Зерттеу жұмысының мерзімдік шеңбері 1917-1991 жж. аралығында 74 жыл бойы өмір сүрген кеңес өкіметінің билік құрған кезеңін қамтиды. Диссертацияда кеңес дәуірін нақтылау үшін оның қарсаңындағы жағдайға шолу жасап, тәуелсіздік жылдарындағы осы үдерістің жаңғырығы мен оның демографиялық салдарларына тоқталамыз. Сондықтан, кеңес өкіметі қарсаңындағы елдегі этнодемографиялық ахуалды салыстырмалы түрде көрсету үшін 1897 ж. санақ материалдары және тәуелсіздік жылдарындағы көші-қон үрдістерінің жаңғырығын анықтау үшін 2009 ж. санаққа дейінгі тәуелсіз Қазақстан мәліметтері де қолданылады.
Зерттеу жұмысының аумақтық ауқымы кеңес дәуірінде көптеген шекаралық және әкімшілік-аумақтық өзгерістерге ұшыраған қазіргі Қазақстан Республикасының аумағын қамтиды.
Зерттеудің қолданыстық маңызы. Зерттеуде ұсынылған мәліметтерді, жасалған қорытындылар мен тұжырымдарды жоғары оқу орындарында Қазақстан тарихы, оның арнайы курстары, тарихи демография, әлеуметтану, деректану, саясаттану пәндерi бойынша оқылатын дәрістер мен семинарларда пайдалануға болады. Көші-қоншылар, сыртқы және iшкі көшi-қонға байланысты ғылыми мәлiметтердi жалпы зерттеу жұмыстарында пайдалануға болады.
Сонымен бірге, Қазақстан халықтары Ассамблеясы мен этномәдени орталықтарында сабырлы саясаттың, ұлтаралық достық пен келісімнің қалыптасуының тарихын насихаттау үшін қажетті еңбек. Зерттеу жұмысы Қазақстандағы демографиялық ахуалдың өткен кезеңдерін оқып, танысқысы келетін көпшілік қауымға да арналған. Зерттеу қорытындыларының осы тақырыпты зерттеушілерге көп көмек берері сөзсіз. Сонымен қатар бұл еңбек Қазақстандағы көші-қонның көлемін, оның барысын, қорытындысы мен өлкелердегі тарихын білгісі келетіндерге де қажетті зерттеу жұмысы болып табылады.
Диссертацияның теориялық және әдістемелік негізі. Тақырыпты зерттеуде маркстік-лениндік әдіснамаға негізделген нақты бағалаулардың бейнесін көрсете отырып, тарихты өркениеттілік пен ұлттық тұрғыдан жаңаша пайымдаудың әдістері қолданылды. Салыстырмалылық, саралау, талдау және қорыту, тарихи-салыстырмалы, жүйелілі-құрылымдық, теориялық таным, тарихи және демографиялық детерменизм, терминдерге талдау жасау, математикалық статистикалық, түсіндірмелі-баяндау, тарихи құбылыстарды бағалау, модельдеу мен типтендіру және т.б. сияқты ғылыми, философиялық, әлеуметтанушылық, тарихи зерттеу әдістері кешенді түрде қолданылды. Көші-қон үдерістерінің тарихи демографиялық салдарлары тарихи құбылыстар ретінде көпфакторлы әсерлердің өзара байланысы тұрғысынан зерттелді. Ал, факторлар тарихи құбылыстарға тең дәрежеде әсер ететін, сол құбылыстардың жемісі.
Зерттеу жұмысында басшылыққа алынған негізгі идеологиялық тұжырымдама – гуманистік таным заңдылығы және өркениеттілік құндылықтар тұрғысынан пайымдау болып табылады.
Теориялық негізін ғылыми танымның тарихилылық, нақтылық, шынайылық және құбылыстардың бағалылығы мен жүйелілігі принциптеріне негізделген зерттеулердегі тұжырымдар құрайды. Мәселені зерттеуде салааралық, әртүрлі ғылымдардың – тарихи, демографиялық, сатистикалық, көп өлшемді класстер-талдау (Фуззи класс), салыстырмалы тарихи-демографиялық талдау, интерполяция, қайта қалпына келтіру және т.б. әдістерін үйлесімді түрде пайдалануға талпыныс жасалды.
Диссертацияларда пайдаланылған мәліметтер «Statistica», «SPSS», «Statgrafch» және кестелік «Microsoft Excel» редакторы секілді қазіргі кезеңдегі қондырмалық бағдарламалар көмегімен өңделді.
Қорғауға ұсынылатын тұжырымдар: Кеңес дәуірі тұсындағы көші-қон үдерістері мен оның демографиялық салдарлары жөнінде төмендегі тұжырымдар жасалды:
-
Кеңес дәуірінің орнығуы кезіндегі көші-қон үдерістері патшалық Ресей кезінен басталған қоныстандыру шараларының жалғасы іспеттес болды;
-
Қазақстандық тарих ғылымының тұжырымдамалық ұстанымы тұрғысынан ашылған жаңа көзқарастарға сай кеңес дәуіріндегі республика халқының саны мен құрамындағы өзгерістерге ықпал еткен негізгі фактор – көші-қон үдерісі өзіндік ерекшеліктері бар алты кезеңге бөлінеді;
-
1917-1926 жж. бұрынғы патша өкіметінің отарлауымен тұтасқан көші-қон саясаты кеңес дәуірі кезінде жаңа түрге ауысты. Қазақстанға сырттан келушілер саябырсыған бұл кезеңде сырттан европалық ұлттар өкілдері көшіп келіп, орналасуын, ал, қазақтар шетелге қашып, өз тарихи отанындағы жерлерінен айрылу, үлесін кеміту үрдісін жалғастырды. 1917-1918 жж. Түркістан Республикасын, 1921-1922 жж. қазақ жерін толық қамтыған ашаршылықтар кезіндегі өлке халқының сыртқа көші-қоны мен табиғи қозғалыстағы кері айырымы қазақтар санын кемітті;
-
Көші-қон үдерісінің қазақ халқының ұлттық дамуына кері әсерін көре білген ұлттық саяси элита өкілдері көші-қон қозғалысын тоқтатуға күш салды;
-
1926-1939 жж. Қазан төңкерісінен кейін қайтадан жанданып, қайта өрлеген сырттан келгендердің көші-қоны демографиялық апатқа әкелген ашаршылықтар мен көтерілістерді жазалаудан туындаған қазақтардың көші-қонына кері бағытта өрбіді;
-
Қазақстандағы көші-қон үдерістерінің әсері қазақ тілінің қолданыс аясын тарылтып, ұлттың өмір сүруіне дәуірлік кедергісін тигізді. Орыс тілділердің көптеп көшіп келуі, олардың халық құрамындағы үлесінің өсуі, орыс тіліндегі білім беру орындарына артықшылық жағдайдың тудырылуы, еңбек қолы ретінде орыс тілді мамандардың негізгі сұранысқа ие болуы қазақтардың өз жерінде азшылыққа айналуына ғана әкелмей, ұлттық болмыстың мәнін елеусіз күйге түсіріп, қазақ ұлтының тұрмыс-тіршілігіне өзгерістер енгізді;
-
Көші-қоншылардың республика ішіндегі орналасуы мен орнығу ерекшелігі олардың, негізінен, қала халқының құрамындағы үлесінің артуына әкелді. Ал, ғасырлар бойы көшпелік және жартылай көшпелілікпен айналысқан қазақтардың отырықшы бөлігінің қалалықтар құрамындағы үлесінің төмен болуы олардың көші-қонға түсуінің инерттілігіне және оларды өндіріс орындарына тартуға көңіл бөлмей, сырттан көші-қоншыларды көптеп әкелуге байланысты. Кеңес дәуірі кезіндегі жергілікті халықты өндіріс орындарына тартудағы шектеу ұлттық мамандардың әлеуметтік құрамдағы басшы орындарда, өндірістер мен ірі кәсіпорындардағы үлесінің төмен болуына негіз болды;
-
Көші-қон аралас некенің өсуіне әкелді. Аралас некеден туған ұрпақтың ішінде орыс тілі мен ұлтын таңдаушылар басым болды;
-
1939-1945 жж. көші-қон үдерістері демографиялық, этникалық және әлеуметтік жағдайға айтарлықтай әсер етті. Ұлы отан соғысы жылдарындағы бұл үдерістің республика экономикасының дамуы мен кәсіби-білікті жұмысшы мамандар мәселесін шешудегі рөлі шешуші болды;
-
1946-1959 жж. – соғыстан кейінгі қалпына келтіру, қазақ жерінде өндіріс орындарын ашу мақсатында құрылыстар жүргізу, тың және тыңайған жерлерді игеруге байланысты келген көші-қоншылар қазақ ұлтының геосаясатын, тұрмыс-салтын, этно-тіл мәдениетін өзгеріске ұшыратты. Қазақ жеріне сырттан әр түрлі ұлт өкілдерінен тұратын көші-қоншылардың қоныс тебуі қазақ жерінің бөлшектеніп кетуіне мүмкіндік беретін жағдайлар туғызды. Қазақстанның солтүстік бөлігін Ресейге қосу, неміс автономиялы облысын құру, Шығыс Қазақстанды бөлек автономиялық басқаруға беру туралы, қазірдің өзінде Қазақстанның солтүстігін «орыстық солтүстік» деп көрсететін ой-пікірлердің туындауы, сондай-ақ, қазақтың жеріне, тіліне, болмысына, тарихына деген елеусіз көзқарастың қалыптасуы кеңес дәуіріндегі көші-қон үдерісінің саяси, экономикалық, мәдени, психологиялық факторлармен астасқан салдарларының нәтижесі;
-
1959-1970 жж. Қазақстанға сырттан келушілердің көші-қоны аздап саябырлай бастады. Айырбасында кері айырым жоқ бұл кезеңді көші-қон қозғалыстарының бәсеңдеу кезеңі дейміз;
-
1970-1991 жж. көші-қон осы үдерістің ХІХ ғ. соңынан басталған бағытына қарсы бағытқа бұрылды;
-
Кеңес дәуіріндегі көші-қон Қазақстан халқының демографиялық үдерістерінде экзогендік факторлардың үстем болуына әкеліп, елдің демографиялық ахуалының тұрақтылығына нұқсан келтірді. Бұл, әсіресе титулды ұлттың дамуында демографиялық апаттар түрінде көрінді. Дегенмен, қазақ халқы өзінің өміршеңдігін көрсетіп, әртүрлі ұлттар мен этностар арасындағы ұлтаралық келісім, шыдамдылық, өзара көмек пен бейбіт қатар өмір сүру құндылықтарының орнығуының ұйытқысы бола білді.
Зерттеудің сыннан өтуі. Диссертациялық жұмыс БҒМ ҒК Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының Тарихи демография және қазіргі әлеуметтік үдерістер бөлімінде орындалып, институттың Тарихи демография және қазіргі әлеуметтік үдерістер және Кеңес дәуіріндегі Қазақстан тарихы бөлімдерінің кеңейтілген мәжілісінде талқыланып, қорғауға ұсынылды (хаттама № 9, 2010 ж. 17 маусым).
Зерттеудің нәтижелері мен қорытындылары 39 ғылыми еңбектерде, оның ішінде Ғылым және Білім саласындағы Бақылау комитеті бекіткен ғылыми басылымдар тізіміне сәйкес – 17, өзге ғылыми басылымдарда – 4, шетелдік басылымдарда – 5 (Ресей, Тәжікстан, Қырғызстан) жарияланып, халықаралық және республикалық конференцияларда 13 баяндама көпшілік назарына ұсынылып, материал жинақтарында басылды.
Диссертациялық жұмыстың құрылымы. Жұмыс сілтемелер мен қысқартылған сөздерден, кіріспеден, бес тараудан, пайдаланған әдебиеттер тізімінен және қосымшалардан тұрады.
НЕГІЗГІ БӨЛІМ
Кіріспеде диссертациялық жұмысқа жалпы сипаттама беріліп, тақырыптың өзектілігі негізделіп, жұмыстың зерттеу нысаны, мақсаты мен міндеттері, ғылыми жаңалығы, әдістемелік негіздері, мерзімдік ауқымы, іс-тәжірбиелік маңызы және қорғауға ұсынатын негізгі тұжырымдары көрсетілген.
«Мәселенің әдістемесі, тарихнамасы мен деректік көздері» деп аталатын бірінші тарауда тақырыптың теориялық-әдістемелік негіздемесі мен тарихнамасы қарастырылып, мәселенің дерек көздеріне талдау жасалынады.
«Зерттеудің теориялық-әдістемелік негіздері» атты бөлімде зерттеу жұмысына қатысты теориялық-әдістемелік ұстанымдар мен тұжырымдар баяндалады.
Кеңестік кездегі теория мен әдіснама тарихты, әсіресе ұлттық тарихты бұрмалаушылықтарға әкеліп соққаны белгілі. Демографиялық мәселелер мен мәліметтер қатаң бақылауға алынып, қадағаланып, басқарылып қана қоймай, саяси басшы идеяның қажетіне бейімделді. Ал, көші-қон үдерістерінің зерттелуіне деген идеологиялық қағидалар тіпті қатаң болды. Идеологиялық қасаң қағидалардың құрсауы мен маркстік-лениндік әдістеме тарихи, демографиялық сипаттағы еңбектерде көші-қон үдерістерін теориялық жағынан объективті талдауға нұқсан келтірді. Ең бастысы, тұрғылықты ұлт – қазақтардың демографиялық дамуындағы апатты жағдайлар көмескіленіп, елде орын алған үдерістер оңды маңызы жағынан ғана түсіндірілді. Қазақстанның тәуелсіздік алуымен тарихи оқиғаларды бағалауға деген көзқарас түбірімен өзгерді. Тарих ғылымының дамуында қоғамдық өмірдің барлық салаларына терең тамыр жайған маркстік-лениндік әдіснамадан арылдық. Тарихты өркениетті, халықтық, ұлттық тұрғыда жазуға ден қойылып, Қазақстан халқының демографиялық дамуының тарихи үдерістермен тығыз байланыстылығы тұжырымдамалық тұрғыдан қайта пайымдала бастады. Көші-қон үдерістерін тарихи демографиялық аспектіде зерттеу қазіргі қазақстандық тарих ғылымының ішкі өзгерістерімен қатар тарихи білімді жаңарту үдерісін басынан өткізіп жатқан тұтастай тарих ғылымындағы өзгерістерге қатысты жүруде. Осындай жағдайда ұлттық тарихты оқшауламай, мазмұны ұлттық тарихтың шындығын қайта жаза отырып, оны зерттеуде қолданылатын әдістер мен әдістемелердің ғылымдағы ортақтығына көңіл бөлеміз. Кеңес дәуіріндегі тарихи білімдердің вакуумын толтыру объективтілікті, шынайылылықты, тарихилық пен нақтылықты субъективизмнің жетегіне кетпей анықтау арқылы жүзеге асырылады. Сонымен бірге, нәтижелері мен зерттеу әдістерін пайдалану үшін басқа тарихи мектептердің ғылыми әлемдегі танымал тұжырымдамалары мен бағыттарының жетістіктерін есепке аламыз. Бұндай ұстаным ұлттық тарихты әлемдік құбылыстардан оқшауламауға, ұлттық деңгеймен шектелмеуге, сонымен бірге, ұлттық тарих мәселелерінде зерттелмеген бос кеңістікті толтыруға мүмкіндік береді.
Қазақстанның тарихи демографиялық мәселелерін зерттеудің өзіндік ерекшеліктері бар. Мысалы, осы кезеңге дейін жарияланған зерттеулерде кеңес өкіметі тұсындағы Қазақстандағы көші-қон одақ көлеміндегі тұтас үдерістің құрамдас бөлігі ретінде көрсетілді. Ал, бұл жұмыста республикадағы көші-қон құбылыстары республикалық үрдістер тұрғысынан қарастырылды. Көші-қон тақырыбындағы маркстік-лениндік әдіснамаға негізделген бағалаулардың нақты бейнесі көрсетіліп, мәселе өркениеттілік әдіснамаға [2, 17-б.] сүйенген ұлттық мүдде тұрғысынан қарастырылады. Диссертацияда өткеннің жетістіктерін жоққа шығармай, қателігін көрсете отырып, елдің тарихын тұжырымдамалық тұрғыдан қайта пайымдау әрекеті жасалады. Осы мақсатта, біріншіден, кеңес дәуірінде Қазақстанда жүрген көші-қон үдерістері мен оның категориялдық ұғымдары нақтыланды. КСРО-ның құрамындағы Қазақстандағы барлық үдерістер одақтық мәселелердің жиынтығында ұлттық түрден ада, одақтық маңызды мәселелердің бір бөлігі ретінде баяндалатын. Көші-қон мәселесіне тікелей және жанамалай түрде қатысты осы кезге дейін жарияланған зерттеулерде кеңес дәуірі кезіндегі көші-қон қозғалысының түрлері одақтық көзқарас тұрғысынан республика аралық және республика ішіндегі және халықаралық деп бөлінсе, енді жеке мемлекеттік көзқарас тұрғысынан көші-қон қозғалысын сыртқы және ішкі деп екі түрге бөле отырып қарастырамыз. Сыртқы көші-қонға өзге республикалармен арадағы көші-қон мен КСРО-дан тыс шет мемлекеттермен көші-қон айырбасын жинақтаймыз. Сонан соң олардың әрқайсысын бағыттарына байланысты топтастырып, әр топтағы көші-қон түрлерінің тарихи кезеңдердегі ерекшеліктерін, ортақ белгілері мен нәтижелерін нақтылаймыз. Бұл кеңес дәуірі тұсындағы Қазақстандағы көші-қон тарихының шынайы мәнін ашып, оның халықтың сандық және сапалық құрамындағы өзгерістеріне әсерін анықтауға және әрбір кезеңдегі көші-қон үдерістерінің халықтың этнодемографиялық дамуындағы негізгі үрдістері мен заңдылықтарын талдауға көмектеседі.
Екіншіден, қазақстандық тарих ғылымының тұжырымдамалық ұстанымы тұрғысынан ашылған жаңа көзқарастарға сай кеңес дәуіріндегі республика халқының саны мен құрамындағы өзгерістерге ықпал еткен негізгі фактор – көші-қон үдерісі өзіндік ерекшеліктері бар алты кезеңге бөлінді: 1)1917-1926 жж., 2) 1926-1939 жж., 3) 1939-1945 жж., 4) 1946-1959 жж., 5) 1959-1970 жж. мен 6) 1970-1991 жж. арасындағы тарихи оқиғалар мен көші-қон тасқындарының салдарлары талданылды. Қазақстан тәуелсiздiк алғаннан бергi уақыт өз алдына бөлек кезең. Кезеңдерге бөлуде назарда ұстанған ұстанымдар – көші-қон үдерісінің басты бағыттарына байланысты негізгі үрдістері мен демографиялық салдарлары. Көші-қон үдерісі халықтың саны мен құрамының динамикасына, табиғи қозғалыстың негізгі үрдістеріне әсер еткен фактор ғана емес, ол қазақстандық қоғамның даму салалары мен ұлттық дамудың құлдыраулар мен өрлеулерге негізделген ерекшеліктерінің қалыптасуына әсер еткен басты фактор болды.
Үшіншіден, көші-қон үдерісінің тарихи демографиялық аспектісін зерттеу барысында осы үдерістерге қатысты өзгерістерге ұшыраған терминдерді жаңаша тұжырымдамалық тұрғыдан нақтылауға көңіл бөлінді. Себебі, халықтың көші-қоны ұғымын айқындауда әдістемелік кедергілердің бірі – термин шекараларының бұл мәселені зерттейтін ғылымдардың қалыптасу мен қалыптануының күрделі үдерісімен шектеулі айқындықсыздығы байқалды. Яғни, көші-қонның алуан түрлі аспектілерін зерттеудің, сайып келгенде бұл ұғымды теориялық әзірлеудің де тарихы бар. Сондықтан, көші-қонға қатысты терминдердің мәні айқындалып, оның негізгі түрлері бөліп көрсетілді. Сонымен бірге, қазіргі ғылыми әдебиетте пайдаланылатын көші-қон үдерісіне қатысты терминдердің жүйесі талданды.
Төртіншіден, тарихи демографияның жаңа теориялық ұстанымдарын қалыптастыру үшін халықтану мәселесіне қатысты тарихи материалдарды қайта қарап, ой елегінен өткізіп, тарихи кезеңдерді қайта саралап, негізгі идеяларды байсалды түрде тұжырымдап, әр кезеңге сәйкес негізгі заңдылықтары мен ерекшеліктерін көрсетуге назар аударылды. Әңгіме бұл жерде жаңадан теориялық ұстанымдар мен жауабы даяр сызба ойлап табу жайлы емес. Мәселе, бар материалдар мен деректерді жүйелеп, сыни тұрғыдан бағалай, ақиқатты жалғаннан айыра отырып, жаңаша көзқарас тұрғысынан тұжырымдамалық қорытындылар жасауға жету туралы болып отыр. Қоғамдық құбылыстарды зерттеудегі мұндай жолды «түсінуші» социология ғылымы ұсынған болатын [3].
Ресейлік зерттеушілер қалыптастырмақшы болған миграциялогия деп атаған теория халықтың орын ауыстыруларын түсіндіргенімен, көші-қонның қоғам өміріне, әлеуметтік қатынастарға, ұлттық, әлеуметтік құрылымдар өзгерісіне әсерін талдауға қолайсыз болғандықтан, қолдану аясы тар болып, тұтастай тұжырымдама ретінде қолданылмады. Сондай-ақ, батыс зерттеушілерінің еңбектерінде жаңатаптық (неоклассовый) «макро және микротеория», «жаңа экономикалық көші-қон» және «екіжақты еңбектік – нарықтық теория», «әлемдік жүйе теориясы» және т.б. көші-қон мәселесін зерттеуге арналған теориялар қалыптасуда. Бірақ, әлі күнге дейін көші-қон үдерістерін зеттеудің нақты тұжырымдамасы қабылданған жоқ. Оның себебі көші-қон үдерістерін алуан түрлілігі мен көп факторлылығына байланысты жеке ғылыми теорияның ауқымымен түсіндірудің қиындығында. Мысалы, экономикалық теория тұрғысынан көші-қон үдерісі елдің экономикалық дамуына әсер ететін халықтың экономикалық белсенді немесе белсенді емес бөлігінің сандық және сапалық құрамының өзгерісіне әсер ететін фактор ретінде бағаланады. Сондықтан, жалпы әлемдік тарих ғылымындағы секілді қазақстандық тарих ғылымында да көші-қон мәселесі классикалық теорияның парадигмалық ұғымдарының таза пәндік шекаралық шеңберінде зерттелуде. Фрагментарлы нәтижелерді тұтастай теориялық тұжырымдамаға айналдыру мәселесі шешілген жоқ. Бұл жұмыста республика халқының полиэтникалық құрамының қалыптасуына әсер еткен көші-қон үдерісінің халықтану саласындағы орны айқындалады.
Кеңес дәуірінде көші-қон үдерісін жоспарлау, жүргізу, нәтижелерін халықтың санасына сіңіруде ұлттық ерекшелік мәнсізденіп, интернационалдық сипаттағы таптық мән басты идеологиялық түпқазыққа айналды. Тек қазақ жерінде ғана емес, бүкіл кеңес елінде тоталитаризмнің үстемдік етуіне мүмкіндік берген идеология барлық ұлт өкілдерінің тарихын бұрмалаушылыққа әкелді. Сондықтан, диссертацияда отандық тарихтың халықтану саласында қордаланып қалған мәселелерін ұлттық идеологиялық тұрғыдан зерттеуге серпін беруші өркениеттілік принциптерінен ауытқымау мәселенің тұжырымдамалық қағидасы екені назарда ұсталды.
Сонымен, диссертацияның теориялық-әдістемелік негізін жалпы адамзаттық құндылықтар мен халықтың рухани дәстүрлерін сақтауға басымдылық мән беретін әлемдік ғылыми таным мен ұлттық идеологияның тарихи принциптері құрады. Тақырыпты зерттеуде өркениеттілік пен ұлттық тұрғыдан жаңаша пайымдаудың әрекеттері жасалды. Диссертацияда әртүрлі деректердегі фактілерді жинау мақсатында агрегативті әдіс қолданып, кеңес дәуіріндегі көші-қон үдерісінің динамикасын, заңдылықтары мен нәтижелерін ашу мақсатында мәселелік-мерзімдік әдіске сүйендік. Сонымен бірге, салыстырмалылық, саралау, талдау және қорыту, тарихи-салыстырмалы, жүйелік-құрылымдық, теориялық таным, тарихи және демографиялық детерменизм, математикалық, статистикалық, түсіндірмелі-баяндау, тарихи құбылыстарды бағалау, модельдеу мен типтендіру және т.б. сияқты ғылыми, философиялық, әлеуметтанушылық, тарихи зерттеу әдістері қолданылды. Көші-қон үдерістерінің тарихи демографиялық салдарлары тарихи құбылыстар ретінде көпфакторлы әсерлердің өзара байланысы тұрғысынан зерттелді. Ал, факторлар тарихи құбылыстарға тең дәрежеде әсер ете отырып, өзі де сол құбылыстардың жемісі екені назарда ұсталды.
«Мәселенің тарихнамасы» атты бөлімде Қазақстанда жүрген көші-қон үдерістерінің кеңес дәуіріндегі барысы қарастырылған зерттеу жұмыстары талданып, мәселенің зерттелу деңгейі көрсетілді.
Кеңес дәуіріндегі көші-қон үдерістері тақырыбының тарихнамасы бастауын кеңес дәуірі кезінен алады. Қоғамдық ғылымдар салалары бойынша көші-қон мәселесіне қатысты көптеген еңбектер жарияланды. Мәселенің тарихнамасы жиналған тәжірбиеден қорытынды жасау үшін жинақтап, халықтану мәселесіндегі оның ашылмаған тұстарын анықтаудың негізгі міндеттерін көрсетуді қажет етеді. Сондықтан, кеңестік дәуірдегі көші-қон үдерісінің демографиялық аспектілері қарастырылған еңбектерді тақырыбымыздағы мәселелерге қатысына қарай үш топқа біріктіре талдадық:
Бірінші топқа кеңес дәуірі қарсаңындағы көші-қон мәселесі қарастырылған патшалық Ресейдің соңғы кезеңі мен кеңес дәуірінде жарияланған еңбектер кіреді. Себебі кеңес өкіметінің орнауы мен орнығуы тұсындағы Қазақстандағы көші-қон үдерісі ХХ ғ. басындағы оқиғалар мен сол кезеңдегі көші-қон қозғалысымен тығыз байланысты болды.
Кеңес дәуірінің қарсаңындағы көші-қон үдерістерінің дені патша өкіметінің қоныс аудару саясатымен байланысты жүрді. Қоныстандыру мәселесі зерттеу нысанына айналған төңкеріске дейінгі көптеген зерттеушілер еңбектерінде көші-қон үдерісінің Қазақстан халқының көпұлттылық құрамы мен санының динамикасына тигізген әсерін мақұлдап, көптеген құнды деректерді ғылыми айналымға тартты, бірақ, зерттеушілер ұлыдержавалық мүддені бірінші кезекке қойып, соған сай қызмет етуге тырысты. Ол еңбектерде статистикалық материалдарды ғылыми айналымға жинау мен жүйелеу ісі жолға қойылса, кеңес дәуірінде мәселенің теориялық жағдайы қарастырыла бастады. 1920-1930 жж. ұлттық зиялылардың еңбектерінде патша өкіметінің қоныс аудару саясаты салдарынан қазақ даласына еуропалық Ресейден шаруалардың ағылып келуінің зардаптары көрсетілді [4]. Кеңес дәуірі қарсаңындағы көші-қон үдерістерінің нәтижесін патша өкіметінің қоныс аудару саясатымен байланыста қарау үрдісі 1940-1950 жж. да өз жалғасын тапты [5].
Қазақстан халқының қазіргі республика аумағында қанша және қандай ерекшеліктері (ұлт, жыныс, білім деңгейі және т.б.) болғаны алғаш рет Б.С. Сүлейменовтың еңбегінде көтерілді. Дегенмен, онда қазіргі Қазақстан аумағының шекаралық межесі анық бөлініп алынбады [6, 40-41-б.]. 1970-жж. басында жарыққа шыққан еңбектерде Қазан революциясына дейінгі көші-қондық үдерістің ерекшелігі түрлі деректер негізінде талданғанымен [7], Қазақстан халқының саны нақты қазіргі аумағына сәйкес бермеген.
Қазақстанның қазіргі аумағындағы халқының саны алғаш рет «История рабочего класса Советского Казахстана в трех томах» кітабында 4,147 млн. деп көрсетілсе, кейін бұл сан М.Х. Асылбеков басшылығымен жүргізілген еңбектерде [8] нақтыланды. Соның нәтижесінде, Қазақстан халқының құрамының (ұлты, жасы, жынысы, білім деңгейі және т.б.) ХХ ғ. соңына дейінгі өзгерістерін кейінгі санақтармен салыстырып, демографиялық, әлеуметтік дамуын талдауға мүмкіндік берілді. ХІХ ғ. соңы - ХХ ғ. бойы жүрген көші-қон үдерістерінің, оның ішінде сырттан келген көші-қоншылар толқындарының әсері айқындалды.
Екінші топқа кеңес дәуіріндегі көші-қон үдерісі мәселесі қамтылған кеңес дәуірі тұсында жарияланған зерттеу жұмыстары жатқызылды. Көші-қон мәселесін кешенді түрде қарастыру 1960-жж. ағымдық мәліметтердің зерттеушілердің қолына түсе бастауымен байланысты. Кеңес дәуіріндегі көші-қон мәселесі қарастырылған кеңес дәуірі тұсында жарияланған еңбектердің басты зерттеу нысаны халықтың саны, оның өсуі мен қарқыны болды. Осы бағыттағы зерттеу жұмыстарында демографиялық дамудың әртүрлі аспектілері: халықтың өсіп-өнуі, еңбек ресурстарының дамуындағы көші-қонның рөлі, қалалану қарқыны қөрсетіліп, көпке дейін, әсіресе егемендікке қол жеткенше, көші-қон мәселелері Қазақстанға сырттан келушілердің саны мен құрамын, экономикаға тигізген әсерін және басқа «прогрессивтік» нәтижелерін біржақты қарастыру бағытында талданды [9].
Шетелдік зерттеушілердің еңбектерінде 1920-1930 жж. Қазақстандағы әлеуметтік-экономикалық қайта құрулар республиканың отарлық мәртебесін бекіткен шара ретінде сипатталып, патшалы Ресейдің қоныс аудару саясаты соның бір көрінісі ретінде қабылданды. Күштеп ұжымдастыру мен отырықшыландырудың, өндірістендірудің демографиялық апат тудырғаны айтылатын 1930-жж. бергі шетелдік ғалымдар еңбектерінде адам шығынымен бірге көші-қон мәселесі де қамтылып кетеді. Көші-қоншылардың жастық-жыныстық құрамы көрсетілген Дж. Демконың, А. Каппелердің, М. Олкоттың, Р. Конквест, В. Уиткрофттың және т.б. зерттеу әдістері мен ұстанымы қазіргі тарих ғылымының ұстанымымен сәйкес келеді [10].
Көші-қондық үдерістің кеңестік дәуірдегі ерекшеліктері және оның Қазақстан халқының әлеуметтік-демографиялық дамуына ықпалы мәселесі қарастырылған М.Б. Тәтімов, Ә. Ғали, Е.Н. Гладышева, Л.А. Квон және т.б. еңбектерінің [11] ғылыми бағасы жоғары. Соның ішінде, көші-қон үдерістері мен Қазақстан халқының ұлттық құрамының қалыптасуы зерттеу нысаны болған алғашқы еңбектер қатарына жататын Е.Н. Гладышеваның мақаласында қазақ жерін көші-қоншылармен, еңбек ресурстарымен толтырған көші-қон үдерісінің көпұлттануға тигізген әсері таптық тұрғыдан оң бағаланады. Ол 1960 жж. дейін Қазақстан халқының өсімінің ерекше болмау себебі тұрғылықты халықтың сыртқа ағылуына және оның орнын сырттан келгендер мен табиғи өсімнің толықтыра алмағандығынына байланысты деп көрсетіп, қазақтардың санының кемуі мен қоғамдағы орнына мән бермейді [12]. Ф.Н. Базанованың кеңес дәуіріндегі халықтың қалыптасуы мен дамуы мәселесі қарастырылған монографиясында көші-қон үдерістері халық санының өзгерістерінің басты факторы болып көрсетіліп, соның ішінде тұрғылықты емес ұлт өкілдерінің санының өсіміне себеп болған республикааралық көші-қон екені айтылады. Еңбекте көші-қоншылардың Қазақстанның экономикалық дамуына қосқан үлесі де қарастырылады. Бірақ автор өз еңбегінде осы көші-қон саясатының нәтижесін, оның жергілікті ұлттың болмысына тигізген әсерін көрсеткен жоқ [13].
Қазақстандағы халықтану мәселесіне арналған зерттеулерде халық сандық құрамындағы өзгерістердің негізгі факторы – көші-қонның рөлі көрсетіле бастады. Жаңа көзқараспен талдау арқасында көші-қонның келімсектерден басқа бағыттары, оның ішінде шетелдерге, Одақ кезінде басқа республикалар мен аймақтарға, өз еліміздің ішінде (облыс аралық, қала-ауыл, қала-қала, ауыл-қала және т.б.) болған түрлері жан-жақты талдана бастады. Әсіресе, қазақтардың демографиялық күйзелістер мен апаттар кезінде ауа көшіп, қоныс аударуы, оның себептері мен зардаптары және т.б. жақтарына ерекше көңіл бөлінді [14]. Кеңестік кезеңде идеологиялық тыйым салынған тақырыптың бірі – демографиялық дамудың барысы, үрдістері, негізгі нәтижелері қарастырылған зерттеулердің көшбасшысы болған М.Х. Асылбеков пен Ә.Б. Ғалидың еңбегінде Қазақстандағы әлеуметтік-демографиялық үдерістердің зерттелу деңгейіне арнайы көңіл бөлініп, бұл мәселеге жаңа көзқарас тұрғысынан тарихнамалық шолу жасалған. Бірақ, аталған еңбектердің мақсаты көші-қон үдерісі емес, Қазақстанның әлеуметтік-демографиялық дамуы мәселесі болғандықтан, көші-қон үдерістері кешенді мәселелер ішінде қарастырылады.
Сонымен, кеңес дәуіріндегі көші-қон мәселесі қарастырылған кеңес дәуірі тұсында жарияланған зерттеу жұмыстарының басты нысаны халықтың саны, оның өсуі мен демографиялық дамуы болғандықтан, көші-қон мәселесі арнайы талдауға түспеген.
Үшінші топ кеңес дәуіріндегі көші-қон мәселесі қарастырылған тәуелсіздік жылдарында дүниеге келген тарихи туындыларды қамтиды.
Тәуелсіздік жылдарында тарихи демографиялық бағытта жазылған қазақстандық зерттеулер шоғыры өзінің жаңаша тұжырымдамалық пайымдауымен тарихи айналымда қолданылуда. Бірақ, отандық тарих ғылымының салалары ішіндегі кеш дами бастаған бөлігі болғандықтан, тарихи демография саласындағы зерттеу жұмыстары халықтану бағытындағы өзекті мәселелердің түбіне жетпек түгіл үстіңгі қабатын қарастырып біткен жоқ.
Қазақстандық тарих ғылымының тарихи демография саласының ғылым ретінде қалыптасуына қомақты үлес қосудағы М.Х. Асылбековтың, М.Б. Тәтімовтың, Ә.Б. Ғалидың, В.В. Козинаның, М.К. Төлекованың және т.б зерттеушілер еңбектерінде [15] Қазақстан халқының әлеуметтік-демографиялық дамуының негізгі үрдістері сараланып, 1897-2009 жж. Қазақстан халқының саны, оның өсіп-өну жолдары мен қарқыны жан-жақты және жаңаша зерттелді деп айтуға толық болады. Ғылыми ізденістер Қазақстан халқының саны мен құрамы бойынша (ұлттық, жас-жыныстық, әлеуметтік, білім деңгейі және т.б.) өзгерістердің негізінен көші-қон үдерістерінің, соның ішінде сырттан келген келімсектер толқындарының әсері екенін айқындады. Көші-қон мәселесі М.Қ. Қозыбаев, Ж.Б. Әбілхожин, М.Ж. Әбдіров және т.б. еңбектерінде қазақстандық қоғамның жалпы саяси, ұлттық, демографиялық дамуы жиынтығында да қарастырылды [16].
Шетелдерде орналасқан қазақтардың әлеуметтік-демографиялық мәселелері ішінде көші-қон мәселесі қамтылған З. Қинаятұлы, Ж.А. Ермекбаев, Г.М. Меңдікұлова, Н. Мұхаметжанұлы, Айдарбекова Р.К. және т.б. ғалымдардың іргелі еңбектерін айта кеткен жөн [17]. Бірақ аталған еңбектер кеңес дәуірі тұсында Қазақстан аумағында жүрген көші-қон үдерісінің салдарларын кешенді түрде зерттеуді өздеріне мақсат етіп алмайды. Көші-қон мәселесі қоғамдағы бір-бірімен байланысты үдерістердің ішінде тұтастала аталып кетеді.
1990-жж. демографиялық зерттеулер бойынша жаңа және тез дамушы бағыт – көші-қон үдерістерін зерттеу бағыты қалыптасты. Бірақ ол бағыттағы жұмыстарда қарастырылатын басты мәселе қазіргі кезеңдегі халықтың көші-қон қозғалыстарына бейімділігі, үдерістің әр түрлі қырлары, Қазақстан Республикасының көші-қон саясатын қалыптастыруға қатысты пікір-тұжырымдар және т.б. Қазақстанның тәуелсіздік кезеңіндегі жай-күйіне арналады.
Кеңес дәуіріндегі Қазақстандағы көші-қон үдерістерін қарастырған еңбектер қатарына А.И. Қаржаубаеваның, Қ.М. Ерімбетованың, Қ.А. Енсеновтың, К.К. Смаилованың, Б.Р. Найманбаевтың [18] және т.б. еңбектерін жатқызамыз. Ол еңбектерде көші-қонның жекелеген түрлері, көші-қон үдерісінің халық санының динамикасы мен ұлттық құрамдағы сандық және үлестік арасалмақтың өзгерісіне әсері көрсетілгенімен, табиғи қозғалысқа әсері мен басқа да демографиялық салдарлары терең талданылмаған және мерзімдік ауқымдары тар.
Сонымен, халықтану саласындағы зерттеулерге жасалған талдаулар Қазақстан халқының тарихының қыр-сырлары қарастырылған жұмыстарда көші-қон мәселесі ішінара болса да, негізгі мәселе ретінде болса қарастырылғандығын және осы салада маңызды ғылыми нәтижелерге қол жеткізгендігін көрсетеді. Аталған зерттеу жұмыстарының құндылығы да сонда, олар қазақстандық тарих ғылымынын көші-қон мәселесін тарихи демографиялық аспектіде қарастырған зерттеу жұмыстарының алғашқылары болды. Бірақ, кеңес дәуіріндегі көші-қон мәселесінің тарихи демографиялық салдарларын жаңа тұжырымдамалық деңгейде қарастырудағы маңызы жеткіліксіз. Яғни, кеңес дәуірі кезіндегі көші-қон үдерістерінің тарихы, оның демографиялық салдарлары кешенді түрде шынайылық тұрғысынан арнайы назарға алынған жоқ. Сондықтан, осы жұмыста жаңа тұжырымдамалық тұрғыдан толық жазылып бітпеген кеңес дәуірінің тарихын, соның ішінде қазіргі отандық тарих ғылымының басты міндеттердің бірі – идеологиялық тыйым салынғандықтан қордаланған «ақтаңдақтардың» тарихи демографиялық аспектілерін зерттеу жүзеге асырылады.
«Зерттеудің деректік көздері» атты бөлімде көші-қон үдерістеріне қатысты айналымға тартылған әртүрлі дерек көздері көрсетілді. Олардың ең бастылары:
1) Мұрағат қорларының құжаттары мен мәліметтері. Қазақстан Республикасы Орталық Мемлекеттік мұрағатынан 698 – Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің жанындағы Орталық статистикалық басқарма қоры 1920-1970 жж. статистикалық мәліметтер, халық санақтарына қатысты көптеген материалдарды өңделмеген күйінде сақтаған. Бірақ, санақ материалдарының негізгі бөлігі ОСБ-ға өңдеуге әкетілгендіктен, құнды болғанымен жеткіліксіз. 1987 – Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің еңбек ресурстарын реттеу жөніндегі Мемлекеттік Комитет қорда Одақ бойынша шаруашылықтарға көшірілгендер туралы, осы қордың «ерекше құпия» грифі бар 1-тiзбесінде «Жұмыс күшін үйлестiру және қоныстандыру Бас басқармасы» құжаттары, 1479 – Қазақ КСР Мемлекеттік жоспарлау комитеті қорында республика мен облыстардың әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы, 1481-қорда тың және тыңайған жерлерді игеру жылдарында Қазақстанға келгендерді қабылдау, орналастыру, республиканың ауыл шаруашылығында қамтылған халықтың жай-күйін анықтауға қатысты құжаттар сақталынған. Қазақстан Министрлер Кеңесінің шешімдері мен қаулыларын сақталған 1137-құпия қорда өзге ұлт өкілдерінің Қазақстанға көшірілгені кезіндегі қабылдануы, ұлттық құрамы жайында мәліметтер кездеседі. 1208 – Қазақ КСР-нің үкіметі жанындағы Көшіру-қоныстандыру бөлімінің, 1179 – Қазақ КСР Жоспарлау комитетінің, 1000 - Қазақ КСР Қоныстандыру басқармасының 1928-1931 жж. құжаттары, 1490-қорда Қазақ КСР Халық комиссариаты жанындағы Қоныстандыру-көшіру бөлімінің 1937-1939 жж. құжаттары жинақталған. 1208-қор – Қазақ КСР ХКК жанындағы Қоныстандыру бөлімінің 1938-1941 жж. материалдарын сақтауда. Қоныс аударушылардың ұжымшар-кеңшарларға орналасуы, ол ұжымшарлар мен ұжымшаршылардың экономикалық жағдайы, облыстық атқару комитеттері жанындағы қоныс аудару комитеттері мен атқару комитеттері арасындағы хабарлама алмасулар, қатынас қағаздар, қоныстанушыларды қабылдау мен бөлу, қоныс аударудың барысы, ауыл шаруашылығы мен өндіріс салалары бойынша қоныс аударушыларға деген сұраныс-жоспарлар мен жоспардың орындалуы жайлы мәліметтер жинақталған. Сондай-ақ, осы мұрағаттағы 1955-қор – Сыртқы істер министрлігінің шет елдерден Қазақстанға келген-кеткендер жайлы 1960-1991 жж. мағлұматтарын жинаған. Шет елдерден Қазақ КСР-не келгендерді, репатрианттарды қабылдау, орналастыру, еңбекке араластыру, олардың материалдық-тұрмыстық жағдайы мен жұмысқа орналасуы және т.б. мәселелер ішінде келген-кеткендердің республика мен облыстар бойынша сандық көрсеткіштері кездеседі.
Қазақстан Республикасы Президентінің мұрағатынан 141 – БК(б)П Қазақ Өлкелік Комитетінің құжаттары жинақталған қор, 708 – Қазақстан Комунистік Партиясының Орталық Комитетінің құжаттары сақталудағы қор және т.б. қорлар құжаттары да жұмыс барысында қолданылды.
Қазақстан Республикасы Ұлттық мұрағаты тәуелсіз Қазақстанның статистикалық қызметінің құжаттары жинақталған 53 – Қазақстан республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау Министрлігінің Көші-қон жөніндегі комитеті деп аталатын, 64 – ҚР Статистика жөніндегі агенттігі деп аталатын қорлар құжаттары кеңестік дәуірдегі көші-қон үдерістерінің тәуелсіздік жылдарындағы үрдістерге әсерін, бағыттары мен нәтижелерін салыстыруда құнды болып табылады.
Ресей Мемлекеттік Экономикалық мұрағатында КСРО Министрлер кеңесінің жанындағы Орталық статистикалық басқарманың 1931-1948 жж. арасындағы статистикалық материалдары жинақталған 1562-қордың 329-шы (1937 ж. БХС) және 336-тізбелерінен (1939 ж.) 1937 ж. және 1939 ж. санақтар мәліметтерін алуға болады. 1937 ж. Бүкілодақтық бір күндік халық санағы қате деп жарияланып, оны ұйымдастыруға, өткізуге қатысқан адамдардың көпшілігі репрессияға ұшырап, мәліметтері жойылып, тіпті мұрағат қойнауларына да мардымсыз бөлігі түскен болатын. Сондықтан, 1937 ж. санақтың мұрағаттарда сақталынған мәліметтері тіпті құнды. Ал, 1939 ж. өткізілген халық санақтың материалдары да тек 1990-жж. жарық көре бастады. Санақтың Қазақстанға қатысты бөлігі толығымен Мәскеудегі Ресей мемлекеттік экономика мұрағатының (РМЭМ) қойнауында қалып, осы күнге дейін жарық көрмеген. Қазақстан Республикасы мемлекеттік мұрағатында аз ғана бөлігі сақталған. Сондай-ақ, осы қорда 1931-1948 жж. арасындағы халықтың механикалық қозғалысы КСРО бойынша берілген. Солардың ішінде Қазақстанға қатысты жалпы мәліметтер де бар. Сондықтан, санақ материалдарына көші-қон мәселесі енбеген жылдардағы бұл үдерістің ерекшеліктерін көрсетудегі мұрағат құжаттарының маңызы зор.
Ресей Федерациясы мемлекетік мұрағатының құжаттары да жұмыста кең қолданылды. 130 – РКФСР ХКК қорында көші-қон қозғалысының барысына қатысты құжаттар сақталуда.
Ресей мемлекеттік әлеуметтік саяси тарихы мұрағатының 17 – БК(б)П ОК қордың құжаттары губерниялардың тарихи кезеңдерге сай экономикалық және саяси жай күйлері, жергілікті ұлт өкілдері мен басқа да көшіп келіп қоныстанған ұлт өкілдерінің жерге орналасуы, сандық құрамы, әкімшілік бірліктер бойынша орналасуы жайлы мәліметтер береді. Осы қорда (33-тізбе) 1920-жж. Қазақ АКСР-дегі жер мәселесі, қоныстанушылар мен жергілікті халықтың жерді бөлуге байланысты арақатынасы, губерниялардағы ашаршылықтың көлемдері жайлы да мәліметтер бар.
Сонымен бірге Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан облыстық мұрағаттар қорларындағы құжаттармен де жұмыстар атқарылды. Айта кетер жайт, 1950 жж. дейін статистикалық мәліметтердің негізгі дені көбінесе қызмет бабында пайдаланылып, көп жариялана қоймағандықтан мұрағат құжаттарында сақталған статистикалық материалдар ерекше құнды.
2) Жұмыстың деректік негізін жарияланбаған және жарияланған статистикалық жинақтар мен ағымдық статистикалық материалдар құрайды. Оларды мерзімді реттілікпен: революцияға дейінгі, кеңес дәуіріндегі және тәуелсіздік жылдарындағы деп қарастырдық. Бұл әдіс қоғамның белгілі бір тарихи даму сатысындағы ақпаратқа деген қажеттілігі мен статистиканың даму дәрежесін ескеруге мүмкіндік береді. Бұл, әрине, статистикалық деректерді мерзімдік шеңбер ішіндегі қажеттілігіне, маңыздылығына, өкілеттілігіне, өңделу кезіндегі сәттерді анықтауға және баяндалуына байланысты сұрыптауға кедергі келтірмейді.
3) Халықтану саласында жалпы мағлұмат алудағы санақ материалдарының рөлі ерекше. Себебі, ешбір басқа статистикалық мағлұматтар толыққанды мәлімет бере алмайды. Халық санақтарында ғана халықтың саны, ұлттық құрамы, тууы, өлім-жітімі, көші-қоны, жастық-жыныстық, біліми және кәсіби құрамы туралы нақты көрсеткіштер бар. Санақ материалдарының, әсіресе ХХ ғ. алғашқы жарты жылында өткен санақтар материалдары баспа бетінде толық жарияланған жоқ. Бұл, әсіресе, 1920 ж., 1937 ж., 1939 ж. және 1959 ж. санақтарға қатысты. Ал, 1937 ж. санақ қорытындысы өте құпия сақталған, материалдары жарияланбақ түгіл, негізінен жойылып, санақты жүргізгендердің басшы бөлігі репрессияға ұшырады. Көптеген ұйымдастырушылық жұмыстарға кеткен шығындарға қарамастан, санақ қорытындысы дұрыс емес деп табылып, оған қатынасқандардың көпшілігі атылған. Бұл санақтың материалдары өңделмей, баспасөзге жарияланбай, мұрағаттарда қалып қойды. Соған қарамастан, Қазақстан аумағында жүрген санақтардың жарияланған материалдарында кездесетін халықтың табиғи және механикалық қозғалысының, халық санының, оның ұлттық, әлеуметтік, жастық-жыныстық, біліми-мәдени, мамандықты және т.б. құрамының көрсеткіштері жайлы мәліметтер халықтың көші-қон үдерісінің тарихи демографиялық салдарларын көрсетуге таптырмас дерек болып табылады.
Санақ материалдарын мұрағат қойнауларында жинақталып, сақталған құжаттармен бірге салыстыра және толықтыра отырып, еліміздің тарихында болып өткен, халық дамуындағы өрлеулер мен тарихи демографиялық дағдарыстардың шынайы бет-пердесін ашатын толыққанды мәліметтер ала аламыз.
Сонымен бірге, диссертациялық жұмыстың деректік негізін құраған: 4) көші-қон үдерісін реттеуші заңнамалық құжаттар; 5) кеңес өкіметі мен үкіметінің, Қоммунистік партияның қаулы-қарарлары мен шешімдері; 6) тақырыптың мерзімдік шегіндегі көші-қон үдерісінің барысын, ерекшеліктері мен нәтижелерін айғақтайтын құжаттық деректер жинақтары; 7) баспасөз материалдары, кеңес дәуірінде, тәуелсіздік жылдарында көші-қон мәселесі көтерілген мақалалар, хабарламалар және т.б. деректер сын көзбен, өзара салыстырыла пайдаланылды.
Қорыта айтқанда, зерттеуде пайдаланылған деректер кеңестік кезеңдегi республика тұрғындарының көшi-қонының негізгі бағыттары мен үрдістерін, демографиялық салдарларын ашып көрсету, көші-қон саясатына баға беру, қазақтар мен Қазақстанды мекендеген басқа да ұлттар өкілдерінің әлеуметтiк-демографиялық даму динамикасын, көші-қонының ерекшелiктерiн, ол үдерістің мәдени, экономикалық, этникалық, тарихи факторлармен өзара әсерін көрсету бағытында бірін-бірі толықтырып, нақтыландырды.
Достарыңызбен бөлісу: |