Тіл ғылымы ішінде “Қазақ тілінің тарихи грамматикасы” мына салалармен байланысты:
– Көне түркі жазба ескерткіштер тілі пәні мен Қазақ тілінің тарихи грамматикасы бір-бірімен тығыз байланысты пәндер. Көне түркі жазба ескерткіштерінің тілінде кездесетін барлық тілдік деректер тарихи грамматикада қолданылады. Қазақ тіліндегі тілдік бірліктер мен грамматикалық категориялардың даму жүйесі мен жолын белгілеу үшін көне мұралардағы олардың варианттары еске алынады, салыстырылады.
Қазақ әдеби тілі. Тарихи грамматиканың негізгі тұжырымдары әдеби тілдегі шығармалар мен әдеби ескерткіштер негізінде жасалады. Әдеби тіл - тілдің тарихи грамматикасын жасауда, яғни тілдің фонетикалық, лексикалық, грамматикалық даму ерекшеліктерінің тарихын баяндауда басты нысан болады. Демек тарихи грамматика мен әдеби тілдің тарихы пәнінің негізгі зерттеу нысаны ортақ.
- Диалектология. Көне тарихи тілдік деректерді жергілікті диалектілік ерекшеліктер өз бойына белгілі мөлшерде сақтайды. Диалектологияның негізгі зерттеу нысаны болып саналатын жергілікті тілдік ерекшеліктердің көпшілігі тарихи қалдық. Ал тарихи қалдықтар тарихи грамматиканың зертеу нысанына енеді.
- Түркі тілдерінің салыстырмалы грамматикасы барлық түркі тілдеріне тән ортақ заңдылықтарды айқындап, түп негізді тануға, тілдің даму жолдары мен жүйесін анықтауға бағытталады. Түркі тілдерінің бір бұтағы ретінде қазақ тілінің тарихи грамматикасы өзінің қайнар бастауын осы түркі тілдерінен алатындықтан, түркі тіл білімінде қалыптасқан негізгі теориялық зерттеулердің ғылыми нәтижелерін басшылыққа алады.
- Қазіргі қазақ тілі салалары тілдік бірліктерінің қай-қайсысы да тарихи даму барысында кешенді түрде пайда болғандықтан, тарихи грамматикамен тығыз байланыста қарастырылады. Туған тілдің қазіргі табиғатын танып, оның лексикалық қорындағы сөздердің мағыналық дамуы мен құрамын, қызметін терең талдау үшін де тарихи дереккөздерді білудің маңызы зор. Қазіргі тілдік бірліктердің мағыналық және құрылымдық сипатын айқын тану үшін өткен дәуірдің ізі мен жаңа дәуірдің жаңалықтарын ажырата білу парыз. Тарихи грамматиканы толық меңгеру нәтижесі – бүгінгі сөйлеу тіліміздің құрамы мен құрылысын, мағыналық дамуын жете түсінуге жеткізеді.
Достарыңызбен бөлісу: |