АҚселеу сейдімбеков елтұТҚа тұмар



бет6/13
Дата16.06.2016
өлшемі0.98 Mb.
#139840
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   13

ӨТЕҒҰЛҰЛЫ ӨТЕГЕН

Өтеғұлұлы Өтеген (1699- 1773) – XVIII ғасырдың бірінші жартысында жоңғар басқыншылығына қарсы күрескен қазақ батыры. Шыққан тегі – Ұлы жүз Дулат тайпасының Жаныс руынан. Өтегеннің ата-бабалары да есімдері елге танылған батырлар болған. Бабасы Сырымбет қазақ ханы Салқам Жәңгірдің Самарқан әмірі Жалаңтөспен бірігіп, жоңғардың 50 мың әскерін талқандайтын әйгілі шайқасына қатысқан батыр. Өз әкесі Өтеғұл да талай қанды жорықты бастан кешкен батыр адам болған. Шешесі Нұрбала атақты Қордай батырдың немересі екен. Осындай тектілерден жаралған Өтеген де 15 жасында-ақ есімі елге танылып, батыр атанады. Оның Тарпаң есімді баласы мен Шаншар атты немересі де ел қорғап, жат жерліктерге найза түйреген белгілі батырлар. Өтеген батыр жөнінде ел аузында аңызға бергісіз әңгімелер көп сақталған. Солардың біразы Сүйінбай мен Жамбыл секілді жыр алыптарының да дастандарына арқау болған. Ел оның есімін әулие тұтып, қос мүйізі бар киелі деп біледі. Жамбыл Жабаевтың: «Қасара біткен маңдайдан, жан еді қос мүйізді» - деп жырлап, оны батырлықтың белгісі ретінде тануы да содан. Өтеген батырдың өмір жолын үш кезеңге бөліп қарауға болатын секілді. Оның бірі - Бұхара медресесін бітірген ғұлама ретінде ел ішінде хазірет атанған кезі. Екнішісі - батырдың елді «ақтабан шұбырындыға» ұшыратқан жоңғар басқыншыларына қарсы күресі. Ол күресте ерлігімен көзге түсіп, батыр атанған. Үшіншісі – жоңғарлардың 1734 жылғы екінші қайтар соққысынан кейін оңтүстік қазақтары қатты күйзеліске ұшырағанда, Төле бидің жау өтінен шалғай жерден қоныс іздеуге жіберіп, елге жайлы, малға қолайлы жер іздейтін кезі. Өтеген батыр мен Райымбек батыр екеуі жауға бірге шапқан замандас кісілер екен. Райымбек бірде Өтегенге : «өлгенде сен су астында қаласың» деген екен. Әулиенің сол айтқаны дәл келіп, 1973 жылы Қапшағай су қоймасы салынғанда, Өтеген батырдың бейіті су астында қалатын болады. Бірақ батырдың ұрпақтары бұдан ертерек хабарлап, қам жасап, батыр бабаларының сүйегін алып, Өтеген ауылына әкеп қайта жерлейді. Батырдың кезінде өзі тұтынған біраз мүлкі сақталған. Солардың бірі – Абылай ханның жез тегенесі. Оны Абылай хан Өтегенге кезінде өзі сыйлаған екен.

БЕРДӘУЛЕТҰЛЫ ЖӘНІБЕК

Бердәулетұлы Жәнібек (XVIII) - жоңғар басқыншылығына қарсы шайқаста аты шыққан, Абылай хан мен Қаракерей Қабанбай батыр бастаған қазақ қолының алғы шебінде жүрген айбынды батырлардың бірі. Шыққан тегі – Орта жүздің Керей тайпасынан. Соған орай халық оны сол заманның аты шыққан әйгілі батыры Шақшақ Жәнібекпен шатастырмас үшін «Крей Жәнібек» деп атап кеткен. Жәнібек әкесі Бердәулет ерте қайтыс болып кеткендіктен, нағашысы қазақтың атақты үш биінің бірі – Қаз дауысты Қазыбек бидің тәрбиесінде болады. «Кісі болар жігітті кісесінен, кісі болмас жігітті мүшесінен таниды» дегендей. Қазыбек би жиенінің көзінде оты, көкірегінде сәулесі барын көріп, оны кішкентай күнінен ел басқару жұмысына тәрбиелейді. Он сегізге жасы жетіп, күш-қайраты толған кезінде Жәнібек жауға аттанып бара жатқан жасанды қолды көріп, Қазыбектен жорыққа аттануға бата сұрайды. Қазыбек: «Қарағым, өзгеге берген батамды өзіңнен неге аяйын. Ер азамат қылып өсіріп, ел-жұртыңа қосайын деп едім. Жасыңа жетпей, жау тілеме» дейді. Бұған риза болмаған Жәнібек: «Он сегізге келгенше , жігіт болып жетіле алмады дегеніңіз бе? Желкілдеген тудан, жер қайысқан қолдан қалдырғанда, от басын айналдырған көбелектей көргеніңіз бе?» деп наразылық білдіреді. Сонда Қазыбек: «қой, рұқсат бермесем, құса болып өліп кетер, не қолға рұқсатсыз еріп кетер» деп ойлап, «Қол басқарсаң, жолың киелі болсын! Ел басқарсаң, сөзің жүйелі болсын!» деп батасын береді. Ұлы атасының ықыласымен берген батасы қабыл болып, Жәнібек жолы киелі қолбасшы, сөзі жүйелі ел басшысы атанады. Жәнібек батырдың өмір жолын екі кезеңге бөліп қарастыруға болады. Оның бірі – батырдың жоңғар басқыншыларына қарсы күресіп, сан шайқасты бастан кешірген батырлық, қолбасылық өмірі. Екіншісі – жаудан азат етілген жерге елін бастап барып, орналастыруы, ел бірлігінің бұзылмауы жолында тер төккен басшылық өмірі. Ол халықтың жадында қол бастаған аруақты батыр, ел басқаруда әділ басшы болып қалды. Өзі иелік еткен Абақ керей елі оның атын ұранға айналдырды.
САРТҰЛЫ ҚОЙГЕЛДІ

Сартұлы Қойгелді (1702-1795) – жоңғар басқыншыларына қарсы азаттық күресінде қол бастаған атақты қол басшылардың бірі. Шыққан тегі – Ұлы жүздің Дулат тайпасының Шымыр руынан. Әкесі Қойгелдіні жеті жасында Бұхара медресесіне оқуға береді. Ол сонда он жыл білім алып, елге діни сауаты мол білікті азамат болып оралады. Оның ел ішінде хазірет атануы да содан. Бірақ жаугершілік аман, ел басына түскен ауыр жағдай Қойгелдіні еріксіз хазіреттің сәлдесін тастап, сауыт киюге, тәспиығын тастап, найза ұстауға мәжбүр етеді. Қойгелдінің бүкіл өмірі, тағдыры Ұлы жүз елінің басшысы, қазақтың атақты биі – Төле бимен ажырата алмастай тығыз байланыста өтеді. Ұлы бидің сенімді серігі, жауға жұмсар батыры болған. Бұл ретте Төленің өмірін жазған Қазанғап: «Сол күндерде хазірет, Сарттың ұлы Қойгелді, Төледен кейін бастаған, Ұлы жүзді сол еді» дейді. Сондай-ақ « Төле би келмей жүріс жоқ, Қойгелді келмей ұрыс жоқ» деген, ел аузында сақталып, мақалға айналған ескі сөз де сол бір аласапыран кезеңде айтулы екі тарихи тұлғаның ел тағдырын шешуде қандай оырн алғанын айғақтап тұрғандай. Қойгелді әуелде батырлығымен аты шығады. Түрлі шайқаста жекпе-жек шыққанда жеңіліс көрмей, жоңғардың тоғыз батырын өлтіріп, қазақ қолын жеңіске рухтандырған ерлігі ел аузында аңызға айналған. Кейін сардар болып, қол басқарғанда да ол әскери соғыс тәсілін жетік меңгерген басшы ретінде сарбаздарын жеңістен жеңіске ұмтылдырып, үлкен қолбасшылық қабілетін танытады. Атақты Аңырақай соғысына Қойгелдімен бірге оның екі інісі Қожық пен Ақша бірнеше рет жекпе жекке шығып, жаудың бірнеше батырын өлтірсе, Қожық Ұлы жүз қолының ту ұстаушысы болады. Баласы 13 жасар Қарабатыр қаптама соғыста ауыр жараланып, ататн түсіп қалған ағасы Ақша батырды қашан әкесі Қойгелді келіп алып шыққанша жауға бермей қорғап тұрады. Қойгелді қолбасшы ретінде Жетісу жері жаудан азат етілгенше жүргізілген соғыстардың бәріне қатысады. Кейін елді жаудан тазартылған жерге орналастыруда да үлкен еңбек сіңіреді. Кешегі Кеңес дәуірінде Қойгелдіні орыс керуенін тонаушы қарақшы ретінде көрсетіп келді. Соның салқыны оның кейінгі ұрпағына да тиіп, 1937 жылы олардың біразы «халық жауы» аталып, атылып, айдалып кетеді. Шындығына келгенде, Қойгелдінің керуен тонағаны да, кейін Төле би мен Шақшақ Жәнібек батырдың араласуымен орыс патшасының өкілі Карл Миллерге керуен шығынына мал беріп, төлегені де рас. Бірақ ол не қылған керуен еді. Мәселе осында. Ол – орыс патшасының қазақ жері арқылы жоңғар басқыншыларына жасырын қару-жарақ тиеп алып бара жатқан керуені еді. Кейін 1756 - 1758 жылдардағы атамекенді жоңғакрлардан тазарту жолындағы ақтық айқастарда осы орыс мылтықтары қазақ жауынгерлерінің қолында «сөйлеп», жеңіс туының желбіреуіне үлес қосқаны белгілі. Қойгелді батыр 93 жасқа келіп, туған жерінде өз ажалынан қайтыс болған. Денесі сол кездің дәстүрі бойынша Түркістанға жерленген.
ҚОЖАҒҰЛҰЛЫ ҚАБАНБАЙ

Қожағұлұлы Қабанбай (1703-1781) – жоңғар басқыншыларына қарсы күресті ұйымдастырушылардың бірі, қазақтың біріккен қолының Бас қолбасшысы, жекпе-жекте жеңіліп көрмеген халық қаһарманы. Шыққан тегі – Орта жүдің Найман тайпасының Қаракерей руынан, ел азаттығы жолында күрескен киелі батырлар әулетінен. Оның атасы Мәмбет те, әкесі Қожағұл да, Қожағұлдың ағасы Күшік те өз заманының аты шыққан батырлар болған. Ел ауызындағы әңгімелер дерегіне қарағанда, Күшік батыр Еңсегей бойлы Ер Есімнің Ташкентті алатын соғысына қатысып, сол Тұрсын хан өлген жылы жамбасына улы найзаның ұшы тиіп, 25 жасында қайтыс болады. Қабанбай батыр әйгілі «Ақтабан шұбырындыдан» кейінгі айтулы ірі шайқастардың бәріне қатысқан. «Хан батыры», «Дарабоз» деген атақтарға ие болған. Сан рет шайқас алдындағы жекпе-жекке шығып, бәрінде жаудың үміткер батырларын жер жастандырып, жауынгерлерін жеңіске рухтандырып отырған. Халқы оны «Қаракерей Қабанбай» деп ардақ тұтып, есімін жырға бөлеп, ұрпақтан ұрпаққа жеткізген. Абылай хан дәуіріндегі қазақтың ең соңғы әскери ірі қақтығысы 1770 жылғы қазақ-қырғыз соғысы. Бұл – осы соғысқа қатысқан Қабанбай батырдың да ерлік жолының соңғы белесі. Халық арасында Қаракерей Қабанбай батыр жөнінде аңыз-әңгімелер, жыр-дастандар өте көп. Бұған керісінше тарихи құжаттарда Қабанбай батырдың 1740-1762 жылдардағы өмірі ғана көрінеді. Бұл кезде оның есімі ел арасының бітімгершілігінде жүрген дана, би ретінде айтылады. Қабанбайдың Үмбетай, Кішкентай, Сырымбет, Едіге, Байтық, Мойнақ, Әлі деген жеті ұлы болған. Оларды «Жеті Қабанбай» деп атайды. Осының Әлісі жоңғардың соңғы ханы Әмірсананың Мәней деген қызына үйленіп, одан бес перзент көреді. Оларды шешесінің атымен «Бес Мәней» дейді. Батырдың ұрпақтары бұл күнде Шығыс Қазақстан, Алматы облыстарының жерінде мекендегенімен, олардың арғы аталары оңтүстік жақтан ауып келіп, Есіл, Нұра бойын қоныс еткен. Бұл өңірдің 1728-1762 жылдар аралығында батырдың да құтты мекені болғаны белгілі. Қайтыс болғаннан кейін, Қаракерей Қабанбайдың денесі осы атамекеніне әкеп жерленген керей Қабанбайдың денесі осы ата мекеніне әкеп жерленген көрінеді. Елі жақында аяулы батырының басына сәулетті күмбез орнатты.

НАЙМАНТАЙҰЛЫ БАЙҒОЗЫ

Наймантайұлы Байғозы (1705-1803) - қазақ халқының елдігі мен еркіндігін қорғау жолында жоңғар шапқыншылығына қарсы жүргізілген Ұлы Отан соғысында ерен ерліктер жасап, исі қазаққа даңқы жайылған батырлардың бірі. Байғозы батырдың туып өскен жері Арқаның Ортау, Қызылтау деп аталатын сілемді тауларының арасы. Топырақ бұйырған жері Қарағанды облысының Жаңарқа және шет аудандарының жапсырындағы Жаман Сарысу өзенінің бойы. Батырдың бейіті тұрған жер «Батыр басы» деп аталады. Байғозы батырдың шыққан тегі Орта жүздің ноқта ағасы Тарақты руынан. Шежіре дерегі бойынша 12 ата тарақтының бір атасы Қыдыр болса, одан Қаржау , одан Есенкелді, одан Сүтемген, одан Наймантай батыр, одан Байғозы батыр туған. Байғозы батырдың шешесі Шолпан Кіші жүздің жеті руын билеген тархан Есет батырдың (1667-1749) туған қарындасы. Тәуке ханның бас батырларының бірі болған Наймантай (сүйегі Ахмет Яссауи кесенесіндегі қорымда) баласы Байғозыны жауынгерлікке өзі баулып, әкелі – балалы батырлардың даңқы жоңғар шапқыншылығына қарсы азаттық күресінде қатар шыққан. Халық жырларында:

«Қолында қамшысы бар айбалтадай,


Батыл бол батыр болсаң Наймантайдай»
«Тарақты да Байғозы,
Бұ да асқан ер еді.
Ел шетіне жау кесе,
Мен барайын дер еді» - деп айтылады.

Қазақ пен қалмақ жасақтарының арасында болған Бұланты, Қарасире, Талқы, Қозымаңырақ, Қалба, Терісаққан, Аңырақай, Хантау, Қызылтау, Ерейментау,Түркістан, Қарқаралы, Ыстық көл шайқастарының Байғозы батыр бел ортасында болып, ерен ерліктер көрсеткен. Ол ерліктердің небір ғажайып оқиғалары Шоқан Уәлихановтың, Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің еңбектерінде, Жанақ, Шөже сияқты ақын-жыраулардың жыр – толғауларында кездеседі. Қан майданда талай-талай сыннан өткен Байғозы батыр Абылай ханның ту ұстаушы батырларының бірі болған. Шоқан Уәлиханов XVIII ғасырдың батырларына арналған очеркінде Жәнібек, Баян, Жанатай сияқты әйгілі батырлармен бірге Байғозы батырдың да ерліктерін қызықты баяндайды. Ауызша, жазбаша жеткен тарихи деректерге сүйене отырып, академик Р.Б.Сүлейменов пен тарихшы ғалым Р.В.Мойсеев былай дейді: «Алғашқыда жоңғарлармен, кейін манжүр-қытай жаушылармен күрес барысында Бөгенбай, Малайсары, Жәнібек, Баян,Байғозы, Жанатай, Оразымбет, Тұрсынай сияқты ержүрек батырлардың , білікті әскер басылардың қалың легі ел ішінен суырылып шықты». Байғозы батыр өз кезінде Болат, Әбілмәмбет, Әбілқайыр, Абылай сияқты хандардың алдын көрді; Төле, Қазыбек, Едіге, Бұхар сияқты би жыраулардың ұлағатты сөзін естіді; Бөгенбай, Қабанбай, Жәнібек, Жанатай сияқты батырлардан тәлім алды; Керней, Жарылғап, Әлтеке Жидебай, Шанышқылы Бердіқожа, Шапырашты Наурызбай сияқты батырлармен төс тигізген дос болды. Байғозы батырдың Баяу деп аталатын жақын әпкесінен Қанжығалы Бөгенбай батыр туады. Сондай-ақ Байғозы батырдың Шәкі деген немере қызынан әйгілі қобызшы Ықылас Дүкенұлы туса, батырдың өз кіндігінен туған Қойсана деген қызы Шұбыртпалы Ағыбай батырдың туған анасы. Белгілі тұлғалардың өміріне қатысты мұндай деректер де елдік тарихтың қызықты беттері болып табылады. Байғозы батырдың ұрпағы өсіп-өнген, қазір Қарағанды, Ақмола, Жамбыл, Шымкент облыстарында көптеп кездеседі. Солардың бірі батырдың алтыншы ұрпағы, белгілі жазушы, филология ғылымының докторы Ақселеу Сейдімбек.



ХАНГЕЛДІҰЛЫ РАЙЫМБЕК

Хангелдіұлы Райымбек (1705-?) – жоңғар басқыншыларына қарсы күрескен қазақ батыры. Шыққан тегі – Ұлы жүздің Албан тайпасының Әлжан руынан. Кейінгі деректерде «Хангелді Райымбек» деп аталғанымен, Хангелді Райымбектің әкесі емес, атасы. Әкесі - Хангелдінің кенже ұлы Түке. Бұл ретте ел аузында мынадай аңыз сақталған. Хангелді батыр өз кіндігінен тараған төрт ұлын сынамақ болып, күздің қара суығында балаларын киіз үйдің сыртына жатқызады. Содан соң өзі ерте тұрып, ұйықтап жатқан балаларын сынайды. Кеуде түгі қырауланып жатқан үлкенін «батыр болады екен» деп, бүркеніп жатқан ортаншысын «момын, шаруажай болады екен» деп, бір бетін ашып, бір бетін бүркеп жатқан келесі ұлын «ағайынға ақыл айтар болады екен» деп сынап, басын, кеудесін бүркеп, төменгі жағын ашып тастап жатқан кенжесі Түкеге келгенде «ұятын қымтап, әбиірін жаппаған бұл кімге абырой әперер дейсің» деп түңіліп, басын шаппақ болғанда, қасындағы бәйбішесі: « бұл баланы өлтірме, қайта жақсы жерден таңдап, қыз әпер, тұқымы асыл туады, ұрпағынан батыр шығады» деп тоқтатады. Анасының айтқаны ақиқатқа айналып, Түкеден аты бүкіл Албанға ұран болған атақты батыр Райымбек туады. Кейбір зерттеушілер кешегі Кеңестік дәуірде Райымбекті Ұлы жүз елін Россияға қосуға елеулі үлес қосқан атасының ісін жалғастырушы тікелей мұрагері етіп көрсету үшін сол кездегі құжаттардың бәріне «Райымбек Хангелдіұлы» деп толтырылған дегенді айтады. 

Райымбек заманында ұйымдастыру қабілеті жоғары, сарбаздарын жеңіске жігерлендіре білген қазақтың білікті қолбасшысының бірі болған. Жан беріп, жан алысқан жаугершілікті заманда аяқ астынан күтпеген қиындықтар пайда болып, қалың қол тығырыққа тіреліп, не істеу керектігін білмей тұрғанда қолбасшы Райымбектің қиналмай жол тауып, әскерді аман алып шыққан талай ерліктері ел есінде сақталып қалған. Солардың бірі қамалып келіп қалған қалмақ қолынан ығысып барып, жауынгерлері буырқанып тасып жатқан Ілеге тіреліп, не істерін білмей тұрғанда қолбасшы Райымбектің көзсіз ерлікке барып, әскерін өзеннен аман өткізуі. Райымбектің үнемі Ұлы жүз қолының атақты батырларымен тізе біріктіре отырып, атамекенді жаудан тазартудағы ерліктері – ұрпаққа үлгі боларлықтай. Ол талай рет шағын топпен жау шебіне баырп, тосыннан тиісіп, қарсы жақты ойран-топан етіп отырған. Оның ерекше көзге түсіп, ерен батырлығын танытқан «Ойрантөбе шайқасы» сондай шабуылдарының бірі ғана. «Ақтабан шұбырынды» кезінде жау қолын бөгеп, босқан елдің қырғынға ұшырамай, аман құтылып кетуіне мүмкіндік жасаудан басталған батырдың ерлік жолы Жетісу жері азат етіліп, жоңғарларды Тұрпаннан асыра қуған жеңіс жолына үзіліссіз келіп жалғасады. Ол осы кездердің бәрінде аттан түспей, қарулас серіктерімен бірге талай шайқастарды бастан өткізеді. Райымбек батыр жөнінде аңыз-әңгімелер, жыр-дастандар көп. Солардың бәрінде Райымбекті «Әулие» деп атайды. Тасып жатқан дариядан әскерін аман өткізуі, сусыз жерден су шығаруы, болашақты болжаған көріпкелдік іс-әрекеттері оның ел есінде осы атағымен сақталуына мүмкіндік берген болса керек. Мүйізді Өтеген батыр бірде Райымбекке: « сен өлгенде шудың астында қаласың» деген екен. Сол сөз шындыққа шығып, батырдың мазары бұл күнде бұрынғы Ұлы Жібек жолының бойындағы, қазіргі Алматының ең шулы көшесінің жиегінде тұр.



ҚҰТТЫМБЕТҰЛЫ НАУРЫЗБАЙ
Құттымбет (Құтпанбет) ұлы Наурызбай (1706-1781) жоңғар басқыншыларына қарсы күресте аты шыққан атақты батырлардың бірі, белгілі қолбасшы. Шыққан тегі Ұлы жүздің Шапырашты тайпасының Асыл руынан. Мекені Алматы қаласы маңындағы Жалпақтөс, Серіктас деген жерлер.

Ел басына түскен ауыртпалық өзге замандастары сияқты Наурызбайды да ерте есейтеді. Оның ересектер қатарына қосылуына нар тұлғалы алып денесі де септігін тигізген сияқты. Халық жадында оның «Торы ала тұлпарды, түйе тұрпатты» батыр бейнесінде қалуы да содан.

Наурызбайдың өмірі жоңғарларға қарсы күресте өтеді. Ол атақты Аңырақай шайқасына қатысып, жиырма үш жасында қалмақ батырлары Шамалхан мен Қаскелеңді жекпе жекте өлтіріп, батыр атанады. Батырдың ерлігіне риза болған елі: «Наурызбайдың екпіні таудан асқан тасқындай. Қалмақты қойдай қырады, оттан судан тартынбай. Тор ала тұлпар астында, шойын шоқпар қолында. Түйе тұрпатты тұтқыр ер, оңды солды ұрады» деп, оның атын жырға қосып, мақтан тұтады.

Аңырақай шайқасы қазақ қауымы біріксе, жоңғарларды жеңетінін, жау қолында қалған жерді азат етуге болатынын анық көрсетіп береді. Абылай Арқаға барғаннан кейін тұс-тұсқа жаушы жіберіп, жаңа күш топтайды. Осыған Ұлы жүзден Өтеген, Райымбек, Наурызбай секілді батырларды шақырады. Райымбек бара алмай қалады, Өтеген мен Наурызбай жауынгерлерін ертіп, мерзімді уақытында жетеді. Бірақ кейін Өтеген батыр Абылайдың Қытаймен жасаған қарым-қатынасының саяси мәніне түсінбей, оған қарсы болып, еліне қайтып кетеді. Ал Наурызбай Абылайдың қасында болып, оның сенім артар атақты батырлардың біріне айналды.

Қол бастап талай шайқасқа қатысқан Наурызбай батыр 1750-1752 жылдары Бәсентиін Малайсары, Қыстық Малай, Шапырашты Қасқары батырлармен бірге тізе қоса қимылдап, қазақ қолының жеңісті жолын жалғастырып, жоңғарларды Тұрпаннан асыра қуып тастайды.

Жоңғар басқыншыларына қарсы азаттық соғысына Наурызбайдың өзімен бірге Құдайберген, Шолпан, Дүйсен деген бауырлары да қатысады. Бірақ олардың бәрі де жау қолынан қаза табады.



ТОЛЫБАЙҰЛЫ ОЛЖАБАЙ
Толыбайұлы Олжабай (1709-!783) - жоңғар басқыншылығына қарсы күрескен қазақтың атақты батырларының бірі. Шыққан тегі - Орта жүздің Арғын тайпасынан.

Олжабайдың арғы атасы Айдабол он үш жасында би болған. Осы Айдаболдың үш әйелінің бәйбішесінен - Жанқозы, Малқозы, Кенжеқозы, ортаншы әйелінен Қарақозы, Бозқозы, Аққозы, тоқалынан - Қожагелді мен Тайкелтір туады. Балаларының бәрі де «сен тұр, мен атайын» әрі шешен, әрі батыр болып өседі. Жалғыз-ақ бәйбішесінің Кенжеқозысы қыршын жас кезінде өліп, айттырып қойған қызы оң жақта жесір қалады. Ол үйсін Қаратай батырдың қызы екен. Әкесі осы қызды тоқалдан туған Тайкелтірге алып берем дегенде, Жанқозы: «кіндіктесімнің жесірін тоқалдың баласына алдырмаймын» деп, зорлықпен қызды інісі Малқозының баласы Толыбайға алып береді. Осы Қаратай батырдың қызынан Олжабай туады.

Әкесі Толыбай атақты «Ақтабан шұбырындыда» босқан елді жау өтінен қорғап жүргенде оққа ұшады. Осы кезде он үшке жаңа толған Олжабай нағашысы Қаратай батырдың қолына барып, сонда тәрбиеленеді.

Халықтың шежірелерінде, ауызша әңгімелерінде Олжабай туралы өте көп айтылады, өлең жыр, дастандар да баршылық. Онда Олжабайдың батырлығы, тапқырлығы, мергендігі ерен сүйіспеншілікпен сөз болады.

Оның есімі он сан орта жүзге ұран болған. Халық жырларында: «Олжабайлап» жауға шапқанның жеңбейтіні болмаған. Үрей туғызатын ұранды пайдаланып, өзгелердің де жауға «Олжабайлап» шабатын кездері болған көрінеді.

Қабанбай, Бөгенбай, Малайсары секілді батырлармен бірге тізе қоса отырып, ата жауға қарсы талай жорыққа қатысқан. Оның ерлігінің ерекше көрінетін жері Баянауылда баурайындағы қалмақтармен болған шайқасы. Осында Олжабай жиені Жасыбаймен бірге қалмақтардың жолын тосып жатады. Жасыбай жасағымен Шойынкөлге өтетін асудың аузында, Олжабай Торайғыр көліне өтетін асудың аузында жатып, жау қолын күтеді. Бұлардың жол тосып жатқанын қалмақтар да біліп, қапысын тауып, Жасыбай қолына тосынан келіп тиіседі. Жасыбай осы шайқаста қаза табады.

Жау келгенінен хабарланған Олжабай көмекке ұмтылады. Ол жауды қоршап алып, таудың бір қуысына тығып қойып қойдай қырады. Сонда Олжабайдың сұсын көрген жолдасы Төрткул Баймұрат батыр: « Енді сен дем ал, мұнда саған қарсы келер ешкім қалған жоқ. Қалған құтқаны болса, маған сауға бермейсің бе» деп, атының сулығынан ұстағанда, Олжабай: «Жасыбайдың бір бармағының да құны толған жоқ қой» деген екен күрсініп. Кейін халық қапыда кеткен есіл ердің құрметіне Жасыбайдың жау күткен асуын «Жасыбай асуы», Шойынкелді «Жасыбай көлі» атап кетіпті. Ол жерлер бүгін де солай аталады.


УӘЛИҰЛЫ АБЫЛАЙХАН
Уәлиұлы Абылайхан (1711-1781) - қазақ халқының әйгілі ханы. Шыңғыс ханның тікелей ұрпағы, төре. Шежіре деректері бойынша Шыңғыс хан - Жошы хан – оның төртінші ұлы - Тоқайтемір - Қожа - Бадақұлан - Өріс хан - Құйыршық хан - Барақ хан - Әз Жәнібек - Жәдік - Шығай хан - Ер Есім хан - Жәңгір хан - Уәли Сұлтан - Қанішер Абылай сұлтан - Көркем Уәли - Абылай (Әбілмәнсүр) хан болып таратылады.

Абылай хан, әкесі Көркем Уәли Түркістанға сұлтан болып тұрған кезде дүниеге келген. Бұл кезең қазақ халқы үшін жойылып кету қаупі төніп тұрған, өлім мен өмірдің арасында күн кешкендей алмағайып заман болатын. Батысында отаршылдық дәмін татып, тәсілін меңгеріп үлгерген Ресей империясы кеуделеп келе жатты. Шығысында өзін аспан әміршісіне балайтын Қытай империясы айдаһардай ысқырып тұрған кез. Оңтүстігіндегі елдерді ислам фанатизмі тұтастындырып, тәңірлік наным сенімді өмір салты еткен қазақ даласына олар да ит көрген ешкідей ажырайып қарайтын. Әсіресе, көшпелі өмір салты ұқсас, мекен тұрағы жапсарлас Жоңғар хандығы деп аталатын ойраттардың саяси бірлестігі (1635 - 1758) аш бүйірден шаншудай қадалады. Осынау тарихи жағдайды сол кездің дуалы ауыз ақыны бір ауыз өлеңмен былай бедерлейді:


«Былай барсаң Қоқан бар,

Қоқаңдаған әкең бар.

Былай барсаң Қалмақ бар,

Күшіңді еппен алмақ бар.

Былай барсаң Қытай бар,

Жапырағыңды бұтай бар.

Былай барсаң орыс бар,

Балаңды берсең қоныс бар.


Бір шумақ өлең аясына сол кездің әскери саяси ахуалы ғана сыйып тұрған жоқ, сонымен бірге қазақ даласына сұғын қадаған елдердің дипломатиялық талғам тәсілі мен басқыншылық тактикалары да айқын аңғарылады.

Абылай хан көзін ашар-ашпастан тағдырдың осындай зұлмат тауқыметімен беттесті. Жастайынан жетім қалған Абылай Төле би сияқты ақылгөй абыздың, Әбілмәмбет сияқты ханның, Бөгенбай сияқты батырдың тәрбиесін көріп ел жұрттың саяси әлеуметтік өміріне қоса жорық жортуылдардың да қыр сырына көз қанықтырып, көңіл зерделетіп, бой үйретіп өседі.

Абылай ханның бүкіл өмірі бір ғана мақсатқа бағынды. Ол ең далада еркін өскен қазақ халқын аман сақтап қалу үшін барлық ақыл-ойы мен қажыр қайратын сарқа жұмсады. Осынау ұлы мұрат жолында Абылай хан пендешіліктің бәрін тәрік етіп, шын мәнінде исі қазақтың біртуар көсемі бола білді. Ол он бес жасынан бастап қан майданды көзімен көріп, кейін небір қырғын шайқастарда жеке басының ерлік тапқырлықтарымен жеңіс туын желбіретті. Талай рет жекпе жекке тіленіп түсіп, Қалдан Шеріннің сүйікті жиені Шарышты бірме бір шайқаста өз қолымен өлтірді.
«Ықпалы жүрген ер еді,

Алтыннан қылыш будырған.

Абылайлап ат қойып,

Жауды көрсе құтырған»,


деп жырлады оның ерлігіне сүйсінген жырау. Бұл орайда, Абылай хан өзінен бұрынғы Мүде, Бумын, Күлтегін, Шыңғысхан, Ақсақ Темір, Едіге, Тоқтамыс, Әз Жәнібек, Керей, Бабыр, Есімхан, Қасымхан сияқты, өмірдің барлық сәтінде жеке басымен үлгі өнеге бола білген көшпелілер көсемінің соңғы тұяғы еді. Ел қамы, халық тағдырына қатысты істе Абылай хан ештеңеден тартынған жоқ. Ол елі мен жеріне қауіп төндірген Ресей мен Қытайға тосқауыл болу үшін күші жетпей, сөзі өтпей қиналған сәттерде ең сүйікті бел балаларын кепілдікке берді. Рухы осындай мықты Абылай хан ардақты батырлары қан майданда қаза тапқанда көзінің жасын сығып тастайтын кездері болған.

Абылай хан ауырып жатқанда Бұхар жырау былай деп көңілін сұрапты деген сөз бар:


«Қалыңсыз қыз алдырған, ханым ай,

Қайырусыз жылқы салдырған, ханым ай.

Үш жүздің боздағын жолыңа шалсам,

Қалар ма екен бір шыбындай жаның ай!» депті.

Халыққа қадірі артқан ханға айтылар сөз осындай ақ болар еді.

Абылай хан қазақ халқының тарих сынынан аман өтуі үшін ең алдымен елдік тұтастық пен дербестіктің қажет екенін терең түсінді. Ол бүкіл қажыр-қайраты мен ақыл-айласын тек қана осы мүддеге бағындыра білді. Бұл мүддені жүзеге асыру жолында ол ерлік ісімен де, шешендік тапқырлығымен де, көреген ақылымен де, шебер ұйымдастырушылығымен де төңірегін таң қалдырып, өз замандастарының бәрінен де бір бас жоғары тұрды. Абылай хан қазақтың айыр көмей, жез таңдай ақын жырауларын, абыз билерін ғана аузына қаратып қойған жоқ. Ол Қытай мен қалмақ тілдерінде еркін сөйлеп, олардың да ықпалды адамдарын ұтқыр сөздерімен тосылтып отырды. Абылай хан қазақтың дәстүрлі мәдениетіне де жүйрік болды. Ол өз жанынан тамаша күйлер шығарып, Шоқан айтқандай, сол заманның эпикалық қарымдағы ерлік істерін күй тілінде бейнелей білді.

Абылай хан қазақ халқының саяси әлеуметтік өміріне қырық жылдан астам уақыт ықпал етіп, билігін жүргізді. Бұл ретте, Әбілмәмбет өлген соң ғана Абылай ресми хан болды деп келетін кәуесет Ресейдің аққаптал саясатынан туындаған жалған сөз. Себебі, Абылай сияқты ірі тұлғаны мойындамау арқылы оның беделіне шіркеу келтіреміз деген дипломатия ол кезде осыны қажет етті. Ол жөнінде И.И.Неплюев: « Қырғыз халқында бас ханның болуы пайдалы болмайтыны былай тұрсын, зиянды да болуы мүмкін» деп жазды. Ал, ақиқатында Абылайдың ақ киізді басып, хандық биліктің тізгінін қолына алғаны Әбілмәмбет өлетін 1771 жылдың көп бұрын. Бұл жөнінде Толыбайұлы Арыстан ақынның мынандай өлеңі бар:
Қылады мекережде байлар сауда,

Топ бұзар батыр жігіт қалың жауда.

Сұрасаң Абылайдың тұрған жері,

Хан болған қырық сегіз жыл Көкшетауда».


«Халық айтса қалып айтпайды», Әбілмәмбет ханның 1744 жылы Түркістанға көшуі хандық биліктің Абылайдың қолына әлде қашан көшкендігінің белгісі. Абылай ханның ордасы Көкшетауда болғанмен, оның ықпалының үш жүзге де жүріп тұрғаны тарихи ақиқат. Бұл ретте, ең беделді айғақ Абылай ханның саяси, әскери, әлеуметтік көреген де тегеурінді қимылдары болса керек. Жоңғарлардан азат болған шығыстағы байтақ алапқа Алтай асырып қазақ ауылдарын қоныстандыруы, елдің батыс шекарасының сыртындағы Пугачев дүбірін қолдап, үш мың жан кешті сарбаздарының орыс бекіністеріне шабуыл жасауы, оңтүстікте қырғыздарға қарсы жорық ашып, Іленің сол жағасы мен Шу бойындағы шұрайлы қоныстарды қазақтардың өзіне қайтарып беруі, жай қайтарып қоймай, осы жолы әйгілі Жайыл қырғынында ел рухын аспандатып, жеңіс туын желбіретуі, сөйтіп қазақ пен қырғыз арасына Нарынқолдан Қордайға дейін шекара тартып беруі, бұл шекараның күні бүгінге дейін сақталып отыруы, міне, осынау, ел тағдырының шешуші сәттері Абылай ханның бүкіл халықтық ұлы хан болғанына бұлтартпас айғақ. Мұның сыртында Ресей патшалығымен және Қытай боғдыханымен жүргізген икемді саясаты өз алдына....

Абылай хан туралы әйгілі тарихшы А.И.Левшин былай деп жазды: «Ол ақыл парасаты жағынан болсын, қол астындағы халқының күші мен санының басымдылығы жағынан болсын сол кездегі қазақ даласын билеген замандастарының бәрінен де басым еді».



ДАТҰЛЫ СЫРЫМ

Датұлы Сырым (1712-1802) – Ресей патшасының отарлау саясатына қарсы күрескен Кіші жүз қазақтары көтерілісінің көрнекті басшысы, атақты батыр, әйгілі шешен. Шыққан тегі - Кіші жүздің Байұлы тайпасының Байбақты руынан. Өзінің асқан ақылдылығы арқасында өз ортасында тым ерте танылып, әділдішімен аты шыққан «Бала би» атанды. Жасы ұлғайған кезінде отарлаушылардың озбыр саясатына қарсы шығып, жерінен айырылып, жайылымсыз қалған, патша әкімшілігінің езіп-жаншуынан, тонауынан әбден титықтап біткен халқының наразылығына үн қосып, қарулы күреске шығады. Ол өзінің Орынбордың генерал- губернаторы Игельстромға жазған бір хатында: «Сіздердің түрлі әдістермен алдап, қолға түсірген ноғай, башқұрттар сияқты бізге де бұғалық салып, езбекші екендігіңіз белгілі» деп жазады. Бұдан Сырым батырдың қолына қару алып, көтеріліске шығып, басын бәйгіге тігудегі мақсатының айқындығы, халқының мойнына түскелі тұрған сол бұғауды үзуге ұмтылғаны анық аңғарылады. 1783 жылы Сырым бейқам жатқан қазақ ауылдарын шауып, кезекті тонауға келген казак-орыс атаманы Чагановтың отрядымен шайқасып, оны ойсырата жеңеді. Атаманның өзін тұтқындап, Хиуаға құлдыққа сатып жібереді. Бұл патша әкімшілігіне үлкен соққы еді. Соған орай Орал қаласындағы патша әскері түгел аттанып, осы жылдың күзінде Cырымды қолға түсіреді. Бірақ оны Нұралы хан қыруар мал беріп, бірер айдан кейін босатып алады. Түрмеден босағаннан кейін Сырым Табын руының старшыны Тіленші Бөкенбайұлының қолдауымен Oрал казак-орыс әскерімен күресін әрі жалғастырады. Бірақ Нұралы хан бұл жолы Сырымды қолдамайды, қайта оған қарсы шығып, шекаралық әкімшіліктен көтерілісшілерді басу үшін арнайы әскер жіберуін талап етеді. Сөйтіп ол былайғы жерде Сырымға қарсы күресте шекара әкімшілігімен бір болады. Міне, осы кезден, яғни 1784 жылдан бастап патшаның отарлау саясатына қарсы күресте ханының да, қарашасының да ортақ ниеттестігіне ие болып келген көтерілісшілер арасына жік түсіп, Сырым бастаған халық қозғалысының күресі енді Әбілқайыр әулетінен шыққан хан мен сұлтандарға қарсы бағытталады. Кіші жүздің көптеген рулары Нұралы ханға бағынбай көтерілісшілер жағына шығады. 1785 жылдың күзінде болған старшындар жиналысы Нұралыны хан деп танудан бас тартады. Келесі жылдың көктемі қарсаңында көтерілісшілердің қысымына шыдамаған Нұралы шекаралық шептегі қамалға қашуға мәжбүр болады. Оның ақыры сол жылы Екатерина ІІ-нің Нұралыны хандықтан түсіру жөніндегі жарлыққа қол қоюына әкеп соғады. Хан тағына Нұралы кетіп, Ералы отырғанымен де жағдай түзелмейді. Халықтың наразылығы одан сайын күшейе түседі. Сырым бастаған көтерілісшілер енді ашық соғыс қимылдарына көшіп, патша қамалдарына шабуыл жасай бастайды. Бірақ олар пәлендей нәтижеге жете алмайды. Елек қамалына жасаған шабуылдың сәтсіздігінен кейін Сырым соғыс тәсілін өзгертіп, партизандық әрекеттер жасауға көшеді. Шекаралық бекіністерге, сұлтандар мен оларды қолдаушылардың ауылына тұтқиылдан шабуылдап, адамдарын тұтқынға алады. 1797 жылы көтерілісшілердің үлкен бір тобы Ералыдан кейін хан тағына отырған Есімнің ауылына тұтқиылдан шабуыл жасап, ханды өлтіреді. Есім ханның өлтірілуі Сырымға тілектес билер мен старшындардың одан ірге ашуына себепші болады. Есімнің орнына Айшуақ хан сайлағаннан кейін, ол Eсімнің кегін алмақ болып, арнайы отряд жасақтап, Сырымға қарсы аттанады. Соңынан індете қуып, маза бермеген патша экспедициясынан ығысып, Сырым Хиуа хандығының жеріне өтіп кетеді. Ел арасына атағы кеңінен тараған батырдан қауіптенген Хиуа ханы оның көзін жоюдың амалын жасайды. Ақыры оның есебін тауып улап өлтіреді. Бұл жөнінде халық ауызында түрлі әңгімелер айтылады.
МЫРЗАҒҰЛҰЛЫ БЕКЕТ

Мырзағұлұлы Бекет (Бекет ата) (1750-1813) – қазақтың әйгілі батыры, ағартушы, сәулетші. Халық әулие тұтқан. Маңғыстауда туып-өскен. Өзі тұрғызған Оғыланды мешітіне жерленген. Хорезмдегі Пақыржан қажыдан оқып, діни білім алған. Бекет жастайынан білмекке құмар боылп, алғырлық зеректігімен көзге түскен. Ол ат жалын тартып мінген, оң-солын тани бастаған кездің жаугершілігі мол болған. Содан да ел қамы, халық тағдырына қатысты істерге ерте араласып, парасат-пайымымен, ерлік-табандылығымен жұрт көзіне ертерек түскен. Ол, әсіресе, медресе-мешіттер салдыртып, халықты имандылыққа, кісілікке, ауызбірлікке баулуға айрықша көңіл бөлген. Үстіртті зерттеген топограф Э. Эверсман былай деп жазған: «Үстірттегі тааудан үңгіп жаалған мешіттер араб, парсы жазуларымен безендірілген. Мұндай ескерткіштерді Бекет төрт жерден жасаған. Оның бірі Маңғыстаудан қашық емес, Оғыландыда. Екіншісі –Бейнеуде, үшіншісі – Жем бойында, төртіншісі – Арал жағасындағы Баялыда» дейді. Мұндай мешіттерде Бекет ата құдайға құлшылық етуге қоса, халықтың сауатын ашып, балаларды оқытатын болған. Тек қана ағартушылық жұмыстары емес, сонымен бірге ел басына күн туған ауыртпашылықта, жаугершілікте халыққа басалқылық жасап, жөн сілтеп отырған. Тікелей өзі араласып, шеп құрып жауға аттанып, небір тамаша ерліктің үлгілерін де көрсеткен. Ел мен жердің тәуелсіздігі үшін ақылымен де, қайратымен де басшы бола білген. Бекет ата салдыртқан мешіттер күні бүгінге дейін біршама тәуір сақталған. Әсіресе, өзінің сүйегі қойылған Үстірттің Маңғыстау жақ ойысындағы Оғыланды мешіті үш бөлме етіп ойылған қалпы әлі тұр. Бекеттің немересі Мұрынның мүрдесі де осында.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   13




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет