Ахметжанов о. Н. Жануарлардың КӨз аурулары оқу құралы семей, 2012 Қазақстан республикасы білім және ғылым министрлігі



бет7/11
Дата16.06.2016
өлшемі7.92 Mb.
#138455
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   11

Емі. Торлы қабық аса қабынып, тамырлы қабықтан ажыраса емнің тиімділігі төмен және толық жазылуы сирек. Бірінші кезекте малды қара көлеңке қораға қойып, көздің жұмысын мейлінше шектейді. Жалпы және жергілікті емдер жасалады. Жалпы ем ретінде антибиотиктер қосып ретробульбарлық новокаин блокадасы жасалады. Эксудаттың тартылып, тарқауы үшін ішке ацетильсалицил қышқылы, калий – иод беріледі. Қан тамырына 10% кальций хлорид егіледі. Көзге алғашында 0,5% - ды, содан соң 5 - 8% - ды дионин ерітіндісін тамызады. Көзге қан құйылғанда Е (токоферол) витаминін қолдану жақсы нәтиже береді.

Торлы қабықтың ажырауы – (abbotio retinae). Барлық жануарларда кездеседі. Жиі жылқы ауырады. Торлы қабық тамырлы қабықтан тұтас немесе жарым - жартылай ажырауы мүмкін. Торлы қабық тамырлы қабықтан ажырауының себебі көз құрылымдарының әр түрлі аурулары. Тамырлы қабық пен торлы қабықтың арасында олардың қабынуы салдарынан сұйық жиналса, көп қан құйылса торлы қабық көтеріліп, қопсып, тамырлы қабаттан қабаттанып ажырайды. Торлы қабықтың мұндай қабаттанып тамырлы қабаттан ажырауы шыны тәрізді дене жұмсарып, солып, көлемі кішірейуінен де болады. Көздің ішкі қысымы күрт төмендесе де олар ажырап кетеді, өйткені олар бір – бірімен берік байланыспаған.

Белгілері. Аяқ астынан малдың бір немесе екі көзнің бірдей көруінің күрт нашарлауы. Кейде толық көрмей қалуы да мүмкін. Қарашығы кеңейген, жарық әсеріне реакциясы баяу немесе жоқ. Офтальмоскоппен зерттегенде көз түбінің қалыпты суреті бұзылған. Торлы қабық жартылай ажыраса оның ажыраған тұсының шар немесе теріс ілінген шымылдық (желкен) тәрізді томпайғаны байқалады. Ондағы қан тамырлары анық көрінеді. Мал басын немесе көзін қозғаса торлы қабықтың ажыраған жері қозғалады. Бірақ ажырау аз болса ол жердің қозғалысы байқалмайды. Торлы қабық толық ажыраса – офтальмоскоппен зерттегенде көз түбін көру мүмкін емес. Жарықты бұршақ дене арқылы көздің түп жағына бағыттаса, бұршақ дененің артқы жағынан ақшыл шымылдықты көруге болады. Қарашық мейлінше кеңейген, жарыққа реакциясы жоқ, немесе өте аз. Мұндай көзді жарып қарағанда қасаң қабық, бұршақ дене және шыны тәрізді дене мөлдір екені, ал тамырлы қабықтан ажыраған торлы қабық құйғыш (воронка) тәрізді болып бұршақ дененің артқы жағына жиналып қалғаны анықталады. Торлы қабық жартылай ажыраса көз жарым – жартылай, ал толық ажыраса мүлде көрмей қалады.

Емі. Ем тек торлы қабық жартылай ажырағанда және оны ары қарай асқындырмас үшін жүргізіледі. Ол емдер аурудың себептерін жоюға, асқынуларға қарсы жасалады. Негізінен торлы қабық қабынуында қолданылатын емдер. Медициналық офтальмологияда жартылай ажыраған торлы қабықты лазермен емдейді. Ал толық ажыраған торлы қабықты қайта орнына бекіту әлі шешімін таппаған.


А Б


18 – ші сурет. Торлы қабықтың тамырлы қабықтан ажырауы:

а – торлы қабықтың жартылай ажырауы; б – торлы қабықтың толық ажырауы.
КӨЗ КАМЕРАЛАРЫНЫҢ АУРУЛАРЫ

Көздің алдынғы және артқы камералары бар. Қасаң қабықтың артындағы, түсті қабықтың алдындағы аралықтағы кеңестік көздің алдынғы камерасы деп аталады. Түсті қабықтың артындағы, бұршақ дене мен цинново байламдары аралығындағы кішкене кеңестіктер көздің артқы камералары. Көздің алдынғы және артқы камералары көз сұйығымен толы. Олар бір – бірімен қарашық арқылы қатысады. Көз сұйығын кірпікті дене түзеді. Ол мөлдір, құрамы ми – жұлын сұйығына жақын. Негізгі құрамы су (99,98%), ал белок, минералдық тұздар, витаминдер мен ацетилхолин оның қалған 0,02% - ын құрайды. Көз сұйығының негізгі қызметі жарықты сындыру және бұршақ денені қоректендіру.



Көз камерасы сұйығының бұлдырлануы. Оның себептері көз құрылымдарының қабынулары: кератит, ирит, циклит. Олардың қабынулары кезінде түзілетін серозды, фибринозды тіпті іріңді эксудаттар көз камерасы сұйығына шығады. Кірпікті дене мен түсті қабық жарақаттары кезінде оған қан құйылады.

Белгілері. Көз камераларының сұйығы қалыпты жағдайда мөлдір. Ол арқылы қарашық, түсті қабық және оның түсі анық көрінеді. Егер көз камерасына шыққан сұйық серозды болса көз камерасы сұйығы мөлдірлігін онша жоғалтпайды. Жеңіл, алашабыр бұлдырлану байқалады. Ал қабыну сұйығы серозды – фибринозды, фибринозды болса, көздің алдынғы камерасында ірің болса («гипопион») немесе қан араласса (геморрагиялық) көз камерасы сұйығы мөлдірлігін жоғалтып, бұлдырланады. Бұлдырлану дәрежесі, түсі әртүрлі. Бұлдырлану дәрежесі төмен болса қарашық пен түсті қабық көрінеді. Ал бұлдырлану дәрежесі жоғары болса көрінбейді. Көз камерасына құйылған сұйық фибринозды болса оның түсі ақ, ірің араласса ақшыл сары немесе жасылдау сары, ал қан құйылса қызғылт түсті. Көз камерасына шыққан сұйық мөлшері көп болса қасаң қабық алға қарай томпаяды (кератоглобус).

Емі. Негізгі ауруларды (кератит, ирит, циклит) емдеу. Уақыт өте келе фибрин, ірің, қан көз түбіне шөгеді. Көз камерасына аса көп қан құйылып тартылмаса, немесе ірің болса жіңішке инемен қасаң қабық лимбо аймағынан тесіліп, көз камерасы сұйығы сорғызылып алынады. 0,5% новокаин – антибиотик ерітіндісімен жуып тазаланады. Ары қарай көз құрылымдарының қабынулырын емдеу әдістері қолданылады.

Көздің алдынғы камерасына қан құйылу. Негізгі себебі көздің ашық және жабық механикалық жарақаттары. Көздің алдынғы камерасына қан құйылу көбіне түсті қабықтың, кірпікті (цилиар) дененің және ақ қабықтың қан тамырларының жарақаттануынан (кесілген, тесілген немесе операциялық жарақаттар) болады. Сирек жағдайда аталған көз құрылымдарының геморрагиялық қабынуы, инфекциялық аурулар (инфекциялық анемия), авитаминоздар (К, РР) салдарынан көз камераларына қан құйылады.

Белгілері. Құйылған қан мөлшері аз болса көздің алдынғы камерасы сұйығы қызғылт, ал көп болса қою қызыл түске боялады. Ол «гифема» деген атқа ие. Соңғы жағдайда түсті қабық пен қарашық көрінбейді. Уақыт өте келе қан құрылымдары (эритроциттер, лейкоциттер, фибрин) көз камерасының түбіне шөгіп, оның жоғарғы жағындағы көз камерасы сұйығы мөлдірленеді. Түсті қабық және қарашық айқын көрінеді. Сонымен бірге жарыққа қарай алмау, қарашықтың кішіреюі сияқты жалпы көз ауруларына тән клиникалық белгілербайқалады.

Емі. Алғашқы күннен бастап емдесе көз камерасына біршама мол құйылған қанның өзі тарап, тартылып кететіні белгілі. Басқа малдарға қарағанда көз камерасына құйылған қан сиырда өте жай тарайтыны анықталған және ол үшін екі айға дейін уақыт кетуі мүмкін. Сонымен бірге көз камерасының түбіне шөккен эритроциттер мен фибрин түсті қабықты қасаң қабыққа жабыстырып тастауы жиі кездеседі (алдыңғы «синехи»). Аурудың алғашында көзге суық басу керек. Екінші күннен бастап жылулық емдер қолданады. Көзге 2 -3 % - ды дионин ерітіндісін тамызады. Ішке иодты калий береді. Көз камерасына аса көп мөлшерде қан құйылғанда қасаң қабықты инекциялық инемен тесіп, қанды сұйықты сорап алып, көз камерасын новокаин антибиотик қоспасымен жуу жақсы нәтиже береді. К және РР витаминдері егіледі. Антибиотиктер қосып ретробульбарлық новокаин блокадасы жасалады.

Көздің алдынғы камерасына бөгде заттардың енуі. Көздің алдыңғы камерасына бөгде заттар көбіне қасаң қабықтың және ақ қабықтың жарақаттары арқылы енеді. Мұндай бөгде заттар: ұсақ метал ұшқыны, сынығы, ұсақ тас, құм, шыны бөлшектері, тікен, аңыздағы шабылған астықтың сабағы болуы мүмкін. Малдың көзін жиі селеу шөбінің тікені жарақаттайды.

Белгілері. Көздің алдынғы камерасына енген бөгде зат көбіне оның түбіне шөгеді. Ал кейде түсті қабыққа, бұршақ денеге шаншылады. Алғашында көз камерасына енген бөгде затты көруге болады. Жарақат алған қасаң қабық уақыт өте келе қабынып, бұлдырланып, бөгде зат көрінбей қалады. Көзге енген бөгде зат кір болса инфекция түсіп қасаң қабық, түсті қабық және кірпікті дене қатты қабынады. Жиі көздің барлық құрылымдары қабынып, панофтальмит дамиды. Соның салдарынан көз солады, көрмей қалады. Көзге енген бөгде зат салыстырмалы таза болса қабыну аса жоғары емес және емдесе көзге онша зақым келмей жазылады.

Емі. Оперативті. Мал операция жасалатын көзі үстіңгі жағына қаратып бекітіледі. Операцияны наркозбен жасау қолайлы. Операция жалпы және жергілікті ауырсындырмау жасау арқылы да жасалады. Көздің қабағын қабақ ашқышпен ашып тұрып, қасаң қабықты төменгі жағынан лимбадан 2 – 3 мм жоғары тіліп, осы тіліктен бөгде зат көз пинцетімен алынып тасталады. Тілікке 1-2 жерден түйін тігіс салынады. Ары қарай көз камерасы сұйығының бұлдырлануында жасалатын емдер қолданылады.

Көз камерасына паразит құрттар енуі. Жылқының, шошқаның, иттің көздерінің алдынғы камерасына паразит құрттар енуі кездеседі. Жылқыда сетариоз ауруының қоздырушысы Settaria eguina - енеді. Ол филария тұқымдасына жататын жұмыр құрт. Олардың ұзындықтары 70 – 130 мм. Көз камерасын қасаң қабық арқылы қарағанда оның сұйығында ирелеңдеп (саны 1 – 3 және одан да көп) қалқып жүрген құрттар анықталады. Олар осылай бір жылдан көп өмір сүре береді. Сиыр сетариозының қоздырғышы S. Labiata papillosa 48 – 103 мм. Иттің көзінде Heamostrogulus vadorum құрты паразиттік тіршілік етеді.

19 – шы сурет. Шприцтің көмегімен көздің алдынғы камарасындағы бөгде заттарды, паразит құрттарды алу (К.А. Фомин бойынша).
Белгілері. Клиникалық зерттеуде көз камерасы сұйығында ирелеңдеп қозғалып жүрген паразит құрттар анықталады. Құртардың саны бір – екеу болса клиникалық белгісі анық байқалмайды. Ал олардың саны үш және одан да көп болса көздің алдыңғы камерасының сұйығы бұлдырланып, көздің көруі бұзылады, тіпті көрмей қалады.

Емі. Көз камерасы сұйығындағы құртардың саны аз болса (1 – 2 құрт) уақыт өте келе құрттар өліп, лизиске ұшырап, жойылып кетуі мүмкін. Ал құрт саны көп болса (3 және одан көп) түсті қабық, кірпікті дене және тағы басқа көз құрылымдары қабынады. Көз камерасы сұйығы бұлдырланады. Сондықтан құрт саны көп болғанда емі оперативтік. Операция техникасы жоғарыда баяндалғандай. Қасаң қабықты төменгі жағынан, лимбадан 2 – 3 мм жоғары тіліп, осы тіліктен құрттар көз пинцетімен алынып тасталады. Москва ветеринариялық академиясы ғалымдары көз камерасындағы құрттарды қасаң қабық арқылы енгізілген шприц инесімен (инесінің диаметрі құрт диаметріне сәйкес келуі керек) сорып алып шығаруды ұсынған (19 – шы сурет). Бұл әдісте қасаң қабық аз жарақаттанады және тез жазылады. Сонымен қатар көз камерасы сұйығы сақталады. Осы әдіспен көз камерасына енген басқада ұсақ заттарды алып тастауға болады.
БҰРШАҚ ДЕНЕНІҢ АУРУЛАРЫ

Көздің бұршақ денесінің - (lens crystallina) туа біткен және жүре пайда болған ақаулары біршама жиі кездеседі. Осыған байланысты көздің көруі бұзылады. Көздің бұл анатомиялық аномалияларына әсіресе асыл тұқымды жануарларды тексеру керек. Өйткені бұл ақаулар көбіне тұқым қуалайды.



Көзде көз бұршағының мүлде болмауы – (Aphakia) афакия. Бұл көздің анатомиялық құрылымының ақауы, аномалиясы. Афакия жиі туа бітеді. Сирек жүре пайда болады. Соңғы жағдайда көз жарақаты салдарынан түсіп қалады немесе ауруына байланысты операция жасалып, алып тасталады (экстирпация). Бұршақ дене көздің жарықты сындыратын негізгі құрылымының бірі болмағандықтан жарық сәулесі толық сындырылмайды, торлы қабықта бір нүктеге жиналмайды. Осыған байланысты көз анық көру қасиетінен айрылады. Көзінде мұндай ақауы бар жануарлар заттардың сұлбасын ғана және бұлдыр көреді.

Белгілері. Қарашық өте кеңейген. Түсті қабықтың қарашық жақ жиегі дірілдеп тұрады. Көз түбін жарық түсіріп офтальмоскопсыз көруге болады. Көзді арнайы Пуркине – Самсонов бейнесімен тексергенде 2 – ші және 3 – ші май шам білтесі жалыны бейнелері көрінбейді.

Бұршақ дененің пішінінің қалыптан ауытқуы. Бұл аномалия жиі кездеседі. Қалыпта бұршақ дененің екі жағы дөңес (алдынғы жағынан артқы жағы дөңестеу), мөлдір. Линза тәрізді.

Лентиглобус – бұршақ дененің шар тәрізді тұрпатта болуы.

Белгілері. Қарашық кеңейгенде бұршақ дене толығымен көрінеді және көздің алдынғы камерасына шыға орналасқан. Мұндай бұршақ денені ұстап тұрған цинново байламдары қалыптан тыс ұзын және жіңішке болады. Соның салдарынан көз қозғалғанда бұршақ дененің тербелісі байқалады. Бұл аномалия итте, шошқада, сиырда кездеседі.

Лентиконус – бұршақ дененің алдынғы немесе артқы беті доғал конус тәрізді тұрпатта болуы. Көбіне алдыңғы лентиконус кездеседі. Мұнда бұршақ дене қарашық арқылы көздің алдыңғы камерасына шыға орналасады. Көзді жанынан қарағанда оны анық байқауға болады. Артқы лентиконуста жиі кездеседі және ол да бұршақ дененің туа біткен аномалиясы. Бұл ауытқуда оның артқы жағы мөлдір емес домалақ дақ түрінде байқалады. Бұршақ дененің бұл анатомиялық аномалияларының қай – қайсысында да көздің қалыпты көруі бұзылады немесе көз мүлде көрмейді («су қараңғы»).


20 – шы сурет. Бұршақ дененің қалыпты пішіні және оның патологиялық өзгерістері:

1 - қалыпты; 2 - алдынғы лентиконус; 3 - алдынғы және артқы лентиконус; 4 - артқы лентиконус; 5 – лентиглобус - бұршақ дене шар тәрізді.
Бұршақ дененің орнын өзгертуі – (Luxatio lentis). Қалыптан тыс ұзын және жіңішке цинново байламы жиі үзіліп, бұршақ дене жартылай немесе толығымен көздің алдынғы камерасына қарай ауытқиды.

Бұршақ дененің орнынан «шығуы». Егер бұршақ дене байламдарынан ажырап, өзінің қалыпты орнынан ауытқып, көздің алдыңғы камерасында немесе шыны тәрізді денеде бос жатса оны бұршақ дененің «шығуы» деп атайды. Бұршақ дененің мұндай орнынан ауытқуы сиырда, жылқыда, ешкіде, итте, мысықта кездеседі. Ол көбіне бір көзде, ал сирек екі көзде бірдей кездеседі. Оның басты себебі – көздің механикалық жарақаттары: ұрылуы, соғылуы. Көздің ішкі құрылымдарының аурулары салдарынан да болады. Көздің жарақаттары салдарынан бұршақ дененің орнын өзгертуі цинново байламының үзілуінен болады және көз камерасына қан құйылады.


21 – ші сурет. Бұршақ дененің қалыптағы орнын өзгертуі (К.А Фомин бойынша).

1 – шыны тәрізді денеге қарай; 2 – көздің алдынғы камерасына қарай.
Ал тамырлы қабық пен кірпікті (цилиар) дененің қабынуы салдарынан болса ол баяу дамиды. Көз камерасы сұйығының шамадан тыс көбеюі салдарынан көздің ішкі қысымы артып, цинново байламы үзіледі. Кейбір көз аурулары (көз алмасының сулы қабынуы, көздің қатерлі ісіктері, иридоциклохориоидит) салдарынан туындайтын механикалық әсерлер кезінде де бұршақ дене қалыпты орнын өзгертуі мүмкін.

Белгілері. Қарашық кеңейген. Бұршақ дене мөлдір емес, сондықтан жай көзге оңай көрінеді. Түсті қабықтың жиегінің дірілі байқалады. Бұршақ дене көздің алдынғы камерасына қарай ауытқыса көзді жанынан қарау арқылы оның алдынғы камераға қарашық арқылы томпайып шығып тұрғанын көруге болады. Егер бұршақ дене көздің алдыңғы камерасына толық ауытқыса оны қасаң қабық арқылы жай көзбен қарап, қарашықтың алдында орналасқан дөңгелек табақша (диск) түрінде көруге болады. Бұл жағдайда түсті қабық бұршақ дененің артқы жағында дұрыс тұрпатты қуыс (құйғыш тәрізді, орысша - воронка) түрінде көрінеді. Бұршақ дене шыны тәрізді денеге қарай жартылай орын ауыстырса, қарашыққа арқылы жарық түсіріп қарағанда қарашық жиегінен бұршақ дененің жоғарғы шеті көрінеді. Офтальмоскоппен зерттегенде (егер бұршақ дене өзінің мөлдірлігін жоғалтпаған болса) көз түбінің бейнесі қосарланып (екеу болып) көрінеді. Ал бұршақ дене шыны тәрізді дене жаққа толық орын ауыстырса, көздің алдынғы камерасы тереңдеп, түсті қабық дірілдейді. Қарашық кеңейген. Көзді арнайы Пуркине – Самсонов бейнесімен тексергенде қасаң қабықтан шағылысқан бір ғана май шам білтесінің жалынының бейнесі көрінеді. Афакиядағыдай 2 – ші және 3 – ші май шам білтесінің жалыны бейнелері көрінбейді Көз түбін жарық түсіріп, офтальмоскопсыз көруге болады. Көздің көруі өте нашар немесе мүлде көрмейді. Өте сирек жағдайда бұршақ дене көздің ақ қабығындағы жарақат арқылы конъюнктива астына шығып кетуі мүмкін. Алғашында конъюнктиваның бұршақ дене орналасқан жері қабынып, ісінеді. Ісік қайтқан соң конъюнктива астынан томпақ, өте қозғалғыш, қатты бұршақ денені сипап табуға болады.

Емі. Өндіріс жағдайында жануарлардың көзінің орнынан тайған бұршақ денесін қайта орнына қою мүмкін емес. Қажет болғанда көздің алдыңғы камерасына толық ауытқыған немесе конъюнктива астына шыққан бұршақ денені операция арқылы алып тастайды. Соңғы жағдайда операция ақ қабықтағы жарақат біткен соң жасалады.

22 – ші сурет. Бұршақ дене жартылай шыны тәрізді денеге қарай қалыптағы орнын өзгертуі және көз түбі суретінің қосарланып көрінуі (Т. Аксенфельд бойынша).


Бұршақ дененің күңгірттенуі - (Cataracta) – катаракта. Бұршақ дененің кез келген себептермен күңгірттенуі, яғни мөлдірлігін жоғалтуы катаракта деп аталады. Катаракта барлық жануарларда кездеседі. Оның себебтері сан алуан. Бірінші себебі бұршақ денені қоршаған көз құрылымдары мен ұлпаларының (кератит, ирит, ретинит, хориоидит, панофтальмит) және көз камераларының аурулары. Екінші себебі бұршақ дененің қоректенуінің бұзылуы, ағзаның жұқпалы және жұқпалы емес ауруларға шалдығуы. Үшінші себебі улану, рентген, радиация және басқа сәулелер әсері. Төртінші себебі мал жасының шамадан тыс ұлғаюына байланысты биологиялық негізде шыны тәрізді дененің, бұршақ дененің химиялық құрамының өзгеріске ұшырауы. Бесінші себебі тұқым қуалаушылық. Сиырда, жылқыда, итте, қоянда бұршақ дене катарактасының тұқым қуалайтыны дәлелденген. Мысалы 6 – 7% жағдайда бұзаулар ауру енесінен катарактамен туады. Кейде катарактаның себебін анықтау мүмкін болмайды.

Бұршақ дененің күнгірттенуі, мөлдірлігін жоғалтуы оның қабығы мен паренхимасының органикалық өзгеріске ұшырауынан болады. Мысалы бұршақ дененің қабығының алдынғы қабырғасына эпителий өсіп, оны күңгірттендіреді. Кейде оның паренхимасында қуыстар пайда болып, оған майлы сұйық жиналады, паренхима талшықтары ісініп, бүлінеді. Ол жерге соңынан дәнекер ұлпа өсіп, тығыздалып қатаяды (склероз). Сөйтіп бұршақ дененің паренхимасында ошақты склероз пайда болады. Бұршақ дененің склерозы көздің көруіне онша кедергі келтірмейді. Оны көзді офтальмоскоппен зерттегенде кейде жарқырайтын, ал кейде күңгірт шеңберлер түрінде көруге болады. Ол «бұршақ дене склерозы» деген атпен белгілі.

Катарактаның түрі көп және оны жіктеу де қиын. Дегенмен этиологиясына, орналасуына, пайда болу уақытына, ағымына байланысты жіктейді. Мысалы: нағыз және жалған катаракта. Алғашқысында бұршақ дененің қабығы мен паренхимасы күңгірттенеді. Ал соңғысында күнгірттену оның қабығының сыртында қабыршақ пайда болуынан туындайды. Катарактаның көз бұршағына таралуы бойынша - толық және толық емес катаракта делінеді. Сонымен бірге катаракта бір жақты, екі жақты, туа біткен, жүре пайда болған (жарақатты), үдемелі, тұрақты деп жіктеледі. Үдемелі катарактаға жануарлардың табиғи қартаюына байланысты, кәрі жылқы, кәрі иттердің көзінде пайда болатын катаракта жатады. Соңғы жағдайда алғашында катаракта бұршақ дененің аздаған жерінде басталып, біртіндеп оған толық тарап, жайылады. Катаракта бұршақ денеде орналасуына байланысты қабықтық және паренхималық деп бөлінеді. Сонымен бірге жарақатты катаракта, диабеттік катаракта (жиі итте, олардың қанында қант мөлшері көбейіп кетуі болады), гармональдық катаракта (қалқанша бездің гипофункциясынан), уланудан болған катаракта (зең саңырауқұлақтарынан уланудан), сәуле әсерінен (рентген, радиация) болған катаракта деген түрлері жақсы зерттеліп, сипаттап жазылған.

Белгілері. Толық катарактада көздің қарашығы барынша кеңейген. Негізгі клиникасы – бұршақ дененің мөлдірлігін жоғалтуы және түсінің өзгеруі. Бұл өзгерістер анық болса, көзді жарық жерде жанынан қарап және офтальмоскоппен зерттеп оның күнгірттенгенін анықтау қиындық туғызбайды. Катарактаға ұшыраған бұршақ дене ақ немесе сұрғылт тұман түсіне енеді. Егер бұршақ дене жартылай катарактаға ұшыраса оның сау жерінен көз түбі көрінеді. Ал күнгірттенген жері ақ немесе сұр түсті дақтар түрінде көрінеді. Толық катарактаға ұшыраған көзді Пуркине – Самсонов бейнесімен тексергенде 3 – ші май шам білтесі жалынының бейнесі көрінбейді. Шағылысу жақсы болуына байланысты керісінше 1 – ші және 2 – ші бейнелер айқындала түседі.

22 – ші сурет. Катарактаның жіктелуі (Т. Аксенфельд бойынша):



1 – қабықтық жалған катаракта; 2 – алдынғы және артқы толық емес (полярлық) катаракта; 3 - толық емес жіпше тәрізді катаракта; 4 – толық емес қабаттанған катаракта; 5 – Орталық (ядролық) катаракта; 6 –қабықтық толық катаракта; 7 – толық катаракта.
Емі. Катарактаны дәрілермен және операция арқылы емдейді. Катарактаны дәрілер қолданып емдеп, бұршақ дененің толық мөлдірлігіне жетісу қиын. Дәрілермен катаракта алғашқы сатысында емделеді. 2 – 3 апта бойы В – 6, В – 12 және С витаминдері егіледі. Кең ауқымды әсері бар антибиотиктер қосып ретробульбарлық новокаин блокадасы жасалады. Новокаин мөлшері ұсақ малға 10 – 15 мл, ірі малға 20 – 25 мл, ал антибиотик жалпы қолдану ережесіне сай есептеледі.

Катарактаны оперативтік жолмен емдеудің екі тәсілі бар. Бірінші тәсіл - дисцизия - яғни бұршақ денені тесу (дис – латынша бүтіндігін бұзу). Бұл тәсіл жүре пайда болған жұмсақ катарактада қолданылады. Бұршақ денені тесу арқылы катаракта жіті жарақатты катарактаға айналдырылады. Ол үшін көзге алдын ала 2 – 3 сағат бұрын қарашықты кеңейтетін 1 % атропин сульфат тамызады. Малды мықтап бекітіп, көзіне 10 % - ды новокаин тамызып ауырсындырмау жасалады. Қабақты ашып, көзді арнайы көз ұстағыш қысқышпен қозғалтпай ұстап тұрады. Қасаң қабықты төменгі жағының орта тұсынан, лимба аймағынан 2 – 3 мм жоғары алып, арнайы дисцизиондық инемен тесіп, ине ұшын қарашықтың ортаңғы жиегі арқылы өткізіп, бұршақ дененің қабығы бір немесе бірнеше жерден тік және көлбеу тілінеді (тесіледі). Осыдан соң инені еппен, тесікті ұлғайтпай кері суырып алады. Ол жерден аздаған сулы сұйық бөлінеді. Бұршақ дененің қабығының кесілген (тесілген) жерінен паренхимасына көз камерасы сұйығы сіңіп, ол ісінеді. Алғашында ылғалдану жоғарлағанмен, 2 – 3 аптадан соң ол тарап, бұршақ дене мөлдірлене түседі. Көздің көруі жақсарады. Бұл кезде бұршақ денеге түсті қабық жабысып қалмас үшін әрбір 2 – 3 күн сайын көзге атропин сульфат тамызып отырады.

Екінші тәсіл - экстракция (экстирпация) - яғни бұршақ денені толық сылып алып тастау. Бұл тәсіл қатты катарактада қолданылады. Мал операцияға дайындау тәртібі жоғарыдағыдай. Содан соң малдың көзінің қасаң қабығы жоғарғы жағынан 8 – 10 мм ұзындықта тілініп, арнайы хирургиялық қасықтың (Давэля қасығы) көмегімен көз бұршағы толық сылынып алынып тасталады. Сыртқа бірге шыққан түсті қабықты орнына дүзеп салып, қасаң қабықтың тілінген жеріне тігіс салынады. Кейде көз бұршағының қабығы тілініп, тек оның паренхимасы ғана сылынып алынып тасталады. Бұл тәсәл көз бұршағын жартылай сылу деп аталады.

23 – ші сурет. Катарактаға операция жасау техникасы (А.В. Мокашов бойынша):



1 – катарактаны экстракциялау (бұршақ денені толық сылып алып тастау); 2 - катарактаны дисцизиялау (бұршақ денені тесу).
Кейбір жағдайларда операция кезінде алдын ала атропин сульфат қолданылса да қарашық қатты тарылып, бұршақ денені шығарып алып тастауға мүмкіндік бермейді. Мұндай жағдайда қарашықты тіліп кеңейтеді (иридактомия). Операциядан соң көзге инфекция түсіп асқынуы мүмкін. Сондықтан асептика мен антисептика қатаң сақталады. Көзіне операция жасалған мал қара көлеңке, салқын қорада ұсталып, тыныштық сақталады.

Қант диабетінің асқынуынан болған катаракта. Зерттеулерге қарағанда иттер қант диабетіне жиі шалдығады. Оның асқынуы салдарынан 68% жағдайда катаракта дамиды және механизмі жақсы зерттелген. Қант диабетінде инсулинге тәуелді гексокиназа ферменті өзінің белсенділігін көрсетпейді. Соның нәтижесінде зат алмасу қалдығы (метоболит) сорбитол бұршақ дененің қабығынан сыртқа шықпайды да бұршақ дене күңгірттенеді (К.А. Перепечаев. 2007).


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   11




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет