Iлияс Есенберлин. «Алмас Къылыш» (Коьшпендiлер – 1) © «I. Есенберлин атындагъы къор», 2004
www.kazakhstanets.narod.ru
201
Мұхамед-Шайбани хан жекпе-жекте жас жолбарыс Шах-Ысмайылдың қолынан
қаза тапты. Соңғы он жылдың ішінде елінің шетіне сан келіп, талай рет тыныш
жатқан жұртты қан қақсатқан ұлы жиһангер батыр ханның бас сүйегінен Шах-
Ысмайыл шарап ішетін ыдыс істетті.
Бұл уақытта Қасым хан ордасы әбден күшейіп алған-ды. Бүкіл Дәшті
Қыпшақтың көп рулары ер жүрек әміршісін ту етіп көтеріп,
маңына жинала
түскен.
Қасым хан бұның алдында Мұхамед-Шайбанимен бірнеше рет майданда
кездескен. Әбден кемеліне жеткен әккі әскер бірін-бірі жеңе алмай ит жығыс келе
берген. Ал Қасым хан қаншалық бейбітшілік өмірді сүйгенменен, енді Әбілқайыр
ұрпақтарымен алыспасқа мүмкіндігі қалмаған. Осыдан екі ай бұрын Мұхамед-
Шайбани Түркістан жерінде қазақ саудагерлері сауда-саттық жүргізбесін деп
жарлық берген. Бұнысы бүкіл Дәшті Қыпшаққа зорлық еді. Халыққа қаладан
керек затыңды алма деу әрине, зор қиянат. Осындай жағдайда жүргенде Қасым
хан Мұхамед-Шайбанидың өлгенін есітті. Бұл күндерде Қасым хан Түркістан
өлкесін біржолата жаулап алуға дайын еді. Қазір оның қарамағында үш жүз
мыңдай боп қаруланған атты әскер бар. Осы бір кез бытырап жүрген
қазақ
руларының басын қосып алтын тұғырына қонып, шын мемлекет бола бастаған кез
еді. Қасым ханның да абыройы әбден көтеріліп болған. Оның Дәшті Қыпшақтың
елдік, жауынгерлік даңқын «Тарихи Рашиди» айтқандай, Жошы ханнан кейін
бүкіл Шығысқа жайған әлуетті шағы еді.
Күн айнадай ашық. Күзгі салқын жел сарғайып кеткен ен даланы аймалай сүйіп
ақырын еседі. Бір топ батырларымен Қасым хан Созақтағы хан сарайының
алдында тұр. Осы арадан қазақ жерін қайта шапқалы келе жатқан Қытай, Ойрат,
Ақсақ Темір ұрпақтарының қалың әскеріне қарсы ұлы айқас басталмақ.
Қолдарындағы темір найзаларының сүйір ұштары мен арқаларына таңып алған
болат қалқандары күн көзімен шағылысып, хан сарайының алдынан майданға бара
жатқан кілең жүйрік мінген қалың әскер лек-лек боп өтіп жатыр. Ұшы-қиыры жоқ,
бүкіл даланы алып жарқ-жұрқ етеді.
Кенет Қасымның көзі әскерінің алдыңғы
қатарында кетіп бара жатқан, бетін
қара далбағайымен жапқан көк сауытты батырды шалып қалды. Бұл Орақ еді. Хан
ақырын езу тартып күлімсіреді. «Халық қамын ойлаған батыр хан қолына келіп
қосылса, бұл жақсы ырым. Хан саясатының онда халық көкейіне қонғаны».
Қасымның көзі енді дәл қасынан ақбоз сәйгүлігін ойнатып өтіп бара жат-
қан, ақ берен сауыт киген жас батырға түсті. Атының сымбаттылығына, жас
батырдың отырысына сүйсінген хан көзін одан көпке дейін алмады. Бұл өзінің
баласы — Хақназар еді. Ұрысқа алғашқы аттануы.
Қасым үндемеді, тек баласы ұзап кеткенше оның ту сыртынан қарай берді...
ЭПИЛОГ
Қазақ хандары Түркістан өлкесі үшін сексен жылдай соғысты. Ақырында, осы
Хақназар хан болған кезінде ғана тегіс өз жерін өзіне қайтарып алды. Хан
астанасын Яссыға көшірді. Содан кейін барып оны Түркістан деп атап кетті. Және
осы Хақназар хан кезінде үш жүз жылдан көп әңгіме болып келген жай — бүкіл