Iлияс Есенберлин. «Алмас Къылыш» (Коьшпендiлер – 1) © «I. Есенберлин атындагъы къор», 2004
www.kazakhstanets.narod.ru
163
— Аққозы марқұм екеуміз бір ана, бір әкеден тудық. Апалы-сіңлілі екі
адамның балаларына бірін-бірі кескілердей не жетпейді? Атақ па, бақ па?
— Жоқ, апа, мен атақ, бақ үшін қан майданға шықпаймын. Мені ажалға
айдап
салар халқымның жағдайы, болашағы. Біздің заман қасқырлар заманы. Кімде-кім
өзгеге үлесін жібермесе, тартып-жұлып өзінің тиесісін ала алса, соның қолында бұ
жалғанның тірегі. Соның ғана сұм дүниеде тіршілік сүруге қақы бар. Егер біз
өзімізді Әбілқайырға талауға берсек, ертең құл боламыз, жерімізден, елімізден
айрылып, тарих бетінде мәңгі жоғалып кетеміз. Ал
жаныңды құрбан етіп
алыспасаң, болашақ ұлы айқастарда құрып кету оңай.
— Құрымаудың жалғыз жолы тек майдандасу ма? Жылы-жылы сөйлесе жылан
інінен шығады. Сойыл ала жүгіргенше, жылы сөйлесіп, марқұм Аққозы бикенің
атасымен де, балаларымен де тіл табуға болмай ма?
Анасы мен баласының сөзін үнсіз тыңдап отырған Жәнібек басын көтерді.
— Әбілқайырмен және оның ұрпақтарымен тіл табу — олардың айтқанына
көну деген сөз. Айтқанына көнсең сол күні қаныңды ішеді.
— Мұхамед-Шайбани мен Махмуд-Сұлтан Қасымжанның қанын ішпейді.
Былтыр аналары Аққозы қайтыс боларда екеуінің де берген анттары бар...
Былтыр Күзтоқсанның басында Жаған Аққозы хал үстінде жатыр деген хабар
алып, Қараталға көшіп бара жатқан бетінде Яссыға бұрылған. О кезде қандай
өшпенділік болмасын, мұндай қайғылы жағдайда ресми қатынасқа жол берілетін.
Бірінің адамына бірі тимейтін. Аққозы ханым
Мұхамед-әкім эль Таразидың
тойынан кейін, екі баласының даңқына көз тимесін деп, пітір беріп құран оқытуға
Яссы қаласындағы Қожа Ахмет Яссауидың мешітіне әдейі арнап келген-ді.
Атақты қари
1
Қожа Мүлкім Аққозы ханымның атынан екі бие сауымдай мезгіл
құран оқып батасын берген. Ханым садақаға молда, мүрит, қари, бейшараларға он
топ жібек, барқыт, екі арба өрік, мейіз үлестіріп, құрбандыққа қырық қой, бес ту
бие сойғызып, өзінің жібек шатырына қайта оралған. Шатырға кіре қалпақтай
түскен. Жиналған бақсы-балгерлер ханымның қандай кеселменен ауырғанын таба
алмаған. Сасып қалған Яссының хакімі Мұхамед-Мазит тархан Аққозының атасы
Әбілқайырға, Аққозының сіңлісін алып отырған Жәнібекке ат шаптырған. Өзі
сырқаттанып жүргендіктен Әбілқайыр кіші бәйбішесі Рабиу-Сұлтан-Бегімді
жіберген. Жаған өзі келген. Қасымды Жәнібек біреу
болмаса біреу қастық істеп
жүрер деп алып қалған. Жаған жеткенде сұлу Аққозы хал үстінде жатқан. Әлі де
аққудың көгілдіріндей сұлу Аққозының бір аптаның ішінде табытқа айналғанын
көріп Жаған солқылдай жылап, апасын құшақтап ағыл-тегіл болған. Осы кезде
барып Аққозы ең ақырғы күшін жиып, Жағанға өзінің енді бұл дүниенікі емес
екенін айтып:
— Бауырым, Жаған, — деген, — о дүниеге өз күнәмды арқалап кеткім
келмейді. Тек өзіңе ғана айтатын құпия сырым бар. Егер бұл сырымды иманыңдай
сақтайтын болсаң...
— Аққозы-ау, о не дегенің? Сенің сырың менің иманым емес пе? — деп Жаған
солқылдап жылап қоя берген.
— Менің ажалыма
ешкім де айыпты емес, өзім ғана күнәлімін...
— Қалайша?
— Өсек сөздің шеті өзіңе де жеткен шығар. Орақ өлді дегеннен кейін ерге
шықпаймын деп құран ұстап ант еткенімді өзің де білесің. Сол Орақ тірі болып
1
Қ а р и — құранды жатқа білетін діни адам.