Асхат әлімов интербелсенді әдістерді жоғАРҒы оқу орындарында қолдану оқу құралы Алматы



бет123/197
Дата13.11.2023
өлшемі1.84 Mb.
#483155
1   ...   119   120   121   122   123   124   125   126   ...   197
"Интербелсенді әдістерді ЖОО қолдану" Асхат Әлімов

Жазу - өзіндік түсінік, ішкі жан-дүниеңе үңілу, «Менің түсінігім - Бүкіл Әлемдік түсініктің бір бөлшегі, менің соған қосқан үлесім. Мүмкін менің түсінігім арқылы Бүкіл Әлемдік түсінік толыға түсетін шығар» деген тұжырым. «Егер мен жазатын болсам, маған көңілімнің сарайы қызық. Мен ішімде тұнып жатқан тылсым құпияларды сыртқа шығарғым келеді. Мен өзгелерден ерен жаралған жанмын! Сол ерекшелігімді, өзгешілігімді басқаларға жеткізуге асықпын» деген ойлар төңірегінде әр кез болсақ қой! Осы себепті де жазуды ойлаудың шырқау биігі деп бекер атамаған болар.
Жазу тұрғысындағы тағы да бір проблемаға тоқталып кетсем. Әріптестерім тарапынан маған мынандай сұрақ жиі қойылады: «Егер әр сабақта шәкірттер эссе жаза беретін болса, олар мезі шығып, жұмыстың осы формасынан жалықпай ма?» Алайда жазба жұмыстарының түрлері біздің жобада көптеп қолданбайды емес пе: Еркін жазу, Бес жолды өлең, Елес құшағында, РАФТ, Дәлелді эссе, Жазу семинары, Шығу парағы, Қос жазба күнделігі, Үш жазба күнделігі, Жазбаша интервью алу, Білемін-Білгім келеді-Үйрендім кестесі, әртүрлі графикалық органайзерлер – Венн диаграммасы, М-диаграммасы, W-диаграммасы, Х-кестесі, +-кестесі, Т-кестесі, Концептуалды кесте, Семантикалық кесте, INSERT-кестесі. Бұл тізімді жалғастыра беруге әбден болады. Осы секілді жазу формаларын сабақтарымызда арасына уақыт салып анда-санда қолданып отырсақ, шәкіртті еш шарашатып, жалықтырмайды деп айтуға болады.
Мұнымен қоса егер шәкіртімізге өзінің дербес, ешкімге де ұқсамайтын, оған ғана тән ойларын қағаз бетіне түсіру қызық болатын балса, оларды жолдастарына жеткізіп, құрбы-құрдастарының жағымды, позитивті пікірлерін естуге, қошеметіне бөлінуге асық болса, пікірлері мен ұсыныстарын қымбат бағалап, оларды осы тақырыптағы жазбасын кемелдендіруде және басқа да жұмыстарды жазғанда септігін тигізетіндігін біліп, қолданатын болса, осының өзі оны әрқашан да жазуға ынталандырып отыратын шығар.
Жазу дегеніміз жаңа нәрсе құрастыру, ол - конструктивтік әрекет, шығармашылық. Жазу деструкцияға, яғни қиратуға, жоюға, бұзуға қарама-қарсы, ал конструктивизм мүмкін адамның ең басты адами қасиеті шығар. Жазғанда біз шығарушымыз, жаратушымыз, тудырушымыз. Жаңа нәрсені, туындыны дүниеге әкелу бақыты бізге жаратылысымыздан берілген болар. Оның дәлелі ретінде осы әрекеттің ерекше бағаланатындығын келтірер едім. Шындығында да біз шығара білетін адамды қастерлейміз емес пе? Адам қолынан шыққан туындыға тамсанамыз, ол біздің эстетикалық сезімдерімізге мейлінше әсер етеді. Онымен таныса отырып, біз өзімізді бүткіл адамзаттың бір бөлігі ретінде, бүкіл адамзатқа қатысымызды сезінеміз.
Екіншіден, неліктен жазу формаларын, оның ішінде эссені түлендірмеске. Мәселен, мен өз сабақтарымда сұрақтан басталып, сұрақпен аяқталатын эссені жиі қолданамын. Алдымен студент берілген тақырып бойынша сұрақ құрастырады. Мен «Сұрақты кімге қоюға болады?» деп сұрағанымда, студенттер «Өзіме, оқытушыға, бір-бірімізге, сұрақ ешкімге бағытталмай, риторикалық та болуы мүмкін» деп жауап қатқанды. Ең бастысы олар сұрақтың танымдық қасиеті жоғары екендігін мойындап, тіпті сұрақ қоюдың жауап беруден күрделігіне көздерін жеткізгендей болады. Осыдан соң студент өзі айқындаған сұрақ төңірегінде жекелей ой қозғап, оны қағаз бетіне түсіріп, жазу соңында тағы да бір сұрақ келтіреді.
Эссенің сұраққа негізделген басқа да түрін қолданамын. Алдымен студенттер сабақ тақырыбы бойынша өздерін ерекше толғандырған мәселе бойынша бір немесе екі-үш сұрақ жазады. Содан кейін парақтар оң жақта отырған студенттерге ысырылады да олар жолдастарының сұрақтарына жауап жазады. Бұл жұмыс студенттердің бір-бірінің мұқтаждарына деген ықылас қалыптастырып, бір-бірін тыңдауға жұмылдыратын сияқты. Қызық емес пе жолдасың көтерген мәселеге өз түсінігіңді келтірген?!
Бұдан басқа сабақтарда кубик көмегімен Блум таксономиясының таным мен ойлау деңгейлері тұрғысынан жазған да тиімді. Мысалы, тақырып туралы алдымен бір жарым-екі минуттай уақытта «Проблеманы сипатта» деген тапсырма бойынша жазып болған соң, ары қарай таксономия өлшемдері бойынша берілген тапсырмаларды жазбаша орындай беруге болады: «Проблеманы салыстыр», «Қалай пайдалануға болады», «Құрамдас бөліктері қандай?». «Проблеманы шешу жолдарын келтіріңіз», «Проблема шешудің тиімділігі қандай?»
«Авторға сұрақ қою» стратегиясы баршамызға мәлім. Осы қалыпта авторға, топтағы жолдасына, оқытушыға хат жазу да тиімді болар. Сол сияқты таныс стратегияларды түрлендіріп жіберуге де болатын сияқты. Мысалы, Елес құшағында тәсілінде студенттердің фантазиясын сұрақтар арқылы бір проблемаға бағыттауға болады: «Партаға жатып, барлық проблемалардан арылып, тек бүгінгі сабаққа ниеттеліңіздер. Тақырып бойынша Сізді ерекше толғандырған бір сұрақты таңдап алыңыз. Ол туралы не жазасыз? Жазудың формасы қандай болмақ? Проблеманы қалайша айқындайсыз? Оны шешудің жолдарын қарастырыңыз. Шешім Сіздің өміріңізде қолданыс табады деп ойлайсыз ба?»
Жазу тапсырмасын INSERT-кестесінің тапсырмаларымен ұштастырған да тиімді. Оларға жауапты кесте түрінде және де жеке сөз бен тіркестерді келтіру арқылы емес, бірінен соң біріне кезекпен және жүйелі сөйлемдер арқылы беруге де болады: алдымен студенттер бұрыннан білетін, таныс ақпаратты бірнеше минут аумағында жазып (v-белгісі), одан соң осы сабақта танысқан жаңа мәліметтерді келтіреді (+ -белгісі), осыдан кейін өзінің бұрынғы түсініктеріне қайшы мағлұматтар төңірегінде ой қозғаған соң (- белгісі) түсініксіз немесе келіспейтін я сұрақ, күмән туғызатын, тағы да білгісі келетін сабақтың жәйттері мен мәселелері туралы (?-белгісі) жазуы керек.
Концептуалды кесте, Венн, +, Х, М, Y, Т, W кестелері мен диаграммаларын да тура осылай түрлендіруге болады. Әдетте бұл кестелерді толтырғанда жеке сөздер мен сөз тіркестерін қолданамыз. Алайда оларды толымды жасауға да болады: студенттер мұнда өз ойларын мен пайымдауларын сөйлем арқылы құрастырғаны тиімді.
Тақырып бойынша үш сөз немесе ұғым беріледі, оның екеуі оған тікелей қатысы бар да, ал біреуі тақырыппен еш жанаспайды. Студенттердің міндеті - осы үш сөздің арасындағы байланысты жазбаша келтіруі керек.
Осындай ойлар тұрғысында ұйымдастырып ұсынылған жұмыстар аз да болса оң нәтиже көрсете бастағандай болып көрінеді маған. Олай деп айтуға студенттердің жұмыстары негіз. Бастапқыдай емес олардың жазбаларында ойланудың табы сезіледі, енді студенттер оқытушы үшін емей, өздері үшін жазатын болғандай, өз ішкі жан дүниесіне үңілгендей. Алайда әлі де қыруар жұмыс атқару керек оларға да, маған да.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   119   120   121   122   123   124   125   126   ...   197




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет