Аманғазықызы мөлдір қазіргі қазақ прозасындағы қала моделі және ұлттық ментальділік


Қазақ прозасындағы қалалық кейіпкерлердің психологиясы және қалалық ментальділік



бет21/31
Дата12.04.2024
өлшемі314.84 Kb.
#498540
түріДиссертация
1   ...   17   18   19   20   21   22   23   24   ...   31
aman-azy-yzy-m-phd-povtorno (2)

2.3 Қазақ прозасындағы қалалық кейіпкерлердің психологиясы және қалалық ментальділік
Қалалық өмірдің сан алуан қиыншылықтарына қарамастан, адамның бойындағы «қалаға деген құштарлық» сезімі өшкен емес. Қаланы осылай қабылдаудың негізгі бастауын қаланы универсалды метафораға айналдырған, тұрақты образдар мен архетиптер жасырылған адам санасынан тыс, тереңнен іздеу керек сияқты.
Көркем шығармада автордың өмір шындығына деген танымы кейіпкерлердің экзистенциялық көңіл-күйлері арқылы көрінеді. Шығармадағы экзистенциялық көңіл-күй ХХ ғасыр басында қалыптасқан экзистенциалистік ағымның дүниетанымымен үйлесімділік табады. Экзистенциалистік ағымның негізгі өкілдері Н. Бердяев, Л. Шестов, К. Ясперс, М. Хайдеггер, Ж. Сартр, А. Камю, Г. Марсель және т.б. болды. Экзистенциалистік концепция әлем мен жалғыздық ұғымынан өрбіді. Алайда, экзистенциализм өкілдерінің тұжырымдарында адамның ортамен, басқа адамдармен байланысы қарастырылмайды деп те айта алмаймыз. Себебі, әлемдік философиядағы бұл бағыттың ірі өкілдері – М. Хайдеггер, К. Ясперс, Ж. Сартрлерді ортақтастырып тұратын басты белгі – адам болмысына «Мен» және «Басқалар» ұғымдары тұрғысынан келеді. Зерттеушілер адам өзінің әлемдік жалғыздығын түйсіну арқылы қоғамнан, ондағы қалыптасқан қатынастар мен нормалардан жатсынады дегенді басты назарға алып қарастырады. Экзистенциалистік ой-пікірдің ХХ ғасырда бой көтеруіне бірінші дүниежүзілік соғыстың және адамзат баласының бір-біріне жойқын майдан ашқан екінші дүниежүзілік соғыстың әсері болғаны анық. Осы кезеңде экзистенциализм өкілдері Ж. Сартрдың, М. Хайдеггердің пікірлері көпшіліктің қолдауын тапты десек те болады.
Әлемдік әдебиеттегі экзистенциализмнің белгісін неміс жазушысы Франц Кафканың «Қамал» («Замок») (1926) романынан көреміз. Романда Қамал қожайыны бар болғанымен оны ешкім толығымен сипаттап бере алмайды. Онымен сұхбаттаспақ түгілі адамдардың ол жататын қонақ үйге кіруге құқығы жоқ. Аталмыш романның басты кейіпкерінің жай ғана К. атануының астарында да үлкен мән жатқан сияқты. Оқиғаның барлығы қала пішіндегі «Қамалда» болады. Романда К. мырзаның қала іспеттес үлкен қамалға келуі, сол жерде өзін ыңғайсыз сезінуі әсерлі суреттелген. «Қамалға» жұмыс істегелі келген К. жұмысқа орналаса алмағандықтан осында амалсыз қалған. Қайтарға жол жоқ. Ол осында арнайы шақыртылса, екінші жағынан осы «Қамал» іспеттес өзінің қаласында жұмыстың ыңғайы жоқ. К. өзінің құқығын қорғап әрбір кеңсе есігіне тұмсығын тықса да, ешбір нәтиже шығара алмайды. Нәтижесі болғанымен оған қанағат қылар К. жоқ. Қанағаттанбағандықтан үнемі терең ой үстінде жүреді. Әрбір ойының сөзбен жеткізілуі «Қамал» тұрғындарына, әсіресе кеңсе азаматтарына қызыл шоқтай тиеді. Ақыры К. күресі нәтижелі болса да, ол футбол ойнаушылардың добы іспеттес өмірде өз орны жоқ адам болып қала береді. Әрбір жұмысын амалының жоқтығынан дәрменсіз жасайды. Қала адамы тек еңбек үшін жаратылғандай оның зығырын шығарады [72]. Яғни, адамдардың өзі қаланың бір бөлігіне айналады. Ондағы тәртіп пен ережелер адамды кейінгі орындарға ығыстырады. Адамның жаттанды өмірі бірінші орынға шығады.
Ресейде 1960-1970 жылдары көші-қон мәселесі жедел, қарқынды дамып, қала тұрғындары тез арада өсе бастады. Адамдардың қалаға бейімделудегі психологиясы жазушылар үшін жаңа тақырыптарға жол салды. Осыдан келіп, орыс әдебиеттануында «қалалық проза» бағыты пайда болды.
Сан ғасырлық тарихы көшпелі өмір салтымен байланысты дала қазағы үшін де қала өмірі алғашында жат көрінді. Қалада адамдардың бақытты өмір сүруіне барлық жағдайлар бар сияқты көрінгенімен, бақытқа қол жеткізу оңай емес. Атап айтқанда, баспана табу, жұмысқа орналасу, тіршілігіне қажетті қаражатқа ие болу, адамдармен тіл табысу, белгілі бір ортаға бейімделу, т.б. мәселелер жетерлік.
Ауылдан қалаға келіп, ғасырлар бойына жинақтаған ұлттық менталитетімізден айырылып қалмасақ екен деген тілек қазақ қаламгерлерінің шығармаларынан ерекше көрініс тапты. Осы жерде менталитет пен ментальділік терминдерінің аражігін ашып алғанымыз жөн. Зерттеуші Қ.С. Абдильдина менталитет пен ментальділік терминдеріне мынадай анықтама береді: «Менталитет – рух тарихы немесе идеядан да үлкен, идеология мен дін тарихынан да үлкен, сезім тарихы мен түсініктерден де, мәдениет және тұрмыс тарихынан да... ментальдық тұрақтылығымен ерекшеленеді, яғни ұзақ өмір сүреді. Екіншіден, ментальдықта саналылық деңгейі мен санасыздық деңгейі қарама-қайшылықта болады. Үшіншіден сана мен іс-әрекет ментальдықтың көрінісі ретінде, ал ұжымдық түсініктер мен құрылғылар ментальдықтың бірліктері ретінде қаралады. Ал менталитетте әрбір адамның өз құндылықтар жүйесі қалыптасады, бұл құндылықтардың жиынтығы үстемдік етуші адамгершілік қағиданы құрайды. Осы идеалды құндылықтарды бірнеше топтарға бөліп қарастыруға болады: жалпы адамзаттық құндылықтар (өмір, сана, іс-әрекет, бақыт, еркіндік, ерік, т.б. құндылықтары); адамгершілік құндылықтар (даналық, әділеттілік, батылдық, шындық, сабырлық және т.б. құндылықтар); жеке адамгершілік құндылықтар (тұлға құндылығы, жақыныңа деген сүйіспеншілік және т.б. құндылықтар)» [73]. Осылайша зерттеуші менталитет пен ментальділіктің ерекшеліктеріне тоқтала келе, мынадай қорытынды жасайды: «менталитет ментальдықтың құрылымдық бөліктерінің материалды және рухани құндылықтарын біріктіре алатын және оны ұрпақтан ұрпаққа жеткізе алатын дүниетанымдық құндылық» [73, б. 12]. Демек, белгілі бір уақыт аралығында адамдардың бойында қалыптасқан мінез-құлық, қасиеттерді ментальділік деңгейінде қарастырғанымыз орынды. ХХ ғасырдың басында жазылған шығармалардан бастау алған кейіпкерлердің қалаға бейімделуі, қалалық ментальділікті бойына сіңіруі сияқты мәселелерді сол кезеңде жазылған шығармалардан қарастырып көрейік.
Жазушы Оралхан Бөкейдің «Жетім бота» (1981) повесінде өзінің мәнсіз өміріне жаны күйзелген «оқыған азаматтың» бейнесі көрінеді. Повесть оқиғасы бас кейіпкер Тасжанның Ақтау қаласында болған 5-6 күндік қысқа мерзімін қамтиды. Шығармада жаңа қаланың жобасын тапсыру үшін, Ақтау қаласына келген кейіпкер – Тасжанның қонақ үйде оңаша ойланып отырғанда, әлдебір әйел адамның жалбарынып көмек сұраған даусын естіп, бірден қол ұшын беруге асыққаны, кейін сол әйелдің өзіне пәле жауып, ақыры басы дауға қалғаны баяндалады. Сонда күзетші шал: «– Балам, есіңде болсын... – Жалғанда қаланың қатынына жолама – қарасы жұғады, әсіресе ішіп алып, жылағандарына... Апыр-ау, түбі не болар екенбіз?!» [74], – деп, ақылын айтады. Повесте берілген бұл эпизод – көркем детальдың орнына жұмсалып тұр. Өйткені, осы «түбі не болар екенбіз?» деген сауал кейіпкердің негізгі ой бағытын айқындайды. Осы арқылы автор қаладағы өркениет пен адамның рухани келбеті турасындағы авторлық позициясын алға тартады. Осы жағдайдан кейін өз бөлмесіне келген Тасжанның тебіренісін жазушы кейіпкердің ішкі монологы арқылы жеткізеді: «Бекер-ақ келдім. Одан да қазір жайлауда отырған елге тартып кетуім керек еді. Қаланың қапырығына құмалғанша қымыз ішіп, атқа мініп желпініп қалар едім. Енді өкінгенмен не пайда, ауылдың бетін көрмегеніме не заман, жүз жыл өтіп кеткендей...» [74, б. 233].
Осылайша, қарқынды дамып бара жатқан қаладағы руханилық мәселесі Оралхан Бөкей шығармасындағы философиялық ойдың негізгі өзегі болып отыр. Бұл орайда Р.А. Зобов пен А.М. Мостопоненконың «кез-келген мазмұны терең өнер туындысы сол шығарма пайда болған дәуірдің «әлеуметтік-мәдени климатының» бір бөлігін құрайтын жемісті философиялық идеялардың әсерінен қалыптасады. Тіпті суретші философияға қызығушылық танытпаса да бұл байланыстың орын алатыны сөзсіз» [75] деген пікірін Оралхан Бөкейдің «Жетім бота» повесіне қатысты айтуымызға болады. Аталмыш шығармада қала адамдарының рухани жұтаңдығы қылаң береді.
Жазушы бас кейіпкердің мінез даралығын екі түрлі кеңістік аясында алып қарастырады. Яғни, кейіпкердің жан дүниесіндегі қарама-қайшылық шегініс арқылы баяндалатын ауылдағы өміріне қарама-қайшылықта алынған. Тасжан өзінің жан дүниесінде орын алып жатқан күйзелістің барлығы қалалық ментальділікті бойына әбден сіңіріп алғандығынан деп пайымдайды. Ол буырқанған тіршілік ортасы, өркениеттік даму үлгісі – қала мен ауылдың өмір салтын ойша салыстыра отырып, өзін-өзі тануға ұмтылады.
Шығармада автор бас кейіпкер Тасжан мен оның бала күнгі досы Досым арасындағы диалог арқылы авторлық позициясын танытып, кейіпкеріне баға береді: «– Саған ризамын, Досым... Сен алғашқы күйіңде қалған екенсің. – Өзің ше, өзгеріп кеттің бе? – Мен баяғы Тасжан емеспін, мүлдем бөтен біреумін. «Жаны» жоғалып, тек «Тасы» қалған» [74, б. 248]. Диалогтан кейіпкердің өзінің жатбауыр Тасқа айналғанының себебін түсінетіндігін байқаймыз. Кейіпкер қалалықтардың бойынан таба алмаған мейірім мен табиғи тазалықты тек балалық шағынан және табиғаттың аясынан қол үзбеген Досым сияқты ауыл адамдарының бойынан көреді. Балалық шағы өткен туған ауылынан алшақтап, үлкен өмір деп елестеткен қала өмірінен мейірім жұтаңдығын сезіну кейіпкер үшін қатты соққы болып тиеді. Алғашында адамның өмірлік мақсаты елге танылып, білімің мен білігіңді жетілдіру деп түсінген кейіпкер кейін осы ойының қате екендігін ұғынады: «Егер Досым секілді ауылда тұрсам, менде де алты бала болар еді-ау, деп армандаймын. Енді міне, не үйір жоқ, не үй жоқ сәуріктей бекерге оқыранып сәнденіп жүрген кеспірім мынау... Айрандай ұйыған іргелі үйелменнің берекесі – анау тал шыбықты атқылап мініп, шапқылап жүрген қара сирақ ұлдар-ау, деген ойға берілдім» [74, б. 246]. Осылайша, кейіпкер өзінің тағдыры арқылы адам баласының бүгінгі ұмтылысынан рухани дағдарыс нышандарын көре білетіндей. Адамдардың соны сезе бермейтіндігі – Оралхан Бөкей шығармасының негізгі өзегі. Бас кейіпкердің ішкі күйзелісінің төркіні де осында жатыр.
Повесте бас кейіпкердің болмысын ашуда символдық-романтикалық бейне – Ақботаның рөлі ерекше. Ақбота – Тасжан көріп жүрген заман келбетіне мүлде қарама-қарсы алынған елес-кейіпкер: «Мен түс көріп жатырмын. Әйтпесе мұндай оқиға жердің бетін қойып, астында да болуы мүмкін емес. Не айтса соған көне беру керек. Зар жұтып іздегенім де осы емес пе еді – елес емес пе еді...» [74, б. 287].
Повесте жазушы адам болмысын уақыт пен кеңістік аясында салмақтауға тырысады. Повестегі Тасжан мен Ақботаның іс-әрекетіндегі және дүниетанымындағы уақыт пен кеңістік бүгінгі қоғамдағы уақыт пен кеңістікке қарсы қойылған. Тасжанның түсінігінше нағыз ақиқат – кешегі уақытта, яғни Ақботаның болмысында сақталған. Оның ойынша, сол кешегі өткен уақытта қалыптасқан рухани құндылықтар бүгінгі кеңістікке ауадай қажет. Өйткені, адамзаттың мына шапшаң қозғалысы уақыттың өзін артқа тастап, ілестірмей келе жатқандай.
Тәуелсіздік кезеңіндегі қазақ жазушыларының шығармаларын зерттеген әдебиеттанушы М. Оразбек «Автор және шығармашылық процесс» еңбегінде: «Қазіргі қазақ прозасында Ж. Қорғасбек, Н. Ораз, Т. Ахметжан, А. Алтай, Р. Мұқанова, А. Кемелбаева сынды қаламгерлер сынаптай сырғыған уақыт пен заманның, құйындай ұйытқыған қоғамның зардабы мен залалын кейіпкердің ішкі әлемінен, рухани өмірінен іздеген туындылар туғызғандығын» [76] айтады.
Тәуелсіздік алғаннан кейін енген ел өміріндегі саяси өзгерістер, айрықша қарқынмен дамыған сауда-саттық, жекеменшік қатынастардың пайда болуы, қоғамдағы барлық білім пен ғылым, мүлік, денсаулық сақтау, ақпарат, т.б. ұйымдардың түрліше сыйпатқа ие бола бастауы адам характері мен санасына соны өзгерістер үйіріп, сондай-ақ ел мінезінде қайшы қылықтар мен әрекеттердің тууына себеп болды.
Жазушы Талаптан Ахметжанның «О дүниенің қонағы» әңгімесіндегі Қияқ пен Шоколодқара – жат қылықтарды бойына сіңірген кәсіпкерлер. Қияқ «Ағасының арқасында сауда дегеннің не екенін көріп білді. Ақша, алдау-арбау, қулық-сұмдық, сауық-сайран, думан-той, қыз, қызық дегендердің дәмін татты» [77]. Шындығында дәурені жүріп, тамыр-таныстық пен жоғарыдағы «көкелеріне» арқа сүйеген «думаншыл», «алкеуде» адамның нағыз өмірде жиі кездесетін нақты бейнесі.
Жазушы Роза Мұқанованың «Өзің» әңгімесінде қалаға келіп, жалғыздықпен еріксіз келіскен, іштей налыған суретшінің тағдыры, жалғыздығы суреттеледі. Қаладағы өнер адамдарының бақытсыздығы, үлкен қаладағы кішкентай адамдардың жалғыздығы сияқты мәселелер шығармаға арқау болған. Кейіпкердің бақытсыз болатын себебі – өнер адамы мынау жарық дүниеде тек өзінің өнерін ғана ең жоғары орынға қояды. Оған байлық та, бақыт та, тіпті патшаның тағы да қажет емес. Ол – өз ортасына жат, бөтен адам, өзін қоғамнан аластатқан. Шығармада автор суретшінің кескіні мен мінездемесін: «Алабұртқан көңілің жаныңды жаншып, көше бойын кезіп келесің. Мынау дүниенің мазмұнсыз тірлігінен баз кешіп, мүжіліп қалыпсың... Үстіңдегі киімің әлем-жәлем, басыңа киген қалпағыңа құстың қауырсынын қыстырып қойыпсың. Мойныңа кәдімгі шүберектен тігілген дорбаны асыпсың. Иә, шынында да көктен түскендейсің... Ал дүйім жұрт сенен көзін алмайды. Әлдебіреуі қолын шошайтып: «Ананы қараңдар. Әпенде келе жатыр. Ойбай, қара! Жүрісін қара!» деп даңғырлай қарасты. Енді бірі жат адамның тіршілігіне қарап, паңдана көз тастайды. Өйткені Сен бұл ортаға жат, түсініксіз едің» [78], – деп суреттеп, кейіпкерге деген өз қатынасын анық аңғартады. Әңгімеде суретшінің тек сыртқы кейпі ғана емес, ішкі әлемі де қоғамнан өзгеше сипатта бейнеленеді. Автор «дүйім жұрт» пен суретшінің бейнесін үнемі қатар алып отырады. Кей тұстарда автордың суретшінің ұстанымымен үйлесетінін де байқаймыз. Автордың «Бірінің тірлігінен бірі айнымайтын, бірін-бірі күндемесе, сөзі жараспайтын, бірін-бірі оп-оңай аяусыз қаралай салатын осы топтан Сенің азат болғаныңа қызықтым. Күбір-жыбыр сөзі көп, бәсекесі мол күншілдік сені тулақтай сүйретіп, жүндей түтер еді» [78, б. 28] деген сөздерінен жазушының қала адамдарына деген қатынасы, көзқарасы, олар туралы қорытқан нақты тұжырымы, авторлық позициясы байқалады. Әңгіме ХХ ғасырдың соңындағы тұрмыстық жағдайлардың назарға алынып, рухани жағдайға мән берілмеген кезеңнің кейпін анық көрсетеді. Яғни, сол кезеңде орын алған өнер адамдарының қоғамды жатсынуы, қоғамның өнер адамдарын бағаламауы көркем шығармада көрініс тауып отыр.
Қоғамдағы өзгерістер дәстүр сабақтастығының жалғасуына да кері әсерін тигізді. Қалалық менталитетті тез арада бойына сіңіріп алу арқылы өз дәстүрін бағаламайтын ұрпақ пайда болды. Қаламгер Дидахмет Әшімханұлының «Босаға» атты үштаған хикаятында (2015) қала адамдарының өткенге, дәстүрге немқұрайлы қарайтындығы баяндалған. Шығармадағы оқиғалар ауылда өсіп, кейін қалада білім алған бас кейіпкер Телжанның қатысуымен орын алады. Телжанның көшеде құлап қалған бір қарт кейуанаға көмек көрсетіп, оның жалғыз тұратындығынан хабардар болуы (қарт анасын жалғыз тастап кету – мейірімсіз ұрпақты, ұрпақ жалғастығының үзілгендігін көрсетеді), Таңатар ақынның қызының баспаға әкесінің өлеңдерінің орнына халық әндерін салып жіберуі (өткенге, өнерге немқұрайлы қарау), қарт ананың қызы мен ұлының үй үшін таласуы (өмірге әкелген анасының халі емес, басындағы баспанасын күйттейтіндер өзге емес өз балалары) сияқты әрекеттері оқырманға ой саларлықтай.
Үштағанның соңғы бөлімі – «Сары самауыр» деп аталады. Бұл бөлімде Телжанның анасының қайтыс болып, әйелінің ауылға барып сары самауырынмен шай қайната алмауы сөз болады. Осы жағдайды көрген жеңгесі: «Түк көрмеген» дегенде, Гүлсан: «Сиырдың төрт емшегінен басқа сен не көрдің? Дура!» [79] деп жауап қайтарады. Бұл оқиға қазақтың келіндерінің бүгінгі көрінісінен сыр шерткендей. Сары самауырды ұмыту салт-дәстүрді ұмыту, бағаламаумен тең.
Қалаға келу арқылы осындай ұлттық трагедиялар орын алды. Қала – өркениеттің белгісі болғанымен, қалада қалыптасқан мәдениеттің ұлттың болмысына кері әсер еткен тұстары да болғандығын жоғарыдағы шығармалардан анық байқауға болады.
Баспанасыздық дерті қай елді болмасын толғандыратын өзекті мәселе екендігі даусыз. Басындағы баспанасын жоғалту, баспанасыздық адамның өзіне – өзі сенбеу, келешегіне күмәндануына алып келетін жайттар.
Қазіргі қазақ прозасында «баспанасыздық» тақырыбын арқау еткен Қанағат Әбілқайырдың «Қағаз қала» атты әңгімесі айрықша назар аударарлықтай. Шағын ғана әңгімеде кейіпкер өз басынан өткен көптеген келеңсіз жайттардан хабар береді:
1. Пәтер алу үшін жылдар бойы кезекте тұру мәселесі: Бұл турасында кейіпкер: «Әңгімені аш ішекше созып қайтем, қысқасын айтқанда, жиырма бір жасымда берген өтінішіме қырық жеті жасымда бір бөлмелі құжыра келді» [80], – дейді.
2. Пәтерлердің сапасыз салыну мәселесі: кейіпкердің кіші баласының лақтырып қалған қорғасынының жиырма тоғызыншы қабаттан бастап барлық пәтерлерді тесіп шығып «подвалға» дейін жетуі, қыс бойы жылудың болмай қалуы, газдың жиі өшуі, су құбырларының жарылып кетуі, т.б.
3. Әкімшіліктің халықтың жағдайына немқұрайлы қарауы әңгімеде төмендегідей суреттеледі: «Бұл біздің міндет емес. Оны сонымен айналысатын өздеріңнің жергілікті мекемелеріңе айтыңдар» дейді әкімшілік. Жер-көктен іздеп жүріп, жергілікті мекеменің басшысын әрең дегенде қолға түсірдік. «Бұл үйге жылуды келесі жылдан бастап беретін шығармыз» дейді ол. «Оған дейін темірге баланың тілі емес күллі тұла бойы жабысып қалады ғой». «Онда ең болмаса жазға дейін шыдаңдар, үш-ақ ай қалды ғой». Басшылардың алтын уақытын бөліп, тілдескеніне тәуба айттық та, өзіміз іске кірістік» [80, б. 6].Әңгімеде баспанасыздықтың зардабын шеккен кейіпкердің жағдайы ащы мысқыл арқылы беріледі.
Қойшыбек Мүбарактың «Пәтер» атты әңгімесі де қазіргі қазақ жастарының әлеуметтік жағдайы туралы. Бүгінде қаладан пәтер алу – жеті қат көктегі қол жетпес арманға айналса, жазушы осы жайтты мистика арқылы тамаша жеткізеді. Бастығынан «сіздің өтінішіңізге сай пәтердің кезегі келіп тұр», – дегенді естіп, айтулы мекен-жайға келген кейіпкердің сөзі: «Бес баланы ертіп әйелім екеуіміз айтулы мекен-жайға келдік. Жеткенше алты жасар қызым мен әйелім екеуі үйдің ішін қалай безендіретінін жоспарлап та қойды. – Масқара!.. Жо, бұл бір жаңсақтық болар... Қатын баламды осында қалдырдым да жұмыс орныма қарай ұштырттым. – Үйдің әдірсі дұрыс көрсетілмепті... – дедім ентігіп. Хатшы қыз шарқ ете қалды. – Бастарыңды жерден алмайсыңдар... ақымақтар... барып басыңды көтер... көресің... Есік тарс жабылды. Ешнәрсеге түсінбей манағы жерге қайта келдім. Үркердей болып қатын балам тұр. Мен аспанға қарадым, біз аспанға қарадық. Масқара! Біздің үй аспанда аспақталып тұр екен. Тура он жетінші қабаттан ары қарай басталып ары қарай көрінер емес. Аспанның арғы жағына дейін биіктеп кетіпті. Қалай шығамыз? Біз үй ішімізбен еш амал таппай аңтарылып тұрғанда тура біздің үйдің үстінгі қабатынан яки он сегізінші қабаттан біреу басын шығарып: – Ау, неге аңырып тұрсыңдар... – деп айқайлады. – Қалай шығамыз? – деп айқайладық біз. – Ұшып... – Қалай... – Солай... – Келіп түсіндірші... Әйелім екеуіміз қосыла жалындық. Күнге шағылысып жарқ-жұрық еткен метел есікті ашқан ел лып етіп жерге түсе қалды. Түсім шығар деп ойладым мен. Оянайын деп астыңғы ернімді қыршып тұрып тістедім. Аузымнан қан бұрқ ете түсті, ояна алмадым. – Ақымақ, – дейді көршім. – Ақымақ, үйдің кілтін алудан бұрын ұшуды үйренуің керек, – деп, қайтадан лып етіп көкке көтерілді де кетті» [81]. Әңгіме соңындағы бір пәтерге қолы жетпей, арманда қалған кейіпкердің көңіл – күйі – қоғамдағы талай адамға етене таныс жағдай. Автор осылайша өмір шындығын ащы мысқылмен жеткізеді.
Екі жазушы да даладан келіп, қаладан ұядай орын таппаған сансыз қазақтың мұңын көрсетеді. Баспанасыздық зарын тартқан қазақтың ұлттық болмысына тиетін зиян мен зардапты шегіне жеткізе суреттейді.
ХХ ғасырдың соңы мен ХХІ ғасырдың алғашқы жылдарында жазылған шығармалар кейіпкерлер өмір сүрген орта, әлеуметтік жағдай, уақыт туралы жалпылама авторлық баяндауға немесе жалпылама таныс көзқарас тұрғысынан заман келбетін суреттеуге құрылмайды. Керісінше, бірді-екілі дара кейіпкердің жан азабы, ішкі ой-сезім арпалысы, жан-дүниесінің алай-түлей құбылыстары арқылы олар өмір сүрген қоғам мен уақыт, өткен заманы туралы ой түйіп, түсінуге ықпал етеді.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   17   18   19   20   21   22   23   24   ...   31




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет