Абайға дейінгі қазақ поэзиясы және Абай поэзиясының тілі



бет5/5
Дата10.03.2020
өлшемі0.75 Mb.
#448111
1   2   3   4   5
Абай

Абайға дейінгі қазақ әдебиетінің қай түрінде болсын, мінездеу де өте кенже қалған әдіс болатын. Жырларда, не әртүрлі поэмаларда мінездеулер не кездеспейтін, кездесе қалса, жұрнағы, сұлбасы ғана болатын. Жырларда кездесетін батырлардың бір-бірінен онша айрылмай, барлығы біркелкі болып келушілігінің бір сабағы осы мінездеулердің бойы өсіп, бұғанасы қатпауымен байланысты. Батырлар жыры, не сол жырлардағы бір батырдың екіншілерінен айырмашылығын көрсетпек болғанда, көбіне сыртқы портрет жағынан суреттеу арқылы жекелеп бейнелейтін.

Абай қазақ әдебиетінің бұл кемшілігін сезді де, орыс әдебиетін, әсіресе Пушкин өлеңдерін аудару арқылы мінездеудің тамаша-тамаша үлгілерін қалдырды. «Онегиннің сипаты» деп аталатын «Евгений Онегин» романынан аударған үзіндісі адамның мінез-құлқын суреттеу - өзіне дейінгі әдебиетте болмауы былай тұрсын, күні бүгінге дейін теңдесі жоқ мінездеу.

Бірақ мінездеу жөніндегі Абайдың үздіктігі тек орыс әдебиетіндегі жақсы үлгілерді аударуында ғана емес, өз бойына сіңіріп, өз шығармаларында да үздік өнеге қалдыруында. Абайдың поэмаларындағы Ескендір, Аристотель, Масғұт, Жәдігөй шал, Әзім, хан, қыз образдарын, олардың әрқайсысының мінездерін жекелеп көрсетудегі шеберлігін былай қойғанда, өз кезіндегі болыс, билерді, атқамінер қуларды сықақ еткен қысқа-қысқа сатиралық лирикаларының өзінде де адамның ішкі сыр-сипатын өте ашық, айқын етіп көрсетеді («Болыс болдым, мінекей», «Мәз болады болысың», «Дүтбайға», «Көкбайға», т.б.).

 

Жылуы жоқ бойының -



Жылмиғаны неткені?

Құбылуы ойының -

Кетпей құйтың еткені.

Мұңды жылмаң киімін

Кезек киіп, ел жиып,

Болыс болса, түсінің

Түксігін салар тырсиып.

Бір көрмекке тәп-тәтті

Қазаны мен қалбаңы.

Дөң айналмай ант атты,

Бүксіп, бықсып ар жағы.

Сенен аяр түгі жоқ,

Бүгін сыйлас көрініп.

Бүгін жалын, ертең шоқ,

Сөзі мен өзі бөлініп.

Әлі үміт, әлі серт,

Жын сықылды бұзылып.

Қулық емес, бұл бір дерт,

Тұрлауы жоқ құбылып...

 

Улы сарказммен жазылған сатиралық осы кішкене өлеңнің өзінен де ақынның мінездеуге ұсталығы айқын көрінеді. Жоғарғы айтылғандарды қорыта айтқанда, аударма жөнінде де Абайдың қазақ әдебиет тарихында орны ерекше.



Бірінші, бұл - қазақ әдебиетінің даму жолындағы күрделі жаңа адым. Екінші, қазақ жұртшылығын ұлы идея, үлкен қор, жоғарғы сатыдағы әдебиетпен таныстырып, екі елдің рухани тіршілік, мәдениеті мен әдебиеттерін байланыстыруға берік дәнекер болды. Үшінші, орыс әдебиетін жақсы аудару, олардың үлгісінде жаңа образ, жаңа сөз, сөйлем, қазақ әдебиетінде бұрын жоқ әртүрлі әдістерді әдебиетке кіргізіп, қазақтың әдеби тілін бұрынғыдан да байытып дамытты, ілгерілетті. Төртінші, шет тілден өлеңдерді қалай аудару керек екендігінің бірінші рет жолын салып, кейінгілерге үлгісін пішіп берді. Абай аудармалары - бүгінгі аудармашылар үшін де көрнекті үлгі.

Абайдың қазақ поэзиясын дамытудағы үлкен еңбегі - өлең құрылысына және тіліне көптеген жаңалықтар енгізіп байытуында дедік. Бірақ бұл екі мәселе туралы да айрықша ғылыми зерттеулер болғандықтан, әдейі тоқталуды қажетсіз деп білеміз.

Тарихтың Абайға артқан жүгі тек әлеуметтік мәселелер ғана емес, ұрпақтарының алдында өзінің ақындық міндетін, яғни әдебиет мәселесін де жүктегенін ол жақсы ұғынды. Абай өз бойындағы барлық мүмкіншілігін бұл жолдан да аяған жоқ. Абай қазақ поэзиясын әрі мазмұны, әрі көркемдігі жағынан жоғары сатыға көтерді. Өзіне дейінгі қазақ өлең құрылыстарындағы табыстарды пайдалана отырып, оны дамытуға күш салды. Шығыс, орыс, батыс әдебиеттерінің ұлы классиктерінің туындыларымен жақсы танысқан ақынды қазақ өлеңінің байырғы түрлері қанағаттандырмады. Жаңа мазмұнға жаңаша түр іздеді, бұл салада да Абай тарихи мәні зор ұлы өзгерістер жасады.

 
1Қ.Жұмалиев. «Абайға шейінгі қазақ поэзиясы және Абай поэзиясының тілі», Қазақтың мемлекеттік оқу-құрал баспасы, Алматы, 1948, З.А.Ахметов. «Казахское стихосложение», изд-во «Наука, А-Ата, 1964.

 

Абайға дейінгі ауыз әдебиеті, тарихи әдебиетті алсақ, қазақ өлең құрылысының үш-ақ түрі болатын:



1. Он бір буынды; 2.Жеті буынды; 3.Аралас буынды (бұған кіретіндер - әнге арналған өлеңдер мен жырларда көп кездесетін көп жолдары жеті буын, кейде сегіз буын және буындары аралас келіп отыратын өлеңдер). Мысалы:

 

 



            4                      3                      4

Қара таудың басынан көш келеді,

            4                      3                      4

Көшкен сайын бір тайлақ бос келеді.

            4                      3                      4

Ел-жұртынан айрылған жаман екен,

            4                      3                      4

Екі көзден мөлдіреп жас келеді1.

 

***


 

                 4                      3

Алты қырлы ақ мылтық,

                 4                       3

Ата алмасам маған серт.

                  4                     3

Толғауыма шыдамай,

                  4                     3

Толықсысаң саған серт.

 

 



***

 

                   4                      3                       4                         2



Бір толарсақ, бір тобық санда болар, жар-жар-ау,

                  4                  3                    4                2

Әр адамның тілеуі алда болар, жар-жар-ау.

                  4                        3                         4                      2

«Әкем-ай!» деп жылама, байғұс қыздар, жар-жар-ау,

                  4                    3                      4                        2

Әкең үшін қайын атаң онда болар, жар-жар-ау.

 














1Ескерту: Қазақтың он бір буынды өлеңдері бунақтарының орны ауысып түсуіне қарай өзара үшке бөлінеді. Бас бунағы 3 буынды, орта бунағы 3 буынды, аяққы бунағы 3 буынды. Жалпы саны 11, одан өзгермейді.

 

Немесе (жырларда келетін түрі):



            4                      3

Біразырақ жырлайын,

            4                      3

Бозторғайдай шырлайын,   

 

            5                      3



Босағасы биік біреуді

            4                      3

Баса келіп қорлайын...

 

Қазақтың өлең құрылысы силлабикалық өлең құрылысының жүйесіне жататындықтан, негізгі өлшеуіші - буын. Буыны жағынан ауыз әдебиетінің де, Абайға дейінгі тарихи әдебиеттің де жеткен жері осы еді. Бұл түрлер қазақ өлеңдерінде әбден тұрақталып, бекіп алған болатын. Абай ең алдымен қазақ өлеңдерінің осы жағына көңіл бөлді.



Дәуірдің өзгеруі, ой-сананың ілгерілеуі, әлеумет өмірінің жалпы дамуы жаңа мазмұнды туғызса, жаңа мазмұн жаңа түрді керек етті. Абай қазақ өлең құрылысына ең алдымен 6 буынды және 8 буынды өлеңнің екі түрін енгізді. Мұның екеуі де жаңа. Кейбір жолдастар 6 буынды, 8 буынды өлең өлшемі бұрыннан да бар, қазақтың мақал-мәтелдерінде кездеседі дегенді айтады. Қазақтың Абайға дейінгі ырғаққа құрылған қара сөздерінде ондай буын сандарының ұшырайтындығы рас. Бірақ олар - белгілі бір жүйеге түскен өлшем емес, кездейсоқ түрлер. Академик Радлов қазақтар сөзі мен сөйлемдерін көбіне ырғаққа құрады дейді. Бұл айтқаннан қазақтар тек өлеңмен ғана сөйлейді екен деген ұғым тумасқа керек. Мұндағы шындық - басқа елдердің сөз құрастыруы, сөйлеулеріне қарағанда, қазақта сөйлеу ырғағының анағұрлым айқын сезілетіндігін аңғарту ғана. Сол тәрізді 6-8 буынды өлеңдердің мақал-мәтелде кездесулерін белгілі бір жүйеге түскен, поэзиялық дәрежеге көтерілген, нақты өлең өлшеуі деп қарау, әрине, ешкімді сендіре алмайды. Сөйлемде ырғақ, ұйқастардың кездесуін өлең деп бас салу - орынсыз. Ырғаққа құрылған қара сөз де, не кейбір тақпақпен келетін сөйлеулер де ұйқасып айтыла береді.

 

Базарға кеше мен барып,



Үйге қайттым нан алып, -

 

деген сөйлемді алсақ, ырғағы да, ұйқасы да түгел. Бірақ бұның поэзияға үш қайнаса, сорпасы қосылмайды. Өлең деп ырғақтың белгілі бір тәртіппен қайталауын, ұйқастарының берік сақталуын, дыбыс құрылыстарының заңдылық, әуезділігін, бәрі қосыла келіп, бір мазмұнды беруін және тек жай ғана айтып жеткізу емес, жан сезіміне әсерлі болуын ұғамыз. Онысыз өлең жоқ. Поэзия биігіне көтерілген өлең деп біз тек осындай туындыларды ғана тануымыз керек.



«...Поэзия - это биение пульса мировой жизни, это ее кровь, ее огонь, ее свет и солнце»1, - деп ұлы сыншы Белинский жай айтпаған. 6-8 буынды өлеңдер Абайдан басталды дегенде біз осы тұрғыдан айттық. Абайға дейінгі қазақтың ауыз әдебиетінің кейбір нұсқаларында кездесетін 6-8 буынды сөз тіркестері өлеңге қойылатын шарттарға жауап бере алмайды. Ал Абай өлеңдерінде кездесетін 6-8 буындылардың шын мәнінде поэзиялығына ешкім де таласа алмас.

Абайдың үшінші жаңалығы және ең күрделісі - «аралас буынды» өлең түрлері. Бұл өлең өлшемінің Абайға дейінгі қазақ поэзиясында тек элементі ғана болатын. Негізінде, әнге салып айтылатын өлеңдерде (Мысалы, «Жар-жар», т.б.) және жыр ағымымен келетін 7-8 буынды өлеңдерінде кездесетін. Ал өз алдына әнсіз, жыр ағымынан тысқары келетін Абайдың «Сегіз аяғы», «Кейде есер көңіл құрғырың» тәрізді өлеңдер қазақ поэзиясында жоқ болатын. Бұл түрді қазақ өлең құрылысына енгізіп, «жаңа түр» дерлік дәрежеге көтерген - Абай. Қазақ поэзиясына буыны жағынан үш түрлі өлең құрылысын енгізді деуіміздің себебі де осы. «Аралас буынды» өлең өлшемінің аты біреу болса да, өз ішінде түрлері көп және қазақ өлең құрылысын Абайдың жаңалықтармен байытуының да дені осы аралас буынды өлеңдерінің түрлерінде жатыр.

Абайдың өлең құрылысын зерттеуші авторлар С.Мұқанов «Абай қазақтың өлең мәдениетіне 11 түрлі өлең техникасын қосты» десе, Е.Ысмайлов «...Абайда 16 түрлі жаңа өлең құрылысы бар» дейді.

Бұл кітапта жалпы өлең құрылысын және Абай өлеңдерін терең талдап жатпаймыз. Өйткені қазақтың өлең құрылысының негіздері «Әдебиет теориясы» кітабында және З.А.Ахметовтің «Казахское стихосложение» атты монографиясында толық мәлімет берерлік дәрежеде кең түрде сөз болады. Біз бұл еңбекте қазақ өлең құрылысына Абай енгізген жаңалықтардың негізгі түрлері мен принциптеріне ғана тоқталамыз. Мәселеге осы тұрғыдан келсек, С.Мұқанов пен Е.Ысмаиловтардың Абай өлең құрылысының түрлері туралы пікірлерінде келісерлік те, келісуге болмайтын кемшіліктер де жоқ емес.

С.Мұқанов жолдас Абай өлеңдерінің жаңалығын сөз еткенде, қазақ өлең құрылысының түрін, ерекшелігін жасайтын шумақ жолдарының буын сандарының белгілі бір заңға бағыныңқылығын ескермей, қазақ өлеңінің негізі етіп буын мен ұйқасты қатар алады. Автордың қатесі осында. Қазақ өлең құрылысының негізі - буын. Жалпы силлабикалық өлең құрылыстарын талдағанда, буын негізге алынады. Жалпы өлең үшін ұйқастың мәні зор. Бірақ ұйқас көмекші құралдардың бірі ғана.

 

1В.Г.Белинский. Эстетика и литер. Критика, «в двух томах», том І, стр. 407.



 

Е.Ысмайлов жолдас қазақ өлең өлшеулерінің негізін буын етіп ала тұрса да, сол пікіріне тұрақтамайды. Бір буын жүйесіне жататын, бірақ өз ішінде буын саны әр басқа өлеңдерді жүйесінен бөліп алып, әрқайсысын өз алдына жеке өлең түрі деп қарайды. Әрине ол да қате. Мысалы, «Сегіз аяқ», «Алты аяқ» немесе «Сен мені не етесің» атты өлеңдердің өзара түрлері әр басқа болса да, бұлардың бәрі бір құрылыс, бір жүйеге, яғни аралас буынды өлең құрылысына жатады. Жоғарғы «Сегіз аяқ», «Алты аяқ», тағы басқаларын сөз еткенде, олардың тегі аралас буынды өлең, мыналар соның түрлері деп қарау керек. Мұқанов, Ысмаиловтардың келтірген мысалдары негізінен дұрыс. Қателіктері - тегі мен түрін шатастыруларында.

Қазақ өлең құрылысына Абай енгізген жаңа түрлері дегеніміздің үлгісі ретінде бірнеше мысалдар келтірейік.

С е г і з  б у ы н д ы  ө л е ң:

                                    4                      4

Жарым жасы (     ) киім киіп,

                 4                            4

Келді жанға (    ) жылы тиіп.

                   4                          4

Диуана болды (     ) бұл көңілім,

                    4                         4

Басылмай бір (     ) құшып-сүйіп...

 

 

А л т ы  б у ы н д ы  ө л е ң:



            3                      3

Қара көз, (     ) имек қас,

            3                      3

Қараса (     ) жан тоймас.

            3                      3

Аузың бал, (     ) қызыл гүл,

            3                      3

Ақ тісің (     ) кір шалмас...

 

 

А р а л а с  б у ы н д ы  ө л е ң н і ң  ж а ң а  т ү р і:



                        5

Алыстан сермеп, (     )

5

Жүректен тербеп, (     )



                        5                                 3

Шымырлап бойға (     ) жайылған. (     )

                        5

Қиядан шауып, (     )

                        5

Қисынын тауып, (     )

                        5                      3

Тағыны жетіп (     ) қайырған

                        5                                 3

Толғауы тоқсан (     ) қызыл тіл, (     )

                        5                                 3

Сөйлеймін десең, (     ) өзің біл...

 

 

            4                      2



Сайрай бер, тілім (     )

      4                           3

Сарғайған соң (     ) бұл дерттен!

                  5

Бүгілді белім, (    )

                        4                      3

Жар тайған соң (     ) әр серттен. (     )

                        5

Қамықты көңіл, (     )

                        6

Қайтсе болар жеңіл?..

 

 



                        4

Бойы былғаң,

4

Сөзі жылмаң



                        5                      3

Кімді көрсем (     ) мен сонан (     )

                        4

Бетті бастым, (     )

                        4

Қатты састым, (     )

                        4                      3

Тұра қаштым жалма-жан. (    )

 

 

               4                   3



Сен мені (     ) не етесің? (     )

4

Мені тастап,



            4

Өнер бастап,

            3

Жайыңа


            4

Және алдап,

            2

Арбап,


            4                                  4

Өз бетіңмен (     ) сен кетерсің

     3                      3

Неге әуре (     ) етесің?

                4

Қосылыспай (     )

            4

Бойыңа (     )

           

4

Және жаттан



            2

Бай тап


            4                      4

Өмір бойы (     )  қор етесің». (     )

 

 

                4                     4



Ата-анаға (     ) көз қуаныш, (     )

                                        4                             3

Алдына алған (     ) еркесі

               4                         4

Көкірегіне (     ) көп жұбаныш (     )

                4                     3

Түрленіп ой (     ) өлкесі. (     )

                 5

Еркелік кетті, (     )

            3

Ержетті, (     )

            3

Не бітті?..(     )

 

            4                                 4



Әм жабықтым, (     ) әм жалықтым

4                                 4

Сүйеу болар (     ) қай жігіт?

            4                                 4

Көңілден кет- (     ) кен соң тыным

            4                                 4

Әм сүйіндім, (     ) әм түңілдім

            4                                 3

Үнемі не ет- (     ) кен үміт?

            4                                 4

Өткен соң бар (     ) жақсы жылың!

 

 



                                               4                                 3

Сұрғылт тұман (     ) дым бүркіп,

4                                 3

Барқыт бешпент (     ) сулайды.

                        4                      3

Жеңіменен (     ) көз сүртіп,

                        4                      3

Сұрланып жігіт жылайды.

                        4                      3

Әйелмісің, (     ) жылама,

                        4                      3

Тәуекел қыл (     ) құдаға!

            2

Өлең айт,

            2

Үйге қайт!

 

 

            3                                 3



Сырмақ қып (     ) астына

3                                 3

Байының (     ) тоқымын.

            3                                 3

Отының (     ) басына

            3                                 3

Төрінің (     ) қоқымын

            3

Бүксітіп, (     )

            3

Қоқсытып, (     )

            3                                 3

Қоқсытып (     ) келтірді.

            3                                 3

Осының (     ) бәрімен

            3                                 3

Көңілде (     ) міні жоқ

            3                                 3

Жүзінің (     ) нәрімен

            3                                 3

Бойының (     ) сыны жоқ.

            3

Бүкшиіп, (     )

            3

Сексиіп, (     )

            3                      3

Түксиіп (     ) өлтірді.

 

 



                        4                      3

Тәуекелмен (     ) батыр ой,

4                      4

Өткір тілді (     ) найза етіп,

                       

4                      3

Сайысып-ақ (     ) бақты ғой

                        4                      3

Неше түрлі (     ) айла етіп.

            3                                 3

Ойланбай, (     ) қайран жұрт

            3                                 3

Ұялмай (     ) қал жым-жырт.

 

 



            4

Тайға міндік,

4

Тойға шаптық.



            4                                 3

Жақсы киім (     ) киініп.

            4

Үкі тақтық,

            4

Күлкі бақтық,

            4                                  3

Жоқ немеге (     ) сүйініп.

            3

Күйкентай күтті,

            3

Құс етті

            3

Не бітті?

Бұл келтірген мысалдардың әрқайсысын жеке алып қарасақ, бәрі де жаңа. Абайға дейінгі қазақ поэзиясында болған емес, бәрі де Абайдың қаламынан туған өлең түрлері. Әйтсе де тегі біреу-ақ, ол - аралас буынды өлең құрылысы. Біздің бұл келтіріп отырған мысалдарымыз - дау айтуға болмайтын, өлеңнің шумағы, бунағы, буындары (ең алдымен буындары), яғни барлық жақтары түгел ескерілді. Абайда бұлардан басқа әлі де ойланыңқырауды, дәлелдей түсуді керек ететін аралас буынды өлең түрлері де бар. Бірақ олардың шумағы, ұйқастары белгілі бір тәртіпке негізделсе де, буын тәртібі берік сақталынбайды.

            Сол сықылды Абайда сегіз буынды өлеңнің де бірнеше түрлері бар. Мысалы, әр жолы 8 буын, бірақ бунағы 5 буын мен 3 буыннан құралатын өлеңдер де кездеседі.

 

 

 



 

            5                      3

Жүректе қайрат // болмаса,

            5                      3

Ұйықтаған ойды // кім түртпек.

            5                      3

Ақылға сәуле // қонбаса,

            5                      3

Хайуанша жүріп // күнелтпек, т.б.

 

            Тап дәл осы мысалдағыдай төрт құбыласы түгел болмаса да, 5+3 буындардан құралатын жолдар. Абайға дейін де әртүрлі жағдайда кездесетіндіктен, біз тек Абай қаламынан туған 4+4 болып келетін 8 буынды өлеңді ғана алдық та, 8 буынның басқа түрлеріне тоқталғанымыз жоқ.



            Абай қазақ өлеңдеріне әртүрлі жаңалықтарды үш түрлі жолмен кіргізгенге ұқсайды. Кейбір өлеңдерін әнге арнап жазған. Кейбір өлеңін қазақта бұрыннан бар өлеңдердің ізімен жаза келіп, аяғына жаңаша бунақ, буындар қосып, жаңартқан, кейбір өлеңдерді басқа елдердің ақындарының өлең құрылысына еліктеп, сол әдіспен жаңа түр жасаған.

            Бұрынғы аралас буынды өлеңдердің қайсысы болсын әнсіз, өлеңдік қасиеті аз болатын. Абайдың бұл да үлкен шеберлігінің бір тамыры. Сонымен қатар Абай - өлеңнің жаңа түрі, жаңа құрылысына өте сақ, өте саналы түрде қараған ақын.

 

Шүу дегенде құлағың тосаңсиды,



Мұндай сөзді өскесін бұрын көрмей, -

 

деп, ақынның өз сөзі өлеңнің тек мазмұнына ғана емес, түрі туралы да айтылған еді. Абай олай деп айтпаған күнде де, мұны жоғарғы келтірген мысалдардың өзінен де аңғаруға болады. Абайдың жаңалық деген бір өлеңін тұтас алып, құрылысын байқасақ, оның бірінші шумағындағы әр жолдың буын сандарының екінші шумағында дәлме-дәл қайталанып отырылуы, сөз жоқ, ақынның өзі енгізген жаңалықтарға саналы түрде көзқарасы болғандығын көрсетеді. Абайдың қазақтың өлең құрылысына жасаған новаторлығы - оның тарихи ұлы еңбегінің негізгі бір саласы.



            Қорыта айтқанда, Абайдың тарихи зор мәні қазақ тарихындағы ерекше, өз кезіндегі әлеумет өмірінің айқын айнасы болып, өз кезінің алдыңғы қатардағы әлеуметтік ой-сананың жиынтығы, сарқынды-сіріндісі бола алуында. Бұл - бір. Екінші, өз дәуіріндегі жаңа мазмұнға жаңа түр іздеп, қазақтың өзіне шейінгі өлең құрылысына үлкен өзгеріс жасап, қазақ өлең құрылысын жаңа арнаға салып, жаңаша түр енгізіп, ол түрді қазақтың тіл, өлең құрылысына табиғи етіп сіңіре алуында. Бұл - екі.

            Осы айтылған үлкен тарихи мәні бар екі мәселемен нық байланысты үшінші бір мәселе келіп шығады, ол - қазақтың әдебиет тілін жасау, дамыту, ілгерілетудегі Абайдың мәні мен тарихи орны қандай деген мәселе.

            Абай - өз кезіндегі алдыңғы әлеуметтік ой-сананың жиынтығы, қазақтың өлең құрылысына новаторлық жасады десек, қазақтың әдебиет тілін дамыту, байытып, ілгерілетуде де осы пікірді айтамыз.

            Абайдың поэтикалық тілі - бізде кең зерттелген тақырып. Ол туралы осы жолдар авторының «Абайға дейінгі қазақ поэзиясы және Абай поэзиясының тілі» деген монографиясы 1948 жылы жеке кітап болып басылып шықты. Сол еңбек аз-мұз өңделіп, «Қазақ әдебиеті тарихының мәселелері және Абай поэзиясының тілі» (1960ж.) атты екі томдық еңбектің ІІ томына енді.

            «Абай поэзиясының тілі» атты еңбектің алдына қойған мақсаты - Абайдың қазақ әдеби тілінің негізін салушы, жаңалықтар енгізуші ретінде дәлелдеу болатын. Абай енгізген жаңалықтары, тілімізді дамытудағы еңбегін жинақтасақ, төмендегі қорытындыға келеміз.

Бірінші, ең алдымен Абай түр мазмұнының түрі болуы керек, ұлттық түр, әлеуметтік, адам баласылық идеяны айтып беру үшін жұмсалуы керек, әр сөз мағына жағынан дәл, пікірі анық, түсінуге жеңіл және сөйлемде екіұшты, не ойға қатысы жоқ сөз болмауы керек деген принципті ұстады.

Екінші, Абай қазақ тілінің араб, парсы, татар сөздерімен шұбарланып, қазақ тілінде деген кейбір өлеңдерді қай тілде екенін айыру қиын халге жеткен кезінде тарихи сахнаға шығып, қазақ тілін орынсыз шұбарлаушыларға аяусыз соққы беріп, ана тілін таза сақтады.

Үшінші, қазақтың өзіне дейінгі тіл байлығын, шығыстың, орыстың классик поэзияларының үлгілерін меңгере отырып, қазақтың әдеби тіліне дейінгі әдебиеттерде қолданылмаған жаңа сөз, жаңаша сөйлем құрылыстарын енгізді. Әрине, Абай енгізген жаңалықтарын жасанды сөздерден ойдан сөйлем құрастырған жоқ. Бұрынғы әдебиеттерде қолданылмаған, бірақ қазақтың сөздік құрамында бар сөздерді пайдалана білді. Абай сөздік қор мен сөздік құрамдағы бар сөздердің мағынасын шыңдай түсті. Сөйтіп ол қазақта сол сөздердің соны байланыстарын тауып, оны қазақтың әдеби тілінің классикалық үлгісіне айналдырды.

Төртінші, қазақ әдебиетінде ескіден келе жатқан ой-сананың сәбилік, бала кезімен байланысты туған тілдегі әсірелеудің, литоталық поэтик тілдерді ескілік санап, оның орнына өмір шындығымен нық байланысты, өмір құбылысын суреттеудің жаңа әдісін ұсынды. Әр образ, әр суреттелген көрінісінің негізінде шындық болуы керектігінің айқын үлгісін көрсетті.

Бесінші, бұрынғы әдебиетте болса да, әлі дәуірлей алмаған сатиралық әдіс, оның өткір құралы саналатын сарказм, иронияларды ең жоғарғы сатыға көтеріп, халық тіршілігіне зиянды іс-әрекет, мінез-құлықтарды шенеудің күшті қоры етті.

Алтыншы, Абай өзіне дейінгі әдебиетте жоқ, адамның ішкі сезім дүниесін тікелей суреттеу әдісіне соныдан жол салып, жан-күйді суреттеуде дүниежүзінің атышулы ақын-жазушыларының шығармаларымен тең түсетін шығармалар беріп, өзінің асқан шеберлік, ұсталығын ұрпаққа өнеге ретінде қалдырды.

Жетінші, Абай қазақтың өзіне дейінгі ауыз әдебиеті, тарихи әдебиетіндегі ақыл-нақыл сөздерінің үлгісін ала отырып дамытты, ілгерілетті. Сөздің бұл түрлерін тек бұрынғы шеңберлерінде қалдырмай, философиялық ойлау шегіне жеткізді. Қиюын тауып қалай білсе, қазақтың сөз байлығымен де терең-терең философиялық ой-пікірді айтып беруге болатындығын айқындап, философиялық ой-пікірді қалай айтып берудің үлгілерін қалдырды.

Сегізінші, қазақтың бұрынғы әдебиет нұсқаларында тек параллелизм түрінде ғана кездесетін табиғат құбылыстарын суреттеуді өз алдына өлеңнің бір жанрының түрі дәрежесіне жеткізіп, сұлу пейзаждық өлеңдерін жасады.

Тоғызыншы, орыс әдебиетінің ұлы классик ақындарының өлеңдерін аударып, олар арқылы дүниежүзілік әдебиетке қол созды. Қазақ жұртшылығын жер жүзінің даңқты ақын-жазушыларының сөз, идеяларымен таныстырып, классик аудармалардың үлгі, өнегелерін кейінгілерге сабақ етті. Орыстың ұлы ақындарын терең түсініп аудара отырып, олардың үлгісімен қалай жаңа сөз, сөйлемдер құру және оларды қазақтың өз ұғымына жатық, көңіліне қонымды етіп шығару әдістерін көрсетті. Сөйтіп, қазақтың әдеби тілін байыту, күшейтуде бұл мүмкіншілікті де толық пайдалана білді. Дүниежүзілік әдебиетпен өзінің жақсы таныстығы арқасында, адамның мінезін суреттеу әдісі кейде «диалог» түрінде, кейде «қыстырма сөз» түрінде, сөйлем араларында қолданылатын «төл сөздердің» өзіне шейін әдебиетте болмаған жаңа үлгілерін жасады.



Оныншы, поэзияның әлеумет өміріндегі мәні мен орны үлкен екендігін терең түсініп, шын мәніндегі көркем поэзия жасаудағы негізгі құрал тіл екендігін дұрыс ұғынып, оған айрықша көңіл бөлу керектігін танытты. Тілді бағаламаушылыққа, оған жүрдім-бардым қарап, сөз «қадірін» кетірушілікке, ар мен ақындық міндетін арзандатып, «мақтау» өлең айтушылыққа, тағы басқа осылар сықылды сөздің мазмұнын және искусстволық қасиетін төмендетушілікке, түр қуалап, жасанды сөз, шындықтан тыс образ жасаушылыққа да қарсы күрес ашып, сөздің әрі көркем, түсінікті, әрі мазмұнды болуын талап етіп, өзі оның айқын нұсқаларын жасап берді.

Абайдың әдеби тіл туралы кейінгілер үшін үлкен мәні де, ұлы еңбегі де, қорытып айтқанда, осы он түрлі мәселелердің айналасынан табылады. Бір дәуірдің алдыңғы қатардағы идеяларының жақтаушысы, күресушісі болуы, бір халықтың ғасырлар бойы сүтпен еніп, сүйекке сіңген әдебиетінде үлкен өзгеріс жасауы, қазақтың әдеби тілін өзіне дейінгі әдеби тілдің дәрежесінен әлдеқайда жоғарылатуы, мәдениетті елдер поэзиясының тілдерінің қатарына жеткізуі Абайды қазақтың ұлы классик ақыны етті.

Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет