АҚселеу сейдімбеков елтұТҚа тұмар



бет12/13
Дата16.06.2016
өлшемі0.98 Mb.
#139840
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   13

СӘБИТ МҰҚАНОВ
Мұқанов Сәбит Мұқанұлы (1900-1973) – қазақтың әйгілі жазушысы, қоғам қайраткері, Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі. Туған жері қазіргі Солтүстік Қазақстан облысының Жамбыл ауданындағы Жаманшұбар деген жер.

Әке-шешеден жастай жетім қалып, балалық шағын ауқатты ағайындарына жалданып, қой бағумен өткізген Сәбит өзінің талаптануымен хат танығанымен, мұғалім алдын көріп, жүйелі білім ала алмайды. Тек он сегізге толғанда, Омск қаласына барып, мұғалімдер курсында оқуға мүмкіндік туады. Оны бітіргеннен кейін ауылға барып, біраз мұғалім болады. Осында ауылды кеңестендіру жұмысына белсене араласып, таптық күрестің Көкшетау облысындағы оперативтік өкілі және партияның Ақмола губкомының нұсқаушысы қызметін атқарады. Бұдан кейін 1922 жылы Орынбордағы рабфакқа түсіп, оны бітіріп шыққаннан соң, баспасөз орындарында жұмыс істейді.

Жастайынан халық арасында жиі айтылатын жыр дастандарды жаттап, өзі де ауызша, жазбаша өлең шығарып талаптанып жүрген Сәбит осы кезден бастап, шығармашылыққа шындап бет бұрады. Оның есімін жалпы қазақ оқырманына кеңінен танытқан «Сұлушаш» дастаны, «Адасқандар» романы осы кезде өмірге келді. Осыларға жалғаса жазылып, бірінен кейін бірі жарық көрген «Майға сәлем» (1933), «Сөз Советтік армия» (1934) атты өлеңдері, «Ақ аю» поэмасы (1935), «Жұмбақ жалау» романы (1938) және осылар тәріздес толып жатқан шығармалары қазақ әдебиетінің дамуында ерекше рөл атқарады.

Осы кезге дейін атқарған сан салалы қызметінде болсын, шығармашылық өрлеу жолында болсын, ілгерлеудің басты кепілі терең білім екенін, онсыз көздеген мақсатында жету мүмкін еместігін айқын сезінген ол 1928 жылы Ленинград университетінің филология факультетінде оқиды, Москвадағы Қызыл профессура институтының әдебиет бөліміне түсіп оны бітіреді. «Қазақ әдебиеті» газетінің редакторы болады, Қазақстан Жазушылар одағын басқарады. Бұл жылдары да ол өндіріп жазумен болды. Драматургия, сын, әдебиеттану салаларында ерекше еңбек етті. 200-ден астам әдеби сын мақалалар жазды. Қазақтың ауыз әдебиетін зерттеді, фольклор және көне жазба мұраларды жинап бастырды, әдебиет тарихы және ағартушы демократтар шығармашылығы туралы зерттеу еңбектер жазды, халық поэзисының ірі өкілдері туралы толымды пікірлер айтты. Оның 1974 жылы жарық көрген «Халық мұрасы» деген тарихи этнографиялық шолуы халқымыздың мәдениеті, өнері, тілі, материалдық игіліктері жайында жазылған ерекше құнды зерттеу еңбек болды.

Жазушының шығармашылығында да, бүкіл қазақ прозасында да белгілі белес болған келелі туындысы кейіннен қайта өңделіп, «Ботагөз» деген атпен жарық көрген «Жұмбақ жалау» романы еді десе, оның саналы шығармашылық өмірін түгел дерлік қамтыған «Өмір мектебі» трилогиясы шын мәніндегі халық шежіресі болатын.

Ол халықтың арасынан шыққан халықтың сүйікті жазушысы болды. Оның қазақ мәдениетін өркендету саласында сіңірген зор еңбегі кезінде жоғары бағаланды. Бірнеше мәрте Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің мүшелігіне, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаттығына сайланды, екі рет Ленин, екі рет Еңбек Қызыл Ту, «Құрметті белгісі» ордендерімен марапатталды. Бүкілодақтық бейбітшілік қорғау комитетінің мүшесі болды.




ҒАБИТ МҮСІРЕПОВ
Мүсірепов Ғабит Махмұтұлы (1902-1985) – қазақтың әйгілі жазушысы, қоғам қайраткері, Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі, Социалистік Еңбек Ері. Туған жері қазіргі Солтүстік Қазақстан облысының Жамбыл ауданы.

Алғашқыда ауыл молдасынан арабша хат таныған Ғабит жастайынан әуелі екі жылдық ауылдық орыс мектебін, кейін төрт жылдық жоғары басқыш орыс мектебін бітіріп, Қазақ төңкерісінен кейін үстемдік алған Кеңес өкіметінің жұмысына әжептеуір орысша сауаты бар адам ретінде араласып, түрлі қызмет атқарады.

Орыс мектебінде жүргенде орыстың атақты ақын жазушыларының шығармаларын оқып білуі, ауыл мектебінде өзін оқытқан әдебиетші мұғалім Бекет Өтетілеуовтың әсер ықпалы болашақ жазушының әдебиетке ерекше ықылас аударуына септігін тигізеді. Орынбордағы рабфакта оқып жүргенде ол әдеби білімін, эстетикалық сезімін одан сайын жетілдіре түседі. Осы кезде өзінің тырнақалды туындысы «Тулаған толқында» повесін жазады. Содан былай қарай баспа орындарында, партия, кеңес мекемелерінде жауапты қызмет атқара жүріп, шығармашылық жұмысын толассыз дамыта береді. Соның нәтижесіндей болып, «Қос шалқар», «Көк үйдегі көршілер», «Шұғыла», «Талпақ танау» әңгімелері мен « Бір адым кейін, екі адым ілгері» повесі жыл аралатып барып, бірінен кейін бірі жарық көреді. Оның бұл шығармалары қазақ әдебиетіне жазу стилі қалыптасқан, көркемдік шеберлігі ерекше жаңа суреткердің келгенін жария еткен еді.

Шығармашылық жолының бір белесін аналар туралы әңгімелер топтамасымен түйіндеген жазушы енді кең тынысты туынды жазуға кіріседі. Екінші дүниежүзілік соғыстың аяғын ала ол өзінің тұлғалы туындысы «Қазақ солдаты» романын жазады. Роман тың тақырыбымен, образдарының көркем бейнеленуімен, сюжет құру шеберлігімен, тартымды тамаша тілімен таңдаулы қазақ романдарының қатарына қосылады. Бұдан кейін ол араға біраз уақыт салып барып, өзінің ең ірі салалы да салиқалы шығармасы «Оянған өлке» романын жариялайды.

Қазақ прозасының шоқтығы биік туындысы саналған осы романынан кейін жазушы қайтадан шағын жанрға ойысады. Сөйтіп әңгіме жанрында зергер суреткерлігімен танылған ізденімпаз жазушы, көркемдік шеберлігін барған сайын шыңдап, әрі әңгіме, повесі сайын жаңа бір белеске көтеріліп отырады. 1968 жылы «Кездеспей кеткен бір бейне» кітабы үшін Абай атындағы республикалық сыйлық алады. Араға бес алты жыл салып барып, прозадағы соңғы елеулі туындыларының бірі «Ұлпан» повесін жариялайды.

Сонау отызыншы жылдарда-ақ үлкен драматург екенін танытып, «Қыз Жібек» операсының либреттосын, «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» пьесасын берген Ғ.Мүсірепов кейінгі жылдарда да бүкіл қазақ драматургиясының тамаша туындысы болып табылған «Амангелді», «Ақан сері-Ақтоқты» пьесаларын жазады. Оның шығармаларының негізінде кинофильмдер түсіріледі.

Ғабит Мүсірепов өзінің қоғамдық, публицистік, журналистік, сыншылдық қызметімен де туған халқының мәдениетінің дамуына зор еңбек сіңірді. Алайда қазақ халқы оны үлкен суреткер жазушы деп таниды, көркем сөздің хас шебері деп біледі, құрмет тұтады.

Ол бірнеше мәрте Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің, бір рет КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты және Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің төрағасы болып сайланды. Екі мәрте Ленин орденімен және Еңбек Қызыл Ту ордендерімен марапатталды.




ҒАБИДЕН МҰСТАФИН
Мұстафин Ғабиден (1902-1985) – қазақтың әйгілі жазушысы, қоғам қайраткері, Қазақ КСР Ғылым академиясының корреспондент мүшесі. Туған жері қазіргі Қарағанды облысының Бұхар жырау ауданындағы Жауыр тауының етегі.

Дін мектебіне беріліп, мұсылманша сауат ашқан Ғабиденді заман ағымының ағысын аңғарған әкесі он төрт жасында Спасск заводының табельшісі Мауқымның Жүсібі деген кісіден бір жыл орысша оқытады. Осы бір жыл зерек баланың келесі жылы осындағы бес жылдық орыс-қазақ мектебінің төртінші бөліміне түсуге мүкіндік береді. Бірақ төңкеріс тудырған аласапыран оған онда бір жылдан артық әрі оқуға мұрша бермей, ауылға қайтып келуге мәжбүр етеді. Осыдан тек арада жеті жылдай өткенде тұрмыс құрып, үйлі баранды болған жас жігіт білімін көтеру мақсатымен Қазақстанның сол кездегі астанасы Қызылордаға келеді. Бірақ мұнда оқуға түсе алмай, өлкелік сотқа іс-қағаздарын тіркеуші болып орналасады. Осында жазушының өз тілімен атқанда, «газет оқуға ауызданады», қысқа хабарлар жаза бастайды. Жаңа танысы Сәит Мұқановқа еліктеп, әңгіме жазады. Ұзамай «Жыл құсы» журналында тырнақалды әңгімесі, араға жыл салып барып «Ер Шойын» атты тұңғыш әңгімелер жинағы жарық көреді. Бірте-бірте қаламы ұшталып, жазу машығына жаңа төселе келе әдеби ортамен араласып, сол кездегі дәстүрмен пікір таластарына қатысады. Әдебиет майданында үлкен қағажу көріп, жазғандары жарияланбай, бәрін тастап еріксіз ауылына кетуге мәжбүр болады. Сөйтіп ол Қарағандыға келіп, үш жыл қара жұмыс істейді. Сонда жүріп газет жұмысына араласып, әуелі «Қарағaнды пролетариаты», Новосибирь қаласында ашылған «Қызыл ту» газетінде қызмет істейді.

Бұл жылдары болашақ жазушы көркем әдебиеттен қол үзіп кеткенімен, журналистік жұмыс оның қаламын төселтіп, өмір тәжірибесін молайта түскен еді. Сондықтан да ол жаңа астана Алматыға, әдеби ортаға қайтып келгеннен кейін өңдіртіп жаза бастайды. «Өмір не өлім» атты алғашқы романы, колхоз совхоз сахналарына арналған шағын пьесалары жарық көрді.

Ғ. Мұстафин өзінің шығармашылық ұзақ жолында өндіріс тақырыбы мен ауыл шаруашылығы тақырыбын қатар қамтып, екі салада да өнімді еңбек еткен жазушы. Кезінде оқып, білім ала алмағанына қарамастан, өзінің тынымсыз ізденісі арқасында, орыс, қазақ жазушыларынан үйрену арқылы шеберлігін шыңдап, өзі айтқандай, «өмірдің алдын орауды» мақсат етеді. Соның нәтижесінде оның қаламынан туған шығармалар қазақ әдебиетіндегі сол тақырыпқа жазылған бірінші шығарма болып келеді. Оның өндіріс тақырыбына жазылған «Өмір не өлім», «Қарағанды» романдары да, ауылшаруашылығы тақырыбына жазылған «Шығанақ, «Миллионер» романдары да тап осындай шығармалар болатын. Ал «Дауылдан кейін» мен «Көз көрген» романдары жазушының өзі өмір сүрген дәуірінің деректі шежіресіне айналды.

Ақырын жүріп, анық басып, әділеттен айнымауды өз өмірінің шырағы етіп ұстанған ұлағатты қаламгердің әр шығармасы халқын рухани сусындатуға қызмет етті. Соған орай оны халқы да ардақтап, құрмет етті. Ол екі мәрте Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы болды. Бірнеше рет Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің, бір рет КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланды. Екі Ленин, екі Еңбек Қызыл Ту және екінші дәрежелі Отан соғысы ордендерімен марапатталды, Абай және Жамбыл аттарындағы Республикалық әдеби сыйлықтарды иеленді.


МАРҒҰЛАН ӘЛКЕЙ ХАҚАНҰЛЫ
Марғұлан Әлкей Хақанұлы (1904-1985) – қазақтың ғұлама ғалымы, Бүкілодақтық География қоғамының толық мүшесі, филология ғылымдарының докторы, Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі, Қазақстанның ғылымға еңбек сіңірген қайраткері, профессор. Туған жері қазіргі Павлодар облысының Баянауыл ауданы.

Өткен ғасырдың басында қазақ даласынан Ресей қалаларына барып, білім ала бастаған қазақ жастарының бірі болып Ленинград қаласына барған Әлкей Хақанұлы 1925-31 жылдар арасында осындағы Шығыс институтында, сонымен қатар Ленинград мемлекеттік университетінің қоғамдық ғылымдар факультетінің шығыс бөлімінде оқиды, бұларға қоса Өнер тарихы институтында лекция тыңдайды. Осында оқып жүргенде ол КСРО Ғылым академиясы ұйымдастырған Қазақстан мен Алтайдың халықтарының тарихын зерттеу экспедицисына қатысып, адайлар мен наймандардың әдет-ғұрпын, тұрмысы мен өнерін зерттейді. Оқуын бітіріп келгеннен кейін Ә. Марғұлан Қазақстан Оқу Халық Комиссариатының жанындағы Жаңа алфавит комитетінде ғылыми қызметкер болады.

Туған халқының тарихына ден қойып, зерттеу жұмыстарын сонау Ленинградта оқып жүргенде-ақ бастаған Әлкей елге келгеннен кейін де осынау бейнеті мол, көп ізденіп, зерттеуді қажет ететін сауапты істі одан әрі жалғастырып, Оңтүстік Қазақстандағы Сыр, Шу, Талас өзендері бойында және көне Отырар, Сауран, Сығанақ қалаларының орындарында түрлі қазба жұмыстарын жүргізеді. Содан жинаған материалдарының негізінде «Ежелгі Қазақстан қалалары мен құрылыс өнерінің тарихына» деген монографиялық еңбек жазады. «Хандар жарлығының тарихи әлеуметтік мәні» деген тақырыпта кандидаттық диссертация қорғайды. Бұл көне қыпшақ тарихын зерттеудегі құнды ғылыми еңбек еді.

Осыдан бір жылдан кейін Қазақ КСР Ғылым академиясының тарих, археология және этнография институтының археология секторының меңгерушісі болып тағайындалады.

Өзі қалап алған жұмыспен тікелей айналысуға мол мүмкіндік алған Әлкей Марғұлан енді Орталық Қазақстанды зерттеуге бет бұрады. Ұзақ жылғы зерттеу жұмысының нәтижесінде Ж.А.Ақышев, М.Қ.Қадырбаев, А.М.Оразбаевтармен бірігіп, Орталық Қазақстанның ежелгі мәдениеті» атты кітап жазуға қатысып, оның редакциясын басқарды. Бұл кітаптың құндылығы жоғары бағаланып, оның авторларына Шоқан Уәлиханов атындағы мемлекеттік сыйлық беріледі.

Тарих, археология және этнография бөлімінің меңгерушісі болып тағайындалғаннан кейін ол бұрынғы зерттеу жұмысын одан әрі жалғастыра отырып, сонымен бірге Шоқан Уәлихановтың әдеби мұраларын жинастырып, оны бес том етіп шығарысуға басшылық етеді.

Ол қазақ халқының тарихы мен әдебиетін зерттеуге зор еңбек сіңірді. Оның қаламынан туған тарих, археология, этнография, әдебиет және өнер салаларына қатысты ондаған кітап, үш жүзден астам ғылыми зерттеу және жүзден астам энциклопедиялық мақалалар жарық көрді.

Әлкей Марғұланның ұзақ жылғы қоғамдық өмірдегі және ғылымдағы үлкен еңбегі жоғары бағаланып, ол Ленин, Еңбек Қызыл Ту ордендерімен және бірнеше медальдармен марапатталды.



ӘБІЛХАН ҚАСТЕЕВ
Қастеев Әбілхан (1904-1973) – қазақтың әйгілі кескіндемешісі, график суретші, қазақ бейнелеу өнерінің негізін салушылардың бірі. Туып өскен жері Алматы облысына қарасты Жаркент төңірегі. Топырақ бұйырған жері Алматы қаласы. Қазақстанның халық суретшісі (1944). Қазақстан Суретшілер одағы басқармасының төрағасы (1945-1956). Еңбек жолын Түркісіб темір жол құрлысында жұмысшы болып бастады. Москвадағы көркем сурет студияларында Н.Г.Хлудов пен И.Бродскийден сабақ алды (1929-1936). Халық өмірінің алуан көріністерін шынайы бейнелеген мыңнан астам көркем туындыларды дүниеге келтірген.

Әбілхан қол өнеріне, одан соң суретшілік өнерге жастайынан бейім болған. Анасы Айғанша кілем, алаша, бау бақсұр тоқуға, сырмақ сыруға, шым ши жасауға шебер адам болыпты. Әбілхан осы халық өнеріне бала кезінен көз қанықтырып, анасына ою-өрнектер салуға көмектесіп, сурет өнеріне қолын үйретіп өседі. Оның 1930-1931 жылдары салған «Қарындастың портреті», «Автопортрет» атты туындылары түпнұсқаға ұқсастығымен және кейіпкер болмысын ашуға деген талпынысымен ерекшеленеді. Ол бірте-бірте ел өмірінің алуан салалы тіршілік тынысына ден қойып, тарихи әлеуметтік өзгерістерге суреткер зердесімен қарай бастайды. Оның «Мектепте» (1930), «Түркiсіб» (1932), «Жамбылдың портретi» (1937), «Ескі және жаңа тұрмыс» (1937-1941), «Амангелді сарбаздары» (1970), «Жас Абай» (1945) сияқты туындылары дарынды суретшінің өткен мен бүгінді шыншылдықпен бедерлеген көркем шежіре іспеттес.

Әбілхан туған жердің әсем табиғатын, оның дидарындағы адам қолының жасампаз өзгерістерін зор шабытпен бедерлей алған суреткер. Оның «Биік таулы мұз айдын» (1954) , «Гүл ашқан алма» (1958), «Менің Отаным» (1959), «Жайлаудағы автодүкен» (1963), «Қапшағай ГЭС –І» (1972) сияқты полотнолары эпикалық қарымымен, шыншылдығымен назар аударады.

Әбілхан Қастеев суретші ретінде өзіндік дара қолтаңбасымен ғана ерекшеленіп қоймайды, сонымен бірге, ол туған жері мен өскен елін перзенттік махаббатпен жырлай алған біртуар суреткер.




АХМЕТ ЖҰБАНОВ
Жұбанов Ахмет (1906-1968) - қазақ музыкасын зерттеуші көрнекті ғалым, әйгілі композитор, дирижер. Қазақстанның халық артисі (1944), өнертану ғылымының докторы (1943), профессор (1948). Туып өскен жері Алматы қаласы. Жас кезінде ауылдасы Талым күйшіден, ауыл мұғалімі Қ.Ашғалиевтен, әкесі Қуаннан, ағасы Құдайбергеннен тәлім алып, музыка өнеріне ден қояды. Темірде орыс халық аспаптар әуесқойлары оркестріне жетекшілік ететін (П.Черняктан сольфеджио, скрипка, музыка теориясы бойынша) сабақ алады. 1929 жылы Ленинградтың (Петербург) М.И.Глинка атындағы техникумында (А.А.Этигонның скрипка класы бойынша), консерваторияда (профессор Ф.А. Ниманның гобой класы бойынша, кейіннен музыка тарихы мен теориясы факультетінде) оқыған.

Композитор ретінде қазақтың музыкалық мәдениетіне өзіндік мелодиялық өрнек қосқан ондаған ән мен күйдің, романстар мен хорлардың, аспаптық симфониялық және вокальдық шығармалардың авторы. А.Жұбановтың композиторлық шығармаларының көрнектілері Л.Хамидимен бірлесіп жазған «Абай» (1944) және «Төлеген Тоқтаров» (1947) опералары, қызы Ғ. Жұбанова аяқтаған «Құрманғазы» (1970) операсы.

Ахмет Қуанұлы Жұбанов қазақтың музыкалық мәдениетін зерттеп тануда, жорып түсіндіруде және жүйелеп насихаттауда жаңа сапалы биіктен көрініп, кезеңдік мәні бар қажыр қайрат көрсеткен тұлға. Өз кезіндегі музыкалық білім сатыларының бәрінен өткен кемел білім иесі, оған қоса Тәңірі тал бойына ғажайып қабілет пен ұлтжандылық сезімін дарытқан А.Қ.Жұбанов 1933 жылы Алматы музыкалық драма училищесіне ұстаздық қызметке келеді. Осы кезден бастап өмірінің соңғы күндеріне дейін ол қазақтың музыкалық мәдениеті деген жалпылама ұғымды ұлт болмысындағы нақты категориялық мәні бар рухани құбылысқа айналдыру үшін тыным таппастан жойдасыз еңбек етті. Бұл ретте, Ахмет Қуанұлы адам қабілетінің қандай құдіретті болатынын нақтылы да, нәтижелі істерімен көрсете алды. Алғашқы музыкалық әліппе, қазақ музыкасын зерттейтін ғылыми кабинет, музыкалық сынақ шеберханасы, Ғылым академиясындағы өнертану секторы, М.О.Әуезов атындағы Әдебиет пен өнер институтының музыка бөлімі, Қазақтың халық аспаптары оркестері, Қазақтың мемлекеттік филормониясы, Қазақ консерваториясы, ондағы халық аспаптары кафедрасы, Қазақтың музыкалық театры, қазақ музыкасы туралы оқу құралдары, міне осының бәрінің ұйытқысы А.Қ.Жұбанов болды. Мұның сыртында дирижерлік, ұстаздық, ғылыми зерттеушілік, қоғамдық, әсіресе шығармашылық жұмыстарының өзі сала сала болып, құнарлы арналарға ұласады.

А.Қ.Жұбановтың мұрындық болуымен қырқыншы жылдары ұйымдастырылған ғылыми экспедиция сексенінші жылдарға дейін Қазақстанның түкпір-түкпірінен 10 мыңдай ән-күй нұсқаларын жинаған. Қазақтың кәсіпқой халық композиторларының өмір дерегін жинастырып, шығармаларын нотаға түсіріп, одан соң кәнігі әнші, күйшілерге үйрету арқылы халықтың рухани игілігіне айналдыруда теңдесіз еңбекқорлық пен іскерліктің үлгісін Ахмет Қуанұлының өзі көрсетіп отырды.

А.Қ. Жұбановтың ғалым, педагог, композитор, орындаушы және ұйымдастырушы ретінде қазақтың музыкалық мәдениетіне сіңірген еңбегі ұлттың мәдени рухани шежіресіндегі ең көрнекті белестердің бірі болып қалады.

БАУЫРЖАН МОМЫШҰЛЫ
Момышұлы Бауыржан (1910-1982) - екінші дүниежүзілік соғыстың даңқты жауынгері, халық қаһарманы, қазақтың көрнекті жазушысы. Туған жері Жамбыл облысының Жуалы ауданындағы Көлбастау мекені. Бауыржан жеті жылдық мектепті бітіргеннен кейін біраз уақыт мұғалім болған. Сонда жүргенде кезекті әскери міндетін өтеуге шақырылып, онда бір жарым жыл жүріп, запастағы командир атағын алады. Туған ауылына қайтып оралған соң, ол біраз жыл қаржы мекемесінде қызмет істейді. Содан қайтадан Қызыл Армия қатарына шақырылып, түрлі әскери бөлімдерде взвод, рота командирі болады.

1941 жылы Екінші дүниежүзілік соғыс басталысымен, Бауыржан даңқты генерал майор И.В.Панфиловтың басшылығымен Алматы маңында жаңадан жасақталған 316 атқыштар дивизиясының құрамында майданға аттанады, батальон, полк командирі қызметтерін атқарады. Соғыстың соңғы жылдарында гвардиялық дивизияны басқарады.

Соғыс кезіндегі жеке басының қаһармандық ерлігімен және ұрыс жүргізудегі әскери шеберлігімен ерекше көзге түседі. Бірнеше рет жау қоршауынан жауынгерлерін аман сау алып шығады. Москва түбіндегі шайқастағы ерлігі сол кездің өзінде Одақ көлеміне аңыз болып жайылады. Бауыржанның осындай ерлігі жөнінде белгілі орыс жазушысы А.Бек «Волоколамское шоссе» (қазақшасы «Арпалыс») повесін жазды. Бұл шығарма кейін бірнеше тілге аударылады.

Соғыстан кейін Бауыржан Совет Армиясы Бас штабының Жоғары әскери академиясын бітіреді. Әскери педагогикалық жұмыспен айналысып, Совет Армиясы әскери академиясында сабақ береді. 1956 жылы полковник атағымен отставкаға шыққан Бауыржан біржола шығармашылық жұмыспен айналысады. Ол қазақ және орыс тілдерінде бірдей жазып, өз өмірінде көрген білгендерін арқау етеді. Оның қаламынан туған, өмір шындығын арқау еткен тамаша романы мен әңгіме, повестері қалың оқушының іздеп оқитын шығармаларына айналады. Олар бірнеше қайтара басылып шығады.

Бауыржан бірнеше орден, медальдермен наградталады, Кеңестер Одағының батыры атағын алды. Алайда халықтың өзі «батырым» деп танып, ардақтаған қаһарман ұлына бұл атақ Отан соғысы біткеннен кейін жарты ғасырдай уақыт өткенде барып берілген болатын. Ел тәуелсіздік алғаннан кейін Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың жарлығымен оған «Халық қаһарманы» деген атақ берілді.

ДІНМҰХАМЕД ҚОНАЕВ
Қонаев Дінмұхамед Ахметұлы (1912-1993 ) - аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, үш мәрте Социалистік Еңбек Ері, Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі, техника ғылымының докторы, КСРО шет ел ордендері мен медальдарының иегері.

Алматы қаласында, қызметкерлердің отбасында өмірге келген. Орта мектепті бітіргенннен кейін, Қазақстан Өлкелік комсомол комитеті оны Москваның Түсті металл алтын институтына оқуға жібереді. Институтты ойдағыдай бітіріп, тау кен инженері мамандығын алған Д.Қонаев Балқаш мыс қорыту комбинатының Қоңырат руднигіне жұмысқа орналасып, онда бұрғылау станогының машинисі, цех бастығы, руднигтің бас инженері және оның директоры болып істейді.

Екінші дүниежүзілік соғысының қиын күндерінде ол тылдағы жұмысты ұйымдастыруда іскерлігімен көзге түседі. «Алтайполиметалл» комбинаты бас инженерінің орынбасары, Риддер руднигінің және КСРО қорғасын мырыш өнеркәсібінің ең ірі кәсіпорындарының бірі Ленингор кен басқармасының директоры қызметтерін атқарады. 1942-52 жылдары Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің төрағасының орынбасары болып қызмет етеді. Осында жүргенде Қазақстан ғалымдары оған зор сенім көрсетіп, оны Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі және оның президенті етіп сайлайды. Тау кен ісі саласының ірі ғалымы Д.Қонаев республика ғылымының дамуы жолында зор еңбек сіңіреді. Ғылыми ұйымдық жұмыстарды жақсарту, ғылыми зерттеулердің негізгі салаларын білікті кадрлармен нығайту шаралары оның басшылығымен жүзеге асырылады.

Д.Қонаев 1955-60 және 1962-64 жылдары Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің төрағасы, 1960-62 және 1964-1986 жылдары Қазақстан коммунистік партиясының Орталық комитетінің бірінші хатшысы болды. Ол Қазақстанның экономикасы мен мәдениетін өркендету жолына өзінің білімін, мол тәжірибесін және ұйымдастырушылық қабілетін аянбай жұмсай білді.

Ол бірнеше мәрте КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланды. СОКП ның 19 съезінен бастап кейінгі съездерінің бәріне делегат болды. Парламент және партия делегациясын басқарып, әлденеше рет шетелдерде болып қайтты. 1956 жылдан бастап СОКП Орталық комитетінің мүшесі. Партияның 23 съезінде ол СОКП Орталық Комитетінің Саяси Бюросының мүшелігіне кандидат, ал 24 съезде мүше болып сайланды. КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының және Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі ПРезидиумының мүшесі болды.

Д.Қонаев өз заманының ұлы саясаткері бола білді. Ол билік басында болған уақыт қаншалықты күрделі, қарама-қайшылықты болғанымен, елдің экономикасын, әлеуметтік саласын, ғылымын, ұлттық мәдениетін дамыту ісіне айтулы еңбек сіңірді. Түрлі деңгейдегі партия және кеңес қызметін атқара жүріп, Орталықтың өктем саясатының ығымен кете бермей, ел мүддесін, болашақ қамын да бір сәт естен шығарған жоқ. Алпысыншы жылдардың басында Н.С.Хрущевтің озбырлығымен Өзбестанға беріліп кеткен қазақ жерінің біраз бөлігін қайта қайтарып алуы соның айқын бір дәлелі еді.

1986 жылы СОКП Орталық Комитетінің Бас Хатшысы болып М.С. Горбачевтің келуіне байланысты Д.Қонаев Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшылығынан босатылды. Орталықтың жүргізіп отырған әділетсіз саясатына қарсы республика жастары өз қарсылықтарын білдіріп алаңға шықты. Бұл әйгілі Желтоқсан оқиғасына ұласты.

Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев Республика партия ұйымын басқарған ширек ғасырға жуық уақыт ішінде өзінің үлкен мәдениеттілігімен, иманжүзді ізеттілігімен танылып, халық дәстүрін жақсы білетін, тағылымы терең, ой өресі биік жан екенін көрсетті. Кейін мемлекет ісінен қол үзген кезде де ол білімдар білікті жан ретінде елде жүріп жатқан реформа бағыттарын, қоғамды демократияландыру қажет екенін терең сезініп, қолдай білді.



Өзі өмір сүрген күрделі уақыттың адал перзенті бола білген абзал азамат 1993 жылғы тамыздың 22-сінде, 82 жасқа қараған шағында кенеттен қайтыс болды.

КҮЛӘШ БӘЙСЕЙІТОВА

Бәйсейітова Күләш (Гүлбаһрам) Жасынқызы (1912-1957) - қазақтың әйгілі әншісі (лирика-калоратуралық сопрано), қазақ опера өнерінің негізін салушылардың бірі, қоғам қайраткері. КСРО халық артисі (1936). КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты (1948-1949). Туып-өскен жері – Қарағанды облысының Шет ауданы. Топырақ бұйырған жері – Алматы қаласы. Күләштің әншілік өнерге бейімділігі жас кезінен-ақ байқала бастаған. Оның бойындағы қабілеттің ұшталуына ән мен күйге жүйрік әкесі Жасынның да әсері зор болған. Жеті жылдық мектеп бітірген соң Күләш Қазақтың педагогикалық институтына түсіп, мұндағы көркем-өнерпаздар үйірмесіне белсене араласады. Қала жастарының өнер байқауларында әншілік дарынымен көзге түседі. Содан 1930 жылы Қазақтың тұңғыш драма театрының группасына қабылданады. Күләш сахна өнерінің қыр-сырына қызыға ден қойып, кешікпей-ақ театрдың белді артистерінің қатарынан көріне бастайды. Ол аз уақыттың ішінде Б.Майлиннің «Майдан» пьесасында Пүліштің, Н:В:Гогольдің «Үйлену тойындағы» Агафия Тохонованың, М.Тригердің «Сүңгуір қайығындағы» Клаудияның, Қ.Бәйсейітов пен А.Шаниннің «Зәуресіндегі» Зәуре, М.Әуезовтың «Еңлік- Кебегіндегі» Еңліктің рольдерін ойнап, сахналық тамаша қабілетімен танылады. Образдардың табиғатын тап басып тану, ол танығанын өмірлік шынайы шеберлікпен жеткізе білу, әсіресе туа біткен әншілік қабілеті кейіпкер болмысын аша түсуі де Күләштің сахна өнері үшін жаралаған жан екенін әйгілей түседі. Күләш 1933 жылы жаңадан ашылған музыка студиясына қабылданады. Алғаш рет Қазақ музыка театрының шымылдығы 1934 жылы «Айман-Шолпан» (М.Әуезов, И.В.Коцых) музыкалық комедиясымен ашылғанда, Күләш басты рольді үлкен шеберлікпен ойнап, Айман бейнесі арқылы Қазақ қыздарының ар-намыстан жаралғандай парасатты болмысын шабытпен тұлғалайды. Мұнан әрі Күләштің ғажайып қабілеті мен дарыны Б.Майлин мен И.В.Коцыхтың «Шұғасындағы» - Шұға, Е.Брусиловскийдің «Қыз Жібек» операсындағы – Жібек образдарын сомдау барысында одан әрі жарқырап ашыла түседі. Бұл рольдер арқылы оның бойындағы әншілік-артистік қабілеттің ғажайып мүмкіндіктері барша болмысымен көрініс тауып, қазақ сахна өнерінің соны табысы ретінде жұртшылықтың ықылас-ілтипатына бөленді. Ол жаңа қаз басқан қазақ сахна өнерінің шын мәнінде тірек тұлғасына, ұйтқысына айналды. Аз уақыт аясында Е.Брусиловскийдің «Жалбыр» , «Ер Тарғын», «Алтын астық», «Гвардия алға», «А.А. Зильбердің «Бекет», И.Н. Надировтың «Терең көл», А.Жұбанов пен Л.Хамидидің «Абай», М. Төлебаевтың «Біржан-Сара», Д.Ж.Пучинидің «Чио-Чио-Сан», П.И.Чайковскийдің «Евгений Онегин», А.Рубинштейннің «Демон» сияқты операларында басты рольдерде ойнап, басты вокальдық партияларды орындап, қайталанбас хас шеберлігімен танылды. Бір-біріне ұқсамайтын кереғар образдар, иірім-қайырымы әр алуан вокальдық партиялар Күләштің көп қырлы, алауан сырлы дарынының арқасында алмастай жарқырап ашылып, эстетикалық эмоциялық қуаты мейлінше тегеурінді образдар галериясы жасалды. Күләш Бәйсейітова концерттік әнші ретінде де дүние жүзіне танылған қайталанбас дарын иесі бола білді.

Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   13




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет