Арамшөптермен күресудің химиялық әдісі. Ол гербицидтер қолдану арқылы жүзеге асырылады. Қазақстанда гербицидтерді егістердегі арамшөптерді құрту үшін бірінші рет 1954 жылы пайдаланды. Сол жылы гербицид 1300 гектар егіс алқабында, ал 1964 жылы ол 13 млн. гектардан астам егіс көлемінде қолданылды. Бірақта, кейінгі жылдары әр түрлі себептерге байланысты (ірі шаруашылықтардың тарап кетуі, кіші шаруашылықтардағы қаржы тапшылығы, гербицидтерді қолдану техникаларының қолдану жоқтығы және басқалар) гербицид қолданылатын егіс көлемі азайып кетті. Мұның өзі егістіктердің арамшөптермен қатты ластануына әкеліп соқтырды.
Арамшөптермен биологиялық әдіспен күрес. Арамшөптермен химиялық әдіс арқылы күресу өнімді және тиімді деп кеңінен қолданылғанмен, экологиялық тұрғыдан, яғни қоршаған табиғи ортаны қорғау жағынан алып қарағанда, оның көптеген зиянды жақтары бар. Сондықтан да кейінгі кезде ғалымдар арамшөптермен биологиялық әдіспен күресу жолдарын зерттеп іздестіруде.
Биологиялық күрес дегеніміз арамшөптердің табиғи жауларын, яғни насекомдарды, фитофагтарды, ауру таратқыш жәндіктерді, нематодаларды, саңырауқұлақтарды, вирустарды, бактерияларды оларға қарсы пайдалану. Мысалы, күнбағыс сұңғыласына қарсы фитомиза шыбыны қолданылады. Ол сұңғыланың 82-90 пайызын жояды.
Достарыңызбен бөлісу: |