Антикалық МӘдениет жоспар



бет1/2
Дата30.09.2023
өлшемі28.59 Kb.
#479319
түріЛекция
  1   2
лекция


АНТИКАЛЫҚ МӘДЕНИЕТ


Жоспар:
1. Ежелгі Грек мәдениетінің сипаты мен даму кезеңдері.
2. Ежелгі Грекия мәдениетінің мифологиясы мен космоцентризмі.
3. Антикалық Римнің дәстүрлі мәдениеті.
Лекцияның мазмұны: Антик дүниесінің мәдениеті біздің заманымыздан бұрынғы бір мыңжылдықтың алғашқы ғасырларында қалыптаса бастаған. Оның он бес ғасырдай уақытын қамтитын ұзақ ғұмыры біздің заманымыздың V – ғасырда Рим империясының құлауымен аяқталды.
Мәдениет тарихының қай кезеңін алсақ та, ол өзінің баға жетпес мәдени құндылықтарымен ерекшеленеді. Сондықтан да болар, ғалымдар көне мәдениеттің ішінде, әсіресе, грек мәдениетіне ерекше мән береді, өйткені ежелгі Грекияның әдебиеті, өнері, философиясы және т.б. ғасырлар бойы Еуропаның барлық елдерінің ақындарына, мүсіншілеріне, суретшілеріне, жазушыларына, композиторларына сарқылмас шалқар шабыт берді..
Грекияның көне мәдениетінің тамыры тереңде жатыр, өйткені, оның бастауында б.з.д. III-II мыңжылдықтарда Грекия жері мен Эгей теңізі аралдарын мекендеген тайпалардың өркениеті жатыр. “Эгей” өркениеті мәдениеттің қайнар бұлағы болды, міне сондықтан да грек халқының ежелгі мәдениетінің ең ерте шағы Эгей өнерімен сабақтас. Б.з.д. II – мыңжылдықта Эгей мәдениетінің аса маңызды орталықтары Крит аралы мен Пелопоннес түбегіндегі Микены болғандықтан Эгей өркениетін Крит-Микен мәдениеті деп атайтын болған. Грек аңыздарына қарағанда Крит – ұлы жебеуші, найзағай тәңірі Зевстің туған жері. Аңыз бойынша гректердің ең басты құдайы Зевс бұқа бейнесіне еніп, Финикия патшайымы, асқан сұлу Еуропаны алып келеді, ал одан аралдың болашақ билеушісі Минос туған. Атақты Геракл өз ерліктерінің бірін дәл осы Крит аралдарында жасаған, құтырған бұқаға бас үйреткен. Гомер де өз дастандарында бұл арал қалаларының бай екендігін мадақтай көрсетеді. Ал шындыққа белгісіз кейбір аңыздарда Зевс пен Еуропаның баласы Минос ел билеуші патшалардың ішіндегі ең әділеттісі болыпты-мыс дейтін деректер бар. Алайда Критте осындай есімді патша тек мифологиялық шығармаларда ғана емес, грек тарихшыларының еңбектерінде кездесетінін естен шығаруға тағы да болмайды. Крит жайында египеттік текстерде де кейбір деректер ара-тұра кездесіп қалады.
Ежелгі Грекия мәдениетінің келесі кезеңі ұлы Гомердің атымен – Гомер кезеңі деп аталады. Олай деп аталатын себебі, бұл дәуір жайындағы басты деректердің негізгі көзі – б.з.д. V111 ғ. туған «Илиада» мен «Одиссея» дастандары. Соқыр жыршы Гомер, Платонның айтуынша, бүкіл грек елінің тәрбиешісі болды, өйткені, өзінің бүкіл тарихында ежелгі Эллин туындылары осы дастандардан нәр алған. Шындығында да Гомер дастандарының құдіреттілігі де осы бір ұлы адамның дәуір тынысын терең сезінгенінде болса керек. Грек дастандарының ішінде, әсіресе Гомер эпосы халық аңыздарының негізінде жүйелі түрде баяндалады. Жалпы грек поэзиясына халықтың қиялынан шыққан бейнелерге жан-жақты қасиеттер мен белгілер берілгендіктен болар, оны кейінгі заманда суретшілер мен мүсіншілер өз туындыларында кеңінен пайдаланды. Ежелгі Элладаның ең ұлы мүсіншісі Фидийдің «Илиаданы» оқығанда, «адамдар маған екі есе үлкен көрінеді» деген сөзінің астарында терең мағына жатқан сияқты.
Гомерлік кезеңнің 1Х-V111 ғасырда рулық құрылыстың орнына біртіндеп таптық қоғам қалыптаса бастады. Жаңа құлиеленушілік қарым-қатынастардың дүниеге келуіне байланысты – грек мифологиясы да жүйелі түрде қалыптаса бастады. Грек халқы да өзін қоршаған табиғаттың тылсым құбылыстарының құпиясын танып-білуге талпыныс жасады, қауіп-қатерлермен өз мүмкіндігінше күресе білді. Бұл өмір үшін болатын табанды да, табысты күрес болатын. Табиғаттың қатерлі күштерін жеңуде адамға тән қасиеттің бәрі бар, бірақ адамнан да гөрі құдіретті құдайлар бейнелерінің көптеп берілуі – грек мифологиясына тән қасиет болып саналады.
Ол бойынша: мына жарық дүниені Олимп тауы шыңын мекендеген мәңгілік құдайлар билейді. Гректердің түсінігінде құдайлардың құдайы – Зевс бастаған даналар тобы, олар әбден жетілген, керемет адамдар сияқты. Құдайлар бейнесінің адамға жақындатылғаны соншалықты, олардың бойынан тек адамға ғана тән қасиеттерді молынан табуға болады. Грекия топырағында құдайлар мен халық қаһармандары жайында талай тамаша хикаялар дүниеге келді.
Миф деп аталатын халықтың ауызекі шығармашылығының осы бір түрінде, сонау көне заман жөніндегі естеліктер мен ақындық қиялдың өзара ұштасып жатқандығын аңғаруға болады.
Грек ақындары, философтары, тарихшылары, мүсіншілері мен суретшілері Миф оқиғалары мен олардағы басты кейіпкерлерді өз шығармаларына арқау ете отырып, заман ағымына және онда қалыптасқан көзқарастарға сәйкес жаңа мазмұн, жаңа түр беріп отырды.
Гомер дәуірінен бізге келіп жеткен мәдени ескерткіштер онша көп емес. Солардың ішіндегі біздің заманымызға келіп жеткен мәдени ескерткіштердің қатарына геометриялық ою-өрнектермен әшекейленген құмыралар мен қоладан жасалған мүсіндер жатады. Б.з.д. 1Х-V111 ғ. құмыраны өрнектеу өнерінің дамуы нәтижесінде керамика бұйымдарын әшекейлеуде геомертиялық стиль қалыптасты. Геометриялық стиль керамикасының таңдаулы нұсқалары – б.з.д. 1Х- V111 ғ. афиналық құмыралар. Құмыраларға салынған суреттердің көркемдігі, композициясының үйлесімділігі бірден көзге түседі. Құмыралардағы суреттер «лак» деп аталатын жылтыр қара бояумен салынған. Геометриялық стиль бойынша салынған жан-жануарлар мен адамдардың пішіндері айшықты ою-өрнектердің ырғағына үлкен шеберлікпен бағындырылған.
Археологиялық қазба жұмыстарының нәтижесінде Дипилон зиратынан табылған әртүрлі пішінді заттар (б.з.д. V111ғ.) көңіл аударуға тұрарлық. Бұл жерде табылған құмыралардың үлкендігі соншалықты, олар адам бойынан да биік етіп жасалған. Мұндай алып құмыралар жаназа салтына арналып жасалған болу керек, өйткені олар ақсүйектердің молаларының басында ескерткіш ретінде қойылған. Бұл ыдыстар ғажайып нақыштармен безендірілген. Онда шейіт болғандарды жоқтау көріністері, өлікті жерлеу кезіндегі салттық билер, жекпе-жек сайыстар мен күймелер жарысы және т.б. шынайы бейнеленген.
Бұл кезеңнің мүсін өнеріне тән нәрсе – құдайларға сыйға тартуға арнайы жасалынған қыш немесе қола мүсіншілер. Демек, б.з.д. 1 – мыңжылдықтың алғашқы ғасырларында өнер саласында көркемдік кәсіп – керамика жетекші орын алды. Қалай болғанда да гомерліктер жасаған өнер туындылары арқылы қауымдық құрылыс мәдениетінен таптық қоғамға өту кезеңіндегі өмір шындығын бейнелеудегі алғашқы талпыныстар мен қатар, сол кездегі адамдардың дүниетанымынан мағлұмат береді.
Гомер дәуірінде жазу болған жоқ, гректің жазба ескерткіштері негізінен «архаикалық» кезеңде туындаған.
Негізінен, Гомер дәуірінде мәдениет құлдырау, тоқырау кезеңін басынан кешіргенімен де, дәл осы тұста грек қоғамының дамуына, мәдениеттің гүлденуіне қолайлы алғышарттар жасалғандығын естен шығармауымыз керек.
Грек мәдениетінің архаикалық кезеңі б.з.д. V111- V1 ғ. аралығын қамтиды. Бұл кезең гректердің Мрамор және Жерорта теңіздерінің жағалауларындағы жерлерді меңгеру – ұлы отаршылдық кезеңі, бұл – құлиеленушілік құрылыстың кірігіу кезеңі, грек мемлекет-қалаларының өзара саяси-әлеуметтік күрес жағдайында қалыптасу кезеңі, дәлірек айтқанда қилы-қилы қоғамдық-саяси оқиғаларға толы түбегейлі өзгерістер кезеңі.
Дәуір басында-ақ, әсіресе материалдық мәдениет қаулап дами бастады.Жолдар тартылып, көпірлер тұрғызылды, қалаларда су құбырлары салынды, темір қару-жарақтар кеңінен қолдаыла бастады, металлургия мен құйма тәсілі одан әрі жетіле түсті.
Крит-Микен мәдениетінің күйреуі нәтижесінде тығырыққа тірелген грек әлемі басқа халықтармен байланыстарының арнасын кеңейте түсті. Гректер көршілес жатқан халықтардан көп нәрселер үйренді. Мысалы, олар мидиялықтардан теңге-ақша соғуды, финикиялықтардан – алфавиттік жазуды мұра етті. Қала тұрғындары арасынан шыққан байыған құлиеленушілерді «жаңа байлар» деп атады. Ру басшыларының зорлық-зомбылығына шыдамаған шаруалар қалаларға қарай ағыла бастады. Шаруалар сияқты кедейленген әлеуметтік топтардан «демос» (халық) қалыптасты. Демостың экономикалық және саяси жағынан билеп-төстеген ақсүйектерге қарсы күресі бір толастамады. Осындай таптық тартыстардың өрлеуі, жердің жетіспеуі және қала тұрғындарының шектен тыс көбеюі б.з.д. V111- V1 ғасырда етек алған «ұлы отаршылдықтың» белең алуына тікелей себепкер болды. Оңтүстік Франция мен Испанияда, Сицилия мен Апенин түбегі жағалауларында, Ніл сағасы мен Қара теңіз жағалауында 150-дей грек-отарлары пайда болды.
Архаикалық дәуірде рулық құрылыстың түпкілікті ыдырауына байланысты көне полис-құлиеленушілік құрылыстың саяси-әлеуметтік формасы – мемлекет-қалалар қалыптаса бастады. Әр полюске қаланың өз жерімен қатар, оны қоршаған егістік жерлер де кіретін болды. Қаланың дербестігі мен тәуелсіздігін еркін азаматтар жасағы қамтамасыз етті. Мемлекет-қалалардың орналасқан аумағы әртүрлі болған. М., Афины мемлекет-қаласының көлемі 8400 шаршы км., ал Спартаның көлемі – 2650 шаршы км. болды. Ғалымдардың пікірінше Грекиядағы мемлекет-қалалардың жалпы саны екі мыңға жуық болған. Солардың ішіндегі ең ірілері – Афины, Спарта, Коринф, Аргос, Фивы және т.б. Саяси жағынан алып қарағанда көптеген мемлекет-қалаларға ұсақталып бөлінген Грекия, Эллиндер деген ұғымдар қалыптасты.Жергілікті діндердің бірігуінің нәтижесінде жалпы гректік құдайға табыну орындары - басты экономикалық, саяси және мәдени қарым- қатынастардың орталықтарына айнала бастады.
Грекияда басты құдай, құдайлардың әкесі Зевс болып есептеледі, оның әйелі Гера-аспан құдайы және неке қамқоршысы.
Грекияда мүсін өнері сәулет өнерімен біте қайнасып дамыды. V ғ. ортасында Афиныда жұмыс істеген ұлы мүсінші Мирон бейнелеу өнерінің дамуына орасан зор әсер еткен таңғажайып мүсіндер жасады.
V ғ. ортасына қарай Афины қаласы бүкіл грек елінің ең ірі мәдени орталығына айналды. Елдің түкпір-түкпірінен жиналған дарынды мүсіншілер, шеберлер мен құрылыс мамандары астананың сол кездегі сәулет және мүсін өнерінің тамаша үлгісіне айналуына зор үлес қосты. 200 мыңнан астам халқы бар Афины сол дәуір тұрғысынан алып қарағанда 10 мыңнан астам үйі бар үлкен қала болып саналатын. Өнер саласындағы кереметтердің кереге көтеруі, Афины қаласының акрополі Перикл мен оның жан досы Фидийдің есімдерімен тығыз байланысты болды.
Ежелгі грек жұртының мүсіншілері әрі сұлу, әрі сымбатты рухани жан дүниесі бай кейіпкерлерді асқан шеберлікпен бейнелей білген. Сондай ғаламат туындылардың бірі- «Милосск Венерасы» Адамзат баласының сан мың ұрпағын осы уақытқа дейін таң қалдырған таңғажайып ескерткіштің авторы - Кіші Азиялық мүсінші Агесандр. 1820 ж. Жерорта теңізінің бір аралынан табылған бұл бейне қазір Парижде, Лувр музейінде сақтаулы. Агесандрдың қолынан шыққан махаббат құдайы Венераның бейнесі өзінің құдіреттілігімен таң қалдырады.
Антикалық сәулет өнерінің шыңы - ежелгі заманның өзінде-ақ дорийлік стильдің ең тамаша ескерткіші деп танылған Парфенон сарайы еді.
Әдебиет саласында да тамаша туындылар өмірге келді. Солардың ішінде шоқтығы биік ақын Гесиод болды.Ол жазған «Теогония» және автордың өзінің өмір жолына арналған «Еңбектер мен күндер» атты дастандары- гректердің көңілінен шықты.Жаңа лирикалық поэзиялық жанрдың көрнекті өкілдері Архилог, Солон, Алкси, Анакреонт және т.б. Архаикалық мәдениет дүниежүзілік мәдениетте айрықша рөл атқарған Эллада тарихындағы жаңа кезеңге- классикалық гүлдену дәуіріне даңғыл жол ашып берді.
Классикалық грек трагедиясының негізін қалаушы – ұлы Эсхил (б.з.д. 525-456 ж.) болды. Б.з.д. 480-406 жылдар аралығында өмір сүрген Эврипид психологиялық драманың негізін қалады. Оның «Медея» және «Федра» трагедиялары да адам өліміне әкеліп соғатын шым-шытырық өмірлік уақиғаларға толы болып келеді.
Ежелгі Грекиядағы комедия жанрының тамаша өкілі – Аристофан (б.з.д. 445-385 жылдар) болды. Оның комедиялық туындыларында халықтың күнделікті өмірі, тұрмыс – тіршілігі басты орын алды.
Б.з.д. V ғасырда грек тарихнамасы қарқынды түрде дами бастады. Оған үлкен үлес қосқан сонау көне заманның өзінде-ақ «тарихтың атасы» деген атақ-даңқа ие болған Геродот (б.з.д. 484-430 ж.) болды. Оның тақырыбының негізгі арқауы грек-парсы соғыстары болып табылатын «Тарих» атты еңбегі баға жетпес тарихи мұралардың қатарынан орын алды.
Көне заманның ұлы тарихшыларының бірі - Фукидид (б.з.д. 460-400 жж.) өзінің «Пелопоннесс соғыстары» атты еңбегінде алғаш рет ғылыми – шыншылдық әдісін кеңінен қолданып, сол кезеңдегі тарихи уақиғалардың өзара байланыстарын ашу арқасында, халықтың саяси білімінің артуына себепкер болды.
Б.з.д. V-1V ғасырда жасалған сәулетшілердің, мүсіншілер мен суретшілердің даңқты өнер туындылары кейінгі ғасырларда да үлгі-өнеге алуға лайық болды, сондықтан да оларды классикалық мұра, яғни үлгі деп есептейміз.
Ал, эллинизм дәуірінің мәдениеті – ертедегі грек құлиеленушілік қоғамының соңғы, аяқталған кезеңі болды. Грекия тарихындағы бұл тарихи кезең Александр Македонскийдің (б.з.д. 356-323 жж.) бүкіл Грекияны жаулап алуымен тығыз байланысты болды. Ол 10 жыл ішінде, б.з.д. 334 жылдан 324 ж. дейін, Кіші Азия жағалауынан Үндістан шекараларына дейін, қара теңізден араб сахараларына дейінгі ұланғайыр жерді басып алды. Ежелгі дүниеде дәл осындай орасан зор мемлекет ешуақытта да болып көрмеген болатын. Сөйтіп, грек мәдениеті тарихында эллинизм кезеңі басталды. Бұл дәуір Александр Македонский державасының барлық жерінде грек мәдениетінің таралу дәуірі болды, яғни бұл кезеңді Шығыс және Батыс елдері мәдениетінің тоғысу кезеңі десек қателеспейміз.
Этрустар мәдениеті Апенин түбегіндегі ең көне өркениет болып саналады. Б.з.д. I мыңжылдықта Орталық және Солтүстік Италияның жерінде Этрустық мемлекет – қалалар федерациясы құрылды. Этрустардың шыққан тегімен олардың тіл құпиясы осы уақытқа дейін толық ашылған жоқ. Көптеген ғалымдардың пікірінше, олар Италияға Кіші Азиядан б.з.д. IX-VIIIғ. келген және олардың мәдениеті Италиян топырағында гүлдену шегіне жеткен. Этрустар егіншілікті жетік меңгерген. Оған дәлел ретінде олардың жасанды суландыру жүйесіне кеңінен пайдалануы мен батпақты жерлерді құрғатып құнарлы жерге айналдыруын айтсақ та жеткілікті сияқты. Грек аңыздарында этрустардан шыққан ер жүрек теңіз қарақшылары туралы айтылады. Б.з.д. VIII-V1 ғғ. Этрурия ықпалы Жерорта теңізі өңірінің бүкіл батыс жартысына тарады. Этрустар салған жолдар, көпірлер және қазған каналдар құрылыс техникасының жоғары дамығандығын көрсетті. Олар туралы Рим тарихшылары таңырқай жазған.
Б.з.д. VI ғ. Этрурияның 12 ірі қаласын біріктірген одақ қалыптасты. Бұл федерацияның діни орталығы Вольсини қаласы болды. Б.з.д. VI ғ. бастап этрустер өркениетіне Италияның оңтүстігіндегі грек отарлары арқылы эллиндік мәдениеттің ықпалы тие бастады. Олар грек алфавитін пайдаланатын болды, тіпті алтын теңгелерде грек үлгісі бойынша құйылды. Ең бастысы – ежелгі Элладаның өнері, дәлірек айтқанда театр өнері, мүсін өнері және т.б. ерекше әсер етті. Этрустардың әлем туралы, дүниенің жаратылуы туралы түсініктері вавилондықтарға өте ұқсас болды, ал мұның өзі оларға шығыс елдері мәдениетімен де жақындастыра түсті.
Б.з.д. VII-VI ғ. Этрурия шеберлері Жерорта теңізінің барлық елдеріне танымал өзгеше керамика жасауды мңгерді және асыл металдарды өңдеу тәсілдерін жетік меңгерудің арқасында өте нәзік зергерлік бұйымдар жасауды жолға қойды.
Этрурия мәдениетінің гүлденген кезеңі б.з.д. VII-V ғ. Бірақ үздіксіз соғыстар мен әлеуметтік қақтығыстардың салдарыныа саяси қуатынан айрылған Этрурияның мәдениеті де V ғ. басынан бастап құлдырай бастайды. Б.з.д. 474 ж. Оңтүстік итальян қалаларының біріккен флоты этрустарға күйрете соққы берді, сөйтіп құлиеленушілік Рим біртіндеп бүкіл Этрурияны өз қол астына бағындырып тынды. Саяси дербестіктен айрылған соң Этрус өнерінің өзіне тән ерекшеліктері кеми бастады. Алайда, Этрурия өнері Эллин мәдениетінің ықпалымен біржола жоғалып кеткен жоқ, өз кезегінде бұл ежелгі мәдениет көршілес итальян халықтарына, оның ішінде, әсіресе, римдіктерге орасан зор ықпал жасады.
Тарихи деректерге қарағада, Римдегі этрустар үстемдігі б.з.д. 510ж. аяқталды, көтеріліске шыққан халық Тарквиншілер әулетінің соңғы патшасы Гордыйды (б.з.д. 534/533-510/509ж.) тақтан түсірді. Этрустар қуылғанан кейін Рим республикасының кезеңі басталды. Б.з.д. 1У-111 ғасырларда Рим этрус қалаларымен қоса, бүкіл Апенин түбегін өзіне бағындырды, ал 111-1 ғасырлардағы қантөгіс соғыстарда римдіктер өздерінің басты бәсекелесі Карфагенді күйретіп, одан соң іле-шала Грекия мен Шығыс Жерорта теңізі өңіріндегі біраз мемлекеттерді жаулап алды. Бұл жайында аса көрнекті грек тарихшысы Полибий былай деп жазды: «Римдіктер белгілі дүниенің бәрін дерлік өзіне бағындырып алды, сөйтіп, өз құдіретін ата-бабаларының үш ұйықтаса түсіне кірмеген, ал кейінгі ұрпақтары басып оза алмайтын шырқау биікке көтерді. Б.з.д. 1 ғасырда Рим ежелгі дүниенің аса ірі құл иеленуші мемлекетіне айналды.» Дүние жүзілік өркениетке гректердің де римдіктердің де қосқан үлесі ұшан теңіз, бұл ұлы халықтар бірін-бірі толықтырып отырды.Міне, сондықтан да болар, қазіргі Еуропа мәдениетінің іргетасын қалау- бұл ұлы халықтардың ортақ мақсаты.Б.з.д. 146 ж. Коринф қаласының қалауымен антика тарихының гректік дәуірі аяқталады. Ионий теңізінің жағасында орналасқан бұл қала грек мәдениетінің басты орталығы болатын, бірақ гүлденген бұл мәдени ошақты Рим консулы Муммийдің солдаттары жоқ қып жібереді, ал өртенген сарайлар мен храмдардағы асыл қазыналар Римге жеткізіледі.
Рим сәулетшілері ғимараттарының өзіндік ерекшелігі, олардың мемлекет қажеттілігін ескеріп салынуы болатын. Сондай таңғажайып ескерткіштердің бірі Римді оңтүстік Италия қалаларымен жалғастыратын ең атақты, ең ежелгі жол- Аппий жолы болып саналады. Мұның құрылысын б.з.д. 312ж. Аппий Клавдий қолға алған болатын.Бұл жол талай тарихи уақиғалардың куәгері, өйткені, осы жолдың бойында б.з.д 71 ж. Спартак көтерілісіне қатысқан құлдар асып өлтірілген.
Б.з.д. Ш-ІІ ғ. аралығында Рим құрылысшылары сәулет өнерінде берік те су өткізбейтін бетонды алғаш рет пайдаланды. Бұл жаңалықтың арқасында ірі ғимараттар мен күмбезді шатырлар салуға мүмкіндік туды.Әлемнің ойшыл алыптарының бірі –аса көрнекті қоғам қайраткері, от тілді, орақ ауызды, күміс көмей шешен, дарынды заңгер, философиясының білгірі, тамаша жазушы ұлы ғұлама Цицерон болды.( б.з,д. 106-43ж)
Август заманы - мәдениеттің гүлдену заманы болды. Римнің ұлылығын мадақтау идеясы І-ІV ғасырлардағы империя дәуірінде салынған сәулет өнерінің алып ескерткіштерінен аса айқын көрініс тапты. Август болса ғасыр бастауында “Әлем әміршісі” атанған халықтың талғамына сай қоғамдық ғимараттарды өте көп салдырды. Аполлон ғибадатханасы салынып, Юпитерге айналып храм тұрғызылды. Бүкіл қаланы округтер мен кварталдарға бөлді. Су тасқынын болдырмау үшін Тибрдің арнасын тазартып, кеңейттірді, ол орасан зор тоғыз акведук императорлық Римді сумен қамтамасыз етіп тұрды.
Империя заманында императорлар гладиаторлар шайқасы үшін орасан амфитеатрлар салғызды. Солардың ішіндегі ең ірісі Римде б.ғ-дың 75-80 ж. және орта ғасырларда салынған Колизейдің биіктігі 50 м, қабырғасы сирек тас блоктарынан қаланған.Колизей 50 мың адам сиятындай етіп салынды. Рим ақыны Марциал оны әлемнің ғаламаты деп санады.
Ғалымдардың пікірінше, Римнің сәулет өнерінің екінші бір көрнекті үлгісі 120-125 ж. Император Андрианның (б.з.д. ІІ ғ. басы) тұсында салынған таңғажайып ғимарат Пантеон болып саналады. Бұл ғимараттың аты грек тілінен аударғанда “барлық құдайлардың храмы!” деген мағына береді. Пантеон- көлемі жағынан алып қарағанда ең ірі римдік күмбезді храм.
Шығыс рим империясы, Византия империясы деген атпен 1453 жылға дейін сүрді, бұл христиандық бағыттағы грек мәдениетінің заңды жалғасы болды. Ал Батыс Рим империясы германдықтардың соққысынан 476 ж. құлады. Бұл ежелгі дүниенің соңғы, ал орта ғасыр деп аталатын жаңа тарихи дәуірдің бастамасы болды.




Достарыңызбен бөлісу:
  1   2




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет