Қан тамырларының құрылысы мен ерекшеліктері. Артериялардың қабырғасы ішкі, ортаңғы және сыртқы қабықтардан тұрады.
Ішкі қабығы, tunica intima,эндотелийден, базалды мембранадан және эндотелий асты қабатынан тұрады, ортаңғы қабықтан ішкі эластикалық мембрана арқылы бөлінеді. Ішкі қабығында қан тамырлары болмайды, өзіне қажетті қоректі заттарды тікелей қаннан алады. Ортаңғы қабығы, tunica media, сақина тәрізді тегіс бұлшықет талшықтарынан тұрады. Ет талшықтарының арасында эластикалық және коллагенді талшықтар да болады, сыртқы қабықтан сыртқы эластикалық мембрана арқылы бөлінеді. Бұлшықеттер жиырылуы арқылы тамыр қабырғасын қозғалтса, эластикалық элементтер тамырларға серпімділік және беріктік қасиет береді. Сыртқы қабық, tunica externa, коллагенді және эластикалық талшықтардан тұратын борпылдақ талшықты дәнекер тінінен құралған. Онда артериялар қабырғасын қоректендіретін тамырлар мен жүйкелер орналасады. Артериялар вегетативті жүйке жүйесінің симпатикалық және парасимпатикалық бөлімдерімен жүйкеленеді. Симпатикалық жүйкелер қан тамырларын тарылтады, ал парасимпатикалық жүйкелер кеңейтеді.
Қабырғасының құрылысына байланысты артериялар эластикалық, бұлшықетті және аралас типті болып бөлінеді.Эластикалық типті артерияларға жүректен шығатын ірі тамырлар – қолқа мен өкпе сабауы жатады. Олардың қабырғасында эластикалық талшықтар көп, сондықтан да жүректен шыққан қанның қысымы әсерінен созылып, қайта қалпына келе алады. Бұлшықет типті артериялар көлемін өзгертетін мүшелерде (ішектер, несеп қуығы, жатыр), аяқ-қолдарда орналасады. Олардың ортаңғы қабығында эластикалық талшықтары аз, ет талшықтары көп болады. Аралас типті (бұлшықет-эластикалық) артерияларға ұйқы, бұғана асты артериялары жатады.
Жүректен алыстаған сайын тамырлардың қабырғасындағы эластикалық талшықтардың саны азайып, ет талшықтары көбейеді. Сондықтан да артериялардың созылғыштығы шетке қарай төмендейді де, жиырылғыштығы артады.
Артериялар мүшеге қанды әкелетін – мүшеден сыртқы және мүшеде тармақталатын – мүше ішілік болып бөлінеді. Мүше ішілік артериялардың құрылысы орналасқан мүшенің құрылысы мен қызметіне байланысты. Тығыз мүшелерде (бауыр, өкпелер, бүйрек, көкбауыр) артериялар үлестер, сегменттер және үлесшелер бойымен тармақталады. Қуысты мүшелердің (ас қорыту жолы, несеп жыныс мүшесінің шығарушы жолдары) артериялары мүшенің бір жағынан еніп, оның қабырғасында сақина тәрізді немесе бойлық бағыттарда тармақталады.
Веналардың қабырғасы артериялар тәрізді үш қабықтан құралған, бірақ қабырғасындағы эластикалық және бұлшықет талшықтары артерияларға қарағанда нашар жетілген, сондықтан да іші бос веналар қабырғасы қабысып тұрады.
Веналарда қанның жүрекке қарай қозғалысын жеңілдететін қақпақшалары болады. Қақпақшалар венозды тамырлардың ішкі қабырғасында жұп болып орналасады, пішіндері жарты ай тәрізді, олар қанды жүрекке қарай өткізіп, кері ағуына кедергі келтіреді. Қақпақшалар аяқ веналарында өте көп кездеседі. Жоғарғы және төменгі қуысты веналарда, бас веналарында, бүйрек веналарында, қақпа және өкпе веналарында қақпақшалары болмайды.
Веналар орналасуына байланысты беткей және терең болып бөлінеді. Аяқ -қолдарда терең веналар аттас артериялар қасында жұп болып орналасады, сондықтан оларды күндес веналар деп атайды. Терең веналар жанында орналасқан артериялармен аттас болады (иық артериясы-иық венасы). Беткей веналар терең веналармен анастомоздар арқылы байланысады. Көршілес веналар бір-бірімен тығыз байланысып мүшелердің қабырғасында веноздық өрімдер түзеді. Организмдегі ірі вена тамырларының салалары бір-бірімен анастомоз түзеді. Мысалы: каво-кавалды, каво-порталды және каво-портокавалды анастомоздардың арқасында веноздық жүйелер бір-бірімен байланысады.
Достарыңызбен бөлісу: |