Қорғауға ұсынылатын негізгі тұжырымдар:
- Этногенетикалық түп-тамыры бір, этникалық даму кеңістігі ортақ Орта Азия халықтарының Қазан төңкерісіне дейін нақты межеленген этникалық территориясы болмады. 1924-1930 жж. жаңа мемлекеттік құрылымдардың пайда болуына байланысты құрылған Кеңестік басқару әкімшіліктері қазіргі кезеңде жүйеден көп өзгеріске ұшыраған жоқ.
- Орта Азия елдеріндегі қазақтардың мәселен, Қаңлы, Жалайыр тайпаларының аталған территорияда ежелден мекендегені нақты деректермен дәлелденіп, Өзбекстанның Ташкент, Сырдария, Жызақ, Түркіменстанның Балқан аумағындағы қазақтардың кейбір тобы ирредентті құраса, Бұхара, Науай, Ферғана облыстарындағы және Қырғызстандағы қазақтар мен Түркіменстанның кейбір бөлігіндегі қазақтардың бір тобы еліміздегі саяси науқандардың зардабымен келіп, диаспора статусына енген.
- 1924 – 1930 жж. дейін созылған Орта Азия елдерінің этникалық шекарасын межелеу барысында Ташкент уезінің Ниазбек, Болат, Зеңгіата болыстығы мен Қауыншы селосы мен Қырғызстанның Қанжайлау, Сусамыр, Арғын селосына қатысты шекараларды межелеуде де қазақтардың бір бөлегін көршілес республикаларда қалдырды. Сондай ақ Кеңес дәуіріндегі күштеп ұжымдастыру науқаны, ашаршылық та қазақтардың Орта Азия аумағына ішкерілей енуіне жол ашса, ендігі бір тобы еңбек миграциясымен барғандарды құрайды. Мұнан басқа 1942–1949 жж., 1956–1963 жж. Өзбекстан республикасының қосалқы шаруашылық үшін Қазақстаннан жалға алынған жерлердің кейбір бөлегінің Өзбекстанға өтуі де қазақтардың санын толықтырды.
- Ғылыми зерттеулер, архив құжаттары және ел арасынан жиналған деректер Орта Азиядағы қазақтардың рулық құрамы мен орналасуын айқындап берді. Өзбекстанның солтүстік шығысын Ұлы жүздің Қаңлы, Шанышқылы, Жалайыр, Ошақты, Дархан, т.б. рулары мен Орта жүздің азырақ Арғын, Найман, Қыпшақ, Қоңырат рулары мекендесе, Бұхара, Науай облыстарында кіші жүз бен орта жүз өкілдері, Қарақалпақстанда негізінен кіші жүздің Әлімнен тарағандары мен Жетіру өкілдері, Қырғызстанның Бішкек, Талас, Шу төңірегінде Үйсіндер мен Арғындар, Түркіменстанда Байұлы руының Адай атасынан тарағандар құрайды. Бұлардың барлығы қазірге дейін туыстық қатынасына қарай бөлек-бөлек орналасқан елді мекендерде орналасқан.
- Статистикалық мәліметтер мен әр кезеңдерде жүргізілген санақтар нәтижелерін салыстыра отырып, Кеңес өкіметінің 30 жылдарға дейін жүргізілген санақтарында ауытқушылықтың болғандығына көз жеткіздік. Оның ішінде қазақтар санының Ташкент уезінде жергілікті халықтан бірнеше есе көп болғандығы (1868 ж. санақта қазақтар 144 мыңнан аса болса, өзбек саны бірге қосып есептегенде 34 мыңнан аса) 1917, 1920 жж. санақта қазақтардың санының кемуі байқалды. Санақтарда қазақтардың мал есебі, салық төлеу, көшіп-қону т.б. себептерден санаққа кірмей қалу, не жасырып көрсету орын алған. Соның нәтижесінде Ташкент өңіріндегі қазақтардың саны біршама қысқарды. Кеңес дәуірінде Орта Азиядағы қазақтардың демографиялық өсу динамикасында табиғи өсім жоғары болды.
- Орта Азия елдеріндегі қазақтардың этноэкономикасындағы негізгі дәстүрлі шаруашылығы егіншілік пен мал шаруашылығы. Таралу ошақтары ірі-ірі өзендер жағалауында отырған қазақтар. Қазақтар мен жергілікті халықтардың егістік дақылдарының үлес салмағымен салыстырғанда қазақтар жергілікті халықтарға қарағанда дәнді дақылдарды көп өсірген. Түркіменстандағы қазақтар көбіне мал шаруашылығымен айналысқан. Қазақтардың жергілікті халықтармен тығыз орналасқан бөлігі сол жергілікті ортаның шаруашылығына бейімділігін байқатады. Қазақ халқының дақылдарды өсірудегі аймақтық ерекшеліктері бар. Орта Азиядағы қазақтар ХІХ ғ. аяғынан бастап мал шаруашылығынан егіншілікке бейімделу үрдісі жоғарылады.
- Зерттеліп отырған аумақтағы қазақтардың қоныстану жоспарлары, баспана ерекшеліктері (Өзбекстан мен Түркіменстандағы қазақтардың баспаналары салыстырылды), ұлттық киім үлгілері мен ас, тағамдану мәдениетіндегі дәстүрліліктің сақталуы мен жергілікті ортадан қабылдаған мәдениет элементтерін саралағанда қазақ мәдениетінде әсіресе Өзбекстан мен Қарақалпақстанда ХХ ғ. 50 жылдарынан бастап жергілікті ортаның ықпалы көбірек байқалды.
- Орта Азия қазақтарындағы үйленуге, қыз ұзатуға, бала туу және оны өсіру, марқұмды жөнелтуге байланысты жасалынатын әдет-ғұрып, салт-дәстүрлерде жергілікті ортаның дәстүрлі мәдениетінің ықпалы айқынырақ. Ел арасынан жиналған материалдар мен зерттеулер нәтижесінде көз жеткізгеніміз Түркіменстанға қарағанда Өзбекстан мен Қарақалпақстан қазақтарының мәдениетінде жергілікті орта ықпалының басымдығы айқын. Қырғызстандағы қазақтардың қырғыздармен не керісінше қырғыздардың қазақтармен некеге тұруы қалыпқа енген; Түркіменстандағы қазақтардың отбасылық қатынастарында зерттелген аумақтың басқа елдеріндегі қазақтармен салыстырғанда дәстүрлі мәдениеті жақсы сақталған.
- Орта Азия елдерінен келіп жатқан қандастарымыздың саны, қоныстану ошақтары көші-қон агенттігі мен статистикалық деректермен көрсетілді. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында қандастарымыз көбіне Оңтүстік облыстарға қоныс аударды. Соңғы кезеңдерде Түркіменстан мен Қарақалпақстандағы қазақтар Маңқыстау мен Ақтөбе облыстарына шоғырланды. Тарихи Отанға тез бейімделуі үшін қазақ елінің, ҚР көші-қон агенттігінің жасап отырған іс шараларын жетілдіру, ең бірінші олардың әлеуметтік- экономикалық проблемаларын шешу керек. Олардың басқа ортадан әкелген білім-ілімдерінің инновациялық жақтарын елімізде пайдалану керек.
Зерттеу жұмысының сыннан өтуі. Диссертацияның негізгі мазмұны, ғылыми нәтижелері мен қорытындылары ізденушінің ғылыми мақалалары мен баяндамаларында қазақстандық және шетелдік басылымдарда жарық көрген. Диссертация бойынша 32 –жарияланым, оның ішінде 3- шетелдік басылымда, 10- ҚР БҒМ білім және ғылым саласындағы бақылау Комитетінің жариялауға ұсынылған басылымдарында жарық көрген.
Диссертациялық зерттеудің құрылымы Жұмыс кіріспеден, алты тараудан, қорытынды, пайдаланылған деректер мен информаторлардың тізімінен және қосымшадан тұрады. Диссертацияның көлемі 300 беттен тұрады.
НЕГІЗГІ БӨЛІМ
Кіріспеде диссертациялық жұмыстың өзектілігі негізделіп, оның зерттелу деңгейі талданды, мақсаты мен міндеттері айқындалып, ғылыми жаңалықтары зерделенді, теориялық-методологиялық негіздері, хронологиялық шеңбері, практикалық маңызы және қорғауға ұсынылатын негізгі тұжырымдары көрсетілді.
«Орта Азиядағы қазақ диаспорасының этникалық тарихы» деп аталатын бірінші бөлімде әр кезеңдердегі Орта Азияның әкімшілік – аумақтарға бөліну сипатын, Орта Азиядағы қазақ диаспорасы мен ирредентінің қалыптасу тарихын және қоныстану себептері мен кезеңдері, т.б. мәселелері қарастырылады.
«Орта Азияның әкімшілік – аумақтарға бөлінуінің тарихи сипаты» атты бірінші бөлімнің бірінші тараушасында Ресей патшалығының Орта Азияны әкімшілік аумақтарға бөлу саясатынан соңғы кезеңдерге дейінгі аудандастырылу сипаты көрсетіледі. Әкімшілік жағынан бес облысқа: Жетісу, Сырдария, Ферғана, Самарқанд (Самарқанд облысы 1887 ж. Зеравшан округінен құрылды) және Закаспий облысына бөлінген губернаторлықтың бақылауында Хиуа және Бұхара хандығы болды. Орыс патшалығы әкімшіліктердегі облыс, уездер аумақтарын қосу не алу сияқты өзгерістерге ұшыратып отырды. Мәселен, 1871 ж. Тоқмақ уезінің қазақтар тұратын бес болыстығынан 23 мың кв.км. жер Верный уезіне енсе, 1896 ж. осы территория Пішпекке қайта алынды 21, 27-28бб.. 1873 ж. Хиуа хандығының жерінен құрылған Әмудария бөлімі 1887 ж. Сырдария облысына енді. 1871-1881 жж. дейін генерал- губернаторлықтың құрамында болған Құлжа ауданы Қытайға беріледі. 1882 ж. Жетісу облысы жаңадан құрылған Дала генерал - губернаторлығына енеді. Закаспий облысы 1882 ж. құрылып, 1891 ж. Түркістан генерал-губернаторлығына қарады. Міне, мұндай өзгерістер халықтың тұрақты этникалық территориясын қалыптастыра алған жоқ. Уездер арасындағы шекара патшалық Ресей кезінде де Кеңес өкіметінің алғашқы жылдарында да өлшеніп, сызбаға түсіп толығымен анықталмады. Патшалық Ресейдің халықтарды бір-біріне айдап салу мақсатымен құрылған әкімшілік басқару аудандары қазақтардың ежелден мекендеп отырған қоныстарымен сәйкес келмеді. Сондықтан Ресей патшалығы құрған жергілікті әкімшілік билеу жүйесі Орта Азия халықтарының этникалық-территориясын айқындап бере алған жоқ.
Этникалық территорияны айқындау Кеңес өкіметі кезінде ғана мүмкін болды. Бірақ алғашқы кезде әкімшіліктерде уезд, болыстықтар сақталды. 1920 ж. құрылған жаңа мемлекеттер Қазақ автономиялы кеңестік социалистік республикасы, Түркістан АКСР, БКХР және ХКХР әкімшілік территориялары Түркістан губернаторлығының әкімшілік аумағында пайда болды. Бұрынғы Ресей патшалығы құрған жерлер өзгеріссіз қалып, тек мұнда бұрынғы әкімшіліктерге қоса 2 уезден тұратын жаңа Әмудария облысы және бірнеше жаңа уездер (Голодностепь (Шөл-дала), Түркістан, Нарын, Ұратөбе, т.б.) қайта құрылды 22, 24б.. 1917–1918 жж. саяси оқиғалар салдарынан халық санының қысқаруы, 1919-1920 жж. кейбір болыстықтардың бірігуі олардың азаюына ал, бұл кейбір әкімшілік аудандарға өзгеріс әкелді. 1923 жылы БХКР ОАК жанынан Бұхара аймағындағы қазақтармен арнайы жұмыс жүргізу мақсатында бөлім ашылды. Керменин және Нұрата уәлаяттарының басым бөлігімен Бұхара және Қаршы уәлаяттарының батысын алып жатқан қазақтар үшін қазақ бөлімінің ашылуы қазақтардың сол аумақта тұрақтап қалуына ықпал етті. 1924 жылға дейін Орта Азия халықтарының нақты этникалық шекарасы айқындалған жоқ. Мәселен, Жетісу облысына Алматы, Пішпек, Сырдария облысына Ташкент yездері қарағандығы белгілі. Болыстықтар арасындағы нақты шекараның болмауы, қоныстардың шашыраңқы орналасуы да әкімшілік қиындық келтірді. Түркістан республикасының басқа аудандарында шекараны межелеу барысында бір болыстағы ауылдарды басқа болыстыққа жазып шатастыру жиі болды. Осы кезеңдегі Орта Азияның елдеріндегі болыстықтардың саны – 500-дей болды, жіберілген кемшіліктерден болыстықтар мен селолық қауым саны азайды. Ташкент, Мырзашөл, Жызақ уездерінің кейбір аймақтарынан Қазақстан аумағынан Ташказах уезі құрылды, ол 1926 ж. 12 қыркүйекте Сарыағашқа көшірілді. Ал, 1928 ж. 17 қаңтарда Ташказах уезі жойылып, оның болыстықтарынан Сырдария ауданы, Богарная округі құрылады. 1924–1926 жж. осылайша Орта Азия территориясының аудандастырылуы жергілікті халықтардың этникалық аумағын қалыптастырды.
«Орта Азиядағы қазақ диаспорасы мен ирредентінің қалыптасу тарихы және кезеңдері» атты екінші тармағында қазақтардың ирредент және диаспора ретінде қалыптасу тарихы, оның негізгі себептері архивтік және арнайы зерттеулер негізінде қарастырылады.
Орта Азия елдеріндегі қазақтардың негізгі бөлегі Өзбекстанда орналасқан. Оның солтүстік шығысындағы (Ташкент, Сырдария, Жызақ облыстарындағы) қазақтар өз қоныстарын ата мекеніміз деп санайды. Ташкент өңіріндегі қазақтардың қалыптасу тарихында ежелгі тайпалардың орнын жоққа шығара алмаймыз. Оған қазақтың да өзбектің де тайпалық құрамындағы Үйсіндер, Қаңлы, Жалайыр, Қыпшақ, т.б. рулардың кездесетіндігі дәлел бола алады. Қаңлы тайпасы б.э.д. ІV – ІІІ ғ. Сырдың орта және төменгі ағысында ірі тайпалық одақ құрып, қазақтардың қалыптасу іргетасының нығайту күштерінің бірі болған. Қаңлылар негізінен Ниазбек, Тойтөбе, Ақжар болыстығында тұрғандығын К. Шаниязовта өз еңбегінде: «VІІІ ғасырдың 70 жылдарында қарлұқ және оғыз тайпалары мен арабтардың тегеуірінен Сырдарияның орта ағысындағы қаңлылардың тәуелсіз бірігуі өзінің өмір сүруін тоқтатты. Олардың бір бөлігі Сырдарияның орта ағысының оң жақ жағалауында көшіп-қонуын жалғастырып, қазақ, қарақалпақ халықтарының құрамына кірсе, енді бір тобы өзбектердің құрамына енді. ХІХ ғасырдың екінші жартысында Ташкент уезінде қаңлының 1650 үйі болды», – деп көрсетеді 23, 92–94 бб.. Осы жөнінде В.В. Востров, М.С Мұқанов: «Ежелгі қаңлылардың қазіргі қаңлы руымен сабақтастығын жоққа шығара алмаймыз, сабақтастық әрине болды, шындығында қаңлылар Орта Азия елдерінің және Қазақстан халықтарының саяси және этникалық тағдырында маңызды рол атқарды» – деп көрсетеді 24, 32–34 бб.. Қаңлылардың Ташкент аумағында ертеден мекендегенін Ә. Қайдар да өз еңбегінде атап кетеді. Мұнан басқа дулат тайпасының да Ташкентті екі жүз жыл бойы билеу кезеңінде белгілі орны болып, ХVIII ғ. аяғына қарай қаланың билігі Жүнісқожаға өтеді. Бас кезеңінде Ташкенттің Шейхантаур бөлігіне ғана билік еткен Жүнісқожа нығайып алған соң дулаттарды Шымкентке қарай ығыстырады. Сонымен қатар Ташкент өңіріндегі Арғын, Жалайырлардың да қоныстану тарихын ХV ғасырға жатқызған М. Тынышпаевтың түйінінен Ташкент өңіріндегі қазақтардың ата қонысында отырғандығын көреміз. Ал, А.И. Левшин жоңғар шапқыншылығы зардабынан Орта Азияға өткен қазақтар жөнінде : «1723 жылы Қалдан Серен Түркістан, Ташкент және Сайрамды алғанда ұлы және орта жүздің кейбір бөлігін бағындырды. Ұлы жүздің кейбір қалған бөлігі мен аз ғана Орта жүз Ходжентке көшсе, Орта жүздің тағы бір үлкен бөлегі Самарқандқа, кіші жүздің бір тобы Хиуа мен Бұхараға көшті», – деп жазды 25, 167-б.. Сол сияқты Хиуа өңірінде қазақтардың ертеден мекендегені жөнінде И. Фальк: «Хиуада ең алғаш бөтен ұлыстан яғни қазақтан болған сұлтан Бөрі хан (Абылай ханның күйеу баласы), ал сұлтанның ұлы Батыр Хиуаның ханы бола алған жоқ»,- деп жазады 26,13-17 бб.. 1827 жылы табынның шөмішті руының көсемі Асау Бараков Хиуа хандығының қол астында болып, оларға Хиуа ханы жер беріп марапаттағанын, мысалы табындарға Шуманай мен Қиятжарғаннан бергендігін белгілі ғалым У.Х. Шалекенов те өз еңбегінде көрсетеді 4,41-б.. Ақиқатында қазақтардың бір бөлегінің Хиуа хандығына кіргендігі жөнінде мына бір архив құжатында: «Хиуа ханы Мұхамед-Рахымның кезінде 27 мың қазақ отбасын бағындырды. Оның 10 мыңы әлімұлы, 7 мыңы жетіру, 8 мыңы байұлының қазақтары болған»,- делінеді 27, 13- б.. Шұрайлы жерлерінен айырылған қазақтардың ашаршылыққа ұшыраған бір тобы Қоқан, Әндіжан, Бұхара аймағына да қоныс аударғандығы жөнінде деректер жеткілікті. Б. Бекетов Қарақалпақстан өңірінде қазақтардың қоныстануын ХVІІІ ғ. жатқызып, 1723 ж. жоңғарлардың Сырдария аудандарын басып алуы, қарақалпақ пен қазақтардың Хорезмге көшуіне себеп болды деп жазады.
Сонымен қатар Хорезм қазақтары мен қарақалпақтары 1920 жылдан 1924 жылға дейін Шөл-дала (Мырзашөл) ауданына еңбек миграциясымен барып, олар Хорезм облысының солтүстік батысына, ал, Қызылқұм қазақтары Қаракөл және Бұхара оазистеріндегі далалы аудандарға, тіпті Оңтүстік Тәжікстандағы Қорған төбе уәлаяты жерлеріне дейін жылжыйды. Қазақтардың осы аудандарға таралуы бір жағынан жайылым жерлердің сапасымен байланысты болса, екіншіден, кәсіпорындарға жалдануға құлшыныстың артуымен байланысты болды 28,349-350 пп.. Осы кезеңдерде БКХР-ның Керменин, Нұрата және Қаршы уәляаттарында: Керменин уәлаятында – 160 мың, Қаршыда – 100–мың, Гузарда – 100 мың, Бұхарада – 80 мың, Нұратада – 5 мың қазақ болған 29,7-п.. Кеңес өкіметінің алғашқы жылдарында да отырықшылана бастаған қазақ халқы жерге байланысты да талай қысымшылықты бастан өткізді. 1922 ж. 23 желтоқсанда Мырзашөл уезі Іріжар болыстығындағы Шөл-Дала каналының оң жағындағы көлемі 57-67 шақырым келетін сол жақ тармағы 15 жыл мерзіммен Грузияға жалға беріледі. Оған қазақтар мен Қосшы Одағы қарсылық білдіріп, жердің өнімін өздері алуды, халықтан алынған 3.400 десятина жерді 10.000 десятинаға қоспай қайтаруды, өздері қазған каналды қайтаруды, егер қайтарылмаса Грузия республикасының есебінен канал қазу, егер ол орындалмаса, бұл қантөгіске әкеледі деп ескертеді 30, 33-34 пп.. Мырзашөлдегі отырықшылыққа көшкен қазақтардың жерінен ығыстырылуы да халқымыздың жергілікті өкімет тегеуірінін көргендігін байқатады.
1924–26 жж. Орта Азия халықтарының этникалық-территориялық шекараларын межелеу барысында Шыршық өзенінің батысында Ташкент уезінің Болат, Зеңгіата, Ниазбек болыстықтары мен Қауыншы станциясы төңірегінде дау болды. Шыршықтың шығысына қарай Ташкентке қарай күрішті аудандарды құрайтын алты отырықшы қазақ болыстықтары орналасқан. Қазақстан республикасына өткен өзбектер мен олар мекендеген шұрайлы жерлердің төлемі ретінде жоғарыдағы 6 отырықшы қазақ болыстықтары Өзбекстан территориясына енгізіледі 31, 20- п.. Сонымен бірге Қауыншы станциясын да қазақтарға беру, Ташкентті темір жол магистралынан бөліп тастайды деп, яғни республикаларды стратегиялық үйлестіру мақсатымен байланысты да қазақтардың бір тобы ирредентке айналады. Қазақтар бұл кезеңдерде Өзбекстанның солтүстік шығыс бөлігінде шоғырланып, сан жағынан да жоғары деңгейде болды. Ал, Бұхара аумағындағы қазақтарға бұл кезең оңай болған жоқ. Осыған байланысты К.И. Қобыландин өз мақаласында РКП(б)-ның Киробком (Қазобком-К.Б.) мүшелері Бұхара республикасындағы қазақтардың тұрмысын жақсартуды, өзбек республикасынан Бұхарадан қазақтарға жеке автономиялы облысты бөлуді және Бұхара қазақтарымен Өзбекстан Республикасының тең құқықтағы қарым-қатынасты орнатуды, қазақтардың өзіндік ұлттық дербестігін сақтауды, өзбектердің қазақтарды ассимиляциялау бағытын тоқтатуды сұрағандығын мұрағат құжаттарымен дәлелдей отырып жазады. Бірақ Бұхара республикасының Халық Нәзірі (комиссар) кеңесінің төрағасы Ф. Ходжаев БХКР тек 40 мың қазақ бар деп көрсетуіне байланысты, тек бір ақ Кенимех ауданы құрылады.
Ал, Қырғызстандағы қазақ диаспорасының тобын 1916 жылғы көтерілістер мен Қазан революциясы кезеңінде Қытайға ауып, ел тыныштала бастағанда туған жерге қайта қоныс аударуда қалып қойғандар құрайды. 1916 ж. оқиға зардабынан қашқан адам саны шамамен 100 мыңға жетеді 32, 136-п.. Мұнан кейін Кеңес өкіметінен яғни 1917–1918 жж. партизандардың қызыл отрядтары террорынан, т.б. себептермен тағы да халықтардың Қытайға қашуы кең етек алды. Бірақ 1917 ж., 1921–22 жж. жер реформасын жүргізуіне байланысты оларды елге қайтару шаралары да жүрді. Бірақ қазақтардың бір тобы елге қайта оралу барысында қазіргі Бішкектің төңірегінде, Ыстықкөлде қалып қояды. Этникалық-территорияны межелеу нәтижесінде қазақ пен қырғыз арасында да даулар болды. Ол Сусамыр, Қарқара, т.б.жайлауларына байланысты болды. Жайлауларға қатысты мәселеде, аталған жерлердің Қазақстан аумағынан жырақта болуына байланысты Қырғызстанға қалдырылады. Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы этникалық-территорияны межелеу барысында Атбашы бөлімшесінде тұратын 42 отбасы арғын-қазақтар өтініш береді. Онда былай делінеді: «Біздер 40 жыл бұрын Ақмола және Қарқара уездерінен Пішпек уезінің Атбашы бөлімшесіне малшы, жалшы болып келіп, орныққанбыз. Біз осы бөлімшеден ешжаққа көшіп-қонбай иеленудеміз. Сондықтан бізді осы жерге қалдырып, бұл жерді Қырғызстан автономиялы облысына қосуды өтінеміз» 33, 102-102а-пп. Нәтижеде 200-ге тарта қазақтар Қырғызстан республикасындағы қазақ санын көбейтті. Бүгінде Бішкек қаласының төңірегіндегі «Манас», «Алтыбарақ», «Приозерное», «Раздольное» т.б. елді мекендеріндегі қазақтардың рулық құрамын осы арғындар құрайды.
Түркіменстанның Красноводскідегі қазақтар өздерінің бұл аймақты ежелден түркімендермен қатар бірге мекендегенін айтады. Сондай-ақ солтүстікте көші-қонның қысқаруы Маңқыстаудың Үстүрттегі жайылымының аздығы да адайлардың бір бөлігін Хиуа хандығына бағынышты етті. 1851 ж. Хиуа хандығында 1000 үйдей адайлар болды.
Ал, енді түркімендер мен қазақ арасындағы шекараны айқындау мәселесі ХХ ғ. 20 жылдарында басталады. Адайлардың 200 қожалығы Красноводск уезінде тұрақты мекендеді. 7-ші Адай болыстығындағы 5 әкімшілік ауылдың 773 қожалығы Красноводск уезінің бір шетіне дейін жетеді. Мұнда негізінен Сүйіндік, Қосай рулары тұрды. 1920 ж. барлық қожалықтың 68% Қоңыратта көшіп қонып жүрді. Сонымен Түркіменстандағы қазақтардың да бір бөлігін ертеден қоныс етіп, ата-жайлауын қимай қалғандар мен басқа да тарихи оқиғалар және ХХ ғ. 50-60 жылдарында еңбек миграциясымен барғандар құрайды.
Орта Азиядағы оның ішінде Өзбекстандағы қазақ санының көбеюінің тағы бір себебі, 1942 жылы Өзбекстан өкіметі Қазақстан мемлекетінен Сарыағаш ауданы, Ташкенттің Солтүстік каналымен суландырылуына байланысты оның 34.000 га жерін сұрайды. Қазақстан өкіметі бұл тілекті ішінара қанағаттандырып, шекараны өзгеріссіз 3 жыл мерзімге 6.397 га. жерді берсе, ал, ХХ ғасырдың 50 – 60 жылдары Өзбекстанға тағы да Қазақстанның біраз жері жалға беріледі. Журналист Әділ-Бек Қаба, Өзбекстанға кеткен жер көлемін нақты материалдармен былай көрсетеді: « Жалпы 1924 – 1971 жылдары Қазақстаннан Өзбекстанға 5,1 млн га жер (Қарақалпақстанды қоспағанда) өткен. 1963 ж. 26 қаңтарда Қазақ КСР Жоғарғы Советінің Жарлығымен Өзбек КСР-не Қызылорда облысы жерінен 1150,0 мың га жер берілген. Дегенмен де 1971 ж. жоғарыда көрсетілген 5,1 млн.га. жердің біразы қайтарылды. 1963 ж. 19 қыркүйектегі Қазақ КСР – мен Өзбек КСР-нің шекарасына кейбір өзгертулер енгізу жөніндегі жарлығымен Мырзашөл, Арнасай, Достық аудандары да Өзбекстанға өтеді» 34. Елдің өтуі, әрине қазақ диаспорасының санын толықтырды.
Тәжікстандағы қазақтардың да қоныстану тарихы көбіне ұжымдастырумен байланысты. Себебі, ел арасынан жинаған деректерде олар 1928 ж. Өзбекстанның Газли (Бұхара) деген жеріне келеді, ол жерді орыстар алған соң (кеңес өкіметі кезінде) балаларымызды армияға бермейміз деп, елдің жартысы Ауғанстанға, жартысы Тәжікстанның Қорғантөбе облысы, Октябрь ауданы, Пашрабад деген ауылдың советінде 11 колхоз жайғасқандығын әңгімелейді. Әрбір ру бір колхоз болып, мәселен, Алаша, Шеркеш, Қосқұлақ, Түрікмен, Адай бір колхоз, т.с.с., Құрама бір колхоз, қазақ, өзбек, лақай бір колхоз болып кете береді. Әр колхоздың 60–80 га. жері болды 40–80 үй болды. Қорғантөбенің өзінде де қазақтар болды. Сондай ақ еңбек миграциясымен барғандар да Орта Азиядағы қазақтардың санын көбейтті. Мысалы, Өзбек КСР-не Қазақстаннан барған халықтың мөлшері барлығы – 19925 адам. Қарақалпақстанға – 975, Қырғыз КСР-не –21263 адам барған. Сонымен қазақтардың Орта Азия республикаларына таралу тарихы жоғарыда айтып өткен тарихи оқиғалармен байланысты.
«Орта Азиядағы қазақтардың рулық құрамы, орналасуы және этнодемографиясы» атты екінші бөлімде Орта Азиядағы қазақтардың рулық құрамы мен орналасуы, ХІХ ғ. 60 жылдарынан Кеңес дәуіріне дейінгі және Кеңес дәуіріндегі Орта Азиядағы қазақ диаспорасының өсу, кему динамикасы қарастырылады.
Орта Азиядағы қазақтардың рулық құрамын көрсететін екінші бөлімнің бірінші тараушасында Орта Азия республикаларындағы қазақтардың рулық құрамы мен орналасуы көрсетіледі.
Өзбекстандағы қазақтардың негізгі бөлігін ұлы жүз қазақтары құрайды. Қазіргі Ташкент облысы – ұлы жүз қазақтарының қаңлы, үйсін, шанышқылы, сіргелі, оймауыт, дархан, жалайыр, қатаған қаңлы, дулат т.б. ру орталықтарының бірі болып саналады. Сол сияқты Ташкент уезінде үйсін атауында бір қишлақтың бар екендігі жөнінде М. Тынышпаевта өз еңбегінде келтіреді 35, 9-б.. Қаңлы тайпалары ғасырлар бойы оңтүстік-батысқа қоныс аудару қалпын жалғастыра отырып, қазіргі кезеңде туыс шанышқылы тайпаларымен бірге Сырдария және Шыршықты мекендейді. Олар Сырдарияның орта ағысындағы мекенін сақтап қалып, Орта Азия мен Қазақстан халықтарының қалыптасуында, олардың саяси және этникалық тағдырында маңызды роль атқарған. Шыршық өзенінің жағалауын ертеден қазақтың қаңлы және шанышқылы рулары қоныстанған. Ташкент қаласының Сибзар бөлігінде де қаңлылар мекендеп, олар ескі Ташкенттің алаңына дейінгі жерлерде өмір сүрген. Үлкен тайпаны құрайтын қаңлылар өз ішінен бірнеше аталарға: Сары қаңлы, Қара қаңлы, Қызыл қаңлы, Қара манас, Құмырсқа, Тоғанай және т.б. қаңлылар болып бөлінеді. Бұлардың өз жаз жайлауы, қыс қыстауы ХХ ғасырдың 20-30 жылдарына дейін жалғасты. Мәселен, 1000-ға жуық Сары қаңлылардың биі Айдарбек, Қара қаңлылардыкі Есенбай би болып, жаз жайлауы Келес бойында, қыстауы Шыршық жағалауы болған. Ташкент облысындағы қазақтардың үлкен бір тобын шанышқылар құрады. Шанышқылардың шығу тегі жөнінде де әр түрлі пікірлер айтылады. Осы кезеңде Шанышқылардың тұрғылықты мекен жайы Шыршық өңірінен қазіргі Оңтүстік Қазақстан облысы, Қазығұрт ауданының Қаратас селосына дейінгі жерлерде созылып жатты. Олардың 1000-ға жуық үйінің жайлауы Қазығұртта болса, қыс қыстауы Шыршықтың арғы беті, биі Құшық Тоқбаев болған. Сәрсек, Қарақалпақ, Қаратұқым, Қара бұқа, Ағанай, Саңырау, Көрпік, Дархан болып бөлінетін шанышқылар қазіргі кезеңде де осы Шыршық өзені бойындағы елді-мекендерде ата қонысын өзгертпей, бір көше бойына ру-руымен орналасып, жергілікті халықтармен қатар өмір сүруде. Сіргелілер Ташкент қаласының төңірегіне орналасып, аймақта 15-16 ғасырдан бері белгілі болып, Сырдарияға жақын жерлерде 7 мыңдай Сіргелілердің көшіп-қонған. Сол сияқты Өзбекстандағы Жалайыр руының да қоныстану тарихының тамырын белгілі тарихшы М. Тынышпаев өз еңбегінде ХІІІ–ХVІ ғасырға жатқызып: «Шыңғыс хан билігі кезеңінде төртке бөлінген Жалайырлардың бір бөлігі Шыршық және Ангрен өзені бойында нығайып «Жалайыр ордасы» деген атпен тарихта белгілі болған, сондай ақ Шағатай кезеңінен (1370 жылдан) Шыршық өзенінің жағалауында Жалайырдың Балғалы руы мекендеді. Олардың үлкен бір бөлігі Шу өзеніне қарай ығысса, кедейленген бөлігі Ангренде қалып қойған», -деп жазады 35,8 б.. Көрсетілген мәліметтер, жалайырлардың сабақтасы болуы мүмкін. Өзбекстанда жоғарыда көрсетілген рулардан басқа дулаттан тарайтын Ысты, Жаныс, Сиқым, Ботпай рулары да кездеседі. Ұлы жүз қазақтарының бұл рулары да Ташкент өңірін ежелден ата қоныс еткендігі тарихтан белгілі. Олар Қыбрай ауданы елді-мекендерінде шоғырланған. Сондай-ақ үйсіннен тараған Сарыүйсін, Ысты, Оймауыт, Ошақты, Шымыр, Жаныс т.б. рулары ұлы жүз қазақтарының ертеден Ташкент өңірін ата қоныс еткендігін дәлелдейді.
Қазақ ұлыстарының ішінде ұлы жүздер негізінен Ташкент өңірін мекендесе, орта жүзбен кіші жүз көбіне Бұхара, Науай, Самарқанд, Жызақ, т.б. облыстар мен аймақтарда кең таралды. Қазақ руларының кезінде ұйтқысы болған Қыпшақтар жөнінде белгілі ғалым К.Ш. Шаниязов: «Қыпшақтар 16-18 ғасырларда қазақ даласынан Мавереннахр мен Хорезмге қоныс аударып, жергілікті халықтардың (өзбек), тағы бір тобы Сырдарияның орта ағысы бойында қалып, қазақ халқының құрамына енген»,- деп көрсетеді 36,80-81 бб.. Сонымен бірге Өзбекстанның Ферғана, Андижан аумақтарында кездесетін қыпшақтарда ерте кезеңнен мекендеп келе жатса, Ташкент облысы, Шыршық қаласындағы қыпшақтардың бір тобы бұл өңірге келуін 1932-1933 жж. ашаршылық жылдармен байланыстырады. Қыпшақтардан басқа арғын руының: Атығай, Алтай, Тарақты, Қанжығалы, Бәсентиін аталары, Найманның Бағаналыдан тарайтын рулары мен Ақбура, Садыр, Қоңыраттың: Оразкелді, Тоқболат, Құлшығаш рулары Ташкент өңірінен басқа Ходжентте де кездесетін. Ташкент өңіріндегі арғындар жөнінде М. Тынышпаев: «Барақ ханның жорығы кезеңінде 1420 жылы қалған Керейлер (ашамайлысы) мен Арғындар (Қанжығалысы) Ташкент аймағын мекендеді», - деп жазды 35,10-б.. Қазіргі кезеңдегі арғын руынан тараған қандастарымыз Ташкент облысын өздерінің ежелден мекендейтінін, өздерінің ата-бабаларының келу тарихын 1721-1723 жж. тарихи оқиғалармен байланыстырады. Қазіргі Бұхара және Ташкент облысы Жаңа жол ауданындағы наймандардың басым бөлігінің қоныстану тарихы ерте кезеңге жатады. 1990 - 1993 жж. ел арасында болғанымызда олардың көпшілігі ата-бабасының да бірнеше ұрпақтан бері өмір сүріп келе жатқандығын әңгімеледі. Өзбекстанның Жызақ, Сырдария облыстарында шоғырланған және Бұхара, Ташкент облыстарында арагідік кездесіп қалатын қоңыраттардың тарихы да жоғарыда келтірілген оқиғалармен байланысты болды. Бұлар жөнінде Ш. Уәлиханов: «Уәли ханның тұсында (ХІХ ғасырдың бірінші ширегінде) орта жүз құрамынан бөлінген қоңыраттардың бір бөлігі қазіргі кезеңде Бұхара, Қоқан, Ташкент төңірегінде және көпшілік бөлігі Қаратау атыраптары мен Талас бойындағы өзбек руларына жақын-жерлерде көшіп-қонып жүрді», - деп көрсетеді 37, 108-б.. Бүгінде Өзбекстан аймағында Қоңыраттың Көтенші және Көктіңұлы аталарының рулары көбірек тараған.
Өзбекстандағы қазақтардың тағы бір тобының шоғырланған аймақтары негізінен Бұхара, Науай, Қашқадария, Қарақалпақстан автономиялы облыстары. Мұнда негізінен кіші жүздің Әлімұлы, Байұлы рулары, ал Өзбекстан мен Қарақалпақстанда жеті рудың: Табын, Тама, Рамадан, Жағалбайлы т.б. рулары кездеседі. Өзбекстандағы кіші жүз қазақтарын ХVІ ғасырдағы Тәуекел ханның Ташкент, Түркістан, Самарқандты басып алған ұрпақтарымен байланыстырады. Бірақ негізгі бөлігі «Ақтабан шұбырынды, алқа көл сұлама», яғни жоңғар шапқыншылығы оқиғаларымен сабақтасады. Ташкент өңіріндегі қазақтар жөніндегі мына бір архив құжатын келтіре кетейік: «Ташкент уезінде қазақтың Қоңырат – 890 үй, Бестамғалы – 330, Дулат – 380, Сіргелі – 1.410, Шанышқылы – 2000, Қаңлы – 1650 үй, Арғын – 350, Найман – 115, Қыпшақ – 100, Кіші жүзден Рамадан – 610, қарақалпақ – 420 үй, барлығы 8255 үй болды38,10-п.. деп көрсетеді. Жалпы алғанда, қазақтар Ташкент уезінің бүкіл солтүстік бөлігінде, Келес алқабында, Шыршық пен Келестің су айырығында, Шыршықтың оңтүстігіндегі көптеген болыстықтарда өмір сүрді. Бұхарада қазақтар Керменин, Нұрата уәлаеттарымен Қаршы уәлаятының батыс бөлігімен Бұхараның бір бөлегін алып жатты. Қарақалпақстанда Әмударияның батыс ағысында байұлының Адай, Алаша рулары, Үлкендарияның жоғары және төменгі ағысында жетірудың Табын руы және Әлімұлының Шекті руы, ал Қоңыраттың оңтүстігіне қарай негізінен Адайлар, Шортамбайдың сол жақ жағалауында Табындар, оңтүстігіне қарай Қаракесек руы орналасқандығын баяндайды. Түркіменстандағы қазақтардың да бір тобы түркімендермен қатар жайлап, ата қоныстарда қалып қойғандар болса, ендігі бір тобы басқа да тарихи оқиғалармен және жұмыс көзін іздеп барғандарды құрайды. Қазақтар Красноводск қаласының әр бағытында орналасты. Олардың бір тобы Красноводск қаласындағы темір жол линиясымен Қазанжық станциясына дейін сексеуіл дайындап, көмір аршып, тас жерлерде жұмыс істеді. Олар 250 шақырым бойындағы әрқайсысы 150-дей үйді құрайтын 5-6 қазақ ауылдары. Мұндағы қазақтардың екінші бір бөлігі Красноводскіге қарама қарсы Қара бұғаз құйылысының солтүстік батысына дейін және Каспий теңізі бұғазы мен жағалауында өмір сүрді. Қазақтар Красноводск уезінің солтүстік бөлігінде 7,9, пайыз, Хорезмде 3,4 пайызды құрады. Қазіргі кезеңде де қазақтардың басым бөлігі Маңғыстау облысымен көршілес Балқан (бұрынғы Красноводск) өлкесінде орналасқан. Қазақстан Республикасымен шекаралас Бекдаш ауылының тұрғындарының 55%-і қазақтар болса, сонымен бірге Ақташ, Небіттау, Қошоба, Қызыл-Қия, Қуули-Маяк, Джебел, Уфра елді-мекендерінде қазақтар саны біршама жоғары. Сондай ақ Қарақалпақстанмен көршілес Дошоғуз уәлаятында да 33 мың қазақ тұрса, Ахал, Лебап, Марый уәлаяттарында және Ашхабад қаласында 3500 қазақ бар. Түркіменстандағы қазақтардың негізін адайлар оның Табыш, Бегей, Шеген, Қараш, Шалбар, Балықшы, Қырықмылтық, Қосқұлақ, Жары, Ескелді, Сүгір аталары және азырақ Әліммен табындарда кездеседі. Ал, орта және кіші жүзден бірлі-жарым болмаса көп емес. Қазақтар негізінен Ақсу мен Топай аралығында көбірек көшіп-қонып жүреді. Қазіргі кезеңдегі Қырғызстандағы қазақтардың шоғырланған елді-мекендері Аламеддин, Сокулук аудандарындағы Манас, Приозерное, Раздольное, Алтыбарақ, т.б. елді-мекендері мен Бішкек қаласы, Токмок, Талас, Шу өңірлері, сондай ақ Тян-Шань, Ыстық көлде де аздап кездеседі. Қырғызстандағы қазақтардың рулық құрамына келетін болсақ мұнда негізінен Ұлы жүздің сарыүйсін, дулат рулары мен Орта жүздің арғын рулары мекендейді. Осы көрсетілген рулардан басқа Орта Азия елдерінде құрама, шала қазақ деп аталатын этникалық топтар да кездесетін. Бұлардың да құрамын ертеде қазақтың рулары құрағандығы белгілі. Сонымен қорыта келгенде, Өзбекстандағы жергілікті ұлы жүз қазақтары «ирредентті» құраса, тарихи кезеңдердің ауыртпашылығымен барған орта және кіші жүз қазақтарын «диаспора» тобына жатқызамыз. Сол сияқты Тәжікстандағы қазақтардың басым бөлігін Ауғанстанға, Иранға ауа көшу барысында қалып қойған кіші жүз қазақтарын құрайды. Түркіменстандағы қазақтардың да негізгі бөлігін кіші жүз қазақтары құрайды, оның себебін олардың бір-бірімен көршілес, жақын отырғандығымен байланыстыруға болады. Ал, Қырғызстандағы қазақтарды Қытайға ауа көшуде қалып қойған ұлы жүз қазақтары мен орта жүздің арғын, тобықты руынан тараған қазақтар құрайды.
Достарыңызбен бөлісу: |