркім тек өз қамы емес, жұрт мүддесін ойлауы керек деген идея туды. Абайдың көп өлеңдерінде адам баласы біріне-бірі жаулық емес, достық іздесін деген пікір өзек болып тартылып жатады. «Жігіттер, ойын - арзан, күлкі - қымбат» деген өлеңінде:
Кемді күн қызық дәурен тату өткіз,
Жетпесе біріңдікін бірің жеткіз.
Күншілдіксіз тату боп шын көңілмен,
Қиянатшыл болмақты естен кеткіз.
Абайдың түсінігінше, ең қызық өмір - татулық, достық. Бірақ ақынның бұл тілегі өз кезінде орындалмады. Ру мен руды, бір ел мен екінші елді атыстырып, шабыстырып отыруды негізгі саясатының бірі етіп отырған феодалдық, «адам - адамға қасқыр» деп білетін капиталистік қоғамда оның іске асуы мүмкін емес болатын. Оны ақын сезіне де, түсіне де білді. Әйтсе де алған бағыты мен аңсаған арманынан ол тайған жоқ. Күн сайын жаулықтың отына май тамызып тұтатушы қоғамның жуан ортасында отырса да, Абай өле-өлгенше достықты жырлаумен болды.
Махаббатсыз - дүние бос,
Айуанға оны қосыңдар.
Қызықтан өзге қалсаң бос,
Қатының, балаң, досың бар.
Жүрегі жұмсақ білген құл,
Шын дос таппай тыншымас.
Пайда, мақтан - бәрі тұл
Доссыз ауыз тұшымас, -
деді. Бұл өлең - ұлы ақынның достықты жыр еткен барлық өлеңдерінің кілті.
Жазба әдебиетіміздің тарихына көз салсақ, сүйіспеншілік, махаббат мәселесін де биікке көтере жыр еткен бірінші ақын Абай екендігін көреміз. Феодалдар үстемдік еткен қоғамдық құрылыста махаббат-сүйіспеншілік мәселесін жыр ету фактісінің өзі кезінде үлкен прогрессивтік нәрсе еді. Өйткені мұның негізі, түптеп келгенде, әйелдің бас бостандығымен байланысты. Екінші, үстемдік етуші феодалдық қоғам әйелдердің азаматтық правосын мүлде жойып, белгілі нарық қойып, сатып алуға болатын тірі мүлік дәрежесіне жеткізген дәуірде санаға сіңген кертартпалыққа тайынбай қарсы шығып, әйелдің әлеумет өміріндегі ролін көрсетумен қатар, олардың ерлерден еш кем түспейтін сезімін ерекше жыр етіп, сүйіспендік, махаббатты дәріптеудің өзі ескішілдікке дәл тиер ауыр соққы еді.
Қандай тақырыпты сөз етсе де, жеріне жеткізе жырлайтын зор талант иесі Абай махаббат мәселесін де үлкен шеберлікпен жыр етті. Өмір шындығына табанын нық тірей отырып, бұл мәселені кейде романтикалық асқақтық дәрежесіне шейін көтерді. Жазғы түн, жайлы кештерде сарғая сағынып, сарқыла күткен ғашықтардың сәтті кездесу, сыпайы сырласу, тәтті сүйістерін таңғалдыра шебер суреттей келіп, олардың аузына:
Сенсің - жан ләззаты!
Сенсің - тән шәрбаты!
***
Қайғың - қыс, жүзің - жаз,
Боламын көрсем мәз.
Күлкіңіз бойды алар,
Бұлбұлдай шықса әуез, -
деген тәрізді ғашықтардың ішкі сезім дүниесін дәл бейнелейтін сөздер салады. Бұл тақырыпқа жазған ақынның өлеңдерінің қайсысын алсақ та оқушыларының эстетикалық сезімін оятарлық асқан ісмерлікпен жазылғандығы даусыз. Кейбір жолдарда анайылық натурализм элементтерінің кездесетіні рас. Бірақ ол ақынның жалпы стиліне тән нәрсе емес және бұл оның әлеуметтік көзқарасына ешбір нұқсан келтіре алмайды.
Абайдың махаббат тақырыбына жазған өлеңдерінің ішінде оның эстетикалық идеалын айқындайтын өлеңдер де жиі кездеседі. «Қақтаған ақ күмістей кең маңдайлы», «Білектей арқасында өрген бұрым» тәрізді Абай өлеңдері тек қана сұлу қыздың портретін жасау үшін жазыла салынған емес, сонымен қатар ақынның әдемілікке көзқарасын да көрсетеді.
Әдемілікті кім қалай таниды, оның әлеуметтік себептері қандай деген мәселе жөнінде Г.В.Плеханов өзінің «Адрессіз хат», «Қоғам өмірі және искусство» деген мақалаларында терең талдаулар бере келіп, барлық ел, барлық тап, барлық дәуірге сай жұрттың бәрін бірдей мойындататын абсолюттік түрдегі әдемілік жоқтығын, әдемілікке көзқарас әр елдің тіршілік, күнкөріс жағдайларымен, өзінің өскен ортасы, алған тәрбиесімен байланысты болатындығын дәлелдеп, ол туралы әр халықтың тарихынан көптеген фактілер келтіреді. Сайып келгенде, адамның әдемілікке көзқарасын айқындайтын нәрсе қоғам ішіндегі таптардың экономикалық жағдайлары деп қорытты. Мысал үшін ол орыстың ақсүйек-дворяндар табы мен орыс шаруаларын алып, кісі күшін пайдаланатын тап өкілдерінің көзқарасынша, сұлу, әдемі санайтындары, өздерінің искусство мен әдебиетінде дәріптейтіні нәзік әйелдер болса, ал қара шаруалар өз еңбегімен тіршілік етпеушілерді тіпті де дәріптемейді, әдемі де санамайды.
Абай кезіндегі, не өзінен бұрынғы қазақтың әдемілікке көзқарастарын тамаша түрде қорыта келіп, қандай әйелді әдемі деуге болады деген сұраққа жауап іздейді, оның жауабы - «әдептілік, арлылық, адамгершілік» болады. Абайша, әдемі әйел осындай болуы керек. Сайып келгенде, Абайдың эстетикалық идеалы - тек дене сұлулығы ғана емес және жан сұлулығы. Бұл мәселе жөніндегі Абайдың тірелген жері осы деуге болады.
Жоғарғы аталып өткен екі өлеңінде Абай өзіне дейінгі қазақ және шығыс әдебиетіндегі әйелге сыртқы мүсін сұлулығы жағынан келетін көзқарастың әсері барлығын кей жерлерінде:
Қиғаш қас, қыпша бел,
Солқылдар соқса жел...
Бұраң бел, бойы сұлу, кішкене аяқ,
Болады осындай қыз некен-саяқ.
Піскен алма секілді тәтті қызды,
Боламын да тұрамын көргендей-ақ, -
деп, әйелдің нәзіктігін дәріптейтіндігін тіпті жоққа шығармайды. Бірақ Абайдың әдемілік туралы эстетикалық идеалын айқындайтын бұл өлеңдері емес. Бұлар суретшінің кейбір өмір құбылыстарына тереңдемей, кейбір жағдайлармен байланысты ойнақылық түрде сыза салған эскиздеріне ұқсайды. Әйтсе де эскиз ұлы талант, үлкен суретшінің кистісінен шыққандықтан, сол қалпында да ол мүлтіксіз кең ойлап, терең толғанып жасалған суреттердей сенім туғызады. Бізше, бұл екі өлеңнің оқушыларға ететін әсері де екі түрлі тәрізді.
Абайдың эстетикалық идеалын толық аңғартатын және оның әйелдер туралы халықтық дұрыс көзқарасты оның жалғастырушы екендігін дәлелдейтін шығармаларының бірі - «Жігіттер, ойын - арзан, күлкі - қымбат» атты өлеңі. Бұл өлең ақынның әр алуан өмір құбылыстарын, адамдар арасындағы қарым-қатынас, мінез-құлықтарды бақылай келе, көп ойланып, терең толғанып, өмір арқылы түйген қорытындысы, келешек үшін айтылған ең соңғы сөзі тәрізді.
Біреуді көркі бар деп жақсы көрме,
Лапылдап, көрсеқызар нәпсіге ерме!
Әйел жақсы болмайды көркіменен,
Мінезіне көз жетпей, көңіл бөлме!..
Шүу дегеннен көрінер сұлу артық,
Көбі көпшіл келеді ондай қаншық.
«Бетім барда бетіме кім шыдар», - деп,
Кімі паңдау келеді, кімі тантық...
Жоқ болса қатыныңның жат өсегі,
Болмаса мінезінің еш кесегі.
Майысқан бейне гүлдей толықсыған,
Кем емес алтын тақтан жар төсегі.
Жасаулы деп, малды деп байдан алма,
Кедей қызы арзан деп құмарланба.
Ары бар, ақылы бар, ұяты бар,
Ата-ананың қызынан ғапыл қалма, -
дейді. Демек, ақынның эстетикалық иеалы - «Піскен алма сықылды тәтті қыз» емес, ар-ұяты мол, жақсы семья құратын, тату-тәтті өмір сүруге көмек етерлік, өмірде шын серік бола аларлық әйел.
Қорыта келгенде, Абай өзінің ұлы еңбектерінде өз кезіндегі әлеумет өміріндегі теңсіздікті, бай-феодалдардың еңбекші кедейлерді езіп, қанап отырғандығын, әлеумет өміріндегі алауыздық, кертартпалық, мәдениетсіздік, еңбек сүймейтін жалқаулықтарды көре білді. Қазақтың феодалдық өміріндегі әйелдердің теңсіздіктерін терең суреттеп, сүйіспеншілікті, бас бостандығын жыр ете отырып, олардың әлеумет өмірінде шынында үлкен орын алатынын, алуы керектігін көрсетті. Сөйтіп, қазақтың ұлы ақыны әлеумет өміріндегі өте маңызды, үлкен мәселелерді шығармаларының тақырыбы етіп алды да, оларды терең түсініп, сол кездегі өмір шындығымен жанастырып көрсете білді. Жоғарғы айтылған көп мәселелер жөнінде өте маңызды, аса құнды пікірлер айтып, дұрыс кеңес берді.
Қараңғыда қазақ елінің ортасынан жарып шыққан жарық жұлдыздай жалынды пікір иесі Абай өз халқын ілгері сүйреудің қамын ойлады. Елді мәдениетке, ғылымға шақырады. Абай да Шоқан, Алтынсарин ұстаған бағытты өрістетуші болады. Дүниежүзілік мәдениетке қол созған данышпан ақын өз елін мәдениетке шақыра отырып, жастардың алдына оқу, өнер, білім мәселесін қояды.
Жасымда ғылым бар деп ескермедім,
Пайдасын көре тұра тексермедім.
Ержеткесін түспеді уысыма,
Қолымды мезгілінен кеш сермедім, -
деп, өзінің жас кезінде оқи алмай қалғанын арман етеді. «Жастар, менің мұнымнан үлгі алма, жастық шақты бос өткізбей, оқуға, ғылым алуға жұмса» дегенді айтады. Ол кезде байлардың балаларын оқытқандағы мақсаты - шен алу, патша үкіметіне қызмет ету, елдегі өз қожалығын берік ұстау болса, Абай ғылым алуды, ғылымды ел керегіне жұмсауды мақсат етеді. Абайдың бұл мақсаты, әсіресе «Интернатта оқып жүр» деген өлеңінен айқын көрінеді. Оқытқан әкеңнің де, оқыған баланың да ой-өрістерінің тарлығын, орыс тілін білудегі мақсат «прошение» жазудан әрі аса алмай жүргенін сынай келіп:
«Нан таппаймыз» демейді,
Бүлінсе елдің арасы.
Иждаһатсыз, мехнатсыз,
Табылмас ғылым сарасы.
Аз білгенін көпсінсе,
Көп қазаққа епсінсе,
Кімге тиер панасы? -
деп, ғылымның оңайлықпен қолға түспейтінін, адам өз білімін еш уақытта көпсінбей, өзіне-өзі сын көзімен қарау керектігін ескертеді. Сөйтіп, оқу-білім алу - елге ептілік жасау үшін емес, бірлікке, ел болуға, мәдениетті болуға жұмсалса, сонда ғана одан нәтиже шығады деген қорытындыға келеді. Абай оқыған жастардың теріс тәрбиеленуіне олардың өскен ортасы, қазақтың надандығы, алауыздығы кінәлі деп біледі.
Ойында жоқ олардың,
Салтыков пен Толстой,
«Я адвокат, я тілмаш
Болсам» деген бәрінде ой, -
деп, өрісі тар, күнделікті ғана ойлаушылықты шеней отырып, адамның мінез-құлқын түзетуге әрекет істейді. Елді тұншықтырып отырған помещиктер қоғамының негізін жоюға күш салған Салтыков-Щедринді мадақтайды. Оқушыларға сендер де Толстой, Салтыков-Щедриндей болыңдар дейді. Оларды үлгі етуі - қазақтан солардай ел қамын ойлайтын адамдар шығуын аңсағандық еді. Сондықтан да оқып, білімді бола тұрып, патша үкіметіне қызмет етуді ақын қорлық деп санайды.
Военный қызмет іздеме,
Оқалы киім киюге.
Бос мақтанға салынып,
Бекер көкірек керуге,
Қызмет қылма оязға,
Жанбай жатып сөнуге.
Абай жастардың алдында тұрған зор міндет - ғылым, қайткен күнде де ғылымға қол созу керек деп, көп өлеңдеріне-ақ ғылымды жыр етеді:
Ғылым таппай мақтанба!
Орын таппай баптанба!
Ойнап босқа күлуге...
Немесе:
Ғалым болмай немене
Балалықты қисаңыз?
Болмасаң да ұқсап бақ
Бір ғалымды көрсеңіз.
«Ондай болмақ қайда?» - деп
Айтпа, ғылым сүйсеңіз! -
деп, ақын адамның ең қымбатты кезінің, жастық шақтың, оқу, ғылымға жұмсалуын талап етеді. Ойын-сауықты кейін қоя тұрып, алдымен ғылым жолында еңбек ет, ізден, ғалымдардан үлгі ал, солардай болуға тырыс деп айта келеді де:
Дүние де өзі, мал да өзі,
Ғылымға көңіл бөлсеңіз, -
деп қорытынды шығарады. Бұл - сол кездегі жаңалықты аңсаушы алдыңғы қатардағылардың идеясы. Сол идея Абай өлеңінен орын алды. Абайдың бұл пікірі ғылымға жол бермей келе жатқан ескі надандыққа аяусыз соққы болып, жаңалыққа жол ашты. Халықтың білімге талпынуына басшылық көрсеткен пікір болды.
Абай халықты тек жалаң ғылымға ғана үндеп қойған жоқ, жастардың болашағына үлгі боларлық ақылдар айтты, қандай нәрседен қашып, қандай нәрсені өзіне жолдас ету керектігін көрсетті:
Бес нәрседен қашық бол,
Бес нәрсеге асық бол,
Адам болам десеңіз.
Тілеуің, өмірің алдыңда,
Оған қайғы жесеңіз.
←
Өсек, өтірік, мақтаншақ,
Еріншек, бекер мал шашпақ,
Бес дұшпаның білсеңіз.
Талап, еңбек, терең ой,
Қанағат, рақым ойлап қой,
Бес асыл іс көнсеңіз.
Абайдың бұл сөздерінің мәні күні бүгінге дейін зор. Күні бүгін айтылып отырған сөз сықылды. Ақын айтқан «өсек, өтірік, мақтаншақтық, еріншектік, орынсыз мал шашу» сияқты теріс әдеттерге біз күні бүгіннің өзінде де аяусыз күрес ашып келеміз, біз де жастарды осы айтылғандарға қарсы тәрбиелейміз. Ал оның айтып отырған «талап, еңбек, ғылым, қанағат, рахымы» да қазіргі тәрбиеге дәл келеді. Талап ет, еңбек ет, ойлы бол, бір нәрсені өз бетіңмен іздеуге тырыс, досқа қайырымды бол деп біз де айтамыз. Абай айтқан бұл пікірлердің бәрі де бүгінгі тілекпен түгел қабысады.
Әрине Абайдың тәрбие жөнінде айтқандары жалғыз бұл емес. Басқа өлеңдерін былай қойғанда, осы «Ғылым таппай мақтанба» деген өлеңінің өзі де тәрбиелік мәні зор үлкен-үлкен мәселелерді жастардың алдына қояды. Байға, ақсақалға бас имеу, шыннан өтірікті айыра білу, не болса да ақылға салып айту сияқты ақылдар айтып, жастарды адамгершілікке үйретіп, олардың мінез-құлқын, көзқарасын дұрыс жолға салатын кеңес береді.
Абай ғылым мен еңбекті еш уақытта бөліп қарамайды.
Қызмет қылып, мал таппай,
Ғылым оқып, ой таппай -
Құр үйінде жатады, -
дегені тәрізді, еңбек пен ғылым мәселесін қатар көтерді. Талап, еңбек, ой, рахым деген сөздер Абайда әр жерде әртүрлі айтылғанмен, құятын арнасы біреу. Талап пен еңбек бір жерде қайрат болып, ой ғылым болып, рахым жүрек болып айтылса да, ақыл, еңбек, жүрек, ғылым - осы төрт сөздің маңынан алыс кетпейді. Оның көп өлеңдерінде осы төрт сөздің мәнін кеңінен шолып, тереңірек түсінгендігі байқалады.
Әуелден бір суық мұз - ақыл зерек,
Жылытқан тұла бойды ыстық жүрек.
Тоқтаулылық, талапты, шыдамдылық
Бұл қайраттан шығады, білсең керек.
Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста,
Сонда толық боласың елден бөлек.
Жеке-жеке біреуі жарытпайды,
Жолда жоқ жарым есті жақсы демек.
Ақыл да, ашу да жоқ, күлкі де жоқ,
Тулап, қайнап, бір жүрек қылады әлек.
Біреуінің күні жоқ біреуінсіз,
Ғылым сол үшеуінің жөнін білмек, -
деген тәрізді өзінің философиялық өлеңдерінде бұл төрт сөзді арқау ете сөйлейді. Сөйтіп, қазақ даласында да ол өзінің тамаша көркем асыл сөздерімен әділеттіліктің, ғылымның, еңбектің, адамгершіліктің туын көтереді. Ол - тек өз заманының адамдары ғана емес, келесі ұрпаққа да осыны айтып өткен ақын.
Әсемпаз болма әрнеге,
Өнерпаз болсаң арқалан.
Сен де бір кірпіш дүниеге,
Кетігін тап та, бар, қалан! -
деп, кемеңгер ақын өз кезінің де, келесі ұрпақтардың да алдына үлкен бір игілікті міндет қойды.
Абайдың халықты ғылымға үндеуі - тек бір ғана ғылым мәселесін қозғаған бір жақты үндеу емес, ол өз халқының тіршілігіне, оның келешегіне, өз елінің алдыңғы қатарлы озық елдердің қатарына қосылуына байланысты сан алуан келелі мәселелерді қозғаған, тереңнен толғаған, қиынға сермеген ақыл-ойдың, өз халқын жанындай жақсы көрген асыл жүректің жалынды үндеуі сияқты. Абай адам деген ардақты атты тек талапты болса, еңбек етсе, терең ойлы болса, ғылым тапса, рақымды болса ғана ақтауға болады деп ұғады. Абай адамның адамшылық қасиетін осылай белгілейді.
Демек, ақын оларға ақылды, ойлы бол, ғылымды меңгер, еңбек ет, рақымды бол, ел қамын ойла, Салтыков пен Толстой сияқты талапты бол дегенде, адамзаттың бір керегіне жара, қоғамда өзіңе лайықты орын тап:
Сен де бір кірпіш дүниеге
Кетігін тап та, бар, қалан! -
деді.
Қазақ халқында искусствоның архитектура, скульптура, живопись тәрізді салалары кейін қалды. Олардың кейбір элементтері туралы болмаса, мынандай архитектура, не живописіміз бар деп ешкім айта алмайды. Егер искусствоның негізгі бір саласы ән мен өнер десек, бұл соңғы екеуін алдыңғылармен салыстырғанда, анағұрлым өскен, қанатын кең жайған түрлері деуге болады. Ғасырлар бойы жасалып келе жатқан сөз өрнегінің негізін салған халық әдебиеті өзінің құндылығымен ел жүрегінен орын алып, бүгінге дейін сақталып келді. Бір дәуірдің, не тарихи үлкен оқиғаның айқын айнасы болған күйлер, тамаша әндер, халықтың өзі туғызған зор мәдени байлығы еді. Абай мұны жақсы түсінді. Искусствоның әлеуметтік мәнін дұрыс ұға білумен қатар, оның әр түріне ғылыми баға беруге тырысты.
Сөз өнері - өлең жөнінде қазақ елінде бұрын-соңды Абайдай асқан құнды пікірді ешкім айтқан емес.
Туғанда дүние есігін ашады өлең,
Өлеңмен жер қойнына кірер денең.
Өмірдегі қызықтың бәрі өлеңмен,
Ойласаңшы бос қақпай, елең-селең, -
деп, Абай жалпы халық өмірінде өлеңнің қандай мәні бар екендігін айқын көрсетіп берді. Бала туғандағы шілдехана, қыз ұзатқандағы тойбастар өлеңдері, адам өлгенде айтылатын жоқтаулармен дәлелдей келіп, өмірде искусствомен байланыссыз еш нәрсе жоқ дейді. Шынында да, өмірдің барлық салалары көркемөнермен байланысты дамып отыратыны сөзсіз.
Абайдың бұл пікірі алғашқы қоғамнан бері қарай көркемөнер адам баласының күн көрісі үшін керекті құралдардың бірі болды деген ғылым иелерінің көзқарастарына дәл келеді. Абай өлеңді искусство деп таныды. Өлеңді бағалай алмай, әркімді мақтап жырлаушыларды Абай қатты шенейді:
Бұрынғы ескі биді тұрсам барлап,
Мақалдап айтады екен сөз қосарлап,
Ақындары ақылсыз, надан келіп,
Көр-жерді өлең қыпты, жоқтан қармап.
Қобыз бен домбыра алып топта сарнап,
Мақтаумен өлең айтып, әркімге арнап.
Әр елден өлеңменен қайыр тілеп,
Кетірген сөз қадірін жұртты шарлап, -
деп, көркемдігі нашар, әлеуметтік мәні аз өлең шығарушыларға, өлеңнің қадірін кетірушілерге қарсы күрес ашып, өлеңнің мазмұны жағына да, түрі жағына да белгілі шарт қойды. Жазықсыз елді талаған «ерді», «алтын иек, сары ала қызды» жыр етіп, «күн өткізбек әңгімені» дәріптеушілерге қарсы Абай:
Ақыл сөзге ынтасыз жұрт шабандап,
Көнгенім-ақ соған деп жүр табандап.
Кісімсінген жеп кетер, білімсіз көп,
Жіберсем өкпелеме көп жамандап, -
дейді. Ақындарды жұртқа ақыл беретін сөз шығар деп үгіттесе, елдің ондай сөзді үстірт тыңдайтынын сынап, ол әдеттерін жоймақшы болады.
Абай ақындардың алдына әлеуметтік мәні бар үлкен мәселелерді қойды. Ақындардың өлеңінде ынсап, ар-ұят, талап, ой, ғылым тәрізді көпшілікке пайдалы нәрселер болуы керек деді. Ақын екінші бір өлеңінде:
Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін,
Жоқ-барды, ертегіні термек үшін.
Көкірегі сезімді, тілі орамды,
Жаздым үлгі жастарға бермек үшін! -
деп, өлеңге өзінің көзқарасын ашық айтады. Абай қағидасы бойынша, ақын да, ақынның өлеңі де халыққа қызмет істеуі керек. Ақынның өлең жазғандағы мақсаты - жастарға үлгі беру, олардың сана-сезімін ашу, жастардың халық үшін жұмыс істейтін сапалы адам болуын аңсау, міне, Абайдың түпкі ой қазығы, көздеген нысанасы осы болады. Абай осы пікірін басқаға да ұсынады.
Абай өлеңнің көркемдігіне де белгілі шарт қойды. Бірақ ол түр мен мазмұнды бөліп қараған жоқ. Екеуінің айырмасын көре білумен қатар, бірлігін де көре білді. Өлеңнің «іші алтын, сырты күміс» болсын деді. Абайдың өлеңге қойған бұл шарты күні бүгінге дейін дұрыс және ғылыми жағынан да дәл келеді. Өлеңнің түрі мен мазмұны бір-біріне қабыспай, шалғай жатса, ондай өлеңнің ешбір бағасы болмайды дейді Абай (бұл туралы Абай поэзиясының тілі деген бөлімде толық талданады). Халықтың ауыз өлеңдерінде кездесетін:
Астымда атым мінген құла қасқа,
Құдыққа шеген салдым құламасқа,
Ауылың бірге отырып, кетсе басқа,
Беріп кет сақинаңды жыламасқа... -
дегендер тәрізді айтайын деген ой соңғы екі жолында болады да, алдыңғы екі жолы тек тармақ, буын санын толтырып, шумақ жасау үшін босқа тұратын сөз бен сөйлем ретінде келеді.
Міне, Абай осыны көре білді де, соған қарсы шықты. Мәдениетті, ұлы классиктердің салтынан үлгі алған, өлеңнің ішінде мағынасыз, босқа тұрған сөздерді көзге шыққан сүйелдей көріп, басы артық сөз қолданушыларды қатты шенеді. Абай мұны сөз жүзінде ғана айтып қойған жоқ, іс жүзінде де асыра білді. Шынында Абай өлеңдерінен басы артық, орынсыз тұрған сөз табу қиын. Әр сөзінің орны, өз мағынасы бар, айтайын деген ойының бір керегіне жарап, әрқайсысы өз жұмысын атқарып тұрады. Ол бір басқан ізін қайталамайды. Бір өлеңінде қолданған сөзін екінші өлеңде қайта қолданбайды. Қолдана қалса, оны біле тұра басқаша мән беріп, басқа бір жағдайға сәйкес етіп қолданады. Не сөзге эпитет қосып, басқа бір жаңа бейнеге айналдырып жібереді.
Абай көре білген кемшіліктердің бірі - қазақ поэзиясын шұбарлаған араб, парсы сөздері болды. Ислам діні арқылы, түрік, татар әдебиеті арқылы қазақ әдебиетіне де араб, парсы сөздері кіре бастады. Бұрынғы әдебиеттерде там-тұмдап қана болса, Абай кезінде тіл шұбарлау недәуір өрістегені байқалды. Жас уақытында ақынның өзі де оған еліктеді. Бірақ ол ес біліп, ақындық өнері қалыптаса бастасымен-ақ араб, парсы сөздерімен тілді шұбарлаудан бас тартып, өлеңдердің тілі неғұрлым таза, халыққа түсінікті болуына көңіл бөлді.
Абайдың аса көңіл бөлгенінің бірі - музыкалық өнер. Ең алдымен ақын әнге, музыкаға өз көзқарасын білдіріп:
Құлақтан кіріп, бойды алар,
Жақсы ән мен тәтті күй.
Көңілге түрлі ой салар,
Әнді сүйсең, менше сүй! -
дейді.
Бірақ Абайдың ән жөніндегі айта қалғандай еңбегі - әнге баға берушілігі. Абай әннің көркемөнерлік қасиетін де, әлеуметтік мәнін де жақсы түсінеді.
Шырқап, қалқып, сорғалап тамылжиды,
Жүрек тербеп оятар баста миды.
Бұл дүниенің ләззаты бәрі сонда,
Ойсыз құлақ ала алмас ондай сыйды,
Ұйықтап жатқан жүректі ән оятар,
Оның тәтті оралған мәні оятар.
Кейі зауық, кейі мұң дертін қозғап,
Жас балаша көңілді жақсы уатар.
Бұл үзіндіде әнді көркемөнердің жоғарғы бір түрі деп бағалаушылық былай тұрсын, оның әсіресе адам өміріне керекті жағы тамаша айтылған. Абай өз кезіндегі ән салушыларға да, әнді тыңдаушыларға да риза болмайды. Әннің әлеуметтік, тәрбиелік мәнін ән салушылардың көбі ұқпайды, тыңдаушылары да солай, бұл басты кемшіліктің бірі дейді.
Сөйтіп Абай өмір сәулесі, көңіл-күйі болып туатын, баста миды оятып, жүрек тербететін әнді және оны дәл нақышына келтіріп, дұрыс сала білген әншіні ғана жақсы әнші деп біледі.
Әннің де естісі бар, есері бар,
Тыңдаушының құлағын кесері бар.
Ақылдының сөзіндей ойлы-күйлі,
Тыңдағанда көңілдің өсері бар, -
деп екіге бөледі. «Құлақты кесетін» есер ән-күйге көңілді өсіретін есті, әсерлі әсем әнді қарсы қояды. Соңғысын керекті, алдыңғысын керексіз дейді.
Сол сықылды ол ән салушыларды да екіге бөлді:
Көбінесе ән басы келеді ащы,
«Кел, тыңда!» - деп, өзгеге болар басшы.
Керім толғап тауысар қаңғыр-күңгір,
Сол жеріне ойыңмен араласшы! -
дейді.
Абай әдебиет және музыка мәселесіне ерекше көңіл бөліп, музыкалық өнердің дамып, жоғарғы дәрежеге жетуін тілек етті. Музыканың тәрбиелік мәнін, әлеумет өміріндегі қызметін дұрыс түсінді. Оның қанатын кең жайып, ілгері басуына белсене ат салысты. Талай асыл әндер шығарды («Сегіз аяқ», «Қор болды жаным», «Татьянаның әні», тағы басқалар).
Сөйтіп, ұлы ақынымыздың музыкалық өнердің әрі өзіне тән ерекшелігін, әрі әлеуметтік, тәрбиелік мәнін терең түсініп, классикалық анықтамалар беруі кейінгі ұрпақтар үшін мәні зор. Сонымен қатар оның ән шығарып, композиторлық өнермен шұғылдануы өз кезіндегі және келешектегі жастарға көрсеткен үлгісі болды. Абай айналасынан ақын, әнші, композиторлардың көбірек шығуы да кемеңгер ақынның тікелей әсері еді.
«Лирика - поэзияның жаны», - деген ұлы сыншы Белинскийдің даналық сөздерінің шындығына әрдайым-ақ тәнтісің. Лирика - жан сыры. Шын ақындар айналасындағы өмір құбылыстарының біріне қуанады, екіншісіне қайғырады, бірін жақсы көрсе, екіншісін жек көреді. Қысқасы, өмірден алған әсерлерін өзінің жан сезімдеріне бөлеп, ой елегінен өткізеді де, образ арқылы көңіл аударарлық та тартымды етіп, оқырмандардың талғамына татырлық өлең, не көркем қара сөз түрінде сыртына шығарады. Ақын суреттемек құбылысын қандай сырмен бояйды, қалай бояйды, ол ақынның сол өмір құбылыстарын түсінуіне, оған қалай, қай тұрғыдан қарайтындығына байланысты.
Дәстүр бойынша, ақындарды лирик және эпик деп екіге бөледі. Әрине бұл - шартты түрде ғана бөлу. Шындығында, тап-таза лирик, не тап-таза эпик те болуы қиын. Эпиканың шебері саналатын ақындарда лирикалық, философиялық шегіністер жиі ұшырайды. Сол сықылды, лирикалық туындыларда эпиканың элементтері де кездесе береді. Ірі тұлғалар саналатын дүниежүзі әдебиетінің ұлы ақындарын алсақ, лирика - негізгі жанр.
Сондай-ақ Абай өлеңдерінің де дені - лирика. Абайда әлеуметтік (саяси) лирика, махаббат, достық тақырыптарына арналған лирика, сатиралық, философиялық лирика, лириканың элегиялық түрі - бәрі де кездеседі.
Әлеумет-саяси лирикалық өлеңдері өз кезіндегі қоғамдық мәні зор мәселелерге арналады. Ақын кейде мысқыл, кейде кекесін түрде өзінің суреттеп отырған өмір құбылыстарына көзқарасын білдіреді. Ел үшін, жұрт үшін зиянды деп түсінген іс-әрекеттер ақынды қатты ашындырады. Сондықтан да ол:
Улы сия, ащы тіл,
Не жазып кетсе, жайы сол, -
деп ескертеді. Абайдың айналасындағы өмір құбылыстарының ұнамсыз жақтары жанын жаралап, жүрегіне дақ салды. Сұм-сұрқия іс-амалдар халқының келешегі үшін кедергі деп білді. Осындай түсінік ақынның лирикасында, әсіресе саяси-азаматтық лирикасында өзінің ізін қалдырды.:
Болды да партия
Ел іші бұзылды.
Әуремін мен тыя
Дауың мен шарыңды.
Құрбыдай қош тұттым
Жасың мен кәріңді.
Жоқтамай ұмыттым
Ақыл мен нәріңді.
Ортаға көп салдым
Өзімде барымды.
Япырм-ау, неңді алдым,
Сау қоймай арыңды?!
Өзіңнен асырдың
Сұм тілді қарынды.
Жасырдым, жасырдым,
Енді айттым барымды.
Ақынның сатирасындағы лирикалық геройлар - сол кездің атқа мініп, сөз ұстаған пысықтары. Бірақ олардың бәрі де ой-өрісі тар, бірді-бірге шабыстырып, ел бірлігін ыдыратушылар. Ел бірлігі елдік үшін керек деген идеяны берік ұстаған ақын оған қайшы келушілерді шенейді. Олардың мардымсыз іс-әрекеттері бір жағынан оның жанын жараласа, екінші жағынан, оны жиіркендіреді. Сөйтіп, кейде бір өлеңде екі түрлі сезім түйіседі. Жоғарғы келтірілген үзіндіде әрі элегияның, әрі сатираның элементтері кездесуінің себебі де осында.
Жалпы емес, Дұтбай, Күлімбай, Көжек тәрізді болыс, қу, сұмдарға арналған өлеңдері - нағыз сатиралық лирика. Әйтсе де бұл өлеңдерді оқығанда, ерекше аңғарылатын бір жайт - суреттеген объектісін өлтіре сынауында ғана емес, көлемі шағын қысқа өлеңдердің ішінде өзінің лирикалық қаһарманын нағыз жексұрын адамдар бейнесінде көзге елестете білуінде. Оқырмандардың көңілінде олардан безерлік әсер қалдыруында.
Жылуы жоқ бойының
Жылмиғаны неткені?
Құбылуы ойының
Кетпей құйтың еткені!
Мұңды жылмаң киімін,
Кезек киіп, ел жиып.
Болыс болса түсінің
Түксігін салар тырсиып.
Бір көрмекке тәп-тәтті,
Қазаны мен қалбаңы.
Дөң айналмай ант атты,
Бүксіп, бықсып әр жағы.
Бұл тәрізді сатиралық өлеңдер Абайда көп. Қайсысында болсын ол өз кезінде үстем тап өкілдерін қатты сынаумен қатар, оларды жоққа шығарады. Еш нәрсеге арзымайтын адамдар дейді. Қай кезде болсын, сатира - өмірді, қоғам құрылысындағы белгілі бір адамдарды келеке ету, мысқылдау, олардың әртүрлі жаман жақтарын жұрт алдында масқаралау, күлкі ету. Сатира ақынның өмір тануы, көзқарасы өз кезіндегі үстем, билеуші таптың тілегіне қайшы келген кезде туады. Көптің, не белгілі бір топтың немесе белгілі бір таптың атынан күрес майданына шығып, бар қару-күшін үстем етушілерге қарсы жұмсайды. Абай демократтық бағытты қолдаушы ақын болғандықтан, феодал-байларға, олардың ішінен шыққан әртүрлі алаяқтарға қарсы шығуы, оларды сынауы заңды еді. Осындай әлеуметтік құрылыстағы идеялық тартыстар Абай сатираларына бірінші негіз болса, қоғам өміріндегі әр алуан мәселелерге сын көзімен қарап, шегіне жеткізе сынаушылыққа шеберленуінің екінші тамыры Салтыков-Щедринде, Л.Н.Толстойда жатыр. «Ойында жоқ олардың Салтыков пен Толстой» деп Абай жай айтпаған, оларды ақын өзінің ұстазы біліп, басқаларға үлгі ретінде ұсынады.
Салтыков сатирасының негізі ескі Россияның көлеңке, кертартпалық жағының шындығын ашып, оларды шенеу, революциялық-демократтық идеяны қолдау болса, көп мәселелер жөнінде Салтыков пен Абай арасында пікірлері жағынан үндестік, стильдері жағынан жақындықтары айқын. Тіпті өмір құбылыстарын мысқылдап, шеней суреттеуге қолданылатын ирония, сарказм сықылды поэтикалық тілдері де бір-біріне ұқсас. Осы себептердің арақасында, Абай сатираның ұстасы дерлік дәрежеге көтерілді.
Абайдың бір алуан өлеңдері философиялық лирикаға жатады. Бірақ бұл саладағы өлеңдері күні бүгінге дейін зерттелмей, тың жатыр. Өйткені олар Абайдың жалпы философиялық көзқарастарын терең зерттеумен байланысты болғандықтан, бұған әдебиетшілердің тәуекелдері тұрмай, қашқақтап келсе, философтар да оны дербес тақырып етіп зерттемей жүр.
Абайда өмірдің, оның әр алуан құбылыстарының өзгеріп отыратындығы, діннің, тәңірдің, адам мен жеке адамның қоғамдағы орны мен ролі сияқты философиялық мәселелер сөз болады. Оның: «Өлсем орным қара жер», «Жүрегім менің қырық жамау», «Өлсе өлер табиғат, адам өлмес», «Алла деген сөз жеңіл», «Тоты құс түсті көбелек», «Единица - жақсысы» тәрізді сөздері - философиялық лирика. Бұл - біздің талапты жас философтарымыздың айрықша көңіл бөліп, зерттеулерін күтіп тұрған әлі қаймағы бұзылмаған, күрделі тақырыптың бірі.
Абайда элегиялық лирика да жиі ұшырайды. Лириканың бұл түріне Абай үлкен шебер. Элегиялық өлеңдердің негізі өз кезіндегі әлеуметтік өмірге ақынның риза болмауынан, оның көп жақтары ақынды қанағаттандырмай, қарсы күресуге әлсіздіктен, жалғыздықтан келіп туады. Сол себептен онда қайғыру, мұңаюшылық сарыны басым келеді. Әрине бұл жайттарды да кезеңімен, жағдайымен байланысты алып қарау керек. Элегия жазушы ақындардың барлығы бірдей емес, кейбір ақындар жалғыздыққа ұшырап, өзінің әлсіздігін өзі мойындайды да, сүйенер тірегінің түбі босап, тамыры шіри бастағанына көзі жетіп, сенері жоқ болғандықтан, пессимизмге бой ұрады. Олардың лирикалары өмірден түңілу немесе қоғамдық мәні бар тақырыптардан аулақтап, жалаң махаббат немесе ішімдікті жырлауды машық етеді. Одан гөрі құлдиласа, бұл дүниеден мүлде безіп, ол дүниені жырлауға беріледі.
Элегия, кейде ақынның үстемдік етуші тобына наразылығынан, кейде қоғам өміріндегі кемшіліктерге оның жаны аурудан туады. Өз кезіндегі өмір кемшіліктеріне жаны аурудан туған элегияларында, өмірден мүлде түңілу болмаса да, ақынның қажу, налу сарыны анық байқалады.
Ал сенейін, сенейін,
Айтқаныңа көнейін.
Шалма ораған сопының
«Ішін арам» демейін, -
деп, өзі мен басқалардың қарым-қатынастарындағы алдамшылық іс-әрекеттерді айта келіп:
Басыңа тиді байқадың,
Бәрінен басты шайқадың.
Тағы бар ма айтарың?
Нанғыш болсаң, енді нан! -
деді. Абайда осы сықылды элегиялық өлеңдер жоқ емес. Бір алуан элегиялар ең жақсы көретін ұлы Абдрахманның өлімімен байланысты туды.
Элегия кейде ақындардың күйініш-сүйініштерін, әр жағдайлармен байланысты ішкі сезімдерін сыртқа шығару, кейде бір жай көңіл-күйлерін көрсету үшін де жазылады. Бұл - табиғи нәрсе. Өйткені соқпақсыз өмір жолы жоқ. Кім де болса тіршілікте не қайғы, не бір көңіл күйзелтерлік жағдайға кездеспей тұрмайды. Бұл барлық ақындардың бастарында да болуы мүмкін. Ондай жағдайлар сезімтал, нәзік жанды ақындарға тез әсер етіп, ақындардың лирикаларында элегиялық сарын туғызуы мүмкін.
Көк ала бұлт сөгіліп,
Күн жауады кей шақта.
Өне бойың егіліп,
Жас ағады аулақта.
Жауған күнмен жаңғырып;
Жер көгеріп күш алар.
Оның малы өзгеден
Өзгеше болып өсер тел, -
деді. Осы сияқты ынтымағы берік елге бірлігі, берекесі жоқ елді қарсы қояды:
Берекесі кеткен ел -
Суы ашыған батпақ көл.
Оның суын ішкен мал,
Тышқақ тиіп, аспас бел.
Құс қаңқылдап, жағалап,
Шулай алмас жазғы төл.
Көл деп оны кім айтар,
Суы құрсын, ол - бір шөл.
Берекелі, берекесіз елдерді екі түрлі көлге балап бейнелеу арқылы халқын бірлікке шақырады. Ел бірлігі туралы айтқан ұлы ақынның пікірлері өзінің аты шулы «Сегіз аяқ» өлеңіндегі:
Біріңді, қазақ, бірің дос,
Көрмесең істің бәрі бос! -
деген сөздермен түйінделеді.
Патриоттық идеяны жырлауда «Сегіз аяқ» - айрықша мәні бар өлең. Онда ел мәселесі әр жағынан алынып жырланады. Бірақ осы өлеңді әркімдер өзінше талдап, өлеңдегі қазақ деген сөзді тілге тиек етіп, Абайды ұлтшылдыққа қарай сүйреп те көрді. Кейбіреулер осы сөзден шошынып, ақыннан бойын аулақ салуға тырысты. Алдыңғысы саналы түрдегі ұлтшылдардың бұрмалаушылығы да, соңғысы - мәселенің байыбына бармаушылықтан туған қателік. Қазақ деген сөз бүкіл қазақ елін, ұлт деген ұғымды қамтиды. Ұлтын, Отанын сүю - ол ұлтшылдық емес, патриоттық. Әрине бір ұлттың ішінде езуші де, езілуші де бар. Әйтсе де ұлтты құрайтын - ат төбеліндей езушілер емес, көпшілік халық. Дағдыда, ұлттық мәселелерді көтергенде, сол ұлттың атымен жалпылап қазақ дей тұрса да, Абайдың ешбір өлеңінде сол ұлттың езушілерін мадақтаған, мақтаған жері жоқ. Үстемдік етушілердің іс-әрекеттерін сөз ететін өлеңдерінің қайсысын алсақ та, оның тілінің уы мен зәрі соларға арналады. Өзі сол таптан шықса да, қанаушы да, елді ірітуші мен аздырушы да, кертартпалық, «ала жылан, күпілдектер» де сол таптың өкілдері. Олар - келешегі кесілгендер. Болашақ өмір халықта, жаңалық пен мәдениет ғылымда деп білді. Сондықтан жоғарғы өлеңдерді патриоттық, яғни өз Отанын жырлау тілегінен туған өлеңдер деп түсінуіміз керек.
Абайдың бір даналық қасиеті - интернационалдық. Оған өзінің өмірі де, ісі де, сөзі де дәлел. Өзінің жас кезінде басқа елдерді сынаған, оқымаған қазақтарды сынаған, өз халқының мәдениеттен артта қалғанына ашынған «Екінші сөз» деп аталатын қара әңгімесі, «Ойында жоқ олардың Салтыков пен Толстой» өлеңі және
Физули, Шамси, Сайхали,
Навои, Саади, Фирдоуси,
Хожа Хафиз бу һәммәси
Мәдет1 бер я шағир2, фәрияд3, -
деген мысалдардың өзі-ақ оның интернационалист адам екендігін аңғартады. Оның өмірінде достасқан адамдарының да кім екендігі оқушыларға мәлім.
1Мәдет (парсыша) - жәрдем.
2Шағир (арабша) - ақын, я шағири - ақындарым.
3Фәрияд (арабша) - дауыс, үн. Бұл жерде тілек, сиыну.
Ақын достығының күш-қуатын, қасиетін айта келіп, қолдан достық та жасап көреді. Бірақ сол досы мен өзінің арасына басқа жұрт от салып, екі айырады. Әйтсе де ақын үміт үзбейді. Өмірде достық, татулықтан артық еш нәрсе жоқ деген қорытындыға тоқтайды. «Кейде есер көңіл құрғырың» деген өлеңінде:
Махаббатсыз дүние бос,
Айуанға оны қосыңдар.
Қызықтан өзге қалсаң бос,
Қатының, балаң, досың бар.
Жүрегі жұмсақ білген құл,
Шын дос таппай тыншымас.
Пайда, мақтан - бәрі тұл,
Доссыз ауыз тұшымас, -
дейді. Бұл - Абайдың достық жөніндегі барлық өлеңдерінің құлпын ашатын кілті тәрізді. Өмірге махаббатсыз, достықсыз қалай қарайтындығы мұнда айқын айтылған. Ең болмағанда үй ішіңмен дос бол, ол да болса қанағат дейді, шындығында, жүрек сезімі дүниеге белгілі бір көзқарасы бар адам «шын дос таппай тыншымауы керек», дос таппай, дүниені дос көру - айуандық, «доссыз ауыз тұшымайды» деп жалықпай дос іздейді.
Махаббат, достық - шексіз нәрсе. Оның әр алуан түрі, сансыз сыры бар. Әйтсе де бір мәселе анық. Ол - адам өмірінде махаббат-сүйіспендіктің шешуші роль атқаратындығы. «Сүюсіз ойлап тұрсам, өмір бар ма?» деген риторикалық сұрау «Жоқ» деген жауапты ешкім айтпай-ақ ұқтырып тұр. Түтеген оққа қарсы шапқан төтен ерлік, Отанын сүюшілік, қиыншылық пен азапты көре, біле тұра, алдына зор мақсат қойып, революция жолына бел буып, майданға шығу, езушілерге деген зор махаббат, жаны ашушылық, тағы басқа да осылар сықылды мысалдар көп.
Өмірде адамды сүймей, адамның өмір сүруі, еңбекке ұмтылуы, қоғамға керекті, пайдалы үлкен туындылар беруі мүмкін емес. Адамды ерлікке жетектейтін негізгі бір жасырын күш - махаббат. Өмірді, адамды сүймеген кісі пессимизмге беріледі де, көз ұзамай-ақ өмірден мүлде безіп, ақыры өзінен-өзі жоқ болады. Ол - тірі жүрсе де өлік, қоғам үшін қажетті еш нәрсе жасай алмайтын тірі аруақ. «Махаббат өлімнен күштірек» деп Мопассан жай айтпаған. Абай да бұл мәселені терең түсінген адам. Жоғарғы келтірген үзінділердегі ақынның отанына деген сүйіспеншілігі, махаббат-достық туралы сөздері осыны аңғартады. «Жүрегі жұмсақ білген құл, шын дос таппай тыншымас».
Махаббат тақырыбына арналған Абай лирикасының бірқатары әйел мен ерлердің арасындағы сүйіспендікті жырлауға арналады. Бұл мәселеде де Абайдың өз замандастарынан мойны анағұрлым озық жатқандығы даусыз. Оның ер мен әйел арасындағы қарым-қатынастар қандай болуы керектігі жайлы көзқарас, ой-пікірлерінің негізгі түйіні:
Ғашықтық, құмарлықпен ол екі жол,
Құмарлық бір нәпсі үшін болады сол.
Сенен артық жан жоқ деп ғашық болдым,
Мен не болсам болайын, сен аман бол.
Ер мен әйелдің арасындағы қарым-қатынас, семья құру мәселесінде Абай тек қана бірін-бірі шын жүректен сүйген махаббатты, соның негізінде ер мен әйелдің бір-бірін іздеп табушылығын мойындайды. Құмарлық, нәпсіге берілушілікті шеней келіп, ақын бұл мәселеде де өзінің көзқарасын айқындайды.
Біреуді көркі бар деп жақсы көрме,
Лапылдақ көрсеқызар нәпсіге ерме!
Әйел жақсы болмайды көркіменен...
Шын көркімен сүйсе екен кімді сүйсе,
Бір сөзімен тұрса екен жанса, күйсе...
Қатының сені сүйсе, сен де оны сүй,
Қоржаң суық келеді кей сасық ми.
Ері ақылды, қатыны мінезді боп,
Тату болса, райыс1 үстіндегі үй.
Осы келтірілген мысалдардың бәрі де Абайдың махаббат, сүйіспендік, семьядағы қарым-қатынастар қандай болу керектігіне негізгі жауаптар. Ол мәселелердің қайсысы туралы болсын мейлі, ақын пікірлері тек өз кезі ғана емес, келешек ұрпақтары үшін де құнды.
1Райыс - жұмақ, рахат деген сөз.
Махаббат, сүйіспендік туралы бұл айтылғандар тәрізді философиялық көзқарас, терең ойлар ұсынуы өз алдына, сонымен қатар махаббатты ғажап әдемі, кіршіксіз таза, әрі нәзік нәрсе етіп жырлауы - айрықша көңіл аударарлық жайт. Бұл жағынан Абайды махаббат жыршысы деуге болады. Махаббат, сүйіспендікке арналған ақынның лирикалық өлеңдері көркемдігі, шындығы және сүйіскен жастардың ой-сезімдеріндегі психологиялық жайларды суреттеуі күні бүгінге дейін маңызын жоғалтқан жоқ. Абай лирикасының махаббатты поэзиялық биікке шығарған туындылар сапына қосатындығына шәк келтіруге болмайды.
Махаббат тақырыбымен байланысты жазылған Абай өлеңдерінің лирикалық геройлары бір-бірін қалтықсыз шын сүйеді. Теңім, іздегенім, арманым деп сүйеді. Қызы да, жігіт те бірі үшін екіншісі жан беруге әзір. Мысалға, «Жігіт пен қыздың сөзі» дейтін өлеңін алайық.
Жігіт:
Сенен артық жан тумас,
Туса туар, артылмас.
Бір өзіңнен басқаға,
Ынтықтығым айтылмас, -
десе, қыз:
Ақылыңа сөзің сай,
Сіз жалын шоқ, біз - бір май;
Ыстық сөзің кірді ішке,
Май тұра ма шыжымай, -
дейді. Бірін-бірі шын сүйген екі жас адал ниет, ақ жүректерімен бас қосып, тату-тәтті өмір сүруді аңсайды. Жай, қарапайым адамдар болса да, бір-біріне тым ардақты, тым сұлу көрінеді. Бұл өлеңдегі ақынның лирикалық қаһармандары - өз түсініктерінде махаббатты жоғары идеал санайтын таза жандар. Мұның түп тамыры, әрине ақынның осы мәселеге көзқарасында жатыр. Абайдың махаббат, сүйіспеншілікке қоятын шарты - шын көңілмен сүю, өз сөзіне беріктік. Сондықтан да оның лирикалық қаһармандары - таза жүрек, терең сезімді, бір сөзі жандар.
Абайдың махаббат тақырыбындағы жырларының көркемдік ерекшеліктерін сөз еткенде, екі түрлі жайтқа көңіл аударуға тура келеді. Бірінші, ескі қазақ ауылындағы жастардың еркін жүріп, ашық сөйлесулеріне жол тар кезде, қиыннан тоят тілеп, қияға қол созған екі ғашықтың картинасының өмір шындығына дәлдігі, екінші, аңсап қосылған сол жастардың сүйініш, жүрек лүпілдері, психологиялық сезімдері мейлінше шебер суреттеледі.
Желсіз түнде жарық ай,
Сәулесі суда дірілдеп,
Ауылдың жаны терең сай,
Тасыған өзен гүрілдеп.
Қалың ағаш жапырағы,
Сыбырласып өзді-өзі.
Көрінбей жердің топырағы
Құлпырған жасыл жер жүзі.
Тау жаңғырығып, ән қосып,
Үрген итпен айтаққа.
Келмеп пе едің жол тосып,
Жолығуға аулаққа.
Үш шумаққа ескі қазақ ауылының бір кешін қалай сыйғызып және қандай әдемі етіп бере алған! Сондай бір бейуақ, айлы түн, әдемі кеште алыстан аңсаған екі жастың кездескендегі күйініш-сүйініш ішкі сезім дүниесін суреттеген жерін алсақ, қандай шеберлік, қандай шындық деп таңданбасқа болмайтын сықылды.
Бір суынып, бір ысып,
Дем ала алмай дамыл ғып.
Елең қағып, бос шошып,
Сөз айта алмай бөгеліп.
Дүрсіл қағып жүрегі
Тұрмап па еді сүйеніп,
Тамаққа кіріп иегі?
Адам басында болатын сан алуан сезімдердің ішіндегі ең күшті сезім, Мопассан айтқандай, «өлімнен де күшті - сүйіспендік» болса, сол сезімді суреттеудегі ақын қаламынан шыққан лирикалық өлеңдердің ең биігі - «Қызарып, сұрланып», «Көзімнің қарасы».
Абайдың махаббат лирикасы өз кезінде де, өзінен кейін де жастар арасына кең тарап, халық аузындағы ең сүйікті жыр, сүйіп айтар әні болды. Күні бүгінге шейін Абайдың бұл тақырыпқа жазылған өлеңдерін жатқа білмейтін жастар аз шығар.
Жалпы Абай өлеңдеріне тән нәрсе - шындық, тереңдік, көркемдік. Қандай тақырыпқа жазса да, сол тақырып, сол өмір құбылыстарын өте жақсы біліп, шындықтан алған әсерлерін өзінің ой елегі мен сезім дүниесінен өткізіп, мәнді де, әдемі де етіп бере білуінде. Бұл - махаббат лирикасына да тән сипат.
Ақынның:
Ғашықтың тілі - тілсіз тіл,
Көзбен көр де, ішпен біл.
Сүйісер жастар қате етпес,
Мейлің илан, мейлің күл.
Ол тілге едік оңтайлы,
Қарыпсыз біліп сондайды,
Біліп-ақ ұғып қоюшы ек,
Енді ішіме қонбайды, -
Табиғат лирикасы
Абай өлеңдерінің бір алуаны - табиғат лирикасы. Табиғат - адам баласының еңбек етіп, өмір сүретін ортасы. Бар байлық, қазына, тіршілік, табиғат дүниежүзі әдебиетіндегі ірі классик ақындардың барлығының да шығармаларынан орын алды. Әр дәуір, әр жағдайға лайықты табиғатты әркім әртүрлі жырлады. Біреулер табиғат арқылы өмір сүретін, біреулер табиғатты суреттеу арқылы көңіл-күйін, өз көзқарасын айтып берді. Ал кейбіреулер белгілі бір кезеңдерде өмірдегі күрес-тартыстардан безіп, табиғатты ғана жырлап, өмірден безу көйгейін тартты. Қайткенмен де, табиғат көркем әдебиеттен үлкен орын алды.
Абайдың да айрықша жырлағанының бірі табиғат болды. Ол табиғат аясында өсіп, оны сүйе білді. Абайдың «Желсіз түнде жарық ай», «Күз», «Қыс», «Жаз» деген өлеңдерін оқығанда, табиғаттың әртүрлі құбылысы көзіңе елестейді. Жаратылыстың жайдары жазын, түсі суық тұманды күзін, не болмаса сақылдаған аязы мен қарлы боранын өзің көріп тұрғандай боласың. Мысалы, «Желсіз түнде жарық ай» деген өлеңінде:
Желсіз түнде жарық ай
Сәулесі суда дірілдеп,
Ауылдың жаны терең сай,
Тасыған өзен гүрілдеп.
Қалың ағаш жапырағы,
Сыбырласып өзді-өзі.
Көрінбей жердің топырағы
Құлпырған жасыл жер жүзі, -
деп, жазғы түннің әдемі суретін алдыңа тартады, жаз кезінің желсіз тымық күні, аспандағы жарық айдың суға түскен сәулесі, жазғы ауыл, оның жанындағы терең сай, гүрілдеген өзен суретшінің бояуы арқылы тұтас бір картина ретінде көз алдыңа келеді.
Ақын жайнаған жаздың әдемі көркін осылай суреттесе, сол сұлу сурет өзгеріп, гүл, жапырақ солып, түсі қашқан күздің суық кескінін:
Сұр бұлт түсі суық қаптайды аспан,
Күз болса, дымқыл тұман жерді басқан.
Білмеймін, тойғаны ма, тоңғаны ма?
Жылқы ойнап, бие қашқан, тай жарысқан.
Жасыл шөп, бәйшешек жоқ бұрынғыдай,
Жастар күлмес, жүгірмес бала шулай.
Қайыршы шал-кемпірдей түсі кетіп,
Жапырағынан айрылған ағаш, қурай, -
деп, күз түсумен бірге бәйшешек солып, ағаштардың сидиып, жапырағынан айрылғанын, ерке жазда мәз-мейрам болып келген жастардың, асыр салып ойнаған балалардың көрінбейтіндігін, қысқасы, көңілсіз күздің бейнесін тамаша түрде елестетеді.
Абай қыстың кескінін де аса шеберлікпен суреттейді. Үскірік бораны бұрқырап тұрған қысты рақымсыз адам бейнесіне ұқсатады. Қыстың малға да жағдайсыз соқыр, мылқау күш екендігін аңғартады.
Ақ киімді, денелі, ақ сақалды,
Соқыр, мылқау, танымас тірі жанды.
Үсті-басы ақ қырау, түсі суық,
Басқан жері сықырлап келіп қалды.
Дем алысы - үскірік, аяз бен қар,
Кәрі құдаң - қыс келіп, әлек салды.
Ұшпадай бөркін киген оқшырайтып,
Аязбенен қызарып ажарланды.
Абай жылдың қай мезгілін суреттесе де, ең алдымен оның шындық бейнесін береді. Жоғарғы үзіндіде келтірген өлеңдердің қайсысын оқысақ та, сол кездің суреті көз алдыңда тұрады. «Қылышын сүйреткен қыс», «Масатыдай құлпырған жаз» өз кескінімен көрінеді. Жылдың төрт мезгіліндегі табиғаттың өз әдемілігінің мына жері кем қалыпты деп ешкім таласа алмастай етіп суреттелінеді.
Ақын өлеңдерінде табиғаттың тек жалаң суретін ғана беріп қойған жоқ, оны адам өмірімен нық байланыстыра білді. Мал бағумен күн көріп, көшіп-қонып жүрген қазақ елінің өмір шындығын дәлме-дәл көрсетіп, жылдың әрбір мезгілінің мал баққан елге қандай әсер ететіндігін баяндады:
Қырдағы ел ойдағы елмен араласып,
Күлімдесіп, көрісіп, құшақтасып,
Шаруа қуған жастардың мойны босап,
Сыбырласып, сырласып, мауқын басып, -
деп, Абай күн көрісі табиғатпен нық байланысты болған елдің алты ай қыста бүрсең қаққан, қалт-құлт еткен кейпі жаз келе жадырап, басқа түрге енгенін, мал баққан ел қандай қуанышпен жазды қарсы алатындығын, оның өзі өмір тіршілігімен байланысты екендігін көрсетеді. Сондықтан да ол осы өлеңінің екінші бір жерінде:
Жаңа пұлмен жамырап саудагерлер,
Диханшылар жер жыртып, егін егер.
Шаруаның бір малы екеу болып,
Жаңа төлмен көбейіп дәулет өнер, -
дейді.
Ақын қазақ даласындағы жазғытұрғы кездің барлық суретін толық берумен бірге, бұл кезді қазақ халқын еңбекке жұмылдыратын, тіршілік үшін күресінің қайнар көзі деп таниды.
Мал семірер, ақ пенен ас көбейер,
Адамзат көңілі өсіп, көтерілер.
Қара тастан басқаның бәрі жадырап,
Бір сараңнан басқаның пейілі енер.
Тамашалап қарасаң, тәңір ісіне,
Бойың балқып, ериді іште жігер, -
деп, жаздың суретін өзі де сүйеді және оны жалпы жұрттың көңілін шарықтатып, жігерін туғызатын маусым деп ұғады.
Абайдың тағы бір өлеңі - жазғы шілде кезін суреттеген өлеңі. Ақын бұл өлеңінде жаздың дәл кемеліне келіп тұрған кезін көрсетпек болады. Жаздың әдемі көрінісін:
Жаздыгүн шілде болғанда,
Көкорай шалғын, бәйшешек
Ұзарып өсіп толғанда,
Күркіреп жатқан өзенге,
Көшіп ауыл қонғанда,
Шұрқырап жатқан жылқының
Шалғыннан жоны қылтылдап,
Ат, айғырлар, биелер,
Бүйірі шығып ыңқылдап,
Суда тұрып шыбындап,
Арасында құлын, тай,
Айнала шауып бұлтылдап, -
деп суреттейді.
«Күз» өлеңінде шөп қуарып, күн салқындап, көңілсіз кездің келу суретін бұлжытпай берумен қатар, мал баққан көшпелі, шала көшпелі ел үшін күздің жағдайсыз кезең екендігін айқындайды.
Кемпір, шал құржаң қағып, бала бүрсең,
Көңілсіз қара суық қырда жүрсең, -
дейді. Жалғыз бұл ғана емес, қай жерін оқысаң да, көзіңе күзгі кедей ауылдың көңілсіз сүреңі елестейді.
Табиғатты оқиғамен байланыстыра суреттеу халық ауыз әдебиетінде де болды. Бірақ қазақ әдебиетінде табиғаттың өзін жеке тақырып етіп алып, Батыстың классик ақындарының үлгісімен суреттеу Алтынсарин мен Абайдан басталады. Әсіресе оны жоғарғы сатыға көтерген - Абай.
Абай «Қыс» деген өлеңінде қысты адам бейнесінде суреттеп береді. Бұрын қысты бұлай суреттеу болмаған-ды. Абай оны қазақтың ұғымына сай «кәрі құдаң - қыс келіп, әлек салды» деген тәрізді байырғы сөздер арқылы образдар жасайды. Қысты ақ сақалды шал бейнесінде суреттеу бұрынғы қазақ әдебиетінде, Абайдан басқаларда кездеспейді. «Қыс» деген өлеңнің басқа жағын былай қойғанда, бұл шығармадан қыстың қырдағы елге қандай әсері барлығын, мал баққан жылқышыға, жалпы шаруаға жылдың ең бір қолайсыз кезі екендігін айқын көруге болады. Өйткені қыс өз тұлғасында толық берілген. «Қыс» өлеңін оқығанда, аязды қыстың суық лебі бетке тигендей болады. Табиғат тақырыбында жазылған бұл өлеңдері - ақынның асқан суретші екендігіне толық дәлел.
Достарыңызбен бөлісу: |