Аманғазықызы мөлдір қазіргі қазақ прозасындағы қала моделі және ұлттық ментальділік



бет19/31
Дата12.04.2024
өлшемі314.84 Kb.
#498540
түріДиссертация
1   ...   15   16   17   18   19   20   21   22   ...   31
aman-azy-yzy-m-phd-povtorno (2)

5. «Қала – сұлулық». Жазушы Баубек Бұлқышев өзінің аяқталмай қалған «Алматы – қалам менің» (1941-1942) романында Алматы қаласының сұлулығын суреттегенде Алатаудың сұлулығымен қатар суреттейді: «Мұнарланған Алатау қолдан жасағандай қаланың шығысында таң білініп, күн шыққанша күзетеді. Қаланың көркі басқаша. Бұл кезде үйде отырғың келмейді. Келесі таңға дейін жетерлікті таза ауаны тендеп алғың келеді. Сол кезде Алатауға көз салып тұрсаң күн тырмысып, таудан асып шыға алмай жатқан сияқты. Алатау – отау кеуделі тау. Оның кеудесіне өрмелеп шыға алмай жатқан күнге құмарлығың ұлғая береді... Алатау нұрға бөленеді» [67].
Жазушы Зейнолла Қабдоловтың «Менің Әуезовім» роман-эссесі (1997) Алматы қаласын суреттеуден басталады: «Алматының терістігінен түстігіне қарай жарыса жосылған түзу көшелердің тау жақ шалғайы солғындау мұнартып, әрігіректегі құз-шатқалдарда қоңырқай кеш қараңғылығы туып, тұтаса бастағанын сездіреді» [68]. Романның бесінші тарауы: «Елуінші жылдардың басында астана өмірі айрың-үйрің, алмағайып, аласапыран еді» [68, б. 147], – деп басталады да, Алматы мен Алатаудың сұлулығын қатар суреттеумен жалғасады: «Сырттай қарағанда бәрі бұрынғыша: күн орнынан шығады, ай орнынан туады. Алатаудың «ақшалап басын қар көмген, аспанның төсін арда емген» (Жансүгіров) апайтөс, ақ шаңқан шыңдары да орнында. Таң ата терезеңді ашып, таза ауаға кеудеңді тосып тауға қарай қалсаң көз ала алмайсың; күнде көрсең де бәрібір, сымбатына сұқтанасың, сұлулығына тоймайсың, ылғи жаңа көргендей таңданасың да таңдай қағасың. Тау бөктеріндегі қысы-жазы бірдей жап-жасыл шыршалар да бұрынғыша бұйралана мұнартып, төменнен жоғары өрмелеп бара жатқан тірі талдар. Тау іргесінен тасқындап аққан тарам-тарам сарқырама сулар да асау арналарында тулап кеп қала көшелеріндегі арыққа құйылады да төңірегін таза тынысқа толтырады» [68, б. 147]. Ары қарай жазушы Алматының ерекше екендігін, алыстағы адамдардың қаланы бір көруді армандайтынын жеткізеді: «Алыстағылар әрқашан Алматыға асығады. Қыздай сыланған сұлу қаланы бір көруді армандайды» [68, б. 147]. Жазушы Алматы қаласының сұлулығына қазақ халқы ғана емес, Алматыны көрген басқа халықтар да ерекше сүйсінетіндігін әсерлі түрде жеткізеді: «Жуырда Үнді халқының көсемі Жабахарлал Неру келіп, өзін әуежайда қарсы алған Дінмұхамед Қонаевтың ашық лимузінінен түспей серейіп тұрды да қойды. Екі көзі Алатауда, екі езуі тек құлағында: – Мен бұл дүниеде өзім туған Кашмирден сұлу жер болмас деуші едім, жоқ, бар екен. Орман құшағындағы Алматы, Алматыны аялаған Алатау теңдесі жоқ сұлу екен» [68, б. 147].
Жазушы Баубек Бұлқышевтың «Алматы – қалам менің» романы, Зейнолла Қабдоловтың «Менің Әуезовім» роман-эссесі арқылы жазушылардың танымында Алматы мен Алатау егіз ұғым ретінде қалыптасқандығын байқаймыз. Бұл үрдіс кейінгі қазақ әдебиетінде де жалғасын тауып отыр. Алматы қаласы туралы жазған қаламгер Алатауды да суреттейді.
6. «Қала – махаббат мекені». Жазушы Тахауи Ахтановтың «Махаббат мұңы» (1960) повесінде ауылдан қалаға келіп, білім алып жатқан студент жастардың өмірі, махаббаты, сүйіспеншілігі баяндалады. Повесте жазушы қыз баланың ішкі сезімін, махаббатқа деген адалдығын өте әсерлі жеткізген.
Повестегі бас кейіпкер Ләззаттың алғаш Алматыға келгендегі сәтін жазушы былай суреттейді: «Қаланың әр көрінісінен көз алмай, қызыға таңырқайды» [69]. Жазушы кейіпкердің қазақ қызына тән ұяңдығын да айта кетеді: «Ауызға алынып мақталып жүрсе де, Ләззаттың бойына қала қыздарының еркіндігі қонбады» [69, б. 58].
Жазушы Әзілхан Нұршайықовтың «Махаббат, қызық мол жылдар» (1970) романындағы оқиғалар да Алматы қаласында өрбиді. Роман жазушы-ұстаз М. Иманжановқа арналған. Жазушы романның атауын да, эпиграфын да ұлы Абайдың өлең жолдарынан алған: «Құдай-ау, қайда сол жылдар, Махаббат, қызық мол жылдар? Ақырын-ақырын шегініп, Алыстап кетті-ау, құрғырлар» [70]. Романның прологында Тургенев, Пришвиннің күнделік-жазбаларынан орын алған махаббат туралы ойлар мен көзқарастар көпшілік оқырман назарына ұсынылады.
Роман: «– Мен оларды жақсы көрдім. Бірақ олар маған қарамады... Жалғыз қыз ғана жанымды ұқты, тек соны айтайын мен сізге. Сонымен мен 1945 жылдың он төртінші ноябрі күні осы әсем астана Алматыдағы Қазақ университетінің студенті боп қабылдандым» [70, б. 4], – деп басталады. Ары қарай қаладағы студент жастардың өмірі, Ербол мен Меңтайдың арасындағы риясыз сезім баяндалады.
Әдебиеттанушы Б. Майтанов «Махаббат, қызық мол жылдар» романының композициялық құрылымы жөніндегі ойын былайша сабақтайды: «Шығарманың композициялық құрылымы сюжеттік динамиканы дамыту ыңғайында орналасқан. Лирикалық шегіністер, естеліктер, әр алуан фабуладан тыс элементтер. Ербол характерін жан-жақты, психологиялық тереңдікпен ашуға үлес сала отырып, кейіпкер ойлары мен әрекеттеріндегі ұлттық және интернационалдық ерекшеліктердің органикалық тұтастығын сезінуге толық мүмкіндік береді... Романдағы соғыс туралы естеліктер, майдан өмірі мен бейбіт тірлік жайлы әр қилы салыстырулар кейіпкер мінезінің интернационалдық қырларын көркемдік орайда сенімді ашады. Алғаш аудитория есігін ашып отырғандарға, «жолдастарды» қосып сәлем беруіндегі сан түрлі психологиялық көңіл-күй әуендерінен жорық жылдарында бастан кешкен сезімдермен ұқсастық табуында, ең соңы Шалдуар Шалғынбаев сияқты наданның сөзін де жерге тастамайтын тіл алғыштығынан әскери тәртіп сабағын көруінде Ербол үшін соғыс эпопеясы бүкіл ғұмырына жетерлік саяси-ұждандық мектеп болғаны айқын аңғарылады» [64, б. 86].
Романда бас кейіпкердің бейнесін танытуда үлкен қызмет атқаратын үш қыздың бейнесі бар. Олар: Ерболдың алғашқы махаббаты – Сәлима, Тана және Меңтай. Ерболдың оралуын тоса алмаған Сәлиманың әрекетінен ұлттық дәстүрдің осал қырлары көрінсе, Меңтай мен Тана бейнелерінен қазақ қызына тән сезімге адалдық, шынайы сезім үшін күресе білу сияқты қасиеттер айқын аңғарылады.
Романда «қала – махаббат мекені» моделі көрініс табады. Себебі, Ербол мен Меңтай алғаш қалада кездесіп, бір-біріне ғашық болады. Роман басталысымен-ақ жазушы оқиға желісінің Алматы қаласында өтетіндігінен хабардар етеді, яғни жазушы кеңістік пен уақытты бірден оқырман назарына ұсынады: «... 1945 жылдың он төртінші ноябрі күні осы әсем астана Алматыдағы Қазақ университетінің студенті боп қабылдандым» [70, б. 4]. Университет ғимараты орналасқан көшенің аты да аталады: «... астананың Совет көшесіндегі университет үйінің баспалдағына табанымды тіреп, жаңа ғана үзіліске шығып, дәлізді кернеп тұрған студенттердің арасынан өтіп, үйдің екінші қабатына көтерілгенде Алатаудың асқар шыңына шыққандай болып едім» [70, б. 4]. Романнан сол кезеңде қалада оқыған жастардың өмірі, мінез-құлқы, қызығушылықтары туралы толыққанды ақпарат аламыз.
Жазушы Әзілхан Нұршайықовтың «Махаббат, қызық мол жылдар» романынан басқа С. Шаймерденовтің «Инеш» (1958), І. Есенберлиннің «Ғашықтар» (1968), «Махаббат мейрамы» (1983), М. Мағауиннің «Көк мұнар» (1972), Д. Исабековтың «Қарғын» (1980) романдары да қалада кездескен қыз-жігіттердің махаббатын суреттейді.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   15   16   17   18   19   20   21   22   ...   31




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет