ӘҢГІМЕ ЖАНРЫН ОҚЫТУ
М.Әуезовтің 8-сыныпта берілген «Қараш-Қараш оқиғасы» хикаясын оқыту алдында оқушылардың қызығуы, ынтасы, таным белсенділігін арттыру мақсатында, әңгімедегі оқиғалар өмір шындығынан алынғанын, Бақтығүл - өмірдегі Рыскұлдың прототипі екенін (әрине, прототипке түсінік беру қажет) қосымша материалдарды пайдалана отырып әңгімелеу қажет. Яғни Тұрар Рысқұлов жайында деректер, қуғын-сүргінге ұшырауы, т.б. туралы. Жалпы шығарманың көтерген проблемасы феодалдық замандағы қорғансыздар, кедейлер тағдыры, әділетсіздік, жауыздық, ел ішіндегі барымта, ұрлық, күндестік сияқты сахара өмірінің небір шындық картинасын көрсету, әділдік іздеу, шындық іздеу, сол жолдағы адасу, кек қайтару сияқты бас қаһарманның жанталасқан іс-әрекеті, психологиялық күй-жағдайлары повестің негізгі өзегі, қазығы. Әңгімені оқытуда тек мазмұны ғана емес, ең бастысы, оның негізгі проблематикасы, жазушының идеялық-эстетикалық мұраты, сол жолдағы табысы сөз етілуі керек. Сюжет, композиция тұтастығы, тіл көркемдігі, характерлердің жасалу жолдары айналасындағы еңбек те ең негізгі мәселелер. Әдеби-теориялық ұғымдарын тереңдету, хикая, прототип, кейіпкерлердің психологиялық күй-жайы, сюжет, композиция, суреттеу, портреттеу, баяндаулар туралы да түсінік беру сабақтың басты мақсаттарының бірі болып табылады. Повесті талдау ең алдымен мазмұнын меңгеруден басталмақ- «Қараш-Қараш оқиғасы» көлемі жағынан, көтерген проблемасы жағынан салмақты болғандықтан, бағдарламада берілген санаулы сағаттардың ішінде оны талдау да күрделі мәселе. Сондықтан мұғалім ең тиімді деген әдіс-тәсілдер іздеуі керек. Мазмұнын сыныпта, әрі үйде меңгерту жөн. Шығарманың ұзақтығын ескеріп, әрі оқушының тез оқуы, қызығуын ұйымдастыру мақсатында, тарауларына тақырып қойып, ол талдаулардағы басты оқиғаларды көрсетіп, төмендегі үлгіде көрнекі етіп жазып, пайдаланып отырудың маңызы зор.
Достарыңызбен бөлісу: |