Араб тілін меңгертудің негізгі ерекшеліктері мен маңызы «Шетел тілі»



Дата27.06.2016
өлшемі64.88 Kb.
#160780
КАМИШЕВА ГҮЛНҰР АББАСҚЫЗЫ
Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің аға оқытушысы , педагогика ғылымдарының кандидаты
АРАБ ТІЛІН МЕҢГЕРТУДІҢ НЕГІЗГІ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ МЕН МАҢЫЗЫ
«Шетел тілі» деген не? Біз бұл сөз тіркесін жиі қолданғанымызбен оның түпкі мағынасы жайлы көп ойлана бермейміз. Шетел тілін оқыту процесін дұрыс жолға қою үшін біз әуелі сол шетел тілі, тілді оқыту, тілді меңгерту деген мәселелердің өзін түсініп алуымыз керек. Өз талдауымызды біз «тіл» деген мәселе ғылымда қалай түсіндірлетіндігінен бастаймыз. Тіл дегенде біз ең бірінші адамның тілі деп қабылдайтынымыз анық ( жасанды тіл мен жануарлар тілінен басқа).

Табиғи тілдің пайда болуы мен өмір сүруі Homo sapiens ретіндегі адамның пайда болуымен тікелей байланысты. «Тіл табиғи түрде пайда болған және заңды түрде дамыған семиотикалық жүйе, яғни белгілі бір қоғамдық ортада қолданылатын әлеуметтік маңызы бар жүйе болып табылады» [1, б.604-606].

Жасанды тілдер табиғи тілдерді пайдалану болған кезде қолданылатын семиотикалық жүйе. Дегенмен бізді жасанды тілдер емес, ана тіліне балама болатын шетел тілі қызықтырады.

Ана тілі дегенде не түсінеміз? М.В.Дьчковтың пікірінше, ана тілі деген түсінікке анықтама беруде көптеген қиындықтар бар көрінеді. Ана тілі дегеніміз адам анасының құрсағында болғаннан бастап анасының онымен сөйлескен тілі.Ал, оқу процесі басталғанда, ана тілі деп 5-6 жасар бала еркін меңгерген тілді айтамыз [2,б.36]. Бірақ Қазақстан сияқты көп ұлтты мемлекетте негізгі функциональды тілдер бірнешеу болуы мүмкін.Бұл дегеніміз бала іс жүзінде бірнеше тілде бірдей еркін сөйлейді деген сөз.Мұндай жағдай туған тіл мен өзге тілді ажыратуға қиындық келтіретіні сөзсіз.

Бәріміз білетіндей, өзге тіл шетел тілі және екінші тіл деген варианттардан тұрады. Шетел тілі дегенде адамның табиғи тұрмысынан тыс, оқу процесінде ғана күнделікті коммуникациядан сырт қолданылатын тіл. Ал, екінші тіл ана тілінен кейін немесе онымен қатар әлеуметтік ортада қатынас құралы қызметін атқаратын тіл деп түсінуіміз қажет. Демек, шетел тілін адам әлеуметтік ортадан тыс меңгереді. Бірақ кейбір жағдайларға байланысты шетел тілі мен екінші тілдің орны ауысып отыруы мүмкін. Мысалы, Қазақстанда тұратын біз үшін араб тілі шетел тілі болса, араб елдеріндегі иммигрант қазақтар үшін ол екінші тіл болатыны сөзсіз. Ал, жаңағы иммигарнт Қазақстанға келетін болса, екінші тіл ретіндегі араб тілі шетел тілі деген категорияға өтеді.

«Шетел тілін оқыту » дегенге И.В.Рахманов мынадай анықтама береді: «Бұл мұғалімнің өзі оқытатын шетел тілінен білімін жүйелі әрі үздіксіз түрде оқушыға үйретуі, оқушылардың берілген білімді саналы әрі белсенді түрде меңгеруі» [3,б.64].Бұл анықтамадан байқағанымыздай, оқыту процесі-екі жақты процесс, яғни тілді үйретуші ретіндегі мұғалім мен үйренуші ретіндегі оқушының тығыз түрде, бірлекте жұмыс істеуі.

Тілдік ортада араб тілін үйрену процесі баланың өзінің ана тілін меңгеру заңдылықтарына сүйенеді. Аталған әрекет студенттің әлеуметтік жеке тұлға ретінде қалыптасуымен қатар іске асады. Оның өз бетінше араб тілін меңгеруінің негізгі ерекшеліктері жалпылама түрде төмендегіше болуы мүмкін:


  1. Қоғам өмірінің әртүрлі сфераларында күнделікті қарым-қатынас құралы ретінде қолданылады. Демек, сол тілге деген әлеуметтік сұраныс жоғары болғандықтан оны меңгеруге қажетті уақыт пен практика молынан болады. Өйткені басқа тілдік ортада өмір сүру үшін оның тілін білу өмірлік қажеттілік болып отыр.

  2. Сол тілде сөйлейтін адаммен қарым-қатынас жасау үшін тек қана сөйлеу құралдары емес, ым-ишара да қолданысқа түседі. Жаңа тілдік ортаға түскен адам өз ойын жеткізу үшін ым-ишараның пайдалылығын түсініп, оны кеңінен қолдануға тырысады. Бұл кезеңде оның сөйлеу белсенділігі төмен болады. Қарым-қатынас жасау кезінде адамның зейіні негізінен түсіндіру мазмұнында болады да, тілдік жүйе мен тілдік формаға көп аса назар аударыла бермейді. Мұндай әрекеттің зиянды жағы да болады. Біріншіден, қарым-қатынас жасаушы өз сөзінің дұрыстығына емес, оның коммуникативті әсеріне ғана назар аударады. Екіншіден, қарым-қатынас жасаудың «метакоммуникативтік» компоненті нашар дамиды, яғни адамның тілдік формалар мен ережелерді оқуға деген ынтасы болмауы мүмкін.

  3. Сол тілдік ортада араб тілінде сөйлейтін адаммен қарым-қатынасты жасаудың шетел тілін үйренуші үшін маңызды әрі пайдалы екендігі даусыз. Қажетті сөздер мен сөйлемдерді кеңінен қолдану арқылы тіл үйренушінің шығармашылық мүмкіндігі кез-келген уақытта сөйлесу әрі нәтижелі деңгейде қарым-қатынас жасау арқылы арта түседі.

  4. Табиғи тілдік ортада сол тілді меңгеру кезінде адам өзі білетін әртүрлі тілдік стильге жататын құралдарды пайдаланады. Уақыт өткен сайын қарым-қатынас жасаушының да тәжірибесі қалыптасып, ол өзі білетін тілдік құралдар мен амал-тәсілдерді тиімді пайдаланудың жолдарын қарастыра бастайды. Мұндай жағдайға тап болған адамның сол ортаға тез бейімделуі оның жас ерекшелігіне де байланысты. Қос тілді ортада өскен жас балаға қарағанда, үлкен адамдардың шетел тілін меңгеруінде қиындықтар көп болады.

  5. Шетел тілін немесе екінші тілді оқу , сол ортада өз бетінше қарым-қатынас жасау арқылы меңгеру үйренуші адамның жаңа әлеуметтік-мәдени ортаға қалыптасуға қаншалықты дайын екендігіне байланысты. Ол адамның жас ерекшелігі, әлеуметтік ортасы, білім деңгейі деген сияқты көптеген факторларға да қатысты болады.

Білім беру мекемелерінде тіл саясатының бір бөлігі ретіндегі араб тілін оқыту аясындағы мемлекеттік саясат оны оқыту жүйесіндегі шарттар мен нормалардың сақталуын, өзгеруін қадағалайтын институт деңгейінде қызмет атқарады.

Қоғамдағы әлеуметтік-экономикалық және саяси жағдайлар оның азаматтарының оқылатын шетел тіліне деген әлеуметтік тапсырысының дәрежесін анықтайтыны сөзсіз. Бір немесе бірнеше шетел тілін білуге деген қоғамдық қажеттілік жоғары болған сайын оны үйренудің прагматикалық аспектілері де арта түседі. Қазіргі кезде шетел тілдерін меңгеру, сол тілде сөйлейтін адамдармен кәсіби, мәдени, ғылыми байланыстарда болудың маңызы зор. Бұл бірнеше факторларды тудырады:



  • Елдер арасындағы экономикалық, саяси, мәдени байланыстарды кеңейту;

  • Әлемдік білім мен тәжірибеге, үлкен ақпараттық кеңістікке, халықаралық коммуникацияға қол жеткізу;

  • Жұмыс күшінің миграциясы;

  • Білім беру саласындағы халықаралық интерграцияның нәтижесінде өз өз елінде немесе араб елдерінің бірінде сапалы білім алу [4,б.126-127].

Білім беру мекемелерінде оқытылатын шетел тілдерін негізінен мемлекет анықтайды. Біздің елімізде шетел тілі ретінде ағылшын тіліне басты назар аударылып келген, әлі де солай болуда. Дегенмен, кейбір мектептерде неміс, француз тілдері де оқытылады. Бұл көп жағдайда жоғары оқу орындарында дайындалатын мамандықтардың мемлекеттік стндарттары мен оқу жоспарларына байланысты болады. Еліміз тәуелсіздік алып, халқымыздың діні мен діліндегі құндылықтарға басты назары ауа бастаған тұста араб тілін оқытуға да көп көңіл бөлінген болатын. Бірақ өкінішке орай, қазіргі таңда араб тілі мектептерде факультативтің деңгейде қалып, ағылшын тілі қайтадан алдыңғы шепке шықты. Осылайша отандық мектептердің оқу жоспарынан ағылшын тілінің басқа шетел тілдерін «ығыстыруын» экстралингвистикалық (саяси, экономикалық, мәдени сфералардағы АҚШ-тың белсенділігі) және лингвистикалық сияқты себептермен түсіндіруге болады.

Қазақстан Республикасының Президенті-Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына арналған «Қазақстан-2050- стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты»атты жолдауында: «Бәсекеге қабілетті дамыған мемлекет болу үшін біз сауаттылығы жоғары елге айналуымыз керек. Қазіргі әлемде жай ғана жаппай сауаттылық жеткіліксіз болып қалғалы қашан. Біздің азаматтарымыз үнемі ең озық жабдықтармен және ең заманауи өндірістерде жұмыс жасау машығын меңгеруге дайын болуға тиіс»[5],- деген болатын. Олай болса, Қазақстан сияқты қарыштап дамып келе жатқан елде ағылшын тілімен қатар шығыс тілдерін оқытуға да басымдық берілуі қалыпты жағдай. Өйткені Қазақстан Республикасы мен араб елдерінің арасындағы мәдени, экономикалық байланыстар қазіргі таңда күшейе түсті. Бүгін араб елдері Қазақстан үшін орны ерекше елдердің қатарында. Бөліп айтатын жайт ол – қазақ топырағында дүниеге келген, әлемдік деңгейдегі ұлы тұлғалар – әл-Фараби мен Сұлтан Бейбарыстың жатқан жері де араб елі, Сирия жері.


Қазақ жерінен шыққан алып тұлғалардың арасында әл-Фараби мен Сұлтан Бейбарысқа жететіні жоқ екендігін бәріміз білеміз. Сондықтан да Елбасымыз Н.Назарбаев Дамаскідегі әл-Фарабидің жерленген жеріне кесене тұрғызу және Сұлтан Бейбарыстың кесенесін қайта жөндеуден өткізу, сонымен бірге Каир қаласындағы оның мешітін қайта жөндеуді қолға алу туралы нұсқау беріп, Үкімет арнайы шешім қабылдап, қазір нақты іске кірісті. Демек, әл-Фараби мен Бейбарыс Қазақ елін араб әлемімен мың жылдан кейін тағы да тарихи және рухани байланыстырып отыр.

Ел мен елді қатыстырып, табыстыратын тіл екені баршамызға аян. Мыңдаған жылдар бұрын қалыптасқан рухани байланысты жалғастырып, жандандыру үшін біз тіл білуіміз керек. Қазіргідей жаһандану заманында бірнеше тіл білген адам ғана өз елінің өркендеуіне шын пайдасын тигізеді. Өйткені тіл білу, оның ішінде араб тілін меңгеру, адамның рухани өсуі, сол арқылы өз ойын, сезімін жеткізуі, қоршаған ортаны тануы, әсіресе, басқа ұлт өкілдерімен қарым-қатынас жасауы үшін өте қажетті құрал болып табылады. Орта ғасырлардың өзінде атақты ағартушы, энциклопедист-ғалым Әбу Насыр Әл-Фараби «Барлық ғылымдардың ішіндегі ең маңыздысы тіл туралы ғылым екендігін баса айтамын»,- [6,б.56] деген болатын.



Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:


  1. Воловик А.В. Коммуникативный подход к обучению иностранным языкам (из опыта зарубажной методики). Автореф. канд. диссерт. М., 1988г.

  2. Дьячков М.В. Социальная роль языков в многоэтнических обществах. Пособие для университетов и пединститутов М., 1993г.

  3. Рахманов И.В. Некоторые теоретические вопросы методики обучения иностранным языкам М., 1991г.

  4. Гальскова Н.Д. Современная методика обучения иностранным языкам. М.: АРКТИ, 2003г.

  5. Н.Ә.Назарбаев «Қазақстан-2050- стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» // Егемен Қазақстан 2012ж. 14.12.

  6. Аль-Фараби Естественно-научные трактаты. Алма-Ата, 1987


Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет