Адамды саудаға салғаны үшін жауапкершілік анықтайтын заңнаманы қолдану тәжірибесі туралы



Дата13.06.2016
өлшемі77.27 Kb.
Адамды саудаға салғаны үшін жауапкершілік анықтайтын заңнаманы қолдану тәжірибесі туралы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2012 жылғы 29 желтоқсандағы № 7 Нормативтік қаулысы



      Адамды саудаға салуға байланысты Қазақстан Республикасының заңдарын және Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарды дұрыс әрі біркелкі қолдануды қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жалпы отырысы

қаулы етеді:

      1. Адамды саудаға салғаны үшін жауапкершілікті анықтайтын заңнаманың дұрыс қолданылуы адамның құқықтары мен бостандықтарын тиісінше қамтамасыз ететініне қылмыстық процесті жүргізуші органдардың назары аударылсын.


      2. Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің (бұдан әрі - ҚК) 128 және 133-баптарында көзделген қылмыстардың объективті жағы адамның құқықтары мен бостандықтарына қол сұғуды білдіреді және адамды сатып алу-сату немесе адамға қатысты өзге де мәмілелер жасасу, оны пайдалану, азғырып-көндіру, тасу, беру, жасыру, сондай-ақ пайдалану мақсатында өзге де әрекеттер жасаудан байқалады.
      ҚК-нің 128-бабының бірінші бөлігі және ҚК-нің 133-бабының   бірінші бөлігі бойынша әрекеттерді саралау үшін осы баптардың диспозициясында көрсетілген іс-әрекеттердің ең болмағанда біреуінің жасалу фактісінің анықталғаны жеткілікті.
      Адамды саудаға салумен байланысты қылмыстың объектісі адамның бостандығы, оның жеке басының қауіпсіздігі, құқықтары мен заңды мүдделері, ар-намысы мен қадір-қасиеті, тұратын жерін, қызмет түрі мен мамандықты еркін таңдау құқығы болып табылады.
      Адамды сатып алу-сатудың немесе оған қатысты өзге де мәмілелерді жасасудың субъективті жағы тікелей ниетпен сипатталады. Сондықтан әрекетті ҚК-нің 128-бабының бірінші бөлігі бойынша және ҚК-нің 133-бабының бірінші бөлігі бойынша саралау үшін осындай мәмілелердің қандай мақсатпен жасалғаны маңызды емес.
      Адамды азғырып-көндіру, тасу, беру, жасыру кезінде қылмыстың субъективті жағы тікелей ниетпен сипатталады, ал қылмыстың мақсаты адамды пайдалану болып табылады.
      3. Адамды сатып алу-сату деп бір тарап (сатушы) басқа тарапқа (сатып алушыға) адамды белгілі бір сыйақы үшін беретін құқыққа қайшы ақылы мәмілені түсінген жөн.
      ҚК-нің 128-бабы бойынша не ҚК-нің 133-бабы бойынша қылмыстық жауаптылыққа әкеліп соқтыратын өзге мәмілелерге адамды сыйға тартуды (адамды басқа бір адамға тегін беру), айырбастауды (адамды әлденеге айырбастау), алмастыруды (бір адамды басқа бір адаммен ауыстыру), жалға беруді (адамды ақыға уақытша иеленуге және пайдалануға беру), адамды тараптар арасында жасалған мәміле бойынша міндеттеменің орындалуын қамтамасыз етудің кепілі ретінде қалдыруды, адамды төлем ретінде пайдалануды, адамды қандай да бір мүліктік емес сипатта пайда табу мақсатында беруді және басқаларды жатқызған жөн.
      4. Адамға қатысты сатып алу-сату немесе пайдалану мақсатындағы өзге де мәмілелер жасасуды адам басқа адамдарға берілген сәттен бастап аяқталған қылмыс деп есептеген жөн. Бұл ретте адамды сатқаны немесе өзге де мәмілелерді жасасқаны үшін сыйақы алу уақыты маңызды емес.
      5. Адамды азғырып-көндіру деп жәбірленушіні қандай да бір жұмыстарды немесе қандай да бір қызметті, соның ішінде, егер оны пайдалану мақсатымен байланысты болса құқыққа қайшы қызметті атқаруға келісуіне қол жеткізу түсініледі. Азғырып-көндіру тәсілдері әртүрлі: сыйақы жөнінде уәде беру, жұмыс ұсыну, алдау, азғыру, бопсалау, қорқыту, қоқан-лоқы көрсету және басқалар болуы мүмкін.
      6. Адамды тасу адамды пайдалану мақсатында бір жерден екінші жерге, соның ішінде бір елді мекеннің ішінде оның орнын ауыстыруға байланысты қасақана жасалатын іс-әрекетті білдіреді. Бұл ретте көлік түрі, адамды тасымалдау уақыты мен тәсілдері әрекетті саралау үшін маңызды емес. Адамды тасу апарылатын адамды тек оған біреудің ілесуімен жеткізуді ғана емес, сондай-ақ апарылатын жәбірленушіге баратын жеріне дейін жол жүру құжаттарын сатып әперуді, жәбірленушінің ол жерге өз бетімен жетуін білдіреді. Жеткізу жүзеге асырыла бастаған сәттен аяқталды деп есептеледі.
      7. Жәбірленушіні беру деп оны пайдаланатын адамға тікелей беруді түсінген жөн.
      Өзінің немесе басқа адамдардың адамды пайдалану мақсатында берген және алған адамдардың іс-әрекеттері ҚК-нің 128-бабының тиісті бөлігі бойынша, ал кәмелетке толмағанға қатысты - ҚК-нің 133-бабының  тиісті бөлігі бойынша, сондай-ақ адамдар тобының алдын ала сөз байласу белгісі бойынша саралауға жатады.
      8. Адамды кейін пайдалану мақсатымен жасыру деп жәбірленушіні құқық қорғау органдарынан, туыстары мен басқа адамдардан жасыруды түсінген жөн (мысалы, арнайы үй-жайларға жасыру, қандай аумаққа болса да шығуына мүмкіндік бермеу, жәбірленушінің жеке өзіне немесе психикалық белсенділігінің төмендеуіне дәрі-дәрмек арқылы ықпал ету). Жасыру жәбірленушінің өзін жасырумен қатар оны табуды қиындататын өзге де іс-әрекеттерден (құжаттарын, сыртқы бейнесін өзгерту және тағы басқалар) байқалады.
      9. «Адамды пайдалану» ұғымын ҚК-нің 128, 133-баптарына лайықтап айқындау кезінде ҚК-нің 125-бабының ескертуін басшылыққа алған жөн.
      10. Жәбірленушіні жыныстық сипаттағы іс-әрекеттерді жасау (азғындық іс-әрекеттер, порнографиялық түсірілімдер, бейне-клиптер жасау) үшін мәжбүрлеп пайдалану ҚК-нің 128, 133-баптарының диспозициясымен қамтылады және ҚК-нің 132-1-бабы бойынша не ҚК-нің  270-бабы бойынша қосымша саралауды талап етпейді.
      11. ҚК-нің 128, 133-баптарында көрсетілген іс-әрекеттердің ең болмағанда біреуі өздеріне қатысты тікелей жасалған адамдарды жәбірленушілер деп таныған жөн. Соттар жоғарыда көрсетілген іс-әрекеттер өзіне қатысты жасалған адамға келтірілген зиянды анықтау қажет болған кезде арнайы білімі бар адамдарды тартуға құқылы.
      Қылмыстық процесті жүргізуші органдар жәбірленушілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында алдын ала тергеу барысында Қазақстан Республикасы Қылмыстық іс жүргізу кодексінің (бұдан әрі -ҚІЖК) 99-100-баптарында, ал сот талқылауы кезінде ҚІЖК-нің  101-бабында көзделген шараларды қабылдауға міндетті.
      ҚІЖК-нің 53-бабына сәйкес, олар жәбірленушінің ішкі мән-жайлары мен жеке өміріне қатысты мәліметтердің құпиялылығын қамтамасыз етуге міндетті.
      Жәбірленушілер заңсыз көшіп-қонғаны, Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасын қасақана заңсыз кесіп өткені, елден шығарып жіберу туралы шешімді орындамағаны, елде болу ережесін бұзғаны, жалған құжаттарды пайдаланғаны, еңбек қызметін заңсыз жүзеге асырғаны үшін, егер жәбірленушілер осы әрекеттерді оларды сатуға байланысты жасаса жауапкершілікке тартуға жатпайды.
      12. Адамды саудаға салу екі және одан да көп адамға қатысты бір мезгілде не әртүрлі уақытта жасалуы мүмкін. Кінәлі адамның іс-әрекеттерін қылмыстардың бірнеше мәрте қайталану не екі және одан да көп адамға қатысты жасалу белгілері бойынша саралау кезінде оның ниетінің бағытын, нақты іс-әрекеттерінің сипатын, қылмыстар арасындағы уақытты және жасалған қылмыстың басқа да мән-жайларын негізге алған жөн.
      Әр түрлі уақытта бірнеше жәбірленушілерге қатысты бірыңғай ниетпен қамтылмаған іс-әрекеттер ҚК-нің 128-бабы екінші бөлігінің б) тармағы бойынша және ҚК-нің 133-бабы екінші бөлігінің б) тармағы бойынша саралауға жатады.
      Кінәлі адамның бірыңғай ниетпен екі және одан да көп адамға қатысты жасаған іс-әрекеттері ҚК-нің 128-бабы екінші бөлігінің е) тармағы бойынша және ҚК-нің 133-бабы екінші бөлігінің д) тармағы бойынша саралауға жатады.
      Адам саудасына байланысты аяқталған қылмысты жасаған, қылмысты жасауға дайындалған және оқталған адамның іс-әрекеттері қылмыстардың жиынтығын құрайды.
      13. Кінәлі адамның іс-әрекеттерін ҚК-нің 128-бабы екінші бөлігінің ж) тармағы және ҚК-нің 133-бабы екінші бөлігінің е) тармағы бойынша саралау үшін адамды саудаға салудың ауыстырып салу немесе өзгедей пайдалану үшін жәбірленушінің органдарын немесе тінін алу мақсатында жасалғанын анықтау қажет.
      Адамның органдары мен тінін алуға мәжбүр етуге немесе заңсыз алуға байланысты іс-әрекеттер ҚК-нің 113-бабының тиісті бөлігі бойынша бөлек сараланады.
      14. ҚК-нің 128-бабы екінші бөлігінің з) тармағы, ҚК-нің 133-бабы екінші бөлігінің ж) тармағы бойынша адамды саудаға салғаны үшін жауаптылық жәбірленушіні алдаған немесе оның сеніміне қиянат жасаған жағдайларда туындайды. Жәбірленуші осының нәтижесінде кінәлі адамның оны сату, оны пайдалануға бағытталған өзге де мәмілелер мен іс-әрекеттерді жасау ниетімен әрекет жасап жүргенін білмегендіктен еріксіз күйде қалады.
      15. Мемлекеттік не мемлекеттік емес ұйымдарда жұмыс істей жүріп өзінің қызмет бабын пайдаланып қылмыс жасаған лауазымды адамның іс-әрекеттерін ҚК-нің 128-бабы екінші бөлігінің и) тармағы және ҚК-нің 133-бабы екінші бөлігінің з) тармағы бойынша саралаған жөн. Лауазымды адамның адамдарды саудаға салуы осы қылмыстың саралаушы белгісі болып табылады және ҚК-нің 307-бабы бойынша қосымша саралауды талап етпейді.
      16. Кінәлі адамға материалдық немесе өзге де тәуелділікте болған жәбірленушіге қатысты әрекеттер ҚК-нің 128-бабы екінші бөлігінің к) тармағы және ҚК-нің 133-бабы екінші бөлігінің к) тармағы бойынша сараланады.
      Жәбірленушінің материалдық тәуелділікте болуы, мысалы, оның кінәлі адамның асырауында толық немесе ішінара болуынан, кінәлі адамның тұрғын үй-жайында тұруынан байқалуы мүмкін. Жәбірленушінің кінәлі адамға кез келген материалдық емес тәуелділікте болуын (мысалы, отбасылық қатынастар, бағыныштының басшыға, оқушының оқытушыға тәуелді болуы) өзге тәуелділік деп түсіну қажет.
      17. Адамды Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерлерге әкету (жөнелту), Қазақстан Республикасына әкелу немесе бір шет мемлекеттен басқа мемлекетке Қазақстан Республикасының аумағы арқылы тасу (транзит) мақсатында жасалған әрекеттер, сол сияқты осындай әрекеттерді жасау мақсатында адамды Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерлерге әкету, Қазақстан Республикасына әкелу немесе бір шет мемлекеттен басқа мемлекетке Қазақстан Республикасының аумағы арқылы тасып, адамды саудаға салу әрекеттері үшін ҚК-нің 128 және 133-баптарының үшінші бөліктері бойынша жауаптылық көзделеді.
      18. Ұйымдасқан топ - бір немесе бірнеше қылмысты жасау үшін алдын ала біріккен адамдардың тұрақты тобы жасаған адамды саудаға салу ҚК-нің 128-бабы төртінші бөлігінің а) тармағы және 133-бабы   төртінші бөлігінің а) тармағы бойынша сараланады. Ұйымдасқан топты алдын ала сөз байласқан адамдар тобынан тұрақтылығы мен ұйымдасу белгілері бойынша ажырата білген жөн.
      Екі және одан да көп адамның өзара ұзақ дайындалуымен не қылмыстық әрекеттің орындалуының күрделілігімен ұштасқан бір немесе бірнеше қылмысты жасау үшін салыстырмалы түрде алғанда ұзақ уақыт бойы бірігуі топтың тұрақтылығын білдіруі мүмкін. Топтың ұйымдасуы - бұл топқа қатысушылардың бір немесе бірнеше адамдардың нұсқауларына бағынуы, қылмыстық мақсаттарды жүзеге асыруға ұйымдасқан түрде қол жеткізуге ұмтылуы.
      Адамды саудаға салған ұйымдасқан топтың әрбір қатысушысының іс-әрекеттері, оның рөліне қарамастан, ҚК-нің 31-бабына сілтеме жасалмай, ҚК-нің 128-бабы төртінші бөлігінің а) тармағы бойынша саралануға тиіс. Бұл ретте ұйымдасқан топ құру, сондай-ақ оған басшылық жасау немесе қатысу ҚК-нің 235-бабының тиісті бөліктері бойынша бөлек саралануға жатады.
      19. Абайсызда жәбірленушінің өліміне немесе өзге де ауыр зардаптарға әкеп соққан адамды саудаға салу кінәнің екі нысаны бар қылмыс жасауды көздейтінін ескеру қажет. Абайсыздан жәбірленушінің өліміне не өзге де ауыр салдарға әкеп соққан, ҚК-нің 128-бабында   немесе ҚК-нің 133-бабында көзделген әрекеттерді жасау қосымша саралауды талап етпейді.
      Өзге де ауыр зардаптар деп психикалық күйзеліс және басқа да ауыр сырқаттар танылуы мүмкін. Егер жәбірленушіні пайдалану барысында оған қатысты басқа қасақана қылмыстар жасалса (мысалы: кісі өлтіру, зорлау, АИТВ/ЖИТС-ты, венерологиялық ауруларды жұқтыру, заңсыз аборт жасау және тағы басқалар), онда жасалған әрекет қылмыстар жиынтығы бойынша саралауға жатады.
      20. Адамды пайдалану мақсатында ұрлау немесе бас бостандығынан заңсыз айыру және адам саудасына байланысты одан кейінгі қылмыстық әрекеттер ҚК-нің 125-бабы үшінші бөлігінің б) тармағы немесе ҚК-нің  126-бабы үшінші бөлігінің б) тармағы бойынша және ҚК-нің 128 немесе  133-баптарының тиісті бөліктерімен қылмыстар жиынтығы бойынша саралануға жатады.
      21. Қазақстан Республикасы Конституциясының 4-бабына сәйкес, осы нормативтік қаулы қолданыстағы құқық құрамына қосылады, сондай-ақ жалпыға бірдей міндетті болып табылады және ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы


      Жоғарғы Сотының Төрағасы                      Б.Бекназаров

      Қазақстан Республикасы


      Жоғарғы Сотының судьясы,
      жалпы отырыс хатшысы                         Д.Нұралин
Каталог: sites -> default -> files
files -> І бөлім. Кәсіпкерліктің мәні, мазмұны
files -> Програмаллау технологиясының көмегімен Internet дүкен құру
files -> Интернет арқылы сот ісі бойынша ақпаратты қалай алуға болады?
files -> 6М070600 –«Геология және пайдалы қазба кенорындарын барлау» 1 «Пайдалы қазба кенорындарын іздеу және барлау»
files -> Регламенті Негізгі ұғымдар Осы «Спорт құрылыстарына санаттар беру»
files -> Регламенттерін бекіту туралы «Әкімшілік рәсімдер туралы»
files -> Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау Және әлеуметтік даму министрлігі
files -> Регламенттерін бекіту туралы «Әкімшілік рәсімдер туралы»
files -> 2014 – 2018 жылдарға арналған стратегиялық жоспары
files -> Қызылорда облысының 2015 жылғЫ Әлеуметтік-экономикалық даму нәтижелері


Достарыңызбен бөлісу:


©dereksiz.org 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет