Аралық бақылау 2 Тәуелсіздік кезеңіндегі қазақ повестеріндегі аштық, репрессия тақырыбы


Қ.Жұмаділовтің «Дарабоз» романындағы



бет3/4
Дата01.11.2022
өлшемі49.88 Kb.
#463779
1   2   3   4
Рубежный контроль 2-

Қ.Жұмаділовтің «Дарабоз» романындағы Қабанбай образына талдау.

Бүгінгі біз талдағалы отырған шығарма – Қабдеш Жұмаділовтің «Дарабоз» дилогиясы. Роман – тарихи шығарма. Арқауы – шындық. Автор романды жазбас бұрын ұзақ уақыт дайындалған. Қабдеш Жұмаділов ауылда өскен, өмірдің бұралаңын көрген, атаның әңгімесін тыңдаған, қазақы ғұрыптың ғасырлар бойғы тарихына терең бойлай алатын бірден-бір жазушы. Сондықтан болар, ол шығармаларында өз өмірінің шындықтарына кеңінен бойлайды. Оның шығармашылық таңдауы – өз көкірегінде көптен сақталып, қордаланып жиналған, қаншама жылдық ізденістің әсерінен туған күрделі тақырыптар. Тақырып, идея, образ – бәрі де осы негізден бастау алады. 

Шығарманың туу тарихына келер болсақ, Қаракерей Қабанбайдың өмірімен тікелей байланыстырамыз. Неге басқа кейіпкерді алмады? Меніңше, автордың негізгі мақсаты да осы тұста аңғарылады. Өйткені, Найманның Төлегетай руынан тараған Қаракерей Қабанбай ғұмыры жазушыға бала күннен таныс. Образды санасына әбден сіңдіре білген. Басты кейіпкері жайлы біршама мәлімет жинақталған. Қабанбай жорықтары мен жүріп өткен жолдары көз алдына таныс, етене жақын пейзаждар. Қаламгер Алтай өңірін бес саусағындай біледі десем артық айтқандық болмас. Себебі, қай шығармасында да Барқытбелдің сілемі, Алакөлдің тұнығы айтылмай қалмайды. Оның үстіне тарихи шығармаға дәл осы роман алдында да бірнеше кезеңдік дайындықтардан өткен. Оған дәлел ретінде Соңғы көш, Көкейкесті, Тағдыр сынды шығармалар желісіндегі детальдарын анық көре аламыз. Әдебиетте шығарманың теориялық толғамдарына терең үңілу үшін бірнеше принциптерге жүгінеміз. 


Дарабоз романында баяндалатын негізгі сюжет – қазақ халқының азапты ғұмыры, таққа талас, қазақ – жоңғар, қазақ – ойрат арасындағы ұзақ уақытқа созылған қақтығыстар, Қабанбайдың азаттық жолындағы көзсіз ерлігі, одан бөлек автор оқырманды жалықтырып алмас үшін аңыздарға, би-шешендердің афоризмдік дағдыларына да тоқталып өткен. Шығарманың негізгі идеясы – азаттықты аңсаған алаштың алыптарын асқақтау. Сол тұрғыда бірінші позицияда көрінетін кейіпкер – Қабанбай образы. Тақырыбына келер болсақ, жалпыға түсінікті Қабанбайдың ерекше есімдерінің бірі Дарабозды басты фишкасы етіп ала білген. Тақырып – іргетас. Автор қателеспеген. Қысқа да нұсқа. Қойылған тақырып шығарманың өн бойынан өз есімін көрсетті.

Екінші теориялық толғам немесе талдау мәселесінде қарастырылатын дүние – шығарманың сюжеті мен композициясын сөз ету. Шығарма сюжеті бірден Қабанбай есімімен басталады. Автор фабула ретінде тарихтың парағына үңіледі. Болат өлгеннен кейінгі Әбілмәмбеттің таққа отырып, қол астына үш жүзді жинауы әңгіме болады. Осы тұста тарихи қаһармандар өзара қарым-қатынасқа түспес бұрынғы хал-жағдай, тіршілік, қоғамдық орта, болашақ қақтығыстар алаңы, оқиғалар орны суреттеледі. Дарабоздың басталуында айтарлықтай ерекшелік жоқ. Тура экпозиция деуге де болады. Автор әр кейіпкеріне жеке-жеке тоқталады. Әрқайсысымен іркіліссіз, жанама астарсыз, бірден таныстырады. Тағы бір ерекшелігі шығарма бұрма экспозияциясыз шартты түрде жалғасады. Сюжеттік байланыс ретінде Қабанбай Ұлытаудағы жиыннан соң туған жер Барқытбел, Алакөл, Алтай өңіріне жол тартқандағы көш барысы суреттеледі. Көште ел еңсесінің биіктігі, қазақ даласының кеңдігі, болашаққа деген арман, өткенге өкініш сынды ұғымдар сипатталады.


Осы тұста әңгіме ішінен әңгіме өрбіп, сюжеттік байланыс орын алады. Қабанбай досы Шағалаққа, ұлы Әліге өткінші өмірдегі тартысты баяндау арқылы шығарма оқырманға жақсы жол тартады. Не үшін Қабанбай аталды? Қандай жекпе-жекте Дарабоз атанды? Нар бала деп кімдер атаған? Азан шақырып қойған есімі кім? Өлже мен Арсалаңға деген кектің соңы немен тынады? Атамекеннен не үшін көшті? Осы секілді сұрақтардың бәріне жауапты байланыс нәтижесінде тез табамыз. Байланыс өте сәтті қиыстырылған. Себебі, оны автор емес, Қабанбайдың өзі баяндайды. Оқырман кейіпкердің аузынан естігендей күй кешеді. Бұл жазушының кейіпкерді сөйлетудегі басты ерекшелігі.


Орын алған әр құбылысты ауызекі аңыздап қоймай, адамның жан-дүниесіне ене суреттейді. Оқырман өзіне біраз мағлұмат алады. Шежіре тарихын да меңгеруге болады. Себебі кімнен кім тарайтынын қаламгер осы тұста сатылап айтып өтеді. Бірнеше реалистік образдармен танысады. Нәтижесінде, Қабанбайдың отбасы және ортасымен толық танысады. Фабулалық оқиға желісінде автор қызықты ситуациялар мен интригалық әр алуан сюжеттерді кеңінен қолданады. Осы орайда сюжеттің шиеленісі басталады. Дарабоздағы шиеленіс деп – Әбілқайыр мен Барақтың кекті тағдырлары, азапты өлімдері, ұлы жиында ойратқа қарсы ма, жоңғарға қарсы ма деген күрделі сұрақтарды туғызу арқылы оқырманды өзіне одан әрі баурайды.


Желіге қызық оқиға да керек. Иә, көркем шығармаға қызық керек. Бірақ тарихи шығармада қолдан жасаған қызық емес, шынайы өмірде орын алған қызық болуы тиіс. Жазушы мұны да сәтті пайдаланған. Майсара мен Шағалақтың әзілдесуі, Мырзатай мен Назым арасындағы орайластық, билердің бір-бірімен жарысуы, осы секілді дүниелер де шығарма бойынан кеңінен көрініс тапқан. Сюжеттің шиеленісуі Қабанбайдың туған жері Барқытбелді емес, Сыр өңірін қорғауға аттанайық деген тұсынан шарықтауға ұласады. Неге батыр талай жылғы арманы атамекенді жаудан аластауға аттанбады? Оның бұл әрекетін Абылай ғана түсінді.


Қазақтың барлық жері атамекен. Әр жері – әр адамның тағдыры. Ал оны өз жауынгерлері түсіне алды ма? Аттаныс нәтижесіндегі ірі жекпе-жектер, кішігірім қақтығыстар күшеюге, шығарманың өрістеуіне келіп дамылдайды. Шығарма сюжетін күллі кезең-кезеңімен тұтастырып, белгілі бір бүтіндікке, үндестікке әкеліп тұрған композицияның аса бір күрделі тұсы да – осы. Жазушы шығарманы шарықтата келе, шешімге қалай әкелгенін де білдірмейді. Жеңіс. Ұлы жеңіс. Бірақ мәңгілік пе? Тарих сахнасы қалай сөйлейді? Қабанбай ерлігі қаншалықты қымбат? Бодандықтан сол кезде неге босанбағанбыз? Шешімде осы секілді сауалдар оқырманды қызықтырады. Жазушы өз шындығына өзі үкім шығарады. Осынысымен де шығарма ұтымды. 


Сөз болатын үшінші мәселе – шығармадағы тип пен характер. Бұл мәселеде жазушының тілі шұрайлы, сөздік қоры мол болуы шарт. Бұл – жазушыға қойылар бұлжымас талап. Тіл байлығы мазмұн байлығымен тікелей байланысты. Қосалқы кейіпкерлер арқылы басты кейіпкер образы ашыла алды ма? Характері қандай? Қабдеш Жұмаділов өз қаһарманының характерін өзге арқылы ашады. Қабанбай характері қалай бізге жол тартты? Әрине, деталь арқылы. Абылай Қабанбайды көзсіз ерлігі үшін жақсы көреді. Ол билікке таласы жоқ, қарадан шыққан батыр болса да, Абылай үшін Дарабоздың көзқарасы маңызды. Қабанбайды көргенде хан екенін ұмытып, атының басын ұстап, жылап көрісті. Бұл жерде Абылайдың іс-әрекеті арқылы Дарабоздың характері сыр шертеді. Назым әкесінің мойнына асыла кеткісі келді. Бірақ, Шағалақ тұрғасын сыпайылық танытып, анасының сәлемін жеткізді. Қабанбай түзде жауырыны жерге тимеген батыр болғанымен, үйде балажан. Ордасында немерелері үстінде секіріп ойнап жүреді. Бұл жерден Қабанбайдың ерекше қырын тағы аңғарамыз. Қабанбай қалмақтан қатын аламын десе, кедергі жоқ. Бірақ, сыры кетсе де сыны кетпеген Майсараны ойлап, бұл ауылдың жетегіне ермей жүр. Бұл жолдардан да Қабанбай бейнесі көрінеді. Осы секілді бөлшектер, яғни детальдар арқылы жазушы кейіпкер характері мен типін жақсы берген. 


Төртінші толғамда – шығарманың тілі мен стиліне тоқталуымыз керек. Романның тілі қаншалықты жеңіл? Автор көркемдік ерекшелікке жіті мән берген. Оған қоса сөздікпен жақсы жұмыс жасаған. Жыраулар поэзиясын, аңыздар желісін, афоризмдік қатарларды, орыс әдебиетін кеңінен пайдаланған. Автордың өзіне тән стилі бар.


Шығарма түгелдей баяндаудан тұрады. Бірақ, оқырман жалықпайды. Өйткені, аталған қоныстар мен көштер, есімдер мен оқиғалар шындықтың негізінде жазылған. Бәрі де болған оқиға. Автор кейіпкердің өзін ғана емес, оның мініс көлігі Қубас атты суреттеуінде де мін жоқ. Осы жерден жазушының әдеби тілге өте бай екенін оңай аңғарамыз. Оған дәлел ретінде Боранбайдың сынын айта аламыз.


«Биіктігі өзіңдей болсын, местігі өзімдей болсын. Желгенде екпінінен жел ессе, аяңы Қазыбектің сөзіндей болсын. Құлағы қамыстай болсын, ерні талыстай болсын. Екі көзі ботаның көзіндей, шекесінің арасы қарыстай болсын. Қабағы – бүркіттің қабағындай, шықшыты бураның сағағындай болсын. Жылқыңыздан осындай бір тай табылса, мүсіні мен сымбаты менің қойған талабымдай болсын. Жануардың жалы жібектей, қасқа тісі күректей болсын. Мойны ата қаздың мойнындай, жігері бабына келген түлектей болсын. Белдемесі қанатты болсын, жаясы жалпақ алапты болсын. Бір көргендер үш көрерлік, осындай сұлу жарақты болсын. Сауыры құлындай болсын. Кекілі балаға қойған тұлымдай болсын. Ерегісте ер серігі болатындай, ел есінде қалатындай, өңі мен түсі бірыңғай болсын. Денесі шымыр болсын, тұяғы жұмыр болсын. Қуғанда құтқармайтын қайыспас тұғыр болсын. Құйрығы төгіліп тұрсын, талданып сөгіліп тұрсын. Самсаған қалың қол ішінде тұрпаты ерек бөлініп тұрсын. Тілерсегі төмен, екі бұты алшақ келіп, артынан қарағанда төс сүйегі көрініп тұрсын».


Бұл суреттеуден жазушы тіл байлығының ерекшелігін, сөздік қоры молдығын, қазақы тіршіліктің ғұмырынан хабары мол екенін аңғарамыз. Жазушының стилі өзгеге ұқсамайды. Себебі, шығармасының мазмұны мен пішіні бөлек. Көркемдік әдісінің өзі ішкі дүниетанымымен үндес. Сол үшін де өзгелерден ерекшелігі көп. Кей жазушыларда инверсия, психологиялық параллелизм сынды көркемдік тәсілдер кеңінен қолданылады. Қабдеш оларды қажет етпеген. Әдеби шығарма жазуға рецепт берілмейтіні секілді, әдеби шығарманың тілінде де штамп жоқ. Жер бетінде қанша жазушы болса, сонша машық, жеке өзіне тән жазу мәнері болуы шарт.


Әдебиетте баяндау мен суреттеу екі ұғым. Қаламгер Дарабозда екі ұғымды қатар қолданады. Тіпті, кей жерде қайсысы баяндау, қайсысы суреттеу екенін аңғармай да қаламыз. Әрбір әдеби шығарма – белгілі бір дәуірдегі қоғамдық шындықтың сәулесі. Шындықты нанымды етіп суреттеу өте күрделі процесс. Автор бұл жағынан еш жеңілмеген. Шығарма бойында біз білмейтін ескі архаизм сөздер де, бұрын-соңды ести қоймаған мақалдар да молынан кездеседі. Мысалы: қарын қуырдақ, шөкім жая сынды тіркестермен қатар, сойдақталған із, сорғалаған қан немесе жәпірейген жеркепе, салы кеткен там үй сынды тіркестерге мән бермей кетуге әсте болмайды. Автор портрет жасаудың да хас шебері. Ол портретті мінезбен де, сұлулықпен де астарластырып берудің үлгісін жақсы меңгерген. 


Әдебиет теориясының ереже секілденген эстетикалық қағидалары мен қисындары – әншейін ойдан туа салған нәрсе емес, әдебиет тарихы арқылы табылып, тексеріліп, жүйеленген нақты әдеби деректерді терең талдау, байыптау, нәтижесіне үңілу болып табылады. 


Ендігі кезекте жазушының шығармаға дейінгі ізденісі және шығармаға көзқарасы мен дүниетанымының мәселелеріне жүгінеміз. Дарабоз тәуелсіздік алғаннан кейін өмірге келген шығарма. Сол үшін де көп дүниені қысылмай, астыртынсыз, ақиқатын ашып көрсетіп, анық жазған. Оның қазақ әдебиеті, жалпы қазақ тарихындағы құндылығы сол автор алғашқылардың бірі боп, тарихи романға, оның желісіне обьективті түрде баға беріп, тарихи тұлғалардың рөлін қазақ халқының ұлттық мүддесі тұрғысынан қарастыруында екенін атап өту керек. Қабдеш Жұмаділов өзінің «Таңғажайып дүние» романында Есенберлиннің "Көшпенділер" трилогиясына редакторлық жұмыс жасағанын айтып өтеді. Осы тұрғыда да оның тарих тұрғысынан мол ізденісін көре аламыз. Ол өз шығармасында тарихты жазып қана қоймай, жеке тұлғалардың қасиетін дәріптей білді. Ол өзі айтады: «Тарих – қайталауды сүйеді. Тарихтың қозғаушы күші халық екені рас болса, сол халықты бастайтын серкесі бар емес пе?!»


Қаламгерді толғантқан осындай жайттар еді. Нәтижесінде, Қабанбай, Абылай, Бөгенбай образдары жеке тұлға ретінде халыққа жол тартты. Романның өн бойынан көшпенді тағдырдың ауыр тұрмысын оңай аңғарамыз. Автор өз шеберлігімен оқырманды ойланта да, толғанта да, мұңайта да, қуанта да білді. Бұл жазушының дала перзенті екенін, қиялының шарықтауы қазаққа тән қырандық екенін көрсетеді.


Жоғарыда аталғандай жазушы тарихи романға келмес бұрын біршама мектепте ысылған. Ол – Әуезов мектебінен өткен қаламгер. Замандастары Мұхтар Мағауин, Әбіш Кекілбаев, Ілияс Есенберлин үлгілерінен де көп дүние игерген. Дилогияда қамтылған әр образды ашу барысында адам табиғатын, психологиясын жіті зерттеген десек артық айтқандық болмас. Жазушы стилінің даралығы өзіндік философиясымен шебер ұштасқан. Автор үшін Әуезов тағылымы Қабанбай, Демежан, Назым, Гауһар, Ханбибі, Төбет, Барақ, Абылай, Қанағат би, Нартай би, Төле би, Боранбай мен Құланбай, Бұқар жырау, Естай, Жолбарыс бейнелерін көрсету секілді ұлттық әдебиеттегі образдар галереясын толықтырылуы жағынан септігін тигізді.


Автор сонымен қатар орыс патша үкіметіндегі әйелдер образдарына да жіті тоқталып, әрқайсысының бейнесін әдемі ашады. Қазақ тарихында туған жер, тал бесік, тас босаға үшін қу далада тәні, құла түзде көрі, құба белде елі қалғанша жанын пида етіп, басын бәйгеге тіккен, қол бастаған батырлар, сөз бастаған шешендер аз емес. Жазушы – қашанда тарихшы. Әдебиеттің басты парызы – адамзат естелігінің үзік-үзік болмауына күш салу. Қабдеш Жұмаділов осы міндетін толықтай орындаған қаламгер. Тарихи сабақтастық немесе тарихи тамырластық секілді ұғымдар әдебиетте бар.


Жазушы шығармасы өзге де қандай шығармалармен мазмұндас? Бұл жөнінде де айтпай кету мүмкін емес. "Көшпенділер" трилогиясындағы үлкен детальдардың көрінісі Дарабозда да аңғарылады. Өйткені, желі бір. Жазушы жеке кейіпкерді көрсеткісі келгенмен, күллі тарихтан аттай алмайды. Сол үшін де ұқсастығы өте көп. Дарабоздан кейін қаламгер Абылайдың ақырғы өлімі сынды әңгімелерге қалам тербеді. Ол жердегі детальдар да ұқсас. Не дегенмен тарих бәріне ортақ. Жазушының кейіпкер табиғатымен ғана шектелмегенін білеміз. Ол табиғатты суреттегенде де сөзді сүйетіні аңғарылады. Барқытбел бейнесі, Шыңғыстау мен Қызылсу суреті, Көкжарлы мен Бура пейзажы, Аягөз бен Ақшатау аралығы дилогияда өте керемет суреттелген. Атақоныстың жайы – автордың басты тақырыбы. Күллі Алтай мен Атырау арасындағы Қазақ даласынан сыр шертетін шығарма екені де өтірік емес. Ата-баба арманын орындау мақсатында Дарабоз дилогиясы біз үшін шоқтығы биік туынды. Шығарма сонысымен де қымбат.







  1. Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет