Арман да, арман, шын арман


Дәрібайдың баласы Ыбрайымның



бет2/8
Дата17.06.2016
өлшемі2.45 Mb.
#142604
1   2   3   4   5   6   7   8
Дәрібайдың баласы Ыбрайымның

Қолында келген екен бұл сақталып.
Көз салдым жазуына кітапты ашып,

Түптеуі сырты ламбок тұр жымдасып.

Жазылған қауырсынмен бидай сия,

Баспадай әр харібі екен ашық.

Секілді сақарада көшірілген,

Сиясы тұр көңілге оны паш қып.

Қағаздың бір жері жоқ сия тамған,

Баспаға дегендейсің шыққан басып.


Кітапта мен ұқпайтын талай тіл бар,

Шықпаса түсіндіріп білген ділмар.

Кітапты жазып, құрап бекіткенше,

Бұған да бір қанша жыл өткен шығар.


Сифыры қарап тұрсам арапша екен,

Шешімі кейбірінің қазақша екен.

Бет саны мың екі жүз санап көрсем,

Алты жүз дәл он алты қағаз екен.


Жүрегім мұны көріп тағы айныды,

Бітірем өлең қылып қалай мұны.

Уфада Солтаншәріп хазіреттен

Оқыған Дәрібай молла талай жылы.


-----------------------------------

1 Ұпа –Уфа қаласы

2 Дәрібай молда - Уфада бір рет бес жыл және бір рет жеті жыл тұрған асқан оқымысты адам

Халықтың түрік тектес тарихы екен,

Аласың қайтіп тізіп санай мұны.

Мысалы Түрікпен, Башқұрт, Өзбек, Татар,

Барлығы тізіліпті қатар-қатар.

Ішінде қазақ тегін зерттемесем,

Сірә емес басқасына тісім батар.
Және бар Қалмақ пенен Қырғыз, Тәжік,

Жалықпай бітірді екен неғып жазып.

Барлығын өлең қылып шығу қиын.

Отыру барлығының тегін қазып.


Жазылған әрбірінің тіліменен,

Бірі жалғас сияқты біріменен.

Қайтіп жақсы жазуды ақылдасып,

Отырды ақсақалдар түніменен.


Көп адам бұл кітапты ақтарысты,

Әркім көмек етуге ат салысты.

“ – Майқының өзін ғана дастан етсең,

Сонда ғана болады нақ табысты.”


Құсайын қасыма кеп кітапты ашып,

Көрсетті Майқы бетін қолмен басып.

– Тәуекел, жүрексінбе балалық қып,

Көресіз жаза келе ақылдасып.

Айтқаны Құсайынның жөн екен деп,

Қосылды басқалары мақұлдасып.

“Майқы” деген бетті ашып үңілісіп,

Танитындар отырды жақындасып.


Ғажайып сызба қарита
Бұл жерде бір іс шықты таңғажайып,

Көргенде таңырқады көп қалайық.

Ішінді үш бүктеулі бір сызба бар,

Сызулы қарита екен көрсек жайып.


Сызуы таңғажайып өте шебер,

(Бар екен ғалымдарда не түрлі өнер).

Батыс, шығыс, оңтүстік, солтүстік деп.

Келтірген әшекейлеп неткен шөгел.

Байырғы қазақ жерін бейнелепті,

Үңіліп таңырқасып көрді көп ел.

Зеңгір тау, орманды өңір, бетпақ дала,

Бейнесін сызған екен дара-дара.

Дәрия – ағынды өзен ирең қағып,

Тізіліп он саусақтай сала-сала.

«Келтірген осыншалық өнері-ай» – деп,

Барлығы қарық болды тамашаға.


Халықтың жүргендігін көшіп-қонып,

Қызық іс ой жіберсең жатыр толып.

Өрісте жайылған қой, жатқан жылқы,

Бақташы малын бағып жүрген шолып,


Түйеге көшкен елі жүгін артып,

Шеберлер кім келтірсін бұдан артық.

Амурдан Сырға қарап көшкенінде

Келеді жасақ құрап шеру тартып.

Құралы қолындағы садақ, найза,

Келеді кейде ұйтқып, кейде шалқып.


Мысалы Амур дәрия Сырмен жалғас

Ел көшіп Қаратауға келгенде алғаш.

Өмірін үлы елінің нақ бейнелеп,

Осындай сызды деуге ешкім нанбас.


Бұл жайды толтырыпты бір бетіне

Қарасаң көз жіберіп суретіне.

Егерде басқа жұртта болса осылай,

Тарихтың сақтар еді-ау көрмесінде.

Боялған өң беріліп көкшіл рең,

Секілді қалқып жүрген көл бетінде.


Көрініс Мажиқыда [1] жиын ашқан,

Көрініп көл бетінде көңіл аспан.

Кеңесі ата-бабаң елестейді,

Әйгілі үш жұмысты ақылдасқан.


Тігулі үй отыр самсып көл жағалап,

Айналып суын ішіп мал жағалап.

Жайылып үйір-үйір жатқан малдар,

Үшып жүр көл бетінде көп шағалақ.

Кей жерде ауыл басы көшіп-қонып,

Секілді қонып жатқан жұрт жаңалап.


-----------------------------------

1 Мажиқыда – Мауранаһар өңіріндегі көл.


Байлаулы желі-желі жатқан бие,

Қаңқиып үй қасында тұрған түйе.

Тізіліп қосақ-қосақ қой сауылып

Барлығы келісіп тұр жүйе-жүйе.


Жастар жүр атпен шауып, салып ойнақ,

Қол сермеп қыз-келіншек күліп-ойнап:

Қыз қуып, лақ тартып, бәйге қосып,

Топ-топ боп жүрген бейне тойын тойлап.


Балалар тайға мініп жарысып жүр,

Кейбіреу жас құлынмен алысып жүр.

Тізіліп екі ауылдың ортасында,

Сылқылдап қыз-келіншек танысып жүр.


Аң қуған саятшылар бүркіт салып,

Көркімен көз тартады барлығы анық.

Жарысып тау басынан құлай шауып,

Түскенде аңды көріп бүркіт барып.

Қарқылдап мәз болысып дөң басында,

Түлкіні қанжығаға байлап алып.


Алдында тазылары сумаң қағып,

Жарысып иелері келеді ағып.

Керіліп түлкі қашып бара жатыр,

Жетесің дегендей-ақ маған нағып.

Тепеңдеп ат қарлығып ілесе алмай,

Кейбіреу бара жатыр жалбаң қағып,

Ішінде сол думанның жүргендей боп,

Қызықтап қалғандайсың көрсең бағып.


Кәрілер ақ үйлерден шығысып тұр,

Қасында бәйбішелер күлісіп тұр.

Үлкендер дөң басында малдас құрып,

Жөн сұрап кейбір жастан ұғысып жүр.


Барлығы қыстау-жайлау толық сызған,

Жаннаттай жазғы бейне толық думан.

Шалқыған сол кездегі ел өмірі,

Көрікті қызығымен толықсыған.

х х х

Мұны көріп екінші бетін аштық,



Көргеніміз бар болсын жаман састық.

Ел көрген шапқыншылық күйзелісті

Мына бет көрсетіп тұр бәрін паш қып.

Адамның жан жүйесін сескендіріп,

Жаугершілік күйзеліс көрген қастық.
Кей жерде малын тастап қашып жүрген,

Қашуға жөн таба алмай сасып жүрген.

Кей жерлерде көрсетіп жау көрініс

Мойнына садақтарын асып жүрген.


Жау қаптап, ауыл шауып талап жатқан,

Қамшылап әйелдерді сабап жатқан.

Бар малды қорадағы айдап шығып,

Қылышын арлы-бері жалаңдатқан.


Малдарын қора-қора айдап жатқан,

Тас қылып кейбіреуі байлап жатқан.

Ұйқыда бейғам кезде жау кеп басып,

Төгіліп нақақ қаны жайрап жатқан.


Тоз-тоз боп тұс-тұсына қашып жатқан,

Ордасын қаранор жау басып жатқан.

Орманға паналауға барған елді,

Алдынан өткізбей су тасып жатқан.


Бар малды олжалап жау алып жатқан,

Далада үйір-үйір қалып жатқан.

Жас бала, кәрі шал мен ақ шашты ана

Зар илеп өксіп жылап талып жатқан.


Малдарын өрістегі айдап алып,

Қапыда кейбіреуін байлап алып.

Күйзеліп күңіренген жас пен кәрі,

Білмей жүр күн көрерін қайда барып.


Далада кәрі мен жас қалып жатқан,

Қиналып жаралылар талып жатқан.

Деместен әйел мен ер кезі келсе,

Киімін жалаңаштап алып жатқан.

Далбаңдап, одыраңдап менменсініп,

Өзінің қосынына барып жатқан...

х х х

Үшінші және көрдік бетін ашып,



Айдынды түскен екен суреті ашық.

Жатқанын реттеліп елдің көрдік,

Бас қосып жиылысып, ұйымдасып.

Тоғайдың арасынан шыға келіп,

Ат ұстап, арпалысып, жан таласып.
Топталып тұс-тұсынан басын қосып,

Артынан жаудың қуып шықты жосып.

Туы бар қолдарында желбіреген,

Қалғандай айбынынан жауы шошып.


Азамат ер тұлғалы жас жігіттер,

Қараймыз суретіне боп үміткер.

Бергендей көз алдыңда жауға төтеп,

Десеміз қуанысып мынаны көр.


Жүрген бейне ап-айқын арпалысып,

Соғысып, қан төгісіп, қарсы алысып.

Қаруы- шоқпар, сойыл, садақ, найза,

Кейбіреу құлап жатыр аттан ұшып.

Үрейлі оқиғаны көз көргендей,

Кетіпті кей кәріден жас та ыршып.

Бейкүна ел, бейбіт өмір сорланатын,

Дүниеде болады екен мұндай қырсық.


Кей жерде бара жатыр жауды қуып,

Жалбаңдап қашып барад о да суыт.

Топтасып екі жағы соғысқанда,

Үрейлі оқиғалар тым қым-қуыт.


Шыққан күн арпалыста ұяға еніп,

Жарқ етіп аспандағы айда туып.

Бір жерде абыр-сабыр болысып жүр,

Айрып алып кеткен малын қуып.


Жау кетіп, өлген-өліп, қалған – алып,

Біріне бірі келіп атой салып.

Жиылып өліктерді жатыр жерлеп,

Басына төбешіктің алып барып.

Жау кетіп бейбіт заман қайта орнады,

“Кезек екі, тәңір бір” дейді халық.


Жиылып бала-шаға жылап-сықтап,

Құралып тығылғандар жаудан ықтап.

Лағнат шапқыншыға қарғыс айтып,

Тұрғандай бас изесіп бәрі құптап.


Қайта орнап бейбітшілік тыным алып,

Көргендей біз де мәзбіз мұны барып.

Тарихта бұрынғылар атайды екен,

“Кауірдің лаңы” деп мұны халық.

х х х

Атамыз Аннас, Еснас, Абусаққан,



Амурға келген көшіп Тәйіп жақтан.

Амурда екі ғасыр тұрған елді,

Талқан қып бейқам кезде Кауір шапқан.
Күшсізді күшті қорлап, шауып- шаншу,

Жалғасып келе жатыр әлмисақтан.

Осындай қысылтайаң ауыр күнде

Еріне ел тоқтайды ақыл тапқан.

Бірінші зор зобалаң осы дейді,

Отырмыз көріп жазып бір кітаптан.


Баласы Әбусақтың аты Ғапар,

Өткен жан дүниеде ғасыр жасап.

Ғақаптың бел баласы Махмұтқа,

Дана деп халқы сүйіп берген атақ.


Сондықтан атаныпты Махмұт дана,

Зерек боп жас кезінен өскен бала.

Көніпті екі айтқызбай пікіріне ел.

Жаратқан халық үшін қақ тағала.


Айтамыз кейінірек сөз жалғасын,

Жаманның кім құптайды далбасасын.

Айтармыз Махмұтты кейінірек,

Бұрайын мазмұнына сөз арнасын.


Кітаптың мазмұны
Қайтадан бүктеп қойдық мұны жауып,

Бір бетін Ыбырайым алды тауып.

Қарадық жабырласып жас баладай,

Қайтадан елдің көңілі соған ауып.


Кітаптың мазмұны екен сонда айтқаны,

Ұзартып онша сөзді ұлғайтпады.

Мазмұнын бұл кітаптың ұғу үшін,

Сондағы мынау екен бізге айтқаны.


Алдымен қайдан шыққан қазақ тегі,

Білгендер толықтасын болса кемі.

Қазақтың тегін әркім әр түрлі айтар,

Осыны ұғынудың тиер себі.

Әрбіреу өз ұққанын айтысып жүр,

Анықтар дәуір өзі келешегі...

х х х

Үш рет қопарылған қазақ халқы



Біріне –бірі жалғас емес жалқы.

Тарихты өткен өмір баяндаса,

Айтатын шежіреден халық салты.
Бірінші қазақ елін Кәуір шапқан,

Сондықтан батысқа ауған шығыс жақтан.

“Ақтабан шұбырынды” – бірінші осы,

Үш сапар қанды оқиға кешкен бастан.

Бұл бөлімнен бір неше тарау туып,

Бұлардың әрбіреуі бірер дастан

Шығарып оқиғадан қорытынды

Махмұт Мажиқыда жиын ашқан.

Елінің болашағын тәртіпке сап,

Ер екен адасқанда ақыл тапқан.


Екінші зор-зобалаң Шыңғыс кезі

Сөз болар кейінірек мұның өзі.

Ақыры үш ұлы іспен аяқтайды,

Недәуір молаңырақ болар сөзі.


Үшінші зор зобалаң Жұңғар екен,

Мұнда да бақ пен кезек сор бар екен.

Айрылып жермен судан телім болып,

Ақыры тапқан екен зорға мекен.


Кейін де талай-талай заман өтіп,

Мекені – сорлы қазақ қолдан кетіп,

Бодан боп екі ханға ел бөлініп,

Қазіргі заманаға келдік жетіп.


Бұл тарих үш бөлімге бөлінеді,

Осылай бұл кітапта көріледі.

Әр түрлі іс ел аузында таралып жүр,

Ми жұмсап түсінбесе не біледі.

х х х

Кітапты бастан-аяақ шықтық көріп,



Мазмұнын жоғарғыдай үшке бөліп.

Бірнеше әрбіреуі тарау екен,

Жазыпты қадағалап көңіл бөліп.
Бұл кітап әрі өлең әрі жазба,

Осыған жұмсаған ми, еңбек аз ба?

Қазанға бастыруға жіберелік,

“Бітір” деп үміт артты биыл жазға.

Іс бастап үлкендердің кеңесімен

Үй тікті Үйшілікте көгал сазға.


Құсайын, Ыбырайым мен Кәрмен келіп,

Әр жерде ақыл қосып дәрмен беріп.

Ішінде араб, парсы, шет тілдерді -

Аударды қазақшаға бәрін теріп.


Аударды Ыбырайым кітап тілін,

Көп оқып, адам еді алған білім.

Өлеңге аударуға міндеттеді,

Көрейін мен де сайрап жетсе тілім.

Құсайын хат жазуды міндетке алды,

Қалдырмай жазбақ болып бірде-бірін.


Осылай арқаладық ауыр істі,

Қата аударсақ халықтың дауы күшті.

Міндетпен үшеу ара [1] бөліп алдық,

Бір жазда бітірмек боп бұл жұмысты.



Бірінші бөлім
Қазақтың тегі туралы
Жамағат, көңіл қойып салсаң құлақ,

Жазайын аз әңгіме хаққа жылап.

Айтамын естіген мен ұққанымды,

Қоспаймын бөтен сөзді ойдан құрап.

Дәлдігін ұққан істің айтқан жақсы,

Жөні жоқ монтансудың сипап-сылап.

Қазақ кім, қай нәсілден жаралды деп? –

Біреуден біреу жөнін жүр ғой сұрап.

Бұл өзі ертек емес, кітап сөзі,

Көшірген бір неше адам басын құрап.

Мәнісін жоғарыда баяндадық,

Көбейіп, қайталасақ кетер ұзап.


------------------------------------------------

1 Үшеу ара – Жоғарыдағы үш ақын бітіре алмайтын болғандықтан, Әдікбай мен Қондыбай ақындар және қатынастырылыпты.


Кетейін мұны да айтып сөз басында,

Болса айып мен жауапты өз басымда.

Көпшілік қате жерін өзің түзет –

“Жатпайды қисық ағаш тез қасында.”


Кейбіреу қазақ тегі араб дейді,

Келіпті содан бері тарап дейді.

Нәсілі Ғакашаның Аннас рухы,

Таралды осы тектен қазақ дейді.


Кейбіреулер айтып жүр өзбек деп,

Әрбіреу апармақшы өзіне ептеп.

Бәрін де көрген жан жоқ, естіген көп,

Ел айтар пәлендерден естіп ем деп.


Аңызды ел ішінен сұрастырып,

Бірталай бұл туралы еттім еңбек.

Тарихты жазғандардан алып оқып,

Тырыстым дәл шындыққа жеткізем деп.

Кейбіреу алақашып арындап жүр,

Мен сенен қайтсем дағы көп білем деп.


Дәріптеп әр түрлі ойды таратып жүр,

Аузына момын елді қаратып жүр.

Мен ұқтым пәлендерден “шындық бұл” деп,

Әрбіреу әртүрлі айтып таласып жүр.

Көпшілік, сарапқа сал, өлше ойыңмен,

Демеймін еш біреуі адасып жүр.


Шығайын, тыңда жүртым жауап беріп,

Кетпеңіз, дәлелі кем сөзге еріп.

Көпке ортақ келелі іске пакт керек,

Қайсысы дұрыс десең өзіңде ерік.

Мынау деп кесіп айту жөн-ақ еді,

Отырсақ қолмен ұстап, көзбен көріп.

Алдымен араб деуші азаматтар [1],

Ми жұмсап мынаған көз жіберелік.


Ұстаған қақ пайғамбар іслам туын,

Ел өтті содан бері неше буын.

Отырмыз көп сынына сарапқа сап,

Тыңдаушым, алаң болмай сөзімді ұғын.

----------------------------------

1 Алдымен араб деуші азаматтар – Омар Қонашұлы бастағандар


Ғакаша пайғамбарға серік еді,

Расұлдың айтқанына сеніп еді.

«Алла бір, Құран – калам ақиқат» – деп,

Дініне ісламның еніп еді.

Көтеріп мәртабасын ықылас беріп,

Ақ туын Ғакашаға беріп еді.

Тарихын Әнбианың оқығандар,

Талайы мұны көзбен көріп еді.
Пайғамбар ісламның қорғаны ғой,

Қамқоршы үмбетінің қормалы ғой.

Қазақ тегі Ғакаша болған болса,

Сол кезде шын мұсылман болғаны ғой?


Бұл сырды халайықтың көбі білед,

Хақ дінге қазақ кірді кейінірек.

Туған күні мұсылман екеміз деп,

Еш адам тұра алмайды табан тіреп.

Кете ме араб болсақ тіл өзгеріп,

Азған жоқ, ісламның діні өзгеріп.

Мұсылман кейін қазақ болуы анық.

Қайтеміз жаңсақ айтқан біз сөзге еріп.

Бір нысан араб тектес бізде бар ма,

Қаншалық айтқан менен сөзге өң беріп.

Киізден туырлықты тігеміз деп,

Жармасты бір жағынан қалмақ келіп.


Берелік қысқа жауап қалмаққа осы,

Таласы – ұқсайды екен тіккен қосы.

Мал бағып сахарада өскен елдің,

Барлығы шәугім іліп, тіккен мосы.


Осының ойланайық бәрін талдап,

Демейік мынау арап, мынау қалмақ.

Бәріне дәлел менен факті керек,

Сендірмес жүйесіз сөз ешкімді алдап.

Күнәлі боп қайтеміз алла алдында

Біреуін біреуіне үзіп, жалғап.


Кей жанның ойы терең, сөзі сараң,

Анадан бір келкі боп тумайды адам.

Мұсылман нәсіліміз болуы анық,

Таралсақ Ғакаша атты сақабадан.


Өзбек туралы
Ұрқы екен өзібектің Шахнияз,

Бойында Алатаудың құрған сияз.

Қазақ біздің ұрқымыз десе керек,

“Өзі зордың сөзі құп” деген рас.

Одақтасып кәуірмен соғысқанда,

“Өзбекті - өз ағамыз” дедік рас.

Ханнаң ұрқы болуға құштарлықтан,

Бірден-бірге жалғасып қалған мирас.


Осы сөз жайылыпты елден елге,

Таралмауға тиісті құр бекерге,

Түсінбей ел бұған да қосылыпты,

Бас иген кез құл болып төрелерге.

Осы кез он бесінші ғасыр екен,

Осыған да нанама тірі пенде?

Қазақ бұрын жаралған талай ғасыр.

Тарихқа ойлана бер көз жібер де.


Қысқаша берер жауап осы ғана,

Араб, қалмақ, өзбек дегендерге,

Кейбіреу жүр тізілген қазға теңеп,

Қазақ болып қалғандай түсіп жерге.

Көңіліңді бөл, жамағат бұл кеңеске,

Мына бір іс түседі бірдем еске.

Шын құсқа келсе егер теңегісі,

Лайығы бәрінен де тырна емес пе?


Түрік туралы
Қазақтың дейді кітап [1] тегі түрік,

Ұғынуға тырысалық нақтап біліп.

Оқушым айып етпе біз пақырға,

Ағат сөз арасына кетсе кіріп.

Ұққанымды еліме жаюшымын,

Айтарсың әділдікпен өзің билік.

Бұл туралы айтысып жүгіністі,

Не данышпан ғалымдар – нелер жүйрік.

Тәйіпте [2] Аннас, Еснас өмір сүріп,

-----------------------

1 Кітап – рисалла- и тауарих кітабы айтылып отыр

2 Тәйіп – қала аты

Жасапты сахарада көшіп жүріп.

Мал бағу, жеміс теру, киік аулау,

Жоқ екен одан басқа еш тіршілік.

Таралып Аннас ұрхы Әбусақтан,

Баласы Әбусақтың Сақ Ғақаптан.

Баласы сол Ғақаптың Махмұттан,

Нәсілі ауызға алса етер мақтан.
Ол кезде іслам діні таралмаған,

Хандыққа басы байлы қарамаған.

Көшпенді сахарада халық екен,

Кемінде мың жыл бұрын жаңа эрадан.


Жаралып қазақ тегі мың жыл бұрын,

Тарихтың дәлел керек айтсаң сырын.

Тайыптан Аннас, Еснас шыққан екен,

Мұхаммет дүниеге келмес бұрын.


Мен өзім ғалым емес оқуым мол,

Қате айту ұғынбаса емес қой жол.

Бертінде қазақ дінге кіруі анық,

Шындыққа жүгінемін – қоямын қол.

Дін жөні бір тарауда сөз болады,

Тыңдаушым, бұл туралы мұқият бол.

Қылмайды халық тегі діннен парық,

Кетемін мына сөзді мысалға алып.

Үй тігіп, малын бағып, көшіп жүрді,

Мал бағып түрік тектес барлық халық.


Арабтан түрік кейін дінге кірген,

Тарихтың түсінеді жайын білген.

Басында қарсыласып қан төгісіп,

Дін тапты тәлім алып хақ расұлден.

Ол кезде Аннас тегі сахарада,

Мал бағып шығыс жақта кезіп жүрген.

Басында мекендепті Тәйіп шәрін,

Адам жоқ ол күнгіні көзбен көрген.


Тарихтан дәріс берген Сұлтаншәріп,

Данышпан ғалым еді дейді халық.

Таралып бүгінгіге жетті қазір,

Біреуден біреу көріп жазып алып.


Шәріптің тегі түрік ғалым еді,

Болғаны көп жыл ұстаз анық еді.

Атақты Қондыбайдың Дәрібайы,

Уфаға оқу үшін барып еді.

Оқыған он екі жыл мезгілінде,

Тарихтан содан сабақ алып еді.

Қауырсын қаламымен Дәкең жазып,

Бұл тарих содан бізге қалып еді.

Тұқымы Маккаридың Аннас, Еснас,

Жалғасқан сонан бергі тарих еді.


Аннастан оныншы ата аты Ғапар,

Кетуге тура келді атын атап.

Қалмақтың қысымымен ауған Сырға,

Тұқымы Амур бойын көп жыл жасап.


Баласы Сақ ғақаптың Махмұт дана,

Артықша жаратушы берген сана.

Қаратау Сырдың бойын мекендепті,

Қалмақпен сиыса алмай екеу ара.

Баласы Әбусақтың көп халық боп,

Тарапты дүниеге дара-дара.

Көшіп кеп Мажиқыда тұрақтапты.

Бойында ұлы жоспар боп нысана.

Жасақпен елін қорғап көшкен екен,

Лажысыз бұдан бөтен таппай шара.


Қалмақтың ел басшысы аты кауір,

Қысымы болған екен тым-ақ ауыр.

Ұрқымен Мажиқыға көшіп келіп,

Сол жерде елін қорғап болыпты ауыл.

Сол жерде басын қорғап елін жиып,

Мекенін Амурдағы қашты қиып.

Орнығып Сыр бойында көшіп жүрді,

Өзіне емін-еркін есе тиіп.


Бұл жерде елін қорғап жиын ашты,

Басқарып Махмұт дана болды басшы.

Шығарып осы орында жеті жарлық,

Қалайша атқаруды ақылдасты.

Берейін ұққанымша аз түсінік,

Тыңдаушым сөзіме қой ықыласты.

«Рисала-и тауарихтан» алды жазып.

Бір алла өзі білер қате-расты.

Ғасырдың сегізінші бас кезінде,

Қалдырған бізге жазып бұл мирасты.

Көшірдім ғалымдардың кітабынан,

Сөз емес анау-мынау алып қашты.


Осылай, тыңдаушылар, сөздің жәйі.

Мәнісін түсінбесең дерсің қайсы?

Көп істі Мажиқыда шешкендіктен,

Атанған Махмұт дана болып Майқы.

Майқы деп Мажиқыны кеткен халық,

Мұндай іс тарихта көп, емес сайқы


Ежелден көшіп өткен біздің халық,

Болса да бізге қате, көргенге анық.

Мал айдап қысы-жазы көшіп жүру,

Аннастан - арғы атадан қалған тарих.

Дамыған өнер-білім жүре-жүре,

Біреуден біреу біліп ғибрат алып.


Қазақтың шыққан жері Тайып дейді,

Тура айтпау естігенді айып дейді.

Кейбіреу бұл тарихты қате десе,

Кейбіреу шындыққа осы лайық дейді.


Айтайын сөздің мәнін қысқасынан,

Ұғылса түсінікті іс басынан.

Аудардым Дәрібайдың кітабынан,

«Рисала-и тауарихтың» нұсқасынан.


Дүниенің өттің талай белеңінен,

Еліне ер танылар өнерімен.

Аузына ап жастар жүрсін Майқы атасын,

Жазайын бір тарауын өлеңменен.


Қайтеміз өнбес іске құр таласып,

Көрейік ақиқатпен бір санасып.

Атанған Махмұт дана атам Майқы,

Сөйлейін біраз жайын болса нәсіп.


Даңғыл жол, сүрдек емес, айқын жатса,

Жолынан кім айыпты кетсе адасып.

Жүргенде жиһан кезіп құрып сауық,

Біліммен ел құраған ақыл тауып,

Мал бағып ен далада кезіп жүріп,

Келіппіз бір мезгілде шығысқа ауып.


Сиғызбай шығысқа да орын бермей,

Қуыпты тағы бізді қалмақ шауып.

Өнерсіз әлсіздіктің салдарынан,

Сескеніп көрінгеннен қылып қауіп.


Кетіппіз одан шығып сырға қарап,

Босатып теңіз бойын қырға қарап.

Әлсізді әлді жеген дәуір бопты,

Айтайын ұққанымды тыңда, қарақ!

Бақытқа осы кезде Майқы туып,

Соңғыға қалған екен содан сорап.

Өзі есті, өзі батыр, данышпан боп,

Өзіне алла берген таудай талап.


Жол салған кейінгіге Майқы атамыз,

Осыдан үлгі алмаған қайсы атамыз.

Жол-жосық одан бұрын кемшіл екен,

Бұлтарып оның несін тайсанамыз.


Тұрақтап орда құрып орнық деген,

Көп кезіп сахараны болдық деген.

Ел болып біздағы бір жол табалық,

Өнерсіз іс өнбейді қол көшпенен.


Тұрақтап орнық деген қала салып,

Қалмақпен жауласпалық жарасалық.

Келісіп екі араға бітім жасап,

Ұсталық арамызды ауаша қып.

Тиімді болашаққа үлгі болсын,

Бір ереже шығаралық тамаша қып.

Бұл сөзді іс жүзіне асыралық,

Бойына Сырдәрия бара салып.


Алдымен алты арысты жүзге бөліп,

Әділ жол ел басқарар ізденелік.

Үш жүзге Мәжиқыда елін бөліп,

Орнықты Сыр бойына күзде келіп.


Қыпшақ би ұлыжүздің болған басы,

Ел бермес Қобыланды жан жолдасы.

Мөлшерлеп орталыққа Орда тауын,

Тігілді осы орынға ел ордасы.


Сайлады орта жүзге Көсем биді, [1]

Жан екен өте зерек, шешен, милы.

Қолбасы Дәулеткелді батыр [2] болып,

Маңына өзіне тән елін жиды.

Атанған заманынан сайыпқыран,

Өнерге жетік екен неше түрлі.
Бас болды кіші жүзге Жалменде би,

Көрсетті қадір тұтып халқы да си.

Қолбасы Қолқа [3] сынды батыр болып,

Бар екен қол астында екі мың үй.


Жасағы әрбірінің мыңнан асып,

Тәртібін ел қорғаудың ұстады ашық.

Үш жүздің ел басшысы Майқы болды,

Силады жұрт кеңесіп ақылдасып.


Төле би осы орданың басы болып,

Ақылға жеткен кезі жасы толып.

Ел болып өз алдына жол шығарды,

Басына Майқы атаның бақыт қонып.


Араптан сол бір кезде өнеге алып,

Нәр алып жан азығы – көмек алып.

Араптың орталығы Бағыдатта,

Оқыған он екі жыл Төле барып.


Естанай қатарында болған екен,

Оқыған қатарында ере барып.

Бытырап сахарада жүргендіктен,

Солардан басқарыпты ереже алып.

Жылына ел ішіне бір рет кеп,

Өнеге оқығаннан келеді алып.

Сайлаған ордабасы себебі осы,

Екеуі осы кезде келе қалып.

Ұзын сөз айта берсе жатыр толып,

Кетейін қысқа-қысқа басын шолып.

Ісіміз жөн, жолымыз дұрыс десіп,

Жалауы белгіленді ақ ту болып.


-------------------------------------------------------

1 Көсем бидің – тағы бір аты Мұхамметхан делінеді екен.

2 Дәулеткелді батыр – Қобыландының (жаубермес Қобыландының) ұлы.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет