Қалшабаева бибизия кенжебекқызы орта Азия қазақтары


Орта Азиядағы қазақтардың этнодемографиясын



бет3/5
Дата24.02.2016
өлшемі494.5 Kb.
#17194
түріДиссертация
1   2   3   4   5

Орта Азиядағы қазақтардың этнодемографиясын көрсететін тараушасында ХІХ ғ. ІІ жартысынан бастап, соңғы кезеңдерге дейінгі қазақтардың өсу, кему динамикасы жергілікті халықтармен салыстырмалы түрде қарастырылады. 1868 жылы орыстың алғашқы Ұйымдастыру комитетінің жүргізген санағында тек қана Ташкент уезінің Тойтөбе, Ангрен, Шыршық өзені бойындағы қазақтар саны - 144970 болса, құрама халқы – 77301, өзбектер саны – 34636, тәжіктер – 11634 санын құраған 39, 73-б.. Бірақ 1870 ж. Ташкент уезінде қаламен қосып есептегенде қазақ саны – 42345, құрама саны – 19446 адамға кеміген. Оның себебі, көшпелілік тұрмыс салтына орай олардың саны есепке қосылмай қалған не басқа халықтардың есебіне кіріп кеткен деп болжай аламыз. Ал, бұл кезеңде қаламен уезде өзбектің саны керісінше 101573 адамға көбейген.

1897 ж. Бүкілресейлік санақ алғаш рет Түркістан өлкесіндегі халықтар жөніндегі жүйеленген статистикалық мағлұматтарды алуға мүмкіндік берді. 1897 ж. санақ бойынша қазақ саны Жетісу облысында 794815, Сырдария облысында 952061 адам, Самарқанд облысында 63091, Закаспий облысында 74225 болып, барлығы 1.884192. қазақ пен қырғыздың санын бірге беріледі. Мұнан 279 мың қырғызды Жетісудан, 50 мың қырғызды Сырдария облысынан алып тастайтын болсақ, қазақтардың саны 1.565.192 адамды көрсетеді. Сондай ақ санақтағы Ташкент уезіндегі 142630 түркі халықтары есебінде қазақтардың да саны қосылып берілуі мүмкін. Бірақ, 1915-1916 жж. белгілі салдарынан қазақтың саны аталған аумақтарда да қысқарады.

Қорыта келгенде Кеңес дәуіріне дейінгі Түркістан өлкесіндегі халықтардың сандық құрамы әр деректе әрқалай беріледі, дегенмен де қазақтар өлкенің Сырдария және Жетісу облыстарында басым болды. Сондай ақ, 1917 ж. мәліметте Ташкент уезінде қазақтар – 156879, өзбектер – 88510 болса, Жызақта қазақтар – 29069, өзбектер – 123597, Ходжентте қазақтар – 10318, өзбектер –66328, Әулиеатада қазақтар – 195899, қырғыздар – 65591, Әмудария бөлімінде қазақтар – 49362, қарақалпақтар – 93074, Маңқыстауда қазақтар – 73089, түркімендер – 40670, бұрынғы Хиуа хандығында қазақтар – 23000, түркімендер – 184200, өзбектер – 397000, қарақалпақтар – 34200 адамнан тұрды. Осы кезеңде көрсетілген деректер бойынша елдегі жағдайларға қарамастан қазақтар Ташкент уезінде (қала қосылмаған) бүгінде жергілікті халықтан басым болды. Бірақ айта кету керек Ташкент уезінің біршама болыстығы 1924-1926 жж. Қазақстан иелігіне өтуімен қазақтың үлес салмағы аталған аумақта азшылықты құрады. 1939 ж. санақ бойынша Өзбекстанда қазақтар 305416 (4,8 пайыз) құраса, Түркіменстанда 61397 (4,9 пайыз), Қырғызстанда 10670 қазақты құрады. 1926 жылы 17 желтоқсанда Қырғызстандағы қазақтардың саны 1749 (0,2%) болса, 1939 ж 17 қаңтарда 23925 (1,7%) болды. Қазақтар Өзбекстанның 12 облысын мекендеді, шоғырланған орталықтары: Ташкент облысында 266365, Ташкент қаласында-30607, Жызақта – 49146, Сырдарияда – 22260, Бұхара облысында – 91126, Самарқанд – 8185, Ферғанада – 14155, Қашқадарияда – 1857, Наманганда – 775., Сурхандарияда – 3164., Хорезмда – 14155, т.с.с. 1989 ж. Өзбекстандағы 808227 қазақ мәліметі беріледі. Сонымен, Өзбекстандағы қазақтардың өсу деңгейі 1939–1999 жж. аралығында үнемі өсіп отырған, ол ең бірінші халықтың табиғи өсімі болса, екіншіден, жоғарыда айтқандай механикалық миграциямен байланысты деуге болады.

Қырғыз республикасында 1989 жылы 37318 қазақ болса, 1999 жылы 42657 –ге жетіп оның 19039 қалада тұрды. Өзбекстанның Мемлекеттік статистикалық комитетінің 1 қаңтар, 2006 ж. берген мәліметі бойынша Ташкент облысында - 341.380 қазақ (13,8%), Қарақалпақстан автономия республикасында - 341.084, Науай облысында – 60312, Ташкент қаласында – 45839, Жызақ облысында-44934, Бұхара облысында – 20895, Сырдария облысында-19438, Хорезм облысында – 13554, Самарқанд облысында – 5041, Сурхандария облысында- 2392, Қашқадария облысында 1840, Ферғана облысында – 968, Наманган облысында – 819, Андижан облысында – 699 қазақ болды. Өзбекстандағы қазақтардың ең үлкен үлес салмағы пайыздық есеппен алғанда Қарақалпақстанда – (24,8%), Ташкент облысында – (13,7%), Науай облысында – (10,2%), Сырдария облысында – (10,2%), сондай ақ Жызақ облысында – (6,6%). Ташкент облысында көрсетілген қазақтардың 90% шоғырланған. Сонымен қазіргі кезеңде қазақтың үлес салмағы Өзбекстан мен Қарақалпақстанда басым, Түркіменстанда 100 мыңға жетпесе, Қырғызстанда 42 мыңнан аса қазақ тұрады. Дегенмен де бүгінде қандастарымыздың көпшілігі тарихи отанға оралуда.



«Орта Азиядағы қазақтардың дәстүрлі шаруашылығы және кәсібіндегі ерекшеліктер» деп аталатын үшінші бөлімде Орта Азиядағы қазақтардың дәстүрлі шаруашылық -мәдени типіне сипаттама беріледі.

ХІХ ғ аяғындағы қазақтар егістігі шашыраңқы әрі бос жатқан жерлермен араласа жатқан жерлерден тұрды. Олар өзбектер сияқты үлкен арықтар қазып суландыратын жерлерден қашып, оңай суаратын жерлерге көшеді. Бұл кезеңдерде егіншілікпен қазақтардың ең кедей тобы айналысқанмен ол жердің өзі ру басы, манап не байларға кіріс әкелетін ауқаттылардың қол астында болды. Бірақ егінші егістік басында тұрақты тұрмай, қыста – 5–10 шақырымдық қыстауға көшіп, егістік алдында қайтып көшетін болған. Сондықтан олар үшін егін егу мерзімді жұмыс болып саналады. Отырықшылыққа көшкен қазақтардың өзін: (Жетісу, Сырдария, сондай ақ Түркмен облысындағы) а) егіншілік және ірі қара малмен айналысатын егінші, мал шаруашылығы қожалықтары, б) қожалығы 4-6 десятина жерге бекітілген және ірі қара малы бар, мал-шаруашылығы мен егіншілікпен айналысатын топтар, в) қожалығында 24 ірі қара малы бар мал шаруашылығындағы-көшпелілер деп бөлді. 1916 жылғы оқиғадан қуғын көрген жергілікті халыққа (олар негізінен қазақтар) және Ферғана облысынан басмашылықтан запа шеккен қоныс аударушылар мен жері жоқ батрактарға, жері аз диқандарға, отырықшылана бастаған жартылай көшпелі және көшпелі қазақтарға жер бекітіп берумен байланысты 117 отбасы Ташкент уезіне орналастырылды. Бұлардың барлығы егіншілікпен айналысты. Сол сияқты Сырдариямен Қувандарияның төменгі ағысы егіншілікпен айналысуға өте қолайлы жер болды. Қазіргі Қарақалпақстан территориясын қамтитын бұл өңірдегі қазақтар арпа, тары, сұлы, бидай өсірді. 1859 жылғы мәліметтер бойынша егіншілікпен 4000 қожалық айналысты, шамамен алғанда әр үйге 2 жұмыскер келсе, олардың әрқайсысына 3 десятинадан келеді, сонда 8000 адам басына 24000 десятиннен келеді. Қазақтар дәнді дақылдардан басқа бау-бақша өсімдіктері: қауын, қарбыз, пияз, сәбіз, қызылша да өсірді. 1873 ж. Дауқара аймағына барған А.В. Каульбарс былай деп жазды: «суландырудың молдығына байланысты түгелдей дерлік күріш өсіреді. Күріштен басқа тары мен бидай алқабын да көрдім. Бірақ Қылышқала базарына қарағанда арпа мен бидай көп» 40,563-б.. Бидайды жинап алғаннан соң ақ және қызыл тұқымды күрішті егеді. Өзбекстандағы қазақтардың егістігіндегі негізгі дақыл осы қызыл тұқымды күріш болған. 1917 жылы Шыршық, Ангрен Ташкент уезінде күріштің алатын жері 67700 десятина алып жатты. Тары қазақтардың сүйікті асы болғандықтан қазақ егістігінде тарының да өз орны болды.

Түркіменстандағы қазақтардың жаз жайлауы мен қыс қыстауы құдықтармен есептелді. Бұл жөнінде М. Тұрсынов былай дейді: «1169 құдықтың 794-і алты рудың 77 биіне, 291 құдық тоғыз ру иелігінде, тек 54 құдық негізгі жолда адай, түркімендердің жалпы иелігінде болды. Осы жылдардағы жиналған материалдарда 27 ру тармақтарына бөлінген адай руының 9-ында ғана өзінің құдығы болды. Ал, қалған 18-і билермен бірге көшіп-қонып отырды. Құдықтар ең жақсы деген шатқалдарға орналасты, сондықтан оның маңайындағы жайылымдар да сол билердің иелігінде болды», – деп жазады 41,15–16бб.. Түркіменстандағы қазақтардың да егіншілігі жөнінде: «1895 ж. көктемде Александровск портынан 165 шақырым Ейр аңғарындағы қар, жаңбыр сулары көп жиналатын жерде қазақтардың кедейленген 100 отбасы тұрды. Олар жер жыртып арпа, бидай екті. 112 пұт егістіктен қазақтар 2430 пұт бидай, 164 пұт арпадан 4321 пұт арпа жиналды. Бір жылдан соң тәлімі егістікпен 889 отбасы айналысты. Бірақ егіншілік Түркіменстандағы қазақтардың басты шаруашылығы бола алған жоқ.

Орта Азиядағы қазақ диаспорасының бір ерекшелігі әлі күнге дейін шаруашылыққа байланысты жасалынатын діни сенім нанымдардың сақталуы. Мәселен, егістік жұмысының барысында «Дихан баба» құдіретіне, табыс пен байлық сыйлаушы «Қызыр не Қыдыр» бабаға сену. Егінді бастыру жұмыстарында Орта Азияның отырықшы халықтарының әсері болар қырман басына өзен, көлдерге барып жуынып, таза киіммен бару, Қыдыр баба қашады деген ұғыммен қырманның басында су сақтамау, т.б. жергілікті халықтардың сенім-нанымен ұқсас.

Мал шаруашылығы Түркістан өлкесінің Жетісу, Сырдария, онан кейін Закаспий облысында жақсы дамыса, Самарқанд, Ферғана облыстарында мал шаруашылығы қосалқы кәсіп ретінде сипат алады. Көшпелі-мал шаруашылығымен айналысатын 339.486. қожалықта – 1.697.430 көшпелі халық болды. Қазан төңкерісіне дейінгі Өзбекстанның мал шаруашылығындағы негізгі төлдер қой, жылқы, ірі қара мал мен ешкі, азырақ түйе болды. Мал шаруашылығындағы негізгі түлік қой шаруашылығы. Оның еті мен сүті тек азыққа ғана пайдаланып қойылмай, қаракүл қойдың терісі де базарға шығарылатын. Байлардың қолында мыңнан бірнеше мыңға дейін мал болды. Қызылқұм қазақтары ертеден қойдың қаракүл және құйрықты қой тұқымын өсірген. Соның ішінде кең тарағаны қазақы қой және осы қоймен гиссар қой тұқымын шағылыстырған жайдары тұқымы және гиссар-хисори. Қазақы қой тұқымы мен жайдары қойды өзбектер, түріктер, құрама, жүз, қырық, минг, қыпшақ, қаңлылар өсірген. Олардың тараған жері Ферғана бойының таулы аудандары мен тау етектері, Ташкент оазисі, Жызақ уезі, Зеравшанның және Қашқадарияның жоғары бөлігі. Ешкіні Зеравшанның жоғары жағындағы қазақтар азырақ өсірді. ХІХ ғ екінші жартысындағы облыстар мен уездердегі мал санын Костенко былай көрсетеді. Ташкент уезінде барлық мал саны –4.669,142, мұндағы 28343 бас мал саны Шыршық өңірінде, оның 3177 жылқы, 11329 ірі қара мал және 12000 қой құрады. Ходжент уезінде – 2.116,193, Сырдария облысында барлығы 31.547,864 мал саны берілсе, Әмудария бөлімінде – 2970,448 мал басы болған. Көшпелілер ол кезде мал азығын алдын ала дайындауды білген жоқ. Түркістан өлкесінде жалпы Орта Азия елдеріндегі қойдың бір тұқымы (құйрықты) белгілі. Оның ерекшелігі бойының ұзындығы, салпаң құлақ, дөңес мұрын, жарты пұтқа жуық құйрығы болды. Бұл тұқым мықты әрі төзімді. Ол қазақы және өзбек қойы деп, бөлінетін қазақы қой сапалы жүнімен етімен ерекшеленеді. Ол Жызақ уезімен азырақ Ташкент оазисінде өсірілді. Байлар 200-ге дейін ірі қара малдан, ауқаттылар 10-15 ірі қара малға дейін ұстаған. Ірі қара малдың ішінде өгізді жұмыс күші ретінде өсіру кең етек алды. Бұрынғы Бұхара территориясында бір өркешті түйенің 7 түрлісі болып, оларды бек батша нар, құлбачча нар, жумауз нар, килагай нар, сокмак нар мен жунак нар деп атады. Екі өркешті түйенің үш түрлісі болды. Ойри, мырза-кушма және кироди кушма деп аталды. Сиыр малын азырақ өсіреді. Қазақтар арасына бұл кейін келді. Кедейлер жылқыдан гөрі сиырды қалайтын болған. Себебі, сиырдың беретін өнімі көп, ол Сырдария қазақтарына қарақалпақтардан, Шу қазақтарына қалмақтардан келді делінеді .

Әмударияның төменгі ағысында ірі қара малдың қарақалпақ, қазақ және түркімен тұқымдары өсірілді. Қазақ сиыры орыс сиырларынан қалыспай 5-7 литрге дейін береді. Жылқының Орта Азияда арғымақ, өзбек, қарабайыр, қоқан, қазақ түрік тұқымдары болды. Түркістан округіндегі ең көп тараған жылқы-қазақ жылқысы. Екі аршыннан аспайтын орта бойлы, ерекшелігі алдыңғы аяғы түзу, төсі кең әрі шығыңқы ұзын, қабырғасы ірі, құйрық-жалы қалың. Қазақ жылқысы жорға жүріспен 8 шақырымды бір сағатта жүріп отырады. Осыған байланысты 1868 ж. бір шайқас кезінде Самарқандтың түбінен Ташкентке, 280 шақырым жерге бір күнде жеткендігі жөнінде мәліметтер бар. Ташкент уезінде 1895 ж. жылқы саны 68300, қалада 14100 болса, 1912 ж. уезде – 113385, қалада – 10276-ға жетті. Жылқы Өзбекстандағы қазақтарда көбіне Ташкент облысының Бостандық, Жаңабазар аудандарында кездеседі. Сондай ақ олардың 40% Самарқанд және Ташкент облыстарына шоғырланған. Орта Азияда жылқының кең тараған түрі қазақы жылқылар екендігін Архипов та жоққа шығармайды. Ол өте төзімді жүгімен тауға да шыға береді. Далада сусыз, тамақсыз 100 км-ге дейін жорта алады. Онан басқа қарабайыр, текелік, иомудтық түрлері бар. Қарақалпақстанда жылқының үш тұқымы: қазақ, қарақалпақ, түркімен. Жылқының қазақы тұқымы төзімділігімен аса бір жағдайды талғамайтындығымен ерекшеленіп Қызылқұм және Үстүрт қазақтарында кеңінен таралды. Оны байлар көбіне мініс үшін пайдаланып, онымен қатар қарабайыр, будан, қарақалпақ, ханызат тұқымдарын да қатар ұстаған. Осылардың ішінде ең қадірлісі қарабайыр жылқысы болды .



«Орта Азия елдеріндегі қазақ диаспорасының материалдық мәдениеті және ерекшеліктері» атты төртінші бөлімде аумақтағы қазақтардың қонысы, үлгілері, баспана түрлері мен құрылысы, ұлттық киімдегі жергілікті үлгілер мен ас-тағам мәдениетіндегі ерекшеліктер арнайы зерттеулермен қатар ел арасынан жиналған материалдар негізінде айқындалды.

Қазан төңкерісіне дейін қазақтардың азырақ бөлігі өзбек, тәжік, қырғыздармен қатар тау етектеріндегі ірі қыстақтарда да орналасты. Бұлардың көшесі тар болып, терезелері аулаға қарап, бау-бақша егілген. Қоныстарының екінші бір түрі тәлімі егіншілік аудандардағы қазақ, қырғыздардың майда қоныстары. Олардың үйлері жоспарсыз, тастан соғылған. Енді, келесі бір түрі көлемі кішірек мерзімдік тұрақтар болды. Тау қуыстарындағы қоныстарға мысалы Бостандық ауданының Шақшам ауылындағы қазақтарды жатқызуға болады. Құмда, құдық маңайына орналасқан қоныстарға Қызылқұм қазақтары не Түркіменстандағы қазақтардың тұрағын жатқызамыз. Қазақ қоныстары көбіне өз тегіне қарай көше не ауыл болып орналасты. Орналасудың бұл тәртібі жер иелігіне қарай сақталғанмен, соңғы кезеңдерде Өзбекстанда болмаса басқа аумақтарда жергілікті халықтармен араласып кеткен.

1920 ж. отырықшы қазақ селоларының 378-і Ташкент уезінде болды. Аймақтар бойынша Келес өзені бассейнінде қазақтың 136, өзбектің осы бассейнінде-16 қонысы, қазақтардың 214, өзбектердің 105 қонысы Шыршықта, қазақтардың 28, өзбектердің 29 қонысы Ангренде шоғырланды. Алтын, Жетісу, Үштамғалы, Шарапхана болыстықтарында тек қана қазақтардан тұратын поселоктар болса, 12 болыстықта аралас қоныстар болды. Қазақтардың қоныстарының көлемі өзбектердікіне қарағанда кішірек болды. Өзбек қоныстары Ниазбекте көбірек болса, Шыршықтың басқа болыстықтарында қазақтардан кемірек. Айта кету керек, қазақ ауылдарының барлығы ру-ру болып орналасты. 300-ден кем тұратын қазақ қоныстары 56% болса, 100 адамнан кем тұратын өзбек қишлақтары Түркістан АКСР-де 8-9% құрайды 42,102-103пп.. Сондай ақ, қазақтардың Ташкент уезі бойынша ең үлкен ауылы 3000 адамнан тұрған, оның өзі 3-еу ақ, 2000-ға дейінгі адамы бар 18 ауыл болған. Ал керісінше адамы аз 400 адамнан тұратын 198 қоныс, 200 адамнан тұратын 78 қоныс, 400-ден 500-ге дейін адамы бар қоныс 38 болған. Ал, енді мерзімдік қоныстарда халықтар бір ауылда топталып, ұяға ұқсап қоныстанатын. Олар Ангрен, Орта Шыршық, Паркент, Жоғары Шыршық аудандарындағы Баис, Бұзаушы, Балта, Қоңырат, Рамадан, Сіргелі. т.б ауылдарына тән болған. Ташкент уезінің Байтқорған қишлоғында 334 өзбек, 16 қазақ жанұясы, Қыбрайда 334 өзбек 7 қазақ, Паркентте 1415 өзбек, 40 қазақ жанұялары болған. Қазақтардағы ретсіз қоныстар 50 жылдардың аяғына дейін сақталды. 1960 ж. бастап өзбек қоныстарына тән баспаналардың қамал түріндегі биік дуалдармен қоршалуы қазақтарда да етек ала бастады. Түркіменстанның көшпелі аудандарында да қазақ, түркімен ауылдары ру белгісіне қарай бөлінеді. Ауылдары аса үлкен емес. Шаруашылықтағы ауылдар 200 адамға дейін біріктіріледі. Сондай қазақ ауылдары 92%, қырғыз ауылдары 52%, түркімен ауылдары-80% құраған. Қырғызстанда да 100-200 адамнан тұратын қазақ қоныстары көбірек болды. 300 адамнан кем қырғыз поселоктары 56%, 100 адамнан кем 16 , 100-500 адамнан тұратын қоныс 59 % құрайды ірі селолар өте аз. Қырғызстанның оңтүстігінде 100 адамнан кем қоныстар көбірек болса, Түркімен поселоктарында 100 адамнан кем 30-52%, 100-500 адамы бар қоныстар 40-65% , ал Тедженде 84% құрайды. Қазақ қоныстарының отырықшы өзбек, тәжік халықтарының қоныстарымен салыстырғанда біршама ерекшелігі болды. Бір жағынан егіншілікпен, екінші жағынан мал шаруашылығымен де айналысқан қазақтардың қоныстары, кең аймақты алып, рулық белгісіне қарай шашыраңқы орналасып, өзбектердің қишлоқтарына қарағанда көлемі кішірек болды.

Үй құрылысының негізгі материалдары қам кірпіш және пахса болған. ХІХ ғ. аяғы ХХ ғ. басында пахса қазақтарда үй құрылысы үшін көп пайдаланыла қойған жоқ. Оны көбіне шаруашылық құрылыстарын, оның ішінде қора қопсыларды салуда пайдаланған. Сол кезеңде ауқатты кісілер үйлері үшін 30 х 30 болып келетін қам кірпішті көбірек пайдалана бастады. Мұндай кірпіштердің пайдалануын А.К Писарчик тек ХХ ғасырдың бас кезеңіне жатқызады. ХІХ ғ. аяғы ХХ ғ. 30-40 жылдарына дейін Өзбекстан қазақтарының баспаналарының бірі шым үйлер болған. Кейін келе жергілікті өзбектермен қоян-қолтық араласуына байланысты үстіміздегі ғасырдың 30 жылдарынан бастап қазақтар да «пахса» әдісімен үй салу кең етек жайған. У.Х. Шалекенов те өз еңбегінде:” Қарақалпақстандағы қазақтардың үйлерінің қабырғалары пахсадан тұрғызылды. Әрбір қабаты 50–60 см. биіктігі 3 қатар пахсадан тұрып, оның қабырғасы жоғарылаған сайын жіңішкере түседі. Пахсадан салынған үйлер Тақтакөпір, Беруни, Төрткүл және Ходжелі қазақтарында көбірек кездесіп, құрылыстары өзбектердікіне ұқсайтындығын айтады 4, 207,221 бб.. Мұндай үй салу бүгінге дейін жиі кездеседі. Қам кірпіштен соғылған үйлер Қарақалпақстанда Шымбайда, Теппекул ауылдарында 60 үй қазақ, Қараойда – 30 үйдей бар. Көне Үргеніштегі және соған тиіп жатқан аймақтардағы дәстүрлі баспана түрлерімен қоса баспанадан алыс емес, қора-қопсыдан бөлек 2 не 3 камералы үйлер кең тараған. Үш камералы үйлердің орталығын дәліз не айван алады. Жаз кездерінде отбасы мүшелері уақытының біршама бөлігін айванда өткізеді .

Орта Азия елдеріндегі қазақтардың баспана құрылысына жергілікті халықтардың ықпалы зор болған. Сондықтан да олардың үйлері көше жақ бетке салынып, қора қопсылар аулаға тік бұрыш түрінде орналасты.. Сол сияқты Өзбекстан қазақтарының баспаналарының бір ерекшелігі «айван» және «балохондардың» болуы. Айванның төбесі жабық, жан-жағы ашық кейде 40-50 см-дей қаланған кірпіш қабырғасы болады. ХІХ ғ. аяғында айвандар екі бөлменің ортасына не бір бүйірден салынса, қазіргі кезде олар көбіне үйдің алдына салынады. Балохондар ертеректе үйдің төбесіне салынатын. Ол бұрынырақ қонақ қабылдайтын жер болса, соңғы кезде шөп, жем сақтайтын орынға айналған. Өзбекстан қазақтарының Қазақстандағы қазақтардың баспаналарынан айырмашылығы әр-түрлі жайлар мен верандалардың болуы. Есіктің алдына бөлек не жапсыра қойылған тақтайлар, балшықтан жарты не бір метрдей көтерген суфалар (сәкілер) жиі кездеседі. ХХ ғасырдың 30 жылдарынан бастап кеңінен тарай бастаған осындай ерекшеліктер бүгіндегі қазақтардың үй-жай соғу әдісіне, тәртібіне толығымен кірген.

Ташкент уезінің Жаусоғым, Алтын, Іріжар (Шардара), Майдантал, т.б болыстықтарындағы қазақтардың көктемде, жазда және күзде тұратын баспаналарының бірі киіз үй болған. Киіз үй Өзбекстан қазақтарының ауқаттыларында ХХ ғасырдың 50-60 жылдарына дейін сақталған. 1921 жылы Самарқанд облысына этнографиялық экспедициямен барған М.С Андреев былай деп жазды: «Мен аралаған Жызақ, Самарқанд, Қаттақорған уездеріндегі ауқатты қазақтар балшықтан соғылған үйлерде емес, киіз үйлерде тұрғанды қалайды. Киіз үйлер мұнда тек байларда ғана сақталған»,- деп көрсетеді. Қарақалпақстанның Қоңырат ауданындағы қарақалпақтарда киіз үйді ұстанғанын, бұл баспана түрі Орта Азия халықтарында ұқсас екендігі жөнінде талдау жүргізген С. Жолдасбаевта өз еңбегінде көрсетеді. Ал, Солтүстік Түркменстанда қазіргі кезде де киіз үйлер кездеседі, бірақ олар көбіне жаздағы жатын орын ретінде пайдаланылады. Ақ отауды өзбектер мен қыпшақтар қара киіздің сыртынан ақ матамен қаптап та жасайтын болған. Ол бір-екі жылдан кейін тозып, қара үйдің өзі қалатын. Әмудария өзені бойындағы қазақтар қарақалпақтар сияқты киіз үйдің туырлығының орнына шиді көбірек тұтынады. Оның себебі үйдің салқын болуын қалағандықтан. Шидің жоғары бөлігі үзіктің киізімен жабылады.



«Ұлттық киімдегі жергілікті үлгілер» атты тараушада негізінен киім үлгілеріндегі ерекшеліктерге баса көңіл бөлінген. Қай халықтың болмасын ұлттық киімі оның тіршілік цикліндегі тұрмыс салтымен, шаруашылық жүйесінің түрімен байланысты болған. Орта Азиядағы қазақтарда жас ерекшелігіне қарай киінуді сақтаған. Қазіргі кезеңде киімдегі дәстүрлі элементтер 70–80 жастағы үлкен кісілердің көйлектері мен іш киімдерінде және бас киімдерінде кездеседі. Мәселен, тік жағалы, алды 2–3 түймемен түймеленетін төсіне дейін тік ойылған, алды ашық көйлектер әлі күнге дейін сақталған. Оның жағасы тік, сырылып тігіліп, 20–30 см. дейін ойық болып келеді. Бұлардың ішінде қазақтарда кеңінен тарағаны жоғарыда айтылған тік жағалы, алды көкірекке дейін ашық болып, кең пішілген, жеңі ұзын үлгідегі көйлектер. Бұл көйлектер алды көкірекке дейін ашық, бірақ қазақтардың көйлегіне қарағанда ұзын болып келетін өзбектердің куйнак-яктак түріне ұқсастығы бар.

Орта Азиядағы қазақ әйелдерінің киімі қанық бояулы, түрлі-түсті, мақта, жібек, панбарқыт, жылтырауық маталардан тігілген киімдерден тұрған. Орта Азияның басқа халықтары сияқты қазақ әйелдерінде де жас ерекшелігіне қарай киімде түс талғау болған. Жас қыздар мен жас келіншектер қызыл, қызыл алау түсті көйлектерге әуес болса, 3–4 баласы бар әйелдер көк, аспан түсті көйлектерді көбірек киетін. Жасы келген кісілерге қызыл ала араласқан көйлектерді кию ұят саналатын. Сондай ақ өзбектерде шыттан тігілген аспан көк түсті, құрамаларда жасыл түс киім қаралы киім саналатын. Осымен байланысты Шыршықтың жоғары жағы мен Пскент, Бөке аудандарындағы қазақтарда қаралы болғанда көк орамал тарту сақталған. Егер көйлек жібек матадан тігілсе қаралы түс болып саналмайды. Себебі, жібек матаны бағалы санаған. Оны әулие мата деп санап, онан тігілген киімді жалаңаш денеге киюге болмайтын. Ал жасы үлкен әйелдер 20–30 жылдарға дейін тік жағалы, жеңі ұзын, тік пішіліп, етегі кеңдеу көйлек киетін. Көйлектің бұл үлгісі екі халыққа ортақ болып келеді тек бір айырмашылығы өзбек әйелдерінің көйлегінің ұзындығы тобыққа дейін жететін де, алды көкірекке дейін қиылған болып келеді. Түркіменстандағы қазақтардың киімі жөнінде Карутц Р. былай дейді: Әйелдердің киімі гүлді матадан тігіліп, көкірегіне дейін тік қиылған алды ашық, ұзындығы тобыққа дейін жетеді, белі бөлек шарфпен сырылған. 43, 149-б.. Ал, енді Әмудария жағалауындағы қазақтардың сыртқы киім түрлері біршама өзгеріске түскен. Мәселен, қалалық өзбектерге еліктеп, бай қазақтар сәлде, бұхар, хиуа шапандарын киген. Мұндай өзгерістерді ХІХ ғ. 70 жылдары ақ А.П. Хорошхин бақылап былай деп жазады: «Қызылқұм қазақтарының киімі, әдет ғұрпы, тілі басқа жердегі қазақтармен бірдей, тек киімдерінде өзгешеліктер бар. Мәселен, Хиуа шекарасына жақын орналасқан қазақтар биік түрікмен бас киімдерін, ал өзбектерге көршілес отырғандар сәлде орайды»,-деп көрсетеді . 44, 149-. ХХ ғ. 40-50 жж. дейін қазақтарда шапанның тік жағалы, алды үшбұрыш болып келген, етегі кеңдеу, тізеден асатын үлгідегі түрі киілсе, ХХ ғ. 50 жылдарынан бері қарай жаппай ойма жағалы, сырылып тігілген өзбек шапандарын кию кең өріс алған. Түркіменстан, Өзбекстандағы қазақтарда өзбектер сияқты сыртқы киімнің белін 2-3 метрден тұратын ақ не бөз шүберек белбеулермен байлайды. Орта Азия елдеріндегі қазақтардың бас киімінен кең тарағаны тақия, бөрік, малақай, ақ киізден жасалынатыны қалпақтар. Бұларды көбіне түлкі ал, кедейлерде қой терісінен тігілетін. Қой терісінен жасалатын малақайларды қырғыздар көбірек киген Л.Ф Костенко: қазақтар киіз қалпақты көп киген. Ол көбіне қой не ешкі түбітінен басылады. Қой жүнінен басылған қалпақтың базардағы құны 40 тиын болған. Ал, қыста теріден жасалынған үшқұлақты көбірек киеді деп жазды. Тақия Өзбекстан қазақтарында күнделікті киетін бас киімге жатады. ХХ ғ. 40 – 50 жж өзбектердің тақиясы кең таралып, оның сыртын орамалмен байлау көп кездеседі. Бірақ сәлдені қазақтарда үлкен қариялар мен молдалар ораса, өзбектерде орта жастағылар мен қарияларда күнделікті, ал үйленген жас жігіт алғашқы бірінші айда үнемі сәлде салып жүретін болған. Сонымен қазақтардың киімін Орта Азияның басқа отырықшы халықтарымен салыстырғанда бас киімінен ажыратуға болады.

Орта Азиядағы қыз-келіншектер жиегіне аң терісі тігілген, төбесі жылтырақ жіптермен не моншақтармен өрнектелген шошақ үкілі бөріктер мен тақиялар көп киген. Келін болып түсерде сәукеле не бөрік немесе тақия сыртынан жабылған орамал салатын болған. Өзбекстандағы қазақ әйелдері кимешекті көп кимесе, Қырғызстандағы қазақ және қырғыз әйелдерінде ол ХХ ғ. 70 жылдарына дейін кездесетін. Кимешекті қырғыздар «элечек» деп атады. Мұның өзінен бұларда да әр рудың өзіндік ерекшелігі байқалатын. Қазақтармен қырғыз кимешегінің ұқсастығы арты үшкірленіп кей жағдайларда оның ұшы аяқ киімге дейін тиіп жататын. Қарақалпақстандағы қария аналарда сақталған кимешек солтүстік Түркіменстандағы қазақ әйелдерінде көп кездеспейді. Түркіменстандағы әйелдердің бас киімі көбіне жаулық болып келеді. Ол ұзын ақ матадан басты айналдыра шалма сияқты орап, жаулықтың бір шеті белге дейін жіберілетін. Жаулықты әйелдер көбіне сыртқа шығарда тағады, үйде мойын артынан бір тартатын орамалмен ғана жүреді. Қыздар бастарын гүлді, қызыл түсті орамалмен байлайды. Орта жастағы әйелдер басқа кимешек сияқты ораған ақ орамал тартса, тұрмысқа шықпаған қыздары сәукеле киеді. Оның түркімен бас киімінен айырмашылығы сәукелеге жалғанған тор (вуал) түркімендердегі сияқты алдынан емес, артынан және белге дейін жетеді. Қазақтардың да түркімендердің де қыздары үйде қызыл орамал, әйелдері ақ не қоңыр түсті жаулық тартады. Әрбір халықтың киімдерінде де белгілі бір түстің өз артықшылығы бар, ол түркімендерде қызыл түс. Көйлек және бас киім Түркіменстандағы қазақтарда көбіне ақ түс болса, ал түркімендер ақ түсті тек қартайғандар киеді деп шешеді. Ташауыздағы қазақтар мен қарақалпақтардың киімі өзбектердің киімінен айнымайды. Ташауыздың шығыс жағындағы қазақтар болмаса Түркіменстанның басқа аймақтарында орта және қария жастағы қазақ әйелдері түркімен, өзбектерден ерекшеленетін өздерінің дәстүрлі киімдерін жақсы сақтаған. Солтүстік Түркіменстандағы қазақ әйелдерінің киімі Қарақалпақстанда мекендейтін қазақтардың киімінің аналогиясы деуге болады. Өзбек, түрікмен халықтарымен шекаралас отырған қазақтарда көршілес отырған халықтың ықпалы байқалатындығы жөнінде А.П. Хорошхин өз еңбегінде былай көрсетеді: «Қызылқұм қазақтарының тілі, әдет-ғұрпы басқа аймақтардағы қазақтардан айырмашылығы жоқ, тек киім киістерінде мәселен, Хиуа шекарасына жақын жерлердегі қазақтар биік түрікмен бас киімін, өзбектерге көршілестері чалма киеді», – деп көрсеткен 44, 470-474 бб..




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет