Қалпына келуі. Сілекей бездерінің қызметін атқару міндетті түрде эпителиальдық безді жасушаларының жарым-жартылай ыдырауымен қатар жүреді. Жойылып бара жатқан жасушалар ірі көлемімен, пикноздалған ядролармен және қышқыл бояулармен қанық боялатын, тығыз түйіршіктері бар цитоплазмамен сипатталады. Мұндай жасушалар бөртпе (ісінді) жасушалар деген атақ алған. Паренхима жасушаларының қалпына келуі негізінен жасушаішілік регенерация жолымен жүзеге асады.
ӨҢЕШ
Дамуы. Өңештің эпителийі – алдыңғы ішектің энтодермасында орналасқан прехордиальдық табақшадан, қалған қабаттары оны қоршаған мезенхимадан түзіледі. Бүкіл ұрықтық кезеңде көптеген өзгерістерге ұшырайтын өңеш эпителиінің дамуы туралы мәселе ерекше қызығушылық тудырады. Бастапқыда өңештің эпителиальдық жабуы бір қабатты призмалық эпителий түрінде болады. 4 апталық ұрықта ол екі қабатталады. Бұдан кейін эпителийдің қарқынды өсуі байқалып, ол өңеш саңылауының толық бітелуіне алып келеді. Жайыла өскен эпителий жасушалары әрі қарай ыдырауға ұшырап, өңештің саңылауы тағы да ашылады. Құрсақ ішілік дамудың 3-ші айына таман өңеш көп қатарлы жыбырлағыш эпителиймен жабылады. 4-ші айдан бастап жыбырлағыш жасушаларды бірте-бірте құрамында гликогені бар, көпіршік тәрізді, жазық жасушалар алмастырады. 6-шы айдан өңештің эпителиі көпқабатты жазық болады. Жаңа туған балаларда эпителийде жыбырлағыш жасушалардың аралшықтары кездесуі ықтимал. Ересектерде бұл жасушалар сирек жағдайларда тек шырышты бездердің өзектерінде ғана сақталады. Эпителийдің бір түрінің екіншісіне алмасуының себептері әлі анықталған жоқ. Шамасы, өңештегі көп қабатты эпителийдің қалыптасуындағы шешуші маңыз оның қызметіне тиесілі. Өңештің шырышты қабығында көп қабатты эпителийдің пайда болуы тамақтың қатты түйірлерінің өтуі кезінде өңеш қабырғасының зақымданбауын қамтамасыз өтеді. Өңештің бездері – ұрықтың құрсақішілік дамуының 2-ші айының аяғында, бұлшық етті қабаты 4-ші айда пайда болады.
Құрылысы. Өңеш шырышты қабықшадан, шырыш асты негізден, бұлшық етті және адвентициальды қабықшадан тұрады.
Шырышты қабықша мен шырыш асты негіз өңеште оның саңылауына орналасқан 7-10 бойлай қатпарларды түзейді.
Өңештің шырышты қабықшасы эпителийден, меншікті және бұлшық етті табақшадан құралған. Шырышты қабықшаның эпителийі көпқабатты жазық мүйізденбейтін, бірақ егде адамдарда оның үстіңгі жасушаларының мүйізденуге ұшырауы мүмкін. Эпителий қыртысының құрамында 20-25 жасушалық қабат болады. Адам өңешіндегі эпителийдің үстіңгі қабатының жазық жасушаларында кератогиалиннің аздаған мөлшері анықталады.
Шырышты қабықшаның меншікті табақшасы эпителийге еніп тұратын дәнекер тіндік бүртіктерді түзейді. Онда шырышты без өзектерінің айналасында лимфоциттердің үлкен шоғыры орналасып, тіпті жекелеген лимфа түйіндерін де құрайды. Меншікті табақшада өңештің кардиальды бездері орналасқан. Олар екі топ түрінде көрінеді.
Бездердің бірінші тобы – көмейдің сақиналы шеміршегі мен кеңірдектің 5-ші шеңберінің деңгейінде, екінші - өңештің төменгі бөлігінде, асқазанға ұласар жерінде қоныс тебеді. Құрылысы жағынан бұл бездер асқазанның кардиальдық бездерін еске салады, бұл жағдай оның атауының себебі болып табылады. Өңештің кардиальды бездері құрылысы бойынша қарапайым тармақталған түтікшелі. Өндіретін өнімдерінің химиялық құрамы бойынша бездер серозды-мукоидты. Олардың аяққы бөлімдері түйіршікті цитоплазмасы бар, кей кезде муцинге реакция беретін текшелі және призмалық эпителиоциттерден құралған. Кардиальдық бездердің бірқатар аяққы бөлімдерінде хлоридтерді өндіретін париетальдық жасушалар бар. Сонымен қатар бездің аяққы бөлімінде серотонин өндіретін эндокриноциттер де болады. Өңештің кардиальдық бездерінде негізінен аяққы бөлімдерде, сондай шығарушы өзектерде орналасатын эндокриндік жасушалардың көп мөлшері бар. Цитохимиялық ерекшеліктері жағынан бұл жасушалардың үш түрін ажыратады. Алғашқылардың асқазан-ішек жолының серотонинді (ЕС) түзейтін энтерохромаффиндік жасушаларына сәйкес келеді. Екіншілері асқазанның шырышты қабықшасына тән энтерохромаффин тәрізді жасушаларды (ЕСL) еске түсіреді. Үшіншілердің табиғаты анықталмаған.
Өңештің кардиальдық бездерінің құрылысы мен қызметі дәрігер үшін маңызды, өйткені олардың орналасқан жерінде дивертикулалар, сарысу, жара және ісіктер пайда болуы мүмкін. Өңештің бойында табиғи үш тарылу аймақтары ажыратылады. Біріншісі жұтқыншақтың өңешке ұласқан жерінде, екіншісі шамамен мүшенің ортасында — өңештің қолқаға жанасқан аймағында, үшіншісі диафрагмадан өтер тұсында болады.
Бөлікшеаралық шығару өзектері кеңейген үлкен өзектерге бірігеді. Өзектердің эпителийі призмалық болып келеді. Ол асқазан шұңқырларының шырышты эпителийіне ұқсас және муцинмен өзіне тән реакция береді. Кей кезде кардиальдық бездердің орналасқан жерінде өңештің шырышты қабықшасы асқазанның шырышты қабықшасы сипаттас болады. Өңештің кардиальдық бездері оның көпқабатты эпителийінен әлдеқайда бұрынырақ пайда болады.
Өңештің шырышты қабықшасының бұлшық етті табақшасы эластикалық талшықтардың торымен қоршалған жазық бұлшықет жасушаларынан тұрады. Бұл табақша жекелеген шағын шоғырлар түрінде көмейдің сақиналы шеміршегінің деңгейінде басталып, одан әрі өңеш бойында бұл қабаттың қалыңдығы артады да, асқазан маңында 200 – 400 мкм-ге жетеді. Шырышты қабықшаның бұлшық етті табақшасы тамақтың өңеш арқылы өтуінде және оның ішкі қабатын үшкір денелердің зақымдануынан сақтауда үлкен қызмет атқарады. Өңеш қабырғасының астың қатқыл түйірінен тітіркенуі бұлшық етті табақшаның тонусының төмендеуін тудырып, бұл шырышты қабықшаның сәйкес аймақтарының кеңеюіне әкеледі. Осылайшы, құрамында қатқыл түйірлері бар астың өтуі жеңілдейді. Өңештің шырыш асты негізі шырыш асты қабықшаның қозғалғыштығын қамтамасыз етеді. Шырышты қабықшамен бірге ол тамақты жұту кезінде жазылатын көптеген бойлық қатпарларды құрайды. Шырыш асты негізінде өңештің меншікті бездері орналасады (11 сурет).
11 сурет. Өңештің шырышты қабықшасы және шырыш асты негізіндегі альвеолярлық-түтікшелі бездер.
Өңештің меншікті бездері – күрделі, көп тармақталған альвеолярлық-түтікшелі бездер. Олардың аяққы бөлімдері бірыңғай шырышты жасушалардан тұрады. Секрет ұсақ шығарушы өзектерге құйылып, олар үлкен өзектерге бірігеді. Бұл өзектер шырышты қабықшаның бұлшық етті табақшасы арқылы өтіп, меншікті табақшада ампула тәрізді өзекті құрайды да, эпителийдің үстіңгі бетіне ашылады. Ұсақ өзектерді жауып жатқан эпителий аласа призмалық, ірірек өзектерде – көпқабатты жазық болып келеді және кей кезде оның бойында кірпікшелі жасушалар кездеседі. Өңештің меншікті бездері негізінен оның жоғарғы үштен бір бөлігінің вентральдық бетінде орналасады. Өңештің меншікті бездерінің қызметі – шырышты қабықшаның бетін ұдайы ылғалдандырып, тамақ түйірлерінің өтуіне септесетін шырышты бөліп тұруда.
Бұлшық етті қабықша борпылдық талшықты дәнекер тіннің қабатшасымен бөлінген ішкі айналмалы және сыртқы бойлай қабаттардан тұрады. Өңештің жоғарғы үштен бір бөлігінде бұл қабаттар жұтқыншақтың бұлшықетті тінінің жалғасы болып табылатын көлденең жолақты бұлшықет ұлпасы түрінде болады. Өңештің ортаңғы үштен бір бөлігінің бұлшықет қабықшасында көлденең-жолақты да, жазық бұлшықет тіндері де болады. Мүшенің төменгі үштен бірінде бұлшықет қабықшасының екі қабаты да тек қана тегіс бұлшықет тінінен түзілген. Бұл жағдай гистологиялық кесіндіде өңеш деңгейін анықтауға мүмкіндік бере алады. Бұлшықет қабаттары әрқашан дәл айналмалы бағытта немесе бөлек орналаса бермейді. Ішкі қабатта - спиральды (шиыршықтала) және қисық бағытталған шоғырлар кездеседі, сыртқы қабаттағы жекелеген шоғырлардың орналасу да әрқилы болуы мүмкін. Бұлшық етті қабықшаның айналмалы ішкі қабатының сақиналы шеміршектің деңгейінде қалыңдауы өңештің үстіңгі сфинктерін, ал бұл қабаттың өңештің асқазанға ұласар тұсында қалың тартуы - өңештің астыңғы сфинктерін қалыптастырады. Өңештің бұлшықет қабықшасының жиырылуы тамақтың өңеш бойымен асқазанға қарай жылжуына жәрдемдеседі.
Адвентициальдық қабықша бір жағынан бұлшықетті қабықшада орналасқан дәнекер тіннің қабатшаларымен, екінші жағынан - өңешті қоршап жатқан көкірекшенің дәнекер тінімен байланысқан. Өңештің адвентициальдық қабықшасында бойлай орналасқан тамырлар мен нервтер көп кездеседі. Өңештің құрсақтық бөлігі – мезотелийден және оның астында орналасқан дәнекер тіннен құралған – сірлі қабықшамен жабылған.
Тамырлануы. Өңешке кіретін артериялар шырыш асты негізде үлкен және кіші орамды өрімдер құрап, олардан қан шырышты қабықшаның меншікті табақшасының үлкен орамды өріміне келіп құяды. Қан капиллярларының эпителий асты торы да – осы жерде. Веналық ағын шырышты қабықшаның меншікті табақшасындағы ұсақ веналар торынан басталады. Бұл веналар қанды – шырыш асты негіздің веналық өріміне, ал одан әрі адвентициальдық қабықшаға апарады. Өңештің лимфа жүйесі – шырышты қабықшаның меншікті табақшасында, шырыш асты негізде және бұлшық етті қабықшада орналасқан лимфа кипиллярларының торы, сондай-ақ шырыш асты негізбен бұлшық етті қабықшада (кейде адвентициальдық қабықшада) орналасқан лимфа тамырларының түрінде болады. Лимфаның өңештен ағып шығатын негізгі жолы – шырыш асты лимфа өрімі болып табылады.
Жүйкеленуі. Интрамуральдық нерв аппараты өзара байланысты төрт өрімнен құралған. Олар: өңештің ортаңғы және төменгі үштен бірінде жақсы жетілген адвентициальдық өрім, бұлшық етті қабықшаның бетінде орналасып, өңештің жоғары бөліктерінде ғана жақсы жетілген субадвентициальдық өрім, айналмалы және бойлай бұлшық ет қабаттарының арасында жатып, құрамында ірі нерв түйіндері бар кең орамды өрім құрайтын әртүрлі көлемді нерв талшықтарынан тұратын бұлшықет аралық өрім, өңештің өн бойында қоныстанып, тармақталған жерлерінде ұсақ нерв түйіндері жататын нерв бағандарының жүйесінен тұратын шырыш асты өрімі. Бұлшық ет аралық өрім бәрінен үлкен. Оның ганглийлері негізінен І типтегі жасушалардан түзілген. Сезімтал нерв аяқтамалары (ұштары) өңештің бұлшық ет тінінде, шырышты қабықшаның эпителийі мен дәнекер тінінде, шырыш асты негізде орналасқан бос және капсуламен қапталған шумақтар, бұтақшалар, бұтақ тәрізді тармақтар түрінде көрінеді. Интрамуральдық ганглийлерде капсуламен қапталған үлкен шумақ тәрізді рецепторлар байқалады. Олар баро- және механорецепторлар болып табылады.
Өңеш пен асқазанның шекарасынан алынған гистологиялық кесіндіде өңештің көп қабатты жазық эпителийі мен асқазанның бір қабатты призмалық эпителийінің түйіскен аймағы көрінеді. Өңештің шырышты қабықшасының меншікті табақшасында – кардиальдық бездер, ал асқазанның шырышты қабықшасының меншікті табақшасында – асқазан бездерімен қатар өңештің шырышты бездері орналасуы мүмкін. Өңештің бұлшық етті қабықшасының айналмалы қабаты бұл жерде қалыңдай түсіп сфинктер қалыптастырады.
Асқазан
Қызметтері. Ас қорытуға қатысады. Асқазанда жаңадан түскен астың жинақталуы және химиялық өңделуі жүреді. Химиялық өңдеу ас түйіршігінің ішінде қалған сілекейдің және асқазан сөлінің көмегімен жүзеге асырылады. Асқазан сөлінің құрамында пепсин, химозин, липаза ферменттері, сондай-ақ тұз қышқылы мен шырыш болады.
Пепсин – асқазан сөлінің негізгі ферменті. Оның ықпалымен тамақтың күрделі белоктарының қарапайым альбумозалар мен пептондарға ыдырауы жүзеге асады. Пепсин қышқыл ортада ғана ферментативтік ықпал жасайды, сондықтан оны жандандыру үшін тұз қышқылы қажет. Тұз қышқылы астың ақуыздарының денатурациясын және ісінуін қамтамасыз етеді және пепсиннің жұмыс істеуіне оңтайлы рН ортасын қалыптастырады. Химозин асқазанда тек ерте балалық шақта болады. Ол сүтті сүзбелендіруге қатысады. Липаза асқазанда шағын мөлшерде бөлініп, майлардың ыдырауына көмектеседі. Шырыш асқазанның шырышты қабықшасының бетін жаба отырып, оны тұз қышқылының әсерінен және тамақтың қатты түйірлерімен зақымданудан сақтайды. Асқазанда антипепсин деп аталатын ерекше зат бөлінеді деген болжам бар. Оның асқазан сөлінде болуымен асқазан қабырғасының пепсиннің қорытушылық әрекетіне қарсы орнықтылығы түсіндіріледі.
Тамақты химиялық қайта өңдеуді жүзеге асыра отырып, асқазан сонымен қатар организм үшін маңызды тағы бірқатар міндеттерді атқарады. Асқазанның механикалық қызметі тамақты асқазан сөлімен араластырудан және қорытылған асты ұлтабарға жөнелтуінен көрінеді. Қызметті атқаруға асқазанның бұлшықеті қатысады. Асқазанның қабырғасында тамақпен бірге түсетін В-12 витаминінің сіңірілуіне септесетін антианемиялық фактор түзіледі. Бұл фактор жоқ болса, адамда қатерлі қаназдылық дамиды. Асқазан қабырғасы арқылы су, спирт, тұз, қант және сол секілді т.б. заттардың сіңірілуі жүзеге асады. Сонымен бірге асқазан белгілі бір экскреторлық қызметті де атқарады. Әсіресе бұл қызмет бүйрек аурулары кезінде айқын көрініп, асқазан қабырғасынан ақуыз алмасудың бірқатар ақырғы өнімдері бөлінеді (аммиак, несепнәр және басқалар). Асқазанның эндокриндік қызметі бірқатар биологиялық белсенді заттар – гастриннің, гистаминнің, сератониннің, мотилиннің, энтероглюкагонның түзілуінен көрініс табады. Бұл заттар асқазанның безді жасушалары мен ас қорыту жолының басқа да бөлімдерінің іске қосылуы мен секреторлық белсенділігіне септесуші немесе тежеуші әрекет жасайды.
Дамуы. Асқазан, құрсақ ішілік дамудың 4-ші аптасында пайда болады. Ал екінші айда оның барлық негізгі бөлімдері қалыптасады. Асқазанның бірқабатты призмалық эпителийі ішек түтігінің энтодермасынан жетіледі. Асқазан шұңқырлары ұрықтың дамуының 6-10-шы аптасында түзіледі, ал бездер асқазан шұңқырларының табанында бүршіктер түрінде пайда болады да, қарқынды өсе келіп, одан әрі шырышты қабықшаның меншікті табақшасында орналасады. Ең әуелі оларда – париетальдық жасушалар, одан соң – басты және шырышты жасушалар қалыптасады. Дәл осы кезде (6-7 апта) мезенхимадан алдымен – бұлшық етті қабықшаның айналмалы қабаты, содан кейін – шырышты қабықшаның бұлшық ет табақшасы дамиды. 13-14 аптада бұлшық етті қабықшаның сыртқы бойлай және, одан сәл кейінірек, ішкі қиғаш қабаты түзіледі.
Құрылысы. Асқазанда кардиальдық, фундальдық (түбі), пилорикалық бөлімдерді ажыратады (12 сурет).
Асқазанның қабырғасы шырышты қабықшадан, шырыш асты негізден, бұлшықетті және сірлі қабықшадан тұрады. Асқазанның шырышты қабықшасының беті онда үш түрлі түзілім: қатпарлардың, алаңдардың және шұңқыршалардың болуына байланысты күрделі, тегіс емес. Асқазан қатпарлары шырышты қабықшадан және шырыш асты негізден құралады. Қатпарлар көбінесе асқазанның артқы бетінде орналасады. Асқазанның ішкі жолағында және пилорикалық бөлігінде олар көбінесе бойлай бағытталады, ал қалған жерлерінде әртүрлі бағытта орналасып торларды
12 сурет. Асқазанның бөлімдері
І – кардиальдық бөлімі
ІІ – фундальдық бөлімі
ІІІ – денесі
ІҮ - пилорикалық бөлімі
ІҮа – пилорикалық жұм
1 – қатпарлар
2 – ішкі қисықтығы
түзейді. Асқазан алаңдары шырышты қабықшаның өзара жыралар арқылы бөлектенген аймақтары болып келеді. Олардың пішіні көпбұрышты және көлденең ені – 1мм-ден 16мм-ге дейін болады. Асқазан шұңқырлары мүшенің шырышты қабықшасының меншікті табақшасындағы көлемі 0,2 мм-дей тереңдемелері. Олар асқазанның бүкіл бетінде кездеседі. Шұңқыршалардың саны асқазанда үш миллионға дейін жетеді. Асқазанның шұңқыршалары өте кіші көлемді болып келеді, бірақ олардың шамалары асқазанның әр бөлігінде әртүрлі. Асқазанның кардиальдық бөлігі мен денесіндегі олардың тереңдігі шырышты қабықша қалыңдығының 4/1-ін ғана құрайды. Асқазанның пилорикалық бөлігінде шұңқыршалар тереңірек. Олар шырышты қабықшаның бүкіл қалыңдығының жартысын иемденеді. Асқазан шұңқыршаларының табанында шырышты қабықшаның меншікті табақшасында жатқан бездердің өзектері ашылады. Шырышты қабықша әсіресе кардиальдық бөлімде жұқа.
Асқазан мен шұңқыршалардың шырышты қабықшасының бетін жауып тұрған эпителий – бір қабатты призмалық. Бұл эпителийдің өзгешелігі – оның бездік сипатында. Асқазанның барлық үстіңгі эпителиоциттері үнемі мукоидты (шырыш тәрізді) секрет бөліп тұрады. Әр безді жасуша айқын екі: базальды және апикальды бөліктерге бөлінеді. Базальды мембранаға жанамалас базальды бөлікте – сопақша пішінді ядро, ал оның үстінде Гольджи кешені орналасады. Жасушаның апикальды бөлігі мукоидты секреттің түйіршіктері немесе тамшыларымен толтырылған. Апикальды бетінде қысқа микробүрлер оның үстінде гликокаликс және сыртқа бөлінген шырыш орналасады. Адамдар мен жануарлардағы үстіңгі эпителиоциттерінің өнімінің ерекшелігі көмірсулық компонентінің құрамымен анықталады, ал белокты бөлік болса, гистологиялық белгілерінің ортақтығымен сипатталады. Көмірсулық компонент асқазанның шырышты қабықшасының асқазан сөлінің зақымдаушы әсеріне қарсы қорғаныш реакциясында елеулі қызмет атқарады. Асқазанның үстіңгі эпителиоциттерінің маңызы шырыш түзеуден көрінеді. Ол ас түйіршіктерінің механикалық әсерінен ғана емес, сонымен бірге асқазан сөлінің химиялық ықпалынан да қорғайды. Асқазандағы шырыштың мөлшері оған тітіркендіруші заттар (алкоголь, қышқыл, қыша т.б.) түскен жағдайда күрт көбейеді.
Шырышты қабықшаның меншікті табақшасын борпылдақ талшықты дәнекер тін құрайды. Бұл жерде араларында борпылдақ талшықты дәнекер тіннің жұқа қабатшалары бар асқазан бездері орналасқан. Қабаттың құрамында азды – көпті мөлшерде диффуздық инфильтраттар түріндегі немесе, көбінесе асқазанның ұлтабарға өтер тұсында орналасатын, солитарлық (жекелеген) лимфа түйіндері түріндегі лимфа элементтерінің шоғырлары бар.
Шырышты қабықшаның меншікті табақшасында орналасатын асқазан бездерінің үш түрін ажыратады: меншікті, пилорикалық және кардиальдық. Меншікті бездер асқазанның денесі мен түбінде орналасады, сондықтан оларды кейде фундальдық деп те атайды. Кардиальдық және пилорикалық бездер асқазанның сол аттас бөліктерінде орналасқан. Асқазанның меншікті бездері бәрінен де көп болып келеді. Адамда олардың саны шамамен 35млн. Әрбір бездің ауданы 100 кв.мм-ге жуық. Фундальдық бездердің жалпы секреторлық беті 3-4 шаршы метр шамасында. Бұл бездер құрылысы жағынан қарапайым тармақталмаған, кейде нашар тармақталған түтікшелі бездер болып келеді. Бір бездің ұзындығы шамамен – 0,65мм., диаметрі 30-50 мкм аралығында болады. Бездер топ-топ болып асқазан шұңқырларына ашылады. Әр бездің қылтасын, мойынын, денесін және түбін ажыратады. Денесі және түбі бездің секреторлық бөлімін, ал мойыны мен қылтасы оның шығарушы өзегін құрайды. Бездердегі саңылау өте жіңішке және препараттарда аса көріне қоймайды. Асқазанның меншікті бездерінде безді жасушалардың негізгі 5 түрі ажыратылады. Олар: басты экзокриноциттер, париетальды экзокриноциттер, шырышты мойындық мукоциттер, эндокриндік (аргирофильдік) жасушалар, жетілмеген немесе дифференцияланбаған эпителиоциттер (13 сурет).
13 сурет. Асқазан бездерінің негізгі жасушалары
1 –басты жасуша
2 – париетальды жасуша
3 – эндокриноциттер
4 – қосымша (шырышты) жасуша
Басты экзокриноциттер негізінен бездің денесі мен түбінде орналасады. Бұл жасушалардың дөңгелек пішінді ядролары жасушаның орталық аймақтарында орналасады. Жасушаның базальдық бөлігіне айқын базофилиялық қасиет тән. Жасушаның апикальды бөлігінде белокты секреттің түйіршіктері байқалады. Базальды бөлікте жасушаның жақсы жетілген синтетикалық аппараты қоныс тепкен. Апикальды бетінде қысқа микробүрлері бар. Секреторлық түйіршіктердің диаметрі – 0,9-1мкм. Басты жасушалар профермент (зимоген) – пепсиногенді бөліп шығарады. Ол тұз қышқылының қатысуымен ферменттің белсенді түрі – пепсинге айналады. Сүттің ақуыздарын ыдырататын химозин де басты жасушаларда түзіледі деген болжам бар. Басты жасушалардың секрециясының әртүрлі фазаларын зерттеу барысында секрет түзу мен жинаудың белсенді фазасында бұл жасушалар үлкен көлемді болып, онда зимоген түйіршіктері жақсы анықталатындығы белгілі болды. Секрет бөлінген соң жасушаның көлемі мен түйіршіктердің мөлшері олардың цитоплазмасында әжептәуір азаяды. Кезбе нерв тітіркенген кезде жасушалар пепсиногеннің түйіршіктерінен тез босанатындығы тәжірибе жүзінде дәлелденген.
Париетальды жасушалар сәулелік микроскопта оңай ажыратылады. Өйткені олар көлемі жағынан ең ірі жасуша болып келеді, басты жасушалардың базальды бөліктеріне жанаса жеке-жеке орналасады. Олардың цитоплазмасы оксифильді, конго-рот бояуымен қанық сарғыш-қызыл түске боялады, ядросы орталық бөлігінде орналасқан дөңгелек пішінді болып келеді. Электронды микроскопиялық деңгейде париетальды жасушалардың ерекшеліктеріне жасушаішілік секреторлық түтікшелер жүйесінің болуы жатады. Жасушалардың апикальды бетінен түтікшелердің қуысына көптеген микробүрлер шыға орналасады. Бұл түтікшелер жасушааралық түтікшелерге ұласып, одан әрі мүшенің қуысына ашылады. Түйіршікті эндоплазмалық тор нашар дамыған, бірақ митохондриялардың саны мол болады.
Бұл жасушалар тұз қышқылының компоненттерін, Н+ және С1− иондарын жекелеп өндіреді. Олармен бірге В12 витамінің сіңірілуіне қажетті ішкі Касл факторын да бөледі. Иондардың бөлінуінде ерекше мембраналық ақуыздар қызмет атқарады және бұл тасымал К иондарының көмегімен іске асырылады. Бұл үрдістердің жүруі үшін энергия күші жұмсалады, сондықтан париетальды жасушаларда митохондриялар саны мол болады.
Бездерде шырышты жасушалардың екі түрі бар. Олардың біріншілері меншікті бездердің денесінде орналасып, кейде қосымша жасушалар деп те аталады. Жасушалардың базальды бөлігінде тығыздалған ядролары болады. Бұл жасушалардың апикальды бөлігінен көпген дөңгелек және сопақша түйіршіктер, митохондриялардың шағын мөлшері мен Гольджи кешені табылған.
Екінші шырышты жасушалар меншікті бездердің тек мойынында ғана орналасады, сондықтан оларды мойындық мукоциттер деп те атауға болады. Бұл жасушалардың өзін екіге бөледі: мойындық мукоциттер және аз дифференцияланған эпителиоциттер. Шырыш өндіретін мойындық мукоциттердің жазықтанған, кей кезде қисық үшбұрыш пішінді ядролары жасушалардың табанында жатады. Бұл жасушалардың апикальды бөлігінде секреторлық түйіршіктер жайғасады. Мойындық жасушалар бөлетін шырыш негізгі бояулармен нашар боялады, бірақ муцикарминмен жақсы айқындалады. Асқазанның үстіңгі жасушаларымен салыстырғанда мойындық жасушалардың көлемдері кіші және құрамдарында шырыш тамшыларының мөлшері едәуір аз болады. Олардың секреті құрамы жағынан асқазанның безді эпителиі бөліп шығаратын мукоидті секреттен өзгеше болады. Аз дифференцияланған мойындық жасушаларда бездің басқа жасушаларындай емес, керісінше, митоз көріністері көбірек байқалады. Бұл жасушалар бездердің секреторлық эпителиінің де, асқазан шұңқырларының эпителиінде де регенерациясының көзі болып табылады. Олар төмен қарай өте баяу орын ауыстырады, ал жоғарғы эпителийдің алмасуы әрбір 4 тәулік сайын өтіп отырады.
Жоғарыда айтылғандай, пилорикалық бездер асқазанның ұлтабарға ұласар аймағында орналасқан. Олардың саны 3,5 млн. шамасында. Пилорикалық бездер меншікті бездерден бірқатар белгілерімен ерекшеленеді: олар сирегірек орналасқан, әлдеқайда көбірек тармақталған, саңылаулары кең, көпшілігінің париетальдық жасушалары жоқ.
Пилорикалық бездердің аяққы бөлімдері негізінен меншікті бездердің шырышты жасушаларын еске салатын жасушалардан тұрады. Олардың ядролары қабысыңқы және жасушалардың табанында орналасады. Бояудың арнаулы әдістерін қолданған кезде цитоплазмада шырыш айқындалады. Пилорикалық бездердің жасушалары дипептидазаларға бай болады. Пилорикалық бездер бөліп шығаратын секрет сілтілік реакцияға бейім. Бездердің мойынында сондай-ақ аралық-мойындық жасушалар қоныстанады. Олар бұған дейін асқазанның меншікті бездерінде сипатталған.
Шырышты қабықшаның құрылысы пилорикалық бөлікте кейбір ерекшеліктерге ие: асқазан шұңқыршалары бұл аймақта асқазан денесіндегіден гөрі тереңірек және шырышты қабықшаның бүкіл қалыңдығының жартысына жуығын алып жатады. Асқазаннан шыға берісте бұл қабатта анық білінетін айналмалы қатпар бар. Оның пайда болуы пилорикалық сфинктерді құрайтын бұлшық етті қабықшаның қуатты айналмалы қабатына байланысты. Ал сфинктер тамақтың асқазаннан ішекке өтуін реттейді.
Эндокриноциттерді сәулелік микроскопта ажырату мүмкін емес. Арнайы әдістер арқылы анықтау кезінде олардың пішіні жазықтанған, секреторлық түйіршіктері жасушалардың барлық көлеміне жайыла орналасқандығы байқалады. Бездің қуысына қарап орналасуына байланысты эндокриноциттерді екіге бөледі: «ашық» және «жабық». Бірінші жасушалардың апикальдық ұшы бездің қуысына шыға орналасады, ал екіншілерінің без қуысымен байланысы болмайды. «Ашық» жасушалар рецепторлық-секреторлық болып табылады, яғни РН-тың мөлшері, кейбір химиялық заттар олардың тітіркенуіне әкеледі де олар өзгерістерге тез жауап қайтара алады. Кейбір гормондардың ықпалы қалыпты эндокринді жолмен жеткізіледі, кейбіреулері паракринді жолмен әсер етеді.
Асқазанда барлығы әртүрлі бездердің құрамында он шақты эндокриноциттер ажыратылады. Бездерде олар әрқилы орналасқан. Жасушалардың кейбіреулері меншікті, кейбіреулері кардиальды, кейбіреулері пилорикалық бездерде көбірек кездеседі.
Достарыңызбен бөлісу: |