«алаш» баспасы



бет20/25
Дата09.06.2016
өлшемі2.02 Mb.
#125163
1   ...   17   18   19   20   21   22   23   24   25

ТӨРТ КҮН


(В.М.Гаршиннен)
Менің есімде: тоғай ішімен қалай қашқанымыз, қалай оқтардың зуылдап тұрғаны, қираған ағаш бұтақтарының қалай құлап түсіп, қалай біздің итмұрын ішімен бара жатқанымыз.

Мылтық даусы жиіленіп, алаңның ана жерінен, мына жерінен бір қызыл нәрселер елестей бастады. Бірінші ротаның солдаты Сидоров жүгіріп келіп, отыра кетіп, көзі аларып қорыққан пішінмен үндемей маған қарады. Мен ішімнен: «Бұл біздің шебімізге қалай келді екен?»- деген ойға қалдым. Аузынан оның қан келіп тұр екен. Мұның бәрі жақсы есімде. Онан кейін дәл алаңның шетінде, бұтақ арасында... оны көрдім. Ол - зор, жуан түрік еді. Мен оған қарсы жүгірдім, жанымнан бір зор нәрсе зу еткендей болды, құлағым тұнып қалды.

«Анау мені атқан екен»,- дедім. Ол барып зәресі ұшқан кісіше, итмұрынның қалың бұтасына жасырына қалды. Бұтаны айланып кетсе болатын, бірақ қорыққаннан түк абайлап, түк сезбей, тек тікенекке артыла береді.

Мен бір ұрып, қолындағы мылтығын ұшырып түсірдім. Екінші рет найзамды бір жұмсақ жеріне сұғып алдым. Бір нәрсе қырылдағандай, сарнағандай болды.

Тағы жүгірдім. Біздің жақ уралап, айғайлап, атып, жығылып жатты. Тоғайдан алаңға шыға мен де бірнеше оқ шығардым. Бұ да есімде. Бір уақыт уралаған дауыс анық естілді. Бәріміз ілгері жүгірдік. «Бәріміз» дегенде менен басқалары, үйткені мен сол жерде қалдым. Қалуым таңырқарлық сықылды болды, әсіресе айғай-шу, атылған мылтық дауыстарының бір-ақ жым-жырт болуы қызық түйілді. Құлағым түк естімейді, көзіме көгілдір бірдеңелер көрінеді, дәу де болса аспан болса керек. Артынан ол да жоғалды. Еш уақыт бұрын мұндай жұмбақ, қамда болып көрген емен. Етпетімнен жатып, жердің бір кішкентай бөлегін ғана көрген сықылдымын. Бір жас шөптің сабағынан ойдан төмен жорғалаған құмырсқаны, қураған ескі шөптің қоқымын, тағы бірнеше шөптердің сабағын көремін. Бар сезілген дүние осы. Бұларды бір-ақ көзім көреді. Екінші көзімді қатты бір нәрсе басып, еріксіз жұмған сықылды. Жастанып жатқан бұтаның сабағы болса керек. Маған бір түрлі жайсыз, қозғалғым келеді, бірақ себебін ұқпаймын - тарс қозғала алмаймын.

Бірталай уақыт өтті. Шегірткенің шырылдағы, араның ызылдағы ғана естіледі. Басқа түк жоқ, бар күшімді салып, басылған оң қолымды босатып, жер тіреп тіземе тұрғым келеді. Жаңа көтеріле бергенде бір өткір, жылдам нәрсе тіземнен бастап бүкіл денемді найзағайдың отындай шаншып өтті. Қайта орныма құладым. Тағы қараңғы, тағы ешнәрсе жоқ.

Бір кезде оянсам, Балғардың қара көк аспанында жалтырап жанған жарық жұлдыздар көрінеді. Себеп? Мен шатырда емес пе ем? Неге мен онан шыққанмын? Ойға қалдым. Қозғалайын десем жаным шыға жаздап аяғым ауырады. Оң аяғым, сол аяғым, қалпынша қатқан қан. Қолыммен қозғап көрсем онан әрі ауырады.

Ауруы тістің ауырғаны сықылды. Шағып, сыздап, тоқтаусыз, тынымсыз, жан суырғандай ауыртады. Басым қорғасын құйған сықылды, мең-зең. Құлағым дүңгірлейді. Екі аяқтың бірдей жаралы екенін күңгірт қана сеземін. Бұл хал не? Неге мені жатқан жерімде қалдырған? Әлде бізді түрік жеңді ме? Ептеп оқиға есіме түсе бастады (басында күңгірт, артынан анығырақ). Біз жеңілмедік деген қорытындыға келемін. Себебі жығылған жерім (дәп жығылғаным есімде жоқ, бірақ біздің кісілердің жүгіріп кеткенін, өзімнің жүгіре алмай қалғанымды, көзіме бір көгерген нәрселердің көрінгенін білемін) төбенің басындағы алаң үсті болатын. Сол алаңды көрсетіп, батальон бастығымыз өзінің ашық даусымен: «Жігіттер! Бізге анау белеңді қайтсек те алу керек»,- деген. Айтқандай біз сол белеңді алғанбыз, сондықтан біз жеңілмедік... Ендеше мені неге жиып алмаған? Ашық жерде көрінсем керек емес пе еді?- деймін

- Мен бұл жерде жалғыз емеспін. Мойын бұрып қарайыншы!- деймін. Бірақ бұрылуға шама жоқ. Бұрылу оңай сықылды емес. Бағана: жорғалаған құмырсқаны, шөптерді көрген кезде, тұрам деп тұра алмай, етпетімнен аударылып, шалқамнан түсіппін.

Жұлдыздардың көрініп тұрған себебі де сонан екен ғой деймін. Көтерілгім келеді, ептеп байқаймын. Ұсатылған екі аяқпен қозғалу оңай ма? Неше рет ұмтылып, денем ауырғаннан көзіме жас алып, азар дегенде бас көтерем.

Төбемдегі ауданды қара көк аспанның бір бөлегінде жарқырап жанған үлкен, кіші бірнеше жұлдыздар көрінеді. Айнала елестеген биік қоңыр нәрселер байқалады. Ол бұталар екен. Мен бұтаның ішінде екенмін. Мені әлі таппаған екен. Бұны ойлап төбе шашым тік тұрды. Бұл бұталардын ішіне қалай келгенмін? Оқ маған алдында тимеп пе еді? Тегі жаралы күйде түк сезбей, жан ұшырып келіп қалғанмын ғой. Ғажап! Әзір қозғала да алмаймын, қайтып бұл жерге сүйретіліп жеткенмін? Әлде ол кезде жарам біреу-ақ болып, екінші оқ жұмысты осы араға келген соң бітірді ме екен?

Көз алдымда зор сұр, қызыл нәрселер елестеп, аспандағы жарқырап жанған үлкен, ашық жұлдыздар бозара бастады. Ұсақтары көрінбей кетті. Бұлардың өңі қашып, сұрланып, жасырынып жүргендері жадырап туған толған ай екен. Ой, дүние-ай! Үйдей жақсы жер бар ма екен?...

Бір уақыт бір жат дыбыс естілді. Біреу ыңқылдағанға ұқсайды. Әлде, менің жанымда мен сықылды ұмыт қалған жаралы бір жан бар ма екен? Ыңқылдаған дыбыс таяу естіледі. Бірақ жанымда ешкім көрінбейді. Я, алла! Бұл дыбыс менің өз дыбысым ғой! Аянышты үнмен әлсіз, ақырын ғана ыңқылдаймын. Жара тегі жанға бата ма екен? Тек солай ғой. Басым қатып, ақылым шатасып, заты түк сезбеймін ғой. Қой, қайта жатайын. Бол тыныш, ұйықтайын, ұйықтайын... Бірақ қайта ояна алар ма екем? Бір жола мәңгі ұйқыға кетпес пе екем? Онда қайттым? Бәрібір емес пе? Жату керек. Жатайын деп қамдана бастадым. Сол кезде толған айдың мұнартқан сәулесі менің жатқан орныма түсіп, маңайымды жарық етті. Жан-жағыма қаранып едім, бес қадамдай жерде жатқан бір зор қарайған көрдім. Әлгінің әр жерінен жарқыраған кішкентай нәрселер байқалады. Бұл жатқан не өлік, не жаралы солдат болу керек. Жалтырағаны айдың жарығына шағылысқан жылтыр түймелері не шендері болар деп өзіміше жориын. Бірақ оның маған не керегі бар? Кім болса, ол болсын, онан да жатайын деймін. Бірақ қиялы құрғыр болғызбайды. Еріксіз: «Мүмкін емес, біздің кісілер әлі кеткен жоқ шығар, олар осы маңда, түрікті жеңді, осы алаңға ие болды»- дегізеді. Ендеше неге олардың сөйлеген сөздері естілмейді, жарқырап жанған оттары көрінбейді? Әлде әлсіздігімнен есіте алмай жатыр ма екем? Әлде жақында шығар! Солай болуға керек деп өзімді өзім тағы жұбатамын. Бір мезгіл қысылған кеудемнен: «Жәрдем, жәрдем етіңдер!»- деген қырылдаған айғай шығады. Жым-жырт. Ешбір жауап жоқ. Түнгі тұнық әуеде тек өз даусым ғана алыста жаңғырығады. Басқаның бәрі тып-ты-ныш. Тек бұрынғыдай шегірткенің тоқтаусыз, тынымсыз шырылдағаны естіледі. Ай ғана мұңды аяныш жүзбен есіркеп, маған қарап күлімсіреген сықылды.

Мына жатқанның жаны болса, менің әлгі айғайымды естір еді. Бұл өлік болды деймін. Кім екен: біз бе? Түрік пе? Я, алла! Бәрібір емес пе?Ұу-уп!..

Әлсіреген денем, шаршаған жаным, талған көзім ұйқыға кетеді.

Оянғаныма көп заман болса да, көзім әлі жұмулы. Ашқым да келмейді. Жайылған кірпіктің арасынан күннің жарығы сезіледі, нұрынан көзім ұялады, ашсам ауыратын сықылды, денем қозғалмай тыныш жатуды тілейді.

Кеше (солай шығар деймін) мені жаралап кеткен. Күнім санаулы, мен өлмек кісі. Несіне қозғалып әуре боламын. Денем байқұс тыным алсын. Егер түк ойлап, түк те сезбей жатарлық болса, қандай жақсы болар еді! Бірақ көңіл шіркін болдырмайды. Оны немен тоқтатып болады?

Өткен күн есіме түседі, түрлі ой, түрлі сезім басымды кернейді, бірақ бұл да ұзаққа бармас, жақында бәрі де бітер, тек газет бетінде бір-екі-ақ жол қалар: «Біздің шығынымыз аз, жаралымыз пәлен-ақ, ерікті солдаттар ішінен Иванов өлді»- деген ғана. Жоқ, әлде аты-жөнім де жазылмас, тек: «өлген солдат біреу-ақ»- дер де қояр деймін.

Ерте кезде ұшырасқан, ұмытылып қалған бір оқиғаның суреті ап-ашық болып алдыма келеді. Оған көп заман болып еді. Тегі, аяғым ұсатылып осы арада жатпастан бұрынғы өмірімнің, бәрі баяғы сықылды, көп уақыт өткендей болып тұйылады.

Мен бір күні көшеде келе жатып бір жерге үймелеген көп кісі көрдім. Келсем жиылған халык, үсті-басын қан басқан, қыңсылаған бір ақ нәрсені қамалап, үн-түн жоқ үңіліп қарап тұр. Байқасам сүйкімді ғана бір кішкентай ақ күшік. Байғұс, дәп жәралы қәзіргі мен сықылды қыңсылап, қиналып өлгелі жатыр екен; атты темір жолдың арбасы басып, ішек-қарнын езіп кетіпті. Бір шеттен бір бала топ жарып келді де әлгі күшіктің желкесінен ұстап бір жаққа алып кетті. Жиылған халық ауыр суреттің күшті әсерімен жай-жайна тарасты.

Мені де біреу келіп алып кетпес пе екен? Жоқ, келер ешкім жоқ сықылды. Шіркін, жан-ай. Қандай қызықтысың! Ол күні (күшік қазалы болған күн) мен бақытты едім.

Бақытыма мастанып келе жатыр ем. Бақытты болар жөнім де бар еді-ау! Әттең, қиял-ай! Күйдірмесеңші! Жандырмасаңшы! Тыныш өлтірсеңші! Өткен күн бақыт, әзіргі хал аяныш, қайғы қасірет (екенін)жақсы білемін, неге еріксіз салыстыртасың! Неге артықша қинайсың? Таста мені, кет! Серігім-қайғым, дертім ғана қалсын. Ай... сен өкініш, арман-ай! Жарадан жаман дертсің-ау!

Күн асуға айналды. Көзімді аштым. Қарасам баяғы бұта, бұрынғы аспан, өзгерген ештеңе жоқ.

Міне, менің көршім! Түрік болды, өлік екен. Япырмай, неткен зор еді! Я, алла… таныдым. Бұл сол көршім, өзім өлтірген кісім. Неге өлтірдім екен? Менің шешем сықылды, мұның да кәрі шешесі бар шығар-ау! Әлде ол байғұс, қас қарайып, кеш болса-ақ есік алдына шығып, жасаураған кәрі көзін суық солтүстікке тігіп, қадалып ұзақ қарай ма екен? «Жақсы көрген жалғызым, асырап–сақтайтын сүйенішім, қорғаным келеді»,- деп күте ме екен? Мұның қызыл қанға боялып өліп жатқаны мұнау. Әй, сор түрткен байқұс! Мен-ші? Менің қай жерім артық? Мен де сондай... Осы күнгі халыммен тоқтаусыз-ақ айырбастар ем. Бақытты екен. Өлімнен күшті қасіретті жан суырған жараны сезбейді, қанды құртқан шөлдің не екенін білмейді. Жүректі жеген улы, ашты қиял жоқ, ми кептірген, шатасқан ой жоқ, тып-тыныш жатқаны анау.

Найза тура жүрекке қадалыпты, тұла бойы - қан; шекпенінде үңірейген қара тесік көрінеді. Бұл менің жұмысым, мен істедім. Мен бірақ бүйтпек емес едім. Соғысқа келсем де ешкімге қастық ойлаған жерім жоқ еді. «Соғыста мен де кісі өлтіремін-ау» деген ой кімнің басына келген? Өз кеудемді жауға төсейтін сықылды едім. Соғыстым, шынында да төседім, не шықты? Ақымақ болдым! Әй, бейшара ақымақ!

Ал мына пеллаптың (үстінде мысыр шекпені бар еді) қанша айыбы бар? Бұл сорлыны соғысқа жібермес бұрын, тар бөшкеге толтырған балықтай, параходқа тиеп Стамболға әкелген шығар. Орыс кім, былғар кім, бұл қайдан білсін.

«Барасың соғысқа» деді, барды. Бәрібір бармаймын десе, не жалаңаштап дүре салар еді, не бір қызу паша келіп атып тастар еді. Соғысқа келді, не көрді? Біз шабуыл жасадық. Маңдайына басқан сенімді құралы енгіліс бесатарынан да қорықпай қарсы ұмтылған біз, ол байғұсқа құбыжық көріндік. Зәресі ұшты. Жаңа ғана қашуға айналғанда, үлкен қара жұдырығымен бір қойса жаны қалмайтын бір кішкене адам жүгіріп келді де, дәл жүрегіне найзасын сұқты да алды. Мұнда не айып бар? Мұны өлтірген мен. Ал, менің қанша айыбым бар? Жазығым не?

Ұу-уп, алла! Қаным құрып барады, шөлдедім. Шөлдеу? Кім бұл сөздің толық мағынасын түсіне алады екен?

Румның 70 градус ыстығында, тоқтаусыз, 50 шақырым жер жүріп те дәл мұндай шөлдеп көрген емен. Әттең біреу келсе! Япырмау! Ана сауыттың ішіндегі су болмасын? Қайтіп жеттім? Қалай да жету керек, еңбектейін, сүйретілейін. Сынған аяқты, жансыз денені әлсіз қолым зорға жылжытады. Еңбектеймін. Өлікке дейін әлі екі саржан жер бар, он шақырымнан жақын боп сезілмейді. Сонда да еңбектеймін. Тамағым күйіп оттай жанады. Біресе: «Осы сусыз оңайырақ өлмес пе екем?»- деймін. «Жоқ-жоқ, әлде, кім біледі.., еңбектейін, жетермін!»- деп тағы еңбектеймін. Сүйретілген аяғым жер тырнап, қозғалысты ауырлатады, қозғалған сайын жаным шыға жаздап денем ауырады. Оған да қарамай, еңбектей берем. Ақыры жеттім.

Міне, сауыт қолымда. Ішіндегі су екен, пу-у, неткен көп! Сауыттан да үлкен сықылды. Сусын молайды. Көпке жетеді, өлгенге дейін жетер деймін. Менің құрбаным, сен мені өлімнен құтқардың! Қасына таяп, жанындағы сауытты шешіп алмақ болып, шынтақтап көтеріле бергенімде, басым айналып, есім ауып, етпетімнен құтқарушымның кеудесіне құладым. Біраздан соң есімді жидым. Ол иістене бастапты!

Сауытты алып су іштім. Көп екен, жылы екен, бірақ бұзылмапты.

Бірнеше күнге керек болар, «өлмеймін» деген болымсыз үміт туады. Адам су ғана ішіп те бір жұма өлмейді деген сөз есімде. Бір адам өзін-өзі ашықтырып өлтірмек болып, су ғана ішіп көпке дейін өле алмайды деген әңгімені де білуші едім. Ал, өлмедім. Бес күн, алты күн тірі болдым. Онан не шықты? Біздің кісілер кетіп қалды, бұлғарлар қашып кетті. Жақын жерде бір жан жоқ. Бәрібір іріп-шіріп өлмеймін бе? Үш күндік бейнетті бір жұмалық еттім, не таптым! Өлейін, өлгенім тыныш. Жолдасымның мылтығы анау. Енгіліс соққан жақсы құрал екен. Үйіліп жатқан оқтары анау. Атып тауыса алмапты. Азаптан бірақ құтылайын деймін. Жоқ, әлі де күтем бе? Нені күтем? Өлуді ме, тірілуді ме? Жоқ, түрік келіп терімді сойғанын ба? Жоқ, онан да өзім... Жоқ-жоқ, қайратсызданбайын, кім біледі...ақырғы минутке дейін, ақырғы күшім біткенше жасымайын, шыдайын. Тауып алса, ажалдан құтылдым емес пе? Әлде сүйегім сау шығар. Емденермін, жазылармын деймін. Туған елім, өскен жерім, шешем, Маша... көз алдыма келеді. Я, алла! Бар шынды олар білмесе екен. Оқ тиді, бір-ақ өлді десе екен! Менің үш күндей қиналып, азап шеккенімді білсе, сорлылар не болар екен?

Басым айнала бастады. Көршіге дейін жүрген алыс сапар титықты әбден құртыпты. Оның үстіне, пу-у-у, мына адам айтқысыз сасықты-ай! Өлік қап-қара болып бұзылып кетіпті. Ертең, арғы күн, бұл байғұс не болар екен? Күту керек. Бірақ қайта сүйретілер халім жоқ. Қайттім? Біраз дем алайын, сонан қайта еңбектермін. Жел сол жақтан екен: сасық исі келмейтін болар деймін. Әлім құрыған, аяусыз күн қыздырады. Пана қылар еш нәрсе жоқ. Тезірек түн болса екен деймін. Бұл түн екінші түн. Ақылым шатаса бастады, есімнен жаңылдым.

ІІІ


Ұзақ ұйықтасам керек. Оянсам түн екен. Өзгерген ешнәрсе жоқ, Бұрынғы қалып. Жараларым әлі ауырады. Таудай болып қозғалмай көршім жатыр. Ол туралы ойламасқа қалым жоқ. Бар қымбатты жақсы көрген жандарымды тастап, аштық, жалаңаштық көріп, ыстыққа күйіп, азап тартып бұл жерге не іздеп келгенмін? Бейнет көру үшін бе, жоқ, мына сұлап жатқан бақытсыздықтың қанын жүктеуге ме? Осы өлтірістен басқа соғыс мақсатына не істедім, не пайда келтірдім? Өлтіру!... Өлтіруші кім? Мен, я, алла... У-у.

Мен алғашқы соғысқа барам дегенде шешем де, Маша да ештеңе деп айтқан жоқ еді. Бірақ жыласып қалып еді. Мен қиялмен мастанып ол жастардың кәдірін білмеппін ғой. Жақсы көрген жақындарымның қайғылы қабақтарын ұқпаппын ғой. Енді ұқтым. Бірақ тым кеш. Амал жоқ, өкінгеннен не пайда? Өткенді қайтарып болмайды.

Менің соғысқа бармақ болғанымды естіген тамыр-таныстарымның түрлері де маған қызық сезіліп еді. Пішіндерінде: «Қайда бара жатқанын білмей жатып, есалаңның өршеленуін!»- дегендей ой бар сықылды еді. Мен оған таң қалып ішімнен: Бұл қалай? Ұлтын сүю, ерлік қылу сықылды зор қиялдармен бұл ойларының қандай байланысы бар? Мен сондай ардақты қиялдардың жолында құрбан болушы адамды сипаттасам керек емес пе?- деп ойлап едім. Енді?...Шын есалаң болған екенмін, жаңа білдім. Алғашқы үйден шығып, Кешеноқ қаласына келе жатқаным есіме түсті. Үсті-басымыз көк темір, қару-жарақ асынған көп кісі едік. Бірақ дәл мен сықылды шын көңілмен ерлік қылып келе жатқандары өте аз, ерік берсе көбі қайтып кеткендей еді. Соған қарамай, мыңдап шақырым жер жүріп, бізден артық болмаса, кем төбелеспеп еді, өздерінің міндеттерін жақсы орындап еді. Ғажап! Таңқаларлық нәрсе.

Таңғы салқын желдің лебі бұтақтардың басын қозғалтып, ұйқылы-ояу қонақтап отырған құстарды үркітті. Жылтырап жанған жұлдыздар сөніп, өңі қашып бозарған аспанды қанатты жұқа бұлт басты. Дымқыл жерде сұрғылт тұман көтеріліп жатыр. Бұл – үшінші күн...Не деп айтуға болады? Тіршілігім бе, жоқ, азабым.

Үшінші!... Енді қанша күн қалды екен? Көп емес шығар. Өліктен алыстар шамам жоқ. Жақында мен де осындай боламын. Онда кәзіргідей бір-бірімізге жат ұнамсыз көрінбеспіз.

Уһ! Шөлдедім ғой, су ішейін. Күніне үш рет, таңертең, түсте, кешке ішіп тұрамын. Күн шықты. Бұтаның сабағы мен оңды-солды кесілген жаңа шыққан күннің ауданды беті қып-қызыл қан сықылды. Бүгін ыстық болар.

Көршім сен қайтер екенсің? Нең қалар екен? Өзің қазір де құбыжықсың. Оның түрі қорқынышты еді. Шашы жидіп түсе бастаған, затында қара терісі сарғыштанған. Бет-аузы ісініп, қатты ыстыққа шыдамай құлақ тұсының терісі жарылып кеткен. Ол жерінде қыбырлаған құрт байқалады. Аяғындағы шебілеттің бау өткізген тесіктерінен аяқ терісі көтеріліп шаңбырақ атып тұр. Ісінген денесі таудай болып зорайған. Бұл күйде жанына жатып болмайды. Қалай да кету керек. Бірақ оған шама келер ме екен? Ептеп қол көтеріп сауыттан су ішерлік халім болса да, жансыз ауыр денені қозғап қайта орныма бара алар ма екем? Қозғалып қарайын. Бір сағатта жарты қадам жер алсам да, ептеп сүйретіліп көрейін деймін.

Күн қызғанға дейін уақытым сүйретіліп, қозғалумен өтеді. Денем адам айтқысыз ауырады. Оған қарамаймын. Бәрібір сау кісінің сезімінен айырылғамын, ұмытқамын. Дене ауруына біржола үйренген сықылдымын, сүйретіле-сүйретіле екі саржандай жер алып, бір уақыт бұрынғы орныма жеттім.

Шіри бастаған сасық өліктен алты қадамдай жердің әуесін таза деп боларлық болса, аздан соң ол жұбаныштан да айырылдым. Жел өзгеріп, өліктің шірік сасығы тыны біткен мен сорлыны тағы басты. Жүрегім қыжылдап, өкпе-баурым, аш ұлтабарым жиырылып, ішек-қарным араласып кеткен сықылды. Көзімнен жас шығып кетті. Өліктің сасық исі сіңген, бұзылған әуе маңайды тұтас қоршап, тынысты тарылтып, тұншықтырып өлтіре жаздайды. Қайратым кайтып жасыдым, шыдай алмай зарландым, жыладым.

Демім құрып иіске мас болып, ес-түс жоқ талып жатыр едім, бір уақыт, өңім бе, түсім бе? Шатасқан сандырақ, болмаса ауру қиял ма? Маған бірдеңе... естілген сықылды. Жоқ, иә, мынау анық-ақ дыбыс. Аттың дүбірі, адамның сөзі. Жүрегім қуанғаннан тулап кетті. Әлсіз кеудемнен еріксіз айғай шыға жаздады. Бірақ: «әлде түріктер шығар» деген ой сап етіп есіме түсті де, өзімді өзім тоқтаттым. Шынында да түрік болса қайттым? Көз алдымда түрлі азаптардың қорқынышты суреттері елестей бастады. Естуім бар, газеттен де оқушы едім, түрік болса тірідей терімді сояды... Жаралы аяғымды ... ұйытады?

Зәрем ұшты. Бұл ғана болса жарар еді. Түрік жан қинаудың айласын жақсы білетін халық деседі ғой. Бұл жерде өлгеннен олардың қолында өлу не оңай болсын. Жоқ? Әлде өзіміз шығар? Әй, құрғыр, мына бұтақтарды-ай, қарашы, тұп-тұтас қорған сықылды қамап алуын! Арасынан түк көрінбейді. Жалғыз-ақ, бұтақтың, болымсыз алаңынан алыстағы бір көк өзек көрінеді. Соғысар алдында біз су ішкен сол жерде бір бұлақ бар еді. Әне сол өзеннің тас өткелі көрінеді. Сол жерден бұлар өтетін шығар деп күтпек болдым. Дабырласқан сөздері қай тілде екенін ұға алмадым. Қүлағым естімейтін саңырау болып қалыппын. Ой, дүние-ай, біздің кісілер болса игі еді! Айғай салсам сол арадан есітер еді. Жалмауыздардың қолына түсіп, тірідей үйітілгеннен осыным артық. Шыдайын, күтейін деймін. Япырмай, жүрістері қалай жай еді? Неге осынша ұзақ жүреді? Шыдай алмай тықыршық атамын. Өліктің иісі бұрынғыдай емес, сезілмей кетті. Демімді ішіме тартып, күтіп тұрмын.

Бір уақыт бұлақтың өткелінде қызыл бөрікті, көк мүндірлі, найзалы қазак орыстар көрінді. Елу шақты кісі екен. Ең алдында ойнақшыған астында жақсы аты бар, қара сақалды бастығы көрінді. Өткелден өте сала бастығы бар денесімен қазак орыстарға бұрылып қарады да дауыстап: «желіспен марш» деп әмір берді. Сол кезде «тоқтандар, тоқтандар, жәрдем, құдай үшін, ағалар, жәрдем!» — деген жүрек жарып шыққан менің барылдаған айғайым шықты. Бірақ, керегі не? Көп аттың тарсылдағы, қылыштың шартылдағы, соддаттардың дабырлағы менің кезерген ернімнен шыққан қырылдақ даусымды естіртпеді. Бар үміт, бар сенімім кесілді. Халым құрыды, не болғанымды білмей, сылқ етіп жерге құлап, өкіріп жылап қоя бердім.

Мауқымды басып, біраздан соң жан-жағыма қарансам, жалғыз қалған жан азығым, көк сауыттағы зәмзәмім — суым, ол да жығылғанда төгіліп қалыпты. Есім шығып байқамаппын. Бір кеседей-ақ су қалғанда көзім түсіп жалма-жан көтерген болдым. Басқа судың бәрін де рақымсыз, қомағай құрғақ жер жұтып қойыпты. Мұнан кейінгі ауру денемді билеген жансыздық сезімді есіме келтіре алмаймын. Тек жансыз көзім ғана бір ноқатқа қадалып, қозғалмай катып қалыпты.

IV.


Есім жисам, аңызғақ ыстық жел тоқтаусыз өзгеріп біресе маған таза әуенің жас лебін әкеліп, біресе сасық иісті қайта қаптатып тұр екен. Көршіме қарасам, ол бұрынғысынан да бүгін құбыжық түрге айналыпты. Бас терісі сыпырылып, бет-ауыз дегеннен түк қалмапты. Өлген адамның бас сүйегін бұрын әлденеше көрген едім. Бірақ дәп мына сықылды шіріп жатқан бас сүйектің өмірлік ыржиған күлкісіндей жан шошырлық, жексұрын. қорқыныш нәрсені еш уақыт көрген емеспін. Зәрем ұшты, жылтыр түймелі, қу басты адам жанымды тітіретті. Анау соғыс, мынау оның суреті, жүрек шошыр сипаты ғой, деген ойға қалдым.

Күн бұрынғы қалпынша, әуе айланған ыстық. Беті-қолым мейлінше күйген, қаным құрып шөлдегемін. Судан бір жұтып, кеуіп қалған тамағымды жібітем дегенде, қалган аз ғана су бір-ақ жұтылды.

Япырай! Неге бағана жанымнан өтіп бара жатқанда айғайламадым екен? Түрік болсын, сонда да әзіргі күнімнен тәуір болар еді-ау? Рас, біраз қинар еді, бір сағат, екі сағат. Ал, әзір қаншаға созылары да белгісіз. Қайран шешем, ардақты шешем-ай! Сорлайсың-ау! Ағарған шашыңды жұлып, басыңды тасқа соғып, адамзаттың бейнетіне шыққан қанды соғысты, бүкіл дүниені қарғайсың-ау!

Әлде Маша екеуің менің азабым туралы ештеңе естімессіңдер де.

Қош анам, қош бол жарым, махаббатым, үһі... Неткен аяныш қиыншылық? Жүрегіме бірдеңе таяп келе жатқан сықылды. Ақырғы минутым келді ме?

Тағы ақ күшік. Жалшы оны аямап еді. Борбайынан алып, қабырғаға бір соғып, боқтыққа лақтырып тастаған еді. Бірақ ол тірі еді. Бір сәтке қиналып жатты. Мен? Мен онан да бақытсыз екенмін. Мен азап шеккелі, міне, үш күн болды.

Ертең төртінші күн, онан бесінші, алтыншы... Өлім, ажал! Қайдасың! Келсеңші, алсаңшы мені!

Ажал шіркін келмейді, жанымды алмайды. Кепкен тамағымды, тобарсыған ауызымды жібітер бір тамшы су жоқ. Қайнар күннің ашық көзінде жатырмын. Жанымдағы өлік бір жола шіріп, жайылып кеткен, жыбырлаған есепсіз көп құрт басқан, домалап түсіп жүр. «Пу-у-у»...

Жыбырлауларын-ай! Жалмауыздар неткен жиреніш. Жеп бітіруге айналған. Біраздан соң қу сүйек қана қалар. Онан кейін? Онан кейінгі кезек менікі. Мен де осындай боламын-ау, уһ! Алдай! Күн өтті, түн өтті, бұрынғы қалып. Таң атты, тағы сол күй. Тағы күн өтті.

Бұтақтар теңселіп, сыбдырлап қозғалады. Күбірлесіп, бір-бірімен сөйлеседі. «Міне өлдің, міне, міне, өлдің» деп құлағыма сыбырлайды.

Екінші бұтақтар: «Көрмейсің, көрмейсің» деп жауап қайтарады. Бір уақыт дәл жанымнан:

- Расында мына жерден түк көріп болатын емес қой, — деген бір адамның ашық даусын естігендей болдым. Селк етіп, есімді жидым. Байқасам қалың бұтаның арасынан жақын таныс бір солдатымның қайырымды көк көзі тесірейіп маған қарап тұр.

- Күрек, күрек әкеліңдер. Мұнда екі адам жатыр. Біреуі олар,- деген оның айғайын есітемін. Бірақ, күректің керегі жоқ, мен тірімін, көмудің керегі жоқ- деп дыбыс беруге шамам жоқ, тек кезеріп кепкен ернімнен болымсыз ыңқыл ғана шығады. Сонан кейін, оның:

- Астапыралда, тірі ме? Ойбай-ау, өзіміздің Иванов қой. Жігіттер, жүгіріңдер, тірі көрінеді, Локтірге шабыңдар,- деген айғайын білемін, жарты минут өтпей, аузыма су, арақ, тағы бірдеңелер тамызып жатқанын білемін, онан кейінгінің бәрі ұмыт, бәрі көз алдымнан жоғалды, талып қалыппын.

Нәсілкенің бірқалыптты қозғалысы, балаша тербетіп, мені оятқан сықылды. Біресе оянамын, біресе есімнен жаңылып, ұйқыға кетемін. Байланған жараларым ауырмайды. Барша денеме бір тәтті, сүйінші сезім тараған сықылды... То-қ-т-а! Тү-с-ір! Төртінші сенетерлер, марш! Ұста, көтер! деген айғайлар ғана есітемін. Бұл әмір беріп жүрген ұзын бойлы, жіңішке келген, қайырымды, жұмсақ мінезді аурухананың аписері екен. Маған оның нәсілкеден асып, селдір ұзын сақалы көрінеді, мен оған ақырын ғана:

- Петр Иваныш - деп сыбырлаймын. Ол еңкейіп басын иіп: - Қарағым, не дейсің?-дейді. Мен:

- Петр Иваныш! Локтір сізге не деді? Мені қашан өледі деді?-деп сұрасам, ол маған:

- Қой, Иванов, олай демеңіз. Сүйегіңіз, күре тамырларыңыз аман екен. Бақытты екенсіз, жазыласыз,- деп жұбатады да:

- Осы әлі сіз үш күндей немен күн көрдіңіз, не жеп, не іштіңіз?- деді.

Мен әлсіз дауыспен:

- Түк жегем жоқ, түріктің жанындағы суын ғана іштім, Петр Иваныш! Менің көп сөйлеуге шамам жоқ. Сөйлермін, кейін, кейін...- деймін. Ол басын шұлғып:

- Жарайды, шырағым, жарайды, жеңілдік берсін, тез жазыл, ұйықта, шырағым, - дейді.

Мен тағы ұйқыға кетемін, тағы қалғимын.

Ауруханаға келгенде бір-ақ ояндым. Қарасам жан-жағымды локтірлер қамап алыпты, бірнеше жәрдемші қарындастар да көрінеді. Бәрі жиылып әбігерленіп, аяқ жағымда бірдеңе істеп жүрген сықылды. Арасына түстаныс Петрбор (Ленинград) қаласының атақты бір прапесрін көремін. Оның қолы қалпынша қанға боялыпты. Маған қарап:

- Шырақ, бақытты екенсіз,- дейді,- тірі қалдыңыз, бір аяғыңызды алып тастадық, бірақ ол түк емес, ештеңе етпейді. Қалай! Сөйлей аларлық шамаңыз бар ма?- дейді.

Сөйлерлік шамам бар екен. Сондықтан осында жазылғанның бәрін сол тұрғандарға сөйлеп бердім.





Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   17   18   19   20   21   22   23   24   25




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет